Әдебиеттер:
1.
Аймауытов Ж. Шығармалары. А., Жазушы. 1989, 559 б.
2.
Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. А., Ғылым, 1991. 207 б.
3.
Гумбольдт В. фон Язык и философия культуры. - М.: Прогресс. 1985. - 448 с.
4.
Қирабаев С.С. Ж.Аймауытұлы. А., Ана тілі, 1993. 220 б.
5.
Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. А., Жазушы, 1987. 232 б.
109
ӘОЖ
ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ӨМІРІНІҢ СЕМЕЙ КЕЗЕҢІ
Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы,
ф.ғ.к.,
«М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК директоры
Алаш ардағы, қайраткер қаламгер, ақын аудармашы һәм ұстаз, ғалым
Жүсіпбек Аймауытовтың білім алуы, қоғамдық қызметке араласуы, алғашқы
шығармашылық кезеңі Семей қаласымен тікелей байланысты.
Семей – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы
үшін күрескен қастерлі өңір, ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің
тарихи орталығы.
«Ертіс үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел.
Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кеменің
тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы.
Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей
бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында
– Алаш қаласы…». [1] Бұл Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың Семей
қаласының өткен ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени
маңызын дөп басқан сипаттамасы.
Хан базары қайнаған осынау өлкеге Арқаның әр тарапынан арман қуған
алаштың азаматтары жиналғаны, өнер-білім іздеп шарқ ұрғаны белгілі.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Смағұл Садуақасов
сол тұстағы қаламгерлерге бірнеше сұрақтар беріп (анкета түрінде) олардың
өмірі, еңбектері туралы мағлұматтар жинауды мақсат етіпті. Мұхтар Әуезовтің
архивында сақталып қалған сол анкеталық сұрақтың біріне Ж. Аймауытов: «1914
жылы Семейдің учительский семинариясына барып түсіп, 1919 жылы мұны
бітірдім»- деп жауап берген.
Қай-қай түлегі де бек қасиеттеп, зор мақтаныш тұтатын, биылғы жылы
құрылғанына 120 жыл толып отырған Алаштың тұңғыш білім ордасының тарихы
халқымыздың әр жылдары білім алып, қайсыбірі кейіннен осында оқытушылық
қызмет атқарған аяулы перзенттері Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Әбікей
Сәтбаев, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш
Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Биахмет Сәрсенов, Сейітбаттал Мұстафин, Халел
Ғаббасов, Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ахат
Шәкәрімұлы, Шырақбек Қабылбаев, Шәкен Айманов, Әзілхан Нұршайықов, т.б.
есімдері арқылы әр қазаққа ардақты бола түспекке керек.
Бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара
шаңырақтың ел тарихындағы алатын орны ерекше.
Биыл туғанына 135 жыл толып отырған қазақ әдебиетінің классигі, Алаш
қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың жастық шағы – осы оқу орны тарихының
жарқын беттерінен саналады.
110
Шәкірт Жүсіпбек Аймауытов әдеби-творчестволық еңбекпен шындап
айналысуды осы семинария қабырғасында бастаған, болашақ суреткерлік биік
тұғырдың алғашқы ізі, қадам жолы осында салынған.
Жас Жүсіпбектің елдің әлеуметтік өмірінің түйінді мәселерін шешуге
өзінің күш-қуатымен де, қалам қайратымен де жалындап үлес қосатын шағы осы
кез.
Өткен ғасырдың басындағы еліміздегі бірегей, үздік білім ұясы, өзіндік
дәстүрі қалыптасқан салиқалы білім ошағы туралы белгілі жазушы Медеу
Сәрсеке: «Мұғалімдер семинариясы Семейдің теріскей тұсында, қаланың
даламен шектелетін қиыр шетінде орналасқан. Көшесі де сол себепті «Степная»
аталған. Семинария үйі сол күннің өзінде қаладағы ең еңселі, іші-сырты ою-
өрнектермен безендірілген, тіпті, қақпа, шатыр жиектеріне дейін неше түрлі
нақыштармен көркемделген, екі қабатты тас ғимараттардың бірі еді. Түу баста,
1902 жылы іргесі алғаш қалана бастағанда, ол діни семинарияның оқу корпусы
болады деп жобаланған-ды. Бірақ, генерал-губернатор кеңсесі әлдеқандай
себеппен оны сол қарсаңда ашылған (1903 ж.) мұғалімдер семинариясына
береді»[2] деп баяндайды. Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың
үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагогикалық техникумы тұсындағы
түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария - қыр округіндегі оқу
орындарының бір тәуірі болатын. Кейін, революцияға қатынасқан қазақ
жастарының көбі осы семинариядан оқып шықты (Бұл пікір 1969 жылы Кеңес
Одағы кезінде жарияланғандықтан, автордың «революцияға қатынасқан қазақ
жастары» дегенін біз «Алаш партиясының жас қайраткерлері – жасалаштық
семинаристер» деп қабылдаймыз. Ш. Ж.). Семинарияда қазақ жастарына білім
беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогрессшіл, саңылақ адамдар,
әсіресе, ағайынды А. Н., В. Н. Белослюдовтар, Н. Я. Коншин, Н. П. Ильминский,
В. И. Попов, Н. А. Сулима-Грузинский, т.б. болды. Оқушы жастарға олар
әдебиеттен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединституттар көлемінде білім
беріп, олардың ой-санасын аса байытып шығаратын» [3] - дей келе,
оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленинградтан
келген, шетінен оқымысты, кілең тілге жүйрік ұстаздар болғандығын еске
алады.
Қолымыздағы архивтік деректерге сүйенсек Ж. Аймауытов 1914-1915
жылдары Семей мұғалімдер семинариясында білім алған. Семинарияда әуелі
дайындық класында, ары қарай 4 жыл негізгі класында оқып, "Училище
мұғалімі" деген біліктілік алып шыққан.
Земство стипендиясымен оқыған.
Кластағы 26 оқушының (орыс) ішінде 2 қазақ - Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш
Сәтбаев.
Ж.Аймауытовтың Семей семинариясындағы оқыған жылдарына қатысты
мемлекеттік архивтен тапқан құжаттарымыз – табельдері, ведомостьтары,
тәлімгердің тоқсандық есептері. ҚРОММ 503 қор, 1-тізбе, 21,22 -іс.
1. дайындық класында оқыған 1914-1915 жж. табелі, N 2, 34 бет.
2. 1 класс. 1915-1916 жж. N2, 70 бет.
3. 2 класс. 1916-1917 жж. N2, 107 бет.
111
4. 3 класс. 1917-1918 жж. N2, 149 бет.
5. 4 класс. 1918-1919 жж. N2, 176 бет.
Педагогикалық Кеңестің 1917 жылы 22 наурыздағы №8 хаттамасында
семинария тәрбиеленушісі Аймауытовтың 2 кластан 3 класқа көшірілгендігі
туралы жазылған.
Бұл құжаттарда тәрбиеленуші Жүсіпбек Аймауытовтың оқу үлгерімі,
босатылған сағат саны туралы есеп берілген, тұратын пәтері сипатталған.
Семинария оқушыларының білім сапасы баллмен есептелген. Оқушы
Жүсіпбектің сабақ үлгерімі жоғары балды құрайды –3.8 балл. Тәлімгердің 1915-
1916 оқу жылының 3-ші тоқсаны бойынша есебінде тәрбиеленуші
Ж.Аймауытовтың тұрып жатқан пәтерінің өте сыз, жайсыз екендігі, семинария
директорының рұқсатымен жаңа пәтерге ауыстырылғандығын жазған.
Семинарияның Педагогикалық Кеңесінің 1917 жылғы 3 наурыздағы
хаттамасында тәрбиеленушілерді сәуір айында көктемгі дала жұмысына
көмектесу үшін үйлеріне босату мәселесі қаралған. Хаттамаға 2-ші класс
тәрбиеленушісі Ж.Аймауытовтың өтініші тіркелген. Өтініште отбасында 8 адам
барлығы, әке-шешесінің жасы 80-де, екеуі де кәрі, 1 ағасының денсаулығының
нашарлығын, 1 ағасы ғана көктемгі егіс жұмысына жарамдылығын жазған. Сол
себепті семинария әкімшілігінен отбасына қолғабысын тигізу үшін оқудан
босатуын өтінген.
Жүсіпбек Аймауытовтың Семей семинариясында оқыған жылдарына
байланысты архивтік тағы бір құжат - Семей губернаторының 1915 жылы 17
наурыздағы Семей мұғалімдер семинариясы директорының атына жазған хаты
(ҚР ОММ 503-қор,1-тізбе,26-іс,10 қайырма парағымен). Хатта Н.Құлжанованың
ұйымдастырған кешінен түскен қаржының жартысы Петербордағы
мұсылмандарға ашқан соғыс ауруханасына аударылғаны, жартысы әр жерде
оқитын 12 қазақ студентіне берілгені, оның ішінде 10 сом Ж.Аймауытовқа тигені
туралы жазылған.
Архив құжаттары – Семей мұғалімдер семинариясы директорының 1916
жылғы 3-қаңтардағы (ҚР ОММ 15-қор, 1-тізбе, 490-іс.), 1916 жылғы 4-
маусымдағы (ҚР ОММ 15-қор, 1-тізбе, 490-іс.) Семей облыстық басқармасына
жазған хаттары семинарист Аймауытовтың земство стипендиясын алып
оқығандығын растайды. «Қыс оқысам, жаз елге шығып, бала оқытып, қаражат
жинадым» деп қаламгердің өзі еске алғанындай, жаздың күндері ел ішінде бала
оқытып, мұғалім де болған. «Қазақ» газетінде «Семей семинариясында жүрген
Жүсіпбек Аймауыт баласы 15-ші ауғысқа шейін қазақ ауылында қымыз ішіп,
орысша балаларын оқытпақшы. Керек қылған кісілер тез мынау адреспен
хабарлассын: Семей қаласы, мұғалімдер семинариясы, Аймауытовқа» - деген
шағын хабарлама берілген.
Архивте семинарияны бітіргендігі жөніндегі куәлік көшірмесі сақталған.
Куәлік 1919 жылы, 5-маусымында толтырылып, мұғалімдер семинариясының
сол жылдардағы директоры К. Моргайликтің қолы қойылып, мөрмен
расталынған.
Ж.Аймауытовтың туған жылына байланысты әртүрлі деректер
112
келтіріледі, қаламгердің Семей семинариясында оқыған жылдарына қатысты
құжаттарында туған жылы - 1852 жыл 30 қараша деп көрсетілген.
Қазақтың талантты жастары оқыған Семей мұғалімдер семинариясы
шәкірттерінің рухани-эстетикалық дамуына да ерекше көңіл аударып, қаладағы
мәдени шараларды, ұлттық ойын-сауықтарды ұйымдастырудың ұйытқысы
болды. Сол тұстағы қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі орын алған алғашқы
ойын-сауықтарды семинария мұғалімдері мен семинаристер ұйымдастырып,
қазақ топырағындағы сахналық өнердің көшін бастады.
Осындай тағылымды
кештерді ұйымдастырушылардың қатарында шәкірттерін өнерге баулыған
семинария
мұғалімдері,
ерлі-зайыпты
зиялылар
Нұрғали,
Нәзипа
Құлжановтарды атар едік. Сондай кештердің бірі - 1915 жылдың 13 ақпанында,
Абайдың туғанына 60 жыл толуына арналып Семейдің приказчиктер клубында
өткен мәдени-этнографиялық қайырымдылық кеші. Кештен түскен қаржы
Петроградтағы мұсылман-соғыс ауруханасы мен тұрмысы нашар қазақ
шәкірттерінің мұқтажын өтеуге пайдаланылған. Кешке талапты да талантты
қазақ жастарымен бірге семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытов та белсене
қатысады. Сол уақыттың «Айқап» (1915 ж, №5), «Қазақ» (1915ж, №110),
«Семипалатинский телеграф» (1915 г. №24), «Сибирская жизнь» (1915 г. №52)
сынды белгілі басылымдарында ол кеш туралы бірталай мақалалар жарияланған.
Жігерлі жас Жүсіпбек Аймауытов өзге де талапты жастармен бірге,
қаладағы қазақтың мәдени өмірін жандандыруға көп үлес қосқан, 1914-1919 жж.
семинарияда оқи жүріп, шығармашылық ізденістің жаңа үлгілеріне ден қойған.
Бастамасы – 1915 жылы 13 ақпанда Семейде өткен «Қазақтардың әдеби-
музыкалық қайырымдылық кеші». Осы кеште Жүсіпбек Аймауытов
Ы.Алтынсариннің «Балғожа бидің баласына хаты» өлеңін оқып, мандалина,
балалайка аспаптарында ойнап, домбыраның сүйемелдеуімен халық әні
«Ғалияны» орындаған.
Сауықтың бірінші бөлімі – «Біржан мен Сара айтысы», айтысты сахналық
жүйеге түсіріп, қойған режиссер – семинарист Ж.Аймауытов. Осы спектакльде
Біржанның рөлін орындаған әнші, домбырашы, бесаспап өнер иесі де оқушы –
Ж.Аймауытов еді.
1915 жылғы «Қазақ» газетінің 28 наурыздағы 114 санына «М.»-деген
бүркеншік атты автордың көлемді мақаласында: «13 февральда Семейдегі
саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждаһатымен мұсылман
атынан жаралыларға деп ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж
оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды
жазбақшымын...» дей келіп, «біз әдебиет кешінің мұндай қызықты болып
шыққанын білмейміз десті...» деп жазған еді.
Бұл қойылымды қаз-қалпында
қағазға түсірген мұғалім Мұстақым Малдыбаев «Қазақша бастапқы ойын» деген
мақаласында: «...Сценаның төріне қазақ салтынша масаты кілемдер төселіп,
оюлы отаушатыр құрылған. Залдың бір жағынан қолында үкілі домбырасы,
торғын шапанды, ақ камзолды, орта бойлы, дөңгелек кішкене қара сақалды,
кәмшат бөріктің шоқпардай үкісін бұлғақтатып айқай сала ән шырқап Біржан сал
шыға келді.
Біржан болған семинарияда оқитын шәкірт Жүсіпбек мырза
113
Аймауытов Біржанның өлеңін өзіндей болып-ақ айтты»- [4] деп осы спектакльде
Біржанның ролін орындаған Ж.Аймауытовтың әншілігі, домбырада еркін
ойнайтындығымен қоса, актерлік қабілетінің де зор екендігіне жоғары баға
берген. Қойылымнан кейінгі концерт бағдарламасына, әншілерге тоқтала келіп
автордың: «Әсіресе Жүсіпбектің «Ғалия» деген әнге салғанына жұрт қатты
сүйсінді» деп жазғаны да бар.
Семейде Нәзипа Құлжанованың жетекшілік етуімен, семинарист Жүсіпбек
Аймауытовтың соны бастамасымен өткен қазақша бастапқы ойын Семейдегі
театр өнерінің тууына ұйтқы болды. «Біржан-Сара» спектаклімен қазақ
сахарасындағы алғашқы сахналық театр өнері өмірге қадам басты. Семейдегі
сахналық өнердің алғашқы кезеңі басталды.
Зерттеуші-ғалым Б.Құндақбайұлы 2008 жылы «Әдебиет айдыны»
газетінде басылған мақаласында: «...қазақ топырағындағы тұңғыш спектакль
1915 жылы 13 ақпанда Семейде қойылды. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан
мұғалімдер семинариясының студенті Ж.Аймауытов әйгілі «Біржан-Сара»
айтысының
Қазанда
басылған
нұсқасын
сахнаға
бейімдеген
(инсценировкалаған), ұлттық тақырыпта көркемдік талапқа толық жауап берген
тұңғыш спектакльдің қойылуы ерекше мәдени рухани құбылыс. Бұл ұлттық
сахна өнерінің туған күні» - деп ресми пікірін білдірді. Б.Құндақбайұлы
М.Әуезовтің Ж.Аймауытов пьесаларының түгелдей Семейде қойылғанын айта
келіп: «Театрды қызықтап, өзімізше оқып-үйреніп жүрген шағымызда
бәріміздің табынып, ұстаз тұтқанымыз – Жүсіпбек болатын. Және төрт-бес жас
үлкендігіне қарай өнерге бәрімізден бұрын араласты. Сөзге шешен, орысшаға да
жүйрік, көп оқып, көп білетін. Оның үстіне домбыра, мандалинаны шебер
тартып, әдемі әншілігімен де оқшау, пьеса қоюда режиссураны әдемі меңгерген
шебер» [5] - деп еске алғанын жазады.
1917 жылы февраль буржуазиялық ревалюциясын Ж.Аймауытов та өзінің
қатарластары қатарлы шын мәніндегі бостандық төңкерісі деп қабылдады.
Патшаның тақтан құлауына қуана отырып: «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей!Ұмтыл,
жастар!» деген мақала жариялады.(«Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 19 июнь). Ол
бұл мақаласында қазақ жастарына: «...Жасыратын қылық жоқ, бостандық, теңдік
күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген
теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық» деп түсінік беріп,
алдағы күндерде бостандық, теңдікті пайдалану, бұл салада қандай жұмыстар
істелу керектігін кеңінен баяндайды.
Жас жазушы 1917-1919 жылдар «Алаш» партиясының құрамында болды. Ол
Семей облыстық қазақ комитетіне мүшелікке кандидат болып қабылданады.
Семей облыстық қазақ сьездеріне қатысады. 1917 жылы ақпан төңкерісінен
кейін Семей қаласында құрылған «Жанар» ұйымының белсенді мүшесінің
бірі болады.
«Сарыарқа газетінің» 1917 жылы 30-шы қазаны мен 13-қараша күнгі
сандарында ақын С.Торайғыровтың « Әлиханның Семейге келуі» атты
репортаж жазбасы жарияланған. Алаш қозғалысының көсемі Ә. Бөкейханов
1917 жылдың қазан айының 21-і күні Омбыдан Семейге келгенде қарсы алған
114
жұртшылықтың алдында жастардың атынан семинарист Жүсіпбек
Аймауытов:«Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басын да Алаш жолын
құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз! Сізді көргендегі жүректің қуанышын
тіл айтып жеткізерлік емес. Өмірің, жүрген жолың біз сияқты інілеріңе жағып
қойған шамшырақ!
Жасасын, сүйіктісі Алаштың! Жаса, сабазым!» деп жүрек жарды тілектестігін
білдірген.
Семей мұғалімдер семинариясының көптеген шәкірттері І Алаш атты
әскер полкі құрамына кірген. Алғашқы шағын топты қазақ жасағын құрғандар
сол кезде Семей қаласында оқып жүрген семинария студенттері, әр түрлі
орындарда қызмет етіп жүрген жастар болған. Ол жөнінде «Қазақ» газетінің
262-санында (1918ж.) жарияланған «Алаш құрбандары» деген мақалада
кеңінен жазылған.
Солардың қатарында Ж.Аймауытов. Қ.Нұрмұхамедов, М.Әуезов, т.б. болды.
1918 жылы Алаш жасағын әскери жаттығуға дайындап жүрген семинарист
Қ.Нұрмұхамедов қызыл әскерлер қолынан оққа ұшады. Қ.Нұрмұхамедовтың
жаназасында семинарияда бірге оқыған жолдасы Ж.Аймауытов еңіреп тұрып:
«Жан бауырым, жолдасым! Қош бол, жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге
қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып, қатарға кірдің. Бұл күнде
мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың, өкінбе. Ұлтың үшін туып едің , ұлтың
үшін өлдің... Қош бауырым, жолдасым, қош!» - деп қоштасу сөзін айтқан.
Жүсіпбектің шығармашылықпен әуестенуі Семейде оқып жүрген кезінен
басталады. Ол кезде жас қаламгер өлеңдер, газетке арнап шағын мақалалар,
көркем өнер үйірмелеріне бір актылы пьесалар жазумен шұғылданады. Жазушы:
«1916 жылғы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш
жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады,
оған жалғас «Рабиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар»), «Қанапия-Шәрбану»
1916-1917 жылы жазған пьесаларым, кейін түзетіп баспаға бердім» - дейді. Бұл
– оның пьеса жазумен төңкерістен бұрын-ақ шұғылданғанын растайды. Ол кезде
Жүсіпбек пьесалары қолжазба күйінде тарап, көркемөнер үйірмелерінде
қойылған. Сол кездегі баспасөз деректеріне жүгінер болсақ, Семей қаласында
1917 жылы 17 декабрь күні оқушы жастардың әдебиет кеші болып, онда
Жүсіпбектің «Ескі тәртіппен бала оқыту» атты бір перделі комедиясы мен
«Рабиға» атты бір перделі драмасы қойылған. Осы екі пьеса қойылымында
атақты әнші Әміре Қашаубаев, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов рольдерде ойнап,
жұртшылық қошеметіне бөленіпті.
Оның Алашордашылар ісіне тілектестік білдіруі, «Абай» атты журнал
шығарысып, «Сарыарқа» газетімен қызметтес болуы да семинариядағы оқыған
жылдарымен тұстас келеді. Осы басылымдар бетінде ол алғашқы әдеби
туындыларын жариялайды.
Семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытовтың қаламы ысылып, адымын
ашқан басылым -"Абай" - ғылыми, әдеби, шаруашылық журналы. Журналдың
алғашқы саны 1918 жылдың 4 ақпанында жарық көрген. Жауапты шығарушы -
бас редактор, Семей мұғалімдер семинариясының оқушысы Жүсіпбек
115
Аймауытов, ал оның орынбасары әрі журналдың ғылыми бөлімін басқарған
семинарист М.Әуезов. Ай сайын 2 рет шығып тұрған журналдың 13 саны жарық
көрген. Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің "Абай" журналында бірнеше
мақалаларды бірлесіп жазып, "Екеу" деген бүркеншік атпен жариялайтын
тұстары да осы уақыт. «Абайдың өмірі мен қызметі», «Абайдан соңғы ақындар»
мақалалары Жүсіпбек Аймауытовтың Абай тақырыбында жазған алғашқы
еңбегі. Демек, Ж.Аймауытовтың Абай шығармашылығын зерттеу бағытындағы
алғашқы талпынысы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезеңінде
басталған.
"Абай" журналы – Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық қадамының,
көзқарас танымын қалыптастыруына үлкен тағылым мектебі болғандығын оның
журнал бетінде жарияланған мақалаларынан байқауымызға болады. Журналдың
әр санында дерлік жазушының 1-2-ден мақалалары үзбей жарияланып тұрған.
Шәкірт Жүсіпбек Аймауытов сол кезеңнің көкейкесті ірі қоғамдық-әлеуметтік
мәселелерін сөз етеді, ұлтының мұң-мүддесін толғайды.
Әдебиетті де, ғылымды да, шаруашылықты да қатар қамтыған журналдың
негізгі тақырыптары: Абай өнері, Абай ұрпағының шығармашылығы, ғылым,
білім, жаңадан ашылып жатқан кооператив, серіктестіктер туралы және әйел
теңдігі мәселесі. Журналдың жиі көтергені Алаш тақырыбы болды.
Басылымның үшінші санынан бастап Алашорда үкіметінің іс-әрекеті үзбей
жарияланып отырды.
Жазушы С. Мұқанов « ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты (1932ж) зерттеу
еңбегінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналында басылған шығармалары
туралы төмендегідей пікір білдіреді: «Біздің білетін мәліметіміз бойынша,
Жүсіпбек «Абай» журналынан бастап қана жазушылық атын алуға тиіс.
Семейдегі алашорда жастары шығарған «Абай» журналында Жүсіпбек
Аймауытұлы мен Мұхтар қатар шықты. Саяси мақалалар жазумен қатар,
«Абайда» жазушылық, ақындық бетін ашты. Сонымен қатар, «Абай»
журналының жауапты құрастырушысы болды.
«Абайдың» бірінші санында Жүсіпбек «Ұран» деген өлең жазды. Осы өлең
алашорданың «интернационалы» болды. Алаш әскері осы өлеңнің әр
шумағының аяғына «ұраным, қорғаным, сен, алаш» дегенді қосып айтты.
Мектептерде осы өлеңді ұран сияқты қып айтып жүрді.
«Абайда» Жүсіпбектің пролетариат үстемдігіне қарсы шыққан сөздері
толып жатыр. Жүсіпбектің төңкеріс дұшпаны екені осыдан да айқын көрінеді.
Жүсіпбек кеңес үкіметіне дейін нағыз Алашордашыл, нағыз пролетариатқа
қарсы, нағыз дұшпан жазушы болды. Пролетариатқа дұшпандық ретінде
Жүсіпбектен басым болған жазушы болған жоқ. Мағжандардан да Жүсіпбек
асып түсіп отырды» [6]
1918 жылғы «Абай» журналының №1,6 сандарында Жүсіпбектің «Көшу»,
«Ұран», «Әскер марсельезасы» атты өлеңдері жарияланған. Бұл өлеңдері
Семейде құрылған Алашорданың «Ұраны», «Алаш әскерлерінің марсельезасы»
түрінде жазылып, тараған.
116
«Алаш» партиясы заңды түрде таратылғаннан кейін Ж. Аймауытов кеңес
дәуірінде қоғамдық-саяси, әдеби-творчестволық және педагогикалық қызметін
жалғастырады,саяси-әлеуметтік өмірге белсене араласады. Семей, Павлодарда
кеңес қызметінде болады. Ол 1919-1921 жылдарда Семей қаласында ашылған 9
айлық мұғалімдер курсында және губерниялық Халыққа білім беру
институтында оқытушылық қызмет атқарады.
Жүсіпбек жауапты қызмет атқара жүріп, жазу жұмысынан бір сәт қол
үзбеген. Жазушы, журналист, публицист ретінде түрлі тақырыпта жазғандары
«Қазақ тілі» газетінде үздіксіз жарияланып тұрған. Семейде кеңес өкіметі орнай
сала, желтоқсанның басында (1919ж) шыға бастаған тұңғыш кеңес газеті «Қазақ
тілінің» алғашқы редакторларының бірі де - Аймауытов.
Іскер, жұмысқа қабілетті Ж. Аймауытов бұл қызметте де зор абыройға ие
болғандығын «Қазақ тілі» газетінің бес жылдығына арналған «Қазақ тілінің
еңбеккерлері» атты көлемді мақалада: «...Жүсіпбекті киіз түндікті қазақ елінің
көбі білетін шығар. Жүсіпбек өзінің өткір қаламымен қазақ тұрмысының нелер
түрлі-түрлі суреттерін түсірген, шебер драмашы. Мәннан ағай осы «Қазақ тілін»
құрастырып, қаз тұрғызса, содан кем еңбегін сіңірмеген. «Қазақ тілін» жетектеп
жүргізіп, ел қатарына қосқан азаматтарымыздың бірі - Жүсіпбек...» деген пікір
жазылған. («Қазақ тілі» газеті, 1924 ж. 5 декабрь). 1920 жылы «Қазақ
жұмысшылары», «Халықтыңдосы қай үкімет», «Мұғалімдер крсы туралы»,
«Мырзаларға» тыю салынады», 1921 жылы «Зорлық қайтсе тыйылады?»,
«Бияш» (М.Тұрғанбаевпен бірлесіп жазған), 1922 жылы «Қалыңмал тоқтала
ма?», «Ашаршылықтан құтқару лажы», «Мекемеде қазақ тілін жүргізу»,
«Ашыққан ел һәм Семей азаматтары», «Ұғыну керек», «Сөзден іске», «Атқа мін,
азамат!», «Халық ағарту ісі», 1923 жылы «Кеңес сайлауы», «Жауап», «Мысыққа
ойын, тышқанға өлім», «Соттар жайы», 1924 жылы «Қылжырбай Кейіс»,
«Емілені өзгертуге жоба»мақалалары қоғамдық өмірдегі жаңалықтарды,
төнкерістен кейінгі саяси ахуалдың күрт өзгерістерін, дүбірлі құбылыстарды
түсіндіріп берді. [7]
1920 жылы қаңтарда РКП(б) қатарына өтеді. 1922 жылы РКП(б) қатарынан
шығып қалады. Жүсіпбек Аймауытовтың 1920 жылдары Семей губревкомында
жұмыс жасағаны туралы мәлімет архив деректерінде көп кездеседі.
1920 жылы Қазақстан Советтерінің құрылтай съезіне делегат болып
қатысып, Халық ағарту комиссариатының коллегиясына, Республика Баспа
істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің редколлегия мүшелігіне сайланады.
1921 жылы Орынборда Наркомпросы қызметіне ауысады, бұл қызметте аз уақыт
істеген Жүсіпбек 1921 жылы Губревком таратылып, Семей губерниялық атқару
комитеті құрылғанда, Губатком мүшесі және оқу бөлімінің бастығы болып
сайланады. 1922 жылы ашаршылыққа душар болған Торғай уезі қазақтарына
Семей қаласында сол кезде қызметте болған біраз қазақ зиялылары - Міржақып
Дулатов, Әбікей Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов халықтан азық-түлікке мал
жинауды ұйымдастырады. Олар КИРЦИК-тің рұқсатымен Семей губерниясынан
аштарға жәрдем үшін екі ай бойы мал жинайды. Жиналған малды Торғай уезінің
ашыққан қазақтарына жеткізу Жүсіпбекке тапсырылады. Жол бойы көптеген
117
қиыншылықтарды жеңе отырып, Торғайға жетіп, халықты аштықтан
құтқарғандай болады. Жүсіпбектің, осы іске ат салысқан азаматтардың еңбегі
кезінде баспасөзде кеңінен жарияланып, халық алғысын алады Бірақ,
жалақорлардың арызынан Жүсіпбектің үстінен РСФСР Жоғарғы сотының Қазақ
бөлімі қылмысты іс қозғайды. «Торғай соты» деген атпен тарихта қалған бұл сот
ісі 1924 жылдың
22 мамыры күні басталып 1926 жылдың жазында Жүсіпбектің
ақталуымен бітеді.
Семей
семинариясы
негізінде
құрылған
қазақ
педагогикалық
техникумының 1925-1926 оқу жылындағы жылдық есебінде 35 адамнан
құрылған драма үйірмесі жұмыс жасайтындығы туралы есепті кездестірдік.
Есеппен танысу барысында драма үйірмесінің Ж.Аймауытовтың «Қанапия-
Шәрбану», «Рабиға», «Ел қорғаны», «Маңсапқорлар», «Сылаң қыз», «Октябрь
мейрамы» пьесаларын сахналағандығымен таныстық. Осы тізімдегі «Октябрь
мейрамы» пьесасын қаламгердің шығармаларынан кездестіре алмадық.
1920 жылдардың бас кезінде Семейде «Ес-аймақ» атты театр труппасы
ашылады. Труппа 30 шақты адамнан құрылған. Осы өнер труппасын
ұйымдастыруда Ж.Аймауытов басы-қасында болып, спектакльдер қойған. 1922
жылы М.Әуезовтың «Еңлік-Кебектің» қайта жазылған нұсқасы, 1926 жылы
«Қарагөз» пьесасы Ж.Аймауытовтың режиссерлығымен сахналанған. Бұл
жөнінде қазақ мәдениетін көп білетін Әшірбек Бектасов өзінің белгілі қоғам
қайраткері Ілияс Омаровқа қазақ мәдениеті мен әдебиеті турасында 1964 жылы
жазған ұзақ хатында Ж.Аймауытовқа арнайы тоқталып: «...Марқұм Аймауытов
қойған Мұхтардың «Қарагөзін» дәл сондай етіп, ешкім де қоймас.Ойын біткен
соң, Шымкенттен әдейі «Қарагөзді» қоюға келген Жүсіпбекті ол замандағы
Луначарский атындағы қазақ театр клубының төріне шығарып қойып,
шапалақтаған алақандарының дауысы менің осы күнге дейін құлағымда сияқты
болады да тұрады...» деп толғайды. Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин,
Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, Қ. Жандарбеков, Қ.Байсейітов, Ш.Аймановтар
алғашқы сахналық қадамдарын осы труппадан бастаған.
Оқу орны Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығын
насихаттау, Алаш қайраткерін ұлықтау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып
келеді. Колледжде «Тағзым» бағдарламасы негізінде атаулы кабинеттер жұмыс
жасайды, онда кіші ғылыми зерттеу орталықтары құрылған. Осындай кабинеттің
бірі - Жүсіпбек Аймауытовтың атында. Болашақ мұғалімдердің Ж.
Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығын, қайраткерлігін танып білуде,
зерделеуде ықпал ететін жүйелі тәрбиелік жұмыс.
Ж. Аймауытовтың Семейдегі шығармашылық, қоғамдық қызметін
қамтитын «Жүсіпбек Аймауытов өмірінің Семей кезеңі» тақырыбы - аса
ауқымды тақырып. Ж.Аймауытовқа қатысты зерттеу еңбектерінде бұл тақырып
арнайы қарастырылмаған. Қаламгердің архивтік деректерге негізделген
өмірбаянының күнін, әрбір сағатын анықтаса келер ұрпақтың асыл қазынасына
айналары қақ.
Баяндамамызда
Жүсіпбек
Аймауытовтың
Семей
мұғалімдер
семинариясындағы шәкіртік кезеңінің, алғашқы шығармашылық ізденістерінің,
118
оқытушылық еңбегінің, қайраткерлік қызметінің айғағы боларлықтай мұрағат
құжаттарын, ғалымдарымыздың еңбектерін зерделеп, біршама жинақтап беруге
тырыстық. Мұндағы мақсатымыз – жазушының оқу орны тарихына қатысты
өмір жолын, осы тұста жазылған ғылыми–шығармашылық еңбектерін жүйелеу
әрі суреткердің баянды ғұмырын ізбасар ұрпағының тәрбиесінде өнеге, тағлым
алар мектеп ретінде пайдалану.
Алаштың айбынды арыстарына айналған озық ойлы сандаған қазақ
жастарына сапалы білім берген, заманына сай тәлім мен өнеге дарытқан ежелгі
оқу орны тарихының Жүсіпбек Аймауытов есімімен байланыстылығын ел
жадында қайыра бір жаңғыртуды мақсат тұтқан бұл шағын баяндамамызды біз
Аймауытовтың тағдырына тағзым, аруағына мінәжат деп білеміз.
Әдебиеттер
1.
Ж.Аймауытов. Шығармалар. 2 том. 179-бет.
2.
М.Сәрсеке. «Дара дарын». «Фолиант» баспасы,-Астана-2008,49-бет.
3.
Ә.Марғұлан. «Еңбекпен өткен өмірім». «Жұлдыз» журналы, 1986 ж. №1.
4.
Ұ.Малдыбаев. «Абай» журналы, 1992 ж. №2.
5.
Б.Құндақбайұлы. «Шернияз». «Өнер» баспасы,- Алматы-1990 ж.
6.
С.Мұқанов. Алматы. "Атамұра" - 2008 ж.
7.
А.Еспенбетов. «Жүсіпбек Аймауытов және Семей баспасөзі». «Қазақ әдебиеті» газеті,
2009 ж. №52
ӘОЖ
Достарыңызбен бөлісу: |