Сайділ талжанов 3 томды қ ш ы ғ армаларжина ғ Ы


АРЫСТАН МЕН ТАҚУА ШИБӨРІ ТУРАЛЫ



бет24/27
Дата31.12.2019
өлшемі2,11 Mb.
#54002
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

АРЫСТАН МЕН ТАҚУА ШИБӨРІ ТУРАЛЫ

ПАТША философқа айтты: «Кектескен жаулардың бірінен- бірі сақтануы жөнінде келтірген хикаяңды түсіндім. Енді сен, айтар болсаң, қасына ерген ат-ұлтандарына патшалардың істейтін қарым-қатысы туралы бір мысал келтірші, солардың әуелі жазаға ұшырап, соңынан қайта оралғандарын сөйлеші, сол жазалануы істелген қылмысы үшін бе, жоқ әділетсіздіктің салдарынан туды ма, осыны баяндашы», - деді.

Философ сонда: - Істеген қылмысы үшін немесе әділетсіздіктің салдарынан біреу жазықсыз жапа шексе, жазаға тартылса, міне осы адамға ежелгі қарым-қатысын соңынан қайта жасамаған патшаның өкіметті басқару ісіне нұқсан келеді. Патша әлгі айыпты жанның жағдайын зерттеп, басына түскең пәленің себебін ашуы керек, ол адамнан дәмететін пайданың да мөлшерін безбендеуі қажет. Егер патшаға көмегі тиетін адамның бірі болса, оның ақылы мен адалдығына нағыз сенсе, ондай кезде қайта табысуға әрекет істегені жөн. Патшаның күш-қуаты тек көмекшілері мен уәзірлерінде ғой, олардың бар пайдасы сүйіспеншілігі мен жақсылық тілеуінде, ал сүйіспеншілік пен жақсылық тілеуі әділ ақылы мен зор әдептілікке байланысты болады. Патша толып жатқан іскерлер мен қызметкерлерге мұқтаж болады, солардың ішінде, біз жоғарыда көрсеткендей әділ ақылы мен адал тілек тілейтін жан, осы екі сипатты ұштастыра білетін адам кемде-кем кездеседі. Ісі оңға басу үшін міне, мынадай әдіс қолданған жөн: көмекші етіп алатын адамның өзіне қандай жаны ашитынын патша анық білсін және әрқайсысының пайдалылығын, ақылын тағы кемшілігін де

жетік танысын. Өз тәжірибесі арқылы, немесе сенімді адамдары арқылы осының бәрін тиянақты түрде анықтап алсын, сондай- ақ оның істі жүргізу әдісін де жете байқасын, сонда ол әр істің өзіне лайық адамдарын іріктеп жұмсайды, сол адамы әділ де, ер жүрек те, ақылды да болуы керек, сонда бұл іске оның басындағы кемшілігі кесірін тигізе алмайды. Өзінің еншісіне тиген ерлігі іске көмегін тигізбейтін болса немесе оның басына біткен кемшілігі зақым келтірмес деп қауіпсіз тыныш отыруға болмайтын мезгілде, ондай іске әлгі адамды жұмсаудан сақтану дұрыс. Бірак бұдан кейін де патша өз көмекшілерін бақылаудан қол үзбесін, олардың өзін де, істерін де тексеріп отырсын, сонда ізгі қылықтарының сәтті нәтижесі, ал жаман қылықтарының жексұрын нәтижесі қаға берісте жасырын қалмасын. Әрі қарай да, патша жақсы көмекшілерін сыйлықтан құр қалдырмасын, салақтың салақтығын, олақтың олақтығын өршітпесін, егер патшалар осылай істесе, онда жақсы көмекшілері де ісіне жүрдім-бардым қарайды, залымдыққа беттейді, игілікті іс бұзылады, кұруға айналады. Бұл арыстан мен шибөрі жөнінде айтылатын хикаяға ұқсайды, - деді.

Патша: «Ол қалай болған еді?» - деп сұрағанда.

Философтың айтқан хикаясы мынау болды: - Баяғыда бір шибөрі өмір сүрген екен. Ол кұдайдан қорқып тағат қылады екен, өз әйелдеріне де, тағы басқа қасқырлар мен түлкілердің ұрғашыларына да қызықпай, нәпсісін тыйып ұстайды екен. Басқалар сияқты жаман қылық жасамапты, ешкімді тарпа бас салмапты, қан төкпепті, ет те жемепті. Бөгде аңдар осы шибөрімен дауға кірісіпті. Сонда олар: «Сенің мінез-құлқыңа, құдайдан қорқып тағат етіп, нәпсіңді тыюыңа біз риза емеспіз, мұның саған ешқандай пайдасы жоқ, оны өзің де білесің; біз тәрізді өмір сүріп, біздің істегенімізді істеп, жолымызбен жүргің келмейді, міне, мұныңа да наразымыз. Қан төгуден, ет жеуден сені тоқтатып тұрған не нәрсе?» - депті.



Сонда шибөрі: «Өзім күнәға батуды тілемесем, сендермен бірге жүруім мені күнә жасауға итермейді, өйткені отырған орын да, бірге жүрген досжар да күнәнің қайнар бұлағы емес, оған тек жүрек пен істейтін әрекет қана себеп болады. Ал егер бұлай болса, мысалы, жақсы орынның иесі ізгі қылық жасап, жаман орында отырған жан жауыз қылық жасайтын болса, онда

сопыны намаз үстінде өлтірген адам күнәға батпаған болар еді де, қан майданда кескілесіп жүріп жауын сақтап қалған жан күнәға батқан болар еді. Өздеріңмен ауыс-түйіс жасап бірге жүрсем де, бірак жүрегім мен істер ісім сіздерге үйлеспейді ғой, әлде сіздер мұны көрмейсіздер ме, өйткені істеріңнің жемісін мен жақсы білем», - деген екен.

Сопылығымен, ақылды бекзаттығымен даңқы шыққан шибөрі осылай өмір сүріпті. Бұл хабар арыстанға жетіпті, ол осы өңірдегі аңдардың патшасы екен. Нәпсіге беріктігін, бір сөзділігін, әділдігін естігенде ол шибөріні көруге ынтызар болыпты. Шақырта кісі жіберіпті, өзімен жеке сұқбаттасып, әбден сырын алыпты да біраз күннен кейін достасудың қамын істепті.

Сонда ол: - Патшалығым ұлан-байтақ, жұмысым да бастан асады; көмекшілерге мұқтажбын. Сенің ақылың мен нәпсіге беріктігің жөнінде маған хабар жетті, енді өзіңді көріп бұрынғыдан да бетер сүйсініп тұрмын. Келелі істі мойныңа артам, игі жақсыларымның санатына енгізіп орныңды жоғарылатам, үзеңгілес жақын адамдарымның бірі етем, - дегенді айтыпты.

Шибөрі: - Өзінің ісіне жаны ашитын көмекшілерді іріктеп алуға патшалардың еркі бар, бірақ бұған ешкімді зорламауы керек, өйткені еріксіз жегілген жан іске ынталанып кірісе алмайды. Әкімдік көрсететін орынды мен ұнатпаймын, бұл жөнінде тәжірибем жоқ, әкімдік жасау қолымнан келмейді. Аң патшасы сен едің, қол астыңда қырық ру ел бар, солардың ішінде неше алуан күштілері де, қабілетті зеректері де толып жатыр. Міне, сен соларды белгілесең жүктеген міндетіңді екі етпей орындайды, бұған өздері де тоят тауып бақытты болады, қанағаттанады да, - депті.

Арыстан: - Бұл әңгімені доғар. Сені бір орынға белгілемей көңілім көншімейді, - дегенде:

Шибөрі: - Патшамен достаса алатын тек екі-ақ адам, соның бірі - үнемі өз мақсатын көздейтін, қулық-сұмдықпен жан сақтайтын сумақай жылпос; екіншісі — ешкім өзін елемейтін және тірі жан күндемейтін қақтығып қалған бұралқы адам. Ал енді қулық-сұмдықты араластырмай патшамен шын жүректен, адал әрі әділ дос болғысы келген жанның достығы күйреуік келеді, сирек сакталады, өйткені әкімнің досы да, қасы

да бір ауыздан мұны жек көреді, жаулық жасап қарсы шығады. Досы оның орнын күндеп, бәсеке таласады, көре алмайды, сол орын үшін оған дұшпандық істейді; ал осы әкімді патшаның жақсы көруін дұшпаны сезе қалса, о да күндейді, ауқатты тіршілігін көре алмай ызаланады. Бұған қарсы осы екеуі тізе қоскан кезде ол ажалдың аузында тұрады, - депті.

Патша: - Сенің ойлағаныңдай етіп, менің достарым саған қастық қыла алмайды және күндемейді де. Мұндайда мен кұтқарам, кұрметтеп, жақсылык көрсетіп, әлгі түйткіл уайымыңды жоққа шығаруға тырысам, - дегенде.

Шибөрі: «Егер патшамның маған жақсылық көрсетіп, кұрмет істегісі келсе, онда менің осы жапан түзде өмір сүруіме кедергі жасамаса екен шөп жеп, су ішіп-ақ күнелте алам, оған шүбәланбасын. Мен білем ғой, кейбір әкімдер сағат сайын неше алуан ұнамсыз жайтті, қауіп-қатерді басынан кешіреді, мұндай жағдай баска біреудің тұтас өмірінде де ұшырамайды. Аласапыран лаңы көп, қоркынышты пәле-жаласы да арылмайтын тіршіліктен гөрі, уайым-қайғысыз тып-тыныш, жұпыны өмір әлдеқайда артық, - депті.

Арыстан: - Мен сөзіңді түгел тыңдап өттім, қауіпсініп тұрған нәрселеріңнің ешқайсысынан да қорықпай-ақ қой. Маған көмекші боларың даусыз, - дегенде.

Шибөрі: - Егер патшам әлгі тілегімді орындамаса, онда маған мына уәдесін берсе екен: мысалы, менен не жоғары, не төмен тұрған патшаның көп достарының бірі шенімнен қауіптеніп, іші күйіп көре алмаған кезде, менімен бақталасып, өсек айтып, патшаға не өз аузынан, не басқалар арқылы шағыстырған мезгілде, осылайша оны маған айдап салған заматта - ол менің көзімді жоюға асықпаса екен, сол хабарын жан-жақты зерттеп, байыбына әбден көзін жеткізгенше кідірсе екен, ал содан кейін өзінің білгенін істеуіне мен ырзамын. Осы туралы патшаға сенген болсам, онда көмек беруге өзім келер едім, не жүктесе де орындамақпын, бәрін де сүйсіне істеп, құмарта қимылдауға ұмтылып, мені сөгуіне сылтау туғызбауға тырысар едім, - депті.

Сонда арыстан: «Осыны істеуге саған уәде берем», - деді.

Сөйтіп, ол шибөріні қазына-мүлкінің бақылаушысы етіп тағайындады. Өзіне кеңес беретін, пікірін айтатын қымбатты

достарының бәрінен де оны көрнекті орынға қойды, істеген ісіне рақаттанып, жақсы көруі күн санап үдей түсті де оның жай- күйін де, өзінің кұрметін де еселеп арттыра берді. Арыстанның көлеңкесін паналаған жақындарына, достарына көмекшілеріне бұл жағдай өте ауыр тиді, олар шибөріні күндеп, аза бойы қаза болып, қастандық жасауға кірісті де, оны арыстанға шағыстырып, көзін жоймақ болды. Осылайша опасыздық істеуге беттеді де, олар арыстанға ұнаған, жақсы көріп жейтін етіне қол салды, оны кейінірек алдырып жеу үшін арыстан етекке апартып койған еді, міне бұлар сол етті ұрлап алды да шибөрінің үйіне апарып, тірі жан таба алмайтын бір қаға беріс түкпірге жасырып тастай салды. Ертеңіне арыстанның түскі ас жегісі келді, бірак әлгі ет ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Арыстан әкел деп әмір берді, алайда ет табылмай қойды. Шибөрі жоқ еді, ал оған қастық ойлап, өтірік жала жауып жүрген сұрқиялардың төрт көзі түгел болатын. Арыстан етті қоярда-қоймай сұрады, ақырында қатты ашуланды. Аналар біріне-бірі қарады, солардың ішінен біреуі шығып жақсылык ойлайтын хабаршы ретінде сөйледі: - Патшамызға қанша ауыр болса да, өзімізге белгілі нәрсені, пайда-зиянына қарамастан хабарлауға міндеттіміз. Бұл етті шибөрі өз үйіне алып кетіпті, бізге осындай хабар жетті, - деп салды.

Екіншісі тұрып: «Менің ойымша бұл соның ісі сияқты. Алайда қадағалап, зерттеп көріңіз, өйткені бөгде біреудің мінез- құлқын біле қою да қиын ғой», - депті.

Үшінші біреуі: «Ант ішіп, айтайын, біреудің ойын білу оңай емес, алайда іздесеңіз табасыз, оның кем-кетігі, опасыздығы жөнінде естігеніміздің бәрі расқа шықса, сөйлеген сөздің бәрін сонда сарапқа салып, оны сотқа тартуға еркіңіз бар», - деп соқты.

Төртіншісі: «Біреудің зұлымдык ойлағаны өзіне мәлім болса, ол кісі алдануға тиісті емес, өйткені жамандык ойлаған жан жасырынып құтыла алмайды», - дегенді айтты.

Бесінші біреуі: - Кімде-кім әкімге қарсы зұлымдық ойласа, ол қалай аман құтылмақ? Ол қайда жасырынып қалмақ? Патшаның достары зұлымдық ойласа, оның білінбей қалуы қиын, - депті.

Алтыншы біреуі: - Шибөрінің жауыз қылығын маған біреу айтып еді, қазір сіздердің әңгімелеріңізді естіп, сол есіме түсіп тұрғаны, - деп те қойды.

Жетіншісі тұрып: - Тұңғыш рет көргенде-ақ, оный арам пиғылы, қаскүнемдігі маған айқын болды. Мен бірнеше жерде айттым, - менің сол сөзімді естіген кісінің куәлік беруін өтінем, - мен мұны аяр сиқыршы дедім, өзіне жүктелген істі ол, басыма келген пәле, үлкен бақытсыздық, деп бізге түсіндірген болып, моп-момақан кісіше алдаусыратып жүр дегенді айттым, сөйте тұрып осынша зор опасыздық жасау - бұл бір дүние таңырқарлық керемет қой! - деп екіленді.

Сегізінші біреуі: «Егер біз тауып алсақ, осы шын болса, онда бұл тек қана жауыздық емес, бұл патшаның адал көңілін аяққа басып, арамзалық жасап, қаруын қайыру, оның тіршілігіне нұқсан келтіру», - деп даттады.

Тоғызыншысы тұрып: «Сөзіңіз әрі әділ, әрі дұрыс. Сізді жалғаншыға балай алмаймын, алайда патшамыз шибөрінің үйіне біреуді жіберіп, тінту жүргізсе, мұның рас, өтірігі түбегейлі түрде сонда анықталар еді», - дегенді айтты.

Оныншы біреуі: «Оның үйін тінттіретін болсақ, онда асыққан жөн, өйткені барлаушылары мен тыңшылары әр жерде- ақ еріп жүр, сезіп қалуы мүмкін», - деп те көйітті.

Тағы біреуі тұрып: «Мен жақсы білем, егер шибөрі үйін тінтіп, опасыздығын әйгілей қалсақ, қулық-сұмдығын жұмсап ол патшаның басын айналдырады да ақыр соңына патша оған кешірім жасауы да кәдік», - деп пысықтады.

Шибөріге қарсы қойып, патшаның жүрегіне күдіктің уытын жайғанға дейін олар осы тәрізді сөздерді сөйлей беруден толастамады. Арыстан шибөріні шақырып алды да: - Сақтап қой деп тапсырған етімді сен не істедің? - дегенде.

Шибөрі: «Жейтін кезінде патшаның алдына тартарсың деп мен оны табақшыға бергем», - депті.

Патша табақшыны шақыртты, ол аналардың жақтаушысы екен. Патша етті сұрағанда: - Маған шибөрі еш нәрсе берген жоқ, - деп танды. Сол арада шибөрінің үйін тінттіруге патша сенімді адамдарын жіберді. Олар етті тауып алып, арыстанның алдына әкеп қойды. Сонда бір қасқыр патшаға жақындай түсті, осы іс туралы ол бұған дейін еш нәрсе

айтпап еді, оны жұрт өте әділ деп

ұғатын, өзіне тек мэәім нәрсе жөнінде ғана әңгімеге араласатын адал жанның бірі болушы еді. Сол қасқыр арыстанға қарап:


    • Шибөрінің опасыздығын анық білгеннен кейін патша оны еш

уақытта кешірмеуі керек, ал кешірген болса ешкімнің қылмысын, өрескел опасыздығын бұдан былай патшаға тірі жан айтпайтын болады, - деп түйді.

Арыстан шибөріні сыртқа шығартып жібереді, ол туралы өзі бір белгілі пікірге келгенше артынан бақылап аңди тұрыңдар,



  • деп әмір етті.

Осы арада отырғандардың біреуі: «Мен таң қалам, ақылы мен білімі сонша көп арыстанға осы қылық қалайша көмескі көрініп тұр? Осынша опасыздықты, алдап арбауды ол қапай түсінбей тұр?» - деді.

Екінші біреуі: - Күллі уақиғаны түгел білгеннен кейін де шибөрінің ісін арыстанның тағы тексеруге кіріскелі тұрғанын байқаймын, міне бәрінен бұрын мені осы таңырқатады, - деп соқты.

Осыдан кейін өзі келіп кешірім сұрасын деп арыстан шибөріге әлгілердің біреуін жұмсады, бірақ ол жасанды өтірік хат жазғызып алып қайта оралды. Сол кезде арыстан каһарына мінді де, шибөріні өлім жазасына бұйырды.

Бұл хабар арыстанның шешесіне жетті. Арыстанның асығыс қимылын түсінді де өлтірмей кідіре тұрсын дегенді айтқызып, өлім жазасын орындайтын адамға біреуді салды. Осыдан кейін шешесі ұлына келіп:



    • Сен шибөріні қандай қылмысы үшін өлтірмексің? - деп сұрады.

Болған уақиғаны арыстан түгел баяндады.

Сонда шешесі: - Асыққан екенсің, ұлым. Ақылды адам тек асықпай, байсалды ойлаумен өкінуден сақтанады, алды-артын аңдау, әсіресе, патшаларға керек. Әйел - күйеуіне сүйенеді, бала - ата-анасына, шәкірт - ұстазына, патша - әскеріне, әскер - көсеміне, сопы - дініне, халық - патшасына, патша



  • қайырымдылығына, қайырымдылық - ақылға сиынады, ал ақыл

тыңғылықты байыпқа тиянақтайды. Патшаның ақыл- парасатының шырқау шыңы - өзінің достарын жіті тануында, білім дәрежесіне сай етіп, әркайсысын өз орнына отырғызуында, сонсоң олардың өзара қарым-қатысын қырағылықпен бақылап отыруында. Егер біреу өзінің жолдасын өлімге айдайтын,

қайсар ердің қажырын қайтарып, ізгі жанның көрнекті беделін төмендейтін, залымдардың зұлымдығын бүркейтін жол тапса, ол осыны орындаудан тайсалмайды ғой. Бірақ мұның іске үлкен кесірі тиеді, бастаған іс жылдам күйрейді, лаңға ұшырайды. Мен шибөріні сынадым да таныдым, оның тәртіпті, тәрбиелі, кең пейілді жан екенін анық білдім, өзіңе сенімді көмекші етіп сайлауыңнан да бұрынырақ байқадым. Мен оған үнемі ырза болушы едім, күн санап достасып кеттім, мүлде сеніп жақсы көруге беттедім. Сақтатып қойған жеріңнен табылмады деп бір жапырақ ет үшін оны өлімге бұйырып отырсың. Мүмкін, бұл істі оны күндеп, көре алмай іші күйіп жүрген жолдастары сенің көз алдыңда оған жала жабу үшін әдейі ақылдасып істеген шығар. Есіңде болсын патша өзі істейтін істі бөгде біреуге тапсырса, ал білетін іскер жанға орындататын істі өзі істеуге кіріссе, онда патшаның әлгі ісі апатка ұшырайды, өзіне-өзі пәле тілеп алады. Патшалар барлық жағдайды түгел зерттеуі керек, көзіне сеніп, көргеніне алданып жүрмесін, достарының бірінен- бірін артылта құрметтеген кезде де адаспасын, мысалы, ең әуелі түсін, дәмін, иісін анық білмей тұрып, шарап сатып алған кісіге ұқсамасын. Егер ол көзжұмбайға кіріссе, онда алдаудан, зиян тартудан аман құтылмайды. Аурудың салдарынан кейбіреудің көзіне қылшық көрінгендей болады, соны шын қылшық екен деп ұғады ол, бірақ бөгде адамдарға көрінетін қылшық болса, әрине, олар мұның көңілін сұрап баяғыда келетінін де біледі, міне, сен осы адам тәрізденіп жүрме. Қолымен ұстап байқаудан бұрын, көргеніне сеніп, қараңғыда жылтырап тұратын жарық қоңызды от деп ұғатын есуасқа да ұксаушы болма, алайда оның қатесі әлгі жылтырауық қоңызды сипалап көргенде ғана анықталмақ қой.

Бұрын ет жемейтін, сен кей кезде мол астырғанда да содан түк татпай-ақ, бәрін өзіңе және әскеріңе апарып түгел тарататын шибөрі сенің әдейі өзіңе арнап сақтатқан бір жапырақ етіңді ұрламайды, оған дәті шыдамайды ғой, ендеше бұл қылықты байыптай толғап, байсалды тексеріп, әбден түсінуің керек еді. Тексерші осының ісін, өйткені қарғыс атқан, оңбаған адамдар дарқан жүректі, бекзат туған жандарды көре алмайды, қыр соңына түсіп, құлағанша қуады ғой. Шибөрі сыйлауға татитын бекзат туған жан, мүмкін, осы етті оған білдірмей соның үйіне апарып тыққан, осылайша оған қастық қылып жүрген, сенің

достарыңның біреуі шығар. Бір түйір ет сұңкардың тұяғына іліксе, сол кезде талай құстар онымен арпалыса бастайды, ал бір иттің аузынан сүйек көрсе, басқа иттер де абалап, бастарын қосып, одан тартып жеуге тырысады. Егер сен өз достарыңның арасынан шыққан шибөрінің жауларын елең қылғың келмесе, онда өз басыңның қамын ойла, өзіңе зияны тиетін олардың қаскүнем қылығына көнуші болмағайсың. Қарапайым адамдарға, әсіресе әкімдерге жүктелетін зор міндет бар, олар өздеріне жәрдемін тигізіп, көмек беретін жандарды қаншама пейілсіз, берекесіз бола тұрса да ешбір кір жуытпай қадірлеп ұстауы керек. Ал шибөрінің пайдасы саған қашан болса да зор еді ғой: өз басынан гөрі сенің көркеюіңді тіледі, басын бәйгеге тігіп үнемі сені аман сақтауға тырысты, сенің ырзалығың үшін - достарыңа жек көрінішті де болды, орындауға кіріскенде ол тындырмаған ешбір қызмет қалған жоқ; қандай ауыр, қаншама қиын бола тұрса да ол ешбір істен бас тартып қашқан емес, өзіңнен ешбір сырын бүккен де емес еді ғой. Достарыңның осындай қасиеті болса, оларды тек әкеге, туған балаға, туысқанға ғана балау керек,



  • дегенді айтты.

Арыстанның шешесі осы сөзді айтып тұрған кезде, шибөріге алғаш жала жапқандардың біреуі кіріп келді де арыстанға болған істі ашып айтты. Шибөрінің жазықсыз күйгенін көріп, істің байыбына арыстанның көзі жеткен мезетте, шешесі тұрып оған мынау әңгімені шертті:

    • Достарыңның әдепсіздігін, шибөріге қарсы бірігіп жала жабуын білгеннен кейін, сен енді осымен ғана қанағаттанба, өзіңе төнетін қауіп-қатердің көзін жойғанша аялдама, үздіксіз қимылда, одақтасуын ыдыратып бірінен-бірін аулақ ұстауға тырыс, өзіңді ойыншыққа айналдырып жүрмесін, сайып келгенде, өз басыңа қастық істеп, зақым жасауларына үйретіп алма. Оларды бір болмашы ғана әлсіз жандарға санап, дандайсыма, күшіңе сеніп, қапыда қалып жүрме. Әлсіз шөптің басын біріктіріп есіп жіберсең, үзілмейтін мықты арқан шығады, сол арқанмен күшті асау пілді де ұстап алып, қолға үйретуге болады. Шибөрінің орнын өзіне қайырып бер, рас, сен оны артығырақ жазалап жібердің, бірақ сол үшін ол енді жақсылық ойламас деген пікірде болмағаның жөн. Жазықсыз жапа шеккен жандардың алдауынан, қастық жасауынан қорғауға болмайды, оның сүйіспеншілігі мен жақсылық ойлауы қайта жаңғырмас деп күдер үзу дұрыс емес.

Қарым-қатысы қаншама үйлеспесе де әр адамды өзіне лайық орында ұстаған мақұл болады. Олардың кейбіреулерінен суысып бөлінген кезде, бұрынғы ауыс-түйісті қайта жаңғыртудан бастартып, мүлде жырақтай түсу дұрыс, ал екінші біреулерінен ешбір уақытта ажыраспау керек, жолға тастап кетпеген екен. Кімде-кімнің әділетсіздік атағы шықса, мойнына алған міндетіне жүрдім-бардым караса, сертті сөзіне опасыз болса, жақсылыққа жамандың істесе, ізгіліктен аулақ тұрса, өзін өмірі ренжітіп көрмеген туыстарымен де, достарымен де түзу қарым-қатынас жасауға жарамаса, міне осы адамнан суысып айырылған кезде, қайыра араласудан тоқыраған жөн. Ал енді осы қылықтың біреуіне дағдыланбаған жанды, туыстарына аянбай жақсылық көрсететін, қанша ауыр болса да солардың ренжітуіне көне білетін адамды, қандай жағдай туса да біреуді пәледен кұтқаруға дайын тұратын, адалдығы басқалардан оқшау көрінетін жанды сыйлаған мақұл, жақын жүруінің пайдасын көріп, ондай адамнан ажырасуға бармау керек, - деді.

Сол арада-ақ арыстан шибөріні шақырып алып, кешірім сұрады да бұрынғы өз орнына қайта белгілейтінін жариялады.

Сонда шибөрі: -Жолдасының қатал және айнымалы мінезін көргенде, соның кейін кезігетін кесірінен қорқып амалсыз көнетін достың болуы да немесе әлгі жолдасы үшін пәлеге бетпе-бет кездескенде де қаймықпай қарысып тұрып қалатын дос табу да зор бақыттылық қой. Алайда патшам рұксат етсе айта кетейін, оның енді маған сенуіне ешбір жол жоқ сияқты және бұдан былай менен ақыл сұрауы да өзіне жараспаса керек. Кімде-кім ауыр жағдайға, бақытсыздыққа жазықсыз ұшыраса, өзінің орнынан, құрметті шенінен ажыраса, мал-мүлкінен әділетсіз айрылса немесе бұрын жақын жүріп, соңынан себепсіз сыртқа тебілсе, өзі сияқтылардың ішінен сытылып жеке дара жүлде алып жүрсе, соның көз алдында енді баска біреулер жоғарылап, бәйгіні енді солар алып кетсе немесе оңаза қомағайлықпен атағы шыққан жан патшаның пайдасын өзіне зиян деп білсе, ал патшаның зиянын өзіне пайда деп ұқса, міне, солардың бәріне де тиянақтап сенбеуі керек, өйткені мұндай адамның әрқайсысы-ақ патшаның дұшпандарымен кезеңді жерінде бірігіп кетуі мүмкін. Көлденеңнен қарағанда, мен бүгін патшаға дұшпандық жасайтын жанның бірі болып көріндім, сондықтан менің патшаға деген дағдылы

сүйіспеншілігім бұрынғы жаман ойын ыдырата алмайды, оның маған күдіктене қарауына кедергі жасамайды. Менің оған көрсеткен сүйіспеншілігім, жанымның ашуы арам ойдан немесе екі жүзділік істеп, пайда табудан шыққан жок еді. Сонымен бірге мына орныма қызығып, менімен бірдей сый кұрметте болудан қорқып, өзім туралы өтірік өсек айтып, дұшпандарымның маған патшаны тағы айдап салмасына да сене алмаймын. Патшаны маған қарсы итермелейтін өтірік-өсектің шынға баланбауына да тиянақтап нана алмаймын. Олар егер осыны орындай алса, онда әлгі даттауды патшаның қабыл алуына, оның бұрынғы жүрегінде жүрген күдіктенуінен үлкен көмекшінің керегі де жоқ қой. Ал егер патша сенетін болса, бұдан былай тіпті шүбәланбаса, сонда да маған онысы құпия тұрады ғой, ендеше достаса жүріп күдіктенуі, арам ойда қалуы, дұшпандарымның даттауына оңай сенетіндігі, мен жөнінде болған асығыс жаза, осының бәрі есіме түскенде еріксіз қорыққан болар едім. Ал, енді, әңгіме мына бетке түссе, мысалы, патша маған, мен оған сенер болсақ, онда қалай достасуымыздың жолын ол өзі қарастырсын, - деді.

Арыстан: - Сенің мінез-құлкыңды, ізгі қылығыңды, өзіңе лайықты орынның нағыз иесі екеніңді көзіммен көріп, енді анық білдім. Ізгі жанның бір жақсы әрекеті оның мың жамандығын ұмыттырады, ал арамза адамның бір жауыз қылығы оның мың қайтара істеген жақсылығын ұмыттырып жібереді. Мен саған сенем, ендеше, сенің ісің жөнінде айқындалған біздің шұғыл қимылымызды бұрынғы істеген жақсылығымыз еріксіз ұмыттырар деп ұғам, біз тағы саған сенудеміз, сен де біздің осы пиғылымызға қалтқысыз наншы! Осылай істесең бақыт пен куаныш өзіңнің басыңда болады, - деді.

Арыстаннан жапа шегіп, бәрін басынан кешірді де шибөрі іс басқаруға қайта оралды, сөйтін ол өле-өлгенше тағдырдың жазуымен рақатқа бөленіп, бақытты өмір сүріп өтті.

Патшаның уәзірлерін, көмекшілерін, үзеңгілес жақындарын баяндайтын тарау осы еді.





Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет