Медициналық психология - дәрігердің іс-әрекетінің және аурудың мінез-құлқының аспектілерін зерттейді. Ол мынадай бөлімдерден тұрады: психикалық құбылыстардың мидың физиологиялық құрылымдарына қатынасын зерттейтін
нейропсихологиядан; адамның психикалық әрекетіне дәрілердің әсер етуін зерттейтін психофармакологиядан; адамның денсаулығы мен оны нығайтуға арналған шараларды жүзеге асыру жүйесін, оның әдіс-тәсілдерін айқындайтын психопрофилактика және гигиенадан;адамның психикалық ауытқушылықтарын зерттейтін патопсихологиядан; психикалық ауытқушылықтары бар адамдардың өзіндік психикалық ерекшеліктерін зерттеп, психотерапевтикалық көмек көрсететін клиникалық психологиядан.
Заң психологиясы - құқыққа қатысты мәселелерді реттеу және оларды тәжірибе жүзінде қолданудың психологиялық мәселелерін зерттейді. Бұл салалар: сот психологиясы, қылмыс психологиясы, еңбекпен түзету психологиясы деп аталатын тармақтардан құралады, Сот психологиясы сот, айыптаушылар, куәлар, сот тергеуін жүргізу, олардан жауап алу тәрізді т.б. жайттардың психологиялық астарларын қарастырады. Қылмыс психологиясы қылмыскердің жеке басы мен оның зиянды әрекеттерінің сырын ашады. Еңбекпен түзету психологиясы тұтқындағы адамдарды сендіру не күштеп істету арқылы қайта тәрбиелеудің жолдарын қарастырады.
Әскери психологиясы - әскери әрекеттер кезіндегі адамның мінез-құлқын, басшылар мен олардың қарамағындағылар арасындағы қатынастардың психологиялық жақтарын, әскери азаматтардың отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру, психологиялық насихаттың және кері насихаттың тәсілдерін және т.б. мәселелерді зерттейді.
Спорт психологиясы - спортшылардың іс-әрекетіндегі психологиялық ерекшеліктерін қарастырыды. Спорт жетекшілері мен бағынушылардың өзара қарым-қатынасын, оларды даярлаудың жағдайын, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, психологиялық даярлығын іздестіре келе, оларды жаттықтыру және күш-қуатын жинақтау деңгейін, жарыстарды ұйымдастыру, өткізу мәселелерінің психологиялық факторларын зерттейді. Әрбір ел мен халықтың спорт өнеріндегі ерекшеліктерін де ескере отырып, оларды жаттықтыру міндеттері анықталады.
Психология тармақтарын жіктеудің негізі ретінде дамудың психологиялық аспектілерін алуға болады. Бұл жағдайда даму принципі пайдаланылады. Енді психология салаларының келесі қатарын қарастырамыз: