Сабақтың тақырыбы: Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі талаптары.
Пән атауы: Этнопедагогика
Тобы: Мк-315
Күні: 30.10.2020ж
Сабақ типі: теориялық
Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі талаптары.
Қазақ қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырған дана халық. Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында осыған дәлел болып отырған мысалдар жеткілікті. Теорияны шартты түрде заң десек, қазақ үшін ол заңдардың негізгісі салт-дәстүрлері. Ал қазақ халқының ежелден өзіндік мәдени, рухани, әдеби, ұлттық дәстүрі қалыптасқан. Халқымыздың тәрбие туралы ұғымдары өз өмірінде заң ретінде қолданылып келді, олардың іске асуын ақсақалдар қадағалаған.
Әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық өлшемдері деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», «Ат тұяғын тай басар» деп қазақ халқы атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сақтап, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі тұтып, әулеттік тағылымдарды құрметтеп, адамгершілік қағидаларын қалтқысыз орындауды жас ұрпақтың міндеті, ұрпақтық борышы деп білген. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Ата-тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді аманат етіп қалдырған.
Қазақ халқында ұлттық құндылықтардың бірі ретінде отбасында ағайындық-туысқандық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлінеді. Әр отбасында балаларға әкесі жағынан «жеті ата» ұғымын үйрету, оның маңыздылығын түсіндіру ежелден бар. Балалар өздерінен бастап жеті атасына дейін жатқа біліп, олардың кім және қандай адамдар болғаны туралы мақтанып айтып жүрген. Атап өтетін болсақ: тегіміз бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата деп жіктеледі. Ағайындықтары жеті атаға толмайынша қазақтар қыз алысып, қыз беріспеген халық. «Туыстық қан араласса, ұрпақ азады» деп ата-бабаларымыз бұл тәртіпті берік сақтаған. Бұның өзі қанның тазалығын сақтап, дүниеге дені сау, салауатты ұрпақ әкелу мақсатынан туған дәстүр.
Қазақ отбасында қалыптасқан құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып қалып отырған. Ата-бабаларымыздың өсиеттерін жас ұрпаққа жеткізуші әулеттерге байланысты «текті адам», «тектілік», «тегі дұрыс ұрпақ», «тегі жақсы адамдар» деген ұғымдар көп қолданылған.
Қазақтың таным-түсінігінде «жеті ата» ұғымымен қатар, қыз және ұл жағынан аталатын «жеті ұрпақ» ұғымы да кеңінен дәріптеліп келді. Қазақтар ұл бала жағынан ұрпақтарын: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат деп атап, ал қыз жағынан туған ұрпақтарын: қыз, жиен, жиеншар, дегеншар, көгеншар деп атаған. Отбасылық тәрбие арқылы туысқандар мен ағайындар арасындағы татулықты, жылдан-жылға қалыптасып отыратын тектілікті, бір атадан тараған тұтастықты, бауырмашылдықты сақтауға бағытталған салт-дәстүрлері ұлттың бірлігін нығайтуға да негіз болғанын атап өткеніміз абзал.
Қазіргі заманғы отбасының ұрпақ тәрбиесімен шындап айналысуы ата-ананың білім және мәдени деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Егер де отбасылық тәрбие үрдісінде балалардың сана-сезімдері ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында қалыптастырылса, онда әр ұрпақ халқымыздың ұлттық құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізуді сапалы орындайтыны анық.
Отбасында қалыптасқан психологиялық ахуал (отбасылық дәстүрлер, өзара қарым-қатынастар, мейірімділік, бауырмашылдық, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу, т.б.), отбасы өмірінің күн тәртібі (күнделікті іс-әрекеттердің орындалу тәртібі, т.б. ), әрекеттер мазмұны (әкенің, шешенің, әженің, атаның, балалардың өзіндік атқаратын іс-әрекеттері, міндеттері) отбасылық тәрбиенің тиімді болуына әсер ететін негізгі факторлар болып табылады.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы отбасы тәрбиесінің де өзіне тән ұлттық құндылықтары қалыптасады. Қазақтар отбасындағы бала тәрбиесінде сан ғасырлық ғұрыптар мен қоғам талаптарын басты бағдар ретінде ала отырып, баланы өз перзенті ғана емес ұлт перзенті ретінде тәрбиелеуді көздеген.
Отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде көрініс табады. Көне заманнан-ақ қазақ халқының әдет-ғұрыптарында, салт-дәстүрлерінде тұнып тұрған ұлттық тәрбие қағидалары бар екені баршамызға мәлім. Ауылдағы ақсақалдар алқасы, отбасындағы отағасының абыройы, үлкендерге деген құрмет, кішіге деген ізет бүкіл тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болған. Халық даналары, беделді де абыройлы адамдар, ата-аналар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған.
Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Ұлтымыздың тарихында баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, оның тәртіп және мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, ұлттық мүдде үшін күресуге дайындау отбасынан бастау алғаны айқын көрініс табады.
Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Ұлттық құндылықтар және отбасылық құндылықтар барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Мысалы, философиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, құндылықтар адамға қоршаған әлемдегі құбылыстардың маңыздылығын, әлеуметтік ерекшеліктерін түсіндіру үшін қолданылады.
Ал психологиялық-педагогикалық тұрғыдан алғанда құндылықтар адамның жеке тұлға ретінде өз өміріне деген жауапкершілігін қалыптастыру, рухани әлемін байыту, әрбір адамның ерекшелігін түсіндіру, адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынастардың маңыздылығын көрсету үшін қолданылады. Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.
Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтарды зерттей келе оларды бірнеше бағыт бойынша топтастырып қарауға болады. Олар: отбасылық тәрбие арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы – ұлттық тілді құрметтеу сезімін қалыптастыру баланың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухты дамыту, отбасылық тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылуына қарай бала санасында отбасының құндылықтық мәнін ашу, отбасылық тәрбиедегі туысқандық қарым-қатынас ерекшеліктерін үйрету, бала тәрбиесіне байланысты қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлердің мәнін ашып көрсету және қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынастарға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлерді (ер бала және қыз бала тәрбиесі, жігіттік сөз, жігіттік серт, қыз намысының жоғары болуы, қыз-қонақ, қыз ұзату, үйлену тойы, құдаласу, т.б.) сіңіру.
Сонымен, отбасылық тәрбие арқылы балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады. Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселелердің бірі ретінде ұлттық тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады.
Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет болса да оның төл мәдениеті мен ұлттық құндылықтары оны мекендеген басқа ұлттардың дәстүрлеріне қайшы келмейді. Қанша ғасыр сынынан өткен ұлттық мәдениетіміз тарихи тағдыр біріктіріп отырған қанша халық арасында да өз ерекшелігімен, өзінің қайталанбас күйінде сақталуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |