2.ШЖБМ-те ойынның ролі Ойын әдісі белсенді тұлғааралық қарым-қатынас арқылы өзін-өзі анықтау үшін өте қажет. Әрбір пәнді оқыту барысында ойындарды пайдалану мұғалімдерге өздерінің іскерлік сапалары мен тұлғалық қасиеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді, себебі ойын арқылы өзара іс-әрекетке түсу кезінде олар әртүрлі келісімдерді, қатынастарды талқылайды, іскерлік құжаттарға қол қояды, келіссөздер мен кеңестер, мәжілістер мен конференциялар жүргізеді, т.с.с.
Ойын әдісі оқу процесін белсендіру және жетілдіру құралы ретінде мына жағдайларда қолданылады:
- оқу пәнінің ұғымдарын, тақырыптарын және тұтас бөлімін меңгеру үшін дербес технология ретінде;
- жалпы технологияның бір бөлігі ретінде;
- сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде;
- сабақтан тыс жұмыста дербес технология ретінде.
Ойын әдісі педагогикалық процесті педагогикалық ойындар түрінде ұйымдастыру әдіс-тәсілдерінің тобын құрайды. Педагогикалық ойындардың басқа ойындардан айырмашылығы – онда нақты оқыту мақсаты қойылып, соған сәйкес педагогикалық нәтиже болады және олар нақты түрде негізделіп, бөлініп көрсетіледі де, оқу-танымдық бағыттылығымен сипатталады.
Сыныпта оқушылар санының аз болуы «психологиялық бір сарындылыққа» әкеледі, ал бұл өз кезегінде оқушылардың оқуға деген қызығушылығын төмендетіп, олардың енжарлығын тудырады. Мұндай бірсарындылықтан қашу үшін мұғалім шағын топтар жұмысында ойын және тренинг әдістерін қолданады.