Есек пен бұлбұл (И. А. Крыловтан)
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы.
Сенбісің ақын бұлбұл, жаңа көрдім,
Атыңа жұрт мақтаған құмар едім.
Бір сайрап берсең, қалқам, өзім естіп,
Рас па екен жұрттың сөзі, сынар едім.
Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып,
Мың түрлі күйге салып толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып.
Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп тұрды елжіреп.
Бұлбұл болды, тосып тұр есек сөзін,
Есек жерге қаратып екі көзін:
“Іш пыспай-ақ тыңдарлық бар екенсің,
Әттегене-ай, білмепсің әтешті өзің!
Екенсің ән салуға сен-дағы епті,
Сен біраз әтеш әнін үйрен!”- депті.
Бұл сықылды сыншының сөзін естіп,
Көз көрмеске бұлбұл да ұшып кетті.
Демеймін жұрт мақтасын
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын.
Піл мен қанден (И. А. Крыловтан)
Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.
Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.
Қанденге бір ит кездей боп
Деді: “Әліңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!
Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой!- деді.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені”.
“Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.
Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден – ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?”
|