Тапсырма
Оқулықта берілген А.Естеновтің «Сабырсыз» атты өлеңін мәнерлеп оқу ұсынылады. Оқушылар сабырсыз баланың іс-әрекеттерін анықтап, сабырлы болу үшін не істеу керек екендігін анықтайды.
Сабырсыз
А.Естенов
Еркелетіп жалғызын,
Ас қойды анасы алдына.
Күйдіріп ап аузын,
Сабырсыз ұл салды лаң.
Жау қуғандай аптықты,
Суығанша шыдамай.
Анасына шаптықты:
«Неге ыстық, - деп, - бұл қалай?»
Білетұғын ондайын
Айтты сонда анасы:
«Осы болар әрдайым
Сабырсыздың жазасы!»
Түйіндеме
Оқулықтағы «Назар аударыңыз» айдарымен берілген сабырлы және ұстамды адам туралы түйінді ойлар оқушылардың осы сабақты қорытындылап, тұжырым жасауына көмектеседі.
Басқаның сөзін байыппен тыңдайды;
Сабырлы және Өз ашуын тежей біледі;
ұстамды адам Әр ісін олап, ақылмен шешеді.
Дәптермен жұмыс
Дәптерде берілген сабырлыққа, ұстамдылыққа апаратын сатыларға талдау жасап, қорытынды жасау ұсынылады.
Жүректен жүрекке
Сабақты қорытындылау мақсатында оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге жиналады. Оқушылар А.Мұхамедиярұлының:
Алтыншы қымбат нәрсе сабыр деген,
Сабырлы адам мұратын табар деген.
Әр істе сабырсыздық түбі – қорлық,
Сабырсыздық басқа бәле салар деген...
өлең жолдарын оқып, бір-біріне деген жылы тілектерін айтумен сабақты аяқтайды.
23-сабақ
Адалдық пен әділдік
Мақсаты: Оқушыларға адалдық пен әділдік туралы түсінік беру; олардың құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.
Міндеттері:
- Адами қарым-қатынастағы адалдық пен қоршаған ортадағы, өмірдегі әділдіктің орны мен маңызы туралы түсіндіру;
- Оқушылардың адалдық пен әділдікті дұрыс ұғына білу біліктіліктерін дамытуға ықпал ету;
- Оқушыларды адалдыққа, әділеттікке және шынайылыққа тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Сыныптағы бір оқушы немесе мұғалімнің өзі оқулықта берілген «Білім мен өнерді сүй, сусында» атты өлеңді мәнерлеп оқиды. әр оқушы адалдық пен әділдік туралы өз түсінігін қысқаша айтып шығады. Мұғалім адалдық пен әділдіктің адам өміріне қажетті құндылықтардың бірі екендігін өлеңдегі ой өзегіне сүйене отырып түсіндіреді.
Қ.Нақысбеков
Білім мен өнерді сүй, сусында,
Деп айтсын ел: «Осындай ер тусын да!»
Арың – адал, әділ болсаң әрқашан
Дүниенің бар бақыты уысыңда...
Түспегені абзал ғой арға дақтың,
Күйін кешпе түнде ұшар жарғанаттың.
Адал адам әрқашан – еңсесі тік,
Әділдікті ту еткін, қолғанатым.
Әңгімелесу
Сабақтың тақырыбын ашу үшін оқулықта «Ойланайық, пікірлесейік» атты айдармен берілген мына сұрақтар төңірегінде әңгіме жүргізіледі:
· Адал дос дегенді қалай түсінесіңдер?
· Әділ болуға ұмтылу адамға не үшін қажет?
· Адал болу кез келген адамның қолынан келе ме? Неліктен?
· Әділ болу оңай ма?
· Адал болудың адам өміріндегі маңыздылығын мысал арқылы түсіндіріңдер.
Мұғалім адалдықтың таза ниет, ақ көңіл, имандылық қасиеттен туындаған адам бойындағы асыл құндылықтар екендігін айтады. Әр адамның өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, оны адал ниетпен орындай алуының мәдениеттілікті көрсететіндігіне де назар аудартады. Әрқашан әділ сөйлеп, шынайы пікір білдірген адам ғана адал бола алатынын айтып, мұғалім балаларды ар-ұждан тазалығына, әділдікке шақырады. Сонымен қатар мұғалім әділдікті аттап өтетін адамға жат қылықтар жасаудың екіжүзділік, залымдық болып табылатынын да оқушылардың ойларына сала кетеді. Мұғалімнің сөзін оқушылар жалғастырады. Әр оқушы берілген сұрақтарға сәйкес адалдық пен әділдік туралы өз ойын айтады.
Мәтінмен жұмыс
Оқушылардың танымдық белсенділігі мен іскерлік әрекеттерін дамытып, олардың адалдық пен әділдік туралы түсініктерін мәтін арқылы дамытуды көздейтін бұл әдістің сабақтағы орны ерекше. «Адал бала» атты мәтінді мұғалім интонациялық кідірістерді ескере отырып, үлкен ықыласпен оқып береді. Бұл мәтінді оқушылардың өздеріне кезекпен оқытып, мазмұнын мұқият тыңдауды ұйымдастыруға да болады. Мұғалім тақырыптың мазмұнын ашатын сұрақтар арқылы оқушыларға мәтіндегі негізгі ойды таптырып, олардың құндылықты мәнін өз пікірлерімен пайымдатады. Мәтіннің соңында берілген сұрақтар оқушылардың ойларын тұжырымдауға негіз болады.
Адал бала
Корей ертегісі
· Бала неліктен алтын, күміс балталардан бас тартты?
· Оларды бірден алса, не болар еді?
· Баланың ісін адал деп айтуға бола ма? Неліктен?
· Ақсақал қабылдаған шешімді қалай бағалауға болады?
Жаңа ақпарат
Оқушылардың жауаптарын түйіндеген соң мұғалім оқулықтағы жаңа ақпаратпен сабақты жалғастырады. Сабақтың тақырыбын айқындай түсу үшін қолданылатын жаңа ақпарат оқушылардың адалдық пен әділдік туралы өзіндік көзқарастарын қалыптастыруға негіз болады. Берілген жаңа ақпаратын мұғалім өзі оқиды. Мұғалім адам қай нәрсеге болмасын адалдықпен қараса, оның барлық істерінің сәтті аяқталатынын түсіндіреді. Мұғалімнің сөзі берілген жаңа ақпаратындағы өзекті ойды нақтылай түсетіндей болуы керек.
Адамның ниеті, ойы, іс-әрекеті шындыққа негізделгенде адам өзіне де, өзгеге де адал болады.
Адал болу кез келген адамның өз қолында. Ол біздің ішкі жан дүниемізден бастау алады. Адамның көңілі таза, пейілі кең, адал, шыншыл болғанда әділдікке қол жеткізеді.
Жағдаяттарды талдау
Оқушыларға екі түрлі жағдаяттық тапсырма ұсынылады. Әр жағдаяттың шешімін талқылау барысында балалар өзін және өзгелерді бағалауға, адамдармен жағымды өзара әрекеттестік құра білуге үйренеді. Жағдаяттарды адалдықпен шеше отырып, оқушылар өтірік айтпай, ешкімді алдамай қай кезде болмасын әділ шешім қабылдай алу керектігін де түйсінетін болады.
Жағдаяттардың шешімін табыңдар.
1-жағдаят
Ажар мен Алмагүл сабақтан келе жатыр еді. Ажар жарнамадан жаңа фильмнің басталғанын көріп:
- Менің қалтамда апам «самса алып жерсің» деп берген ақша бар. Кеттік, кино көрейік, - деді.
Алмагүл:
- Үйден сұранып шыққан жоқпыз. Іздеп қалады ғой, - деп, іркіліп қалды.
- Ештеңе етпес, «мектепте болдық» деп айта саламыз...
· Ажардың ұсынысына сен қалай жауап берер едің?
2-жағдаят
Менің ең жақын досым мектепте бір баламен достасқан, ол күнделікті кешке қарай мені өзімен бірге серуендеп жүруге шақырады. Ол: «Менің анам сенімен бірге жүргенімді білсе, қарсы болмайды», - дейді. Досыма үйінде ата-анасы ұрыспауы үшін, мен бірнеше рет телефон арқылы оларға өтірік айттым. Басында мен қиналмастан оларды жасырып жүрдім, ал қазір олар мені пайдаланып жүр, ал мен күнде өтірік айтуды ұнатпайтын болдым. Мен досымнан ажырағым келмейді. Сонда менің не істеуім керек?
· Сендер баланың сұрағына қалай жауап берер едіңдер?
Дәптермен жұмыс
Мұғалім дәптерде ұсынылған жомарттық пен қайырымдылықтың өзара ұқсастығы мен айырмашылығын тауып, кестені толтыруды тапсырады.
Жүректен жүрекке
Мұғалім балалардың шеңберге тұрып, сыныптас достарымен қол ұстасып өз бойларындағы жақсы қасиеттерін таныту мақсатында және алған білімдерін қорытындылау үшін бір-біріне жүрекжарды тілектерін айтуды ұйымдастырады.
24-сабақ
Адалдық пен әділдік
Мақсаты: Оқушыларға адалдық пен әділдік туралы түсінік беру; олардың құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.
Міндеттері:
- Адами қарым-қатынастағы адалдық пен қоршаған ортадағы, өмірдегі әділдіктің орны мен маңызы туралы түсіндіру;
- Оқушылардың адалдық пен әділдікті дұрыс ұғына білу біліктіліктерін дамытуға ықпал ету;
- Оқушыларды адалдыққа, әділдікке және шынайылыққа тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Әр оқушы адалдық пен әділдік туралы өз түсінігін қысқаша айтып шығады. Мұғалім адалдық пен әділдіктің адам өміріне қажетті құндылықтардың бірі екендігін өлеңдегі ой өзегіне сүйене отырып түсіндіреді.
Мәтінмен жұмыс
«Ойланайық, пікірлесейік» айдарымен берілген екеніші оқу мәтіні сабақтың тақырыбын нақтылай түседі. Бұл мәтінді оқу арқылы оқушылар адамның ішкі дүниесінің, ойы мен ниетінің таза, адал болуы керектігіне көңіл бөледі. Төменде берілген:
1 Ұстаз шәкірттерін қалай сынады?
2. Өз іс-әрекетіңе ішіңнен қысылып, ұялған кезің болды ма? – деген екі сұраққа жауап беруде мұғалім оқушылардың ар алдындағы жауапкершіліктерін арттыруды нысана тұтады.
Ұстаздың шәкірттерін сынау
Аңыз әңгіме
Дәйексөз
Сабақ әрі қарай оқулықтағы дәйексөзді талдаумен жалғасады. Оқушылар Ш.Уәлихановтың «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген нақыл сөзін оқып, мағынасын түсіндіруге тырысады. Дәйексөз дәптерге жазылады.
Мәтінмен жұмыс
Мұғалім оқушылармен бірге М.Әлімбаевтың «Сен не істер едің?» атты әңгімесін оқып, талдау жасау арқылы олардың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына және жаман қасиеттерді болдырмауға, әр істен өздері қорытынды жасай білуді үйренуіне назар аударады.
Сен не істер едің?
М.Әлімбаевтың ізімен
Шығармашылық жұмыс
Шығармашылық жұмыс оқушыларды ізденіске жетелеп, олардың сабақта өткен тақырып аясындағы өзіндік пікірлерін ұштай түседі. «Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбында шағын әңгіме жазуда әр бала өз мүмкіндігін жүзеге асырып, толғанысқа түседі.
«Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбында шағын әңгіме жазыңдар.
Мәтінмен жұмыс
«Қаз дауысты Қазыбектің шешімі» атты аңыз әңгімені үйден оқып, мәтін мазмұнын өз сөздерімен әңгімелеп беру тапсырылады.
Қаз дауысты Қазыбектің шешімі
Аңыз әңгіме
· Қазыбек бала қандай шешім қабылдады?
· Шешімнің әділ екендігін қайдан байқауға болады?
Жүректен жүрекке
Мұғалім оқушыларды бір-бірінің қолынан ұстап, шеңбер құрып, Д.Әлімжановтің «Адалдық» өлеңімен аяқтайды.
Адалдық өміріңе керек нәрсе,
Ол да гүлдеп, нұрланар көңіл бөлсе.
Халыққа өз пайдасын тигізе алмай,
Адам боп, өзін-өзі меңгермесе.
25-сабақ
Кеңпейілділік пен жомарттық
Мақсаты: Оқушыларға жомарттық, кеңпейілділік ұғымдарының құндылығы туралы түсінік беру.
Міндеттері:
- Жомарттық пен кең пейілділіктің адам өміріндегі маңызын түсіндіру;
- Өзара жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
- Жомарттық пен кеңпейілділікке тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылармен амандасқаннан кейін сыныптағы оқушылардың көңіл күйлерін көтеріп, жағымды қарым-қатынас орнату мақсатында «Айгөлек» әнін айтуды ұсынады.
Айгөлек
Сөзі Н.Баймұхамедовтікі,
Әні Б.Байқадамовтікі
Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында.
Кемерінен шалықтап,
Асып жатқан шағында.
Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала болар ма?
Күміс кілкі көрмей ол,
Кемеліне толар ма?
Қайырмасы:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп.
Ақыл сөздің ұстасы –
Ақын болар ұрпақпыз.
Өнер, білім, еңбекке
Жақын болар ұрпақсыз.
Он саусағы майысқан,
Шебер болар ұрпақсыз.
Тұла бойы толған бір
Өнер болар ұрпақпыз.
Қайырмасы.
Мәтінмен жұмыс
Оқушыларға жомарттық, кеңпейілділік ұғымдарының құндылық ретінде мәнін ашу мақсатында оқулықтағы «Оқып үйренейік» айдарымен берілген ертегіні оқуды ұсынады. Ертегідегі «Жомарттық малмен бола ма, пейілмен бола ма?» деген патша сұрағына мұғалім көңіл бөледі. Оқушылар ертегіні түсініп оқи отырып, пейілі кең адам – қолында барын аямай, кем-кетікке барын бөліп беретін адам – жомарт адам деген ойға тоқтам жасайды және «жомарттық пейілмен болады» деген қорытындыға келеді.
Жомарттық
Қырғыз халық ертегісі
· Патша уәзірлерін қалай сынады?
· Жомарттық жасаған баланы қалай сипаттар едіңдер?
· Жомарт жасау үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
· Жомарттық малмен бола ма, жоқ пейілмен бола ма? – деген сұрақты қалай түсіндіңдер?
Жүректен жүрекке
Мұғалімнің сабақты оқушылардың бір-біріне жақсы тілек білдіруімен немесе жомарттыққа байланысты өз ойларын айтуымен қорытындылауына болады.
26-сабақ
Кеңпейілділік пен жомарттық
Мақсаты: Оқушыларға жомарттық, кеңпейілділік ұғымдарының құндылығы туралы түсінік беру.
Міндеттері:
- Жомарттық пен кең пейілділіктің адам өміріндегі маңызын түсіндіру;
- Өзара жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
- Жомарттық пен кеңпейілділікке тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылармен амандасқаннан кейін сыныптағы оқушылардың көңіл күйлерін көтеріп, жағымды қарым-қатынас орнату мақсатында бір-біріне кеңпейілділік, адамның ойының тазалығы туралы тілек айтуы үшін шаттық шеңберін ұйымдастырады.
Әңгімелесу
Оқулықта «Ойланайық, пікірлесейік» айдарымен берілген сұрақтар оқушының «пейіл», «кеңпейілділік» деген ұғымдардың мағынасын айқындай түсуіне және жомарттық пен кеңпейілділіктің бір-бірімен байланысты екенін түсінуіне көмектеседі.
· Кеңпейілділік деген ұғымды қалай түсінесіңдер?
· Қандай адамды кең пейілді деп айтамыз? Неліктен?
· Айналадағы адамдарға риясыз көмек көрсету деген не?
· Өздеріңнің қамқорлық танытқан кездерің болды ма?
Мұғалім әңгімелесу барысында оқушыларға адамдардың жасаған жақсылықтарын міндет етпеуі қажеттігін түсіндіреді және оқушылардың өздерінің қамқорлық жасаған кездерін ортаға салуына көңіл бөледі.
Дәйексөз
Оқушылардың әңгімелесуден алған түсініктері дәйексөзді талдау барысында түйінделеді.
«Егер сен жомарт адамдар сияқты халқыңа қызмет етуді ұнатсаң, әуелі жомарттықтың не екенін және оның қайдан шығатынын білгін».
«Кабуснама»
Мұғалім халқына қызмет етуді ұнатқан адамның жаны жомарт, пейілі қашанда ашық болатынын түсіндіреді.
Жаңа ақпарат
Оқулықта берілген жаңа ақпаратпен танысу барысында, оқушылар сабақтан алған білімдерін тиянақтай түседі.
Адамның өзге адамдарға шын пейілімен жақсылық жасауынан жомарттықтты байқауға болады. Адам бойындағы сезімталдық, қамқорлық қасиеттер риясыз көңілмен өзінде барымен бөлісуге жетелейді, зәру адамдарға қол ұшын беру – кеңпейілділіктің белгісі.
Жаны жомарт, қолы ашық, кең пейілді адам өз ортасында сыйласымды, жарасымды өмір сүреді.
Мұғалім жаңа ақпараттағы «Жаны жомарт, қолы ашық, кең пейілді адам өз ортасында сыйласымды, жарасымды өмір сүреді» деген сөздерді оқушылардың жете түсінуіне көңіл бөліп, әр адамның жақсы өмір сүруі үшін де осы қасиеттердің қажет екеніне назар аудартады.
Тапсырма
Оқулықтағы тапсырма оқушыларға қайырымдылық және жомарт дағдыларын қалыптастыру мақсатында берілген. Ш.Құдайбердиевтің «Атымтай жомарт» әңгімесіндегі Атымтай – жомарт, ал мәтіндегі Атымтайға кездескен адам – «Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төменге жәрдем қылып жүрген қайырымды адам».
Мұғалім оқушылардың жомарттық пен қайырымдылық ұғымының аражігін ажыратуы үшін екі адамға да сипаттама беруіне көңіл бөледі. Оқушылар «Қайырымдылық – адам бойындағы мейірім-шапағаттан тұратын ізгілік» деген тұжырым жасайды.
Атымтай жомарт
Ш.Құдайбердиев
Түйіндеме
Оқулықта «Назар аударыңыз» айдарымен берілген мағлұматтар оқушыларға жомарттыққа тән қасиеттерді дарыта білуге және жомарт болу үшін адамда мал-мүлік, байлық болуы шарт емес екендігін түсінуге көмектеседі.
Дәптермен жұмыс
Сабақтан түйген ойларын бекіту мақсатында дәптерде берілген 1,2-тапсырмаларды орындау ұсынылады.
Жүректен жүрекке
Мұғалім оқушыларды бір-бірінің қолынан ұстатып, шеңбер құрғызып, Қабдыкәрім Ыдырысовтың «Ризамыз» әнімен аяқтауға шақырады.
Ризамыз саған біз
Қ.Ыдырысов
Күнде шат күліп күн –
Өміріміз жайдары.
Мәңгілік бақыттың
Өзіміз – аймағы.
Күлеміз, ойнаймыз,
Демалып алаңсыз.
27-сабақ
Табиғат тылсымы
Мақсаты: Оқушылардың «табиғат» құндылығы туралы түсінігін дамыту.
Міндеттері:
Табиғаттың адам өміріндегі маңызын түсіндіру;
Баланың табиғатқа аялы қарым-қатынасын дамыту;
Табиғатты сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: сурет салатын қағаз, бояу қарындаштары, қалам.
Шаттық шеңбері
Мұғалім оқушылардың табиғатқа сүйіспеншілігін дамыта түсу мақсатында оқулықта берілген А.Хангелдиннің табиғат туралы өлең жолдарын қайталай отырып, шаттық шеңберін ұйымдастырады.
А.Хангелдин
Табиғат, сен – тіршілік, тұнып тұрған:
сен – Күнсің, көтерілген күліп қырдан.
сен – көлсің,
сен – ормансың,
сен – бұлбұлсың.
Адамға сұлулықты шын ұқтырған.
Әңгімелесу
Оқулықта «Ойланайық, пікірлесейік» айдарымен берілген сұрақтарды талдау барысында табиғаттың адам өміріндегі маңызына оқушылар назарын аудартады:
· Табиғат тылсымы дегенді қалай түсінесіңдер?
· Табиғат адамды қандай сезімге бөлейді?
· Табиғат сұлулығын қалай сезінуге болады?
· Табиғат аясында өздеріңді қалай сезінесіңдер?
· Табиғаттың қандай көріністері сендерге ерекше әсер етті? Неліктен?
· Табиғаттың қызықты да құпия сырлары туралы не білесіңдер?
Сұрақтарды талдау барысында оқушылар табиғат адамға шаттық пен шабыт беретін орта екенін, табиғат аясында демалған адам өзін қашанда жақсы сезінетінін, өздері оқып, танысқан табиғаттың қызықты құпия сырларын ортаға сала отырып жеткізеді. Адам табиғаттан сұлулықты сезінеді, әдемілікті өз бойына сіңіреді, кеңдік пен талғамды үлгі етеді. Табиғат сұлулығын тамсана қараған, жан-тәнімен сүйсіне білген адам ғана табиғаттың осындай жақсы жақтарын көріп, сезе алады. Табиғат адам жанына жомарттық, қиялдарына ұшқырлық, сезімдеріне асқақтық, көңілдеріне мөлдірлік сыйлайтын орта екенін айтып, жеткізеді.
Жаңа ақпарат
Оқушылардың бұрынғы табиғат туралы білімдерін толықтыру және табиғатқа қамқорлық іскерліктерін дамыту мақсатында мұғалім оқулықтағы берілген жаңа ақпаратпен таныстырады.
«Адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты.
Адам табиғатты аялап, қамқорлап, туған жерге сүйіспеншілікпен қарауы тиіс.
Адам табиғат сұлулығынан, әдемілігінен, әсемдігінен бойына қуат, көңіліне шуақ алып, аса зор іңкәрлік сезімге бөленеді».
Оқушылар жаңа ақпаратты оқи отырып, «Әр адам табиғат қамқоршысы болуы қажет», «Табиғаттағы жасыл желектер мен ну ормандарды, мөлдір сулар мен қойнауы байлыққа толы жерімізді қорғау, аялау әр адамның борышы» деген қорытынды жасайды.
Мәтінмен жұмыс
Мұғалім оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен аялы қарым-қатынасынан арттыру мақсатында оқулықтағы «Бесағаш бұлағы» деген мәтінді оқуды ұсынады. Жақсылыққа жаны құмар, табиғатпен етене жақын атасы мен баласының табиғаьқа жасаған қамқорлығы арқасында бүкіл ауылға сыйлы болғанына оқиғадан қанық болған оқушылар табиғат пен адам қашанда бірге екенін, табиғатқа қамқорлық барша жанға деген қамқорлық екенін түсінеді. Әсіресе, мәтіндегі «жер қойны – құт, ол қартаймайды», «Ата мұрасы балаға мың жылдық» «Су жарықтық – жерге нәр, табиғатқа әр» деген нақыл сөздердің мағынасын аша отырып, мұғалім табиғаттың тынысы болған судың, жердің адам өмірінде зор маңызы барын түсіндіреді. Осы табиғат құпиясын түсінуде адамдардың қашанда қамқор болуы, аялауы қажет екенін сезіндіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |