Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ойындардың тілдің дамуына әсері қандай?
2. Бала тілін дамыту үшін қолданылатын әдіс түрлері
3. Қазақ тілі мен ана тілін ШЖБМ-те қатар оқытудың тиімділігі бар ма?
4.2 тақырып. Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтар
Мақсаты: Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтардың ерекшеліктерін түсіндіру.
1. Сынып және сынып комплект жағдайында тіл сабақтарын бірпәнділік жүйе бойынша сабақтарды жоспарлау
2. Тіл дамыту, шығармашылық жұмыстар
1. Сынып және сынып комплект жағдайында тіл сабақтарын бірпәнділік жүйе бойынша сабақтарды жоспарлау
ШЖБМ ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген жоғарыда аталған сабақ түрлерінен басқа оларды қамтитын мынадай сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.
Бір пәндік сабақ дегеніміз әр біріктірілген сыныптарда бір ғана математика сабағын өткізу сабағы. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді. Әр пәндік сабақтар дегеніміз математика сабағын басқа бастауыш сынып пәндерімен біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады. Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты. Ал екінші топқа жататын ана тілі, табиғаттану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді. Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады. Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар. Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады. Оқушылармен бірге отырып, көрнекі құралдар, кестелер, суреттер т.б. қарауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |