Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет29/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47
ІҮ тарау
ӘДЕБИ ТҰЛҒА
Бірінші эссе
І
Мұхтар Әуезов шығармашылығы – қазақ өнерінің ұлттық және интернационалдық сипатын айрықша терең танытатын ғажап құбылыс. Ғасырлар бойы өнерпаздардың мың сан ұрпағы жасаған шебер де әсем өрнектер, әуез-сарындар, мотив-идеялар, ауыз әдебиетіндегі томырылып жатқан байлықтар, жазба әдебиеттегі қазыналар ұлы қаламгер шығармаларына нәр беріп, оның әлем мәдениетіне құнарлы, арналы өзен болып құйылуына жағдай жасады.

Кемеңгер ұлы жазушы шығармашылығы – ұлттық өркендеудің сара жолына түскен, қайта туып, түлеген, тұсаудан, езгі-қорлық, тепкі-отаршылдық атаулыдан түгел құтылуға күш салған қазақ халқының әлемдік мәні бар асыл туындылар бере алатындығын алғаш рет жария еткен, озық үлгілердің баршасының мұрагері – реализм әдебиетінің алтын қазынасындағы інжу-маржандар, адамзаттың эстетикалық байлығына айналған жалпылық мәні бар рухани дәулет.


ІІ
Табиғатынан керемет дарынды жаратылған Мұхтар Әуезовтің ұлттық данышпанымыз Абаймен, керемет қаламгер Шәкәріммен туыс, елдес, жерлес болуы – оның өмірлік тағдырында шешуші ықпал жасаған факторлардың бірі. Сахарада арыстан секілді шөгіп жатқан, әрбір сайы тарих шежіресін шертіп тұратын қазыналы, құтты Шыңғыстау – үш алыптың, Абай, Шәкәрім, Мұхтардың ата мекені, тал бесігі, Мұхтар ұлы шешесі Дінәсіл әжесінің бауырында тәрбие алып, балалық шақтың көшпелі елдегі барлық қызығын көрумен қоса, ертегі-жырды, аңыз-әңгімені зердесіне түгел құйып өседі. Осы Шыңғыстауда Мұхтар тұңғыш ғашық болған, пенрзент сүйген, тұңғыш еңбек етіп бала оқытқан, тұңғыш шығармаларын жазған, Шәкәрімнен бата алған; шырқап кеткен шағында туған ауылын сағынып келіп, апталап-айлап жатады екен; қасына әңгімешіл, өнерпаз серіктер ертіп, тау-тасты, өлке-өзенді атпен аралайды екен. 1957 жылы күзде жасы алпысқа келген, даңқы әлемге жайылған жазушы көп жылқының ішінен бұрынғы Абай ауылының жүйрігін жазбай таныды; кәрі-жасты, ел-жұртты таң қалдырып, көзіне моншақ-моншақ жас алып тұрды. Кім білген, бұл ұлы суреткердің өмір бойы жырлаған ата мекен, туған жері Шыңғыстаумен, ауылдас ағайынмен қоштасқаны екен ғой.

Білім алу жөнінен Мұхтар Әуезов қолын мезігілен кеш сермеген жоқ: ол ХХ ғасырда қазақ баласына мүмкін болған мектеп сатыларының бәрінен өтті: училище, семинария, университет, аспирантура. Даланың жыршысы Мұхтар Әуезов көп ғұмырын қалада өткізді: Семей, Орынбор, Ташкент, Ленинград, Москва, Алматы.

Дүние жүзінің бірқыдыру елдері Әуезовтің үнін естіді: Америка, Жапония, Үндістан. Қаламгер Әуезов түрлі қызмет істеді, атақ-дәрежеге ие болды: Семей губревкомының мүшесі, губисполком төрағасы, КазГУ, МГУ профессоры, академик, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты.
ІІІ
1917 жылы 5 қыркүйек күні Семей қаласында шығатын губерниялық газетте жарияланған “Адамдық негізі - әйел” атты мақалаға есімі көпшілікке белгісіз бір жігіт “семинарист Әуезов” деп қол қойды. Бұл қазақтың болашақ ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің баспа бетін көрген тырнақ алды шығармасы болатын. Абай дәстүрінде, қазақ демократтарының үлгісінде жазылған бұл мақалада жиырмадағы Мұхтар сол кезеңнің әлеуметтік көкейкесті мәселесі - әйел теңдігі проблемасын гуманистік идеялармен, педагогикалық тәрбиемен ұштастыра қарайды. Сөз саптау, сөйлем құрылысы, лексикалық байлық жөнінен стильдік даралық танылады. Әйел тағдыры, оқу-ағарту, ғылым, саясат, өнер, халықаралық жағдай, философия – осындай тақырыптарға белсенді түрде қалам тартқан Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңінде журналистика, публицистиканың алатын орны зор. Күнделікті ағымдағы құбылыстарға тез үн қату, пікірді ашық, ықшам айту, идеологиялық мәселелерге өз позицияңды анық білдіру – осы секілді баспасөз талаптары Мұхтар Әуезовтің саясатты, тарихты, философияны терең теңгеруіне, көркем шығармаларының идеялық нысанына дөп табуына ықпал жасаған, қалыптасу кезеңінде пайда тигізген жағдай лардың бірі.
ІҮ
Кезінде Сәбит Мұқанов, “Қазақ әдебиетінде драматургия жанры – тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық” деп еді. Шынында да, Әуезов – ұлттық драматургияның атасы.

Тоғыз жасынан бастап қалада өсіп, орыс, татар, театрларын көру, Европа әдебиетімен жете танысу оны реалистік драматургияға алып келді. Эпостағы, аңыздағы тұтас сюжеттерді, халықтық бейне нұсқаларын, ел тұрмысындағы ойын-сауық өткізу рәсімдерін Мұхтар Әуезов ұлттық драматургия жасауда зор шеберлікпен, реформаторлықпен пайдалана білді. Шекспир, Гоголь, Погодин шығармаларын аудару, үйрену, өсудің шынайы мектебі еді. Театрда қызмет істей жүріп, Мұхтар Әуезов қазақ актерларының тұтас буынын тәрбиеледі, білім берді. Әуезов қаламынан туған драмалық шығармаларды бірнеше тақырыптық арналарға саралап қарауға, зерттеуге болады, олар: аңызды, эпосты арқау еткен туындылар, күнделікті өмірдің әр кезін бейнелейтін туындылар, либреттолар, сценарийлер. Қаламдас достары Леонид Соболевпен, Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Әбділда Тәжібаевпен, Әлжаппар Әбішевпен шығармашылық ынтымақта жазған бірқыдыру пьесасы және бар.

Әуезов драматургиясы - әлеуметтік тартыстар, кесек мінездер, үлкен идеялар драматургиясы. Мұнда қазақ халқының қилы-қилы өмір кезеңдері жанды бейнелер арқылы сыр шертеді, ұрпақтар шеруі көз алдыңа келеді.
* * *
Әйгілі эпопеяның бірінші кітабы шыққанда Мұхтар Әуезов қырық бесте, ал тұңғыш әңгімесі жарияланғанда жиырма төртте. Осы екі ортадағы жиырма жылда суреткер негізінен пьеса, әңгіме, хикаят жазды. Алғашқы әңгімесі “Қорғансыздың күнінде” маңызды, күрделі әлеуметтік құбылыс бейнеленген. Бұл шығарманың жазылу әдісінде, сюжет құру мәнерінде, композиялық құрылымында, сөз жоқ, әлемдік реалистік әдебиеттің, ең алдымен, Европа прозасының дәстүрі барлығы айқын көрінеді. “Бейшара Лизадан”, “Қылмыс пен жазаға” дейін созылып келген гуманистік идея, адам өлімін, трагедияны көрсете отырып, үлкен сырлар шерту сарынын жас қаламгер жақсы меңгерген. Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану - Әуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі. Алғашқы әңгімедегі әуендер кейін, көптеген туындыларында қайта өрбіп, дамып, өрлеп отырады. Жазушылық сапардың бастапқы кезеңіндегі туындылардың ортақ сипаты – олардағы трагизм, әлеуметтік қақтығыстар, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтар – осының баршасында келісім, бірлікті қойып, ат кекілін кесіп кету, морт сыну, өліммен тыну бар. Мұхтар Әуезов қазақ аулын революцияға алып келген әлеуметтік құбылыстарды, антагонистік қайшылықтарды сұсты, келбетті реалистік, трагедиялық шығармалар арқылы шынайы бейнеледі.

Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Әуезов ізденістерінің қорытындысы – “Қилы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы” хикаяттары. Алғашқысында отаршылық кесапатына қарсы ызалы жүректің ашуы, екіншісінде қорлық-зомбылыққа қарсы бас көтерген шамырқанған намыс, кекті қарсылық бар. Бұрынғы жапа шеккендердің баршасының кегін қайырушы Бақтығұл секілді. Күллі кектілер оның қолына ажал мылтығын берген секілді.


ҮІ
Алдымызда жатқан Мұхтар Әуезовтің қолжазбалары араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сиямен, қарындашпен жазылған. Әріптердің қағазға түсу қалпында асығыстық, ырғақ, екпін бар сияқты. Әуелде ойда пісіріп, ширатып, толғағын жеткізіп алған сырлар асығыс ақтарылғандай. Кей беттер тап-таза, кей беттер сан сызылған, сан алуан өзгерістерге түскен. Қырқыншы жылдардың ортасына дейін шығармаларын қағазға жазып түсіретін Әуезов кейін әуелгі нобай, нұсқаны машинисткаға, стенографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырды. Редакциялау, ажарлау, тереңдету, көркемдеу әр түрлі вариант, нұсқаларды тудырды.
ҮІІ
Абайға жеңгелері қойған Телғара деген атты айдар етіп, роман жазбақ болған Мұхтар Әуезов шығармашылық еңбектің барысында ұлттық эпопея жасауға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетті. Сөйтіп ол қазақ әдебиетін дүние жүзілік даңққа бөлеген төрт томды “Абай жолы” тетралогиясын тудырды. Бұл шығарманы заманымыздың үлкен қаламгерлері М.Шолохов, Л.Арагон, К.Федин, А.Фадеев, Л.Леонов, Ш.Айтматов классика қатарына қосты, ғалымдар арнайы зерттеп жатыр, бұл туындыны өз тіліне аударып алу – ұлт үшін мақтанға, мерейге айналды.

Романда әлеуметтік, таптық қайшылықтар тарихи тұрғыдан реализм принциптеріне лайық сипатта шыншылдықпен, тамаша, жанды, сенімді тұлғалар арқылы көркем бейнеленді. Антагонистік қайшылықтар адамдар мінездерінің шарпысуы, айқас арқылы суреттеледі. Эпопея бастан-аяқ өмір көріністеріне, динамикаға, тіршілік тынысына, қимыл қозғалысқа толы. Романда тарау-тарау, сала-сала, белдеу-белдеу жолдар бар, олардың дәл ортасындағы қасқа жол – қазақ халқының прогреске, бостандыққа тартқан, таңға қарай бет алған жолы – Абай жолы.

Тіршіліктің барлық бояуын көрсеткен ғаламат шығарманың сан алуан көркем қабаттары халқымыздың өткен тарихын, рухани әлемін, әсемдік идеяларын көз алдыңа алып келеді. Бұл романда атан жілік батырлар, ақылгөй даналар, керауыз билер, қаражүрек болыстар, жастардың мөлдір махаббаттары, аңқылдаған ақындар, ақкөңіл ата-аналар, пәк ниетті балалар, сан буынның өкілдері бар. Тау, су, өзендер бар. Ән, жыр, қара қобыз, кәрі домбыра бар. Қысқасы, “Абай жолы” эпопеясында қазақ халқының ары, намысы, арманы, мәңгілік ғұмыры көрінеді.

Қазақ тілінің бейнелеу мүмкіндіктерінің жаңа қабаттарын ашқан романда өнер адамын көрсету саласында әлем әдебиеті үшін жаңалық болған соны, зор табыстар тағы бар. Психологиялық талдау, ішкі монолог, адам жанының диалектикасын көрсету жөнінен “Абай жолы” эпопеясы әлем әдебиетіндегі барлық ғасырларда барлық халықтар жасаған ең үздік шығармалармен қатар тұрды.


ҮІІІ
Академик Мұхтар Әуезов фольклор, СССР халықтары әдебиеті, жанрлар теориясы, қазіргі әдеби процесс жөнінде күрделі, терең пікірлер айтқан ғалымдығының үстіне, оқымысты – филологтардың бірнеше буынына сабақ беріп, тәрбиелеп өсірген ғұлама, ұстаз болатын. Абайтану атты жаңа ғылыми пәнді негіздеген профессор Мұхтар Әуезов өзінің барқыт қоңыр үнімен, кей шақта ақырын жөткірініп қойып, бейне бір данышпан Абайдың тірі өзіне ұқсап, аудиторияны ұйытып, сөзден кесте төгіп, жас жүректерді тылсымдай баурап:

- Менің тілімде Абай тілінің өрнек, бояуы бар. Менің романымды терең ұғамын десеңдер, Абайды, Абай поэзиясын оқыңдар, - деп лекция оқып тұрар еді.

Мұхтар Әуезов өлген жоқ: ұлы қаламгердің есімі кеме болып теңіздерде жүзіп, көше болып созылып, қала болып құлпырып тұр.

Мұхтар Әуезов әрқайсымыздың жүрегімізде.

Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет