4-параграф. Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу критерийлері 45. ЖЕА дәрежесі өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына еңбек ету қабілетінен айырылуға (жоғалтуға) әкеп соқтырған оқиға (әлеуметтік қатер) туындағанда белгіленеді. Тіршілік-тынысының шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын құжаттар болған кезде ЖЕА туындады деп есептеледі. 46. ЖЕА туындаған кезде өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына ЖЕА дәрежесі 30-дан 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді. 47. Өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жіктемеде көзделген, еңбек ету қабілетінен айырылуға әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесі бойынша ЖЕА мынадай жағдайларда белгіленеді: 1) еңбек ету қабілетінің шамалы білінетін шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты шамалы білінетін бұзылуы кезінде 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін; 2) еңбек ету қабілетінің білінетін шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты білінетін бұзылуы кезінде 60-тан 79 пайызды қоса алғанға дейін; 3) еңбек ету қабілетінің айқын білінетін шектелуіне немесе еңбек ету қабілетінен айырылуға әкеп соқтырған организм функцияларының айтарлықтай немесе айқын білінетін тұрақты бұзылуы кезінде 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді.