Сабақ жоспары
Пәні: Қазақ тілі сыныбы 5 күні 06.03.14.
Сабақтың тақырыбы: Термин сөздер
Сабақтың мақсаттары:
Білімділік: термин сөздер туралы түсінік беру,бастауыштан алған білімдерін еске түсіру.
Дамытушылық:алынған білімді есте сақтауға дағдыландыру, сөйлеу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік: орындалатын тапсырмалар арқылы бірін-бірі тыңдауға,сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабқтың көрнекілігі: слайд,
Әдіс –тәсілдері: түсіндіру,талдау, сұрақ-жауап т.б.
Ұйымдастыру кезеңі:оқушылармен сәлемдесу,түгелдеу, сабақтың мақсат –міндетімен таныстыру.
Үй тапсырмасын сұрау.
Жаңа сабақ
Әрбір тілдің сөздік құрамында жалпыға ортақ сөздермен қатар,ғылым мен техниканың,өндіріс пен шаруашылықтың жеке бір саласына ғана тән арнаулы сөздер де болады. Тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі саласына қатысты қолданылатын сөздерді термин сөздер деп атаймыз. Термин сөздердің басты сипаттары мынадай:
1.Термин ғылым мен техниканың әр саласына тән болуы керек;
2. Термин сөздер дара, бір ғана мағыналы болуы керек ;
3.Термин сөздердің көпшілігі дүние жүзі тілдерінің халықтарына ортақ болуы керек;
Термин сөздерді кейде арнаулы сөздер деп те атайды.Қазақ терминологиясы қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып, қауырт жиналуда,қазірдің өзінде терминдердің жетпістен астам сөздігі бар.
Сабақтың барысы: Оқушыларды екі топқа бөліп тақырыптық тапсырмалар беріледі. 197-жаттығуды орындау. Мәтінді көшіріп жазып ішінен термин сөздердің астын сызу.Кестеде көрсетілген әріптердің ішінен термин сөздерді табу.198-жаттығуда мәтінге ат қойып, термин сөздерді пайдалана отырып мәтінді толықтыру. Карточкамен жумыс.Термин тақырыбына байланысты жасалған ребусты шешу.
Сабақты бекіту: Рефлекциялық сурақтар арқылы оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеру дәрежесін тексеру.
Қорытынды: өтілген тақырыпты қорытындылау.
Үйге тапсырма: 207-жаттығу,ережені жаттау.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесіне алғаш көңіл аударған А. Байтұрсынұлы «Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты еңбегінде құрмалас сөйлемге қатысты түсінік береді [1: 300-310]. Оны сыйыса құрмаласу және қиыса құрмаласу деп бөліп қарастырады. Автордың сыйыса құрмаласу деп берген сөйлемдері (Қарабай мен Сарыбай аңға шықты) қазіргі замандағы тілдік таным тұрғысынан талдағанда бірыңғай мүшелі жай сөйлем деп танылғанымен, аталған сөйлемнің оны құрмалас сөйлеммен барабар ететіндей әлдебір тілдік заңдылықтың негізінде қалыптасқандығын жоққа шығара алмаймыз (салыстырыңыз: Қарабай да аңға шықты, Сарыбай да аңға шықты).
Қиысқан құрмаластарды салалас, сабақтас деп жіктеп, салаластарды мағынасына қарай жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы және қойылыңқы деп бөлсе, сабақтастарды бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқы деп бөледі. Құрмалас сөйлемді «күрделі сөйлем» деп атаған Қ.Жұбанов оны салалас және сабақтас деп жіктеп қарастырады [2: 231]. 1936 жылы орта мектептің 5-7 сыныптарына арналған «Қазақ тілінің программасында» құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары мен амал-тәсілдері көрсетіліп, мағыналық түрлеріне тоқталған. Құрмаласты жасайтын амал-тәсілдер салаласта: алғашқы сөйлем баяндауышы құрамындағы еді көмекші етістігі, шартты рай тұлғасы, көсемшенің –п тұлғасы, да, және, сосын дәнекерлері, сол себепті, сондықтан, сөйтіп, бірақ, сөйтсе де, я, әйтпесе, не болмаса, үйткені, неге десең т.б. жалғаулықтары, осы, сол, бұл есімдіктері; сабақтаста, негізінен, құрамында қатыстық сөздері бар шартты рай тұлғалы етістіктерге негізделген. Салалас құрмаластарды өз ішінде ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт жағдай деп бөледі де, сабақтастарды анықтауыш бағыныңқылы, толықтауыш бағыныңқылы, пысықтауыш бағыныңқылы деп саралайды [2: 359].
Құрмалас сөйлемді зерттеуді алғаш рет практикалық мақсатта емес, ғылыми тұрғыдан қарастырған С.Аманжолов құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, аралас және тиянақсыз сабақтас деп төрт түрге бөліп қараса [3: 359], құрмалас сөйлемдерді арнайы зерттеген Н.Сауранбаев бұл мәселеде бірнеше пікір ұсынды: алғашқы топтастыруда құрмаластарды салалас және сабақтас деп жіктесе [4 ; 46], кейінірек салалас құрмалас, сабақтас құрмалас және іргелес құрмалас деп топтайды [5; 34-106], ал соңғы топтастыруда құрмаластарды 4-ке бөледі: салалас, сабақтас, аралас, үйірлі мүшелі сабақтастар [10; 520], С.Жиенбаев құрмаластың тек салалас және сабақтас деген 2 түрі бар екенін, ал аралас құрмаластың “өз алдына бір бөлек заңдары жоқ” екенін айтады [11;33]. Н.Сауранбаев сөйлемнің бұл түрін сабақтас, салалас, іргелес деп үш үлкен топқа бөледі. Автор құрмаластың жалғаулықсыз байланысқан түрін жеке алып «іргелес» деп қарастырады.
Аталған топтастырулардың қолданыстағы топтастырулардан елеулі айырмашылықтары болғанымен, бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда назар аударатын тұстары да жоқ емес.
Профессор Н.Сауранбаевтың “Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі” атты очергінде іргелес құрмаластар деп отырғаны – тілімізден берік орын алып, әбден қалыптасып кеткен жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Мұндай сөйлемдерді салаластың бір тармағы есебінде қарамай, жалпы құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде түсіндірген. Ондағы дәлелі – “іргелес құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі - ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дәрежеде құрмаласатындығы және сөйлемнің баяндауышы тиянақты қалыпты болатындығы. Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сипаттап, бір-біріне тәуелді болып байланысады” [10; 27-28 ].
Сонымен бірге бағыныңқы компоненттің табиғатын сөйлем мүшелерінің атқаратын қызметімен теңестіре қараған ғалым: “Бағыныңқылар басыңқы сөйлемегі бір жай мүшенің қызметін атқарады , я соның орнына жүреді”, -дей келіп, сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін төмендегіше жіктейді:
Анықтауыш бағыныңқылы;
Толықтауыш бағыныңқылы;
Пысықтауыш бағыныңқылы - мұның өзі ішінара мезгіл, себеп-амал, мақсат пысықтауыш бағыныңқылар болып ажыратылған.
Шарт бағыныңқылы;
Қарсы бағыныңқылы;
Салыстырма бағыныңқылы сабақтас.
Үйірлі мүшесі бар сөйлемдерді ғалым екі жақты түсіндіреді: егер есімшелі сөйлемдердің өзіне қатысты бастауышы болмаса, ондайларды есімше анықтауыш үйірлі мүшелі жай сөйлем дейді де (Емтихандарын уақытында өткізген студенттер демалысқа кетті), егер бастауышы болса, мұндайларды анықтауыш бағыныңқы деп түсіндіреді (Асан кітапханадан алып оқыған қызық кітап бүгін маған тиді).
Ғалым Б. Шалабай құрмалас сөйлемдерді байланыс сипатына қарай салалас және сабақтас деп бөледі де, үш немесе одан да көп предикативтік орталықтан құралған құрмаластарды көп компонентті құрмаластар деп, оны өз ішінде көп компонентті (сыңарлы) салаластар, көп бағыныңқылы сабақтастар және аралас құрмаластар деп жіктейді. Салалас құрмаластарды компоненттерінің байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз деп жіктейді де, жалғаулықты салаластарды мағыналық қатынастарына қарай ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты, талғаулы, кезектес деп саралайды [18; 690-692]. Назар аударатын мәселе — автордың құрмаластарды, алдымен, предикатив сыңарларының санына қарай жіктеп алуы.
Ал ғалым Р. Әмірдің классификасы өзіндік жаңалығымен ерекшеленеді. Ол қазақ тілі құрмалас сөйлем жүйесіндегі үш құрылымдық түрді бөліп көрсетеді: 1. Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер; 2. Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер; 3. Сабақтас құрмалас сөйлемдер. Оның ішінен іргелес салаластарды бөліп алып, оны құрылыс ерекшелігіне қарай тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер, ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер деп топтайды да, одан әрі төмендегідей грамматикалық-семантикалық топтарға жіктейді:
Мезгілдік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Қарсылықтық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Себептік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Шарттық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Объектілік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
Ал жалғаулықты салалас құрмаласты өз ішінде ыңғайлас салалас, себептес салалас, қарсылықты салалас, талғаулы және кезектес салаластар деп жіктейді [19; 695-701].
Автордың көрсеткен іргелестері құрмалас сөйлем қалыптаса бастаған кездегі сөйлемдерден өзгеше сипатта, кейіннен пайда болған коммуникативтік талаптарды ескергендігінен туындағандығы айқын.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді топтастыруда бірнеше ұстаным негізге алынды. Дәстүрлі топтастыруда құрмаластың үш түрі көрсетіледі: салалас, сабақтас және аралас. Қазіргі тілтанымда құрмаласты топтастырудың бірнеше түрі қолданылады. Алдымен, құрылымдық ұстаным бойынша, құрмалас сөйлемдерді құрамына (құрамындағы предикатив сыңарларының санына байланысты) қарай екі үлкен топқа бөліп қарастырамыз:
екі (қос) құрамды құрамаластар;
көп құрамды құрмаластар.
Екі құрамды құрмаластардың құрамындағы компоненттердің бір-бірімен грамматикалық байланысу тәсіліне қарай салалас және сабақтас деп, ал көп құрамды құрмаластарды аралас, көп компонентті салалас, көп бағыныңқылы сабақтас деп жіктеуге болады.
Сонымен, екі құрамды салалас, сабақтас сөйлемдер мағыналарына қарай төмендегiдей түрлерге бөлiнедi: Жалғаулықты мезгiлдес салалас сөйлем мен жалғаулықсыз мезгiлдес салалас сөйлем; жалғаулықты себеп-салдар салалас сөйлем мен жалғаулықсыз себеп-салдар салалас сөйлем, жалғаулықты қарсылықты салалас сөйлем мен жалғаулықсыз қарсылықты салалас сөйлем, жалғаулықсыз шартты салалас сөйлем мен жалғаулықсыз шартты салалас сөйлем, жалғаулықты салыстырмалы салалас сөйлем мен жалғаулықсыз салыстырмалы салалас сөйлем.
Үнемi жалғаулық шылау арқылы жасалатын салалас сөйлемдер: талғаулы салалас сөйлем пен кезектес салалас сөйлем.
Жалғаулықсыз салалас сөйлемге түсiндiрмелi салалас сөйлем жатады. Көп компоненттi салалас сөйлем екi не одан да көп жай сөйлемдерден тұрады. Кейде бұл сөйлемдер сыйыса айтылады.
Құрмалас сөйлемдерді баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай есімді құрмалас сөйлемдер, етістікті құрмалас сөйлемдер деп бөлуге толық негіз бар. Аталған топтастырудың қай-қайсысы болмасын, қазақ тіл білімінде бірі жеткілікті, бірі аз мөлшерде болса да талданып жүр.
Синтаксис ғылымындағы жаңа көзқарастар мен соны бағыттар жалпы құрмаластарды баяндауыштарының тұлғалық ерекшеліктеріне қарай емес, қос компоненттің арасында түзілетін мағыналық қатынасты негізге алып топтастыруды теріске шығармайды. Мағыналық ұстаным бойынша құрмаластардың төмендегідей түрлері көрсетіледі: ыңғайлас мәнді құрмаластар, шарт мәнді құрмаластар, қарсылық мәнді құрмаластар, салыстырма мәнді құрмаластар, мезгіл мәнді құрмаластар, себеп мәнді құрмаластар, амал мәнді құрмаластар, мақсат мәнді құрмаластар, түсіндірмелі мәнді құрмаластар, кезектестік және талғау мәнді құрмаластар.
Сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай топтастыру дәстүрі де бар. Оның алғашқысы бойынша сабақтастар:
Есімше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;
Шартты рай формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;
3. Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер деп жіктеледі.
Құрмалас сөйлемдерді оқыту әдістемесін қазақ тілі әдістеме ғылымында Б.Құлмағанбетова, Х.Арғынов зерттеді. Ғалым Х.Арғынов « Құрмалас сөйлем синтаксисінің методикасы» деген зерттеу еңбегін 1964 жылы жариялаған
1.1. Құрмалас сөйлемді оқытудағы шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесінің зерттелу жайы. Бұл тараушада қазақ тілінен құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу мәселесіне шолу жасалды. Соңғы кездердегі ғылыми-әдістемелік еңбектерге сараптама жасалып, құрмалас сөйлемді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеуге басшылық жасайтын көзқарастар мен пікірлерді, бағыттарды анықтауға талпыныс жасалды. Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі 1963 жылы Б.Құлмағанбетованың еңбегінде, 1964 жылы Х.Арғыновтың еңбегінде арнайы зерттелді. Алайда, осы әдістемелік еңбектерде құрмалас сөйлемнің теориясын меңгерту жолдары мен тәсілдері айқындалып ұсынылды, шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесі арнайы қарастырылмады. Оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеудің дидактикалық және әдістемелік мәселелері М.М. Поташник, В.П. Беспалько, Л.С. Выготский, В.И. Андреев, А.Н. Лук, А.А. Мелик-Пошаев еңбектерінде жан-жақты қарастырылса, отандық зерттеушілер С.Рахметова, Ф.Оразбаева, Қ.Қадашева, Н.Құрманова, А.Жапбаров, Б.Тұрғынбаева, Б.Қабатай, А.Жанабилова, Н.Шадиева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде түрлі қырынан ғылыми негізделді деп айта аламыз. Бастауыш, орта мектепте, жоғарғы оқу орнында қазақ тілін оқытудағы шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырудың ғылыми-теориялық, әдіснамалық жолдарын зерделеп берген бұл ғалымдардың еңбектерінде шығармашылықты дамытудың ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелері жан-жақты сөз болды.
«Шығармашылық» деген сөздің мәні адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл-ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінеді. Шығармашылық – адамның ойлауының және өз бетінше әрекетінің жоғарғы деңгейі.
Қазақ тілін оқытудың әдістемелік мәселелері А.Байтұрсынов еңбегінен бастау алып, кейін С.Аманжолов, Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, Т.Қордабаев, Б.Құлмағанбетова, Х.Арғынов, А.Әбілқаев, С.Исаев еңбектерінде оқу-тәлімдік ой-пікірлері мен тәжірибелерінде көрініс тапты. Ал соңғы жылдары диссертацияда жоғарыда аталған әдіскер ғалымдардың еңбектері мен шығармашылықты дамытудың әдістемелік ұстанымдары анықталған зерттеулер жан-жақты талданып, жұмысымызға әдістемелік тұрғыдан басшылыққа алынды. Ғалымдардың әр кезеңдегі зерттеулерін саралай келе, әрбір кезеңнің баланың шығармашылық тұлғасының дамуына өз үлесін қосқандығы пайымдалды. Ең бастысы, құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеудің амал-тәсілі меңгеріліп, оны оқытуда ұтымды пайдаланып, дұрыс ұйымдастырылған кезде, қоғам жайында жаңаша ойлайтын, мәселенің шешімін таба алатын тұлға қалыптастырумен бірге, оқыту үрдісінің демократиялануына жол ашылатындығы анықталды.
8-сынып құрмалас сөйлемдерді оқытудағы шығармашылық жұмыс. Мұнда 8-сыныпта құрмалас сөйлемдерді оқыту кезінде жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың мазмұны сөз болып, оны тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Құрмалас сөйлемдерді оқытудағы шығармашылық жұмыс – оқушының ізденушілігін, зерттеушілігін қалыптастыратындай, ойлауға, пайымдауға, дәлелдеуге, ой тұжырымын жасауға үйрететіндей жұмыс түрлері. Оларды мынандай тапсырма түрлері қамтиды: құрмалас сөйлемнің түрлеріне топтау жасау, оны әрі қарай классификациялау; құрмаластың түрлерін салыстырып, Венн диаграммасына түсіру; құрмалас сөйлем түрлерінің өзара ұқсастықтары мен айырмашылығын анықтау; мәтіндегі кейіпкерлерге сипаттама беру, олардың іс-әрекетіне көзқарасын білдіру, баға беру; мәтіннен құрмалас сөйлемдерді табу; мәтін кейіпкерлерін сомдаттыру (драмалау); өлеңдерді өз сезімдерін, көңіл-күйлерін білдіре оқыттыру және неге олай оқығандығын түсіндірту; әңгімені өз авторлығымен аяқтату; мақал-мәтелдердің мазмұнына сәйкес құрмалас сөйлемдерді қатыстыра өмірден мысалдар келтірту, құрмаластың қай түрін қолданғанын дәлелдеттіру, мәтінде көрсетілген іс-әрекеттің пайдалы және зиянды тұстарына талдау жасаттыру; мәтінде берілген құрмаластың түрлерін бір-біріне айналдыртып жаздыру т.б. Шығармашылық жұмыстарды орындау кезінде мақсатқа жету үшін мұғалім тарапынан оқушыға көмек беріліп, жетелеп отыруы қажет. Сондықтан шығармашылық жұмыстарды орындау ұстаз бен оқушының субъект-субъектілік қатынасы негізінде бірін-бірі толықтыру, қолдау көрсету жағдайында өтеді.
Мұғалімнің оқушымен бірлесіп шығармашылық еңбек етуіне ғалым В.И. Андреевтің ұсынған ережелері басшылыққа алынады.
Педагогтің, мүмкіндігінше, өзінің ұстаздық шеберлігін және шығармашылық қабілеттерін үнемі дамытып, шыңдап отыруы қажеттігі; ұстаз өз оқушыларымен қарым-қатынаста үнемі демократиялық стильді дамытуы керектігі; мұғалім оқушының шығармашылық қабілеттерін және басқа да тұлғалық сапаларын дамытуда үнемі онымен бірге осы қасиеттерді дамытудың жолдары мен құралдарын іздестіруде болуы және шығармашылық тапсырмаларды шешудің тамаша әдістерін бірге талқылау, жаңа ой-пікірлерді бірлесіп іздестіру т.б. секілді қағидаларды сақтау негізінде іске асырылады.
Құрмалас сөйлемді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесі үшін В.П. Беспальконың білімдік деңгей көрсеткіші маңызды орын алады. Осы білім деңгей көрсеткішін басшылыққа ала отырып ұйымдастырылған шығармашылық жұмыстар нәтижесінде оқушының қарапайым білімдерін жетілдіріп, тереңдетеді. Өз ізденісі нәтижесінде оқушының жаңа білімге қол жеткізетін кезеңі III деңгей екені анықталды. Бұл кезде оқушы оқулық бойынша берілген білім көлемін мынандай тапсырма түрлері арқылы өз бетімен толықтырады.
1-тапсырма. «Адасқан сөйлем». Топ-топқа бөлініп берілген құрмалас сөйлемдердің өзіндік белгілерін салыстыра отырып, адасқан құрмалас сөйлемдерді сызық арқылы өзінің тобына бағыттап көрсетіңдер. Ал құрмалас емес деп шешкен сөйлемді топтан шығарып тастаңдар.
Мұнда оқушы құрмаластың үш түрін өз топтарына орналастыру үшін оларды әбден салыстырады. Олардың компоненттерінің орналасу жолдарын, ережесін ойша еске түсіріп, ерекшеліктерін дәлелдейді. Топтан шығарылуға тиісті үйірлі мүшелі сөйлемді дәл тапса, оны құрмалас сөйлеммен шатастырмай жаңа білім қалыптастырады.
2-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді құрмаластыра қайтадан құрыңдар. 1. Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді. 2. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.
Тапсырманың шешімін табуға ұмтылған оқушы нәтижеге қол жеткізу жолдарын өзі іздейді. Оған өзінің көзқарасын білдіріп, дәлелдейді. Осындай жолмен шешімін тапқан жұмыс оқушы шығармашылығы болып табылады.
2.2. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу технологиялары. Бұл тараушада ұсынылып отырған оқу-әдістемелік кешен материалдары мен шығармашылық білімді оқушыға ұсынудың, оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырудың технологиялары сараланып, нақтыланды. Оларды қолданудың жолдары талданды. Дамыта оқыту технологиясы мен оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының оқушы шығармашылығын дамытудағы тиімділігі көрсетілді. Дамыта оқыту технологиясының инновациялық сипаты оқушының өз болашағының иегері ретінде танумен, білім мазмұнын олардың өздігінен білім ала білу, ізденімдік-зерттеушілік қабілеті арқылы даму жолын игеруші ретінде тануымен ерекшеленеді. Бұл технологияда мұғалім оқушыларға дайын біліммен емес, проблемалық сұрақтармен келеді, берілетін білім сипатына қарай проблемалық баяндау әдіс-тәсілдері мен жолдарын өзі ізденіп табады. Л.С. Выготскийдің идеясын ұстана отырып, дамыта оқыту технологиясының мәні оқушылардың теориялық ойлауын дамытуда деп тұжырымдаған Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдов өз зерттеу еңбектерінде негізгі орталық ұғым ретінде – ойлау және сонымен байланысты даму ұғымдарын мәселе етіп қояды. Дамыта оқытудағы оқу және оқыту – танымдық әрекеттің, яғни ойлау әрекетінің бір түрі, баланың дамуында шешуші рөл атқаратын негізгі әлеуметтік фактор. Мұндағы негізгі мақсат объективті өмірдің, дүниенің ғылыми жүйесін құру, өмірді сол жүйе арқылы тану, зерттеу. Бұл бағытта берілген білім оқушының жан-жақты дамуын, соның ішінде адамгершілік, ізгілік қасиеттерін қалыптастыруына және теориялық ойлауы мен тілінің дамуына, білімді сапалы меңгеріп, оны саналылықпен өмір тәжірибесінде қолдана білуін қалыптастырады. Ч.Темпл, К.Мередит, Д.Стилл ұсынған «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы оқушының өзінің шығармашылық ойлауының орын алуына мүмкіндік беру, шешім қабылдауға үйрету, жауапкершілігін арттыруымен ерекшеленеді. Бұл бағдарламаны ұсынған ғалымдар сыни ойлауға қай жаста да үйренуге болатындығын, ол үшін арнайы жинақталған жүйеге келтірілген жаттығуларды тұрақты және мақсатты түрде жүргізу қажеттігіне тоқталады. Технологияның философиясын түсіну үшін осы жерде сыни ойлау ұғымының мәнін ашу қажеттігінен туындайды. Сыни ойлау «Сын» сөзімен төркіндес болғанымен сынау, сын айту, мінеу деген түсініктеме бермейді. Бұл – шыңдалған ойлау үлгісі. Сыни ойлау - өзіндік және жеке ойлау. Өйткені бұл ойлау барысында әркім өз ойын және пікірін басқалардан тәуелсіз құра алады. Мәселені өз бетінше шешуді қамтамасыз етеді. Құрылымы – үш кезеңнен: тақырыпқа қызығушылықты ояту; мағынаны тану; ой толғаныс сатысынан тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Бұл бағдарлама білімнің күнделікті өмірде және болашақта пайдаға асуын, оны өмір қажетіне жаратып пайдалана білуін қарастырады. Көптеген ақпараттарды талдай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
2.3. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістері. Аталған тараушада ұсынылып отырған оқу-әдістемелік кешен материалдары мен құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістері іріктеліп, талданды. Оларды қолданудың әдістемелік қырлары ашылды. Оқыту әдістерін тиімді пайдалану үшін шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы оқушылардың пәрменді ойлауын дамытудың негізі болып табылатын әдістеме теориясының тірегі – әдістерді анықтап алу басты міндет. Анализ әдісі – ойлаудың логикалық тәсілі, ал синтез – таным деңгейін көтеру әдісі. Синтез – талдау барысында бөлшектенген ұғымдарды жинақтау, біріктіру деген сөз. Жалпы мен жекенің бірлігі танылып, өзара байланыстағы тұтастық жасалады. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеудегі білімдерін өзіндік таным тұрғысынан жинақтауға жетелейді. Ұсынылып отырған құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесінде индуктивті-дедуктивті, эксперимент әдісі, салыстыру, қатысымдық, проблемалық, жаттығу, интерактивтік әдістер қолданылады. Салыстыру әдісі – дамыта оқыту технологиясының белсенді әдістерінің бірі. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда салыстыруға негізделген тапсырма түрлері әртүрлі қырынан беріледі. Салыстыруға негізделген жаттығулардың мазмұны төмендегіше құрылды: 1. Екі-екіден берілген құрмалас сөйлемдерді салыстыру арқылы түрін ажыратып, жасалу жолын түсіндіру. 2. Сабақтас құрмалас сөйлемдерді теріп жазып, бағыныңқы мен басыңқы сыңарларын салыстырып, құрамындағы жай сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасын анықтау. 3. Берілген сабақтас құрмалас сөйлемдерді салыстыра отырып, бағыныңқы сыңарларының астын сызу және бағыныңқы болып тұрған баяндауыштың жасалу жолдарын түсіндіру. Құрмалас сөйлемдердің түрге бөлінуі олардың әрқайсысының іштей жасалу жолдарына қарай жікке бөліну жағдайларымен оқушы жіті танысып, өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындауда тиімді болды. Салыстыру әдісі бойынша инновациялық технологиядан Венн диаграммасын пайдалану өте тиімділік көрсетті. Шығармашылықпен оқыту оқушылардың ойлау іс-әрекеттерін дамытумен қатар, өз бетімен шығармашылық тапсырмаларды шешуге талаптануына мол мүмкіндіктер береді. «Венн диаграммасы» стратегиясы оқушылардың екі құбылысты немесе ұқсас ақпараттарды салыстыра тану және бірлікте қарастыра отырып, қасиеттерін ашу үстінде жұмыстандырады. Нәтижесін диаграммаға түсіруге үйренеді. 1-кесте – Салыстыруға арналған Венн диаграммасы
Мезгіл бағыныңқы сабақтас Қарсылықты бағыныңқы сабақтас Ұқсастығы
Бұл әдіс оқушылардың ойлау әрекетін дамытып, құбылыстарды салыстыра тану қабілеттерін кеңейтеді.
2.3. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеудегі жаттығулар мен тапсырмалар және ойынның түрлері. Аталған тараушада оқушылардың оқу-ізденім белсенділігін ұйымдастыруға басшылық жасайтын шығармашылық жаттығулардың ерекшеліктері талданып, оларды оқытуда қолданудың әдістемелік сипаты анықталды. Орыс, қазақ және әлемдік оқытудағы жаттығу жасаудың тәжірибелеріне, құрмалас сөйлемді оқытудағы шығармашылық жаттығулар мен тапсырмалардың топтастырылуы мен сипатына шолу жасалып, түрлері көрсетілді. Іріктелген жаттығу, тапсырма, ойындардың шығармашылық сипатта болуы өте маңызды. Оның маңыздылығы: оқушылар үшін практикалық құндылығының болуы; оқушылар өмірімен байланысты болуы; олардың интеллектуалдық қабілеттерінің дамуына жағдай жасалуы; оқушылардың қызығушылығын туғызуы; жағдаяттарды, тапсырмаларды шешу арқылы оқушы жеке қабілетін тануына мүдделілігі; оқушының жеке тұлғалық оң шеше алу қабілеттерінің арта түсуі; оқытудың практикалық мақсаттарына сай болуы. Шығармашылық жаттығулары мен тапсырмалардың және ойын түрлерінің кешені төмендегіше жасақталды: 2-кесте – Жұмыс түрлерінің кешенді жүйесі
Берілген жаттығулар мен тапсырма түрлеріне түсінік беріліп, кейбіреулері мысалмен көрсетілді.
Аналитикалық жаттығулар. Мұнда талдау сипаты басым болады да, оқушылар құрмалас сөйлемдердің бір-бірінен ерекшелігін ажыратып талдай білуге, теориялық білімді толықтыруға, бекітуге үйренеді.
Үлгісі: 1-жаттығу. Мәтіндегі сөйлемдердің құрылымын салыстырып, олардың арасындағы айырмашылықтарды анықтаңдар.
1-тапсырма. Мәтіндегі негізгі ойды табыңдар. Тақырыбын қойыңдар.
2-тапсырма. Бірінші мәтіндегі жай сөйлемдермен құрылған ойды күрделендіріп қайта жасаңдар. Синтаксистік талдау жасаңдар.
3-тапсырма. Екінші мәтіндегі ойды әрі қарай өз беттеріңше жалғастырып, шешімін өздерің жасаңдар.
Мұндай жаттығуларды орындау барысындағы оқушы міндеті: құрмалас сөйлемдерден берілген ұғымдардың грамматикалық заңдылықтарына назар аудару, талдау жасау. Нәтижесінде оқушы ойдың күрделене берілуін танып, оны дұрыс мақсатқа сай түрліше құрастыра білуге үйренеді. Тұжырым жасау дағдысын алады.
Логикалық жаттығулар оқушылардың ой-қорытындысын жасау біліктерін қалыптастыруда, дамытуда үлкен маңызға ие. Логикалық жаттығулардың мынадай түрі орындалады:
1-жаттығу. Дұрыс жауапты табыңдар. Тапқан жауаптарың бойынша дәлелдеме жазыңдар.
1. а) Құрмалас сөйлемнің екі түрі бар. ә) Құрмалас сөйлемнің үш түрі бар. б) Құрмалас сөйлемнің төрт түрі бар.
2. а) Салалас құрмалас сөйлемдердің баяндауыштары тиянақсыз болады. ә) Салалас құрмалас сөйлемдердің баяндауыштары тиянақты болады. 3. а) Салаластың құрамындағы жай сөйлемдер жалғаулық шылаулар арқылы байланыса алмайды.
ә) Салаластың құрамындағы жай сөйлемдер екі түрлі жолмен байланысады. б) Салаластың құрамындағы жай сөйлемдер тек қана іргелес тұрып, ұласпалы интонация арқылы байланысады.
4. а) Салалас құрмалас сөйлемдер құрамындағы жай сөйлемдерінің бір-бірінің мағыналық қарым-қатынасына қарай 5 түрге бөлінеді.
ә) Алты түрге бөлінеді.
5. а) Сабақтас құрмалас деп, құрамындағы жай сөйлемдердің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысқан құрмаласты айтамыз. ә) Сабақтас құрмалас деп, құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысы тиянақты болып, соңғысына бағына байланысқан құрмаласты айтамыз. Мұндай жаттығуларды орындау барысындағы оқушы міндеті: құрмалас сөйлемнің түрлерін бір-бірінен ажыратып, өзара мағыналық қатынасын анықтау. Сондай-ақ пайымдаулар жасауға және оның дұрыстығын анықтауға ұмтылу, баға беру, ой қорытындысын жасау. Нәтижесінде оқушы ғылыми ойлауда маңызды болып келетін ойлау категориялары – ұғым, пайымдау, ой тұжырымын жасауға үйренеді.
Танымдық тапсырмалар жеке тұлғаның сана-сезімін, өмірлік ұстанымдары мен танымын қалыптастырады. Оқушылардың дүниетанымын кеңейтуді мақсат етеді.
1-тапсырма. Мәтіндегі құрмалас сөйлемдерді жасалу тәртібіне қарай бөліп жазыңдар.
2-тапсырма. Өздеріңнің туған жерлеріңдегі Ертіс өзені секілді немесе тау, орман, көл т.б. табиғат байлықтарының бірі туралы шығарма жазыңдар.
3-тапсырма. Табиғаттың сұлу көрінісінен тақырыбын өздерің тауып, өлең шумағын құрастырып көріңдер.
4-тапсырма. «Табиғат байлығы – адамның саулығы» деген тақырыпта ауызша ойтолғау жасаңдар.
5-тапсырма. Берілген сабақтас құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы баяндауыштары мен басыңқы баяндауыштарында қандай жақтық, шақтық ерекшеліктері болатынын анықтап, дәлелдеңдер.
Мақсаты – өмірден алған білік-дағдыларына пайымдаулар жасату, ой түйіндерін жүйелі сабақтауға, алған теориялық білімдерін өмірден көрген-түйгендерін бірлікте ұштастыру.
Ізденімдік тапсырмалар орындатудағы іздену, зерттеу, байқау, анықтау, тану, орындаудың өзі – оқушылар үшін жаңалық. Ал жаңалық ашу – шығармашылыққа келіп саятын үрдіс. Ізденудің жолдары мен тәсілдерін меңгерумен қатар сөздіктермен, энциклопедиялармен жұмыс істеуге, интернеттен ақпараттар ала білуге, электронды поштамен жұмыс істеуге, газет, журналдардан, көркем әдебиеттерден ақпараттар іздеуге төселеді және кітапхана жүйесімен танысады. Осындай көп еңбектің нәтижесі оқушы - субъект зерттеуші, ізденімпаз жеке тұлғаны дамытады.
1-тапсырма. Көркем әдебиеттерден құрмалас сөйлемдердің барлық түріне бір-бір мысалдар теріп жазыңдар.
2-тапсырма. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері туралы деректер жинап, реферат жазып, оны қорғауға дайындаңдар.
3-тапсырма. Еліміздің экономикасы жөніндегі ақпараттарды жинақтап, өз шеберліктеріңмен мақала жазыңдар. Оны мектеп басылымына дайындаңдар.
4-тапсырма. Берілген мәтінді оқып шығып, тұздау, қақтау, сүрлеу, ыстау, ішекке тығу, үйту, шуда жіп, жер ошақ, аспа, шағыр, жусан, сексеуіл, жыңғыл, ұша сөздерінің мәнін сөздіктердің, энциклопедия көмегімен анықтап, түсінік-анықтамалар жазыңдар.
5-тапсырма. Берілген «Ұлың өсіп ер жетер, қызың өсіп бой жетер» мәтінін оқып шығып, жас балалардың үлкендер алдында өзін-өзі ұстауының тағы қандай шарттарын атауға болады? Қосымша материалдардан ізденіп, осы тақырыпқа шығарма жазыңдар. Сөйлемдеріңнің дені құрмалас сөйлемге құрылсын. Мақсаты – оқушының өзіндік пікірін, көзқарасын, ұсынысын, айтар ойын ашық, дәл жеткізу деңгейін дамыту. Нәтижесінде тапсырманы сәтті орындаған оқушы өзін қоғамда, өмірден алар орны бар жеке тұлға ретінде сезінеді. Білімі тереңдеп, сабақта шығармашылық үрдіс қалыптасады.
Бұл тараушада шығармашылықты көздейтін дидактикалық ойындардың да мазмұны, оларды іріктеу белгілері мен ойын түрлері сөз болды. Дидактикалық ойындар оқушылардың шығармашылық қабілетін, логикалық ойлауын қалыптастыруға, тілдік қарым-қатынасқа түсуіне негізделеді. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеуге негізделген дидактикалық ойындар үш түрге бөлініп іріктеліп, қарастырылды: тапқырлық, іскерлік, рөлдік.
Тапқырлық ойындар – оқушылардың логикалық ойлауын қалыптастырады. Тапқырлық ойындардың негізгі ерекшелігі: берілген әр сұраққа бір дұрыс жауап, бір бұрыс жауаптан беріледі. Оқушылар дұрыс жауапты табу барысында талдау, жинақтау, ойлау әрекеттерін жүзеге асырады.
Үлгісі: Ойынның ережесі: Тақтада кейбір сөздері түсіріліп тасталған өлең беріледі. Көп нүктенің орнына өз талғамымен оқушы сөздерді ұйқастыра қояды. Өлеңге лайықталған бірнеше дұрыс нұсқа мен бірнеше бұрыс нұсқа араластырыла көрсетіледі. Оқушы ұйқасады деген сөзді мағынасына қарай өзі таңдайды. Ойынға 5 минут уақыт беріледі, жылдамдық танытуы қажет.
1-әрекет. Көп нүктенің орнына өз талғамыңмен сөздер қойып ұйқастыр.
Хан емессің...
Қалың елді... Ұры-қары зұлымның, Теріңе зорға сыйыпсың. Бәрін өзің...
Жанға жауап бермейтін... Дүниені жұтса тоймайтын,
Қиял мінез... Түпсіз жатқан...
Керекті сөздер: қыңырсың, қисықсың, ылаңсың, жылатып, ұрысып, қырыпсың,қараттың, жиыпсың, ұйытып, қараусың, қызықсың, бұзықсың, құдықсың.
2-әрекет. Құралған өлең жолдарын бұзып, құрмаластың қай түрін жасауға болады?
Ойынның тиімділігі: оқушылар ойын еркін дәлелдеп, сыныптастарының алдында өзін ұстай білуге дағдыланады. Өзін-өзі дамытуға, іс-әрекетті шығармашылықпен игеруге машықтанады, жаңалық ашуға бейімделеді. Ойынның маңызы: құрмалас сөйлемдер синтаксисінен алған теориялық білімді шығармашылықпен ұштастыру қабілеті дамиды. Алдыңғы жаттығулардың жетістігі шығармашылық тапсырмаларды орындауда көрінеді. Теориялық танымның шығармашылықпен байланысты екендігі дәлелденеді.
2.5. Құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесін тәжірибе жүзінде дәлелдеу. Мұнда 8-сыныпта құрмалас сөйлемдерді оқытудағы шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесі тәжірибе жүзінде сыннан өткізіліп, нәтижелері анықталды. Ұсынылып отырған әдістемелік жүйенің тәжірибелік маңыздылығын анықтау және тексеру мақсатында Алматы қаласындағы №62 гимназияда, №41 орта мектепте өтті. Педагогикалық тәжірибе 3 кезеңнен тұрды: анықтау кезеңі, оқыту және бақылау кезеңі.
Анықтау кезеңінде оқушылардың ұсынылған шығармашылық тапсырмаларды меңгеру деңгейін бақылау мақсатында сауалнамалар, әңгіме-сұхбат алынды. Ұсынылып отырған оқу-әдістемелік кешенді жасаудың қажеттілігі мен маңызды қырлары анықталды. Тапсырма түрлері төмендегіше берілді. Мысалы, Құрмалас сөйлем. Себеп-салдар салалас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары.
Шарты: Оқушылар берілген Асан қайғының «Бұл заманда не ғаріп?» атты толғауын оқып шығып, оны өз беттерінше себеп-салдар құрмаластың жасалу жолдары арқылы қайта құрастыруы шарт. Мақсаты – оқушылардың теориялық талдау, сыни ойлау біліктерін анықтау.
1-кесте – 8-сынып оқушыларының анықтау тәжірибесі бойынша берілген
1-тапсырманы орындау нәтижелері
Сұрақтар № Оқушы саны Жауап бергендер Дұрысы
1 82 76 92%
2 82 29 35%
3 82 56 68%
4 82 40 84%
2-сурет – 8-сынып оқушыларының анықтау тәжірибесі бойынша берілген 1-тапсырманы орындау нәтижелерінің көрсеткіші
2-кесте – 8-сынып оқушыларының анықтау тәжірибесі бойынша берілген 2-4 тапсырмаларды орындау нәтижелері
Тапсырма түрлері Дұрыс орындағандары Оқушы саны
№2 26,8 86
№3 29,5 86
№4 32,6 86
3-сурет – 8-сынып оқушыларының анықтау тәжірибесі бойынша берілген 2-4 тапсырмаларды орындау нәтижелерінің көрсеткіші
Тәжірибенің алғашқы кезеңінде жүргізілген жұмыстар мұғалімдер үшін құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу бағыттарын бағдарлауға, саралауға мүмкіндік берді.Тәжірибенің екінші оқыту кезеңінде анықтау жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, құрмалас сөйлемдерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесінде қолданған сабақ құрылымы мен білім мазмұнына сай оқыту сабақтары жүргізілді. Мұнда оқушылардың қабілетін даралау және әрі қарай жан-жақты дамыту көзделді.
Үлгісі: 8-сынып. Түсіндірмелі салалас. Сабақтың түрі: жаңа сабақ Сабақтың мақсаты: 1) Оқушыларға түсіндірмелі салалас туралы теориялық білім беру. Олардың жасалу жолдарын түсіндіру және басқа салаластардан ажырата білуге үйрету. 2) Оқушылардың бойына адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру. 3) Оқушылардың алған білімдерін талдауға, жинақтауға машықтандыру, ізденіс жолына бағыттау.
3-кесте –Блум токсономиясына негізделген сабақ жоспары
Білім Сөйлемдердің жасалу жолына, ойдың орналасуына қарай түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемнің анықтамасын шығару.
Түсіну а) Берілген сөйлемдерден түсіндірмелі салалас құрмаласты табу. ә) Тыныс белгілерінің дұрыс қойылған, қойылмағанын анықтау.
Қолдану а ) Берілген сөйлемдерді пайдаланып түсіндірмелі салалас сөйлем құрастыру.
ә) Өлең жолдарындағы ойды қара сөзбен қайта құрастыру. Жасалу жолдары түсіндірмелі салалас болсын.
Талдау. Түсіндірмелі салаласты ыңғайлас, себеп-салдар, қарсылықты салалас сөйлемдермен салыстыру. Түсіндірмелі салаластың өзіндік ерекшеліктерін саралау.
Жинақтау 112-жаттығудағы «Қорқыт айтқандай», т.б. деп берілген нақыл сөздер мен өсиет сөздерді қатыстыра отырып, бір тақырыпта ой толғау жасау. Сөйлемдеріне түсіндірмелі салаласты қатыстыру№
Баға Жасаған ой толғауларыңның ішінен тәрбиелік мәні бар бір сөзді алып, «Дискуссионная карта» әдісі бойынша картаны толтыру.
Жағымды жағы Жағымсыз жағы
Тәжірибе бойынша оқушылар деңгейіне лайықтала берілген тапсырмалар мен жаттығулардың танымдық, тәрбиелік жағы ұтымды болды. Бақылау тәжірибесінде оқушылардың оқыту тәжірибесінен кейінгі білім деңгейлерін тексеру; тәжірибеге дейінгі және тәжірибеден кейінгі нәтижелерді салыстыра отырып, әдістеменің тиімділігі мен ерекшелігі анықталды.
Тәжірибе сыныбы 96 98,6
Бақылау сыныбы 28 45
4-сурет -8-сынып оқушыларының бақылау тәжірибесі бойынша берілген 1-тапсырманы орындау нәтижесі
Тәжірибе сыныбы 92 90,8
Бақылау сыныбы 40,6 36
5-сурет – 8-сынып оқушыларының бақылау тәжірибесі бойынша 2,3-тапсырмаларды орындау нәтижелерінің көрсеткіші
Достарыңызбен бөлісу: |