5-параграф. Кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу критерийлері 48. Зардап шеккен қызметкерлерге жіктемеде көзделген еңбек ету қабілетінен айырылуға әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесі бойынша КЕА дәрежесі мынадай жағдайларда: 1) егер зардап шеккен қызметкер өзінің кәсіби қызметі біліктілігінің шамалы немесе орташа төмендеуімен не атқаратын жұмысы көлемінің азайтылуымен немесе егер, организм функцияларының шамалы білінетін бұзылулары салдарынан оның кәсіптік қызметін орындауы бұрынғыдан көп күш қажет ететін жағдайда және (немесе) кәсіптік ауыруы кезінде зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактор әсерінің азайтылуымен жалғастыруға қарсы көрсетілімдер болмаса, 5-тен 29 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді; 2) егер зардап шеккен қызметкер өзінің кәсіби қызметін әдеттегі өндірістік жағдайларда біліктілігінің айқын төмендеуінен не атқаратын жұмыс көлемінің азаюынан жалғастыруға қарсы көрсетілімдер болмаса, немесе егер ол кәсіптік қызметін организм функцияларының шамалы білінетін бұзылулары салдарынан және (немесе) кәсіптік ауыруы кезінде зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактор әсерінің азайтылуымен жалғастыру қабілетінен айырылған жағдайда 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді; 3) егер зардап шеккен қызметкер өзінің кәсіби қызметін организм функцияларының білінетін бұзылуы салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленіп, мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып арнайы жұмыс орны құрылып, арнайы жасалған жағдайларда ғана көрсетілімдер болғанда 60-тан 89 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді; 4) егер кез келген кәсіби қызмет түрін арнайы жасалған жағдайларда да атқаруға нақты қарсы көрсетілімдері болған кезде, зақым келген қызметкер организм функцияларының айқын бұзушылықтары салдарынан кәсіптік еңбек ету қабілетінен толық айырылған жағдайда 90-нан 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді. 49. Өндірістік жарақаттың немесе кәсіптік аурулардың салдары кезінде КЕА дәрежесі организм функцияларының білінетін бұзылу және еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесіне сәйкес келетін мөлшер шегінде белгіленеді. Өндірістік жарақаттар немесе кәсіптік аурулар салдары функциялардың бұзылу сипаты бойынша әртүрлі болған жағдайларда, КЕА дәрежесі ауырлық дәрежесі бойынша айқын білінетіндігіне қарай айқындалады. КЕА дәрежесі егер өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру зардап шеккен қызметкердің бұрыннан бар ауруын (-ауруларын) және (немесе) өндірістік жарақатын (-жарақаттарын) нашарлатып жіберген әрбір жағдай бойынша жеке пайызбен белгіленеді. Кәсіптік еңбек ету қабілетін жоғалту дәрежесі туралы анықтаманың артқы бетінде бұрын белгіленген қайта куәландыру мерзімінсіз немесе белгілеу мерзімі өтпеген КЕА дәрежесі көрсетіледі. Бұл ретте КЕА пайызы организм функцияларының бұрынғы бұзылуының және еңбек ету қабілеті шектелуінің біліну дәрежесіне КЕА пайызы организм функцияларының білінетін бұзылулары мен еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесіне сәйкес келетін мөлшер шегінде жалпы айқындалатыны ескеріле отырып, белгіленеді. 50. МӘС бөлімі КЕА дәрежесі белгіленген мерзімге Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 937-бабына сәйкес медициналық ұйымдардың ұсынымдарының негізінде куәландырылатын адамның: 1) қосымша медициналық көмекке (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енбейтін), оның ішінде қосымша тамақтануға және дәрі-дәрмек сатып алуға; 2) зақым келген қызметкерге басқа адамның, оның ішінде оның отбасы мүшелері жүзеге асыратын күтімге (арнайы медициналық және тұрмыстық); 3) санаторлық-курорттық емделу кезеңіндегі барлық демалыс уақытына және зақым келген қызметкердің емделу орнына баруына және келуіне, қажетті жағдайларда - оны алып жүретін адамның санаторлық-курорттық емделу орнына бару және кейін келу жол ақысын қоса алғанда, санаторлық-курорттық емделуге; 4) зақым келген қызметкерге еңбек қызметіне және тұрмыста қажетті техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарына; 5) мүгедектерді арнайы жүріп-тұру құралдарымен, осы Қағидаларға 18-қосымшаға сәйкес медициналық көрсетілімдер болған кезде мүгедектерді жүріп-тұру құралдарымен, сондай-ақ арнаулы автокөлікпен қамтамасыз етуге; 6) кәсіптік оқуға (қайта оқуға); 7) қажетіне қарай арнаулы жағдайлар жасай отырып жұмысқа орналастыруға қажеттілігін анықтайды.
6-параграф. Мүгедектік мерзімін және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін есептеу және бұрын белгіленген мүгедектік мерзімін және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру тәртібі
51. Мүгедектер мен еңбек ету қабілетінен айырылған адамдар белгіленген мүгедектіктің және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің мерзімдерін сақтай отырып қайта куәландырудан өтеді. Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 27.10.2021 № 397 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
52. Егер куәландырылатын адам МӘС бөліміне мерзімінде келмесе және қайта куәландыру кезінде оған қайтадан мүгедектік және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген болса, мерзімін өткізген кезеңге мыналар есептеледі: 1) қайта куәландырудың алдыңғы белгіленген күнінен бастап бір айдан аспайтын қайта куәландырудың кезекті мерзімін өткізіп алған жағдайда бір айға дейін; 2) дәлелді себептер (үздіксіз ұзаққа созылған стационарлық емделуіне не табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты келуге мүмкіндігінің болмауы) бойынша қайта куәландырудың мерзімін өткізіп алған жағдайда үш жылға дейін. 53. Мүгедектерді және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарды, сондай-ақ оларға мүгедектік немесе еңбек ету қабілетінен айырылу қайта куәландыру мерзімінсіз немесе "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толғанға дейін белгіленген адамдарды мүгедектіктің және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу мерзімінен бұрын қайта куәландыру мынадай жағдайларда: 1) осы Қағидалардың 9-тармағында айқындалған құжаттар негізінде: денсаулық жағдайы өзгерген кезде; мүгедектік себебін өзгерту мақсатында; мерзімінен бұрын қайта куәландыру кезінде себебін көрсете отырып куәландыратын адамның өтінішінде, 2) МӘС актісінде (актілерінде) бар деректердің негізінде: МӘС бөлімінің сараптамалық қорытындысының негізділігіне бақылау жүргізу кезінде; мүгедектікті және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылуды белгілеу мерзіміне қарамастан дәйексіз құжаттарды ұсыну, сараптамалық қорытындыны негізсіз шығару фактілері анықталған кезде жүргізіледі. Осы тармақта көзделген жағдайларда куәландырылатын адам бұрын берілген мүгедектігі туралы анықтаманы, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтаманы және кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтаманы қайтарады.