МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
Турысбекова Жанар Кажимовна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы,
«Үржар колледжі» КММ
Үржар ауданы,Шығыс Қазақстан облысы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы мен ақындық қызметі,шығармашылығынан мағлұмат беру.
Дамытушылық: Оқушыларды өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу,ой-өрісін,рухани жан дүниесін байыту.Пікірін ашық білдіру,еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік:Ұлтжандылыққа,адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту сабағы
Сабақ типі: іздендіру сабағы
Сабақтың әдіс - тәсілдері: түсіндіру,сұрақ-жауап,шығармашылық зерттеу.
Пәнаралық байланыс:тарих, өнер.
Көрнекілігі: М.Мақатаев портреті,кітаптар көрмесі, шығармашылығына арналған презентациялық слайдтар.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, түгендеу, дайындығына назар аудару
2.Үй тапсырмасын тексеру.
3.Жаңа сабақ.
Сабақтың мақсатын баяндау.
Сабақтың эпиграфымен таныстыру.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Компьютерден М.Мақатаевтың портреті көрсетіліп, «Менің анкетам» өлеңі тыңдалады:
Менің анкетам
-Туған жерің?
-Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
-Туған жылың
-1931.Құрдасымын Шәмілдің.
-…
-Мекен-жайың?
-Мекен жайым-жер менің,
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам,қағаз,уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін.
Мұғалім:Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қарасаз деген жерде өмірге келген.Шет тілдер институтында оқыған.Қазақ радиосында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында қызмет істеген.Ең алғашқы кітабы «Ильич» поэмасы 1964 жылы жарық көрді. «Армысыздар,достар»(1966), «Қарлығашым,келдің бе?»(1968), «Мавр»(1970), «Дариға,жүрек»(1972), «Аққулар ұйықтағанда»(1974), «Чили,шуағым менің»(1975), «Өмір-дастан» (1976) атты кітаптары оқырманға таныс.Ол қайтыс болған соң шыққан «Өмір-өзен» жинағы бүгінгі поэзиядағы ірі құбылыс болып табылады.
Ақын мұрасы-сан салалы,алуан қырлы.Жалынды жырдың құдіретін танытатын арна қашанда шулы,дүбірлі замана ағымы бәріміздің көкірегімізді тілгілейтін тынымсыз сезім әлемі.
«Чили,шуағым менің» поэмасы тағдырлас жандар сезімін асыл ойдың айдынында сараптап,тұтас тұлғаға айналдырады.Жалынды Пабло Неруданың бейнесі қатал уақыт қыспағына түскен жанның сырын шертеді.Ол қып-қызыл өрт ішінде өртеніп емес,шомылып тұрғандай.
Барлық ақын баласы бір ананың,
Ақын келсе өмірге қуанамын.
Ақын өтсе өмірден жылағаным,
Барлық ақын баласы бір ананың,
Барлық ақын бауыры тірі адамның!
Ақын салған өрнекті жырды жаңғырта оқыған сайын Чилидің адал перзенті Пабло Неруданың азаматтық бейнесі көз алдыңыздан кетпейді-нар кеуделі ақын Мұқағалиды да қатар көріп тұрғандаймыз.
«Реквием»,»Чили,шуағым менің» тәрізді асқақ жырында Мұқағали халқына еңбек еткен ақын рухы мәңгі жасайды деп көкірегінде күн боп туған мақсатын әйгілеген.Ақын сөзі-ақын жүрегі.Жүрегін алақанына салып отырып ақтарған сыры. «чили,шуағым менің» поэмасын оқығанда ,бір ғажабы-Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыздың» қобыз сарыны құлағымыздае кетпейді.
Дариға-жүрек қашанда замана сырын шертеді,өмір-тарихты сарапқа салады.Мұқағали әйгілі «Ару-ана» поэмасында адамды туған заманымен қоса өрімдеп,іштей байланыстыра,қатар тарта бейнелейді.
Ол адамның дүниеге босқа келіп,босқа кетпеуі үшін ұрпақ өсіру,ізгі істер атқару-қуанышы да,қызығы да мол өмір сүруін,сол ұрпағы арқылы адамзаттың игілікті мақсатын жалғастыруды мұрат тұтуы керектігін жақсы түсінген.
Адам тек азап үшін туылмаған,
Өмір жоқ,өңі өзгеріп құбылмаған.
Өкінішпен өткерген сәттерім-ай,
Өмір сенің өзіңнен құнымды алам.
Ақынның артында мол мұра қалды.1976 жылы 26 наурызда бұрын еш жерде жарияланбаған бір топ өлеңін жастар газеті Ә.Тәжібаевтың мақаласымен басты.Аға ақын М.Мақатаевтың:
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер ер тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көреміз бәрін оның пешенеден.
Әйтеуір,білетінім бір-ақ нәрсе,
Көшеді өлең немесе өшеді өлең,-
деген жолдарына талдау жасайды.
Қорыта келгенде,Мұқағали Мақатаев-қазіргі қазақ поэзиясының классигі,ұлтымыздың ұлы ақыны.Туған халқының арман-мақсатын терең түсінген,толғай жазған,сөйтіп,жанның жыршысы болған ақиық ақынның екінші өмір мәңгілік ғұмыры енді басталып отыр.Өлмес өнері-өлеңімен жалпақ елінің жүрегіне жол тауып,бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзенттің ұрпаққа ұран болған жырларын елі де ешқашан есінен шығармасы шындық.
Қарасаз,қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған жұртым елеңдестің
Өлсе өлер Мұқағал Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім!
Иә,өлең ешқашан өлмейді!Оны жазған ақын да өлмек емес!
4.Бекіту.
1.Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы әңгімелеңдер.
2.Көп қырлы талант Мұқағалидың негізгі туындыларын атаңдар.
3.Мұқағали өлеңдерінің оқырман жүрегін баурап алар қасиеті неде деп ойлайсыңдар.
4.М.Мақатаевтың поэмаларындағы төгіліп тұрған ұйқас-ырғаққа,тебірене толғайтын шешен тілдік құралдарына (стилі,көркемдігі,символдық ерекшелігі,т.б.) назар аударыңдар.
Оқушыларға бүгінгі алған білімдерін жинақтап, «Қазақ поэзиясының Хантәңірі», «Ақиық ақын-Мұқағали Мақатаев» тақырыбында ойтолғау жазу тапсырылады (5 минут).
«Поэзия сәті» М.Мақатаевтың шығармаларын жатқа білетін оқушылар ортаға шығып,өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
5.Үй тапсырмасын беру.
1.М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында оқып келу. Өздеріңе ұнаған бір өлеңін жатқа айтып келу.
2.Мұқағалидың мұңлы да сырлы өлеңдерінің көбі әнге өзі сұранып тұратындай әсер қалдырады.Сол себепті М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған әндер көптеп саналады.Осындай әндердің өздерің білетін мәтінін нәшіне келтіріп оқыңдар.
6.Бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |