С. Симбаева,1 Ғ. Манай2 1 «Тұран-Астана»



бет5/6
Дата07.02.2022
өлшемі39,02 Kb.
#82582
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
макала Жыраулар поэзиясындагы кұндылық



НЕГІЗГІ БӨЛІМ



Құндылық туралы толғамдар мен пайымдаулар бір күннің ғана үлесінде қалып қоймайды. Ол - адамзатпен бірге жасасып отыратын тарихи категория. Құндылық туралы философиялық ойлар, толғаныстар ғасырдан ғасырға өтіп, жалғасын тауып келеді. Қазақ халқының ол туралы ой-толғамдары мен көзқарастарын әдеби-мәдени мұраларын барлау арқылы байқай аламыз. Мысалы, қазақтың төл әдебиеті қалыптасуының басында тұрған жыраулар поэзиясы арқылы еліміздің өткен тарихына үңілу, олар армандаған болашақ, келешекті болжауға болады. Жыраулар жырлаған мәселелер тақырыбы кең, ауқымы мол. Олардың халық тағдыры, тіршіліктің жалғастығы, мәңгілік қоныс туралы толғаныстарының өзі еркіндік, тәуелсіздік идеясын байқатады. Қоғамдық-саяси оқиғалар жүйесінің көрінісі, тарихи-әдеби дәйектер жыраулар поэзиясында танымдық көрініс тапқан. Оның қазақ қоғамының дамуына, рухани дүниетанымына ықпалы болғаны да мәлім. Демек, жыраулар бодандыққа қарсы дүниетаным болжап, еркіндік мәселесін аңсаған. Ал еркіндік, бостандық мәселесі бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтардың ең бастысы болып табылатыны талас тудырмаса керек.


Бейнелеп айтып, бейнелеп сөйлеу қазақтың сөз өнерінде, салт-дәстүрінде, жұмбақтарында, шешендік сөздерінде кеңінен қолданылған тәсіл екені белгілі. Бірақ жаугершілік заманға сай халық басындағы қилы-қилы хал-ахуалдар мен хандық билік аясындағы түрлі әлеуметтік-саяси жағдаяттарға куә болып, ортасында жүрген жыраулар поэзиясында астарлап айту, тұспалдап сөйлеу сөз мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Көшпенді мәдениеттің өрісіндегі қоршаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі тұтас көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйесін қалыптастырды. Бұл айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпенді мәдениеттің негізгі қағидасы [3, 120 ].
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан! [4, 24].
Бұл жерде көшпенділер философы атанған Асанқайғы толғауында үлкен мән жатыр. Ол Жәнібек ханды қарадан қатын алғаны үшін сынап отырған жоқ. Жаугершілік заманда ел бірлігі, бостандығы бірінші орында тұрды. Ал қалыптасқан жүйе бойынша ел басқарып отырған ханның жары да өзіне лайық, халықтың дәстүр, салтын терең меңгерген, керек кезінде еріне ақыл да айта білетін, елді де басқара алатын жан болуы шарт. Сонымен қатар ұрпағын да осындай игі істерге баулып, ел қамын жейтін ер етіп тәрбиелеуі керек болды. Міне, сондықтан да Асан жырау ел болашағы үшін қам жеді, ханды сынады. Жаугершілік заманда халық үшін бірінші құндылық тәуелсіздік еді. Тәуелсіздік - ешқашан ескірмейтін, адамзат үшін бірінші орында тұратын құндылық
Жыраулар қазақ басынан кешірген қилы кезеңдердегі түрлі тарихи оқиғаларды, замана зарын, тәуелсіз, еркін ел болуды армандағаны олардың толғауларынан айқын көрінеді. Басқаша айтқанда жыраулар аңсаған тәуелсіздік Асанқайғы бабамыз, Бұқар жырау айтқандай ерлігіміз бен елдігімізді қорғай алатын ел болуымыз керек дегенді толғауларына арқау еткен. Олардың тереңнен толғап, келешек жөнінде болжағанын аңғарамыз. Біздің руханиятымыз бен мәдениетіміздің түп төркінінде тұрған жыраулар көксеген армандарды міне, бүгін ашып айтуға мүмкіндік туып отыр. Мысалы,
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп [4, 27].

Арғымаққа міндіп деп,


Артқы топтан адаспа [4, 28].
Осы жолдарды зерделеп қарасақ, оның мәнін ұлттық таным тұрғысынан түсіндіруге болады. Шоқан «көшпенділер философы» деп атаған өз заманының сәуегей-ойшылы Асанқайғы өзінің ел, әдет-ғұрып, мінез-құлық туралы толғауларында өз ойын жете беру үшін мәдени атауларды бейнелі түрде қолдана отырып, халықтың арман-мүддесін, олар жоғары бағалаған құндылықтарды дөп басып айтады.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса, жаз болып, таздар қайтіп күн көрер,
Жалаңаяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер [4, 27] !?
Осы жолдардан да Асан бабаның айтпағы тура мағынасындағы құйрығы жоқ құлан, аяғы жоқ жылан, жалаңаяқ балапан емес екенін аңғару қиын емес. Адам баласының өмір сүруі үшін бірінші кезекте он екі мүшесінің саулығы керек. Міне, жырау бұл жерде осыны меңзеп отырғанға ұқсайды. Өйткені адамзат үшін ең басты құндылық- оның денінің саулығы. Дені сау адам ғана табиғаттың толыққанды төл баласы бола алады. Дені сау, ақыл есі дұрыс ұрпақ қана адамзат үшін құнды дүниені жасайды. Міне, дала философының айтпағы да осыған келіп тіреледі.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды білім беру мен тәрбие үдерісіне енгізу арқылы адамның рухани өсуіне жағдай жасалады. Мәңгілік құндылықтар - білімнің негізгі өзегі. Жалпыадамзаттық құндылықтарды адамның бойына сіңіру, оны жарыққа шығару ізгілікке әкеледі, сөйтіп, мінезін өзгертуге болады. Адамның жақсылыққа ұмтылуы, ақиқатқа жүгінуі оның болмысынан ішкі жандүниесінде құндылықтың бар екенінің дәлелі бола алады.
Әр халықтың тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері, өмір сүруіне, тіршілігіне, тұрмыс-салтына, дәстүрлеріне байланысты тек өзіне ғана тән танымдық, рухани-материалдық, мәдени құндылықтары қалыптасады
Қазақ халқы ел болып іргесін бекіткен кезде жыраулар тарих сахнасында бой көрсетті. Рухани құндылықты жасауда, идеологияны орнықтыруда ерекше қозғаушы күшке айналды. Жыраулар - қазақтың басынан өткен небір кезеңдердегі әртүрлі тарихи оқиғаларды, замана зарын, тәуелсіз, еркін ел болудағы арманын ұлттық идеологияға айналдыра білген сөз зергерлері. Ұлттан тыс тұратын әдебиет жоқ, сол әдебиетті жасаушылардың бірі-жыраулар болса ұлттың рух пен сананың негізін олар өз толғауларында анық көрсетті. Олар өз заманының өзекті мәселесіне араласып, еркіндік, азаттық, елдің тәуелсіз, бейбіт, тыныш өмір сүруі үшін күрескен. Қазақ халқының ұлттық бітім-болмысын, мәдени мұраларын, ата қонысын сақтап қалу үшін хандармен, батырлармен бірге күрескен. Осылар - бүгінгі тәуелсіз елдің де негізі мәселелері. Ұлт сабақтастығы, дәстүр жалғастығы бірімен-бірі байланысып жатады. Олар өмір, достық, адамгершілік, ерлік, тіршілік, атақоныс жайлы толғады. Жыраулар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын («мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған» – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар толғауларында адамгершілік әліппесі, мораль нормалары, елін, жерін сүю, құрметтеу мәселелері кеңінен орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат алар тағлымы мол ойлар молшылық.
Жырау толғауларының негізгі идеясы – жұртты ерлікке жігерлендіру, ата жауға қарсы күреске шақыру. Жалпы жыраулар поэзиясының негізгі өзегі - азатшыл сарын. Хандық дәуірі әдебиеті - қазақ тарихындағы еркін де қуатты жырды тудырған рухты кезең. Әнес Сарай да өз зерттеулерінде осыны баса көрсете келе, жыраулар поэзиясындай рухты жырдың олардан бұрын да, кейін де тумағанын айтады. Жыраулар ханға да дат айтып, артық-кем жерлерін баса көрсетіп, кем-кетігін түзетіп отырған. Хандардың өздері оларды пір тұтып, аталы сөздеріне тоқтаған. Себебі олар отты жырларымен халықты жігерлендіріп, азаттық күреске шақырып отырған. Халқымыз қашанда кең даласымен, дарқан даналығымен, би-шешендерімен, жырауларымен мақтанған. Қалың ортада сөз бастап, халықты бірлікке шақырған, өзгенің боданы болмауды үндеген даналарымыздың арқасында діттеген мақсатқа жетіп, тәуелсіз, еркін ел болуға ұмтылған.
Бүкіл адамзат үшін маңызды, сондай-ақ, жердің қай қиырында жүрсе де, бәріне ортақ құндылық бар. Ондай құндылық әр адамның еркіндігі, бостандығы, тәуелсіздігі. Жыраулар міне осы құндылықты ерекше тебіреніс, зор толғаныспен өз шығармашылықтарына арқау еткен. Бір мәселе, бір тақырып, бір мұрат пен мүдде жырланса да, әр жырау оны ашуда түрлі ой түйіп, көзқарасы мен пайымдауы әрқилы болған. Біреуі ата қоныстың сұлу суреті арқылы, енді бірі белгілі оқиғаға көзқарасы бойынша, тағы басқалары адамдар арасындағы қарым-қатынас негізінде беріп отырған.
Ал жыраулар поэзиясындағы рухани құндылықтар отансүйгіштік, салт-дәстүрді мадақтау түрінде көрініс табады. Мысалы, халық эпосын жасаушылардың бірі, жорық жыршысы, жыраулар поэзиясының бастауында тұрған Қазтуған жырау артына болмыс, өмір философиясы туралы, туған ел, атамекен жайлы, әскери, жаугершілік тұрмысқа қатысты саналуан жырдан тұратын мол мұра қалдырған. Бізге жеткен аз ғана шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың әдебиет тарихынан белгілі орын алуында маңызы үлкен. Қазтуған Сүйінішұлының поэзиясы номадтық жауынгерлердің санасын, танымын көрсетеді, оның болмыс, тіршілік, өзін қоршаған, болмысы бұзылмаған табиғат туралы түсінігінен елестетеді. Жырау киялының кеңдігі мен ұшқырлығы, суреттеу тәсілдерінің қуаттылығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын танытады.
Ұлттық бояуы ашық, ершіл романтикаға суарылған толғаныстары көркем тіркестерге өте бай Қазтуған Сүйінішұлы жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған. Қазтуған Сүйінішұлының «Мадақ жыры», «Алаң да алаң, алаң жұрт» сияқты шығармалары қазақтың көне поэзиясының таңдаулы нұсқаларының қатарына жатып қана қоймай, рухани әлемінен де хабар береді.
Оның «Мадақ жырындағы» мына жолдар:
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы [БҒ, 28], біріншіден, жырауға дейін ешқашан қолданылмаған, одан кейін де ешкімнің жүрегі дауаламаған тың тіркестер, ойнақы суреттер. Бұндай теңеулер мен ой ұшқыны өресі биік, өрісі кең дала перзентінің ой орамдарынан хабар береді. Өзі өмір сүрген жаугершілік заман, көшпелі өмірде ерекше маңызға ие, тұрмысының мәні, рухани азығы болған дүниелердің портретін кіршіксіз пейілмен таза да шынайы көрсете алған. «Қалайылаған қасты орда» - көшпелі өмірдің бүкіл мәні, онда өмір жалғасы бар, ол – шағын Отан, алынбас қамал. Сондықтан да жырау оған ерекше мән бере толғанады.

ҚОРЫТЫНДЫ


Жалпы құндылық мәселесіне келгенде жыраулардың оған үлкен жауапкершілікпен қарағанына көз жеткіземіз. Ең бірінші кезекте жер бетіндегі бүкіл адамзатқа тән бостандық, тәуелсіздік, еркіндік сезімін алдыңғы кезекке қойғандықтарын байқаймыз. Азаттықты бүкіл өмірлерінің мәні деп санап, саналы ғұмырларын сол үшін қарумен де, қаламмен де күресуге арнағанын ұғамыз. Оны жыраулық дәстүрдің басында тұрған Қазтуған, Доспамбет, Асанқайғылардан бастап, Бұқар жырауға дейін тілге тиек етті. Ханға да, қараға да дат айтып, толғауларын арнаған жырауларымыз азаттық пен еркіндікті ту етіп көтерді. Одан айырылып қалуды ақыр заманмен тең санады.


Жыраулық поэзияда кеңінен жырланған тақырып – адамгершілік, достық пен татулық, жақынды қастерлеу, досқа деген адалдық. Осы сияқты ізгі қасиеттерді толғай отырып, ғибраты мол, афоризмге айналған жыр-толғауларын ескерткіш ретінде арттарына қалдырды. Сол өсиет-нақылдары - заман өзгеріп, тарих көші өз бағытын неше рет өзгертсе де, өзектілін жоймай келе жатқан асыл қазынамыз.
Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығы қашан да өзекті болған және болып қала да бермек. Өйткені қоғамды құрайтын жеке адамдар. Ал кез келген адам отбасында тәрбиеленеді, тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан да оған бей-жай қарау – қылмыс. Осыны жете ұғынған жыраулар ата-ананы, іні-бауырды, апа-қарындасты, ана мен жарды құрметтеуді егжей-тегжейлі айтып кеткен.
Жалпы, олар замана құндылығы деп санаған мәселелер күні бүгінге дейін сол қалпынды сақталып келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет