І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезіңі
Көбеюдің қандай жолдары бар?
Жыныссыз көбею деген не?
Гидраның бүршіктену тәсілімен көбеюі неліктен жыныссыз көбеюге жатады?
Шұбалшаңды неліктен гермафродит дейді? Пілде деген не?
Өрмекшінің көбеюінде шұбалшаңнан өзгешелік бар ма? Қандай?
Гидра зиготасы қалай, қандай жағдайда пайда болады? Бұл көбеюдің қай түріне жатады?
Шұбалшаңның жынысты көбеюі қалай жүреді? Шұбалшаңдарда қай гаметалар алмасады? Ұрықтану қайда жүреді?
Көбеюдің биологиялық мәні, маңызы неде?
Биологиялық мәні жағынан, көпжасушалы екенін ескермегенде, гидраның жыныссыз көбеюінің біржасушалы жәндіктер көбеюінен (жыныссыз жолмен) өзіндік ерекшелігі бар ма? (түсіндіріңдер).
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Сендер жаздың орта шенінде шөп не ағаш жапырақтарында жорғалап жүрген құртқа ұқсас жәндіктерді жиі көресіңдер. «О, мына құртты қара!» деген құрбыларыңның сөзін де естіген боларсыңдар. Шынында да олардың денесі құрт тәрізді буылтық, ауыз мүшесі кеміруге бейімделген, құрсағында 5 жұп жалғанаяқтары болады. Бұлар қырыққабат (орамжапырақ) ақ көбелегінің дернәсілдері (личинка). Ал енді осы дернәсілдерді ересек көбелекпен салыстырып көріңдер. Дене пішінін айтпағанда, ересек көбелекте үш жұп жүретін аяқтары бар, ал дернәсілдерінде бесеу. Ересек көбелектің ауыз мүшесі – түтік тәрізді ұзын иірілген тұмсықша. Бұл тұмсықшасымен ол гүл шырынын сорады. Дернәсілдің ауыз мүшесі үстіңгі, астыңғы тісшелі жақтарымен жапырақты кеміріп, үгітуге бейімделген.
Көбелектің дернәсілін жұлдызқұрт деп атайды. Жұлдызқұрттар өсімдіктердің жапырақтарымен қоректенеді де, тез өседі және бірнеше рет түлейді. Ең соңғы түлеудің алдында ағаш діңіне, дуалға, құрылыс қабырғасына және тағы басқа жерлерге өрмелеп шығады. Қолайлы орын тапқан соң жұлдызқұрт қуыршаққа айналады. Қуыршақ кезеңінде олар ешбір қозғалыссыз қалады, қоректенбейді. Дегенмен хитинмен қапталған қуыршақта өте күрделі өзгерістер жүріп жатады. Онда ересек көбелектің дене мүшелері қалыптасады. Қыстап шыққан қуыршақтан көктемде бірден орамжапырақ ақ көбелегі шығады.
Сонымен, көбелектің даму сатыларын тізіп көрсетелік: жұмыртқа, дернәсіл, қуыршақ, ересек көбелек. Шегірткенің көбеюімен өздерің танысыңдар.
Дамуы 4 сатыдан тұратын және дернәсілі ересегіне ұқсамайтын бунақденелілерді толық түрленіп дамитын бунақденелілер деп атайды.
Бұларға көбелектен басқа қоңыз, шыбын, маса, ара және тағы басқа толып жатқан жәндіктер жатады.
Жұмыртқа салу мерзімі, орны, даму мерзімі әр түрлі бунақденелілердің түріне қарай әрқалай болады. Мысалы, зауза қоңыз жұмыртқаларын топыраққа, шыбын ластанған жерлерге, көбелектер өсімдік жапырақтарына, ағаш жемісіне, т. б. жерлерге салады. Зауза қоңыз дернәсілінің дамуы 4 жылға, шыбын дернәсілінің дамуы бірнеше тәулікке созылады.
Шегірткелер, тарақандар, дәуіттер, инеліктер сияқты бунақденелілердің көптеген түрлерінің дамуы үш сатыдан тұрады. Олар: жұмыртқа – дернәсіл – ересек жәндік.
Кейбіреуінің дернәсілі жұмыртқадан ересек жәндігіне ұқсас боп шығады. Тек дене мөлшері мен қанаттары (мысалы, шегірткеде) ғана кішірек болады. Бұл дернәсілдер өсіп, есею барысында бірнеше рет түлейді. Әр түлеген сайын ересек бунақденеліге ұқсастығы арта түседі.
Дамуы 3 сатыдан тұратын және дернәсілі ересегіне ұқсайтын бунақденелілерді шала түрленіп дамитын бунақденелілер дейді.
Түрленіп дамудың маңызы. Түрленіп дамитын, оның ішінде, әсіресе толық түрленіп дамитын бунақденелілердің табиғатта кеңінен таралып, өз түрлерін сақтауға едәуір мүмкіндігі бар. Дернәсілі ересек жәндіктің қорегіне «ортақтаспайды», әрі тұрағы да басқа болады. Мысалы, зауза не картоп қоңызының дернәсілдері топырақта тіршілік етеді, өсімдік тамырларын, жер асты бөліктерін жеп қоректенеді. Ал ересек қоңыздар ағаш жапырақтарын қорек етеді. Сонымен қатар сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан дамуының 4 сатысында да аман қалатын кездер болады. Мысалы, жеміс ағаштары жапырақ жайған көктем мерзімінде оларды бунақденелілерден және дернәсілдерінен қорғау үшін улы химикаттар себеді. Бұл химикаттардан жер бетінде жүрген бунақденелілер қырылады да, топырақ арасында жүрген немесе әлі қуыршақ күйінде жатқан дернәсілдер аман қалады. Сонымен түрленіп даму тәсілі де – бунақденелілерді жойылып кетуден сақтайтын бейімділіктің бірі.
ІV. Бекіту.
Түрленіп даму деген не?
Түрленіп дамудың бунақденелілер үшін қандай маңызы бар?
Үй тапсырмасы. § 47 оқып, 109-суретті салып келу.
Сабақ: 46
Тақырыбы: §48. Омыртқалы жануарлардың көбею ерекшеліктері
Сабақтың мақсаты: омыртқалы жануарлардың көбею ерекшеліктерін атап, сызбанұсқа ретінде түсіндіріп, әрбіреуіне жеке сипаттама беру; адамгершілік, экологиялық және эстетикалық тәрбие бере отырып ғылыми дүниетамын байыту.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырлған
І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезіңі
Түрленіп даму деген не?
Түрленіп дамудың бунақденелілер үшін қандай маңызы бар?
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Балықтардың көпшілік түрлері мен қосмекенділердің жыныс мүшелерінің құрылысы ұқсас, бұлар – дара жыныстылар. Аналық ағзаның бір жұп аналық безінде уылдырық деп аталатын өте майда жұмыртқалар түзіледі. Ал аталық балық немесе бақаның ағзасында бір жұп аталық безінде сперматозоидтар пісіп жетіледі. Жыныс бездері жетілген соң балықтар (мысалы: сазан, бекіре, тұқы, т. б.) болашақ ұрпақтарының өсіп-жетілуіне қолайлы суға барып, уылдырықтарын шашады. Мысалы, бекіре уылдырық шашар кезде теңізден тұщы сулы өзенге қарай өрістейді. Олар уылдырық шашып болған соң теңізге қайта оралады.
Балықтар уылдырықтарын суға жеке-жеке шашпайды. Көп жағдайда уылдырықтар бір-бірімен сілемейлі, тығыздау шырышты зат арқылы байланысады. Ішінде жүздеген, кейде миллиондаған уылдырықтары бар осындай мөлдір түзілім су түбіндегі өсімдіктерге бекініп тұрады (110-сурет). Уылдырық шашылған жерге аталық балықтар келіп, ішінде сперматозоидтары бар сұйықтығын төгеді. Талшықты сперматозоидтар уылдырықтармен қосылып, оларды ұрықтандырады. Ұрықтанған уылдырықтан ұрықтың одан әрі дамуы басталады.
Бақа, тритон, құрбақа және т. б. қосмекенділер де уылдырықтарын суға шашады.
Көпжасушалы ұрықтың пайда болуы, одан дернәсілдің дамып-жетілуі уылдырықтың ішінде өтеді. Дернәсіл уылдырықтағы қоректік заттардың мол қорымен қоректенеді. Одан соң уылдырық қабығынан шығады. Алғашқы кезеңде уылдырықтан қалған кішкентай сарықапшық түріндегі қоректік затпен қоректенеді. Ол таусылған соң майда жасыл балдырларды, қарапайым жәндіктерді, ұсақ шаяндарды қорек етеді. Өздігінен қорек аулап, тіршілік ете бастаған балық дернәсілін шабақ дейді. Шабақ ересек балыққа ұқсас болады. Тек дене мөлшері мен қоректенуінде ғана өзіне тән аздаған ерекшеліктері бар.
Ал бақа дернәсілі – итшабақтың (шөмішбалық) дамуының әр сатысында елеулі өзгерістері болады. Уылдырықтан шыққаннан кейінгі ерекше белгі – артқы аяқтың білінуіне 2,5 айдай, екі жұп аяқтың қалыптасуына 3 айдай уақыт кетеді. Дернәсілдер 2 жыл 8 айда кәдімгі ересек бақаға айналып, құрлыққа шығады.
Жорғалаушылар мен құстардың көбеюінде де ұқсастықтар бар. Бұлар ұрықтың дамуына қолайлы жағдайлары (жылу мен ылғал) бар жерге іштей ұрықтанып жұмыртқалайды. Құстар ұя салады. Ал кесіртке, шаян, тасбақа жұмыртқаларын құм, көң, өсімдік қалдықтары шіріндісінің арасында қалдырады.
Жорғалаушылар жұмыртқасы жылу мен ылғалды айналасындағы ортадан алады, құс жұмыртқаларын өзінің дене қызуымен басып, шығарады.
Жорғалаушының жұмыртқасы да, құс жұмыртқасы да қоректік затқа өте бай.
Тауық жұмыртқасының ішіндегі ақ уыз бен сары уыз – құс ұрығының әлі жұмыртқадан шықпаған кездегі қорегі болып саналады.
Құстың да, жорғалаушының да жұмыртқадағы ұрықтарының дамуы өткен омыртқасыздар ұрықтарының даму сатыларынан өтеді. Жұмыртқа ішіндегі дамуының соңында балапан жұмыртқаны түгел толтырады. Тек жұп-жұқа жарғақ пердемен бөлінген, ішінде ауасы бар жұмыртқаның бір шетіндегі қуыс қана сақталады. Балапан тұмсығымен әлгі жұқа пердені тесіп, алғаш рет ауамен тыныс алады. Одан соң мүйізді кішкентай тұмсығымен жұмыртқаның қатты қабығын тесіп, сыртқа шығады.
Тауық, үйрек, саңырау құр, бөдене және тағы басқа да көптеген құстардың балапандары жұмыртқадан көзі ашық, денесінде мамығы бар болып шығады. Бұл балапандар үсті сәл дегдіген соң өздігінен қорек іздеп, анасына еріп, жүгіріп кетеді. Осындай балапан шығаратын құстарды ширақ балапан шығаратын құстар деп атайды.
Торғай, бозторғай, қарлығаш, қараторғай, көгершін, жыртқыш құстар (бүркіт, қаршыға, қыран және т. б.), қара қарға сияқты құстардың балапандары жұмыртқасынан әлі көзі ашылмаған, мамығы жетілмеген, құлақ саңылауы жабық, дәрменсіз күйде шығады. Мұндай құстарды қызылшақа балапан шығаратын құстар деп атайды.
Құстар өз балапандарына көп қамқорлық жасап, баулып өсіреді.
Ал кесіртке, жылан, тасбақа сияқты жорғалаушылар жұмыртқаларын қолайлы жерге көміп кеткен соң өз «ұрпақтарын» іздемейді. Олар жұмыртқадан шығып, өз алдына тіршілік ете береді.
Сүтқоректілердің жұмыртқалары мөлшері жағынан онша үлкен емес. Мысалы, үйқоян жұмыртқажасушасының мөлшері 0,2 мм, микроскоппен ғана көруге болады. Ұрықтануы аналық ағзадағы жұмыртқа жолында жүреді. Ұрықтанған жұмыртқа жатырға жұмыртқа жолымен келеді. Жұмыртқа жолымен қозғалып келе жатқанда бірнеше рет бөлініп, көпжасушалы ұрыққа айналып, жатырға түседі. Ұрық қабығы жатыр қабырғасымен тығыз түйіседі. Осы жерде ұрық қабығының бүртіктері жатыр қабырғасына жабысып, тығыз байланысады. Сөйтіп ұрықтың ана ағзасымен байланысын қамтамасыз ететін мүше – ұрықжолдас (плацента) пайда болады. Ұрық ұрықжолдасқа кіндік арқылы байланысады. Кіндікті қан тамырлар торлап жатады. Осы қан тамырлар арқылы ұрық ана қанындағы қоректік заттармен, оттегімен қамтамасыз етіледі. Ұрық денесіндегі зиянды заттар мен көмірқышқыл газы ана қанына кіндік арқылы тасымалданып, оның зәршығару мүшелері арқылы сыртқа шығарылады (113ә-сурет).
Баласын тірі туатын жануарлардың ұрықты құрсақта көтеру кезеңі буаздық деп аталады. Ұрықтың жатырда даму ұзақтығы сүтқоректілердің барлығында бірдей емес. Мысалы, сұр тышқанның буаз болу мерзімі – 18 күн, арқардыкі 150 күн болса, піл баласын 600 күндей көтереді.
Ін қазатын кемірушілер мен көптеген жыртқыштардың ұрпақтары көзі ашылмаған, терісі түксіз, дәрменсіз болып туады. Мәселен, мысықтар мен иттің жаңа туған күшігін көрген боларсыңдар.
Ал ін қазбайтын кемірушілердің (үйқоян, қоян, сазқұндыз және т. б.), арқар, бұғы, бұлан сияқты сүтқоректілердің, үй малдарының (сиыр, қой, ешкі және т. б.) төлдері көзі ашық, терісі түкті, ширақ болып туады. Олар туып, сәл денесі кепкен соң енесіне еріп жүре береді. Дегенмен белгілі бір мерзімге дейін енесі төлдеріне қамқорлық жасап, оларды сүтімен асырайды. Жайылуға, қорегін аулауға, жауынан қорғануға және тағы басқа тіршілік етуге қажетті әрекеттерге үйретеді.
Жеке даму. Кез келген тірі ағзаның, соның ішінде жануар ағзасының да жасы, тіршілік ету мерзімі бар. Мысалы, хайуанаттар бағында бозторғай 20 жылдай, бүркіт 46, сұр тырна 43, үнді пілі 70-80, қоңыр аю 30-50, қасқыр 15, түлкі 10-12, қоян 5-7 жылдай тіршілік етеді.
Әдетте біз жасты ана құрсағынан шыққан, жарық дүниеге келген күннен бастап есептейміз. Ал ғылым көпжасушалы ұрық пайда болуынан бастап, оның біртіндеп, сатылап өзгеріп, қалыптасып тууы, одан әрі сатылап өсіп, біртіндеп есеюі, өз ата-анасындай ересек болуы, одан біртіндеп қартаюы – міне, ағзасының (өсімдік не жануар) ұрықтан қартайып өлгенге дейінгі бүкіл тіршілік кезеңдерін біртұтас қарайды. Оған «ағзасының жеке дамуы» деген атау береді.
ІV. Бекіту.
Біз біржасушалылардан бастап, сүтқоректілерді қоса есептегенде барлық жануарлардың жеке дамуын қарастырып шықтық.Тіршілік ету өте күрделі құбылыс. Себебі, әрбір тіршілік иесі айналадағы өзі тіршілік ететін ортаның алуан түрлі жағдайларымен үздіксіз қарым-қатынасқа түсіп отырады. Тіршілік иесінің құрылысы, тіршілік процестері ғана емес, бүкіл тіршілік әрекеттері, тіпті «мінез-қылығына» дейін сол қарым-қатынасқа бейім болып, ағза тіршілігін қамтамасыз еді.
Үй тапсырмасы. §48 оқып, «Білімді сына» тапсырмасына жазбаша жауап беру.
Сабақ: 47
Тақырыбы: §49. Жануарлардың мінез-қылығы
Сабақтың мақсаты: жануарлардың мінез-қылығы жайлы білімдерін арттыру; адамның тұлға ретінде дамуын және ғылыми дүниетамын байыту; шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырлған
І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезіңі
1. Қай бунақденелі қай тәсілмен дамиды? (Әріп пен сәйкес сандарды, қосып жазу керек)
А. Шала түрленіп даму; 2, 5, 7, 8.
Ә. Толық түрленіп даму. 1, 3, 4, 6.
1) Сүңгуір қоңыз 5) Шегіртке
2) Инелік 6) Маса
3) Үй шыбыны 7) Тарақан
4) Түкті ара 8) Дәуіт
2. Түрленіп дамудың бунақденелілер үшін қандай маңызы бар?
«Біліміңді сына» тапсырмасын тексеру.
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Мінез-қылық және жүйке жүйесі. Жануарлардың мінез-қылығы тіршілік әрекетіне тікелей байланысты. Тіршілік әрекеті жануарлардың даму деңгейіне қарай күрделене түсетіні мәлім. Өзін қорекпен, жылумен, ауамен, жарықпен, қамтамасыз ету, жауларынан өзін қорғау, ал ұрпағына қамқорлық жасайтын жануарлардың ұрпақтарын сақтап, қорғап, баулып өсіруі – өте күрделі құбылыс.
Міне, кірпікшелі кебісше жай ғана қозғалып жүр. Ол жүрген бір тамшы судың қасына тамызылған тамшыны ішінде таяқша бактериялары көп тамшымен қосып едік, кірпікшелі кебісшелер көрші тамшыға қарай ағылып өте бастады. Бұл нені білдіреді? Кірпікшелі кебісшенің өзіне қажет қоректің жақын маңда бар екенін сезінетінін, тіпті оның қай жақта екенін дәл табатынын еске түсіріңдер. Бұл сияқты сыртқы орта жағдайларын сезіну үшін, оған жауап ретінде дене (жасуша) сыртындағы мыңдаған кірпікшелерді бір мезгілде толқытып, олардың жұмысын қажетті бағытқа денені бұрып қозғалатындай етіп үйлестіру үшін ерекше тетік керек. Кірпікшелі кебісшенің денесіндегі (жасушасындағы) сондай үйлесімді сезімталдық қызметті арнайы талшықтар атқарады. Бұл талшықтар жасушаның (дененің) алдыңғы бөлігінен басталып, бүкіл кірпікшелерге тарамдалады.
Ішек қуыстыларда шын мәнісіндегі жүйке жүйесі жоқ. Жүйке жасушалары бір-бірімен тармақталған өсінділер арқылы жанасып, жүйке торын ғана құрайды. Гидраның жүйке торының бір тарамдары қозуды қабылдайтын жасушаларға, екіншілер жиырылғыш жасушаларға барады. Гидраның сырттан болатын әсерге жауабы тітіркендіргіштің әсер ету күшіне байланысты. Бір қармалауышына инемен әлсіз ғана түртіп әсер етсе, сол қармалауышы ғана жиырылады. Тек қаттырақ шаншып, әсер етсе ғана барлық қармалауыштары денесі жиырылып, домаланып қалады.
Бунақденелілерде, өрмекшілерде, шаяндарда, ұлуларда, буылтық құрттарда жоғары деңгейде орталықтанған жүйке жүйесі бар.
Мысалы, шұбалшаңның жүйке жүйесі бір жұп жұтқыншақ үсті, бір жұп жұтқыншақ асты жүйке түйіндерінен және құрсақ жүйке тізбегінен тұрады. Бұл тізбек асқорыту жүйесінің астымен денені бойлай созылып жатады. Мұны құрсақ жүйке тізбегі дейді. Жұтқыншақ асты, жұтқыншақ үсті жүйке түйіндері бір-бірімен сақина тәрізденіп байланысады. Бұл түйіндерді «ми» деп те атайды. Сырттан болатын әр түрлі әсерді қабылдап, ажыратып, оған берілуге тиісті «жауап» жайындағы «бұйрық» осы түйіндер арқылы құрсақ тізбектеріне беріледі. Құрт зиянды әсері бар кедергілерді айналып өтеді, пайдалыларына (ылғал, қорек) қарай бұрылады.
Ағзаның тітіркендіргішке жүйке жүйесі арқылы қайтарған жауабын рефлекс дейді.
Ал өрмекшілер мен бунақденелілердің жүйке жүйесі денедегі орналасуы мен құрылысы жағынан шұбалшаңның жүйке жүйесімен ұқсас; ерекшелігі: құрсақ жүйке тізбегіндегі түйіндерінің саны аз, оның есесіне жүйке түйіндері, әсересе жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты түйіндері жақсы дамыған.
Шаяндардың, ұлулардың жүйке жүйесі негізінен осы жәндіктердің жүйке жүйесіне ұқсас.
Балықтардан бастап жүйке жүйесі ми және жұлын болып екі ірі бөлімнен тұрады. Ми бассүйектің ішінде орналасқан. Ол бес бөлімнен тұрады: алдыңғы ми, аралық ми, ортаңғы ми, мишық, сопақша ми. Сопақша ми омыртқа жотасының өзегінде орналасқан жұлынмен жалғасады. Ми мен жұлын көптеген жүйке тармақтары арқылы балық денесінің барлық мүшелерімен байланысады.
Балықтың мінез-қылығында шартсыз және шартты рефлекстер білінеді. Балық уылдырықтан шығып, өздігінен тіршілік ете бастағанда жемін іздеп, тауып жейді. Бұны оған ешкім үйреткен жоқ. Бұл туа пайда болған шартсыз рефлекс. Егер аквариумдағы шабақтарды әуелі шам жағып, содан кейін аквариумның бір бұрышына жем тастаса, шабақтар ол жемді бірден көреді де, келіп жей бастайды. Осылай 2-3 рет қоректендіріп, келесіде жем тастамай-ақ тек шам жанса, олар сол бұрышқа жүзіп келіп, жиналып жем іздейді. Мұны шартты немесе жүре пайда болған рефлекс дейді.
Балықтардың мінез-қылығы өте күрделі, олар шартты және шартсыз рефлекстер арқылы айналадағы орта жағдайларын жақсы бағдарлап, соған сәйкес жауап қайтарады. Балық миының біршама жақсы дамуы сезім мүшелерінің де жетілуіне әсер еткен. Оның екі көзі бар. Көзі бұлшықеттер арқылы жоғары, төмен, алға, артқа қимылдап, төңірегін толық көре алады. Бастың алдыңғы жағындағы екі танау тесігі арқылы иісті сезеді. Аузында, бүкіл денесінің сыртында сезімтал жасушалар көп болғандықтан дәмді, жолында кездесетін кедергілерді, т. б. жақсы ажыратады. Мұрты сипап сезу қызметін атқарады.
Балықтың есту мүшесі бассүйектің ішінде болады, сырттай қарағанда байқалмайды. Ол қатты дыбысты естиді.
Балықтардың бәрінде ерекше мүше – бүйір сызығы болады. Бүйір сызығы су ағынының бағытын, күшін, сүңгу тереңдігін сезінуге мүмкіндік береді. Осы мүше арқылы су астындағы кедергілерді түйсініп, олардан айналып өтеді.
Қосмекенділердің жүйке жүйесінің құрылысы, бөлімдері жағынан балықтікімен бірдей, тек әр бөлімнің мөлшерінде ғана аздаған ерекшелігі болады. Мысалы, қосмекенділердің біркелкі ғана қимылдауы мишықтың нашар жетілгендігінен. Бірақ алдыңғы миы оң және сол ми сыңарларына жіктеліп, балықтарға қарағанда ірі келеді.
Осындай ерекшеліктеріне байланысты қосмекенділердің кейбір сезім мүшелері жақсы дамыған. Мысалы, көзі айналадағыны жақсы көреді. Көздің қасаң қабығы дөңес, ал терілі қабақтары көзді ылғал мен ластанудан қорғайды. Көз бұршағы қос дөңесті линза пішінді.
Бақа дыбысты жақсы естиді. Құлағы дабыл жарғақшасынан, есту сүйекшелері бар ортаңғы құлақтан және іші сұйықтыққа толы иірілген үш түтікшелі ішкі құлақтан тұрады. Дыбыс жарғақшаны тербеліске келтіреді де, бұл тербеліс есту сүйегіне өтеді. Одан ортаңғы құлақ қуысы арқылы ішкі құлақ иірімдеріндегі сұйықты тербетеді. Дыбыс жүйке жүйесіне жетіп, қабылданады. Бақа (құрбақа) соған сәйкес әрекет жасап қозғалады.
Жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілердің де жүйке жүйесінің бөлімдері, атаулары балықтар мен қосмекенділердікіндей. Тек кейбір бөлімдерінің күрделенуіне байланысты мінез-қылығы да, тіршілік әрекеттері де күрделенеді. Олардың ми бөлімдерін өздерің атап, әңгімелеңдер.
Жануарлардың тіршілік әрекеттерінің мінез-құлығы күрделенуіне жекелеген мысалдар келтірейік.
Австралияда тіршілік ететін жабайы қоқыс тауығы деген тауықпен туыстас құс бар.
Жұмыртқа салуға байланысты ұя дайындау, ондағы жұмыртқаларға қолайлы жағдайлар жасап бақылау, ұя орналасқан жерді қору сияқты жұмыстармен қоқыс тауығының қоразы айналысады.
Қораз көктемде тереңдігі 1,5 м, көлемі 2,5 м2 шұңқыр ін қазып, оны шөп-шаламмен толтырады. Алғашқы жаңбырмен үйінді ылғалданған кезде құс оның үстін майда құммен жабады. Осының бәріне 3,5-4 айға жуық уақыт кетеді. Қоқыс үйінді шіріп, ұяның қызуы тез көтеріледі. Тек тамыздың аяғында ғана қораз жұмыртқа салу үшін ұяға қоқыс тауықтың мекиені келеді. Ол үшін үйіндінің ортасын үңгіп, шұңқыр жасайды да, мекиен соған әр 4 күн сайын келіп жұмыртқалайды. Қоразы келіп ұяны ашады да, мекиені кеткен соң жұмыртқаларды мұқият жабады. Жұмыртқа саны 20-30-ға жеткенде мекиен қайтып ұяға оралмайды. Қораз ұя қасындағы бұта басында қонақтайды, әрі осы төңіректе қоректенеді.
Таң қылаң бере қораздың жұмысы басталады: қоқыстың үстін жапқан құм қабатын тазартып, ұяның үстін ашады. Ұя іші сәл салқындаған кезде оны қайтадан құммен үйіп жабады. Құм қабатының қалыңдығы 30-40 см болады. Күз басталғанға дейін қораз күн сайын әдетін қайталайды. Осы арқылы қоқыс арасындағы, ұядағы қызуды қалыпты күйде (тым салқын, не тым ыстық болып кетпеуін) сақтайды. Оны қораз тұмсығымен анықтайды.
Күзде күн сайын түс кезінде қораз үстіңгі құм-қоқыс қабатын сырып алып тастайды да, тек жұмыртқа үстіндегі 4 см ғана қалыңдықтағы қабатты қалдырады. Күннің жылуы ұядағы жұмыртқаны біраз қыздырғаннан кейін құс ұя үстін қайта жабады. 60 күн дегенде ең алғашқы салынған жұмыртқадан ширақ балапан шығады. Ол бірден үйіндіні үңгіп, ұяның үстіне көтеріледі де, дереу таяу жердегі бұталы тоғай, орманға жүгіре жөнеледі. Бұл балапан дәл сол күні кешкілікте ұшып, өздігінен қорегін таба алады. Әр жұмыртқадан 60 күнде балапан шығады. Жұмыртқалардың бәрінің бір күнде ұяға салынбағанын да естен шығармаңдар. Сондықтан 20-30 жұмыртқадан балапан шыққанша едәуір уақыт кетеді. Ең соңғы балапан шыққан соң қораз ұяны жаңадан қайта жұмыртқа салуға дайындау жұмысына кіріседі.
Сүтқоректілердің жүйке жүйесі жақсы дамыған. Оларда шартсыз рефлекстер жетілген. Шартты рефлекстер де тез және берік қалыптасады. Сондықтан олардың мінез-қылығы орта жағдайына қарай өзгеріп тұрады. «Көңіл күйі» деген сөзді бұлардың кейбір түріне қолдануға болады. Мысалы, мысықтың ашуланған немесе көңілденген кездерін көрген боларсыңдар.
ІV. Бекіту.
Өрмекшілер мен бунақденелілер жүйке жүйесінің шұбалаңшаңдікінен ерекшелігі неде? (Сызбамен, тақтаға салып түсіндіруге болады).
Рефлекс деген не? Жәндіктердің қорек іздеуі, қорғануы, т. с.с әрекеттері рефлекстің қандай түріне жатады?
Кірпікшелі кебісшенің денесі бір ғана жасушадан тұрады. Солай болса да ол тамшыға қосылған тұзды «сезді» ғой. Оның денесінде тұздың бар екенін қабылдап, сезетін қандай түзілім бар?
Гидрада жүйке торы нелерден түзіледі?
Шартты және шартсыз рефлекстердің жануар тіршілігінде қандай маңызы бар?
Ми мен сезім мүшелерінің қандай байланысы бар?
Үй тапсырмасы. § 49, 117-сурет салу.
Сабақ: 48
Тақырыбы: §50. Топтық мінез-қылық
Сабақтың мақсаты: топтасып тіршілік етудің түрлері, инстинкт тура түсінік пен ұғым беріп, топтасып тіршілік ететін жәндіктер тобындағы еңбек бөлінісінің мәнін, жануар түрі үшін маңызын ашу.
Сабақтың типі: хабарлама және жаңа білімді қалыптасыту
Әдістемелік шешім: сұхбат, әңгіме-сұхбат, кестелерді және суртеттерді қолдану, көрнекілік
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі
Өрмекшілер мен бунақденелілердің жүйке жүйесінің шұбалшаңдардікінен ерекшелігі неде?
Рефлекс деген не? Жәндіктердің қорек здеуі, қорғануы, т.с.с. әрекеттері рефлекстің қандай түріне жатады?
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Топтасып тіршілік ету – жануарлар әлемінде кеңінен тарлған құбылыс. Бір түрге жататын жануарлардың ішінде жеке-дара тіршілік ететіндері де, бүкіл тіршілігін топтасып «тұқымтоп» (семья) болып өткізетіндері де бар. Сондықтан осы соңғыларын «қоғамдық» жануарларға жатқызады. Табиғи жағдайларда бунақденелілердің «үйлерін», балара, аралардың кәрездерін, құмырсқалардың иелеуін жиі кездестіруге болады.
Ал құстар мен сүтқоректілер де үйір, шоғыр, тұқымтоп және т.б. топтасып тіршілік ету көпшілік жағдайда табиғаттағы маусымдық өзгерістерге, әр жануар тіршілігіндегі көбею, ұрпағына қамқорлық жасау, бір жерден екінші жерге орын ауыстыру, яғни жылыстау (миграция) және т.б. осы сияқты әрекеттерге байланысты уақытша болуы да мүмкін. Мысалы, көбею кезіндегі балықтардың топтасып өрістеуі; жыл құстарының жылы жаққа сап түзеп ұшуы (үйрек, тырна, қаз және т.б.), ұсақ құстардың үйме-жүйме бірлесіп ұшуы (қараторғай, бозторғай, ұзақ және т.б.).
Тұрақты үйір, табын немесе жатақ құрып тіршілік ететін жануарлар құстар мен сүтқоректілер ішінде аз емес. Мысалы, даламыздың сәні құландар тұрақты үйір құрып тіршілік етеді.
Қоғамдасып-бірлесіп тіршілік ететін жануарларға топтық мінез-қылық тән. Мәселен, құлан үйірлерінде айғыр бүкіл үйірді басқарады, ал бие бүкіл үйірдің орын алмастырып, қозғалуын бағыттап отырады.
Айғыр үйірге кіріп, олармен бірге жайылмайды. Шетінде оңашалау, саяқ жүріп жайылады. Бірақ үйірді көзінен таса етпей, үнемі бақылайды. Егер үйірдің бағытын өзгерту керек болса, ол құлағын жымитып, мойынын созып, басын төмен сала қорқыту арқылы биелер мен құлын-тайларды қажетті бағытқа қарай айдайды. Ал «тыңдай» қоймағандарға ауызын ашып, тісін сақырлатып, айбат көрсетіп, үйірге айдап қосады. Жетекші айғыр мен биеге үйірді ықпалы бар 1-2 бие-құландар да «тәртіппен» ұстауға көмектеседі. Үйір ішінің өзінде үнемі бірге жүретін, қатар жайылатын, тыныққан кезде бір-бірінің жалын қасып, «қызмет көрсететін», басқаша айтқанда, бір-бірін жақын тартып, үнемі «көңіл бөліп» көмектесетін құландар болады. Табын, үйір болып тіршілік ететін жануарлардың әрбіреуінің мінез-қылығында жеке-дара тіршілік ететін жануарлардың мінез-қылығынан ерекшеліктер аңғарылады. Бұл мәселені түсіну үшін аз да болса өзіңе таныс құмырсқа илеуіндегі құмырсалардың топтық тіршілік әрекеттерін айтуға болады.
Құмырсқа, ара, түкті ара сияқты бунақденелілерді шағатын жарғаққанаттылар д.а. Себебі, бұлардың аналық безі мен жұмыртқа жолы түтікшесі өзінің негізгі қызметінен басқа қорғану және жауына шабуыл жасайтын құрыл ретінде қосымша қызмет атқарады.
Жұмысшы құмырсқалардың құрсағының жартысынан артығын құмырсқа қышқылын үзетін едәуір үлкен улы без алып жатыр. Бұл улы бездің сыртындағы бұлшықеттер жақсы дамыған. Бұлшықеттер жиырылған кезде бездегі қышқыл түтік арқылы екпінмен сыртқа ағылатын сұйықтық 0,5 м қашықтыққа дейін жетеді.
Құмырсқа илеуінде көпшілік жағдайда қызметі жағынан құмырсқалардың үш маманданған тобы: 1) жыныстық топ (аталық және аналық құмарсқалар): бұлар көбею, қоныс аудару қызметін атқарады; 2) ұя салу, жыныстық құмырсқаларды және жұмыртқалар мен ұрықтарды күту, қорек жинап әкелу сияқты жұмыстарды орындайтын жұмысшы жұмырсқалар; 3) тіршілігін ұяда өткізетін, жұмысшы құмырсқалар жинаған дәндерді жұмсартып, езіндіге айналдыратын және ұяны жаулардан қорғайтын жауынгер құмырсқалар болады.
Жеке-дара тірішілік ететін бунақденелілерге қарағанда топтасып, үйірлесіп тіршілік ететіндердің бір-бірімен хабарласатын, бір-біріне ақпарат беретін құралдары – «тілі» әлдеқайда жетілген. Мысалы, ешқашан ата-енесімен бірге болып көрмеген шыбында, тіпті инстинктпен туа біткен «тіліндегі» «сөздің» құрамы, ең көп дегенде он шақтыдан аспайды. Құмырса иелеуінің күмбезінде жүрген шағын топқа, шыбықпен түрткілеп, тиісіп көр! Бұлардың мазасызданғанын бірнеше секундта бүкіл иелеудегі құмырсқалар біледі. Құмырсқа иелеуіне кіретін жолдарға «кескілескен күреске дайынбыз» дегендей иелеуді қорғайтын құмырсқалар қаптап шыға бастайды.
Олар хабарды қайдан, қалай алады? Тая тиіп, мазасызданған құмырсқалар улы бездеріндегі құмырсқа қышқылы мен ерекше сұйықтықты сыздықтатып атқылайды. Қышқыл – қорғаныш құралы, сұйықтық қауіпті білдіріп, құмырсқаларды күреске шақыратын шартты белгі болып табылады. Бұл сұйықтықты илеу төбесіндегі құмырсқалар «аталығында», олардың маңындағы аймақта жүрген құмырсқаларға тиеді, енді олар да басқаларға осындай белгі береді. Осылай шартты белгі тізбекті хабарласу арқылы бүкіл илеуге өте тез таралады. Ал қышқыл мен сұйықтық иісін көрші илеудегі құмырсқалар да тез қабылдап, қорғануға дайындалып үлгереді.
Жұмысшы құмырсқалар құмырсқа илеуіндегі әр «бөлменің» тіршілігіне қажетті жағжайларын түйсініп сезіне алады. Иелеудің алдыңғы бөлімдері салқын таратқан кезде ондағы дернәсілдер мен қуыршақтарды илеудің жер бетіндегі күннің қызуымен жылынатын бөлмелеріне тасып орналастырады. Ал бұл бөлмелер салқындай бастаса немесе тым қызып, температура дернәсіл тіршілігіне қауіп төндіре бастаса, оларды алдыңғы бөлмелерге тасиды.
Аралар, түкті аралар ұрпақтарын кәрез ұяларына уыстырып таси алмайды. Бірақ жұмысшы аралар бұлшықеттерінің көмегімен қанаттарын тез-тез қимылдатып, ұяны жылытады немесе желдету арқылы температураны қалпына келтіреді де ұяны салқындатады. Құмырсқалар мен баларалар ұядағы ылғалды да реттеп, қажетті қалыпта ұстайды. Олар жемсауымен су әкеліп, ұяға бүркиді. Ылғал көп болса, желдетіп құрғатады.
Қоғамдық бунақденелілер қоректің қорын көп дайындайды.
Өте ыстық және құрғақ жерлерде тіршілік ететін илеу құмырсқаларының ішінде «бал-бөшклер»д.а-тын қорек қорын арнайы сақтайтындары бар. Жұмысшы құмырсқалар олардың жемсауындағы балды құстыртып, өз жемсауына жинап алады. Сөйтіп арнайы, бөлмелерде орналасқан аналық құмырсқаларды, дернәсілдер мен жас құмырсқаларды қоректендіреді.
Кейде «бал-бөшке» құмырсқа өз салмағынан құлап түсіп, жемсауы жарылса, жұмысшы құмырсқалар дереу жертөрелерге келеді де, бөшке құмырсқаның жемсауына балды қайта жинап салады. Жарылған жерін «тігеді», қайтып іліп қояды. Әрине, жұмыс үстінде өздері де балды жалап тойынады. Егер құлаған бөшке-құмырсқа өліп қалса, оның балын басқа «бөшке-құмырсқаның» жемсуына құяды. Өлген құмырсқаны илеудегі арнайы дайындалған ұяларға домалатып апарып тастайды. Оларға ешкім тиіспейді.
Жемсауында қоректік қорды жеткілікті мөлшерде сақтау кейбір құмырсқалар үшін оңай емес. Сондықтан құмырсқалардың көптеген түрлері илеу бөлмелеріне өсімдік дәндерін, өсімдік бітелерінің кепкен өлекселерін және тағы басқа қорекке жарайтын азық қорын жинайды. Ал құмырсқалардың кейбір түрлері, мысалы, жапырақкескіш құмырсқалар бір түнде үлкен бір ағаштық жапырақтарын қиып түсіреді де, оларды қолшатыр сияқты басына көтеріп илеуіне тасып алады. Бұл жапырақтарды жұмысшы құмырсқалар шайнап, біркелкі езіндіге айналдырады. Осы езінді бетінде өте майда саңырауқұлақтар өседі. Ең кішкентай жұмысшы құмырсқалар осы саңырауқұлақтарды отап, жинаумен айналасады. Ханша-құмырсқа жаңа тұрақ жасап, орын ауыстырғанда жапырақ езіндісінен өзінің түскі асына арналған ең соңғы үлесін ала кетеді де, оны сол жаңа илеу тұрағының қасында саңырауқұлақ тәлімбағын (плантация) өсіруге пайдаланады. Құмырсқалар саңырауқұлақтардың, бунақденелілердің шырының сорып қоректенеді.
Міне, құмырсқаларда «нағыз ми» жетіліп дамымағынымен, қоғамдық тіршілік ету нәтижесінде әрекеттері өте күрделі, тіпті «ақыл-оймен» істелгендей деңгейде көтеріледі. Дегенмен бұл әрекеттер – илеудегі топтасып тіршілік ететін құмырсқалардың тура біткен шартсыз рефлекстері мен еңбектену нәтижесіндегі «тәжірибеден» берік қалыптасқан шартты рефлекстердің өзара үйлесуі. Мұның өзі – илеудегі жүздеген құмырсқа әрекетінің үйлесімділігінен көрініс беретін топтық мінез-қылық.
Шартсыз және шартты рефлекстердің үйлесімділігі негізінде жасалатын күрделі әрекеттерді инстинкт дейді. Инстинкт - әр құмырсқаға тән қасиет. Ал қоғамдасып тіршілік ететін бунақденелілерде арнайы «әлеуметтік» инстинкт болады. Жалпы жас құмарсқалар өз тобының иесін біртіндеп түйсініп, оны ажыратуды жүре келе үйренеді. Әдетте бір иелеудегі құмырсқалардың ішінде басқа иелеуден бір құмырсқа келіп кірмек болса, иелеу жауынгерлері бірден оның «бөтен» екенін сезіп, иелеуге жолатпайды.
Егер құмырсқаны қуыршақ кезінде басқа иелеудегі қуыршақтардың қасына орналастырса, ол қуыршақтан шыққанда осы иелеудің байырғы тұрғындары оны өз құмырсқасындай қабылдап, жатсынбай үйірлесіп кетеді. Ол кейін жауынгер болса, бұрынғы өз иелеуі құмырсқаларын өзінің жаңа иелеуіне жібермейді.
Міне, бұл құмырсқа әрекеттерінің инстинкке негізделгенін көрсетеді.
Құмырсқа илеуін іс жүзінде жойып жібер мүмін емес. Мысалы, құмырсқа илеуіне уланған нәрсе тастаса, көпшілік құмырсқалар, соның ішінде аналық құмырсқалардың біразі қырылып қалғанымен, илеудің көптеген ұяларында тірі қалған немесе азық жинауға кетіп оралған жұмысшы құмырсқалар арасында қайтадан «еңбек бөлінісі» болады. Аналық құмырсқалармен бірлесе отырып, жұмысшы құмырсқалардың біразі жұмыртқа салады, илеудегі тұқымтоп мүшелерінің саны қайтадан қалпына келеді.
Илеудегі азық жинайтын құмырсқалар қырылып қалса, көрші илеулерден жас құмырсқалар әкелініп, «құл» ретінде олардың орнын басады. Тұқымтопты қайта қалпына келтіре алудың осындай жолдары деңгейде болуы көптеген құмырсқа тұқымтобының табиғи жануарлары жоқ екенін көрсетеді. Бірақ осыған қарамастан құмырсқалар кез келген жерде тіршілік ете алмайды. Олар үшін белгі бір температурасы, ылғалдылығы, азық қоры бар аймақтар керек. Сондықтан ондай жағдайлары бар аймақтарда құмырсқалардың белгілі бір түрі ғана тіршілік етеді. Егер құмырсқалар шамадан тыс көбейіп кетсе, азық-түлік тапшылығынан қырылады. Сондықтан илеуде тіршілік ететін құмырсқалар өз маңайындағы аймақтың белгілі бір бөлігіне басқа тұқымтоптардың, тіпті өзіне жақын туыстас топтардың құмырсқаларын жібермей, сол аймақты қорғайды.
Аумақты, яғни өзінің мекенін басқа туыстастарынан қорғау – көптеген жануарларға тән мінез-қылық
Достарыңызбен бөлісу: |