Өрмекшілердің 4 жұп, бунақденелілердің 3 жұп аяқтары бар. Аяқтары көкірек бөлімінде орналасады. Олар жорғалап жүру, біреуінде жүгіру, енді біреуінде жүзу, тағы бірінде секіру, тіпті топырақ қазу қызметін де атқарады.
Сонымен қатар өрмекшілердің орын алмастырып қозғалуына, қорегін ұстап алуына құрсағының ұшындағы үш жұп өрмек бездерінен бөлінетін сұйықтық арқылы тоқылатын өрмек те көмектеседі. Көп жағдайда жас өрмекші биіктеу бұта не ағашқа жорғалап шығып, өрмек безінен «жіп» шығарады да, оның ұшын ағаштың бір жеріне бекітеді. Өзі сол өрмек жібімен төмен салбырап тұрады. Сәл жел соққанда өрмек үзіліп шудаланады, желге ілесіп ұшады. Өрмекші осы өрмек шудасының көмегімен едәуір алыс жерлерге таралады.
Бунақденелілердің көптеген түрлерінде (көбелектер, қоңыздар, инеліктер) 2 жұп қанат бар. Бұл қанаттар арқылы олар ұшып қозғалады.
ІV. Бекіту.
Сонымен жануарлардың бір тобының, кейде бір топқа жататын әр түрінің мүшелер жүйесі, жануардың даму деңгейіне сәйкес біртіндеп күрделенеді екен.
Біліміңді сына.
1. Қозғалуға қандай ұлпаның қандай жасушалары қатысады? (бұлшықет ұлпасы, жүйке ұлпасы – нейрон)
2. Шұбалшаңның қозғалуында қандай мүшелері негізгі рөл атқарады? (тері астыңдағы сақиналы бұлшықеттер, әрбір буылтығының құрсақ жағында 4 жұптасқан қысқа қылтандары бар)
3. Шұбалшаңдардың топырақтың құрылымын жақсартатыны белгілі. Мұны қалай түсіндірер едіңдер? (Тығыз топырақты «аузымен асап», ішегінен өткізіп, аналь тесігі арқылы шығарып отырады. Бұдан борпылдақ топырақтар майда түйіршікке айналып, ауа мен суды сіңіреді. Топырақ құрылымы жақсарады)
4. Былқылдақденелілер қалай қозғалады? Бұлардың қозғалуында шырыштың қандай рөлі бар? (Жүзім ұлуы, бөгет ұлуы, айқұлақ сияқты былқылдақденелілер тері бұлшықет қапшығын түзетін жұмсақ денесімен, «аяқ» деп аталатын құрсақ бөлімінің толқынданып жиырылуы, созылуы арқылы баяу жылжып қозғалады. Дене сыртын шылайтын шырыш ұлудың аяғы мен төсемік (ағаш жапырағы, су түбіндегі тас, су өсімдіктері және т. с. с.) арасындағы үйкелісті жеңілдетіп, қозғалуға мүмкіндік береді)
5. Өзен шаяны орын ауыстырып қозғалуын қамтамасыз ететін қандай мүшелері бар? Олардың қайсылары дененің қандай бөлімінде орналасқан? (Баскөкірек бөлімінде (98-сурет) сипап сезу, иіс сезу қызметін атқаратын бірі қысқа, екіншісі ұзын екі жұп мұртшалары бар. Одан соң 1 жұбы үстіңгі жақ, 2 жұбы астыңғы жақ, 3 жұбы жақаяқтар деп аталатын түрі өзгерген аяқтардан тұратын ауыз аппараты және 5 жұп жүретін аяқтар орналасқан. Жүретін аяқтардың бірінші жұбы жемін ұстайтын және жауынан қорғанатын қысқышқа айналған. Су түбінде шаян осы жүретін аяқтардың көмегімен басын алға қаратып баяу жылжып қозғалады)
6. Шаян бас жағын алға қаратып жүзе ала ма? Неге? Шаянның жүзу аяқтары неше жұп, дененің қандай бөлімінде орналасады? (Өзен шаянының құрсақ бөлімінде жүзуге қатынасатын және түрлі басқа қызмет атқаратын 5 жұп кішкентай құрсақ аяқтары бар. Құрсақ бөлімі бунаяқты және жақсы дамыған құрсақ ұшында құрсақ аяқтарының алтыншы жұбы соңғы бунақпен бірігіп жүзу қанатын түзеді)
7. Өрмекшілер мен бунақденелілер қандай мүшелердің көмегімен орын ауыстырып қозғалады? Қозғалу мүшелері дененің қай бөлімінде орналасады? (Өрмекшілердің 4 жұп, бунақденелілердің 3 жұп аяқтары бар. Аяқтары көкірек бөлімінде орналасады)
8. Омыртқасыздардың ішінде орналастырып қозғалу мүшелерінің күрделенуі және қызметі жағынан қандай жануарлар жоғары сатыда тұр? (бунақденелілер)
Үй тапсырмасы. § 44 оқу, 99-суретті салып келу.
Сабақ: 43
Тақырыбы: § 45. Омыртқалы жануарлардың қозғалуы
Сабақтың мақсаты: омыртқалы жануарлардың қозғалу мүшелерін, олардың әрбір класының өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру; түрлі тәрбиелік шаралардың әсерімен оқушы тұлғасында жағымды өзгерістерге жету.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырлған
І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезіңі
Қозғалудың жануар тіршілігінде қандай маңызы бар? (1-2 мысалмен қысқаша әңгімелеңдер).
Гидра қалай орын ауыстырып қозғалады? (тақтаға сызбасын жасап көрсетуге болады).
Бақұлумен жүргізген жұмысқа, бақылағандарыңа сүйеніп былқылдақденелілер қалай қозғалатынын әңгімелеп талдаңдар.
Диқандар, бау-бақша өсіретіндер түсім алудағы шұбалшаңның рөлін жоғары бағалайды. Себебі неде?
Реактивті тәсілмен қозғалу қай жануарларға тән? Мұндай тәсілмен қозғалу оларда қалай жүзеге асады?
Бунақденелілер қандай мүшелердің көмегімен қалай қозғалады?
Бунақденелілердің және өрмекшілердің ішінде ұшып, орын ауыстырып қозғалатындары бар. Жәндіктердің осы екі түрінің ұшуындағы айырмашылығы неде?
Тірек-қимыл жүйесінде жануарлардың орын ауыстырып қозғалуында бұлшықет қандай қызмет атқарады? Жауап нақтылы, дәлелді болу үшін ұлу, шұбалшаңды мысалға алуға болады.
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Омыртқалы жануарлардың қозғалу мүшелері жүйесімен танысуды балықтан бастайық.
Балық суда тіршілік ететіні белгілі. Сондықтан оның су ішінде еркін қозғалуын қамтамасыз ететін мүшелері мен мүшелер жүйесі жақсы жетілген.
Көптеген балықтардың дене пішіні суда жүзуге бейімделген. Бас жағы сүйірлене бітіп, тұлғаға қарай дөңестеніп жуандайды, құйрығына қарай жіңішкереді. Құйрығы жүзбеқанатпен аяқталады. Екі бүйірі сәл қысыңқы болады. Денесі сүйекті қабыршақпен қапталған. Әр қабыршақтың артқы жиегі келесі қабыршақтың алдыңғы жиегіне жапсарласа орналасады.
Балықтың құйрық жүзбеқанатынан басқа бір жұп көкірек, бір жұп құрсақ жүзбеқанаттары бар. Ал құйрық, бір немесе екі арқа және бір құйрықасты (аналь) жүзбеқанаттары сыңар болады.
Алға қарай жүзгенде құйрық жүзбеқанаты негізгі рөл атқарады. Балық көкірек және құрсақ жүзбеқанаттарының көмегімен судың төменгі қабатына түсіп, беткі қабатқа көтеріледі, әрі денесінің тепе-теңдігін сақтайды. Құйрықасты жүзбеқанаты денені берік ұстауға көмектеседі.
Балықтың су ішінде күрделі қимылдар жасауына бұлшықеттері жәрдемдеседі. Әсіресе тұлғасы мен құйрықтағы бұлшықеттер жақсы жетілген. Оның себебін өздерің ойланыңдар.
Көптеген балықтарда (сазан, алабұға, тұқы және т. б.) жүзуін реттейтін торсылдақ бар. Торсылдақ қан тамырлардан бөлінетін газдардың қоспасына толған кезде балықтың меншікті салмағы азайып, су бетіне жеңіл көтеріледі. Торсылдақ ішіндегі газдың көлемі азайғанда, дене салмағы артып, балық су түбіне қарай батады.
Торсылдақ кейбір балықтарда – дыбыс толқынын күшейтетін резонатор, ал кейбір балықтарда дыбыс шығаратын мүше ретінде жұмыс істейді.
Қосмекенділер – құрлықта тіршілік етуге бейімделген алғашқы омыртқалы жануарлар. Осыған байланысты көптеген түрлерінде екі жұп аяғы бар, олардың артқы аяқтары ұзын болады. Сондықтан олар секіріп қозғалады. Бақа сияқты тіршілігі жартылай сумен байланысты түрлерінде аяқтарының артқы жұбындағы саусақтарының арасында терілі жүзбежарғақ болады.
Аяқтары негізінен үш бөлімнен тұрады. Алдыңғы аяқта – қар, білек және алақан, артқы аяқта сан, сирақ және табан бөлімдері бар. Алақаны төрт саусақты, табаны бес саусақты. Аяқ сүйектері осы үш бөлімге сәйкес келеді. Алдыңғы аяқта тоқпан жілік, кәрі жілік және алақан, саусақ сүйектері болады. Артқы аяқта ортан жілік, асықты жілік және табан сүйектері бар. Бұлар өзара буын арқылы, омыртқа жотасымен екі белдеу арқылы байланысады. Иық белдеуі бұғанадан, қарға сүйектен және жауырыннан түзіледі. Жамбас белдеу өзара бітісіп кеткен, бір шеті омыртқа жотасымен, екінші жағы ортан жілікпен байланысады.
Қосмекенділердің тірек-қимыл жүйесінің құрылысына толық тоқталуымыздың себебі – жорғалаушылардың, құстардың, сүтқоректілердің тірек-қимыл жүйелері қаңқаларының құрылысы бір-бірімен ұқсас. Әрине, қалай қозғалатынына байланысты әр түрдің өзіне тән ерекшеліктері бар.
Мысалы, кесірткенің аяқтары денені жоғары көтере алмайтын, қысқа болады да, аяқтарына құйрығы көмектеседі. Жыландарда аяқ болмайды.
Құстардың алдыңғы аяқтары қанатқа айналған. Қанаттың қалақшасын түзетін ұзын қауырсындар – қанатты қағушы қауырсындар деп аталады. Қанат үстіндегі ірі қағушы қауырсындар денені ауада ұстайтын қалықтау бетін құрады. Құйрықтағы ірі қауырсындар – құстың ұшу бағытын өзгертуге және қонған кезде ұшуды баяулатуға жәрдемдесетін бағыттаушы қауырсындар.
Құстың беломыртқалары, сегізкөз бен құйрықтың алдыңғы омыртқалары бір-бірімен және жамбас сүйектері тұтасып, қозғалмайтындай болып байланысады. Олар денеге, артқы аяқтарға берік, мықты тірек болып табылады.
Сүтқоректілердің тірек-қимыл жүйесінің құрылысы қосмекенділер мен жорғалаушыларға ұқсас. Әрине әр түрдің қозғалуы, соған байланысты тірек-қимыл жүйесінің өзіне тән ерекшеліктері бар.
№19-зертханалық жұмыс.
Тақырыбы: Құстар мен сүтқоректілердің сыртқы құрылысындағы және қаңқасы
Мақсаты: Құстар мен сүтқоректілердің сыртқы құрылысындағы және қаңқасындағы ұқсастықтар мен кейбір ерекшеліктерін зерттеу.
Құрал-жабдықтар: құс (ұзақ не басқа) пен сүтқоректінің тұлыптары (болса әр 4-5 оқушыға бірден, болмаса мұғалімнің қасындағы оңаша үстелге, әр оқушы келіп көретіндей біреуі қойылады), құрастырылған қаңқалары, кейбір жекелеген сүйектері (қабырға, жілік, омыртқа, т. б.), құс қауырсындары. Тақтаға ілінген құс пен сүтқоректінің сыртқы құрылысы мен қаңқаларының кестелері.
Жұмыстың барысы:
1. Алдарыңдағы тұлыптардан құс пен сүтқоректінің дене бөлімдерін, пішінін мұқият қарап, кестедегі суреттерін пайдаланып, дененің әр бөлімінің атаулары, дене пішінін және жабынын, олардың ерекшеліктерін қысқаша сипаттап дәптерге жазыңдар. Екеуінің дене пішініндегі, жамылғысындағы ерекшеліктердің немен байланысты екенін ойланып, жазыңдар.
2. Екеуінің сыртқы мүшелерін қараңдар. Олардың ішіндегі әр жануардың орын ауыстырып қозғалуымен байланысты ерекшеліктеріне көңіл бөлген жөн. Ол – қандай ерекшеліктер? Жазыңдар.
3. Енді құс пен сүтқоректінің қаңқаларын мынадай жоспар сұрақтар бойынша зерделеңдер (кестелерді де пайдалануға болады): 1) Дене бөлімдерінің (бас, мойын, тұлға, құйрық, аяқтар) негізгі сүйектерін тауып, әр бөлім бойынша атауларын тізіп жазыңдар; 2) алдыңғы аяқ қаңқаларындағы екеуіне де ортақ негізгі сүйектерді анықтап, қанат қаңқасындағы сүйектердегі ерекшелікті анықтап қысқаша жазыңдар.
4. Екі қаңқадағы атауы, түрі бірдей, яғни екеуіне де ортақ бір-екі жеке сүйектерді (мысалы, қабырға, ортан жілік, төссүйек) ұстап жай салмақтап көріңдер. Қайсысы жеңіл? Бұл немен байланысты?
5. Жақ сүйектерді зерделеп, ерекшеліктерін жазыңдар.
6. Құс қауырсындарының түрлерін зерделеп, әр түрінің суретін салыңдар, желпуіш қауырсынның құрылысымен танысып, суретіне әр бөлігінің атауын сызықшамен көрсетіп жазыңдар.
7. Жұмыста көріп, зерделегендеріңе сүйене отырып, «Құстың сыртқы құрылысы мен қаңқасының сүтқоректімен ұқсастықтары және ерекшеліктері» тақырыбын қысқаша, нақтылы етіп қорытып жазыңдар.
Нәтижесі:
1) Құстар мен сүтқоректілердің қаңқасындағы ұқсастықтар мен кейбір ерекшеліктерін жаз:
|
|
Ұқсастықтары:_______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Ерекшеліктері:__________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
|
2) Құстың қаңқа бөлімдерін атап жаз:
|
1.____________________________________________
2.____________________________________________
3.____________________________________________
4.____________________________________________
5.____________________________________________
6.____________________________________________
7.____________________________________________
8.____________________________________________
Қауырсын түрлері:
а._____________
б._____________
в._____________
г. _____________
|
|
|
Қорытынды:___________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
ІV. Бекіту.
Балықтың суда жүзуіне дене пішінінің қандай әсері бар?
Балықтың суда орын ауыстырып қозғалуымен байланысты сыртқы құрылысын дағы ерекшеліктерді әңгімелеңдер.
Жүзбеқанаттар денеде қалай орналасқан? Қандай жүзбеқанаттары алға, қайсылары су түбіне түсіп, одан көтерілуіне және дененің тепе-теңдігін сақтауына көмектеседі?
Жүзбеқанаттардың қимыл-қозғалысын қандай мүшелер қамтамасыз етеді?
Құс қауырсынының түрлерін, негізгі құрылыс ерекшеліктерін қысқаша әңгімелеңдер.
Бақа аяқтары қандай бөліктерден тұрады? Кесіртке аяғынан бақа аяғының қандай ерекшеліктері бар?
Құс қанатының бақа немесе ит аяқтарымен қандай ұқсастығы бар?
Өмірден көріп бақылағандарыңа, оқып білгендеріңе сүйеніп мына сөйлемдердегі сызықшаның орнына сәйкес сүтқоректінің атауын қойып, тұтас оқыңдар: гидра адымдап жүреді; қоңыздар, сүтқоректілер жүгіреді; қосмекенділер секіріп қозғалады; құрттар(шұбалшаң) топырақ арасын үңгіп қозғалады; балықтар суда жүзеді.
Үй тапсырмасы. § 45 оқып, 104 суретті салу.
Сабақ: 44
Тақырыбы: § 46. Көпжасушалы жануарлардың көбеюі және жеке дамуы
Сабақтың мақсаты: көпжасушалы омыртқасыз жануарлардың көбею түрлерін атап, әрбіреуінің жеке анықтамасын беріп, ағзаның жалпы жеке дамуы жайлы білімдерін кеңейту; адамгершілік, экологиялық және эстетикалық тәрбие бере отырып ғылыми дүниетамын байыту.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырлған
І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезіңі
«Біліміңді сына» тапсырмасын тексеру.
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Жоспар:
1. Көбеюдің биологиялық мәні
2. Көбеюдің түрлері
3. Көпжасушалы жануарлардың көбеюі
Көбеюдің биологиялық мәні. Қарапайымнан бастап сүтқоректілерді қоса алғанда, барлық тірі ағзалар көбейеді. Тіршілік ету мерзімі бітіп немесе әр түрлі жыртқыштарға жем болып, паразиттер әрекетінен ауырып, қолайсыз жағдайлардан ағзалар өліп, жойылып жатады. Алайда көбеюдің, яғни артына дәл өзіндей ұрпақ (тұқым) қалдырудың нәтижесінде олар құрып кетпейді. Мысалы, өздеріңе жақсы таныс ит небары 14-15 жыл ғана тіршілік етеді. Олар көбеюдің нәтижесінде әр тұқым, әр түр ұрпақ беретіндіктен, жер бетінен жойылмай келеді. Көбеюдің биологиялық мәні де осында. Демек әрбір ағза – өсімдік не жануар – өзінің жеке тіршілігінде өмірге дәл өзіндей ұрпақ әкеледі.
Сонымен көбеюдің биологиялық мәні – ұрпақтар жалғасуы арқылы белгілі бір ағза түрінің сақталуы болып табылады.
Көбеюдің түрлері. Өсімдіктер сияқты жануарлар да екі түрлі жолмен (жыныссыз және жынысты) көбейеді.
Жыныссыз жолмен көбейгенде ұрпақ бір ғана ағзаның денесінен пайда болып, өсіп, дамып, жетіліп, өздігінен тіршілік ете алады. Мұндай көбеюдің мысалдарымен сендер өсімдіктерді оқығанда таныстыңдар.
Жыныссыз жолмен көбею жануарлар әлемінде де көп кездеседі. Мысалы: эвглена, амеба сияқты біржасушалы қарапайымдардың көбеюін еске түсірелік. Бұлардың әрқайсысының денесі (бір ғана жасуша ғой) екіге бөлінуі арқылы көбейеді.
Суқоймаларында қоректік зат көп болатын жылдың жайма-шуақ жылы мезгілінде гидра да бүршіктену арқылы жыныссыз жолмен көбейеді. Ең алдымен, оның денесінде бүршік пайда болады. Ол біртіндеп ұзарып өседі де, осы өсіндінің ұшында қармалауыштар, олардың ортасында ауыз пайда болады. Жас гидра алғашқы кезде аналық гидрадан бөлініп кете қоймайтындықтан, соның есебінен қоректенеді. Әбден өсіп жетілген соң одан үзіліп, өз алдына тіршілік етеді. Гидрада осындай бүршіктің пайда болуы, өсуі өсімдіктің бүршіктенуімен ұқсас. Сондықтан гидраның жыныссыз жолмен көбеюін бүршіктену дейді.
Жануарлар жынысты жолмен көбею кезінде міндетті түрде екі жыныс жасушасы: аналық жыныс жасушасы немесе жұмыртқа және аталық жыныс жасушасы немесе сперматозоид қатысады. Жыныс жасушаларын гаметалар деп атайды. Аналық гамета (жұмыртқа) мен аталық гамета (сперматозоид) өзара қосылып, жаңа бір жасуша түзіледі. Көп жағдайда аталық гамета аналық гаметаға түсіп қосылады. Сондықтан жаңа жасушаны ұрықтанған жұмыртқажасуша немесе зигота дейді. Осы зигота дамып, өсіп, жаңа жас ағзаға айналады. Көпжасушалы жануарлардың көпшілігінде аналық гаметалар аналық ағзаға (мысалы, тауық мекиені) дамиды, ал аталық гаметалар аталық ағзада (мысалы, қоразда) дамиды. Мұндай жануарлар дара жынысты жануарлар деп аталады.
Дара жынысты жануарлардың көпшілігін үй малдары атауларынан білесіңдер. Олар: сиыр, бұқа; бие, айғыр; інген, бура; ешкі, теке; қой, қошқар және т. б.
Даму деңгейі төменгі сатыдағы көпжасушалы жануарлардың, ішінде қосжынысты немесе гермафродитті түрлері де кездеседі. Себебі, гаметалардың екі түрі де (аналық және аталық гаметалар) бір жануардың өз ағзасында дамып жетіледі. Мысалы, адамның ішкі мүшелерінде паразиттік тіршілік ететін таспақұрт өзін-өзі ұрықтандырады, яғни аталық, аналық жыныс жасушалары өзара қосылып, зигота түзеді. Одан жаңа таспақұрт шығады.
Осы бір мысалдан мынадай тұжырым шығады: гермафродитизм, яғни қосжыныстылық белгілі бір жануар түрінің жойылып кетпеуін қамтамасыз етеді.
Көпжасушалы жануарлардың көбеюі. Гидра жынысты жолмен де көбейеді. Күз басында гидра денесінің сыртқы эктодерма қабатында ерекше төмпешіктер пайда болады. Бұл төмпешіктердің біреуінде жұмыртқажасушасы, екіншісінде сперматозоид дамиды. Пісіп-жетілген аталық жыныс жасушалар – сперматозоидтар суға төгіледі, ондағы әрбір жасушаның талшығы болды. Суда қозғалып жүрген сперматозоид басқа бір гидраның төмпешігіне еніп жұмыртқажасушасымен қосылады. Ұрықтанған жұмыртқажасушасының сырты қалың қабықшамен қапталады. Ал оның ішінде жасуша алғаш екіге, одан төртке, тағы солай екі еселеніп бөлінеді. Бірақ олар ажырап кетпей, өзара тығыз байланысып жатады. Күзде гидралар өледі, ал қалың қабыққа оранған көпжасушалы ұрық су түбіне түсіп, сонда қыстайды. Көктемде күн жылынып, қолайлы жағдай туғанда қабық ішіндегі ұрықтың дамуы қайта басталып, қабығы жарылады. Ал одан жас гидралар сыртқа шығып, тіршілік ете бастайды.
Шұбалшаң – гермафродитті жәндік. Жұмыртқа салардың алдында екі шұбалшаң бір-бірімен жанасады. Олар дененің бас жағында орналасқан жұмыртқа және тұқым қабылдаушы түтікшелерінің сыртқа ашылатын саңылаулары арқылы ішінде сперматозоид бар сұйықтықтармен алмасады. Сұйықтық сол тұқым қабылдауышқа жиналады. Бұл кезде құрт денесінде жұмыртқажасушалары да пісіп жетіледі. Дененің алдыңғы бөліміне таяу бунағында қоймалжың шырыш бөлініп, сілемейлі, оңай жылжитын белбеуше түзіледі. Құрт денесін жиырып, белбеушені бас жағына қарай жылжытады. Белбеуше жұмыртқа бездері мен тұқым қабылдауыштың түтікшелері ашылатын саңылауларға келгенде, оған жұмыртқажасушалары мен сперматозоидтары бар сұйықтық бөлінеді. Ұрықтану осы белбеушеде жүреді. Белбеуше құрт денесінен сыпырылып түседі. Ішінде бірнеше ұрықтанған жұмыртқалары бар осындай белбеуше пілде деп аталады. Пілдеде жас құрттар дамып, сыртқа шығады.
Өрмекшілер – дара жынысты жәндіктер. Айқышты өрмекшінің аналығы аталығынан ірілеу болады. Айқышты өрмекші күзде нәзік өрмектен тоқылған пілдеге ұрықтанған жұмыртқа салады. Пілдені ағаш қабығының арасына, тас астына және т. б. сондай оңаша, таса жерлерге орналастырады. Күзде аналық өрмекшілер өледі. Жұмыртқалары жылы пілдеде қыстап, көктемде одан жас өрмекшілер шығады.
ІV. Бекіту.
Көбеюдің қандай жолдары бар?
Жыныссыз көбею деген не?
Гидраның бүршіктену тәсілімен көбеюі неліктен жыныссыз көбеюге жатады?
Шұбалшаңды неліктен гермафродит дейді?
Пілде деген не?
Өрмекшінің көбеюінде шұбалшаңнан өзгешелік бар ма? Қандай?
Гидра зиготасы қалай, қандай жағдайда пайда болады? Бұл көбеюдің қай түріне жатады?
Шұбалшаңның жынысты көбеюі қалай жүреді? Шұбалшаңдарда қай гаметалар алмасады? Ұрықтану қайда жүреді?
Көбеюдің биологиялық мәні, маңызы неде?
Үй тапсырмасы. § 46 оқу, 106 суретті салу.
Сабақ: 45
Тақырыбы: § 47. Бунақденелілердің дамуы
Сабақтың мақсаты: бунақденелілердің даму ерекшеліктерін атап, сызбанұсқа ретінде түсіндіріп, әрбіреуіне жеке сипаттама беру; адамгершілік, экологиялық және эстетикалық тәрбие бере отырып ғылыми дүниетамын байыту.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырлған
Достарыңызбен бөлісу: |