Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Қазақтың арқалы ақыны, қоғам қайраткері Қасым Аманжолов мұраларын талдап,ақын өмір сүрген дүние мен ақынның өмірлік ұстанымдарын айқындап, оның көзқарасын ұғыну
Дамытушылық: Өз ойларын қорытып тұжырым жасай білу дағдысына үйрету, түсініктерді дәйек сөздермен дәлелдеуге жаттықтыру.сөйлеу мәдениетін қалыптастыру
Тәрбиелік: Қасым поэзиясы арқылы отанды,туған жерді сүюге, қастерлеуге ,қайсарлыққа,табандылыққа. Қаһармандылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдісі: түсіндіру, әңгімелесу,болжау.
Сабақтың көрнекілігі: Ақын портреті,слайд, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
II.Жаңа сабақты меңгерту.
Биыл қазақтың хас ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толып отыр. Ол 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Ол жас кезінен осылайша ел көзіне түсіп, аға буын өкілдерінің, қатарлас қаламгерлердің ыстық ықыласына бөленеді. Ол туралы Сырбай Мәуленов: «Ақын жасы жылдармен өлшенбейді, елге берген еңбегімен есептеледі. Жас Қасым бүгінде ортаға шығып, өзінің оптимистік пафосқа толы өлмес өлеңін оқып тұр:
Өлуші ме еді ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін.
Келе жатыр аралап,
Өзі туған ел-жұртын…
Иә, Қасым ел-жұртын аралап келе жатыр… Оның өлеңдері жылдар қанатымен бірге самғап, келешек күндердің кеңістігіне көтеріледі», - деп әділ бағасын беріп кеткен еді.
Ақынның:
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..
Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап, жай басып
Жығылсам да, жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін, –
деген өлең жолдарынан оның қаншалықты күш-қуатқа толы, алдына қойған мақсаты орасан зор адам екенін көруге болады. Ол өз шығармашылығымен ғана шектеліп қалмай, Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлай отырып, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйренді. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Қасым Аманжолов тек лирик емес, сонымен қатар ірі эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның нәзік лирикасын танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
«Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы жағында. Қасымның мейлінше жағымды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңаяды… Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашанда мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өміршіл күй бұл! Сезіміңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек. Сондықтан да өлімнің құшағына симайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз», - дейді Қасым ақын туралы Тәкен Әлімқұлов.
Ақынның соғыс басталғаннан аяқталғанша қан майданда жүргенін барлығымыз білеміз. Басында Қиыр Шығыста тыныштық күзеткен қаламгер кейіннен батыстағы нағыз қан кешкен қырғынға аттандырылады. Қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы. Осы поэманы Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады.
Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. «Достар», «Туған жер», «Құрбыма», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Домбыра», «Май келді», «Күйім тасып барады, күйім тасып», т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, «Біздің дастан» поэмасын бастайды. М. Лерммонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Осы жылдары Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарады. 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі «Өзім туралы» толғауын аяқтайды.
Қасымның өлеңдері «Гроза» деген атпен 1946 жылы, «Стихи» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды.
Қасымның ауыр толғақ, жан күйзелістері үстінде 1938 жылдың өзінде-ақ, жазған белгілі өлеңі – «Сұлтанмахмұт туралы балладасы». Ақын онда сол кезде екінің бірі батылдық жасай алмайтын шындықты айта алды. Сұлтанмахмұтты жақтайтын жас ақын мен оны жау санайтын әдебиетші ақын қабірінің басында пікір таластырады.
Бірі айтты:
– Сұлтанмахмұт тірі, – деді,
Мәңгіге өлмес жанның бірі, – деді.
Қазақтың кең даласын аралап жүр,
Өзіндей өжет оның жыры, – деді.
Бірі айтты: – Қателеспе, өлген, – деді,
Жырын да, өзін де оның көмген, – деді.
Болған соң өзі дұшпан, өзі арам,
Тарихқа жазып солай бергем, – деді.
Сол арада Сұлтанмахмұт қабірінен шыға келіп: «Өлгем жоқ!» – деп дауыстайды. Жас ақынды қолтықтап алып, Жазушылар одағынан мүшелік билетін алуға кетіп бара жатып:
Сен, жігіт, өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр, -
деп, масқаралап кетеді. Ол жылдарда мұндай өлең жазу нағыз жүрек жұтқан ерлік болатын. Ал Қасым бір бұл емес, мұндай бірнеше өлең жазған. Оның «Біз кім?», «Ақынның мінезі», «Күлемін де жылаймын» секілді өлеңдері сондай дүниелер.
Жылама сен, күл, – дейді,
Күлсем және сенбейді.
Қара тер боп тергейді:
Неге күлдің сен?
– дейді.
Сөзімізді Серік Қирабаевтың: "Поэзиядағы ой-пікірдің байлығы мен сезімнің шыншылдығы, өлең сөздің тапқырлығы қатар келетін Қ.Аманжолвтың өлеңдері талай ұрпақпен сырласып, оның жанын тебіренте алары сөзсіз" деген ойларымен бітіруді жөн көрдік.
Қорытынды сөз:
« Найзағайлы қара бұлт» 1955 жылы 17 қаңтарда ұзақ уақыт ауырған Қасым Аманжолов қыстың аязды күнінде қазақ өлеңі аспанының жарық жұлдызының бірі- дауылды ақын Қасым Аманжолов қайтпас сапарға аттанады.
Тәрбие сағаты:
Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл: «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ»
Достарыңызбен бөлісу: |