Қалыптасу кезеңі (1930-1945 жылдар). 30-шы жылдардың басына қарай отарлық тәртіп әлсіреп, қазіргі заманғы корей әдебиеті қалыптаса бастап, әдеби белсенділік орын алады. Бірақ 1945 ж. соңында жапондар тарапынан қайта қуғын-сүргіндер басталып, әдебиет те тоқырауға ұшырайды. 1931 ж. Маньчжурдағы соқтығыстар, 1937 ж. қытай-жапон соғысы, 1941 ж. Тынық мұхит аймағындағы соғыс және т.б. оқиғалар осы кезеңдегі корей қоғамында орын алған жағдайларға өз әсерін тигізбей қоймайды. Қуғын-сүргін күшейе түседі. Бір мезетте экономикалық және мәдени жүйелер бақылауға алынып, қоғамдық орындарда корей тілін пайдалануға, корей тілінде жазуға тыйым салынады. Көптеген корей журналдары жасырын түрде қызмет жасағанымен, корей әдебиетінде тоқырау кезеңі басталады.
Жапондық солшыл экстремистер әсерінің күшеюі нәтижесінде КФАП әдеби әрекеті айтарлықтай әлсірей бастайды. Әдеби үйірмелер мен топтарда көркемдік тәсілдерді жетілдіру мақсатында түрлі бағыттар қалыптасады.
Таза поэзия-сунсуси бағыты көркем үлгі мен әдебиеттегі образдарға үлкен мән береді. Бұл бағыт Пак Ёнг Чоль, Ким Ёнг Ранг, Син Сок Чжонг деген ақындардың туындыларында өз жалғасын табады. Жоғарыда аталған ақындар поэзиясы корей идеологиясына ғана қызмет етпей, оқырмандардың жүрегіне әсер етіп, көркем сезімдер тудыру керек деген пікір айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |