«Мен жастың жайсаңы едім» Кіші жүз Жарасбай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіріп, артынан құн даулап неше рет барса да теңдік бермепті. Ол кезде Бала бидің шын аты Ыбырай екен. Қыпшақ елі баршамыз деп тағы да жиналғанда Ыбырай тілек қылып бірге кетеді. Жарасбай елінің Ысмайыл деген егде тартқан қарт биі жұртты сөзден тосып, теңдік бермей жүреді. Ел тағы да сол Ысмайылды алдырыпты. Бас қосқан кезде екі жағынан да үш адамнан шығыпты. Қыпшақ жағынан үштің бірі болып бала Ыбырай шығады. Баланы көріп қарт би былай дейді:
«Баланы мұнда неге әкелдіңдер? Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын жер емес пе! Түйенің тайлағы, баланың ойнағы ма бұл?! - дейді.
Сонда Бала би былай деп жауап қайырған екен:
Үш жүздің баласы бас қосқанда Орманбет би: «Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, кәрінің сайтаны даулайды», - деген екен. Сен кәрінің сайтаны едің мен жастың жайсаңы едім. Қартайғанша дауға араласатын нең бар? – депті.
Қарт сөзден тосылып, құн берген екен. Ыбырай содан былай Бала би атанып кетіпті.