Сонымен, интеграция модельдерін қарастыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды интеграциялық оқытудың түрлері анықталады: 1) аралас түрлі интеграциялық оқыту – даму бұзылысы бар оқушы қалыпты деңгейлі құрбыларымен бір сыныпта оқиды, және де дефектолог–мұғалімнің, логопедтің, психологтың жүйелендірілген көмегін алады.
2) Жартылай – даму бұзылыстары бар оқушылар қалыпты деңгейлі құрбыларымен қатар білім беру бағдарламасын меңгере алмайды; бұл жағдайда олар жарты күнді арнайы сыныпта, басқа жыртысын қалыпты сыныпта өткізеді.
3) Уақытша – арнайы сыныптарда оқитын балалар қалыпты сыныптардағы оқушылармен айына 2 реттен кем емес бірге серуендеуде, мерекелерде, жарыстарда, тәрбиелік мәнді іс-шаралар өткізуде кездеседі.
4) Толық түрдегі интеграциялық оқыту – даму бұзылыстары бар 1-2 бала балабақшаның қалыпты топтарына немесе сыныптарға қосылады (тілдік бұзылыстары бар балалар, нашар көретіндер немесе кохлеарлы имплантанттары бар балалар); бұл балалар психофизикалық, тілдік даму деңгейлері бойынша жасерекшелік көрсеткіштеріне сай және де қалыпты деңгейлі құрдастарымен бірге оқуға психологиялық тұрғыдан дайын; түзету көмегімен олар оқытылатын орындарында қамтылады.
Кесте 1. Инклюзивті білім беру жағдайындағы кіріктірудің түрлері мен сипаттамасы
Инклюзивті білім беру түрі
Сипаттамасы
Біріктіру ережелері
Қосылу мөлшері
Тұрақты, толық интеграция
Психофизикалық және тілдік дамуы жасерекшелік көрсеткіштеріне сай немесе жақын, қалыпты құрдастарымен бірге оқуға психологиялық тұрғыдан дайын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін.
Жалпыға білім беру сыныптарына
1-3 мүмкіндігі шектеулі балалар қосылады.
Қалыпты деңгейлі балалармен күні бойы бірге
Тұрақты, толық емес интеграция
Құрдастарымен қатар қажетті іскерліктер мен дағдылардың, оқу және сыныптан тыс сағаттарының аз ғана мөлшерін меңгере алатын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін нәтижелі.
1/3 - мүмкіндігі шектеулі балалар.
Түзету сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар
Уақытша, жартылай интеграция
Мүмкіндігі шектеулі балалар қалыпты балалармен біріккен іс-шаралар өткізуге бірігеді.
-
Айны 2 реттен кем емес
Эпизодтық интеграция
Бұл интеграцияның мақсаты - аз ғана мөлшерде болса да мүмкіндігі шектеулі балаларды құрдастарымен әлеуметтік өзара байланысқа түсу жұмыстарын (мерекелер, байқаулар, серуендер және т.б.) білім беру мен ұйымдарын аралық шеңберде ұйымдастыру
МШБ қалыпты деңгейдегі балалармен біріктіріп оқытуға мекеменің мүмкіндігі жоқ болғанда.
Шақыру бойынша
Интеграция процесінің нәтижелілігіне сырттай және іштей жағдайлар әсер етеді. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың нәтижелі интеграциялануын қамтитын сырттай жағдайларға жатқызылады:
- бұзылыстарды ерте анықтау (өмірінің бірінші жылдарында және өмірінің бірінші айларынан бастап түзету жұмыстарын жүргізу);
- ата-аналардың баланы денсаулығы қалыпты балалармен оқытуға ұмтылысы және біріккен оқу процесінде балаға көмек көрсетуге дайындығы;
- интеграция процесіне қосылған балаға нәтижелі, мамандырылған түзету көмегін көрсету мен қамту.
Интеграция процесінің нәтижелілігіне әсер ететін ішкі жағдайлар:
- баланың психофизикалық даму деңгейі (оның дамуы қалыптыға жақын болуы біріктіріп оқытудың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді);
- баланың қалыпты деңгейде дамып келе жатқан балалар үшін жалпыға білім беру стандартында көрсетілген уақытта білімдерді меңгере алуы;
- дамуында ауытқушылығы бар баланың интеграциялық оқуға және т.б. психологиялық тұрғыдан дайын болуы.
Тәжірибеге инклюзивті білім беруді енгізуде, білім беру мекемесінің түрі мен мүмкіндіктеріне байланысты, интеграцияның әртүрлі модельдері мен түрлерін қолдануға болады. Бұл жағдайда психофизикалық дамуларында әртүрлі бұзылыстары бар балаларды біріктіріп оқытудың жағымды жақтарын толық іске асыруға болады.