Қызылорда облысы Шиелі ауданы
№219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі
Ашық сабақ
Сабақтың тақырыбы:
«Елінің ардақтаған Ақаны еді...»
(Ақан сері Қорамсаұлы шығармашылығы)
Сыныбы: 10 «Б»
Пәні: Қазақ әдебиеті
Пән мұғалімі: Бимұратова Нұрсәуле Қалдыбекқызы
2013-2014 оқу жылы
Сабақтың тақырыбы: «Елінің ардақтаған Ақаны еді...»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Сал – серілердің падишасы Ақан сері Қорамсаұлының ертегіге бергісіз жұмбақ өмірінен алған білімдерін тексеру, тереңдету, талдау.
Дамытушылық: Оқулық және қосымша материалдарды (электронды оқулық, интернет,ғылыми – зерттеу еңбектері ) деректерін тиімді пайдалануға, өз ойларын еркін жеткізуге, салыстыра білуге, ой ұшқырлығына баулу және шығармашылық белсенділіктерін шыңдау.
Тәрбиелік: Өнер адамына деген құрмет сезімге, кейіпкер тағдырына ортақтаса білуге, өз ойын тұжырымдауға, басқалардың көзқарасын сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақ түрі: дамыта оқыту
Сабақ типі: Бекіту сабағы
Сабақ әдісі: Сұрақ –жауап, ассоцация, сын тұрғысынан ойлау технологиясы
Көрнекілігі: Компьютердегі слаид – кестелер, бүктеме, көркем шығармалар, үлестірмелі қағаздар.
Пәнаралық байланыс: ән
Сабақ барысы
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Ой шақыру. Ән – жұмбақ. Ақанның «Балқадиша» әні орындалады. –Балалар, бұл кімнің әні? Қандай ән?
Мұғалімнің кіріспе сөзі. - Бүгінгі сабағымыз – «тау – тасты шабыт қылып» қазақ даласын ән мен күйге бөлеген ақиық ақын, сал – серілердің падишасы, елінің ардақтаған аяулы ұлы Ақан Қорамсаұлының ғажайып сырға толы өмірі, әсем де сазды әндері жайлы болмақ..
Сабағымыздың беташарын Күләш Ахметованың мына бір өлең жолдарымен ашуды лайық көріп тұрмын.
Сол Ақан, жүрген жері сайран Ақан,
Жүрегін махаббатқа жайған Ақан.
Өзі жылап өтсе де, қалың елін,
Әнімен әлдилеген қайран Ақан!
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау.
-Ең алдымен , Ақанды кім деп танисыңдар?
Поэзия минуты. Ақанның қандай өлеңдерін жатқа білесіңдер? (Ақанның өлеңдерін оқушылар мәнерлеп жатқа оқиды)
Суреттер сыр шертеді. –Мына суреттерді көргенде көз алдарыңа не елестейді, Ақан өмірінен не айта аласыңдар? ( Көкшетау. Сал – серілер. Қаршыға. Қыран құс. Тазы ит. Жүйрік ат. Ерейментау. Ару қыздар.
І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, С. Жүнісов портреті. Осы суреттер экранда көрсетіліп тұрады)
Сурет – жұмбақ. -Балалар, мына сурет ( Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты»пьесасы.1942 жыл)жайлы не айта аласыңдар? Бұл пьесада Ақан мен Ақтоқты рөлін кімдер ойнайды? (Пьесаның тұсау кесерінде қос ғашықтың бейнесін Шәкен Айманов пен Шолпан Жандарбекова сомдаған )
-Ақан Ақтоқтыдай аруға арнап қандай өлеңдер жазған? -Ақан сүйікті Ақтоқтысына неліктен қосыла алмайды?
-Сонымен, Ақанның сүйікті тақырыбы – дала арулары, сұлу қыздар екенін аңғардық..
ІҮ. Мағынаны тану
1.Өзіндік жұмыс.
Өлеңді топта талдау және төмендегі кестені толтыру:
тақырыбы
|
Маңызы,мәні
|
Лирикалық кейіпкерге сипаттама
|
ерекшелігі
|
Ақын
ұстанымы
|
|
|
|
|
|
2.Деңгейлік тапсырмалар
І деңгей
1.Неліктен Ақанның шын аты өзгеріп кетті?
2.Ақан тума дарын ба,серілік құру дәстүр ме? Дәлелдеңіз.
3. «Құлагер» өлеңінің оқиға желісін айтып беріңіздер.
II деңгей
1. Ақанға қарсы қоятын тұлға туралы айтыңыздар.Оны әшкерелеу.
2.Құлагердің Ақан өміріндегі алатын орны туралы не ойлайсыздар?
3. «Құлагер» өлеңіндегі тарихи жағдайды суреттеңіз.
IІІ деңгей
1.«Құлагер» өлеңіндегі қай кездегі өмір шындығы көрсетілген?
2.Зарланған жалғыз Ақан ба? Құлагер басындағы қайғылы жағдайға өз көзқарасың қандай?
3.Ақан өнері бүгінде жалғасты ма?
3.Топтық жұмыс
І топ «Әншілер» тобы Ақанның әндерін орындаушыларды, әндерінің тарихын айту. Ақанның бір әнін орындау керек.
ІІ топ «Ақындар» тобы ақынның өлеңдерінің негізгі идеясын ашып, Ақанға арнап 1 шумақ өлең шығарады.
ІІІ топ «Құлагер» тобы құсбегілік, саятшылық, атбегілік туралы айтады. Ақанның «Құлагер» өлеңі мен Абайдың «Аттың сыны» өлеңін салыстыру
-Міне, балалар! Диірменнің тасындай ойнап тұрған отыз жасында аққудың көгілдіріндей үлбіреген, ару мүсінді Ақтоқтысынан көз жазып қалу Ақанға оңай тимеді. Опасыз жалған өмір тағы қандай сұмдықтарды Ақанның басына үйіп төгеді?
Басына түскен қайғы – қасіреттің күйігінен шаршаған, жалғыздықтан жабыққан Ақан тау – тасты мекен етіп, оңаша өмір кешеді. Табиғатпен сырласып, күңірене ән салады. Өзімен- өзі ыңылдап, тау – тасты кезіп жүрген серіні елі «пері» атандырады. «Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған» деп жырлаған қазақ поэзиясының жүйрігі, Ілияс Жансүгіров Ақанның аянышты тағдырын өзінің қандай шығармасына арқау етеді?
4.Үлестірмелі қағаздағы тапсырмалар.
1. І. Жансүгіров поэманы неге Ақан сері емес, Құлагер деп атады деп ойлайсыңдар?
2. Ақанның осындай аянышты тағдырына кім кінәлі деп ойлайсыңдар?
3. Ақан – Ілияс – Кұлагер тағдырларынан қандай ұқсастық байқадыңдар?
Ү. Ойтолғаныс
«Ақан аты - ән қанаты» атты ойтолғау жазу.
ҮІ. Қорытындылау
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді,-дегендей, Ақан сері бабамыздың асқар тұлғасы мәңгі – бақи кербез Көкшетаудай биік болып, Ақан әндері Сарыарқаның ерке самалындай жанымызды жадырата бергей деген сөздермен сабағымызды аяқтаймыз.
ҮІІ.Бағалау.
ҮІІІ.Үйге тапсырма:
1. Ақан өмірінен алған әсерлерін хат түрінде жазу.
2. Ақан өлеңдерін көркемдік ерекшелігіне қарай талдау.
3. Ақан өлеңдерінен ақыл – нақыл, қанатты сөздерді теру.
Достарыңызбен бөлісу: |