4.Қазақ балалар әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы зерттелуі Ұлтына шынайы жаны ашитын саналы ұрпақ тәрбиелеуде балаларға арналған көркем әдебиеттің маңызы зор. Әлемді енді ғана тани бастаған адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады.
Жаңа ғасырдың балалары жаңаша ойлайды, талғамы да, талабы да өткен ғасыр балаларынан тым бөлек екені ешкімге құпия емес.Өткен ғасырдағы образдар қазіргі таңда өзекті емес. с. Олардың арман-қиялдары мен қуаныш-қайғылары тәуелсіз елдің ұрпақтарына бейтаныс. Кеңестік дәуірде өмір сүрген жазушылар мен бүгінгі балалар мен жасөспірімдердің таным түйсігінде, құндылықтар түсінігінде, сөйлеу мәнерінде, т.с.с. көптеген қайшылықтар орын алуда. 70 - жылдардың 15 жасар жасөспірімі мен бүгінгі жасөспірімі – бір-бірімен тек физикалық ұқсастығы бар, екі бөлек тұлға. Олар екі түрлі нәрсені армандайды, үміт етеді, қорқыныштары мен жұбаныштары да әр қалай. Осы тұста орыс философы А. Грякаловтың мына бір тұжырымы ойымызға тура келеді: «Балалық шақ әрқашан шынайы, осы шақта ғана. Осы тұрғыдан алғанда, бір ұрпақтың балалық шағы бір баланың жеке өмірі сияқты дара және қайталанбайды»[9].
Қазіргі балалар әдебиеті сын кезеңінде жүр.Оның бірнеше себебі бар. Солардың бірі - бүгінгі балалар – аса талғампаз. Шығарманың қарапайым тілде әрі тартымды жазылуынан бөлек, баланың назарын алғашқы 15 секундта ұстап қалмаса, ол шығарманы аяғына дейін оқуға шыдамайды. Екіншіден, балалар ұзақ жазылған шығармаларды оқудан қашады. Жасөспірімдер көлемі 500 сөзден асатын әңгімелерге тосырқай қарайды. Өйткені олар қас-қағым сәтте өзгеріп кететін қарқынды заманда өмір сүруде. Бұл балалар әдебиетінен жаңа формалар мен форматтарды, тәсілдер мен технологияларды талап етеді. Егер мұны ескермесек, заман талабына жауап беріп, ұлттық балалар әдебиетін дамытпасақ, елдің ертең тізгінін ұстар жас ұрпақты бөтеннің торына тастап, орға жыққан болып шығамыз [6].
Тәуелсіздік жылдарындағы жазушыларға Баянғали Әлімжанов, Тілеуғазы Бейсембеков, Толымбек Әбдірайым, Маржан Ершу, Зира Наурызбаева, Лиля Калаус, Дария Джумагельдинова, Ольга Марк және т.б. атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда балалар әдебиетімен салмақты түрде айналысып жүрген «Алматы кітап», «Атамұра», «Аруна», «Мектеп», «Фолиант», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспа үйлерін атай аламыз.
Қазақстандағы балалар әдебиеті әлемдік технологиямен қатар қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, мифологиясымен, географиясымен және менталитетімен байланысты балалар көркем әдебиеті дамып келеді. Мұндай шығармалар мен көркем образдарды кішкентай қазақ оқырмандарының қабылдауы әлдеқайда жеңіл болады. Мәселен, балалар жазушысы Дәнеш Ахметұлының 2019 жылы жарыққа шыққан «Робот және алты асық» атты заманауи ертегілері жинағы өз атауынан – ақ кешегі мен бүгінгіні жалғаған шығармалар екендігін көрсетіп тұр. «Робот және алты асық» ертегісін «қырық өтіріктің жаңа түрі» дейді автор. Ондағы кейіпкерлер – адам мен робот: олар көрші өмір сүріп жатыр, олардың балалары бас қосып, адам мен роботтан отбасы құрды, олардың балалалары адам-роботтар. Олар басқаша қиялдайды, басқаша өтірік айтады. «Робот–қазақтардың ақылымен жер бетіндегі тіні тозып, діні құрып, тілі күрмеле бастаған қазақтар мекеніне барып, оларды елдікке, имандылыққа, татулыққа баулитын, Мәңгілік ел болуға үгіттейтін топ құрылды» деген сөйлемнен-ақ еліміздің бүгінгі мәселесі ашық көрсетіледі [7].
Бүгінгі балалар әдебиетінің жарқын өкілі ретінде жазушы Нұрдәулет Ақышты атауға болады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жұмбақ іздер», «Момақан қыз», «Қиырдан келген көгершін» атты туындылар жинағы қазақ тілді оқырмандарға жақсы таныс. Автор шығармашылығының ерекшелігі сонда – балалардың жас және ақыл-ой ерекшелігін түйсіне отырып, олардың жанына жақын өмірлік оқиғаларды тәрбиелік мәнімен қабаттастыра шебер әрі тартымды суреттейді. «Н. Ақыштың балаларға бағытталған туындысының көбі кеңестік уақытта жазылса да, ой желісі, көтерген мәселесі, өзектілігі әлі ескірген емес. Құндылығын жоймаған әңгіме-хикаяттар бүгінгі күннің жас оқырманына да қызмет етіп, оның рухани қажеттілігін өтейді деген ойдамыз», - деген пікірде әдебиеттанушы Әлібек Байбол [8].
Тәуелсіз Қазақстанның балалар көркем әдебиеті – балаларды заманға сай адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, тәрбиелейді.