Қайта өрлеу дәуірі өнерінің алғашқы суретшілерінің бірі — ұлы суретші Джотто (1267—1337) болды. Ол Римдегі антикалық өнермен жан-жақты танысты және сонда жүріп "Новичелла" (қосымшадағы 1-сурет) атты мозаикалық шығармасын жазды. [2] «Иуда ишараты» (қосымшадағы 2-сурет) — талантты суретшінің ең әйгілі шығармасы. Көп адам қатысқан бұл композициядағы басты тұлғалар — Христос пен Иуда. Христос бейнесінен ізгіліктің, адамгершіліктің, сабырлылықтың белгілерін байқайтын болсақ, ал екінші бір кейіпкер Иуданың бойынан бір көргенде-ақ озбырлық пен сатқындық қасиеттерін жазбай танисыз. Екі жүзділік, күншілдік, зұлымдық сияқты жағымсыз қылықтар кейіпкердің жүзінен де, қимылынан да айқын көрінеді, ізгілік пен зұлымдық арасындағы ымыраға келмейтін күрес — шығарманың негізгі идеясы. Орасан зор шеберлікпен жазылған бұл туынды Джоттоның есімін бүкіл Италияға әйгілі етті. Көзінің тірісінде-ақ ол «Флоренцияның ұлы азаматы» деген абыройлы атаққа ие болды. Қайта жаңғыру кезеңінде талай өнер саңлақтары өздерінің өшпес туындыларымен әлемді таң қалдырды. Егер орта ғасырларда әлемнің кіндігі — құдай деп саналса, ендігі жерде адам құдай дөрежесіне көтеріліп, мадақталды.