Сабақ жоспарлары 1-сабақ. Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы қылқалам


-сабақ. Мүсіндеу Тақырыбы: Біздің ғарышкерлер



бет8/8
Дата01.04.2017
өлшемі1,51 Mb.
#13189
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8

103-сабақ.

Мүсіндеу Тақырыбы: Біздің ғарышкерлер.

Сабақтың мақсаты: адамның бейнесін мүсіндеуді жетілдіру ғарышкерлерді мүсіндеудің ең оңай, тиімді әдіс-тәсілдерін көрсету: ұзынша келген цилиндр тәрізді пішіннен созып, басын жасауға қажетті бөлікті шығарып алу аяқтарын жасау үшін төменгі бөлігін ортасына дейін таяқшамен кесіп, бөліп алу, тегістеу.

Қажетті құралдар: тұзды қамыр немесе түрлі түсті ермексаз, стек, түйреуіштер, жіптер, иллюстрациялар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалармен бірге ғарышкерлердің суреттерін көреді.

Жануарлар туралы - иттер, тиіндер, маймылдар космоста болған тышқандар туралы айтады.

- Бүгін біз ұшып жүрген ғарышкерлерді - комбинезонмен, қолғаппен, бәтеңкесімен мүсіндейміз. Ғарышкер қандай қозғалыс жасап жүретінін. қалай ұшатынын ойланыңдар.

Тәрбиеші мүсіндеудің түсіндіреді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балаларға мүсіндеудің ұсақ бөлшектерің: құлаққа салып тыңдағыш, антенна, жеңдері, қолдарын жеке немесе қозғалмалы етіп, аяқ киімін, аяқтарын жеңіл қозғалатындай, ауа толтырылған баллон т.б. ұсыну.

Балалардың жұмысын талдау

104-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Қазақстанның жануарлары. Түйе.

Сабақтың мақсаты. Қазақстанның жануарлар әлемімен таныстыруды жалғастыру, "жырту" немесе "жұлмалап кию" тәсілімен мозаика тәрізді жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру, ұқыпты жұмыс істей білуге және дәл, нақты іс-әрекет жасай білуге тәрбиелеу

Қажетті құралдар: Түрлі түсті қағаз, желім, қоңыр түсті қағаз, пинцет.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші балалардан Қазақстанның жерінде қандай жануарлар төмендегі сөздерге сәйкес келетінін сұрайды.

Балалармен бірге бұл жануарға сипаттама береді. Түйе туралы бірнеше мақал, жаңылтпаштар айтып, талдау жасайды.

Жапсырудың "жұлмалап кию" әдісімен балаларға түйені салуды ұсыну.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

"Жырту" әдісінің техникасына назар аудару. Дайындалған кесектері (қоңыр түс, түрлі түсті) жеке қою қажет. Фондағы түйенің силуэтіне кесілген қағаздың қиындыларын желіммен жапсыру. Мұны қағаздың қиындыларын үлкен инемен немесе пинцеттің көмегімен істеуге болады.

Балалардың жұмысын талдау

105-сабақ.

Сурет салу. Тақырыбы: Хризантема.

Сабақтың мақсаты: Қылқаламмен симметрия салуда қарапайым қозғалысты пакты бере білу, түстерді сезіну және араластыра білу дағдыларын жетілдіру. Көз мөлшерін дамыту, эстетикалық сезімдерін қалыптастыру.

Қажетті құралдар: хризантеманың суреті, бояулар, қылқалам, қағаз.

Сабақтың барысы:

Балаларға хризантеманың суретін көрсету. Бұл гүлдің шөптерден айырмашылығы - оның өте өткір тікенектері бар және жапырағының көлемі күрделі екенін түсіндіру. Одан кейін тәрбиеші хризантеманың суретін салу технологиясын түсіндіреді.

1. Гүлдің суретін саламыз, ақ түске аздаған қызыл бояу қосамыз. қандай түс шықты? Күлгін түс. Жоғары жақ шетінен қағазға нүкте қоямыз - ол гүлдің ортасы.

2. Шалшықтың және хризантеманың сәл иіліп тұрған сабағын саламыз.

3. Көптеген кішкентай шөптер салып, оларды бір-бірімен қосамыз. Бұл гүлдің жапырақтары болады.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Балаларға тағы бір үлкен гүлдің суретін салғызып жартысын жапырақтарын өздеріне салғызу керек.

Балалардың жұмысын талдау



106-сабақ.

Сурет. көрінбейтін суреттер. (Фото - көшірме)

Сабақтың мақсаты: Сурет салудың фото - көшірме техникасымен таныстыру, сурет салуға қызығушылығын арттыру ой-қиялын дамыту.

Қажетті құралдар: балауыз шам (свеча), қағаз, акварель бояулар, жалпақ қылқалам.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші: - "Фокус" көргілерін келеме? - деп сұрайды. Ол қағазды алып, оны бояумен бояй бастайды. Ал қағазда "бейнелер" пайда болады. Содан кейін оның құпиясын ашу үшін балаларға кішкентай балауыз шам бөліктерін таратып береді де, езі онымен қағазға қалай сурет салуға болатынын көрсетеді. Балалар ез ойларынан ненің суретін салғысы келсе, соны салады. Ол алғашқыда - гүл, саңырауқұлақ, күн т.б сияқты қарапайым суреттер болуы мүмкін. Енді, осы бейнелерді көру үшін парақ қағазды женіл қозғалтып, оның үстінен бояумен тұтас тегіс етіп бояу ұсынылады. Бастапқыда бір-екі түс қолданылса, бұл әдісті меңгере бастағанда бірнеше заттардың бейнесін салуға болады. Балауыз шаммен салынған суреттер үстіне бояу жаққанда, ол суреттер анық көрінетін болады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалардың жұмыстарын талдау

107-сабақ.

Мүсіндеу Тақырыбы: Жұлдызқұрт.

Сабақтың мақсаты: Балаларға модульдық мүсіндеудің дағдыларын түсіндіру. Бейнеден бірдей бірнеше модульдық (элементтер) бөлшектер жасауды үйрету.

Қажетті құралдар: ермексаз, таяқша.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші жұмбақ жасырады.

Денесі буылтық,

Сырты жасыл түк.

(жұлдызқұрт)

Жұмбақ шешуін балалар тапқан соң тәрбиеші жұлдызқұртты мүсіндеудің жолдарын айтып, көрсетіп, түсіндіреді.

Тәрбиеші жұлдызқұртты мүсіндейтінін айтып, мүсіндеудің технологиясын түсіндіреді. Мүсінделген жұлдызқұртты көрсетіп, оның домалақ ермексаздан жасалатынын айтып, оған кесілген бөлігін орналастырады. Ермексазды бөліп, оны алақанға салып, кішкентай домалақтар жасайды.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Балалардың жұмысын талдау



Саусақпен ойнайын "Қырықаяқ" ойыны.

Екі қырықаяқ жолмен қашып келеді. Бәрі қашып кетті. Бәрі бір-бірін қуып жетті. Осылай бір-бірін құшақтады. Біз оларды қуып жеттік.

Қолдың саусақтарын жүргізіп, бір - бірінің иықтарынан ұстап, "құлып" жасайды.

108-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: жұмбақтың шешуін тап.

Сабақтың мақсаты: Бейнелеу іс-әрекетінің барлық түрлерін, сондай-ақ көркемсөз, музыка әуенін үйлестіре білуге жаттықтыру. Өз ойларынан жұмысты орындауда мазмұн бере білу дағдыларын қалыптастырып, бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын пайдалана білуге үйрету.

Қажетті құралдар: Түрлі түсті қағаздар, желім, қайшы, қарындаштар, жыл мезгілдері туралы жұмбақтар.

Сабақтың барысы: Сабақ басталғанда тәрбиеші әдеби жұмбақтарды шешуді ұсынады. Балаларға таныс шығармалардан үзінді оқиды. Мысалы: К.Чуковский "Kip қоймас", "Ұрланған күн". Балалар сұрақтарға жауап береді. Жыл мезгілдері туралы жұмбақ жасырады.

Балалар жұмбақтардың жауабын айта отырып, оны түрлі түсті қағаздардан қиып жапсырады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау



109-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Кешкі қала.

Сабақтың мақсаты. Балаларды сурет салудың "тырнау" (гратаж) техникасымен таныстыру өз еріктерімен қағазды сурет салуға дайындау (балауызды тегістеп жағу және қара тушпен оны бояу).

Қажетті құралдар. Бояулар, балауыз, сұйық сабын немесе қою шампунь, қара тушь, ұшы үшкір таяқшалар.

Сабақтың барысы: Тақырып екі сабаққа жоспарланады. Бірінші сабақта - қағазды сурет салуға дайындау. Екінші сабақ - сурет салу.

Тәрбиеші балаларға алдын-ала кешкі қала көрінісіне бақылау жасауды тапсырып, олардың алған әсерлерін бөлісіп, кешкі қала көрінісінің фотосуреттерін көрсетіп, онда қандай бояу түстері басым болатынына назар аударады.

- Балалар, біз кешкі қала көрінісін ерекше бұрын қолданбаған әдіс-тәсілдермен саламыз. Ол үшін біз "сиқырлы" қағаз дайындап алуымыз керек. Бүгін біз бәріміз сиқыршылар боламыз. Салатын суретіміз кешкі қала көрінісі болғандықтан сурет салатын қағазымыз қара түсті болады. Біз мына "сиқырлы таяқшалармен" сурет саламыз, - деп тәрбиеші көрсетіп, таяқшаның үшкір ұшымен қара түсті фонды "тырнап", "қырып", сурет салып көрсетеді.

- Сурет салуды мұндай тәсілін "тырнау" яғни "гратаж" арқылы сурет салу деп атайды екен. Бұл сөз француз тілінен орыс тіліне аударғанда «скрести» - қазақша - тырнау болып айтылады. Байқасаңдар, сурет салғанда қағаздың үстіңгі бетін сиқырлы таяқшалардың көмегімен тырнап, сурет саламыз.

Алдымен бүгін біз қағазды дайындап аламыз.

Жұмыстың орындалу реті.

1. Қағаз бетіне әр жерге ашық түсті бояулармен дақ түсіріп аламыз.

2. Қағаз кепкен соң оның бетін тұтас май шаммен тегістеп бояп шығамыз, мұнда өте ұқыпты болу талап етіледі.

3. Шампуньді қара тушька құйып алып, онымен қағаздың бетін тұтас, тегіс бояп аламыз.

4. Қағазды кептіреміз. Біздің қағазымыз кепкен соң дайын болды. Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау

110-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Кешкі қала. "Тырнау" (гратаж).

Сабақтың мақсаты: «Тырнау» техникасын меңгеруді жалғастыру кешкі қала көрінісінің суретін сала білуге үйрету өзінің ойын қағаз бетіне түсіре білуін бекіту, бейнелерді қағаз бетіне композиция құрап орналастыруға жаттықтыру.

Қажетті құралдар: Алдын-ала дайындалған қағаздар, ұшы үшкір таяқшалар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалармен кешкі қала көрінісін әңгімелеуден бастайды.

Қаланын түнгі көрінісінің күндізгі көрінісінен айырмашылығы неде? Түнгі қала көрінісін қандай бояулармен беруге болады?

Тәрбиеші қала көрінісін салуда парақ қағаздың бетін толық пайдалану қажеттігін ескертеді. Балалар өз беттерінше мазмұнды ойластырып, анықтайды және не салу керек, оны қай жерге, қалай орналастыру керектігі нақтылап алады.

- Ал енді барлықтарың қолдарыңа сиқырлы таяқшаларыңды алып, сурет салуды бастаңдар. Балалар мұндай әдіспен сурет салғанда композицияны алдын-ала ойластырып, қай жерге не салуды жоспарлап алады. Содан кейін ғана барып бейнелерді таяқшамен қырып, бастауларына болады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау

Тәрбиеші барлық балалар жұмыстарын тақтаға ілгенде, олар бірлесіп кешкі қала көрінісін құрайды. Егер балаларға мұндай әдіс-тәсілдермен сурет салу ұнаса, бос уақыттарында төмендегідей тақырыптарда сурет салу ұсынылады:

- "түнгі аспан";- "мерекелік от шашу";

-"жер асты патшалығы";

- "түнгі көбелек".



111-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Бал кеші.

Сабақтың мақсаты: Әрқилы материалдарды сәйкестендіруге үйрету мақсатқа жету жолдары туралы балалардың ұғымын кенейту.

Қажетті құралдар: әр түрлі формадағы пластикалық құтылар, әр қилы материалдар.

Сабақтың мазмұны: Педагог балалармен кеңесе отырып, бал кешін қалай ұйымдастыру керектігін шешеді. Алдымен сыртқы қағазынан тазартылған әр түрлі мөлшердегі және формадағы пластикалық құтыларды аламыз. Бұлар балға қатысушылар болып есептелінеді. Педагог пластикалық колбасалардан мұрынды, көзді, ерінді, ал патшаға - мұрт пен сақалды жасауды үйретеді. Ал көйлектер үшін қолда бар материалдарды пайдалануға болады. Мәселен, қағаз, конфеттің қағаздары, жіптер, моншақтар, қауырсындар. Костюмдердің барлық бөлшектері пластикалық құтыларға жапсырылады.

Өздік жұмыс. Балаларға мақсатқа жету үшін кез келген материалдарды сәйкестендіруге көмек көрсету.

Балалардың жұмысын талдау



112-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Қазақстандағы гүлдер (қорытынды сабақ).

Сабақтың мақсаты. Балаларға Қазақстан табиғаты туралы кеңірек түсінік бере отырып, Отанын сүюге тәрбиелеу. Эстетикалық сезімдерін дамыту.

Қажетті құралдар: түсті қағаз, қайшы, тілім.

Сабақтың барысы: Сабақты мақалмен бастауға болады.

Туған елдің әсемдігіне назар аударту. Балалармен Қазақстандағы өсетін гүлдер туралы әңгімелесу. Гүлдер туралы ертегі, әңгіме тақпақ айту.

Жыл бойы үйренген гүлдерді өз шеберліктерімен, білімдерімен жапсыру ұсынылады. Балалар қызғалдақты жапсырар кезде оның ертеде Орта Азияда гүл өсірудің символы болғанын айтып түсіндіру. Ол ою-өрнек композицияларында көптен кездеседі. Жапсырудың сипаты қуанышты және көңілді болу керек.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Балалардың жұмысын талдау

"Күнді алаңқайда" атты көрме ұйымдастырып, жақсы орындалған жұмысты мақтау.



113-сабақ.

Сурет салу Тақырыбы: Раушангүл.

Сабақтың мақсаты: Балалардың эстетикалық сезімдерін дамыта отырып, раушангүл гүлін салу әдісімен таныстыру.

Қажетті құралдар: қағаз, қылқалам, бояу.

Сабақтың барысы: Раушангүлдің суретін көрсетіп, қылқаламмен гүлдің бәрін салуға болатынын айту.

Тәрбиеші гүлдің суретін салу әдісін түсіндіреді:

1. Қағаздың жоғары жағында - гүл, кішкене төменірек - гүлдің қауызын, оған жақын - жапырақтарды, бұтағын салып, бұлардың бәрін қосады.

2. Қызыл түспен кішкентай нүкте қоямыз - осы нүктеден қылқалам дөңгелене айналады, жеңіл билеп жүргендей қозғалады, сызықтар бірдей болмас үшін қалың, жұқа етіп сызамыз.

3. Осы бояумен екі үлкен жапырақ саламыз. Қылқаламды қағазға жағамыз, айналдырамыз, жаямыз.

4. Қылқаламды жуып осы әдіспен бірнеше жасыл жапырақтар саламыз. Бұтаққа әкеліп қосамыз.

Балалардың өз бетінше жұмысы. Балаларға гүлдің қауызын ұсыну. Балалардың жұмысын талдау

114-сабақ.

Сурет салу Тақырыбы: Теңіз патшалығы.

Сабақтың мақсаты. Сурет салуда заттардың пішінін беруде ұсақ бөлшектері ғана емес, олардың сипаты мен сапасына сәйкес ерекшеліктерін де бере білуге жаттықтыру.

Қажетті құралдар: акварель бояулар, қылқалам, қағаз, қара түсті маркер.

Сабақтың барысы:

- Балалар, бір түсті екінші түске құйып араластырып жаттығу жасаймыз. Кез-келген екі бояумен қағазға дақ түсірін алып, оны жағып, олар кеппей тұрып екеуін бір-біріне қылқаламмен араластырып қосамыз. Екі түс бір-біріне үндесіп араласып кетуі керек.

- Кәне, теңіздің тұңғиық түбіне қарап көрейікші, онда теңіз патшалығының тұрғындарын көреміз. Қағаздың ылғалды суланған бөлігіне көк, жасыл, көгілдір түсті бояулармен дақ түсіреміз де оны бір-біріне араластыра жағу керек. Бояулар араласа келе теңіздің бір бөлшегін көз алдыңа әкеледі.

Бояу кепкен кезде қара фломастермен немесе маркермен сызу қажет.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Түстерді қосып араластыра білу әдісін бақылау

Балалардың жұмысын талдау

115-сабақ.

Мүсіндеу Тақырыбы: Жарқ-жұрқ еткен балықтар.

Сабақтың мақсаты: Мүсіндеуде рельефтік мүсіндеумен таныстыра отырып, балықтардың әр түрлі көлемдегі түрлерін жасау әдісімен таныстыру.

Қажетті құралдар: Түрлі түсті ермексаз немесе тұзбен иленген қамыр, бояулар (глина), стек, керамикалық плитка.

Сабақтың барысы: Сабақты кітаптағы немесе аквариумдағы тірі балықты көруден бастауға болады. A.C. Пушкиннің "Балықшы мен алтын балық" ертегісін еске түсіруге болады. Аквариумнан көре отырып, әдемі балықтар мүсіндейді. Балаларға қандай әдістерді қолдануға болатынын айту.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Әшекейлеудің әр түрін қолдана отырып, ермексаздын бірнеше түстерін пайдаланып, мүсіндердің күрделі оюларын салу. Балалардың жұмысын талдау

116-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Орманда. (ұжымдық жұмыс).

Сабақтың мақсаты: Натураға қарап қиып жапсыру және заттарды көргендері бойынша қиюға үйрету. (ағаштар, саңырауқұлақтар т.б). Үлкен жолақ қағазға бейнелерді дұрыс орналастыра білу дағдыларын бекіту қағаз бетін толық пайдалануды, заттардың пішіні жеке бөліктерін орнатуды және оларды қиюға керек қағазды анықтауды үйрету

Қажетті құралдар: түрлі түсті қағаздар, желім, қайшы, үлкен көлемдегі қағаз, қарындаш, фломастер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалардан орман жайында не білетіндерін сұрайды. Сурет көрсетіп әңгімелетеді.

- Орманды қорғайтын, күтіп-баптайтын адамдарды орманшы деп атайды. Соңғы жылдарда ормандар көп өртенді, оны сендер теледидардан көрген боларсыңдар. Біз бүгін елімізде қай жерде өрт болып, орман ағаштары жанып кеткен аймақтағы орманшыларға көмек көрсетейік.

Ол үшін балалар жұмыстарды бөлісіп алады. Бірнеше бала ағаштардың бір түрін, екіншілері - шыршаларды, үшіншілері - саңырауқұлақтарды, гүлдерді т.б. Тәрбиеші балалар жұмыстарына басшылық жасайды. Сондай-ақ ағаштарды қиюда олардың құрылысының әр түрлі екенін, ерекшеліктеріне көңіл бөлу керектігін ескертеді. Ағаштардың әр түрлі үлгілерін дайындап қоюға болады.

Технологиялық мәлімет.

1. Қағазды бүктеп алып, оған ағаштың суретін сызып салады.

2. Бүктеу сызығынан ағаштың биіктігін белгілеп алады.

3. Ағаштың діңі мен желеңін анықтап алады.

4.Ағаштың ерекшеліктерін нақты бере білуге талаптандырады.

5. Жасыл түсті қағаздың бірнеше реңктерін пайдалануға бағыт береді.

Осындай әдіс-тәсілдермен саңырауқұлақтарды гүлдерді бейнелеуге болады. Жасыл жолақ қағаздан шөпті қиып жапсырады. Ұжымдық жұмыс болғандықтан басқа да күн, бұлттар, кұстар, жолдар т.б мазмұн бере толықтыруға ұсыныс жасалады. Ен маңыздысы қағаз бетін тұтас пайдалана білу түстерді дұрыс үйлестіре қолдану сондай-ақ заттарды үлкен қағазға композиция жасап орналастыра білуге баса назар аударады. Барлық бөліктері дайын болғаннан кейін ғана композиция құруға бағыт беріледі. Негізгі фонға дайындалған жеке бөліктердің бәрін қойып, олардың түсіне, пішініне, қатынасына сәйкес орналастырып қойып алады. Әдемі әрі әсерлі болу үшін заттардың орындарын ауыстырып қойып көреді. Композиция мазмұны жақсы құрастырылғаннан соң ғана оны қарындашпен белгілеп алады, содан кейін ғана желімдеуге болады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балаларды көңілдендіріп, іс-әрекетке қызығушылықтарын арттырып, ынта-ықыластарын аударып отыру қажет. Қағазды үнемді пайдалануды, қайшымен ұқыпты жұмыс істеуді ескерту. Әр бала ұжымдық жұмыстың еңбек нәтижесіне жетуде өз үлесін қосуын қадағалау.

Балалар жұмыстарын талдау

Тәрбиеші балалар жұмыстарын қорытындылай келе: - сендерге барлық орманшылар рақмет айтатын болды, қандай жақсы жасыл желеңді орманды бейнеледіңдер, - деп мадақтайды. Орманды қорғау қамқорлық көрсету керек екенін, "ағаштың бұтағын сындырма", "көк шөпті жұлма" т.б тыйым сөздермен байланыстыра сабақты аяқтайды.



117-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Бозқараған гүлінің бұтағы. (сирень)

Сабақтың мақсаты: Қылқаламды тік бағытта қолдану арқылы сурет

салу техникасымен таныстыру. Бозқараған гүлінің ерекшелігін сала білуге баулу. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру



Қажетті құралдар: ақ қағаз, қылқалам, су, бояулар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші бөлмеге ыдысқа салынған бозқараған гүлін әкеліп, оны қарап, иіскеп көруіне ұсыныс жасайды, оның, иісі хош иісті барлық бөлмеге жайылып тұр.

- Балалар, кәне ойланып көріңдерші, осы бозқараған гүлін көргенде қандай сөздер айтуға болады? (нәзік, хош иісті, көгілдір түсті т.б).

- Міне, дұрыс айттыңдар біздің салатын гүліміз де дәл өздерің айтқанға сәйкес болады. Суретті салғанда оның хош иісі сезіліп тұратындай болсын. Ол үшін біз бозқарағанның гүлінің түсіне сәйкес бояу түстерін таңдап аламыз.

Күлгін (сиреновый) немесе көгілдір түстер таңдалады. Гүл шоғына қарасаңдар күлгін түстін бірнеше реңктері: қою көк, көгілдір, ашық көк, көкшіл т.б. Енді, палитраны алып күлгін тусті бояуды сумен араластырамыз, оның түсі өзгереді.

Содан кейін тәрбиеші негізгі гүлдін бұтағын қалай салу керектігін көрсетеді. Бұтақтарды салып болған қысқа бұтақтардың қасына қылқаламды күлгін түсті бояуға батырып алып, оны тік бағытта қатты баспай, тез-тез бірнеше рет бірінің жанына бірін тигізеді, сонда бозқараған гүлі әдемі, ерекшелігі нақты көрінетін болады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Тәрбиеші балалар жұмысқа кіріскенде қылқаламды қағаз бетіне тік бағыттай отырып ете қатты баспай кезек-кезек дұрыс қимыл қозғалыспен қайталауды қадағалайды.

Балалар жұмыстарын талдау



118-сабақ.

Сурет салу Тақырыбы: Қазақстандағы жануарлар. Қоян.

Сабақтың мақсаты. Қазақстанның жануарлар әлемімен таныстыруды жалғастыру, "жапырақ" тәрізді бейнеге келтіру әдіс-тәсілін пайдаланып, қоянның суретін сала білуге үйрету бейнелі ойлауын, қиялын дамыту.

Қажетті құралдар: қарындаш, гуашь, қылқалам, қағаз.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші жұмбақ жасырады.

Қыста - ақ

Жазда - сүр.

(қоян)


Тәрбиеші балаларға қоянның дене бөліктері, олардың көлемі жайында сурет көрсете отырып әңгімелейді. Дәптердегі нүктелерді қосатын жаттығуларды орындап, қоянның суретін бояйды. Педагог оның суретін көрсетеді.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Балаларға бұрыннан таныс "жапырақ" тәсілінің техникасының орындалуын қадағалау.

Балалардың жұмысын талдау

Балалар салған қоянның суреттеріне назар аударып, сипаттама беру.

119-сабақ.

Мүсіндеу. Тақырыбы: Ермексаздан жасалған қойылым. (көрініс)

Сабақтың мақсаты: Балалардың мазмұнды мүсіндеуге деген қызығушылығын арттыру мазмұнды өз еркімен ойлап, оны өздігінен құрастыра білу дағдысын қалыптастыру кейіпкерлердің ерекше сипатын көрсете білуді үйрету.

Қажетті құралдар: ермексаз, стек, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы: Алдын ала И.А. Крыловтың "Квартетімен" таныстыру. Балалардың назарын батырлардың мінезіне, олардың түр-түсіне аудару. Сабақты әңгімеден бастауға болады.

- Мысал дегеніміз не?

- Қандай мысалдарды білесіңдер?

- Мысал спектакльге ұқсай ма?

- қандай жануарлар музыкант болғылары келеді? Олардың мінездері туралы не айтуға болады?

Жауаптар тыңдалғаннан кейін тәрбиеші балаларға И.А.Крыловтың "квартет" мысалы бойынша ерекше ермексазды спектакль дайындап, кейіпкерлерді мүсіндеп, қойылымды ата-аналарға көрсетуді ұсынады.

Жұмыстың мөлшері балалардың қызығушылықтары мен қабілеттеріне қарай бөлінеді. Тәрбиеші мүсіннің масштабын анықтап алуға кеңес береді.

Кейіпкерлер: Тентек Маймыл, Есек, Ешкі, Маймақ Мишка, Бұлбұл.

Музыкалық аспаптар: екі скрипка, виолончель, қыл керілген шыбығымен альт. Балалардың қалауынша мысалда аталмаған бақа, қоян, кірпі, кесіртке және басқа да жануарларды мүсіндеуге болады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалардың жұмысын талдау

120-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Таңғы шапақ

Сабақтың мақсаты: Бірнеше бөліктен туратын заттарды жапсыра білу дағдыларын қалыптастыру. Мазмұнды композиция құра білу көз мөлшерін дамыту, затты қағаз бетіне дұрыс орналастыра білуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар. Түрлі түсті қағаздар, қайшы, қарындаш, желім, суреттер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші өлең оқыды.

- Көркем шығарма жайында әңгімелесу, мазмұнын сұрау? Неге ұнады?

- Аталған шығарманың сипатын айту.

- Сендер таңертең тұрғанда күн сәулесі түсіп тұрғанын жақсы көресіңдер ме? Педагог балаларға:

- Келіңдер, балалар, біз жапсыру арқылы таңғы шапақтың барлық қуанышын көрсетейік. Балаларға И.Шишкиннің "Қарағайлы ормандағы таң" картинасының көшірмесін көрсетуге болады. Сонымен бірге міндетті түрде жапсыруда қолданылатын жылы түстер туралы айтып өткен дұрыс. Балалардан олар жапсыруда нені бейнелегісі келгенін сұраған дұрыс.

Альбомнан осы тақырыпқа арналған жапсыруларды қарастырған жөн. Заттың қандай бөлшектерден: үй, шыршалар, күннен тұратынын таңдау. Жапсыруды қалай дайындауға болады? Педагог фланелеграфта заттарды орналастыру мүмкіндігін қарастыруды көрсетеді.

Балалардың өздік жұмысы.

Композицияны құруда қағаз бетіне заттарды дұрыс орналастыру дағдысын дамытуды есте сақтау. Алдымен бала формаларды орналастыру қажет, содан кейін басқа да нұсқаларын қарастырып барып желімдеген дұрыс.

Балалардың жұмысын талдау

121-сабақ.

Сурет салу Тақырыбы: Жайлау

Сабақтың мақсаты: Жайлаудың табиғатын сурет салу барысында бере білу дағдысын жетілдіру сурет салу барысында әртүрлі әдіс-тәсілдерін пайдалану.

Қажетті құралдар: бояу, гуашь, акварель, қарындаштар, борлар, қылқалам.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші жайлау туралы өлең оқиды.

Тәрбиеші балаларға жайлаудағы табиғатты (тауда, жазықты) киіз үйді, жануарларды (жылқы, қой) көрсетеді. Олардың орналасуын: бір зат неғұрлым алыс болса, ол кішкентай сияқты болып көрінеді. Әрі қарай тәрбиеші таулардың биік, одан төмен киіз үй, адамдар, ең төмендегі сызықта жануарлар жүретінін түсіндіреді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Әр түрлі материалдар таңдап алуды ұсынады.

Балалардың жұмысын талдау



122-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Ауыл (ұжымдық жұмыс).

Сабақтың мақсаты: Балалардың ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын арттыру. Балаларды контур бойынша қиюға, үлгілермен жұмыс істеу білуге үйрету.

Қажетті құралдар: ауылдың суреті: үлкен қағаз немесе қатырма қағаз, қара қарындаш, қайшы, желім, түсті қағаз.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші: қазақтар ерте кезде ауылда, киіз үйлерін таудың етегіне тігіп жазық далада тұрған. Олар мал ұстауға қолайлы жерде тұрады. Бүгін бәріміз бірге ауылдың суретін саламыз. Қазақтың суретшілерінің жұмысына талдау жасаймыз. Тәрбиеші балаларға жұмысты бөлісуге көмектеседі. Қажетті заттарды жеке үстелге қойып, балалардың таңдап шығуына мүмкіндік туғызу. Балаларға, қатырма қағаздың шаблонынан үй жануарларын тауды киіз үйді, адамдарды қиып алуға үйрету.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Балалармен бірге қағазға композицияның эскизін бірнеше рет қойып көру Бір балаға суретті алып желім жағуға, ал басқаларына оны қағазға жапсыру ұсынылады.



123-сабақ.

Мүсіндеу. Тақырыбы: Картинадағы пішіндерді жина.

Сабақтың мақсаты: Ойлаған бейненің негізін сызбамен мүсіндеу. Балаларда құрастырмалы мүсіндеу дағдысын бекіту.

Қажетті құралдар: сызба пішіндегі картиналар, геометриялық пішін негізінде, жапсыруға арналған бөлшектер (цилиндр, шар, - т.б.)

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші балаларға әр түрлі пішіндерді жинайтынын айтады. Балаларға картинаны көрсетіп, мысалы: көрсете тұрып, осындай етіп мүсіндеу керектігін айтады. Балаларға сызбадағы тапсырмалармен құрастырған үлгі сәйкес келуін айту. Барлық сызбаларды таратып беріп бір-бірімен алмастырып жинауға мүмкіндік беру.

Балалардың өз бетінше жұмысы.

Ойынды пішіндерді еске сақтап құрастырып, бір бөлшекпен басқа бөлшекті айырбастап жинап, күрделендіруге болады.

Балалардың жұмысын талдау

124-сабақ.

Таңдаулы жұмыстар көрмесі.

Сабақтың мақсаты: Бейнелеу іс-әрекетіне балалардың қызығушылығын арттыру. Жыл бойы балалардың меңгерген іскерлік - дағдыларың бекіту. Қоршаған ортаны эстетикалық қабылдауын қалыптастыру суреттерді талдай білу іскерліктерін бекіту. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Живописьтін жанрларын ажырата білуге баулу, көлем, пішін және түстердің бай реңктерін сезіне білуге, көркемөнерге сүйіспеншіліктерін тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: қылқалам, оны қоятын тұғырлар, бояулар, қарындаштар, фломастерлер, қағаздар, үлкен қағазға қарындашпен салынған қала көрінісінің суреті, су, сүлгі.

Сабақтың барысы: Жыл бойы балалардың салған жұмыстарының ең жақсылары таңдалып алынып, топ бөлмесі безендіріледі. Сиқырлы сазды әуен ойналады, топқа Сиқырлы Ертегіші кіреді.

- Амансыңдар ма, балаларым? Менің сиқырлы таяқшам мені қайда бастап әкелді, білуге бола ма?!

- А, мен онда қуаныштымын! Бірақ, мен бір мейірімсіз сиқыршы сиқырлап қойған елден келемін. Ол сиқыршы дүниеде суретшілерді және ашық күндерді жақсы көрмейді екен. Оны ешкім де қуанта да, таңданта да алмайды. Соның әсерінен ол өте қайырымсыз, мейірімсіз әрі қызғаншақ, күншіл бола түсіпті. Ол үш сиқырлы түстерді ұрлап алыпты, сондықтан басқа түстер жоғалып кетіпті. "Алуан түрлі кемпірқосақ" елі түссіз қалыпты. Барлығы сүр, ешқандай ештеңе жоқ болыпты. Балалар, сендер маған сол қаланы қайтадан сиқырлауға көмектессеңдер қалай болады?!

Тәрбиеші сиқыршының назарын көрмедегі балалар жұмысына аударады. Өте сәтті салынған жұмыстарды ерекше атап өтеді. Сиқыршы балалармен бірге "Алуан түрлі кемпірқосақ" еліне жол тартады.

Ал біз жолға сиқырлы ұшақпен ұшамыз. Жол қысқарту үшін қызықты бір ойын ойнайық.

1. Ойынның аталуы: " Мен балық, құс немесе күн боламын". Ойынның шарты: балаларға кез келген жануарлардың кейпін бейнелеуді - ұсынады. Олар өздері таңдап алған жануарлардың қимыл-қозғалысын музыка әуені бойынша салып кейіптендіреді, аттарын айтады. Содан кейін өздерінің сезімдерін қағазға түсіреді.

2. Үлкен қағазда ұйықтап жатқан мейірімсіз сиқыршының суреті болады. Балаларға сиқырлы фломастермен оны (суретті) айналдырып сызып шығуды ұсынады. Сөйтіп сызып шығу арқылы балалар, сиқыршыны оятып алмай оның арбаушы яғни сиқырлаушы күшінен айырады.

3. Біз сиқырланған елдің тұрғындарына көмектесуіміз керек. Ол үшін менің таңыс суретшіме қонаққа барайық. Ол өте қайырымды, ықыласты адам бізге көмектеседі.



Балалар суретшінің шеберханасына келеді, ол жерден сурет салуға арналған барлық құрал - жабдықтарды көреді. Живописьтің негізгі жанрлары - портрет, пейзаж, натюрморт жайында әңгімелеседі. Содан кейін суретші ертегі қаласын қайта сиқырлау үшін түрлі түсті бояулармен бояуды ұсынады (қала суреті үлкен қағазда қарындашпен салынған). Балалар түрлі түсті бояуларымен қылқаламды алып, қаланы әдемі түстермен бояйды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет