№5 Зертханалық - практикалық сабақ
Сабақтың тақырыбы: Ақуыздар. Ақуыздардың бірінші реттік құрылымы.
1. Ақуыз молекуласының құрылымдық сипаты
2. Ақуыз молекуласының 3D құрылымы
3. Ақуыз молекуласының арасындағы химиялық байланыс. Пептидтік, дисульфидтік, сутектік және иондық байланыстар.
4. Ақуыз молекуласындағы амин қышқылдар қатары. Амин қышқылдарының химиялық қасиеттері
Сабақтың мақсаты: студенттерге амин қышқылдарының құрылысын, жіктелуін, қасиеттерін, қызметін және биологиялық маңызын түсіндіру.
Биополимерлердің ішіндегі мөлшері мен маңызы жөнінен ерекше орын алатыны ақуыз молекуласы. Ақуыз макромолекулаға жатады.
Ақуыз молекуласы органикалық заттардың ішіндегі алыбы екенін мына сандардан көруге болады. Мысалы, органикалық зат этил спиртінің молекулалық массасы – 60, ал жұмыртқа ақуызы – альбуминдікі – 36000, гемоглобиндікі (қанның қызыл түйіршіктері) – 152000. Ақуыз молекуласының алып болуы занды да, себебі оны құруға мыңдаған атомдардан тұратын мономерлер қатысады. Ақуыз полимері мономерлерінің рөлін аминқышқылдары атқарады. Ақуыз химиялық құрамы жөнінен гетерополимерлерге (грекше. “hetezos”-әр түрлі) жатады.
Табиғатта 200-ден астам амин қышқылдарының түрлері бар. Ақуыз молекуласының құрамына кірмейтіндері зат алмасудың нәтижесінде реакция аралық қосылыстар түрінде пайда болады.
Ақуыз молекуласының құрамына кіретін амин қышқылдарының ерекшелігі неде? Басқа амин қышқылдары неліктен ақуыз молекуласының құрамына кірмейді деген заңды сұрақ еріксіз туады. Бұл сұрақтардың жауабы мынадай мағлұматтар негізінде түсіндіріледі.
Жоғарыда айтып кеткендей, табиғатта 200-ден астам амин қышқылдары болады, бірақ, ақуыз молекуласының құрамына соның 20 түрлі амин қышқылы ғана кіреді. Себебі бұл амин қышқылдарының амин тобы да, карбоксил тобы да бір көміртегі атомымен байланысқан және ол көміртегі атомы амин қышқылының молекуласындағы бірінші тұрған көміртегі болып саналады. Ол көміртегі атомы а– амин қышқылдары деп аталады. Амин қышқылы молекуласындағы тізбектің құрамына кіретін екінші көміртегі – β, үшіншісі – γ, төртіншісі -δ т. б болып белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |