САБАҚ ЖОСПАРЫ
Пәні: Қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: М. Мақатаев. «Дариға жүрек» поэмасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік – Сезіммен өлең өрген жыр парағы Мұқағали поэзиясына талдау жасау, шығармаларының тақырыбын, мақсатын ұғындыру, поэманың тақырыбы мен идеясы, мазмұны мен композициясы туралы толық теориялық білім беру, поэманың негізгі кейіпкері Дариға бейнесін ашу, поэма кейіпкерлеріне мінездеме беру, ақынның поэма әсерлілігін күшейту мақсатында қолданған түрлі көркемдік құрал - тәсілдерді қолдануына талдау жасау, әдеби-теориялық ұғымдарды түсіндіру.
Дамытушылық – оқушылардың пікірталасын ұйымдастыру, оқушылардың жазу, сөйлеу мәдениетін дамыту: өз ойын дұрыс тұжырымдап, дәлелмен жеткізе білуге, еркін сөйлеуіне дағдыландыру, талдаулар жасай білу, сын тұрғысынан ойлау қабілетін, шығармашылық қасиеттерін жан - жақты дамыту;
Тәрбиелік – поэманың негізгі кейіпкері жесір Дариға бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының, соның ішінде әйелдер мен балалардың, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыс – тіршілігін, қиындығын көрсету, жасалған қастандықтың қайғылы оқиғаға ұрындыру себебін түсіндіру, жалған жабылған жала, қоғамдағы зорлықшыл, опасыз адамдардың қылығына жиіркену, сұлулық пен тазалықты сақтауға, адалдық, адамгершілік қасиеттерді жоғары қоюға меңгерту; Оқушыларды ізгілікке, адамгершілікке, адалдыққа, әдептілікке, тазалыққа, тәрбиелеу.
Техникалық оқыту құралдары және көрнекіліктер: ақын портреті, АКТ; Мультимедиялық Миг компьютерлік техникасы, ноутбуктер, тақта, бейнетаспа, слайд, нақыл сөздер, тақырыптық суреттер, сызба – кестелер, белсенді үлестірмелі құралдар, плакат, бетшелер.
Сабақтың типі: Аралас сабақ
Сабақтың түрі: Дәстүрлі емес. Интеграцияланған (дамыта оқыту) сабақ.
Сабақтың әдісі: СТО стратегиялары (венн диаграммасы, тірек сөздер, топтастыру, еркін жауап, БББ тәсілдері ), талдау, сұрақ – жауап, пікір сайыс
Пәнаралық байланыс: музыка, тарих, сурет
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі. Студенттермен амандасу, сабаққа қатысын тексеру, студенттерді топқа бөлу
Топтарға бөлу:
1. Мұқағали - ақиық ақын.
2. Өлеңмен өрнектелген өмір.
3. Ғұмыры - оның жыр – дастан.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
М.Мақатаевтың шығармашылығына байланысты жоғары деңгейлі сұрақтар:
1.Мұқағалидің шебер суреткерлігін танытатын пейзаждық, табиғат лирикасына байланысты өлеңдерінен мысал келтіріңіздер.
2.Ақын елге, жерге деген шексіз махаббатын өз жырларында қалай суреттеп көрсетеді?
3.Ақын шығармаларынан көрінетін халық даналығы-ұлттық өнегесі туралы айтып беріңдер.
4. Мұқалидің махаббат лирикасына байланысты көркемдік шеберлікпен берілген өлең жырлары туралы не білесіңдер?
Жоғары деңгейлі сұрақ қою арқылы еркін жауап тәсілін қолдану ( әр топтағы оқушылар ақын өмірін, шығармаларын баяндама, слайд арқылы немесе сұрақ - жауап арқылы, өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу немесе әндерін аспапта орындау арқылы, ауызша, жазбаша т.б. орындайды)
ІІІ.Жаңа сабақ. Мұқағали Мақатаев туралы бейнетаспаны көру, сол арқылы ақын шығармаларын әңгімелеу, тақырыпқа шығу, поэманы оқымастан бұрын «Дариға, сол қыз!» атты кино фильмнен үзінді көрсету, топ бойынша поэманы мәнерлеп оқыту, АКТ технологияларын қолдану.
Қызығушылығын ояту. М.Мақатаев өмірі, шығармалары туралы «Мұқым елдің мұзбалағы» атты бейнетаспадан үзінді көру.
Ой қозғау. Міне, оқушылар өздеріңіз поэзиясын сүйсіне оқып, тамсана тыңдаған біртуар ақынның өмірі, отбасы, еңбек жолы, шығармалары, өлеңін- өмірім деп, өмірін - өлеңім деп жырлаған ақиық ақын туралы білімдеріңізді ұштай түстіңіздер. Мұқағали мұрасы-жалпақ елдің жүрегінде,ой-парасатында, жарық жұлдыздай қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап нұр беруде. Әр ғасырдың біртуар адамы болады. Мысалы: Абайда-ой, Мағжанда-махаббат, Қасымда-от, Мұқағалида тазалық (қасиет деген ұғым) басымырақ болады. Табиғат ананың бір бөлшегі болған Мұқағали былай дейді:
Табиғат
Жанымды алсаң,
Алшы менің,
Бір түйір жерге түскен, тамшы едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің.
Артымда қалсын жерім,
Қалсын елім, — десе, енді бір өлеңінде:
Мекен жайым - жер менің,
Жерде жүрген ақын деген пендемін,
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!- деген Мұқағали
барлық өлеңіне бойындағы сезімнің ағынымен барып таусыла жазды. Барлық шығармасын соңғы өлеңіндей жазды. Өйткені “Мұқағали-бір ғасырда бір рет қана дүниеге келетін қазақ поэзиясының алтын домбырасы іспетті ірі талант иесі”. Ақын шығармаларының негізгі тақырыптары: Отанға, туған елге, халқына деген махаббаты, қоғамдағы өзгерістер, адамдық қасиет, адамгершілік, адамдар арманы, махаббат, табиғат, көңіл - күй лирикалары. Ақын үшін ерекше мәнді, қадірлі екі бейне бар: бірі - сәби болса, екіншісі- жүрек. Жүрек - ақынның қолдануында тіршіліктің, өмірдің бейнесі, адалдық пен арамдықтың таразысы, адам имандылығының қасиетті символы. Мысалға: «Жүрегім, жүйкем бар тұлғам!», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Жүрек арызы», «Соқ, жүрек!», «Жүрегім менің - жанартау» т.б. шығармалары соның айғағы. Бүгін біз сөз еткелі отырған шығарма- ақынның 1972 жылы жазылған үш бөлімді «Дариға жүрек» поэмасы. Бұл поэманы оқыған адам ауыр мұңға батады. Поэма кім жөнінде, не туралы?
Қ.Аманжоловтың «Дариға, сол қыз!» атты өлеңіне байланысты түсірілген кино фильмінен үзінді көрсету. Осы үзінді туралы не айтуға болады?
ІV. Мағынаны тану. Мәтінмен жұмыс.
Поэма терминіне түсінік беру. Поэманы оқып, мазмұнын түсіну, тақырыбын, идеясын ашу, мазмұндық жоспар құру.
Поэма дегеніміз - эпостық жанрдың бір түрі; белгілі бір оқиғаны, адам тағдырын, заман шындығын эпикалық не лирикалық үлгідегі өлеңмен сипаттайтын көлемді поэтикалық шығарма.
Поэмаға оқушылармен біріге отырып, мазмұндық жоспар құру:
Болған-ды менде бір жеңге,
Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі,
Дариға - жүрек шөлдеді.
Жалған! дедім, жалған деп айтам әлі.
Жалған-н-н!-деді жартастар қайталады.
Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен -менің періште жырым, мұратым.
Жоспар бойынша тақырыпты мазмұндау.
Поэма Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі халықтың тұрмыс - тіршілігін бейнелеп, жесір жеңге лирикалық кейіпкер (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Дариға басынан өткен зорлыққа шыдай алмай, жан азабын намысына жеңдіріп, өзіне-өзі қол жұмсайды. Поэма трагедиямен аяқталады. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде.
Лирикалық кейіпкер дегеніміз - қиялдан туған лирикалық қаһарман, ақын сол арқылы халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек мақсаттарын көрсетеді.
V.Бекіту жұмыстары: Топ ішінде композициялық құрылысын жасату, теориялық талдау.Топ бойынша СТО стратегиясын енгізу. Оқытудағы жаңа тәсілдерді пайдалану. Берілген тапсырмаларды жұп, топ арасында талқылау. Өз жауаптарын қорғау.
1.Поэманың композициялық құрылысы:
Оқиғаның басталуы: Болған-ды менде бір жеңге. Дариға жеңге.
Оқиғаның дамуы: Дариғаның соғысқа кеткен жарына деген сағыныш әні:
Аққудай едім - көлдегі,
Сұңқардай едім - жердегі
Дариға жүрек шөлдеді...
Оқиғаның шиеленісуі: Дариғаға жасалған қастандық, зорлық
Оқиғаның шарықтау шегі: Жалған кінә
Оқиғаның шешімі: Дариғаның өлімі
Оқиға соңы. Эпилог:
Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен - менің періште жырым, мұратым
Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,
Дариға- жүрек, өмірге берді бір ақын
Эпилог – көркем шығарманы қорытындылайтын компонент.
2. Тірек сөздер стратегиясын қолдану.
І топ. Талдау: Ақын шеберлігімен танылған көркемдік құралдарды табу, шығарманың идеясын ашудағы әсерін әңгімелеу.
Үлгі:
Бағады сыбыс, естілер емес ән бірақ. (кейіптеу)
Жартастар жатыр, жалаңаш тастап кеудені,
Сайлар да, міне, сарыла- сарыла, шөлдеді.
Мазасыз бұлақ маңайға тыным бермеді,
Сендер ғана - мәңгілік ескерткіштер, (аллитерация, анафора)
Сендер ғана - мәңгілік құдайсыңдар;
Сендерге мен шыңғырып шынымды айтам,
ІІ топ. Дәлелдеу: М.Мақатаевтың «Дариға, жүрек» поэмасының тақырыбын анықтап, поэманың не үшін солай аталғанына дәлел келтіру
ІІІ топ. Сипаттау: Поэмадағы кейіпкелердің іс әрекетіне талдау жасай отырып, өзінше бағалайды. Мінездеме береді.
ІV топ. Зерделеу: Поэманың қорытынды түйіні. Ақынның айтқысы келген ойы.
3. Венн диаграммасы: Топ оқушыларымен бірлесе отырып салыстыру: М.Мақатаев «Дариға жүрек» поэмасын Қ.Аманжоловтың «Дариға, сол қыз!» өлеңімен салыстыру
4. Постер қорғау.Әр топ Ұлы Отан соғысы кезеңін, майданның сурет салғызу, қорғау.
5. Ақын шығармалары бойынша БББ кестесін толтыру. Білемін, білдім, білгім келеді.
VІ. Қорытындылау. Рефлексия
«Баққа саяхат» әдісі арқылы сабақты қорытамыз. Студенттер бүгінгі сабақтан алған білімін сұрақтарға жауап беру арқылы жапырақ бетшелерге өтініш, өлең, жарлық, әңгіме түрінде жазып, маркерлі тақтада салынған бәйтерекке жапсырады. Барлығы болған соң, қабырға газетіндегі пікірлерін талдайды, сараптайды, бағалайды.
Сабақты қорытындылау сұрақтары:
Ақын шығармаларының қазіргі әдебиетімізде, мәдениетімізде, халық өмірінде алар рөлі қандай?
Бүгінгі тақырып бойынша көтерілген мәселе қазіргі өмірде кездесе ме?
Бүгінгі сабақтан алған әсеріңіз, жаңалығыңыз?
Алған біліміңізге байланысты алға қояр мақсатыңыз қандай?
VІІ Бағалау. Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды бағалау.
VІІІ. Үй тапсырмасы: Поэмадағы Дариға кейіпкердің әрекетіне талдау жасай отырып, эссе жазу
Достарыңызбен бөлісу: |