Сайділ талжанов 3 томды қ ш ы ғ армаларжина ғ Ы


ҚҰЗҒЫН МЕН ӘККІ КӨГЕРШІН, ЕГЕУҚҰЙРЫҚ ПЕН ТАСБАҚА ЖӘНЕ АҚБӨКЕН



бет19/27
Дата31.12.2019
өлшемі2,11 Mb.
#54002
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27

ҚҰЗҒЫН МЕН ӘККІ КӨГЕРШІН, ЕГЕУҚҰЙРЫҚ ПЕН ТАСБАҚА ЖӘНЕ АҚБӨКЕН


ТУРАЛЫ
ПАТША отырып ғалымнан: - Сүйіскен екі досты бір аяр өсекшінің айырып жібергенін айттың, ол нақылыңды құмарта тыңдадым. Енді сен бірін бірі көрмесе тұра алмайтын, ауыз жаласкан тату достардың қылығын баяндашы, - деді. Сонда данышпан ғалым: «Дүниеде теңдесі жоқ жақсы нәрсе туысқан бауыр ғой, бірінің-бірі ыстығына күйіп, суығына тоңады, қуанса бірге қуанып, қайғырса ортақтасып, жұбата алады. Бұл туралы мынадай нақыл бар, ол кұзғын мен әккі көгершін, егеуқұйрык пен тасбақа және акбөкен жөнінде айтылушы еді», - деді.

Патша: «Ол қалай болды екен?» - деп сұрады. Сонда философ:

- Осы жер бетінде аңшылар жайлайтын бір кұсы көп мекен- жай бар екен. Сол жерде жапырағы жайқалған, бұтағы ұйыса біткен, төбесінде кұзғынның ұясы бар, бір зәулім бәйтерек өседі екен. Күндердің бір күні ағаштың басында отырып, түсі суық, пиғылы арам бір аңшының өзіне қарай тура келе жатқанын әлгі құзғын көріп қалыпты, оның қолында таяқ, иығында арқалаған торы бар екен. Сонда зәресі ұшкан кұзғын: - Бұл адам мұнда тегін келе жатқан жоқ-ау, сірә! Не істер екен, сыртынан бақылап отырайыншы, - депті. Аңшы таянып келіпті де торын кұрып, ішіне тарының дәнін сеуіпті, сөйтіп өзі анадай жерге барып бұтаның түбіне жасырына қойыпты. Әлдене уақыттан кейін қасына көп көгершіндерді ертіп, әккі көгершін өзі бастап келіп, тордың үстіне қона қалыпты. Әрине, әккі шіркін дәнді көріпті, бірақ торды аңдамапты, соның арасынша топты көгершін түгелімен торға түсіпті. Құдайы жасап, куанған аңшы бұларға қарай арсаландап тұра жүгіргенде, көгершіндер жанын қоярға жер таппапты, кұтылудың шарасын іздеп тыпырласыпты да, біреуі ілгері, біреуі кейін тартып әлек болыпты. Сонда жолдастарына әккі көгершін айтыпты:

- Құтылғыларың келсе біріңді-бірің ұмытпаңдар, әркім өзінен

бұрын жолдасының қамын жесіп, біріңе-бірің жәрдем беріңдер, мүмкін, біз сонда тордан құтылып, аман қалармыз, - деген екен.

Әккі көгершіннің айтқанын орындап, бәрі қосыла қимылдапты да торды алып аспанға ұшса керек. - Көгершіндер аса ұзай қоймас, тордан кұтыла алмай, біраздан кейін шаршап- шалдығар да жерге қонар, - деп топшылаған аңшы да олардың қыр соңынан қалмай ере беріпті.



Сонда бәйтеректің басында отырған құзғын: «Мен де бұлардың артынан ерейін, аңшы мен көгершіндердің осы уақиғасы немен тынар екен, соны көрейін», - депті. Тап сол мезетте әккі көгершін артына қарап, соңынан қалмай салпақтап, үміттене еріп келе жатқан аңшыны көріпті де, өзінің жолдастарына былай депті: - Менің байқауымша, аңшының бізді ұстап алудан әлі үміті зор. Егер біз жазық жерге қонсақ, одан құтыла алмаймыз, халық қоныстаған тасалы жерлермен ұшайық, сонда ол біздің барар бетімізді біле алмай адасады да өзінен өзі торынып, қайтып кетеді. Көп ел жайлаған, гүлдей жайнаған жер енді алыс емес, онда менің досым егеуқұйрықтың іні бар, оны мен білем, егер біз соған жетсек, ол мына торды тісімен қияды да осы шегіп келе жатқан азаптан біз де құтыламыз, - дегенді айтыпты.

Бұлар әккі көгершіннің сілтеген бетіне қарай ұшады да, аңшы күдерін үзіп өз жайына кетеді. Алайда кұзғын қыр соңынан қалмайды, қандай әдіс істеп, тордан қалай құтылғанын көріп, келешекте өзіне осындай жағдай кездессе, соған алдын ала дайындалып құтылудың амалын үйренбек.

Егеуқұйрықтың мекеніне таянған кезде, әккі көгершін осы араға қоныңдар деп әмір беріпті. Талайды басынан кешірген тәжірибелі, өте сұңғыла егеукұйрық екен, қауіпке қапелімде ұшырамау үшін ол жүздеген інді өз төңірегінен қазып тастапты, жерге түскенде көгершіндердің көргені осы болыпты. Әккі көгершін оның атын атап шақырыпты, аты Изака1 екен.

- Бұл кім өзі? - деп егеуқұйрық інінде жатып дауыстапты. Сонда:



«Мен өзіңнің досың, әккі көгершінмін», - депті. Егеукұйрық та жүгіре шығып қарсы алыпты. Торда тұрған досын көріп егеукұйрық: «Сен көреген едің ғой, мұндай пәлеге кім душар етті екен?» - деп сұрапты.




1 Изака – егеуқұйрықтың аты, мұны әркім әр тілде әр түрлі атайды, шамалап айтқанда «Панчатантрадағы» - «алтын» дейтін сөз осының аты болу керек.

Әккі көгершін: - Жазмыштан озу жоқ, жақсылық та, жамандық та өзінің белгілі мерзімінде кездеседі, сен әлі мұны білмеуші ме едің? Мені осы пәлеге ұшыратқан тағдыр, ол маған тарының дәнін көрсетті де, торды көрмейтін суқараңғы соқыр етті ғой, сондықтан жолдастарыммен бірге мен де осы торға түсіп шырмалдым. Тағдырдың әміріне қасқиып қарсы бара алмай, менің осындай пәлеге ұшырауыма таңырқайтын түк те жоқ сияқты, өйткені менен зорлардың талайы-ақ оған қарсы тұра алмаған той. Бар әлемге жарық берген күн мен ай да өз мезгілі жеткенде тұтылады. Түпсіз тереңде жатқан балықтар да қармаққа ілінеді, аспан аясында ұшып жүрген құстар да кей кезде жерге қонуға лажсыз мәжбүр болады. Әлсіз жан өз тілегіне бір жолмен жетеді, ал ақылды адамды, әлгі жол өз тілегіне жеткізбей аулаққа алып кетеді. Міне, осының бәрі жазмыштың тегеуірінді күші, - деді.

Досы оралып қалған тордың түйіншегін егеуқұйрық қажалап қия бастағанда, оған әккі көгершін: «Сен ең әуелі мына тордан менің достарымды құтқар, соларды шырмап тұрған түйіншектерді қи, мені босатуға артынан ораларсың», - депті. Осы сөзді әккі көгершін қайта-қайта пысықтапты, бірақ егеуқұйрық ілтипат етпепті. Қыр соңынан қалмаған соң егеуқұйрық ашуланып: «Өз басыңның қамын, қу жаныңның саясын көздеуге еркің жоқтай-ақ, сен осы бір жаттанды сөзді қақсап қоймадың-ау!» - деп қалыпты.

Әккі көгершін тұрып: «Бұл сөздерім үшін мені сөкпе, досым! Мен осы бір топ көгершіннің басшысымын, сондықтан олардың қалай айтса да маған базнасы өтеді, саған әлгі сөздерді айтуымның негізгі себебі де сол. Сүйіспеншілігін көрсетіп маған жәрдем етті, айтқанымды екі қылмай орындады, өз борышын бұлар ақтады, менің қарызымнан құтылды, құдайтағала енді бізді әрдайым аңшылардың тұзағына душар етпесін! Ал мына өз қаупімді айтайыншы: егер сен, мен оралған тордың түйіншегін қия бастасаң, мені босатып болған соң жалығасың да жалқаулыққа салынып, басқалардың оралған торын қажалауға керенау тартасың той. Ал егер ең әуелі оларды босатсаң, ең ақырында мен қалсам, онда сен қанша шаршасаң да, тіпті жалығып ерінсең де мендей досыңды босатып алғанша толастамай қимылдар едің, мен мұны жақсы білем ғой», - депті.

Сонда егеуқұйрык: «Сүйіп соңына ергендердің жүрегіндегі махаббаты мен бауыр басуын өршітіп, ұлғайтатын нәрсе осы қылығың екен-ау!» - десе керек.

Сонымен, егеукұйрық торды қажалап түте бастапты, бәрін түгел пәледен кұтқарыпты. Осыдан кейін өзінің жолдастарын ертіп, әккі көгершін мәз-мәйрам болып мекеніне қайтыпты. Егеуқұйрықтың не істегенін, көгершіндерді қалай босатқанын көргеннен кейін, онымен достасуды құзғын арман етіпті. Көгершіндер ұшыраған уақиғаға менің душар болмасыма кім кепіл, егеуқұйрықтың сүйіп жәрдем етуін тілейтін де күнім туар-ау! - деп толғаныпты.

Ол егеукұйрықтың ініне жақындап келіпті де, оның атын атап шақырыпты. Егеукұйрық оған: - Сен кімсің? - деп үн қатыпты.

Сонда: - Мен құзғынмын. Менің саған айтар мынадай бұйымтайым бар. Сенің достарыңа көрсеткен әділдігіңді, адал қылығыңды көрдім, көгершіндерге арнап тәңірінің бағыштаған сыйын да сездім. Сондықтан сенімен достасып, туыс болуға әдейі арнай келіп тұрмын, - депті.

Егеукұйрық тұрып: - Екеуміздің арамызда дос боларлык ешбір дәнекер жоқ сияқты. Өйткені әрбір ақылды адам өз жолын біліп, сол жөнге қарай ұмтылуы керек қой, буынсыз жерге пышақ салып, жоқты дәметпеуге тиіс, құрғақ жерде кеме іздеп, судың ішінде арбаға мінгісі келетін ақымақ болмауы мақұл емес пе? Мен сенің жемтігіңмін де, сен мені жеуге туғансың, ендеше, екеуміздің арамызда дос боларлық қандай жол бар? - деп сұрақ қойыпты.



Сонда құзғын: «Рас айтасың, сенің маған жемтік екенің даусыз, ал бірақ сені жеп мен қанағат тұтып тояттай алмаймын ғой, онан да сенің өмір сүруің, маған деген мейірлі махаббаттың өз тіршілігімде менің басыма тиянақты бейбітшілік пен баянды бақытты әкеліп орнатпай ма, осыны жақсылап ойланшы өзің. Сенің шын сүйіспендік достығыңды әдейі іздеп келгенде, мені бос қайтаруың өз басыңа лайық емес тәрізді. Әйгілеп паш еткің келмесе де адал мінезің мен әділ қылықтарың маған айдан айқын. Қанша кұпия сақтауға тырысса да данышпан өзінің қырағылығын жасыра алмаса керек. Мысалы, жұпарды қаншама тығындап, жасырып ұстасаң да, оның аңқыған иісі

бұрқырап шықпай тұра алмайды ғой. Менімен сүйісіп дос болудан бас тартып, сүйегіңе туа біткен мінезіңді өзгертпеші, жаным!» - депті.



Сонда егеукұйрық: «Жауласудың ең күштісі - жаратылыстың өз негізінен туады. Ал осы жауласу екі түрлі: бірінде жеңіс ауыспалы болады, мысал үшін, піл мен арыстанның жауласуын алалық, бір жерде пілді арыстан өлтіріп кетсе, бір жерде арыстанды піл өлтіреді ғой. Жауласудың екінші түрінде зиян бір-ақ жағына тиеді, мысалы, мына екеуміздің арамыздағы жауласуда мертігетін мен болам. Менің жаулығымнан саған келер зиян жоқ, бірақ сенің дұшпандығың менің түбіме жетеді. Сондықтан жаратылысы жаулардың арасында бітімнің болуы мүмкін емес, егер сол дүпшандықты тудыратын себептің өзі кұрымаса, мұндай дұшпандықтың бітуанасы кейінгі үрім- бұтаққа мұра бола алмайды, бұл бітім екінші біреуге көшіп қонбайды. Мысалы, суды қанша қайнатсаң да, үстіне құйып жібергенде, сол ыстық су отты сөндірмей қоймайды. Қанша бітімге келсе де жаратылысынан жаулар, жыланды алақанына салып аялап ұстаушыларға ұксайды, өйткені ақылды жан залым дұшпанымен достаса алмаса керек», — дегенді айтыпты.

Құзғын: «Сенің сөздеріңді мен түгел түсіндім. Мінсіз мінезің өзіңе сай бітіпті, менің сөздерімнің адал екенін де ұғынып тұрсың. Бірақ сен енді «Біздің дос болуымызға ешбір жол жоқ!» дегенді желеу етіп, екеуміздің арамыздағы қарым- қатынасты қиындата берме! Адал туған данышпан жандар жақсылыққа жетудің жолын іздейді, ауыс-түйіс жасауға ұмтылады. Жақсылардың арасындағы сүйіспеншілік жылдам басталады да, айырылысарда тез суысып, жылдам қожырап кете алмайды. Бұлардың достығы алтын кұмыраға ұқсайды, өйткені ол жылдам сынбайды, ал егер сына қалса оның жамалып, бүтінделуі де оңай. Жаман адамдардың сүйіспеншілігі керенау басталады да жылдам суысады, олардың достығы кұмнан жасалған құмыра тәрізді, құрттай ақау тисе сынып қалады да еш уақытта бүтінделмейді. Асыл жан асылды бір көргенде-ақ немесе сол таныскан күні-ақ таниды да жанаса кетеді, ал арамза адам қорықпаса немесе бір пайдасы тиер деп ұқпаса, ешкіммен жақындаса алмайды. Сен бекзатсың, мен сенімен достасуға ынтықпын, менімен шын елжіреп бауырласқанша тамақ та

ішпеймін, есігіңнің алдынан да кетпеймін», - деп серт беріпті.

- «Сенің туыс-дос болуыңды қабылдадым, - депті егеуқұйрық, себебі мен ешкімнің қажетін өтемей қайырған емеспін. Менің алғашқы сөздерім өзімді-өзім ақтау үшін айтылып еді. Егер сен сертіңді бұзып залымдық істеген күнде де: «алдауға тез көнетін ақымақ егеуқұйрықпен ұшырастым демесін деген ой билеп еді», - депті.

Осы әңгімеден кейін егеуқұйрық інінен шығып, есігінің алдына келіп тоқтай қалыпты. Сонда кұзғын сөйлепті:

- Ініңнің аузында сені кім ұстап тұр, бері шығып, менімен

қоян-қолтық кұшақтасып, достасуға кедергі жасаушы бар ма? Әлде сенің жүрегіңнен күдіктену әлі ажыраған жоқ па? - деп сұрапты.

Сонда егеуқұйрық: «Бұл өмірдің адамдары өз ара достасқанда екі нәрсені дәнекер етеді, соның біреуі жүрегіндегі барын ортаға салады, ал екіншісі қолындағысын ұсынады. Жүрегінде жүргенін дәнекер ететіндер - адал достар, ал қолындағысын ұсынатындар бұлар біріне-бірі кезек жәрдем беріп, пайдасын көздеушілер, олар бірін-бірі жеп олжа табушылар. Дүниелік пайда іздеп, өзінің құлқынын ғана көздеп, ізгі қылық жасайтын жан болады, оған мысал үшін әлгі аңшыны алалық, ол тордың ішіне тарының дәнін төккенде көгершіндердің пайдасын ойлаған жоқ қой, өз қара басының қамын жеді, өз құлқынын ғана көздеді. Жүрегіндегі барын ортаға салу, колдағысын айырбастаудан анағұрлым артық. Сенің арамза ойыңның жоқтығына мен анық сендім, сондықтан дәл сондай адалдықты өзіне арнап қайта ұсынғалы тұрмын. Алайда, інімнен саған қарсы суырылып шықпай тұруымда арамза пиғылым жоқ, бірақ сенің өзіңмен тектес, өзің сияқты достарың бар ғой, мен туралы олар сенше ойламайды. Міне, солардың біреуі мені көре қалса, көзімді жойып жіберер деген қоркыныш билеп тұр»,

- деп жауап қайырыпты.

Енді кұзғын сөйлепті. - Достың жолдасына достық көрсету, оның қас дұшпанына қастық білдіру - бұл, әрине, шын достық белгісі, бірақ сені жек көретін менде дос та, жолдас та жок, ал егер сондай біреу-міреу табыла қалса, менің одан айрылып кетуім де оп-оңай болар еді. Егер бір адам райхан гүл ексе, ол өсіп-өнгенде арасына арамшөп шықса, соны әлгі иесі жұлып

тастайды ғой, сонда арам шөппен қосып кейде райхан гүлдің де бір жеріне зақым тигізуі кәдік, - депті.

Осыны естігеннен кейін егеуқұйрык інінен шығып кұзғынның қасына барыпты, - екеуі сол жерде қол алысып, құшақтасып дос болыпты да әңгімелерін шертісіпті. Екеуі осылай достасып, тәңірінің қалауынша, осы арада біраз күн бірге тұрыпты.

Күндердің бір күні кұзғын егеукұйрыққа мына сөзді айтыпты:

- Досым, сенің інің жұрт жүретін жолдың аузында екен, солардың біреуі мені таспен ұрып бір күні жазым қыла ма деп қорқамын. Мен бір оңаша орынды білемін, онда менің досым тасбақа тұрады. Ол жердің балығы мол, ішім-жемнен тарықпаймын, бәрі табылады, міне енді сонда барып, қалған өмірімді тасбақамен бірге қаннен-каперсіз бейбіт өткізгім келеді, - депті.

Осы арада егеукұйрық: «Саған еріп мен де барсам қайтеді? Осы орын маған да онша ұнамайды», - дегенді айтыпты.

Құзғын тұрып: «Бұл орынның саған несі ұнамайды?» - деп сұрағанда, егеуқұйрық оған:

- Сенің тілеген жеріңе өзім бірге барсам, сонда түгел баяндармын,

бұл туралы менің саған айтар хикаям толып жатыр, - деп жауап қайырыпты. Егеукұйрықты арқасына мінгізіп алып, құзғын аспанға ұшыпты да, өзінің қалаған жеріне барып түсіпті. Бұлар таянып келгенде, егеукұйрықты арқалаған кұзғынды көріп, тасбақа өзінің досын тани алмай шошына қорқыпты да жан дәрмен суға сүңгіп кетіпті. Ал құзғын егеуқұйрықты жерге түсіріпті де, өзі барып ағаштың басына қоныпты, сөйтіп тасбақаның атын атап айғай салыпты. Досының дауысын танып, тасбақа судан шығыпты да, келіп оған сәлемдесе тұрып: - Сен қайдан келдің? - деп сұрапты. Сонда құзғын өзінің басынан кешірген уақиғасын баяндапты, - көгершіндердің соңынан ергенін, егеуқұйрыкпен екеуінің арасында қандай жәйттің болғанын, осы жерге жеткенше өзінің нендей уакиғаға кездескенін - бәрін

түгел айтып шығыпты.

Сертінен таймайтын егеукұйрыктың ақылдылығын естігенде тасбақа қатты таңырқапты, ол егеукұйрыққа иіліп

сәлем беріпті де: - Бұл жердің несіне қызығып келдіңіз? - деп сұрақ қойыпты.



Сонда кұзғын егеуқұйрыққа қарап: «Маған айтуға оқталған уакиғаң, ұзак әңгімең қайда? Тасбақа сұрап тұрғанда, реті келген болар, міне, сен сол әңгімеңді шерт», - депті.

Егеуқұйрық өз әңгімесін былай бастапты: - Мен баяғыда Марот деген шәһәрде қоныс тептім, сондағы тұңғыш мекенім сопының үйі болды. Оның үй-іші, қатын-баласы жоқ еді. Осы сопыға күн сайын біреу бір себет тамақ әкеп беріп тұрды. Сол тамақтан өзі тойғанынша жеп, калғанын себетке қайта салып, үйдің қабырғасына іліп кететін болды. Мен оның үнемі үйден кетуін аңдушы едім, ал сопы шыға бергенде барып себетті бас салып, тамақты тік көтере жеп, қалдығын басқа егеукұйрықтарға тастап жүрдім. Сопы бірнеше қайтара себетті менің бойым жетпейтін биік жерге іліп те көрді, бірақ менен ол құтыла алмады. Бір күні сопының үйіне бір қонақ келіп қонды. Олар кешкі асты бірге отырып ішті де, сұқбаттаса бастады. Сопы қонағынан: «Қай елден келе жатырсыз, ендігі сапарыңызда қай жерге бармақсыз?» - деп сұрады. Қонағы жер дүниені кезген, көп кереметті басынан кешірген жырымды адам болып шықты. Сопыға ол аралаған мемлекеттерін, көрген-баққан қызықтарын баяндауға кірісті. Осы әңгіме үстінде сопы егеуқұйрықтарды шошытып, алақанын анда-санда шапалақтап қойып отырды. Сонда қонағы ашуланып:

- Мен саған әңгіме айтып отырсам, сен сол әңгімені келемеждеген кісіше алақаныңды шапалақтайсың. Онда әңгіме айт деп өтінудің қажеті не? - деді. Қонағынан кешірім сұрады да, енді сопы сөйлеп кетті. - Сенің сөзіңді тыңдап мен үндемей-ақ отырмын ғой, ал кейде алақанымды шапалақтап, осында еріп жүрген егеуқұйрықтарды үркітемін, олардан менің әбден зықым шықты. Олар жемеген осы үйде адал дәм қалған жоқ, әбден діңкем құрыды, - деді.

Сонда қонақ: - Егеукұйрық жалғыз ба, жоқ көп пе? - деп сұрады. Сопы оған: - Қайдан жалғыз болсын! Қаптап жүр, бірақ солардың ішінде менің жүйкемді кұртқан біреуі бар, оған қарсы мен ешбір айла таба алмай қойдым, - дегенде, қонағы оған қарап: - Мұнда бір хикмат бар екен. Сенің бұл сөзің бір әйелге ерінің айтқан мынадай әңгімесін есіме түсіріп отыр:

«Тазаланып ақталған күнжітті мына әйелдің ақталмаған бітеу күнжітке апарып айырбастауы тегін қылық емес қой» деген еді,

- деді.

Сопы тұрып: - Ол уакиға қалай болды екен? - деп сұрағанда, қонағы мына мысалды баяндап кетті.



- Мен баяғыда пәлен деген қалада тұратын бір адамның үйіне барып

қондым. Біз кешкі асты бірге отырып іштік, сонсоң ол маған сол бөлмеге төсек салып берді де, өзі әйелімен бірге жатпақ болып екінші бөлмеге кетті. Екі бөлменің арасында қамыс қабырға бар екен. Түннің ортасы кезінде ері мен әйелінің екеу ара әңгімесі еміс-еміс естілді, мен құлағымды түріп тыңдай қалдым, сонда ері мынаны айтты: - Мен ертең бірге отырып дәм жеуге туыстарымды шақырғым келеді, - деді, әйелі оған: - Өз үй ішіңе де әрең-әрең жететін тапшы дастарқаның бар, басы артық тамағың да жоқ, сен өмірі дүниелікті молырақ жинамаған жансың, қонақты қалай шақырасың? - деді. Осы арада ері оған:

- Өзіміздің ішіп-жегенімізге, қонақты сыйлағанымызға сен тарылма, ол

бұйырған ырызық. Кейде ұстай қатқанынан тістей қатып, барын артына сақтайтын сараңдардың қылығы сайып келгенде мына бір қасқырдың қылығына ұқсайды, - деді.

Әйел: - Ол қасқырға не болды екен? - деп сұрағанда, ері оған мына мысалды келтірді: - Бір күні таң сәріден қолына садағы мен жебелі оғын алып бір аңшы аң аулауға шырады. Көп ұзамай-ақ ол бір ақбөкенді атып жығады. Алып соғып оны бауыздайды да, арқасына салып үйіне қайтады. Жол-жөнекей оған бір қабан тап болады, көре салып аңшыға тұра ұмтылады. Сонда аңшы ақбөкенді тастай беріп, қабанды көздеп садак тартады, жебелі оң өкпесіне тура барып тиеді. Жаралы қабан жан ұшырып азуын аңшыға салады, жарып тастайды, садақ пен жебелі оқ жерге түседі, табан аузында екеуі де сеспей қатады. Осы арадан өтіп бара жатқан аш қаскыр өлген адамды, ақбөкенді, қабанды көреді де, өте бір мол азыққа кезіккенін ұғып, байлыққа кенелгендей қуанып:

- Шамам келгенше бір азын тығып қояйын, сақтықта қорлық жоқ қой,

басы артық қор жинамау ақымақ алаңғасардың ісі. Мен осы олжамды үнемдеп, қысып ұстайыншы, сақтанған жөн болар. Ендеше, бүгін мына садақтың иіп байлаған тарамысын жеп қорек қылсам да болады екен, - деп түйеді. Сөйтіп садактың

тарамысын жеуге оқталады да, тісімен қажалай бастайды. Шиыршықталып байланған тарамыс шарт етіп үзіліп кеткенде, садақтың иілген басы кейін серпіп, қасқырдың қара тұмсығына дөп тиеді, аңдаусызда ажалы жетіп, қасқыр мүрдем кетеді.

- Міне, бұл нақылды мен сені түсіндіру үшін әдейі айттым, өйткені аузынан жырып, артына сақтаудың түбі осындай жамандыққа апарып соғатыны да болады, - деді.

Әйелі айтты: - Сөзіңнің бәрі рас. Біздің үйде алты-жеті кісіге жететін күріш пен күнжіт бар. Ертең мен тағам даярлаймын, сен өзіңнің сүйген қонағыңды шақыр, - деді. Таңертең әйелі күнжіттің қабығын аршыды да, сөреге жайып күнге кептіруге койды. Сөйтті де еріне бұрылып: - Мына жаюлы тұрған күнжітке ит, кұс тимесін, аңдып тұр, - деді де басқа тамақтарын даярлап, жабдықтауға кірісті. Алайда ерінің бейғам отырғанын, иттің келіп күнжітті жей бастағанын әйел анадайдан көрді. Ит жегенін жеп, қалғанын аяғына басып былғады, осыны көзі көрген әлгі әйел нәжістенген күнжітті қонаққа тартқысы келмеді. Осылай ұйғарды да әйел ақталған күнжітті базарға апарып, ақталмаған күнжітке баспа-бас айырбастады. Әйел осыны істегенде мен базарда едім, өз көзіммен көріп, кұлағыммен естідім, сонда бір көлденең адам тұрып, мына әйелдің ақталған күнжітті ақталмаған күнжітке баспа-бас айырбастауында, заты, бір себеп бар шығар, - деп еді.

Енді мына егеуқұйрық туралы мен де сол сөзді қайталар едім, өйткені сенің айтуыңша, себетке шабатын жалғыз сол болса, оның басқа жолдастары тимесе, себетті кайда ілсең де соған әлгі егеуқұйрықтың ғана келуі тегін емес шығар, мұнда бір үлкен себеп болар. Маған бір балта тауып берші, - деді. Ол қонағына балта әкеп берді, мен осы кезде өз інімнен шығып келіп, біреудің інінде жатыр едім, олардың сөздерін түгел естідім. Кімнің қойғанын білмеймін, әйтеуір, менің інімде мың тіллә (динар) салған бір қалта алтын жатушы еді. Мен оны жерге төгіп, біріне бірін соғып асыр салып, ойнаушы едім, алтын тұратын мекен-жайды білетініме мақтанып мардамсушы едім. Қонақ менің інімді қаза-қаза келіп, әлгі ақшаға жетті. Ақшаны қолына ұстап тұрып сопыға мына сөзді айтты:

_ Дұрыс, осы егеуқұйрықтың саған шабуыл жасауына, оған сонда жойдасыз қайраттың бітуіне себеп болған мынау екен ғой, өйткені әрбір

жан иесін ақылды да, күшті де ететін осы ақша. Енді өзің көрерсің, бұрынғы батырлығы да, батылдығы да оған қайта оралмайды, осы күнге дейін істеген қылығын қайталауға оның мұршасы мүлде келмейді, - деді. Қонақтың осы сөзін естігеннен кейін мен сандалақтап дел-сал болдым, бұрынғы өзімді өзім көтеріп мақтануым да ақылсыздыққа айналды. Бөтен біреудің ініне барып паналадым, қоңсы болдым, соның ертеңіне-ақ көзім жетті, егеуқұйрықтардың арасында менін беделім түскен екен, олардың сыйлауы да - немқұрайды сияқты. Себетке секіруді бұрын өзім үйретуші едім, енді бүгін мені олар секіртті, бірак секіруге шамам келмеді, көріне көзге кеміп қалдым, егеуқұйрықтар менен күдер үзіп, теріс айналды: - Тағдырдың сүйікті құлы құрыған екен, жуық арада мұның өзі біреуіміздің мойнымызға мінетін масыл болар, сірә, - деп соқты. Бәрі де мені тастап, жабыла барып жауларыма қосылды. Көрінген жанға мені ғайбаттап, кеміте сөйлейтінді шығарды. Мен сонда мынау ойға тірелдім: жолдас та, туыс та, ағайын да, дос та - бәрі де тек ақшаның барында екен деп білдім. Ақшаң болса батыр да, ақылды да сенсің, жоқ болса, күллі атақтан жұрдай болатыныңды байқадым. Ақшасы жоқ жан мақсатына жете алмайды, оған жетуге ұмтылмайды да, өйткені кедейлік кес-кестеп кедергі жасай береді, мен осыны ұқтым. Тап осы тәрізді жаздыкүнгі жаңбырдың суы жапан далада жерге сіңіп таусылады, ешбір өзенге де, теңізге де барып кұймайды, оны жердің өзі сорып алады, өйткені жердің сусынын қандыратын су, сол су аркылы ол өз мақсатына жетеді, көріктеніп гүл-гүл жайнайды.

Кедей туыстың үй іші де, бала-шағасы да, атақ-даңқы да болмайды. Жұрт көзінде ақшасы жоқ жанның ақылы да жоқ, оған бұл дүние де, ақырет те бұйырмайды. Кемтарлықтың шеңгеліне түскен адамнан ең әуелі туыстары безеді, жақындары жек көріп ат-тонын ала қашады. Ал кей кезде өз басының және үй ішінің кажетін, мұң-мүддесін орындау үшін ол шара іздейді, сонда лаж таппай қылмысқа ұшырайды, арынан ажырайды, қор болады, сөйтіп ол екі дүниеден бірдей қол үзеді де мүлде құриды. Бақытсыздықтың бар тетігі кедейлікте; кедейді жұрттың жексұрын көруі де сол. Кедейлік ақыл мен әділеттен де жұрдай етеді, осының зардабынан білімділік те, тәрбиелі қағілездік те

жойылады. Кедейлік өтірік-өсектің, қаңқу сөздің міне шабатын салт аты, ар-ұяттың сарқылатын мекені де сол. Ұяттан айрылған жаннан қуаныш та қашады, ол үнемі жексұрындыққа ұшырайды, ал жексұрындыққа ұшыраған адам жәбірленеді, жәбірленген кісі қайғыға кездеседі, оның ой-санасы кемиді, ақылсыз да, ұмытшақ та сол болады, ақыл-есі, ой-санасы кеміген жанның барлык сөзі өзін орға итереді, пайдасыз болып шығады. Бұрын сеніп жүрген адамдар кедейленген кезде оған енді сенбейді, күдіктене қарайды, бұрын жақсы дегендер енді оның ісін үнемі жамандыққа жориды. Біреу қылмыс істесе осыдан көреді, күдіктенудің, арам пиғылдың бәрі осыған төнеді, - күллі жанның көздейтін қарақшысы осы кедейлік екен. Байларды мақтауға арналған қылық, кедейлерді қарақаттауға жарай береді. Кедей ер жүрек болса, оған алаңғасар-әңгүдік деген атақ таңады, ол мырза болса - сырапқор деседі. Егер ол әдепті болса

- оны әйеңкес, әлсіз деп біледі, ол өзін ұстай білсе - оны өр көкірек жарымес деп есептейді. Ол шешен болса - ақымақ мылжың деседі. Кесіп алса қан шықпайтын сараңнан сұрантуға апаратын кедейлік, ал бұдан ажал анағұрлым артық. Егер адал туған адам айдаһардың аузына қолын тығып, өңешіндегі уын суырып алып, сол уды еріксіз өзі жұтып коюға мәжбүр болса, міне осы қылығы пейілі тар сараңнан бірдеме дәметіп сұранудан әлдеқайда жеңіл. Бұрынғылар айтқан екен: - бөтен елде, шет жерде жүрген біреудің басы ауырып, балтыры сыздаса, ол осы аурудан емделе алмаса, өйткені не күндіз, не түнде паналайтын мекені болмаса, оның үстіне өз еліне қайту үміті кесілсе, немесе сол адамды жоқшылық қысып қайыр сұратуға апарса - міне, осы адамның өмірі - өліммен тең, ал өлім оған рақаттың алтын бесігі. Ешкімнің қайыр сұрағысы келмейді: бірақ жоқшылық оның жер-жебіріне жетеді, сол жоқшылық ұрлыққа да, зорлыққа да итереді, ал мына кейінгі қылықтары ана өзі ат- тонын ала қашқан қайыр сұраудан да арам, - деген екен. Тағы бір жерде мынаны айтыпты. Өтірік сөйлеуден мылқау болу артық, зорлықтан алдау артық, ал төңірегіндегі елді жеп, төрт түлігі сай болып рақатқа батудан таза жоқшылық пен кедейлік артық, - депті.

Осыдан кейін менің інімнен қазып алған тілләні қонақ екіге бөліп, тең жартысын сопыға бергенін көрдім. Сопы өз

үлесін дорбаға салды да жастығының астына басты. Сопы жастанып жатқан тілләні қайта әкеліп өз ініме салғым келді, сондағы ойым - кеміген қуаттың біразы қайта орнына түсер, теріс айналған достарым өзіме қайта оралар деп үміттендім, сөйтіп сапарға аттандым, бұл кезде сопы ұйқтап қалған екен. Мен келіп жастығының астын тіміскіледім, сөйтсем, қонақ ояу жатыр екен, оның қолында таяғы бар еді. Ол мені қақбастан беріп кеп жіберді, сасқалақтап қаша жөнелдім де ініме кіріп кеттім.

Басымның ауруы толастаған кезде лепірген көңіл, ашқарақ ой тағы билеп әкетті, ақылымнан адастым, әлгі ой ерікке қоймай итермеледі, тағы шығып сопының қасына бардым, бұл жолы қонақ, мені аңдып жатыр екен, таяғымен салып кеп қалды, сонша қатты ұрды, басым жарылып қан саулап ақты, тәлтіректей дөңбекшіп, сүйретіліп ініме азер жеттім де есімнен танып құладым. Мен қайғы-касіреттің шырмауына түстім, ақшадан біржола көңілім қалды, енді ақшаның атын естісем төбе шашым тік тұратын болды. Соңынан ойлап-ойлап осы дүниедегі адамның бәрі бақытсыздыққа ұшырағанда ашқарақтық пен құлкын құмарлық арқылы ұшырайды екен деп ұқтым, өйткені өмір сүрген жанның жүрегінен ашқарақтық пен құлқын құмарлық өмірі арылмайды, сондықтан ол бақытсыздыққа да, қайғы-касіретке де душар бола береді. Мырзалык пен сараңдықтың арасы жер мен көктей екен, мен осыны сездім, жомарт жанның дүние іздеп қол созуынан гөрі, кұлқын құмарлардың сол ақшаның соңына түсіп, алыс сапарға аттануы, неше түрлі шексіз бейнет, ауыр мехнатка ұшырауы әлдеқайда жеңіл-ау, — деп білдім! Дүниеде теңдесі жоқ зор байлық қанағат екен. Мен данышпандардың айтқанын естідім, олар: ақылдан сабыр артық, аяр сопылықтан адал қылық артық, байлықтан қанағат артық. Өзгермейтін тағдырдың ісіне көбінесе көнген артық дейді екен. Солар тағы мынаны айтыпты: «Адамның басына біткен зор байлық қайырымдылық, махаббаттың жоғарғы сатысы сенім, даналықтың ең алды келешекте болатын іс пен болмайтынды ұға білу, сөйтіп ізгілік пен сабыр көрсетіп қол жетпейтін нәрсеге ұмтылмау», — депті. Осыларды естігеннен кейін мен де қанағат тұтып, барға ырза болдым, сопының үйінен безіп жапан далаға барып мекендедім.

Құзғынмен бірге келген егеуқұйрық енді тасбақаға қарап сөйледі:

«Менің бір көгершін досым болды, екеуміз мына құзғыннан бұрын достасып едік. Құзғын маған сол көгершін арқылы кездесті де сенімен достығын айтты, саған барғысы келетінін білдірді. Сонда құзғынмен бірге мен де жөнелдім, жалғыз қалғым келмеді, өйткені бұл дүниеде бауырласыңмен бал жаласып достасып жүргенге не жетсін, одан зор қуаныш жоқ, ал сол достардан суысып кетсең бұдан үлкен қасірет те жоқ екен. Күнделік мұқтажынан кұтылып, тараң өмірдің тақсіретін тартпау үшін ақылды жанға басы артық дүниені күйттеудің қажеті жоқ екен. Бұл үшін тек азғана ішіп-жемің, баспанаң болсын, бұған жетуге ұлан-байтақ өлкең мен дарқан жүрегің көмек бере алады, мен осының бәрін басымнан кешкен соң барып білдім. Егер дүниедегі бар байлық бір адамның қолына берілсе, сонда ол азғантай-ақ нәрсемен қанағаттанып, өзінің мұң-мүддесін орындар еді. Ал қалған дүниенің бәріне оның құшағы да жетпес еді. Осы ойға мұқылас ұйыдым да, құзғынға ілесіп жөнеп бердім. Мен сенің сіңлің болайын, сен маған да сондай жанашыр апа бола біл», - деді.

Егеуқұйрық осылай сөзін бітіргенде нәзік үнмен, өткір тілмен тасбақа оған былай жауап қайырды: - Сөзің әдемі екен, жаным, құмарта тыңдадым, бірақ менің байқауымша, сырыңның тетігін сен әлі түгел шертпей отырған сияқтысың, өзіңнің бізге келген сапарыңдағы мақсатыңды да жеткізе айтқан жоқсың, жүрегіңде бір нәрсе түйткіл тұрғандай, оның болмауы керек қой. Ойланшы өзің, әдемі сөзден ештеңе өнбейді, күллі тетік істелетін әрекетте. Мысалы, ауру адам емделудің жолын білсе, бірақ емделмесе, сол ауруды жеңілдетіп тыншыға алмайды ғой, сонда оның білгенінен не пайда? Қабырғаңмен кеңесіп, ұйғарған ойыңды ісіңмен көрсет. Малым аз деп қапаланба, ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды, оны жұрт малсыз да сыйлайды, мысалы арыстан өліп жатса да оның айбатынан ел қорқады, құрмет тұтады. Байлығы қаншама мол болса да, адамгершілігі шамалы жанды халық қадірлемейді, мысалы, алтынмен аптап, күміспен күптеп, мойнына қарғы, аяғына білезік тақсаң да итті жұрт ит деп біледі, жек көреді. Жат жерде жүрмін деп кайғырма, жақсыда жаттық жоқ. Қандай жат елге барса да оның өзіне ақылы жолдас, оған сол жетеді, мысалы, арыстан қай жерде

жүрсе де, қай тарапқа барса да оның күш-қуаты өзінде, соның көмегімен ол өмір сүре алады. Сөйтіп, әділ ізгілікке сиын да, барлык әдіс-айланы қолданып өзіңе-өзің көмек бер, егер осылай әрекет жасасаң әлгі ізгілік сені өзі іздеп табады, не ексең соны орасың, өйткені су ойға қарай ағады, суға үйренген құс үнемі суды көздейді. Бақыт тек қырағылар үшін, ізденгіш, ақылы ширақ жандар үшін жаралған, ал әйеңкес, жалтаң, өзі біреуге сенетін жандардың, жалқаулардың қолы байлыққа кемде-кем- ақ жетеді. Сондай-ақ жас әйел де кәрі шалмен көңіл қосуды - өзіне лайық көрмейді, қосылуға құмартпайды.

Өзіңнің айтуыңша түнде көп ақшаң болыпты да, таң атқанда содан айырылып кедейлікке кездесіпсің, бұған сен қайғырма. Ақша да, басқа байлық та қолдың кіріндей, келерінде жылдам келеді де, кетерінде судай ағады, бұлар аспанға лақтырған доп сияқты, жерге де тез құлайды: Бұрынғылардың айтуынша: - Бұлттың көлеңкесінде, арамзаның достығында, әйелдің махаббатында, жалған мақтауда, мол байлықта баян жоқ, тиянақсыз нәрселер, міне, осылар деген екен. Ақылды жан зор байлыққа сүйінбейді де, тапшы өмірге күйінбейді. Оның бар байлығы - өзінің ақылы мен ізгі еңбегінде. Оның істеген ісі, артына қалдырған өрнек-үлгісі жоғалмайды, істемеген қылық үшін оны жауапқа ешкім тарта алмайды, мұны ол жақсы біледі. Болашақ өмірге бейғамдық жасамау жөн, ақырет үшін де игілі істер істеп кетуі керек. Ажал аңдаусызда аяқ астынан тап болады, оның келер мерзімін ешбір жан білмейді. Менің өсиетіме сен ділгер емессің, өз басыңа не нәрсенін пайдасы барын көріп те тұрсың. Алайда достық ақың бар, сол борышымды өтегім келеді; ендеше, сен біздің, адал сіңліміз бол, әліміз келген жақсылықты біз де сенен аямалық, - деп сөзін бітірді.

Тасбаканың егеукұйрыққа берген жауабын, көрсеткен сүйкімді қылығын, сұлу сөзін естіп құзғын қатты куанды, көңілдене тұрып мына бір сөзді айтты. Досым сен, егеуқұйрық жөнінде мені шаттыққа бөледің, бақытты еттің, енді өзің де солай қуануға тиіссің; өйткені ағайын-туысы, адал достары үйінен арылмаса, үнемі бірге болып бірін-бірі қуантса, сол үй иесі әлгі дос-жарандарының мұң-мұңтажын орындауда ылғи жел жағына түсіп көсемдік істеп отырса, міне, жойдасыз күшті қуаныш, қасиетті өмір, ізгі даңқ - бәрі де осы адамның

бойында болмақ. Ізгі жан сүрініп кетіп, орға құласа, оған ізгі адам ғана қол үшін беріп, тартып ала алады, сондай-ақ егер піл батпакқа батса, оны тек піл ғана суырын шығармақ. Қаншама мол жақсылық көрсетсе де ақылды адам оны міндет етпейді, ескермейді де; басын бәйгіге тігіп, неше алуан қауіп-қатерге кездессе де бұдан тіпті зиян көрмейді, ол тек жалғанды ақыретке айырбастайды, азды беріп, көпті сатып алады, оның осыған көзі де жетеді. Жұрттың қамын ойлайтын, екіталай кезеңде ел болып көмек тілейтін, халық паналайтын игі жандар болады, міне ең бақытты адамдар осылар, ешкімге шарапаты тимейтін байларды көпшілік байта есептемейді,

- деді.


Құзғын осы сөзді айтып тұрған кезде, бұлардың жанына күтпеген жерден бір ақбөкен жүгіріп келді. Құзғын, егеуқұйрық, тасбақа үшеуі де шошып кетті. Тасбақа секіріп суға түсті, егеуқұйрык ініне кіріп жоқ болды, кұзғын ұшып барып бәйтеректің басына қонды. Акбөкен жиекке жақындап барып, азырақ су ішті де, шошынып жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады, аңырап тұрып қалды. Ақбөкеннің соңында қуғыншы жоқ па екен, соны байқау үшін құзғын шарықтап аспанға ұшты, қалықтап жүріп айнала атырапқа көз жіберді, бірак еш нәрсені көре алмады. Содан кейін қайтып келді де: - Ешбір қауіп-қатер жоқ, бері шығыңдар! - деп тасбақаны судан, егеуқұйрықты інінен шығарып алды. Міне, енді бәрі де баяғы орындарына қайта жиналады. Ақбөкеннің суға үңіле қарап, ішпей тұрғанын көрді де тасбақа сөйлей жөнелді: - Шөлдесең іш, қаймықпа, қауіптенбе!- дегенді айтты. Акбөкеннің еті үйреніп енді бұларға жақындай түсті. Сонда тасбақа сәлем беріп амандасты да:

- Жолың болсын, қай жақтан келе жатырсың? - деп сұрады. Ақбөкен тұрып: - Мен баяғыда осы өңірде болып едім, сонда біреулер мені әуреге салып, қоярда-қоймай қуалаған болатын. Бүгін бір қартты көрдім де соны аңшы болар деп қорқып осында қашып келдім, - деді.

Сонда тасбақа: - Сен енді қорықпа, біз ешбір аңшыны бұл жерде көрген емеспіз. Шүйіркелесіп бірге тұралық, өзіңдей көр, сен жайылатын отты жер де осыдан қашық емес, - деді. Ақбөкен солармен достасып бірге тұрып қалды. Бұлардың шілік қосы болушы еді, күн сайын белгілі мерзімінде мекендеріне келіп, бас қосып, өзара масайрасып, әңгіме-дүкен құрып отырушы еді.

Бір күні дағдылы мезгілінде құзгын мен тасбақа егеуқұйрық үшеуі келіп жолығысты, араларында ақбөкен жоқ еді. Олар бір сағаттай күтті, ақбөкен кешіге берді, бір пәлеге ұшыраған шығар деп корықты да, олар құзғынға мына сөзді айтты:

- Ақбөкен осы маңайда жайылып жүрген болар, сен ұшып шығып,

көріп қайтшы, - деді. Құзғын шарықтап аспанға ұшты да, аңшының торында ақбөкеннің оралып жатқанын көрді. Ол жылдам қайтып келіп, егеуқұйрык пен тасбақаға осы хабарды жеткізді.

Тасбака мен кұзғын егеуқұйрыкка қарап: - Бауырымызға сен ғана жэрдем бересің, бұл жөнінде сенен баска сенеріміз жоқ, - десті. Егеуқұйрық іле-шала жүгіріп акбөкеннің жанына жетіп барды да:

- Сонша қырағы едің-ау, сен бұл пэлеге қалай үшырадың? - деп

сұрады.

Ақбөкен сонда: - Көзге көрінбейтін құпия тағдырдан қырағылык кұткара ала ма, одан кашып жан сауғалауға бола ма? - дегенді айтты.

Осы әңгіменің үстінде тасбақа да келіп жетті, ақбөкен оған бұрылды да:

- Сен мұнда бекер келдің-ау. Мені шырмаған торды егеуқұйрык тісімен қажалап үзіп жіберсе болғаны, сол арада аңшы келіп қалса да мен жүгіріп жеткізбей кете алам, егеуқұйрыктың паналайтын іні көп, ал құзғын болса ол ұшып кетеді, бірақ сен мешеу қимылдайтын, шабан едің каша алмайсың ғой, сондықтан мен енді сенің қамыңды ойлап аңшыдан қорқып тұрмын, - деді.

Осы арада тасбақа сөйлеп кетті: - Жақсы көрген достан айырылу тіршілік емес. Бауыр мен бауырдың кездесуі ғана қауіп-қатерді жеңілдетіп, басқа келген қайғыны ыдырата алады. Сонда олар біріне-бірі көрген касіреттерін шертісіп, мұң-мүддесін тебірене айтысып, көңілдерін бөліседі, ал достар еріксіз ажырасқанда жүректің оты сөнеді, қуанышы өрескел көрінеді, көзіне шел қаптайды, - деді.

Тасбақа сөзін бітіргенше аңшы да келіп қалды. Алайда егеуқұйрық бұл кезде торды қиып үлгерген екен, ақбөкен қашып құтылды, құзғын ұшып кетті де егеуқұйрық інге кіріп жоқ болды. Торының дал-дал болып, жыртылып жатқанын аңшы көрді де таң қалды, төңірегін сүзе қарағанда, тасбақадан

бөтен ешкімге көзі түспеді. Табан аузында тасбақаны торына орап алып, көтеріп жүре берді.

Ақбөкен, құзғын, егеуқұйрык үшеуі кешікпей-ақ қайта бас қосты, олар аңшыны аңдыды, оның тасбақаны торына орап алып, әкетіп бара жатқанын көрді, қапы қайғырды, сонда егеуқұйрық айпы: - Бір пәледен жаңа ғана құтылып, енді екінші бір одан да зорына кездестік-ау, тіпті ойыңа да сыймайды! Бұрынғының сөзі рас екен ғой:

- Адам алғаш сүрінгенше аяғын шалыс баспайды, ал кедір-бұдыр жерде бір сүрінсе, содан кейін дағдыланады да, тегіс жерде де сүрінуге үнемі бейім тұрады деуші еді. Мені үй ішімнен, мал-мүлкімнен, отанымнан, ел-жұртымнан айырған тағдыр әлі тояттаған жоқ екен, ол енді тіршілігімнің бар тетігі тасбақадан айырды ғой, бұл мақтаныш іздеу үшін, не алыс- беріс жасау үшін болған емес еді, бұл достың әкенің баласына көрсететін мейірбандық махаббатынан да артық еді, мұны тек өлім ғана ұмыттырады. Уа, шіркін, мехнат тарту үшін жаралған қу дүние-ай! Өмір оңғақ қой, ол үнемі өзгеріп, жаңғыра береді, онда тұрақты, тиянақты еш нәрсе жоқ, тап сондай-ак аспандағы жұлдыздың туысы да, батысы да мәңгі бір қалыпта тұрмайды, туғаны батады да, батқаны қайта туады, ылғи өзгеріп ауыса береді, шығысы - батысқа, батысы - шығыска айналып құбылып тұрады. Бұл қайғы менің басымнан кешкен мехнатты есіме түсіреді, ол жазылып келе жатқан бітеу жара еді, тұтқиыл таяқ тиіп аузы қайта ашылғандай болды, сондықтан енді екі кайғы тоқайласты: жаңадан тиген соққының ауыртуы, ескі жараның аузы ашылып сыздауы бірігіп бас қосты. Кімде-кім бауыр басқан, үнемі бірге жүрген досынан айрылса, оның жүрегінде орын тепкен бітеу жара да дәл осылай сыздайды, - деді.

Кұзғын мен ақбөкен сонда егеуқұйрыққа мына сөзді айтты:

- Біздің қасіретіміз де, сенің сөзің де қанша күшті болғанымен, тасбақаға бұлардан келер пайда жоқ. Сондықтан мұның бәрін доғар да, соны босатудың амалын қарастыр, өйткені бұрынғылар айтады екен:

Ерлік - майданда, сенімділік - қарыз алғанда, борышын төлегенде, үй іші мен бала-шаға - пәлеге кездескенде, ал достық

- бақытсыздықка ұшырағанда танылады деген екен, - деді. Осы арада

егеуқұйрық айтты: «Мен мынадай айла таптым. Акбөкен сен, жүгіріп

аңшының алдына түс, өзінен ұзап кетпе, оққа ұшып жараланған жанша қозғалмай жата қал. Сол кезде жемтікке ұмтылғандай болып кұзғын саған қарай құйыла төнсін, мен аңшының ізін бағып, өкшелеп жақындай берейін. Сені көрген соң аңшы садағын да, оғын да, тасбақаны да тастай беріп, саған тұра ұмтылады, олай істейтініне менің иманым кәміл. Аңшы таяна бергенде сен тағы ақсаңдай қаш, бірақ ұзап кетпе, оның ұстап алам деген үмітін үзгізбе. Сен бірнеше рет қолына түсіп қала жазда, біресе алыстатып, біресе жакындатып әбден сілесін қатыр. Аңшы ұзап кетісімен-ақ мен тасбақаны орап тұрған торды кеміріп қиып тастаймын. Сөйтіп, босатып аламыз да бәріміз ескі мекенімізге қайта барамыз», - деді.

Ақбөкен мен құзғын дәл осылай істеді. Екеуі қосыла қимылдады, аңшы күдерін үзіп кері қайтқанша титықтатып әурелей берді, осы кезде тасбақа оралған торды егеуқұйрық дал-дал қылып қиып тастады да бәрі тізе қосып, кері қашып кетті. Аңшы қайыра келіп, қиылып жатқан торын көрді де, ақсақ ақбөкен мен құзғынды есіне түсіріп дал болды: «ақбөкен жемтік тәрізденіп қозғалмай жатады, оған құзғын түйіле түседі, бірақ жемейді», осыны ойлап ол түршіге қорықты: - Бұл, заты, жын-шайтан жайлаған жер болар, - деді де ол еш нәрседен үміт етпей, алды-артына қарамастан қайтып кетті. Осыдан кейін құзғын мен ақбөкен де, тасбақа мен егеуқұйрық та мәз-мейрам болып байырғы мекен жайы - өз күркесіне тартты. Бауырластың өзара көмектесуі жөнінде айтылатын нақыл осы болушы еді, - деп әңгімесін аяқтады Бейдауа.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет