Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет2/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39

Қысым кұрсауында
Айдынбек те бұған дейінгі сапарларының аса қиын болмағаның есіне түсірді. Мұхит тереңінің оңай еместігі оның түбіне жетпей жатып-ақ білінді. Ал қараңғылық өз алдына. Аса қуатты деген кеме шамдары жарығының өзі де өлеусіреп қалғандай. Бұл екеуі де қорқынышты бола қоймас еді, егер қандай да бір алапат бірдеме келіп кемені я жұтып, я соғып кетпесе. Ғалымдардың көбінің іштейгі уайымы сол болатын. Кейбірі ішінен:

«Келісіп нем бар еді осыған?.. Тыныш елде жүре бермей ғылыми жұмыстарымды жалғастыра бермей», - деп те өкініп койғандай. Бірақ бәрі де кеш еді. Енді қорқақтық танытудан артқан масқаралық жок. Не де болса, бәрінің ішінде. Ал Айдынбек қорыкпақ түгілі, қорқудың белгісін білдіруге де тиісті емес. Ол қазір Жебеушімен бірге адам бойымен бірдей дөңгелек иллюминатордан мұхит қараңғылығына қарап тұр. Ол қараңғылық кеме шамдарының жарығы жеткен жерден әрі қарай қара қылышпен шабылғандай күрт бөлінеді. Осындай үлкен қысым мен қараңғылық әлемінде өмір сүретін жәңдіктерге не дауа. «Солар да рахат сезімге бөленеді-ау» деп бір ойлап қойды Айдынбек. Жаңағы шытырлаған дыбыс ара-тұра шығып, бейне бір тап осы бөлмені сығып келе жатқандай сезінеді. Қорықпасқа да шара жоқ. Жебеушінің өзі де қорықпай түрған жок. Ол да пенде. Оның қорқатыны — мына кеме таныс емес. Егер өздерінің сүңгуірлері болса, бәлкім, өзін басқаша ұстар ма еді. Бір жағынан қарағанда иллюминатор алдында тұрғандарды емес, жұмсақ орындықтарда отырғандарды батыл деуге болар еді. Қалай болғанда да, қорыққанда да, қорықпағанда да, бәрі де бір кеменің ішінде. Ал, оны басқарушылардың кандай күйде екендерінен бұлар әзірге бейхабар. Басқарушылар кеме қашан тереңге жеткенге дейін бұлармен екі арадағы видеобайланысты ажыратқан. Тек аса қажет жағдайда ғана байланысатын жүйе бар. Оны ешкім қолданған жоқ.

Кеме төмендеген сайын судың да түрлі қабаттары көз алдарынан өтіп жатқандай болды. Атмосферада ауа қабаттары бірнешеге бөлінсе, мұнда да сондай шартты шекаралар белгіленген. Ғалымдар оны жақсы біледі. Әрбір шартты қабаттан өткен кезде бөлмеден шам жанады, тереңдіктің шақырымы табломен көрсетіледі.

Уақыт өткен сайын су қысымының артып бара жатқаны кім-кімге де сезіледі. Іштегі сол қысымды көрсететін түрлі өлшеуіштердің тілдері де жылжи-жылжи қажетті жиегіне жеткен. Түрлі шамдар да бірінен кейін бірі жыпылықтап, ара-тұра қысқа-қысқа дабылдар беріледі. Солардың ішінен ғалымдарға түсініктісі — су асты тіршілік иелерінің түрлі дыбыстары еді. Бірақ судың жоғарғы жағындағыдай қайнаған өмір жоқ мұнда. Қараңғылық қойнауында қайдан қайнап жатсын. Егер кеме ішінде жылы да жарық орта болмаса, ғалымдардың өздері де бір сәтке шыдамай жоғары көтеріліп кеткен болар еді. Кеме қаншалықты жаңа, қаншалықты күрделі, жетілдірілген болғанымен қауіптілік аз емес. Оның кейбір жүйелерінің істен шығып қалуы ешкімді таңдандырмайды. Мұндай жағдайлар да болып жатады өмірде. Айдынбек ондай ойдан қашады. Алдынан тек жақсылық күтеді. Қазір ол Жебеушімен бірге шам жарығынан тұманданып көрінген көрініске қадала қарап тұр. Сөзді қайсысы бастарын білмейді. Жебеушіге бұл көрініс бұрыннан таныс. Соңдықтан Айдынбек соған қарайлай берген. Ол сәлден соң қолын көтеріп, ілгері созды да:

- Айдынбек Асқарұлы, мұхит түбіне таядық, - деп қоңыр үнімен сөйлеп кетті, - көріп тұрсыз ба, қыраттар басталды. Бұл да бір өзінше әлем! Әлем болғанда да ғажап. Мен осы мұхит астына қанша рет түссем де бір тоймаймын. Бір ғажайып нәрселер кездесетін сияқты болады да тұрады. Бірақ кездескен емес.

Айдынбек бұл сөзден кейін сергіп қалды. Кейінгі жақтағы жұмсақ орындықтарда отырған достарына бір қарап қойып, Жебеушінің сөзін демеді.

— Мұхит асты құрлықтан да кең. Ал осындай әлемді зерттеп шығу да оңай емес-ау. Бұл жер табиғатын зерттегеннен әлде қайда ауыр. Ал бір кезде осы өзіміз төмендеп келе жатқан аймақта қызу тіршілік жүріп жатты. Қалың орман да болды. Адам тәрізді маймылдар сайран сала өмір сүрді. Тек маймыл ма, хайуанаттар мен кұстардың қаншама түрі болды десеңізші?! Ал енді...

- Иә, енді сондай өмір кайнап жатты деп айту мүлдем қиын. Ештеме болмағандай. Бір түп ағаш жок. Оның қалдығын да таппайсың. Ал әлгі адам тәрізді маймылдар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі де қиын. Жұрт қалай сенсін мынандай пәленбай шақырым тереңдікті көргенде. Өзіміз де әзер сенеміз. Ғалым болған соң ғана үміттенеміз бір жаңалыктан.

—Дегенмен, су астыныңда бір қожасы болуы тиісті, — деді енді Айдынбек қалың шыныдан жасалған иллюминаторға екі алақаның төсеп тұрып, — сонымен кездесе алмай жүрміз. Тек аңыз, болжам ғана. Сол қашан шындыққа айналар екен?

- Аңыз бен шындықтын арасы телегей-теңіз уақыт. Ал біздің аралдағы аңыздардың көбі дерлік осы мұхит астындағы ғажайып өмірге арналған. Су перісін көрдік дейтіндер қаншама. Бір заманда, осы біздің арал пайда болғанда олар осында өмір сүрген деседі. Кейіннен біздін ата-бабаларымыз қоныстана бастағанда зым-зия кеткен. Ал енді бір аңызда халқымыз өзіміздің түпкі тегімізді солар деп түсіндіреді. Бұл қызықты қайтесін?! Болса болған шығар. Мен оны жокқа шығара алмаймын. Тек солармен жүздессем екен. О баста Жер жаралғаннан кейін, тіршілік пайда болып, адам өмірге араласқаннан кейін таби- ғатта неше түрлі өзгерістер өтті емес пе? Сондай бір аласапыран кезде сол ата-бабаларымыз су астына бейімделген шығар?! Жалпы, ғылым тіршілікті судан шықкан дейді ғой.

— Бұл пікіріңізді ешкім жоққа шығармайды, — деді Айдынбек тағы сергіп, — ең алғашқы кезде Жер бетіндегі мүхитта тіршілік кайнап жатты. Содан бірте-бірте бөлініп, әрбір тіршілік иесі өзінің икеміне қарай әрекет ете бастады. Содан кейінгі тарих қай-кайсымызға да белгілі. Бүгінде Жер тарихын білмейтін адам кемде-кем. Енді, міне, мұхит астын да шарлап жүрміз. Мұхит құпиясын ашу адам жаралғалы келе жатқан арман. Сол арманның біразы бүгінде орындалды да. Су астында шағын-шағын қалалар, плантациялар пайда болды. Қаншама балық түрлері өсіріліп жатыр. Осының бәрі жаңалық.

Жебеуші үнсіз тұр. Ол енді бірдемені байқағандай иллюминаторға қадала қалған. Айдынбек сөзін бітірді де, онымен бірге ол денені іздеді. Кеме шамының біткен пердесінің арғы жағынан бірдеңе қараң ете қалғандай болған. Осы кезде бөлмедегі басқа ғалымдарда орындарынан түрегеп кетіп, иллюминаторға жақындаған. Бәрі де қарап тұр. Су бірте-бірте аспанға шапшып жатқандай. Барлық майда-шүйде түйіршіктер жоғары қарай тез көтершіп кетуде. Мұның, кеменің әлі де төмендеп келе жатқанын білдіретіні ғалымдардың бәріне де түсінікті еді. Ал жаңағы қарайғанның кандай мақұлық екенін ешқайсысы ажырата алмаған. Жебеуші осы иллюминатордың оң жағындағы бір түймені басып кеп қалды.Ол кемені басқарушыларға беретін дабылдың түймесі болатын. Артынша болме ішін:

- Тыңдап тұрмыз! Не көрдіңіздер? - деген кеме басқарушыларының бірінің дауысы шықты.

- Біз бір қарайған денені байқадық, - деді Жебеуші өз тілінде. Оны тілмаш қазақ тіліне сол замат осылай аударды

- Түсінікті. Қай бағытта?

- Кеменің оң бүйірі жағынан.

- Жақсы. Гидролокаторларды қосамыз. Сабыр сақтаңыздар. Бәлкім, елестеген шығар. Біздің сезгіш кұралдарымыз ондай ештемені тіркеген жоқ.

- Онда кешірім сұраймыз.

- Оқасы жоқ. Мұндай нәрсені дер кезінде хабарлағаныңызға көп рахмет.

/ - Мұхит түбіне жеттік пе?

- Жетіп қалдық, - деді кемені басқарушы, - өздеріңіз де көріп отырсыздар, қыраттар мен жоталарды қиялап төмендеп келеміз.

- Оны байқадық. Егер осы аймақ құрлық болатын болса әуе кемесінде келе жатқан болар едік. Қазіргі жағдайымыз да сол көріністен кем емес. Бұл да бір өзінше әлем.

- Мұхит түбіне жақындаған кезде арнайы дабыл беріледі Сондықтан иллюминатордан жан-жақтарыңызды бақылап, қызықтап отыра беріңіздер, - деді кеме басқарушы жігіт.

- Рахмет. Біздің жағдайымыз жаман емес.

Байланыс кілт үзілді. Бөлме іші тынышталды. Ғалымдар бір-біріне қарап қойды. Бәрі де Жебеушінің батылдығына қайран қалғандай. Ол әзін бейне бір сырттағы әуе кемесінде келе жатқандай сезінетін сияқты. Ал ғалымдардың көбі дерлік қысым кұрсауында екенін минут сайын есіне түсіріп, қандай да бір қатер төне қала ма деген оймен елеңдеп отыр. Жебеушінің ойына ештеме кіріп-шығар емес. Одан кейінгі батыл адам Айдынбек. Ол басшы болғандыктан өзінің іштейгі сезігі мен қорқынышын білдірмейді. Батылдығы да жоқ емес. Егер батыл болмаса, мұндай сапарды бастап шығып несі бар. Жаңағы әңгімеден кейін бәрі де тынышталып, айналадағы мұхит асты көрінісін қызықтап, өзді-өзді жұмсақ орындықтарына жайғасты.
Кезекті хабар

Кең әлемдегі диірмен мәресі тәрізді жұлдыз аралдарын көзге елестетіп үлкен кеме мұхит түбіне тиер-тимес жылжып бара жатты. Оның көптеген бөлмелерінде тіршілік етіп жатқан бәгде ғаламшарлықтардың көңіл-күйлері де жаман емес-ті. Осы ғаламат кеменің орта шеніндегі арнайы бөлмеде олардың басшылары отырады. Ол өзіне шақта, жарасымды көгілдір түсті комбинезон киген. Бойы екі мертден асады, басы үлкен, көздері қысыңқылау.

Шашы сирек, мұрны жұмырланып келген, қолдары ұзын, саусақтарының саны төртеуден ғана. Егер оның жалаңаяқ жүрген сәтін көрген адам болса, аяқтарының саусактарының да тап сондай екеніне көз жеткізер еді. Кеме басшысы тек өзінің денелілігімен ғана емес, өзінің сұстылығымен көзге ерекше түсетін. Ол өзінің бөлмесінің ішінде ары-бері біраз сенделіп жүрді. Үлкен иллюминатордан су астына қарап қойды. Содан кейін қарамағындағылардың жағдайын білгісі келгендей сызат бар жаққа қарап тұрып шамалы күбірлегендей болды. Соның артынша сол қабырға сызаты екі жаққа жарылып, арғы жақтан өзінен бойы аласалау, бірақ түр-тұрпаты айнымаған бір адам көрінді. Ол аяғына байлаған қандай да бір жылжытқышпен жылдам келіп жетті. Басшы орнынан қозғалған жоқ. Егер тап осы бөлмеде Жер адамының бірі куәгер болып тұрған болса, екеуінің кәдімгідей дыбыстап сөйлескендерін күтер еді. Жағдай мүлдем баскаша болды. Басшы келгенге дыбыстаған жоқ, сыбызғы дыбысындай бір әуен шығарды. Оны жер адамы тек әуен ғана деп ұғар еді. Ал келген көмекшісі мән-жайды бірден-ақ ұқты.Ол да біршама әуендетті. Содан кейін сол әуенін дәлелдей түскісі келгендей солға бұрылды. Сөйтіп, кішкене бір құралын кабырғаға қаратқан еді, бүкіл қабырға көрініске айналды. Көрініс болғанда да мұхит асты емес, оның үстіндегі жағдайлар. Мұхит бетінде диірменнің пәресі сияқтанған жарық спиралі айналып жатыр. Ол біраздан соң кері қарай айналды. Содан кейін барып жарық нәрсе бірте-бірте өлеусіреп барып сөнді. Бұл өздерінің келген жұлдыздарына берілген бірінші хабар еді. Бірақ сапарлары алғаш еместі. Жер жайлы көп біледі. Талай заманнан бері мұхит түбін де, аспан үсгін де шарлаған. Құрлықтың біраз жерінде болды. Мұндағы екі аяқты, екі қолды, екі көзді, қолдары мен аяқтарында бес-бес саусақтан бар саналы тіршілік иелерінің даму барысын қадағалап келеді.

Олармен талай рет кездесіп те қалып жатты. Тек байланыс орнаған жоқ. Енді соңғы кездері мұндағы саналы тіршілік иелерінің дамып жетілу қарқыны күшейіп кеткен. Олардың саны да күрт өсті. Жер бетінің көп бөлігін жыпырлаған зәулім үйлерге толтырды. Мұндай сатыдан өздері баяғыда өткен екен. Ондай кезенді әке-шешелері айтып отыратын. Сонымен бірге түсіріліп алынған бейнетаспалар да көп-ті. Ал мына өмір өздері үшін мейлінше қызықты. «Жаңа ғана келген жүлдызаралдарындағы Мұхит делінетін ғаламшардан жарық сәулесімен берілген хабарларының негізгі мазмұны да келгелі бері көргендері жайлы болатын». «Біз негізінен мұхиттан тұратын ғаламшарға аман-есен жеттік. Құрлық аз. Ғаламшардың саналы түрғындары сол құрлықта өмір сүреді. Бүгінше олар мейлінше көбейіп кеткен. Құрлықтың таралуы олардың арасында түрлі қақтығыстар тудырып жатыр. Келіспеушілік көп. Жер даулаушылар көбейген. Біз қазір мұхит астындамыз. Мұнда бос аймақ көп. Бірақ саналы тіршілік иелері мұны да игеруге жақын қалған. Барлау барысында бірталай су асты елін кездестірдік. Жүзіп жүрген су асты кемелері де баршылык. Тек олардың жылдамдықтары шамалы. Бұлар әлі тартылыс күшін тез жену мен жарық жылдамдығын меңгермеген. Сондыктан бізді қуып жете алмайды. Көздерінің жылдамдыкты көріп үлгеру қабілеттері де бізден әлде қайда төмен. Сондықтан көп әрекеттеріміз оларға жұмбақ. Жағдайымыз жақсы. Кезекті хабарды ғаламшарда үш тәулік өткен сон береміз» деп берген болатын мәліметін. Оны тек өздері түсінеді. Ал, Жер тұрғындары үшін жұмбақ сәуле ғана.

Кеме басшысы мәліметті тыңдап, қабырғадағы көріністі көргеннен кейін келген көмекшісіне басын шұлғыды. Сол замат ол сыбызғыдай бір әуендетіп барып, лып деп жоқ болды. Енді қабырғада Жер адамының көзі байқамайтын, болар - болмас сызат қана қалды. Ол басшы үшін жаңалық емес. Ең бастысы — келген еліне жаңағы хабардың дер кезінде жетуі болатын. Ол соған ризашылық білдірді. Содан сон су астын тағы бір көзбен шолды. Кеменін жарығы мұхит астын мейлінше анық көрсетеді. Су астында жүзіп жүрген Жер тұрғыны мұндай жарықтан жоғалған инені де оп-оңай тауып алар еді. Ал бөгде ғаламшарлықтар үшін ол жарық үйреншікті. Қажет болса, онан да анық етіп көрсететін кұралдары бар. Бірақ оны қазір қолданбайды. Жарық деген сонау бір замандағы ата- бабалары өмір сүрген кезде-ақ игерілген. Бүгіндегі мәселе жарық емес, онан да күрделі істе. Тіпті, мына қап-қараңғы айналада не болып жатқанын да оп-оңай білуге болады. Тек дыбыс емес, сол жатқан дыбыстарды көрініске айналдырудың да онай жолдары жасалған. Басынның қалауы қалай болса, кеме ішіндегі күллі күрделі жүйе солай қызмет етеді.

Жұлдыз бен жұлдыз арасына ұшып бару да сөз емес. Жылдамдык игерілген жерде уақыт үнемдеу де бар. Өздері жылдамдықты игергелі қаншама жұлдыз аралдарды шарлады. Қаншама тіршілікті ғаламшарларды барлап көрді. Солардың ішінен осы ғаламшар ерекше көрінген. Өздері тұратын ғаламшардың көп аймағын құрлық алып жатыр. Бұл керісінше сияқты. Су атаулыны шарлап, астына түсіп, үстінде жүзген олар онын тездеп булануына ықпал жасаған. Су азайған сон-ақ тіршіліктері де қиындайды. Өздерінің жүйелеріндегі мұз құрсауға оранған кейбір шағын ғаламшарларды пайдалана бастады. Кейбірінің бағытын өзгертіп, ғаламшарга жақындатты. Су азайған аймактарды суға толтырды. Адам құдіреті соған да жеткен еді. Саусақтарының төртеулігі болмаса, өздірін сол ғаламшардағы саналы тіршілік иелері ретінде санайды. Басқа бой көтерген тіршілік иесі.

Басшы сәлден соң ойына бірдеме түскендей әлгі сызаты бар қабырғаға жақындады. Сол заман ол қақ, ортасынан екі жаққа жылжыды. Алды кең дәліз. Онын бойымен жүріп оты- рып, оңға бұрылды. Бұл бөлімде айналадағы жүзіп жүрген бөтен СУ асты кемелерін тіркейтіндер отыратын. Басшы кіріп келгенде орындарынан түрегеп, орын ұсынды. Барлап қараса, Жердегі тіршілік иелерінің омір сүру рәсімдері де өздеріне ұксас келеді екен. Жердегі адам деп атайтыңдардың белгілі орталары бар. Басшы, оның орынбасары, тағы басқадай көптеген қызметкерлері болады екен. Ал өздеріндегі басқару жүйесі сәл басқашалау. Бірақ негізі ұксас. Кеме жүйелерді автоматтар басқаратындықтан адам күші қажетсіз. Сондықтан да кеме соншалықты үлкен болғанымен іштегі баскарушылар саны аз. Басшы, алты көмекші — барлығы жеті адам.

Басшы біршама үнсіз тұрды да сызылтып жөнелді. Сол замат іштегі көмекшілер елеңдесіп қалған. Елеңдейтін де жөні бар еді. Басшы отыратын бөлмедегі күрделі жүйелер айналада қандай да бір бөтен кеменің жүргенің тіркеген. Басшы соны білдірді. Ол егер қажет дегенде сол бөлмесінде тұрып-ақ шақыру түймесін баса салар еді. Бұл жолы өзі келді. Бұл бәлімдегі екеудің бірі қызы еді. Ол өздеріне қарағанда әдемі келген. Шашы жайылыңқы. Бойы аласа, қыр мұрынды, көзі қара, жүзі дөңгелек, еріндері балықтардың ауыздарынан аумайды. Аса сүйкімді. Осы кемедегі жалғыз қыз болғандыктан, оған көзі түспейтін ұшқыш жоқ еді. Басшының да көңілі барды. Жұлдызаралық ұзақ сапар шектеулі орта, күнделікті қайталанып отыратын күнкесте олардың махаббат сезімдерін сөңдіруне айналған. Басшы қызға сырттай қызыққанымен оны өзіне жар етуге бармайды. Қандай да бір қор сезім оны алыстатып тұрады. Бұл оның жастайынан осындай ортаға бейімделіп өскен дігінен болса керек-ті. Тек өзі емес, әке-шешесінің өмірі де осындай кемеде өткен. Бұл жерде мерт болған замандастары қаншама?! Басшы оны да ойлайды.

Қыздың жанындағы жігітте сезім атаулыдан арылған адам. Қызға деген көзқарасы да өзгеше. Айтатын создері де санаулы сияқты. Тек айналаны бақылау, уақытты қадағалау, тамақ ішу, зерттеулер жүргізу. Барлық тіршілік осы. Егер қандайда бір ғаламшардың үстінде болса, бұлайша оқшауланбас еді. Енді ешкіммен араласқылары да келмейді. Тек сырттан бақылағанды ұнатады. Қыз да ештемені түсінбейді. Бар ғажайып әлем тек осындай ортамен шектелетін сияқты. Қаншама мерзім кемеде өтті, әлі де өтіп жатыр. Жас болса ұлғайып келеді. Бірақ сезім жок, әйел баласына деген айрықша құрметте сезілмейді. Қыз мұны да осы Жердегі көптеген көріністерді көргеннен кейін ойлана бастаған. Ал, жігіттер үшін бәрі де жат сияқты еді. Оның үстіне Жер тұрғындары өздерінің даму дәрежесінен төмен жатқандықтан олардың мұндай сезімдік тіршіліктерін қабылдағылары келмеген. Басшы көп жағдайда Жердегі жастардың қарым-қатынастары жөніндегі көріністерді көруге тыйым салатын. Бірақ қыз жалғыз болғандықтан ол бұйрықты барлық кезде орындай бермейді. Басшының кіріп келуінін басты себебі де осыдан-ды. Ол ой дұрыс болып шықты. Жігіт пен қыз Жердегі тіршіліктін небір қызықты көріністеріне беріліп, айналадағы бөтен су асты кемелерін бақылауды да қойған. Осыдан шамалы уақыт қана бұрын өздері келген жұлдыз аралдағы Көгілдір атты ғаламшарға аман-есендіктері, Жержайлы мәлімет бергеннен кейін-ақ барлық мәселе шешілгендей жайбарақаттанған. Бөлме ішіндегі тынымсыз дабыл беріп, жыпылықтап жатқан шамдарға да назар аудармаған. Олардың сенетіні — кеменің бірден ғаламат жылдамдық алып жүзігі кететіні. Өздерінің де Жергұрғындарының көздеріне түсіп қалуларының негізгі себебі де көп жағдайда осындай көңіл бөлінген кезде болып жататын.

Басшы тағы да сызылтып тіл қатты. Жігіт пен қыз да сол дыбысына жауап берді. Содан соң басшы қолындағы қалам тәрізді кішкене бірдемесін көрініс өтіп жатқан экранға қарат- ты. Экран күрт сөнді. Жер бетіндегі қызықты тіршілік көріністері ғайып болды. Жігіт пен қыз да орындарынан ұшып - үшып түрегелді. Кеме тәртібі солай. Басшы сыбызғылатып, тағы да ойындағысын жеткізді. Шамамен аударғанда: «Мүндай іс бұдан былай қайталанбасын. Жұмыстарыңа кірісіндер. Кемеміздің маңында Жер тұрғындарының көптеген су асты кемелері жүр. Көзге түсе бергенің жақсы. Мен кеттім дегені еді». Жігітте, қызда басын изеді. Басшы әскери адамша кілт бұрылып, қайтадан дәлізге түсті. Жылжымалы жолшаға аяғы тиген бетте жылдам зырғып, бөлмесінен бір-ақ шықты. Ендігі кезекте ол кемені басқарушыларға хабарласпақ еді. Олар мән-жайды жаңағы сәттен-ақ біліп алыпты. Басшы өзінің орнына жайғасқан бетте кеме алтын балықша жалт етті де, тұңғиық қараңғылығына сіңіп кетті.


Жарықты қуған кеме

«Жайын» жаймен төмендей-төмендей мұхит түбіне де таяғанды. Манадан бері иллюминатордан көрінген су астының шектеулі табиғаты ғалымдарды онан сайын қызықтыра түскен. Кеме қажетті тереңдікке түскен бойда олар орындарынан түрекеп, арнайы зерттеу бөліміне өткен. Сол бөлімде не керектің бәрі бар. Ғалымдар күрделі кұралдар мен жүйелерді паидалана отырып, айналаның бәрін көре алады. Ол дыбыстық көрсету жүйелері арқылы жүзеге асады. Бұрын су астына түскен кеме ішіндегі ғалымдар айналадан тек дыбыстарды қабылдап, оның неден шыққанын зерттесе, бүгінде жеткен дыбыс көрініске айналады. Мұндай құралдардың жасалғанына да көп уақыт өткен жоқ. Ал, бұл кемедегісі олардың ерекше жетілдірілген түрі. Бұл ғалымдарға таптырмас көмекші еді. Сондықтан оған «Сақкөреген» деп ат та қойып алған. Ол атына лайықты. Сонау бір ертегілерде Саққұлак, Көреген деген ғажап кейіпкерлердің болғаны белгілі. Ол қазақтың «Ер Төстік» атты таңғажайып ертегісінде кездеседі. Ғалымдар соны еске түсірген. Екеуін біріктіріп, осылай деп атаған. Ол құрал да өзінің атын ақтап келеді.

Ерте бір кезде мұхитты зерттеп жүрген зерттеушілер ғажайып бір дыбысты естиді. Содан оның қайдан шыққаның біле алмайды. Арнайы әуе кемесімен мұхит үстінде ұшып жүріп әлгі дыбысты бірнеше рет жазып алады. Ол мезгіл-мезгіл және ірдей үзіліспен шығады. Алғашында оны ғалымдар мұхиттағы қандай да бір макұлықтардың, я болмаса балыктардың бір-бірімен тілдесуі ме деп те жорамал жасапты. Бірақ оның нәтижесі қызық болып шығады. Әлгі дыбыс алып киттің жүрек соғысы екен. Ол кит тамақтанатын мезгіл болып, аузын арандай ашқан кезде естілсе керек. Мұндай дыбысты су астын зерт- теушілер бүгінде таңсық көрмейді. Тіпті оған назар да аудармайды. Қазіргі нәрсе әрі де. Мұхиттың терең түбінде жатыр. Енді ғана жоғары қысым мен қараңғылықты емін-еркін шарлаудың мүмкіндігі туғанды. Сол мүмкіндікті пайдаланып келе жатқан қарлығаш құрам да осы Айдынбек бастаған топ еді.

Мұхит тереңіне түсіп келе жатқан кезде қараң еткендей болған дененің не екенін анық біле алмаған енді оның жүзіп өткен түсын арнайы пленкаға түсіріп үлгерген. Әншейінде кезкелген дыбысты айналдырып жіберетін «Сақкөрген» де қателесіп кеткендей. Ештеме көрінбейді. Көрінген де де бұлыңғыр. Тіпті дыбыстың өзі де бұзылып жеткен. Бұл оқиға ғалымдарды сергітіп жіберді. Алғашында өзін, жанұясын ойлап, өзінше уайым кешіп отырған кейбір ғалымдар да енді белсенді болып кеткен. Айдынбектің айтқанын бұлжытпай орындап, жаңағы құпияны ашудың жолына кіріскен. Құпия кеме қайтып ат ізін салмады. Байланыс та қайтадан түзелді.

Ғалымдар үміттерін үзген жоқ. Мұхит астын шарлаумен келеді. Бір заманда адам тәрізді маймылдар мекен етіп, ушу болатан кұрлықтың енді мұншалықты терең мұхит түбіне көшкені өзінше бір жұмбақ сияқтанады. Қазір қыраттардан басқа ештеме жоқ. Кеменің қуатты жарықтары қараңғылықты қақжарып, алдағыны біршама жақсы көрсетеді. Мұхит астындағы тегіс жерлер бейне бір тұман астындағы қалың топыраққа көмілген тегіс дала сияқтанады. Жарық жерлерде аз емес. Кеме де сол табиғаттың ой-қырына қарай бірде көтеріліп, бірде төмендеп келеді. Алғашында бұл қолайсыздық тудырғандай болса, енді бейне бір ғалымдарды әлдилеуге көшкендей селкілдейді. Кім-кімнің де бірінші қорқынышы қысым, содан соң суықпен қараңғылық. Кеменің ішіндегі температура плюс отыз беске жеткен. Ылғаддылық төмен. Соның өзінде де кеме қабырғасының сыртынан қысқан алапат қысым, ара-түра сытыр-сытыр еткен дыбысты құлаққа жеткізеді. Ол сонау қараттардың төбесіне жақындаған бетте-ақ естіле бастап, одан кейін де тұрақты жетіп жатқандықтан ғалымдардың кұлактары оған да үйренді. Кеменің өзі де жайыннан аумайды. Бауырындағы, аузындағы, екі бүйірі мен кұйрығындағы қуатты шамдардан оның көленкесі төмендегі тегіске түскен кезде іштегі адамды өзінше бір Қорқыныш билейді. Бейне бір алапат Жайын мұхиттүбін сүзіп жүрген сияқты. Жаңағы қараң еткен бейтаныс кеменің зым- зия болуының бір себебі де содан шығар. Оған әзір ғалымдардың ешқайсысының көзі жеткен жоқ.

Мұхит астын біршама шарлаған соң алдын ала белгіленген аймаққа қарай бұрылған. Өздерінің көздеп келе жатқандары да осы қыратты аймақ еді. Ол бірте-бірте биіктей береді. Биіктегені ғалымдарға қуаныш ұялатады. Өйткені кеме бір табан болса да мұхит бетіне қарай көтеріледі. Оның айналасы өзіне бір қараңғы дүние. О баста, жер бетіндегі, казак жеріндегі институтта алынған тапсырма да осы үлкен қыраттың үстін, екі баурайын зерттеу болатын. Ондағы мақсат - осы жерде, үңгірлерде қандай да бір замандарда суға батып кеткен қалалардың қалдықтары табылмас па екен деген болжамдарды нақтылау, мүмкіндігі болса, тұжырымдау болатын. Мақсат айқын, тапсырма түсінікті. Сондықтан да ғалымдар ол жөнінде әңгіме қозғамайды. Бір-бірін ыммен-ақ түсінеді.

Енді сәлден соң Айдынбек гидрокартограф Рақымжан Әбуханұлына бұрылып, арқасын қағып:

— Оны өзім де сезіп отырмын — деді. Рақымжан өзі отырған жұмсақ орындыққа шалқая түскен. Содан соң кайтадан ілгері ұмтылып барып, қарсы алдындағы кішкене экранға қадалды. Онда мұхит түбінің бар картографиясы жылжып өтіп жатқан еді. Ал экранның жанындағы онан шағын экранда өздері жүзіп келе жатқан аймақтың ұлғайтылған картасы көрінеді. Ғалымдар мұқият қарап отыр. Әсіресе, бұл жерде шешуші рөлді Рақымжан атқаратын еді. Әрбір маман өзінің араласар сәті келгенде ерекше көзге түсе бастайды. Әншейінде елеусіз көрінетін Рақымжанның іс-қимылы енді әрбір ғалымның көз алдында. Ол сасқан жоқ. Алдындағы қос экранға кезекпе-кезек қарап, іштей бірдемені есептеп отыр. Картаның да құпиясы көп. Оны түсінбеген адамға ол жай бір қым-қуыт сызық сияқтанады. Ал Рақымжан оның әрбір нүктесін жатқа біледі. Енді ол кейін бұрылып, мән-жайды түсіндіре бастады.

— Көздеген аймағымызға жеттік, жолдастар, — деді ол Айдынбекке бұрылып, - енді зерттеуге кірісуге әбден болады. Мұнда құпия жерлер көп-ақ. Қыраттардың үңгірлері де жиі кездеседі. Су астының саналы иелері сол ұңгірлерді паналап жүрмесін.

- Сөзіңнің жаны бар, — деді оған Айдынбек, — енді қырағылықты күшейтейік. Жан-жаққа дыбыс таратуымыз керек. Бәлкім, біреу-міреу жауап беріп те қалар-ау. Бермесе оны көрерміз. Қысқасы, ендігі уақыт аз және қымбат.

Айдынбек осы сөзін айтып болған мезетте оң жак түстан бірдеме жарқ ете түсті. Ғалымдардың бәрі жалт қарағанда, төбе тұсында диірмен пәресі тәрізді алапат жарық жолақтары бірде олай, бірде былай айналып ағып бара жатқан қарайған денені байқады. Мұны кемені басқарушылар да байқап, тез арада суретке, видеофильмге түсіріп үлгерді. Қарайған дене әгі-сәтте көзден ғайып болды. Соңғы жағында көпіршіктенген су ғана жарықтан жылтырап, әуедегі ұшқыр әуе кемесінен қалған іздей ағарып барып сонді. Осы кезде «Жайынды» басқарушылар да кемені солай қарай жылдамдата бастаған еді. Енді кұрам басшысы шыдамай кетті:

- Іздегеніміз де осы емес пе еді?! Кемені солай қарай жылдам жүйткітіндер! Қуып көрелік. Бәлкім, жетерміз біркезде...

- Жағдайды түсініп отырмыз, — деді сол кезде Айдынбек отырған жұмсақ орындықтың қарсы түсындағы кішкене экраннан жүзі көрініп түрған кемені басқарушылардың басшысы Қадыржан Бегендікұлы.

- Қазір солай карай жылдамдық алып келеміз. Бірақ олар ұстатар ма екен. Жарық іздері азайып, өлеусіреп барады. Мұхиттың қараңғы кеңістігі өз қойнына жасыра түскендей.

- Оқасы жок. «Үмітсіз — шайтан» деген. Қуа түсіндер! Көрелік. Біздің максатымыз да осындай құпия денені ұстау емес пе еді?! Енді сыналар кез келді.

- Жаксы. Белдіктеріңізді бекем буып, мықты отырыңыздар! Кеме шайқалып та кетуі мүмкін.

- Түсіндік, Қадыржан. Қолдарың жеңіл болсын! Кемені жақсы басқарыңдар! Жылдамдықты да өздерін білесіңдер. Әйтеуір бірдемеге ұшырап қалмайық. Аралдағылармен де хабарласып қоюды ұмытпассыңдар.

-Түсіндік. Жылдамдық қосамыз. Сіздерде сақ отырыңыздар! Баяулатып түсіретін су асты видеокамерасын іске косыңыздар!

- Жақсы.

Айдынбек «Бұл іс сіздердікі» дегендей сол жағында отырған түсірушілерге бұрылды. Осының өзі-ақ оларға түсінікті еді. Өйткені жаңағы екі арадағы әңгіме бәріне де саңқылдап естіліп тұрған. Енді оны қайтадан айтып түсіндіріп жату артық. Отырғандар да сүрақ қойған жоқ. Әркім өзінің алдындағы кұралдарымен әлек. Кеме болса манағысынан әлде қайда жылдамдай түскен. Айналадағы көріністер жарық кернеген су көпіршіктерінің арғы жағында жылжып, кейін калып жатыр. Бірақ оны қызықтап отыратын кім бар? Ғалымдардың бірі де бос емес. Мынандай ғажайып сәтті уыстан шығарып алмау кай-қайсымызға да қажет. Ал Айдынбектің шыдамы да таусылып барады. Жай кезде қасынан тастамайтын Жебеушіге де қарауға мұршасы қалмаған. Ол да өзінше бірдемені шұқылап отыр. Егер жаңағы көрініс оған таныс болса, манадан бері үнсіз қалмаған болар еді. Мән-жайды түсіндіріп, ғалымдар біршама мәлімет алып үлгермек. Ал жаңағы жарық оған да құпия болып қалды. Жебеушінің мұхит астынан күткені өзі жастайынан халық аңызынан білетін су астында өмір сүретін қарабайыр адамдар болатын. Ол ойы енді шартарапқа ша- шырап кеткендей. Не істерін білмейтін сияқты. Айдынбек те оған сұрақ қоймайды. Қалай қойсын, егер оның өзі де ештемені түсіне алмай отырса.

Кеме жүйткіп келеді. Жылдамдығы жаңағының жылдамдығынан шамалы ғана аз сияқты. Бірақ ол бүлтетіп оңға бұрылып жоқ болған. Содан соң-ақ кемені басқарушылар одан адасып қалды. Қайта-қайта берген дабылдар мен қосылған дыбыс қабылдағыш жүйелері пәлендей нәтиже әкелген жоқ. Содан кейін-ақ бет алды аға бермеуді, сөйтіп бірдемеге ұрынып қалмауды ойлаған кеме басқарушылар жылдамдықты бірте-бірте азайта берді. Ғалымдар да оны сезе бастаған. Рақымжан экрандағы картаға қарап, көзделген аймақтан қанша қашықтықта шығып кеткендерін анықтады. Бірақ ондай карта тек оның алдында ғана емес, кемені басқарушылардың тұстарында да бар еді. Ал кеме мейлінше күрделі жүйелермен жабдықталғандықтан, көп жағдайда өзін-өзі басқара беретін. Тек алдын ала тапсырма жазса болғаны. Қазіргі сәтте ондай тапсырмаға сенудің өзіде қиын-ды. Сондыктан кемені басқарушылар барлық өлшеуіш құралдарды мұқият қадағалап отырды.

Жарык жеткізбеді. Сол жарықты шығарып бара жатқан қарайған дене де өзіде аңғармады. Шұғыл шығарылған суреттерден оның сол жарықтан су пердесіне түскен көлеңкесі ғана байқалады. Ол да күңгірт. Осындай дәрежеге жеткен заманда қуған дененің бейнесін анық етіп ала алмау Айдынбектің намысына да тигенді. Ол кәдімгідей шамданып қалды. Енді жаңағымен салыстырғанда мына жаңа деген кеменің ішіндегі жетілдірілген күрделі жүйелердің өзі де мейлінше кешеуіл мәдени дамудың куәсіндей болып қана қалған. Оны тек Айдынбек емес, басқалар да сезіп-біліп отыр. Бірақ не десін, ешкім ашып ештеңе айта алмайды. Үнсіз қалған. Айдынбек те кеме қашан жылдамдығын баяулатып, әуелгі сабасына түскен кезде барып белдігін ағытып, орнынан тұрды.

Кеменің айналасы да тым-тырыс, тып-тыныш. Ештеме болмағандай. Кемені басқарушылар да оны жаймен кейін бұрып, алдын ала көзделген аймаққа қарай бағыттаған. Соның артынша бөлімдегі қабырғаны түгел алып түрған үлкен экраннан келе жатқан жер ап-анық көрінді. Ғалымдардың назары да соған ауа бастады. Оның бір себебі, келе жатқан аймақтын бедері ерекше еді.

- Бәлкім, ата-тегіміз, яғни адам тәрізді маймылдар мына жазықта өмір сүрген болар? - деді гидропалеонтолог бір кезде.

- Өзі бір ерекше аймак, - деді Айдынбек

Сол-ақ екен, отырғандардын бәрі де алдарындағы экрандарын тастап, үлкен иллюминаторға жакындап кетті. Кеме шамдарының жарығынан тегіс аймак бейне бір аспаннан көрінгендей жаймен жылжып кейіндей берді. Қатпар-қатпар бедер. Бір заманда орманның болғанын сездіргісі келгендей кейбір беткейлерде майда шұкырлар көп. Егер сол қарайғандардын бәрі бір-бір түп ағаштың орны болса, мына аймақтын көркіне кім болса да қайран калар еді. Егер сол заманды көз алдына әкелер күн туса, осыншама шарлап, шаршамай-ақ бар тарихты көзбен көрудің мүмкіндігі тумақ. Бірақ ондай сәт қайдан болсын? Егер мындаған кұпия сыр, өткен тарих пен болашақ қалаған кезде адамнын көз алдына келе қалар болса, онда бұл дүниедегі бар қызық та азаяр еді. Адамдар оны көруден бас тартпақ. Өйткені, көрудің мүмкіндігі туған сайын ол қызықсыз. Қай нәрсе де қиындыкпен жеткен бағалы. Жеңіл жолмен қол жеткен нәрседе қадір болмайды. Оны екінің бірі біледі. Бір ғылымның екінші ғылымнан ерекшеленуі де оның маңдай терінен, алғырлығы мен ойшылдығынан көрінеді. Ғалымның бақыты да жаңалық ашу. Сондықтан арман кемеде отырғандардың қай – қайсысында да бар. Бәрі де алдарындағы өлшеуіштердегі , иллюминаторларға жиі – жиі қараумен отыр. Ара – тұра бір – бірімен пікірлесіп те қояды.

Бұл ғалымдар бұл тұста үшін үлкен сын еді. Су астындағы мынандай жағдайда ғылыми – зерттеу ісін жүргізу оңайға соғып отырған жоқ. Ғалым ғылымды ғана ойлаумен шектелмейді, сонымен бірге ол күтпеген жерден кездесуі мүмкін қауіп – қатерді де ойлайды. Ал мына ғажайып көріністі айқын көріп алу да енді бір арман. Су астынның небір ғажайып көріністері адам ойын бөліп, неше қилы қиялға жетелеп, ерекше бір бөлек сезімге бөлейді. Кейбірінің көз алдында, тіпті, қазір су асты қаласы да көлбеп жатқандай болды. Ол қалада тұрып жатқан тұрғындар болса, тіпті де қызық. Айдынбек те аз армандаған жоқ. Өзі де манадан бері айналасына жиі – жиі қараумен отыр. Ол , әсіресе, жанындағы жебеушіге көп көңіл бөледі. Оның әрбір қимыл – қозғалысы, сөзі мен ойы ғалымдарды ойлантпай қалмайды. Бүгінде техника дамыған. Ой терең, жылдамдық та бар. Тек ғылымға деген ынта – ықылас болса игі.

Айдынбек енді ғалымдардың назарын мұхиттың ғажаыйп аймақтарына аударады. Мұндай көріністі қызықтау әзірге тек осы саламен айналысатын ғалымдардың маңдайларына ғана жазылған секілді. Жер бетінде тынымсыз тіршілік етіп жүрген адам баласы су астын ойласын ба? Көпшілігі тіпті су астын көз алдын елестетіп те әуреге түспейді. Әркімнің өзіне тән ісі, көкейкесті мәселесі бар. Соны орындау жолында әрекет жасайды. Ал сол мақсаттарын орындау жолында адам – пенде қажетті жағдайда ғарышқа да ұшады, мұхит түбіне де түседі, небір қауып мен қатердің жанында ғұмыр кешеді. Айдынбек бастаған топ қазір сондай бір қауіпті ортада. Топ мұхит тереңіне батқан сайын кезіккен ойпаттарды, таңғажайып көріністерді сұқ саусағымен жиі – жиі нұқып көрсетеді. Ғалымдар да қарап отырған жоқ. Әркім көріністерге сай өз пікірлерін ортаға салуда. Мұхит түбін қаншама шарлап жүзсе де ешқайсысының да ішкі арманы таусылған емес. Әркім ғылыми болжамын ғана емес, оған қоса өз арман тілегін де айтыа қалады. Осылайша сапар жалғаса берген. Бірақ әлгі ғажайып құпия жарық қайтып көзге түспеді. Ғалымдар сонда да одан күдерлерін үзген жоқ. Сол құпия дененің ізіне түсуді, анықтамай кейін қайтпауды бір ауыздан ұйғарды. Тек одан бұрын жер бетінен жоспарлап келген осы бір аймақты мұқият барлап алуға тиісті еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет