2. Арыстан мен тышқан
Ертегі
Тапсырма
Оқушылардың жақсылық туралы түсініктерін кеңейте түсу үшін төмендегідей тапсырма берілдеі. Тапсырманы жекелей немесе топпен жұмыс түрінде орындауларына болады. Тапсырманы орындау балаларды ойландырып, белсенділіктерін арттырады; оқушыларды адамдарға жақсылық жасауға деген көзқарастарын пайымдауға, өз ойларын ортаға салуға бейімдейді; оларды мейірімділікке, жанашырлыққа бағыттайды.
Өздеріңнің жасаған жақсылықтарың туралы шағын әңгіме құрастырыңдар.
Оқушылар өз ойларын дәптерге берілген 2-тапсырмаға арналып сызылған бетке жазуына болады.
Дәйексөз
Оқушылардан оқулықта берілген «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген дәйексөздің мағынасын түсіндіріп беру сұралады. Жақсы сөз, жақсы тілек айтудың өзі адамға жақсылық жасау екендігіне маңыз беріледі.
Жүректен жүрекке
Сабақ балалардың жағымды көңіл күйін қалыптастыратын және жақсылыққа жетелейтін – бір-біріне тілек айтумен қорытындыланады.
8-сабақ
Жақсылықпен жаным дос
Мақсаты: Жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығы туралы оқушылардың түсініктерін кеңейтіп, жақсылық жасаудың құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.
Міндеттері:
- Оқушылардың «жақсылық», «жақсылық жасау» туралы білімдерін кеңейту.
- Жақсылық жасау іскерліктерін дамыту;
- Мейірімді, қайырымды болуға тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім шаттық шеңберінде оқушылардың жағымды көңіл күй, шынайы қарым-қатынастарын қалыптастыру үшін және жақсылыққа жетелеу мақсатында бір-біріне жақсы сөз, жақсы тілек айтуды ұйымдастырады.
Жаңа ақпарат
Оқулықта берілген «жаңа ақпаратты» талдау барысында оқушылардың өткен сабақта алған білімдерін түйіндейді және қандай адамның жақсылық жасай алатынына, жақсылық жасаудың адам өміріндегі маңыздылығына көңіл бөлінеді. Жаңа ақпарат сабақтың мақсат міндеттерін айқындай түсу үшін қолданылады.
Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.
Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, қабылдай алу – жақсылықтың нышаны.
Мәтінмен жұмыс
Мұғалім оқушылармен бірге Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңін оқып, талдау жасау арқылы олардың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына және жаман қасиеттерді болдырмауға, әр істен өздері қорытынды жасай білуді үйренулеріне назар аударады.
«Жамандар - өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай» немесе
«Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей» - деген өлең жолдарын түсіндіру арқылы сабақтың мақсатын аша түседі.
Жақсы мен жаман адамның қасиеттері
С.Аронұлы
Мұғалім өлеңнің мазмұнын ашатын сұрақтар арқылы оқушылардың негізгі ойларды тауып, адам бойындағы жақсы, жаман қасиеттерді талдап, «жақсы мен жаман» туралы өз пікірлерімен пайымдатады.
Дәйексөз
Мұғалім сабақты оқулықта берілген дәйексөзді талдаумен жалғастырады:
«Жақсылық істеуден жалықпа,
Істеген жақсылығыңа өкінбе!»
«Кабуснама»
Адамдар бір-біріне жақсылық жасаудан жалықпаса, өмірде сыйластық, қамқорлық, достық, сүйіспеншілік қарым-қатынаста болатынын, ал қоғамда татулық, бірлік, ынтымақ орнайтынын түсіндіреді.
Әр кезде жақсылықты риясыз жасау қажет екеніне мән беріледі.
Тапсырма
Мұғалім тапсырманы орындату барысында, оқушылардың көзқарастары мен пайымдауларын талдау кезінде оқушылардың мақал-мәтелдерді өз пікірлерімен дәйектенуіне, сондақ-ақ олардың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына көмектеседі.
Мақал-мәтелдерді оқыңдар. Негізгі ойды тауып, өмірден мысал келтіріңдер.
Жақсы адам жолдасынан бегілі.
Биікке шықсаң көзің ашылады,
Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады.
Бітер істің басына,
Жақсы келер қасына.
Жақсы адам – елдің ырысы,
Жақсы сөз – жанның тынысы.
Дәптермен жұмыс
Мұғалім оқушыларға «Жақсылықпен жаным дос» тақырыбы және 1-тарауды қорытындылау мақсатында дәптерде берілген 3,4-тапсырмаларды орындауды ұсынады.
Жүректен жүрекке
Мұғалім оқушыларды бір-бірінің қолынан ұстатып, шеңбер құрып, А.Асылбековтың «Жақсы болу - өзіңнен» атты өлеңін оқуға шақырады. Адамның жақсы болуы да, жаман болуы да өз қолында екеніне және өз бетінше көп үйренуге, әр ісіне есеп беруге назар аудартады. Сабақты жағымды көңіл күй қалыптастыратын оқушылардың бір-біріне жақсы тілек айтумен қорытындылауға болады.
Жақсы болу - өзіңнен
А.Асылбеков
9-сабақ
Әсемдікке ұмтылайық
Мақсаты: Оқушылардың әсемдік, жан сұлулығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- Оқушыларға қоршаған ортаның талғамдарын әсемдігі, адамның жан сұлулығы туралы түсінік беру;
- Оқушылардың эстетикалық талғамдарын дамытуға ықпал ету;
- Оқушыларды сұлулықты, әсемдікті сезініп, бағалай білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: аудиокассета, өнер туындылары (А.Жақыпбеков «Томирис», Г.Ысмайылова «Қазақ вальсі», Ә.Қастеев «Қарлы Алатау» және «Таң шапағы»).
Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, бір-бірімен сәлемдеседі.
Оқушылар кезекпен әсемдік өздерін қандай сезімге бөлейтінін төмендегі сөйлемді жалғастыру арқылы айтып шығады:
- «Әсемдік менің жанымды ... бөлейді.»
Мәтінмен жұмыс
Оқулықтағы «Оқып үйренейік» айдарында ұсынылған Мағжан Жұмабаевтың «Сұлулық сезімдері» атты мәтінін оқушылар өз бетінше оқып шығады.
Мәтіннің мазмұны арқылы оқушылардың сұлулық сезімі туралы түсініктері кеңейе түседі. Оқушылар мәтіннен қоршаған ортаның, жаратылыс құбылыстарының, айналадағы дүниелердің сұлу бейнесімен танысу арқылы, олардың адам жанын қалайша сезімге бөлеп, ләззатқа кенелтетінін біледі.
Адам өнер туындыларын көру сезімі, есту сезімі арқылы сұлулықтың сиқырлы әсерлерін сезінуді үйренеді.
Сондай-ақ мәтінде айтылған сұлулықтың тәрбиелік мәніне баса көңіл бөлген жөн.
Сұлулық сезімдері
М.Жұмабаев
Тапсырма
Оқушылар мәтінге сәйкес төмендегідей тапсырманы орындауға кіріседі.
Мағжан Жұмабаевтың «Сұлулық сезімдері» мәтінін оқып, сұлулықты сипаттайтын сөздерді іріктеп алыңдар. Жаратылыстың қандай құбылыстары сұлулық сезімін тудыратынын айтып беріңдер.
Тапсырманы орындау оқушылардың байқампаздық, сезімталдық сезімдерін дамытып, сұлулық сезімі жөніндегі ойларын тиянақтай түседі.
Өзіммен-өзім
«Өзіммен-өзім» тәсілі баланың өзін және өзінің жүрегін тыңдай білуіне септігін тигізе отырып, сезімі мен эмоциясына жайлы әсер етеді.
Осы тәсілмен жұмыс кезінде классикалық музыка ойнатып қоюға болады.
Мұғалім оқушыларға көру, есту сезімдері арқылы сұлулық сезімдерін оятатын сәулет, сұлу сурет, мүсіндеу, ән, музыка, поэзия, күй сықылды өнер әлеміне, өнердің сұлулыққа толы тылсым құдіретінен жан тербейтін ләззат күйін сезіну үшін сәт өз қалауларымен өзімен өзі болып, қиялмен сапар шегуді ұсынады.
Балалар өз қалпына келгеннен соң алған әсерлері, сезімдері туралы бір-бірімен ой бөліседі.
Тапсырма
Оқушылардың сұлулықты, әсемдікті көре білу, алған әсерлерін суреттеп жеткізе білуге үйретуде оқулықта ұсынылған өнер туындылары үлкен рөл атқарады.
А.Жақыпбековтың «Томирис», Г.Ысмайылованың «Қазақ вальсі», Ә.Қастеевтің «Қарлы Алатау» және «Таң шапағы» атты өнер туындылары бойынша төмендегідей тапсырма берілген:
Өнер туындыларын мұқият қарап шығыңдар, әрқайсысындағы сұлулықтың мәнін ашыңдар.
Оқушылар өнер туындыларын мұқият қарай отырып, әрбір өнер туындысынан сұлулық мәнін іздейді. Осы сұлулықты қалай сезініп, қабылдағаны туралы айтып береді.
Тапсырманы жеке немесе топпен орындауға болады.
Оқушылар тапсырманы сыныпта жария етеді.
Ұғыммен жұмыс жүргізу технологиясы
Оқушыларға сабақ тақырыбы бойынша берілетін ұғымдарды тереңірек ұғындыру мақсатында ұғыммен жұмыс жүргізу технологиясын ұсынудың әдістемелік тұрғыдан пайдасы мол.
«Әсемдік» ұғымы
1-кезең. Ұғымға анықтама беру.
(Мұғалім оқушылардан әсемдік дегенді қалай түсінетіндерін сұрайды. Оқушылар өз ойларын білдіреді.)
Оқушылар:
Әсемдік – сұлулық белгісі.
Әсемдік – адамның сипаты.
Әсемдік – ... .
/Мұғалім оқушылардың айтқанын тыңдап, әсемдік ұғымының анықтамасын өзі айтады./
Әсемдік – зат пен табиғат құбылысында, қоғамдық өмірде, адамның моральдық және сымбаттық көркінде, көркем-өнер шығармаларында көрініп, көркемдік ләззат беретін эстетиканың негізгі категорияларының бірі.
2-кезең. Ұқсас ұғымдарды табу.
(Мұғалім оқушылардың әсемдікке ұқсас ұғымдарды атап берулерін сұрайды.)
Оқушылар:
Әсемдік – сұлулық, әсемілік, көріктілік, сымбаттылық, т.т.
Мұғалім:
Бойында осындай құндылықтар бар адамды қалай атауға болады?
Оқушылар:
Сұлу, әсем, көрікті, сымбатты... .
Мұғалім «әсемдік» ұғымының жағымды жақтарын және жағымсыз
жақтарын атап жазуды тапсырды.
Әсемдік
Дәптермен жұмыс
2-тапсырма
Сұлулықты суретші, сазгер, ақын, мүсінші болып суреттеп айтып беріңдер.
Жүректен жүрекке
Оқушылар шеңберге жиналып, Қ.Қазыбековтың сөзіне жазылған М.Омаровтың «Қыз сыны» әнін орындайды.
Қыз сыны
Сөзі Қ.Қазыбековтікі
Әні М.Омаровтікі
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,
Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.
Иықтан шашың төгіліп жерге,
Күмісті шашбау жарасып белге.
Қиылған қасы, қарақат көзі,
Жүректі баурап, оятар сезім.
Талбойың нәзік қызғалдақ гүлдей,
Дидарың нұрлы шуақты күндей.
Жаңарып қайта, жаңарып көне,
Ләззат алар көрген жан сенен.
Көркіңнен сенің айналдым, еркем,
Халқымның салтын сақтаған көркем.
10-сабақ
Әдептен озбайық
Мақсаты: Оқушыларды қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, олардың әдеп, әдеп сақтау ұғымдары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
Оқушыларға әдеп, әдеп сақтау туралы түсініктерін
тереңдету;
Оқушылардың этикалық қарым-қатынастарын дамытуға
ықпал ету;
Оқушыларды ізетті, ілтипатты, сыпайы болуға
тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: аудиокассета.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылармен үлкен шеңберге тұрып,
Қ.Ыдырысовтың «Келші, келші, балашым» өлеңін бірігіп орындайды.
Келші, келші, балашым
Сөзі Қ.Ыдырысовтікі
Әні Е.Хасанғалиевтікі
Айым болып тудың ба?
Күнім болып тудың ба?
Ата жолын қудың ба?
Әке жолын қудың ба?
Бұл дүниеге келген соң,
Сұрауы бар судың да.
Айдарыңнан айналдым,
Маңдайыңнан айналдым.
Торсық шеке, тоқ шеке
Бақ болар деп ойладым.
Ашық жанар көңілің
Ақ болар деп ойладым.
Қуанышым – арай жүз,
Сөйлесерміз талай біз.
Бар ағайын жиналып,
Мәз боп саған қараймыз.
Сендей бала ешкімде
Болмаған деп санаймыз.
Жалғыз дар - өзіңсің,
Атасының көзісің,
Әжесінің сөзісің,
Мен барымды аяман,
Ботақаным сен үшін.
Оқушылар әнді шырқап болғанан соң мұғалім оқулықтағы
өлеңнің мәтініне назарларын аударып, өлеңнің кімге арналғанын, қандай сезімге толы екендігін әңгімелете келіп: «Сендерді жақсы көретін адамдарға сендер қалай жауап беріп жүрсіңдер?» - деген сұрақ қояды. Оқушылар жауаптарын шеңбер бойында тұрып, алма кезек айтады.
Оқушылардың жауаптары төмендегідей болуы мүмкін.
- Мен айналамдағылардың махаббатын сезінемін және соған лайық болуға тырысамын.
- Мені ойлаған, маған қамқорлық жасаған адамдарға ризашылығым шексіз.
- Мен өзімді жақсы көргендердің барлығына да сондай сезіммен жауап беруге тырысамын, т.с.с.
Әңгімелесу
Берілген мәселені бірігіп талқылай отырып, басқа да адамдардың қалай ойлайтындығын түсінуге мүмкіндік туғызу мақсатында оқулықтың «Ойланайық, пікірлесейік» айдарында берілген төмендегі сұрақтар негізінде пікір алмасу ұйымдастырылады.
Әдеп, әдеп сақтау, әдептілік деген не?
Әдептілік адамның іс-әрекетінде қалай қалай көрініс табады?
Мұғалім бұл сабақта «әдеп сақтау», «әдептілік» сөздері мен сөз тіркестерінің мағыналарын ашып, жан-жақты тиянақтап түсіндіругекүш салуы тиіс. Сөз мағынасын түсіндіріп аанықтап, саралауда мынадай әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады.
Балаларға қарастырылып отырған құндылық туралы дайын ақпарат, білім бермей өз беттерінше түсінуіне, ұғынуына, анқытамасын шығаруға жетелеу мақсатында төмендегі тәсілдерді пайдалануға болады.
Сөз мағыналарын анықтауда синонимдік тәсіл тиімді болады. Яғни қарастырылып отырған сөздің синонимдерін табу немесе ұқсас сөздерді табу. Мысалы: әдеп, тәртіп, үлгілі, тәрбиелі. Бұл әдіс арқылы алынып отырған құндылықты терең және жан-жақты түсінуге ықпал ету.
Түсінікті сөз мағыналарын үстемелей анықтап, аша түсу үшін – антонимдік тәсілді де пайдалануға болады. Яғни қарастырылып отырған сөздің антонимдерін табу немесе қарама-қарсы сөздерді табу. Мысалы: Әдеп-әдепсіз, тәрбиесіз, өнегесіз.
Оқу ақпараты
Оқушылар қарастырылып отырған құндылық туралы өз беттерінше қарастырып, талқылағаннан кейін оқулықта берілген жаңа ақпараттағы анықтаманы оқып, өзө болжамдарымен салыстырып, талқылайды.
Адамның айналамен қарым-қатынаста жағымды қасиеттерді мәдениеттілікпен көрсете алуы әдептілікке әкеледі.
Әдептілікке елгезектік, тіл алғыштық, сыпайылық, көрегенділік, инабаттылық, кішіпейілділік және басқа да жақсы, сүйкімді қылықтар жатады. Әдепті адам өзіне және өзгелерге, қоршаған ортаға түсіністікпен, сыйластықпен қарайды. Әдеп сақтау – адамгершіліктің белгісі.
Мәтінмен жұмыс
Оқулықта берілген мәтін көлемі үлкен болғандықтан, мәтінді оқытуда топтық жұмыс жүргізіледі. Мұғалім мәтінді бөліктерге бөліп, әр топқа сұрақтар дайындауды тапсырады. Оқушылар мәтіннің негізгі мазмұнын қысқаша мазмұндап береді.
Тістелген алма
Ел аузынан
Жігіттің қылығын қалай бағалайсыңдар?
Бақ иесінің жігітті ұнату себебі неде?
Жігіт пен бақ иесінің қызының қандай ортақ қасиеттері бар?
Тапсырма
«Әдеп», «Әдептілік» ұғымдарын тереңірек түсіндіру мақсатында оқулықта төмендегідей тапсырма берілген:
Мәтінді оқып, талдаңдар. Ой тұжырымын жасаңдар.
Әдеп
Ы.Алтынсарин
Балалар мәтінді оқып, кейіпкерлерді өзара салыстыра отырып, өз ой тұжырымдарын, пікірлерін айтады. Яғни оқиғаның қорытындысын, байламын, шешімін айтады. Кез келген оқушы өз пікірін ашық айту үшін мұғалім әрбір айтылған пікірге алғыс білдіріп отыруы тиіс. Мұғалім балалардың жауаптарын жоққа шығармай, оның орнына өзгелердің бұл пікірге қалай қарайтынын сұрап отыруы қажет.
Ойын «Әдепті сөздер»
Мұғалім балалардың күнделікті сөздік қорларында әдептілікті білдіретін сөздерді көбейту мақсатында төмендегі ойынды ұсынуына болады.
Балалар жартылай шеңберге отырып, допты лақтырып-қағып алу арқылы бір-біріне әдепті сөздер айтады.
Балалардың жауаптары төмендегідей болуы мүмкін:
Рақмет.
Сәлем!
Амансыз ба?
Қош келдіңіз!
Сізді көргеніме өте қуаныштымын!
Кешіріңіз!
Айып етпеңіз.
Ғафу етіңіз.
Оқасы жоқ.
Кешірім өтінемін.
Сау болыңыз!
Қош болыңыз!
Көріскенше!
Дәйексөз
Сабақта берілген ақпараттар мен жаңа білімді түйіндеу мақсатында оқулықта Ж.Баласағұнидің төмендегідей қанатты сөзі берілген.
Адамда жақсы қасиет балмаса,
Оған бақ та, бақыт та қонбайды.
Берілген дәйексөзді көзқарас, себеп, мысал, жалпылау бірізділігін сақтай отырып, талқылау оқушылардың өз пікірлерін жүйелі айтуға көмектеседі. Сондықтан оқушылардан өз ойын төмендегідей бірізділікті сақтай отырып айтуы талап етіледі. Бірақ мұғалім балалардың пікірінің әр түрлі болатынын ескеруі тиіс жәнеоларға сыйластықпен қарауы керек.
Көзқарас. Оқушы өз көзқарасын айтады. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды».
Себебі. Оқушы өзінің бұлай ойлау себептерін көрсетеді. «Адамның қол жеткізген жетістіктері, қуанышы – оның өзінің ақыл-ойының, іс-әрекетінің, жақсы қасиеттерінің нәтижесі».
Мысал. Оқушы мысал келтіреді. «Мен өзімнің риясыз жасаған қамқорлығының, жақсы істерімнің ізсіз кетпейтініне сенемін, оған ылғи да көзім жетеді, куәсі де болып жүрмін».
Жалпылау. Оқушы өз дәлелін талдап қорытады. «Адам өзінің түзу ниеті, ойы, жақсы іс-әрекеті арқылы жеңіске, бақытқа жетеді. Яғни біздің өміріміз өмір туралы ойларымыздан, жақсы істерімізден туындайды екен».
Тапсырма
Адамның жақсы қасиеттерінің тізбегін жасаңдар. Олардың антонимдерін табыңдар.
Балалардың жақсы қасиеттерді салыстыра отырып, олардың жалпы маңызды белгілерін анықтай алулары үшін, қорытынды жасай алулары үшін берілген.
Жүректен жүрекке
Мұғалім сыныптағы балалардың қарым-қатынасын жақсарту үшін төмендегі ойын-жаттығуды пайдалануға болады.
Балалар бір-бірінің қолдарынан ұстап, шеңбер құрып тұрады. Олардың ішінен біреуі «Мен сені жақсы көремін» деп көршісінің атын айтып, қолын қысады. Жақсы көруді қабылдауды оған күлімдеп жауап береді және соны өз көршісіне қайталайды. Осы айналым аяқталғаннан кейін мұғалім балаларға өзіңміздің жақсы ниетімізді басқаға білдіргенде, оның сөзсіз өзімізге қайтып оралатынын түсіндіреді.
11-сабақ
Отбасы жарастығы
Мақсаты: Балалардың «сыйластық», «махаббат» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- Отбасы жарастығы, татулығы туралы түсінік қалыптастыру;
- Отбасында жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
- Өзара сыйластыққа тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен көңіл-күйлерін көрсету және олардың отбасы мүшелеріне сүйіспеншілік сезімін арттыру мақсатынды М.Қуанышбековтың «Сен бақытты ұлансың!» өлеңін бірге оқып, оқушыларға ата мен әкенің, аға мен іні, қарындастың отбасында қандай орын алатынын түсіндіреді.
Сен бақытты ұлансың
М.Қуанышбеков
Анаң – күнің, жүрегің,
Әкең - өмір тірегің.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Әжең - асыл ардағың,
Атаң – дана қорғаның.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Ағаң – қамқор асқарың,
Інің – мөлдір аспаның.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Қарындасың – қанатың,
Ел –Отаның жаннатың.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Достарыңызбен бөлісу: |