Сабақтың мақсаты: «Қазақстан тарихы бойынша әңгімелер»


-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер



бет10/14
Дата05.06.2017
өлшемі3,06 Mb.
#18043
түріСабақ
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер

Сабақтың тақырыбы: § 38. Сәулет ескерткіштері

Сабақтың мақсаты:

  • Білімділік: оқушыларға жалпы сәулет өнері туралы түсінік бере отырып Қазақстандағы орта ғасырлардағы сәулет өнерінің дамуы, тарихи ерекшелігі жайында мәліметтерді ұғындыру.

  • Дамытушылық: Қазақстандағы сәулет өнері туындыларынан нақты мысалдар келтіре отырып оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру.

  • Тәрбиелік: орта ғасырлардағы сәулет өнерінің туындыларын қазіргі замандағы архитектураның озық үлгілерімен салыстыра отырып, оқушылардьщ сәулет өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, эстетикалық тәрбие беру.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: интерактивті

Пәнаралық байланыс: география

Сабақтың көрнекілігі: Қазақстан картасы, Қожа Ахмет Йасауи кесенесі, Айша бибі мазарының суреттері. Қазіргі заманғы архитектура үлгілерінің суреттері, Астана, Алматы қалаларындағы сәулетті ғимараттар суреттері.

Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі. II. Үй тапсырмасын тексеру.

Үйге берілген 37-параграфтың мазмұнын айтқызып, оқушыларға сұрақтар қоямын. Ыбырай жайлы үйде жазған әңгімелерін екі оқушыға оқытып бес минуттық әңгіме өткізу. Бұдан кейін қысқаша үй тапсырмасын қорытындылаймын.

III. Жаңа сабақ.

Жаңа сабақтың тақырыбын тақтаға жазып, негізгі мақсатымен оқушыларды таныстырып өтемін. Бір плакатқа «Сәулет өнері - архитектура» деп жазып тақтаға іліп коямын. Сонымен қатар көрнекі құралдар арасынан Қожа Ахмет Йасауи кесенесі мен бүгінгі күнгі сәулетті құрылыс суретін тақтаға қатар іліп қоямын.

Осы суреттерге байланысты оқушыларға сұрақ қоямын.

1. Мына қүрылыстар жайлы не білесіңдер?

2. Осы құрылыстардың салыну тәсілінің ерекшелігі неде деп ойлайсыңдар?

3. Құрылыстарды осылай әдемі салу тәсілін қалай атайды?

Сұрақтарға жауап алғаннан кейін оқушылардың назарын аудара отырып тақтадағы суреттер арқылы жаңа тақырыпты таныстырып өтемін. Ерте кездегі және қазіргі замандагы әдемі құрылыстардың ерекшелігін айта отырып, осындай әсем кұрылыс салу өнерін архитектура немесе сәулет өнері деп атайтынын түсіндіремін.

Дәптерге жаздыру. Архитектура - ежелгі грек тілінен аударғанда үй салу деген мағынаны береді.



Сабақ жоспары:

1. Сәулет өнерінің тарихы.

2. Орта ғасырдағы сөулет ескерткіштері.

3. Қазіргі заманғы сәулет өнері.

Осыдан кейін жоспар бойынша тақырыпты қыскаша түсіндіруге кірісемін. Сәулет өнерінің тарихы өте тереңде жатыр. Адам баласының алғашқы баспанасы табиғи үңгірлер, жартас, тау қуыстары болған. Ауа райының үнемі өзгеріске ұшырауы және адам баласының біртіндеп жетіле түсуі ерте кездің адамдарына жаңа өмірге лайық баспана салуды қажет етті.

Сонымен адамдар баспананың жаңа түрін салып, оны біртіндеп жетілдірді.

Баспана салуға шикізат ретінде табиғи тас, ағаштарды пайдаланды.

Жоспардың екінші бөлімін түсіндірмес бұрын бір-екі оқушыға «Орта ғасырдағы сәулет ескерткіштері» тақырыпшасын дауыстап оқытып түсінігін айтқызамын.

Бұдан соң оқушыларға Қожа Ахмет Йасауи кесенесі, Айша бибі мазары, Бабаджа қатын кесенесі, Қарахан кесенесі, Жошы хан мазарының көбейтілген суреттерін таратып беріп жұптасып осы ескерткіштерге қатысты сөздер және әңгіме құрастыруды тапсырамын. Кемінде төрт оқушыға жазғандарын оқытамын да басқа оқушыларға толықтыртып талдатамын.

Оқушылардың талдауынан кейін қысқаша түсіндіріп өтемін.

Орта ғасырда Қазақстан жерінде өз заманына лайықты құрылыстар көптеп салынған. Қазақстан аумағының Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы қалалардың көптеп салынуына және де сәулет өнерінің өсіп-өркендеуіне үлкен әсерін тигізген. Отырар, Түркістан, Тараз, Сайрам, Сығанақ т.б. қалаларда керуен сарайлары, мешіт, кесене, монша сияқты ортағасырлық құрылыстар тұрғызылған. Әрине олардың көбі бүгінгі күнге дейін жеткен жоқ. Сақталғандары өте аз.

Көрнекі құралдарды пайдалана отырып олардың кейбіреуі жайында түсінік беріп кетемін.

1. Қожа Ахмет Йасауи кесенесі.

2. Айша бибі мазары.

3. Бабаджа қатын кесенесі.

4. Жошы хан мазары.

Жоспардың үшінші бөлімі бойынша оқушыларды үш топқа бөлемін. Осы үш топқа қазіргі заманғы Қазақстан қалаларындағы сәулет өнер озық туындылары болып табылатын құрылыс суреттерін беріп, ой жинақтап ақылдасуға, шағын түсінік жазуға уақыт беремін (Астана, Алматы қалаларындағы құрылыстар т.б.). Үш топтан бір оқушыдан шығып суретті тақтаға іліп ортақ ойларын айтады. Келесі екі топ мүшелеріне тақтадағы оқушыға сұрақ бергіздіремін.

Суреттерді пайдалана отырып түсінік беремін. Онда қазіргі заманғы сәулет өнерінің озық үлгілері жайлы айтып, оны ерте замандағы тарихи құрылыстармен салыстыра отырып түсіндіремін. Адамзат баласының өркениетке жетуі осындай зәулім құрылыстарды тұрғызуға мүмкіндік берді. Сәулет өнері қазіргі кезде өте биік белеске жетті т.б.



Қорытынды: «Сәулет өнері» деп оқушыларға дәптерлеріне жаздырып екі-үш сөйлеммен өз ойларын қорытындылауды тапсырамын. Өткен тақырыпты қысқаша қорытындылап өтемін. Онда сәулет өнерінің тарихына, ерекшелігіне, қазіргі кездегі жағдайына тоқталамын. Ерте кезден қазіргі уақытқа дейінгі құрылыс салу ісінің дамуына қысқаша шолу жасаймын.

Бағалау:

Үй тапсырма: 38-параграфты оқу.

5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер

Сабақтың тақырыбы: § 39. Наурыз мейрамы

Сабақтың мақсаты:

  • Білімділік: Наурыз және қазақ халқының басқа да ұлттық мерекелері туралы оқушыларға жалпылама мәлімет бере отырып, мерекелердің маңызын ұғындыру.

  • Дамытушылық: ұлттық мерекелердің қазақ халқының рухани және материалдық өміріндегі алатын орнын анықтау арқылы оларға сыни көзбен қарау дағдысын қалыптастыру.

  • Тәрбиелік: ұлттык мерекелердің маңыздылығын түсіндіре отырып рухани тәрбие беру, имандылыққа тәрбиелеу, ұлтжандылық сезімдерін ояту, үлттық дәстүрлерге құрметпен қарауға үйрету.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: интерактивті

Пәнаралық байланыс: әдебиет, музыка, бейнелеу, т.б.

Сабақтың көрнекілігі: ұлттық ойын түрлерінің және дәстүрлі үй тұрмысының суреттері.

Сабақтың барысы.

I. Ұйымдастыру кезеңі.

II. Үй тапсырмасын тексеру.

Үй тапсырмасын оқушыларға сұрақ беруден бастайды. Өткен сабақты естеріне түсіре отырып мынадай сұрақтар беремін.

1. Сәулет өнері дегеніміз не?

2. Ежелгі адамдардың баспанасы қандай болған?

3. Қазақстан жеріндегі ортағасырлық қандай сәулет ескерткіштерін білесің?

4. Сәулетті құрылыстарды салуда орта ғасырда қандай материалдарды пайдаланған?

5. Қазіргі замандағы сәулет өнерінің дамуының сыры неде деп ойлайсың?

Бұдан кейін Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жайында оқушыларға жазғанын оқытамын. Соңынан оқушылардың жазғанын толықтырып өтемін. Онда жалпы Қожа Ахмет Йасауи туралы, оның кім екенін, ислам дінін насихаттаудағы алатын орны жайлы айтып беремін.

Йасауиге арнап салынған Түркістан қаласындағы кесене орта ғасырдағы сәулет өнерінің озық туындысы, оны бір кездегі Орта Азия (Мауараннахр) билеушісі Әмір Темірдің салғызғанын оқушыларға айта кетемін.

Одан әрі қысқаша үй тапсырмасын қорытындылап өтемін.

III. Жаңа сабақ.

Жаңадан өтетін сабақтың тақырыбы мен жоспары алдын ала тақтаға жазып қоямын. Оқушыларға сабақтың негізгі мақсаттары айтылады.



Сабақтың жоспары:

1. Қазақтың ұлттык мейрамдары.

2. Наурыз мейрамы.

Ең алдымен оқушыларға дәптерлеріне жалпы қазақтың ұлттық мейрамдары және Наурыз мейрамына қатысты не білетіндерін бір сөзбен ықшамдап жазып шығуды тапсырамын. Мейрам, мерекелер жайында бесінші сынып оқушыларының аз да болса хабары бар екенін ескерсек, бұл жайында оқушылар мүдірмей жаза алады.

Бұдан сон оқушылардың айтқанын тақтаға жазып шығамын. Тақтада той, наурыз, жарыс, спорт, көкпар, күрес т.б. сөздер жазылады. Осы жазғандардың ішінен бүгінгі сабаққа байланысты сөздерін қалдырып басқасын өшіремін. Аталған сөздердің бүгінгі сабаққа тікелей қатысты екенін оқушыларға ескерте отырып, жаңа сабақты бастаймын. Оқушыларға ең алдымен «Қазақ халқынық қандай ұлттық мейрамдарын білесіңдер?» деген сұрақ қоямын.

Бұған оқушылар өз білгендерінше жауап береді. Бұдан әрі жоспар бойынша сабақты түсіндіремін.

Жоспардың алғашқы бөлімі жайлы кеңірек тоқталамын. Мұнда қазақ халқының ұлттық мерекелері жайлы түсінік беремін.

Оқушыларға дәптерлеріне баланың туғанынан бастап өскеніне дейінгі аралықта болатын ұлттық мерекелер жайында жазуды тапсырамын.

1. Шілдехана.

2. Тұсаукесер.

3. Сүндет той.

Жоғарыда аталған мерекелер жайында оқушыларға түсіндіріп өтемін. Осы мерекелердің жалпы қасиетіне тоқтала отырып, қазақ халқында сәбидің дүниеге келуінен артық қуаныштың жок екенін айтамын.

Одан әрі басқа да ұлттык мерекелер жайлы сөз қозғаймын. Оқушыларды да сабаққа катыстырып отырамын. Оларға уакыт беліп түрлі сұрақтар қоямын.

Қазақ халқының маңызды ұлттық дәстүрі екі жастың отау құрып, үйленуіне байланысты болатын салт-дәстүрлік мереке екені белгілі. Халқымыздың ертеден келе жатқан салты бойынша қыз бен жігітті бала кездерінен атастырады. Кейін қыз бен жігіттің жасы жеткен соң оларды үйлендіріп түрлі ырымдарын жасайды. Жігіт жағы қыздың ата-анасына салт бойынша қалыңмал төлейді.

Үйлену тойында алдымен «беташар» айтылып, жас келінді таныстырады. Келін жігіт жағының туыстарына иіліп сәлем береді. Бұл мерекеде жастар жағы «жар-жар» айтады. Барлық мерекелер ән-думанмен етеді.

Жоспардың екінші бөліміндегі Наурыз мейрамы жайында оқушыларға алдымен қоямын:

1. Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қандай мереке?

2. Наурыз мейрамында қандай ұлттық шаралар өтеді?

Оқушылардың жауабын тыңдаған соң Наурыз мерекесі жайында түсіндіруге кірісемін.



Наурыз мерекесі әр жылдың наурыз айының 22-жұлдызында өтеді. Бұл күн Қазақ күнтізбесінде, сонымен қатар шығыс күнтізбесінде жаңа жыл, яғни жыл басы ретінде аталады. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Дәл осы наурыздың 22-жұлдызында күн мен түн теңеседі. Наурыз мерекесі қазақ халқының ұлттық мерекелерінің ішіндегі ең негізгісі және маңыздысы болып табылады. Бұл күнді қазақ халқы ерекше қадірлеп «Ұлыстың Ұлы күні» деп атаған. Наурыз айы сонымен қатар көшпелі халық үшін мал төлдейтін қарбалас кезең. Бұл жағдай мерекенің маңызын одан әрі күшейте түседі. 70 жылдай уақыт Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болған кезде қазақ халқының наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндігі болмады. Себебі коммунистік партия барлық ұлттық сипаттағы мерекелерге тыйым салған болатын. Наурыз мерекесін ұлттық мереке ретінде өткізуге еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халқымыздың қолы жетті.

Осы жерде оқушылардан наурыз мерекесінде өтетін шаралар туралы сұраймын.

Наурыз мерекесінде адамдар бір-біріне сәлем беріп, бұрынғы реніштерін кешіреді. Наурыз мерекесінде ең бастысы «наурыз көже» жасалады.

«Наурыз көже» - наурыз мерекесі күні дайындалатын ұлттық тағам.

Оқушыларға «наурыз көже» қандай тағамдардан жасалатынын дәптерлеріне жазуды тапсырамын.

Қорытынды кезең.

Сабақты бекіту мақсатында оқушыларға дайындап әкелген сұрақ жазылған карточкаларды таратамын:

1. Қазақ халқының ұлттык мерекелеріне қандай мейрамдар кіреді?

2. Үйлену тойында қандай шаралар өтеді?

3. Наурыз мерекесі неліктен мерекелердің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады?

4. Мерекелер кезінде ететін қазақтың ұлттық ойындарын ата.

Өткен сабақтан жалпы не түсінгенін бір-екі оқушыдан сұрап етемін. Бұдан кейін оқушылардың жауабын толықтыра отырып, Қазақ халқының ұлттық мерекелері, оның ішінде Наурыз мейрамы жайында қысқаша әңгімелей отырып тақырыпты корытындылап өтемін.

Бағалау:

Үй тапсырмасы: 1. 39-параграфты оқу.

2. Наурыз мерекесі жайында әңгіме жазу.




5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер

Сабақтың тақырыбы: §40. Қазақ халқының шешендік сөз өнері

Сабақтың мақсаты:

  • Білімділік: қазақ халқының шешендік сөз өнерінің қыр-сырын түсіндіру, қазақ тілінің байлығын, құдіреттілігін, сонымен қатар Қазақ халқының рухани мәдениетінің ерекшелігі жайында мағлұмат беру.

  • Дамытушылық: өз ойларын түйіндей білуге үйрету, тарихи әңгіме жаздыру арқылы негізгі ойларын ықшамды түрде жаза білу дағдыларын қалыптастыру, тілдік қорларын дамыту;

  • Тәрбиелік: жүйелі түрде сөйлеуге, шешендікке баулу, тілдік қорларын дамыту, ана тілінде таза сөйлеуді насихаттау, қазақ тіліне деген құрмет, сүйіспеншілікті ояту.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: интерактивті

Пәнаралық байланыс: география

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

  2. Үй тапсырмасын сұрау.

«Қазақтың ұлттық мерекелері», «Наурыз» деп тақтаға жазып қойып, сынып оқушыларының көпшілігін қатыстыра отырып әңгіме өткізу. Әңгімелесу барысында көбінесе тақырыпқа қатысты проблемалық сұрақтарды қоя отырып, оқушылардың қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық мерекелері, сонымен қатар наурыз мерекесі жайында оқушылардың жеке көзқарастарын білемін. Барлығын тыңдап болған соң мұғалім үй тапсырмасын қорытындылап жаңа сабаққа кірісемін.

III. Жаңа сабақ.

Жаңа сабақтың тақырыбын тақтаға жазып, оқушыларды сабақтың негізгі мақсатымен таныстырып емін.

Тақта ортасында «Өнер алды- қызыл тіл» деп жазылған плакатты іліп қоямын.

Содан кейін оқушыларға қағаз таратып, осы қағаздарына плакаттағы жазуға байланысты әрқайсысына үш сөзден жазуды тапсырамын. Жазып болған қағаздарын айналдыра плакатқа жапсырамын. Осы сөздердің кейбіреуін дауыстап оқып беремін. Оқушылардың жазғандарының ішінен аталған нақыл сөзге жақынырағын таңдап алып, жазған оқушыдан мағынасын сұраймын. Оқушылармен бірлесе отырып плакатқа жазылған сөздерді пайдалану арқылы ортақ талқыға саламын.

Оқушыларға төмендегідей сұрақтар қойылады:

1. Сөз өнері дегенді қалай түсінесін?

2. Қазақ тілінің қандай касиеті бар деп ойлайсың?

3. Шешендік өнер қалай қалыптасады деп ойлайсың?

Сұрақ берген оқушылар жауабын тыңдап, олардың ойын білгеннен кейін жаңа сабақты түсіндіруге кірісемін.

Қазақ тілі әлем халықтарының тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі. Мұны бір кездері белгілі шығыстанушы ғалым, түркітанушы В. В. Радловтың өзі мойындап кеткен. Атақты ғалым қазақ тілінің құдіретін Еуропадағы ғажап тілдердің бірі француз тілімен салыстырған. Осындай бай тілге иелік еткен қазақ халқында сөз өнері, оның ішінде шешендік өнер барынша жақсы дамығаны белгілі. Бұрынғы кезде қазақ халқында сөздің жүйесін тауып сөйлеу, орынды сейлеу өзінше бір өнер саналған. Шешендік өнер жалпы алғанда адамға жас кезінен, балалық шақтан бастап қалыптасады. Жас кезінен бастап шебер сөйлей білу, сезді орынды қолдану жалпы қазақ халқына тән ерекше қасиеттердің бірі болып саналған.

Тақтаға Аяз би, Алдаркөсе, Жиренше деп жазып, оқушылардан олар туралы не білетінін сұраймын. Оқушылар жауабын тыңдаған соң оны толықтыра отырып түсіндіремін.

Бұлар ерте кезден бастап қазақ халқының шешендік өнерінде өзіндік орны бар кейіпкерлер болып саналады. Аталған кейіпкерлер негізінен аңыз-ертегілерде кездеседі. Осындай әдеби кейіпкерлер арқылы шешендік сөздер қазіргі күнге дейін жетіп отыр.

Осыдан кейін оқушылардың дәптерлеріне Асан қайғы, Төлеби, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұхар жырау сөз жазғызып, бұл жайлы не білетіндерін естеріне түсірулерін тапсырамын.

Оқушылардың айтқандарын тыңдап болғаннан кейін, аталған тарихи тұлғалар туралы оқушыларға қысқаша айтып беремін.

Қазақ халқында «бұрынғы билер мен шешендерден қалды» деген асқан шеберлікпен айтылған, қазақ тілінің байлығын паш еткен қанатты сездер өте көп. Бір ғана XV ғасырда ғұмыр кешкен атақты ойшыл Асан қайғының өзі артына, келер ұрпаққа тағылымы мол сөздерді көп қалдырған. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер өздерінің шешен де мірдің оғындай сөздерімен қазақ елін сыртқы жаулардан қорғауда, ел арасында ауызбіршілікті сақтап мемлекеттің іргесін берік ұстауда мол үлес қосқанын біз өткен сабақтардан білеміз.

Тақтаға төмендегідей сөздерді жазамын:


  • «Сөз тапқанға қолка жоқ».

  • «Сөз сүйектен өтеді».

Бұл мақалдың мағынасын оқушылардан сұраймын. Оны одан әрі толықтырып негізгі мағынасын түсіндіріп өтемін.

Қорытынды кезең.

Қорытындылау үшін оқушыларға түрлі сұрақтар қоямын:

1. Қазақ тілінің құдіреттілігі дегеніміз не?

2. Қазақ халқының мәдени өмірінде шешендік сөз өнерінің алатын орны қандай?

3. Шешендік адамда қай кезден бастап қалыптасады деп ойлайсың?

4. «Тілінің майын тамызып», «Тілі мірдің оғындай» дегенді қалай түсінесіңдер?

Бүгінгі сабақтан біз өзімізге қажетті не алдық?

Бағалау:

Үй тапсырмасы:. 40-параграфты оқу. Қазақ тілі, сөз өнері жайында мақал-мәтелдер жазып келу.
5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер

Сабақтың тақырыбы: §41. Қазақ даласындағы ән-күй өнері

Сабақтың мақсаты:


  • Білімділік: қазақ халқының ұлттық музыкалық мәдениетінің ерекшелігін аша отырып, оқушыларға қазақтың ұлттық ән-күй өнері мен оның дамуы туралы нақты мағлұмат беру.

  • Дамытушылық: рухани мәдениетке деген көзқарастарын қалыптастыру, өз беттерінше мәдени құндылықтарды түсіне білу және оларды бағалай білу кабілеттерін дамыту.

  • Тәрбиелік: рухани құндылықты құрметтеуге үйрету, халқымыздың ұлттық мәдениетіне деген сүйіспеншілігін ояту, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас

Сабақтың әдісі: топпен жұмыс.

Пәнаралық байланыс: география

Сабақтық көрнекілігі: Жаяу Мұса, Құрманғазы, Ақан сері, Қорқыт суреттері және домбыра, қобыз суреттері.

Сабақтың барысы.

I. Ұйымдастыру кезеңі.

Ең алдымен оқушыларды үш топқа бөлемін. Әр топқа бүгінгі тақырыпқа қатысты ат қоямын.

II. Өткенді қайталау.

Сабақты үй тапсырмасын сұраудан бастаймын. Алдымен өткен сабақтың тақырыбын оқушылардан сұраймын.

Тақтаға «Сөз өнері» деп жазып, әр топқа ақылдаса отырып осыған байланысты өз ойларын қағаз бетіне түсіруді тапсырамын. Әр топтан бір оқушы шығып жазғандарын дауыстап сыныпқа оқып береді. Жазғандарына қарай бағалап отырамын.

Сонымен қатар үйге берілген мақалдарын оқытамын. Қай топтың мақал-мәтелді көбірек жазғандарына көңіл бөліп отырамын.

Соңында үш топқа сөз өнеріне байланысты мақалдар беріп талдатамын.



  • I топқа «Жақсы сөзге жан семірер».

  • II топқа «Қаһарлы сөз - қамал бұзар».

  • III топқа «Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ».

Соңында топтардың берген жауаптарына қарай бағалай отырып, өткен сабақты қысқаша қорытындылап өтемін. Сөз өнері - халық қазынасы, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпақка жалғасып келе жатқан мұра. Сөз өнері - рухани байлық, адамзат игілігі. Халқымызда сөз өнері, шешендік өнер ежелден жақсы дамыған, оны білу арқылы қазақ тілінің, яғни біздің ана тіліміздің бай тіл екеніне көзіміз жетеді.

III. Жаңа сабақ.

Оқушыларға сабақтың мақсатын айтып түсіндіремін. Тақырыпты тақтаға жазып қоямын. Тақтаның бір жағына үш топты бағалау парағын іліп қоямын.

Алдымен мұғалім үш топқа ортақ сұрақ қойылады:



  • Қазақтың ұлттық ән-күй өнері жайлы не білеміз?

Ақылдаса отырып әр топтан бір оқушы шығып жауап береді. Және де топтың тағы бір мүшесі оны толықтырады. Берген жауабына қарай бағалау парағына бағасын қойып отырамын.

Келесіде әр топқа бір парақ қағаздан беріп, өздері білетін қазақтың ертеден келе ән-күйлерін жазып шығуды тапсырамын. Мұны уақытпен белгілеп, бір мезгілде тоқтатамын. Әр топтың жазған ән-күйлерінің санын бағалау парақшасына жазып қоямын.

Бұдан әрі сабақты баяндау жоспарын тақтаға жазып сабақты түсіндіреміні.

1. Дала әуендері.

2. Ұлттык музыка аспаптары.

3. Ән-күй өнеріндегі белгілі тұлғалар.

Музыка өнері - халқымыздың дамыған ежелгі рухани мәдениеттерінің бір саласы болып табылады. Халқымызда ежелден қалыптаскан дәстүр бойынша адам дүниеге әнмен келіп (Бесік жыры) о дүниеге әнмен (Жоқтау) аттанған. Осының өзі музыканың қазақ халқының арасында алатын орнының жоғары екенін айғақтайды. Қазақ халқында барлық той-думан, мерекелер ән-күйсіз өтпеген. Бұдан әрі оқушыларға біраз халық әндері мен күйлерін жазғызып шығамын.

Жоспардың екінші бөлімі бойынша топпен жұмыс істетемін. Ұлттық музыка аспаптарын жазғызып шығамын: домбыра, қобыз, сыбызғы, дауылпаз, жетіген т.б.

Үш қағазға әр түрлі музыка аспабының атын жазып, жасырып қоямын. Оны әр топтың бір мүшесі келіп алады. Сол таңдап алған аспап туралы әр топ ақылдаса отырып қандай жағдайда қолданатынын, неден жасайтынын атап шығу керек. Бұдан әрі осы аспап жайында әр топ бір-біріне сұрақ қояды.


  • I топ - II топқа

  • II топ - III топқа

  • III топ — I топқа

Осы аспаптардың қандай жағдайда қолданатыны және қасиеті жайында оқушыларға әңгімелеп беремін. Жоспардың үшінші бөлімі бойынша топтардың арасында шағын жарыс өткізіледі. Мұнда да уақыт белгілей отыра белгілі әншілер мен күйшілердің атын жазып шығуды тапсырамын. Оның арасында әр топтан бір оқушыдан шығарып, ән жолдары жазылған парақ беріледі. Онда осы әннің авторын табу керек.

Әр топтың жауабы мен топ мүшелерінің жауабын тыңдай отыра, бағалау парақшасына бағасын қойып отырамын.

Әншілер мен күйшілер жайында қыскаша әңгімелеп беремін.

Ертеден келе жатқан музыка өнерінде әншілер мен күйшілердің алатын орны ерекше. Қазақ халқы оларды қай заманда болсын қадірлеп өткен.

Әнші-сазгерлер: Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Мәди, Майра, Әсет т. б.

Күйшілер: Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттімбет, Дина т. б.

Ән-күй өнерінің даму тарихы, олардың түрлері жайында айта отырып оқушыларды оқулықпен жұмыс істетемін. Әр топтың мүшелеріне мәтінді дауыстата оқытып, бірігіп талқылатамын.

Қорытынды кезең

Сабақты бекіту мақсатында әр топқа карточка таратылады.

Ондағы сөздер:

1. Ән - Ақан сері.

2. Күй - Құрманғазы.

3. Музыкалық аспап - Қорқыт.

Аталған сөздерді байланыстыра отырып ой өрбіту тапсырылады. Бұдан кейін әр топқа бүгінгі тақырыпқа байланысты қорытынды сұрақтарды қояды. Артынан тақырыпқа жалпылама шолу жасап сабақты қорытындылаймын. Қазақ халқының дәстүрлі әндері жазылған күйтабақты тыңдай отырып қорытындылаймын.



Бағалау. Тақтада ілінген бағалау парақшасын пайдалана отырып және оқушылардың сабаққа қатысуын ескере отырып, мұғалім білім деңгейін бағалаймын.

Үй тапсырмасы:

1. 41-параграфты оқу.

2. Белгілі әншілер мен күйшілердің шығармаларын жазып келу.

5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер

Сабақтың тақырыбы: § 42. Халықтың ауызекі шығармашылығы

Сабақтың мақсаты:


  • Білімділік: ауызекі шығармашылық туралы, тарихты жазудағы орны жайында мәлімет бере отырып, халқымыздың ауызша шығармаларын насихаттап, шежіренің маңызын, қырларын ашу.

  • Дамытушылық: өз ойларын еркін жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру, тілдік қорларын дамытуға жәрдемдесу, танымдык ой-өрістерін дамыту.

  • Тәрбиелік: халықтың бай шығармашылық өнеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру, тарихи-шығармашылық дәстүрге баулу, тарихи әңгімелер арқылы қызығушылықтарын арттыру.

Сабақтың түрі: аралас

Әдісі: интерактивті

Пәнаралық байланыс: география

Көрнекілік: Ш. Уәлиханов, М. Ж. Көпейұлы портреттері.

Сабақтың барысы

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

  2. II. Үй тапсырмасын сұрау.

Үй тапсырмасын тексеру мақсатында сұрақтар беремін:

1. Дала әуендері дегенді қалай түсінесіңдер?

2.«Адам дүниеге әнмен келіп о дүниеге әнмен аттанады» деген сөздің мағынасын түсіндір.

3. Әншілер мен күйшілер бұрынғы кезде неліктен халыққа өте жақын болған?

4. Қазақтың қандай ұлттық музыка аспаптарын білесің? Оларды неден жасайды?

5. Күйлерді қандай күйлер деп бөледі? Неге олай атайды?

6. Қазақтың әнші, күйшілерінің ішінен кімді ерекше атайсың? Оның себебін түсіндір.

Дәптерлеріне жазған әншілер мен күйшілердің шығармаларын тексеріп шығып, бірнеше оқушыға оқытып бағалап отырамын.

Үй тапсырмасын қорытындылап, өткен сабақтан алатын өнегелеріміздің көп екенін ескертіп өтемін.

II. Жаңа сабак.

Сабақтың тақырыбы мен жоспарын тақтаға жазып, мақсатымен таныстырып өтемін. Сабақты түсіндіруде төмендегідей жоспар құрып аламын.

Сабақ жоспар:

1. Ауызша тарих - ежелгі дүние айнасы.

2. Көне мұралар.

3. Шежіре

Жоспар бойынша түсіндірмес бұрын оқушыларға сұрақ қоямын.

Тарихты біз қалай оқып, білеміз?

Оқушылардың жауабын тыңдаған соң одан әрі толықтырып өтемін.

Тарихты біз негізінен үш түрлі дерек арқылы біле аламыз:

1. Заттай дерек (археологиялық зерттеу).

2. Жазбаша дерек.

3. Ауызша дерек (аңыз, өңгіме, жыр, фольклор т.б.).

Сабақты ретімен түсіндіреді. Ауызша тарих - бізге дейін жеткен рухани мұра. Біздің ата-бабаларымызда тарихты, өткен оқиғаны ауызша айту дәстүрі өте ерте кезден қалыптасқан, және де оны үнемі дамытып отырған.

Ауызша тарих:



  • эпос,

  • аңыз,

  • шежіре т.б.

Ауызша деректер жазу пайда болғанға дейінгі кезде адамдардың тарихын, өз білгендерін, бастарынан кешкендерін кейінгі ұрпаққа қалдырудың ең басты құралы болған. Өте ерте кездегі тарихи оқиғалардың көбі дерлік бізге ауызша тарихи деректер арқылы жеткен.

Ең алғаш жаратушы туралы аңыздар пайда болса, кейіннен батырлар туралы эпостық жырлар дүниеге келген.

Ауызша тарихты зерттеуде Ш. Уәлиханов, М. Көпейұлы, М. Тынышбяев сияқты белгілі ғалымдар мол үлес қосқан. Халық аузындағы аңыздарды, жырларды, шежірелерді жинақтап, қағаз бетіне түсірумен айналысқан ғалымдар бірқатар нәтижеге жеткен. Мысалы, Ш. Уәлиханов «Манас» эпостық жыры мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырларын қағаз бетіне түсірген.

Тас бетіне түсірілген тарих ретінде белгілі Орхон-Енисей жазулары, ондағы Күлтегін, Бумын қаған, Тоныкөк құлпытастардағы жазу бүгінгі күнге дейін жеткен ірі тарихи мұра. Әлемге әйгілі «Одиссея», «Илиада», «Манас» т.б. жыр-поэмалар алдымен ауызша тарап кейіннен барып қағазға түсірілген.

Ауызша тарих айтудың бір түрі ол - шежіре. Шежіре Қазақ халқының шығу тегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан көне ғылым. Кейінгі кезде XIX ғасырдың аяғында шежіре қағаз бетіне түсіріле бастады. Шежірені зерттеуде, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде М.Көпейұлы, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердиев сияқты ойшыл ғұламалар көп еңбек сіңірген.

Оқулықпен жұмыс.

Тақырыпты бірнеше оқушыларға дауыстатып оқытып сыныппен бірігіп талдаймыз.



Қорытынды кезең:

Сұрақтар:

1. Ауызша тарих дегенді қалай түсінеміз?

2. Ерте кездегі тарихи оқиғалар қазіргі кезге қалай жетті?

3. Қандай көне мұралар, жыр-эпостарды білесіңдер?

4. Шежіре дегеніміз не?

5. Қазақ халқында ауызекі шығармашылық қалай дамыған?

Оқушылардың жауабын толықтыра отырып тақырыпты қорытындылаймын.

Бағалау:

Үй тапсырмасы.

1. 42-параграфты оқу.

2. Эпостық жырларды тыңдап немесе оқып келу.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет