Майлықожа толғауларындағы дидактикалық үгіт- насихатшылық сарын Майлықожа шығармаларында келесі бір назар аударатын арна-оның үгіт-насихат, терме формасында жырланатын ақыл-нақыл сөздері . Ертеде өткен жыраулар салтымен туған ғибрат, өнеге өлең Майлықожа ақында молынан кездеседі.Ол жырлаған толғаулар мен термелер де өмірдің мәні мен мақсаты туралы өміршең ойлар айтылған жиын,тойларда жұртшылық ұйып тыңдаған ақыл мен нақыл сөздері тіршіліктің мәңгілік әніндей әсерлі “Жолдас болсаң,жақсымен”, “Ажал бір келмес болсайшы”, “Жақсы адам, қартайса”, “Құлақ салғын халайық”, “Түрлі дәуір беріпті”, “ Көштің көркі түйе еді” сияқты термелерінде жан дүниеңді сусындататын тағылымды, нанымды асыл өрнек көп.
Майлықожа мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Оспанұлы ақынның ақыл-нақыл сөздерін жазылу тәсілі жағынан негізінен екі топқа бөліп қарастыруға болады,-дейді. Олардың біріншісі “Ілімге толса, көкірек”, “Мен айтпасам кім айтар?” “Әдемі сөз жайылсын”, “Термеден біраз қозғайын”, “Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ”, “Көштің көркі түйе еді” т.б жалпы адамгершілік қасиеттерді әр қырынан жырлауға құрылған жырлар. Қозғайтын тақырыбы да сан алуан. Мәселен, жақсылық пен жамандық, шындық пен өтірік, адалдық пен арамдық, үлкеннің қартайып, жастың өсетіні, надандық пен білімділік, ұлық пен бұқара қарым-қатынасы, еңбекшілдік пен еріншектік, имандылық жайы тағы басқалары. Бұлардың бәрін бір арнаға тоғыстырар – жақсы адам тәрбиесі. Сондай-ақ өмір өтпелілігі, әр күйді өкінішсіз өткізу, талаптану, өнер, кәсіп ету секілді дидактикалық толғаулары да бар.
Екінші бір “Ажал бір келмес болсайшы”, “ Бұрынғылардың жайы деп”, “ Жақсы болсын жұбайың”, “Тәтті жырым төгілсін”, “Ұрлықтың түбі қорлықты” сияқты жырларында айтайын деген негізгі ой-пікірі, идея-мазмұн айқын анықталған. Мәселен, “Бұрынғының жолы деп”, “Тәтті жырым төгілсін” өлеңдерінде ақын және ақындық өнер, бұлардың қоғамдық өміріндегі орны жөніндегі ойлар тұжырымдалады. Ол ақын шабытына, сөз шеберлігіне, шығармасының терең ойлы маңызды болуына мән беріп, өзі де халқының, елінің керегіне асар сөздер қалдыруға күш салған. Өзінің “Тәтті жырым төгілсін” өлеңінде халыққа шын ниеттен қызмет ету негізгі мақсаты болғанын ашық айтады. Өнер, өлең,ақын,халық деген ұғымдарды Майлықожа ұштастыра жырлап,олардың арақатынастарын жымдастыра толғайды.
“Ажал бір келмес болсайшы”, “Жақсы болсын жұбайың” жырларында қазақ қоғамындағы үй ішілік қарым-қатынастар, әке-шеше, аға-іні, ұл-қыз, ағайын-туыс жайлары, ерлі-зайыптылар өмірі байымдалып, жақсы мен жаман жарлар мінездемелері беріледі.
Жанұялық өмір, қуанышы мен қызығын адам баласына қонған бақытқа балап, бала-шаға, үй- орманда жайқалған жасыл бау-шарбаққа теңеген ақын жұптылық өмір жөніндегі түйген ойларын “Жақсы болсын жұбайың” атты толғауын арқау етеді.
“Ажал бір келмес болсайшы” толғауында өмір мен өлім ара салмағы жырлана отырып шындықты көтереді. “Бас кетсе де шын сөйле, ғалымдардан әдет үлгі ал” дей келе ажал бір келмес болсайшы “дейді.
Бұл толғау халыққа мәңгілік өлмес өмір іздеген Қорқыт күйін еске түсіреді.Осындай асқақ арман асқарынан сөйлеген ақын ендігі жерде ата-ана қадірі, аға-іні орны,ұл-қыз қуанышы, сүйген жар,ағайын – туыс тілегі туралы әрқайсысын жекелеп алып,қысқа да қисынды жырлар толғайды.Жалпы Майлықожа өмір құбылысының диалектикасын,қатпарлары мен астарларын,күнгейін мен теріскейін, пәниі мен бақиын философша толғаған тұстарын да ақын биік білік танытады.
Сондай-ақ Майлықожаның үлгі-насихат толғауларында жаратылыс-тіршілік туралы философиялық ойлар кездеседі. Мәселен, “Түрлі дәуір беріпті” өлеңінде адам ғұмырының балалық, жастық, орта, кәрілік кезеңі табиғаттың төрт мезгіліне байланыстыра беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |