Keynotes: legal education, law-bound state
Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтыруды басты мақсат ретінде алдына қоя отырып, өзінің Ата заңының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады,...» [1] деп көрсеткен. Тәуелсіздігін алғаннан бері азаматтық қоғам қалыптастыру барысында, мемлекеттің құқықтық сипат алып, әлеуметтік мазмұнға ие болуы демократиялық мемлекет құруда бірден-бір дұрыс жол болып табылады. Бүгінгі таңдағы жаһандану жағдайында шын мәнінде демократиялық, құқықтық, әділ мемлекет және өркениетті, азаматтық қоғам қалыптастыру заңгерлік білімі жоғары мамандардың қатыспауынсыз мүмкін емес. Ал азаматтық қоғамның саяси фундаменті болып құқықтық мемлекет және демократия болып табылады [2]. Ресейлік заңгер, білім саласында еңбек сіңірген академик О.Е.Кутафин айтқандай: «заңгерлерсіз құқықтық мемлекет құру, құрылысшыларсыз үй салумен бірдей» [3]. Сондықтан Қазақстан Республикасы шын мәнінде құқықтық мемлекет болып даму үшін ең алдымен заң білімі дұрыс жолға қойылуы тиіс.
Біздің қоғамымызда заңгер мамандығы қызметін қамтитын салалары кең. Бұған мемлекетіміздің заң шығару, атқару және сот билігінен бастап, басқару органдарының барлық сатыларындағы қызметті, кәсіпорындардың қызметін, құқық қорғау органдарының қызметін жүргізу, адвокаттық, нотариалдық қызметті және әртүрлі саладағы заңгерлер қызметі мен оқытушылық қызметті қоса қамтитын әлеуеті зор ауқымды мамандық. Сондықтан құқықтық білім беру кезінде ондағы болашақ мамандарға ерекше назар аударған жөн.
Жалпы әлсіз құқықтық мәдениет жағдайында жемқорлық құқық бұзушылық пен қылмыс жасау үшін қолайлы орта сақталады, сондықтан қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеру алға қойылуы тиіс [4]. Жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыру саласындағы қызмет екі бағытта жүруі тиіс: біріншісі - кәсіби заңгерлерді дайындау сапасын көтеру, құқық қорғау органдары қызметкерлерін қоса алғандағы мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне құқықтық білім беру; екіншісі - ел халқын құқықтық тұрғыдан ағарту. Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша ҚР-да қазіргі таңда 45 заң ЖОО-ы мен факультеттер бар және олар жылына 90 мың маманды дайындап шығарады. Заңгерлік білім беру бойынша зор жетістіктерге жеткен Америка Құрама Штаттарында құқықтық мектептер саны Қазақстандағы көрсеткіштен 4 есе көп болса, халқының саны 19 есе көп. Бұл көрсеткіштерді салыстырмай-ақ біздің еліміздегі заңгерлер саны, ал олардың білімінің сапасының төмендігі біздің қоғамымызда ең өзекті мәселенің бірі болып отырғандығы айқын.
Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында былай делінген: «Ұйымдастырушылық-құқықтық сипаттағы іс-шаралармен тығыз байланысты мәселелердің бірі заңгерлік білім мәселесі болып табылады. Қоғамға және мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдар ұстанған және патриоттық бағыттағы жаңа сипаттағы заңгерлік кадрлар керек. Нақ осындай тәсіл заңгерлік білім жүйесінің негізі болуға тиіс» [5].
Мемлекеттік және қоғамдық мәселелерді шешудегі заңгерлердің рөлі бірнеше халықаралық құжаттарда да айтылған. Солардың бірі 1990 жылы БҰҰ-ның Сегізінші Конгрессінде «заңгерлердің роліне қатысты негізгі қағидалары» және сол жылдың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында өткен заңгерлердің халықаралық Ассоциациясында «заңгер мамандығының тәуелсіздік стандарттары» қабылданған болатын. Бұл құжатта құқықтық мемлекет құру және оның қалыпты жұмыс жасау үшін юстиция жүйесінің әділ болуы шарт, сондай-ақ заңгер мамандығының өкілдеріне және мемлекеттік органдарға халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын көтеру міндеті жүктеледі [6]. Нәтижесінде көрші мемлекеттердің мысалы арқылы заңгер мамандығының қоғамдағы ролінің ерекшелігін бақылауымызға болады. 2001 жылдың 13 ақпанында Ресей Федерациясы Білім Министрлігі Коллегиясының «РФ заңгерлік білімді дамыту» туралы ведомствоаралық бағдарламасы бойынша мынадай анықтама берілген: «Заңгерлік білім – Ресейдегі азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру жолында өте маңызды фактор. Осындай қоғамдық маңызы бар білім саласын жетілдіру және дамыту маңызды қажеттілік болып табылады» [3].
Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның құқықтық саладағы бірқатар мәселелері көп жағдайда маңызды практикалық міндеттерді шешуге арналған заңгерлерді мақсатты түрде дайындаудың жоғымен түсіндірілуі де мүмкін. Расында да ЖОО-ын заңгер мамандығымен бітіріп шыққан мамандардың жұмыссыз жүруі, жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау барысында еңбек стажы бар мамандарды талап етуіне байланысты, ал ЖОО-нда студенттер тек қана теорялық білім алып шығатыны белгілі. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында кәсіби заңгерлерді дайындауға қайта бейіндеу үрдісін ынталандыру қажет сияқты. Әрі қарай құқық қорғау органдарына жұмысқа орналастыруға бағдар ұстаумен қатар арнайы адвокатура органдарына, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың заңгерлік қызметіне, банктерге және т.б. арналған заңгерлер дайындауға көңіл бөлінуге тиіс. Жоғары оқу орындарындағы адагершілігі жоғары рухани тұлғаны қалыптастыру жөніндегі тәрбие жұмыстарының барынша маңызды бағыттарының бірі студент жастардың құқықтық санасын көтеруге, әлеуметтік қатынастар мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар жүйесі арқылы жүзеге асырылатын құқықтық тәрбие мен құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады [4]. Ал егер осы оқу орындарынан білікті мамандар дайындалып шықпайтын болса және ондай қызметкердің халыққа қызмет көрсетуі, тіпті ондай адамның құқық қорғау органдарында жұмыс жасауы мемлекетіміз үшін аса зор пайда тигізбейтіні де ақиқат.
Құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында біз осы кедергілерді жоймайтын болсақ, алдағы даму туралы айтылатын пікірлердің ешқандай маңызы болмайды. Сондықтан Қазақстан Республикасының халқының құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеру мемлекеттің тұтастай дамуына үлес қосатынын ескере отырып, халықаралық тәжірибелердің тиімді әрі дұрыс бағыттарын қолдана отырып келесідей мәселелер шешілуі тиіс:
Заңгерлік білім сапасын дамыту және жетілдіру;
Болашақ заңгер маманын дайындау барысында заң білімін алып жатқан студенттердің практикалық қабілетін қалыптастыру;
Заңгерлік білім беруде сапасы төмен ЖОО-ның санын қысқарту.
Мемлекетте азаматтық қоғам қалыптастыру үшін мемлекеттік тілдің ролін ескере отырып, жалпы заң саласындағы мемлекеттік тілдің беделін көтеру.
Елімізде заң саласында қалыптасқан мәселелері, сондай-ақ халықтың құқықтық ағарту үрдісін жеделдету, дамыту әрі жетілдіру жолында заңгерлік білім беру жүйесінің маңызын ескере отырып бірнеше ұсыныстар енгізуге болады.
I. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда мамандық таңдау әр адамның өзінің құқығы, әрбір азамат өзінің білім деңгейі, қабілетіне қарай мамандық таңдайды. Сол тұрғыдан алсақ, ҚР-да заңгер мамандығын таңдағандар да аз емес, бірақ әрбір адам өзінің құқығын біліп жатса, біздің қоғам соғұрлым демократиялық мемлекетке бір табан жақын болатыны сөзсіз. Бірақ та ол, заңгер мамандардың санымен емес, біліктілік, сапа дәрежесімен өлшенетіні тағы да белгілі. Бұл мәселені шешу үшін жоғары заң білімін алып жатқан студенттердің білім алуынан бастауымыз қажет. Қазіргі заманға сай заңгерлік білім беру саласы теорияның жаттандығымен шектелмеуі тиіс, оның мақсаты өзінің білімін практикада қолдана білетін және күнделікті жаңартылып отыратын ақпаратқа қол жеткізетін білікті мамандарды дайындау болуы шарт [7].
II. Қазіргі таңда заңгер мамандығын алып шыққан көптеген мамандар жұмыс таба алмай жүргендігі ақиқат. Бұның себебі жұмыс беруші әрдайым жұмыс тәжірибесі бар маманды іздейді. Ал ЖОО бітірген жас маманның ешқандай тәжірибесі және еңбек өтілі болмағандықтан елімізде мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмауы да өзекті мәселенің бірі болып қалып отыр. Сондықтан заң білімін берудегі негізгі мәселелер оқып шыққан мамандарды практикалық міндеттерді атқара білуге үйрету, сот процесінде қаралған азаматтық және қылмыстық істерді сабақ кезінде практикалық тұрғыда талқылауға салу, іс-қағаздарды дайындау және құру ретін үйретуге негізделген сабақтар жүргізу (себебі заңгер пайымдауынша оқып шыққан кейбір азаматтар тіпті қарапайым өтініштің қалай жазылатынын білмей жатады), мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыстарына қатысуға мүмкіндік жасау және қызметкелерімен жүйелі түрде кездесулер өткізе отырып т.б. мүмкіндіктерге қол жеткізу.
III. Заңгер мамандардың сауаттылығы мен кәсіби білімін арттыру. Бұл мәселе шешілмейтін болса ел халқынын құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетіне жұмсалған іс-әрекеттеріміздің нәтижесі болмауы мүмкін. Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзінің берген сұхбатында ЖОО-ын оптимизациялау үрдісі 2011 жылдың қыркүйек айынан 2012 жылдың маусымға дейін созылады деген және сол үрдістің негізгі себебін де айтып кеткен болатын. Ондағы негізгі бағыт, сапасы төмен ЖОО-на қысқарту жүргізіледі [8]. Бұл жүргізіліп отырған реформаларға ҚР-дағы білім сапасын жақсартады деген сенім мол және осы іс-әрекетерді жүзеге асыру барысында заң университеттері мен факультеттері мұқият бақылаудан өткізіліп, әлемдік өлшемдерге сәйкес келмейтіндерін қысқарту. .
IV. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы ролі ҚР үшін әрқашан ахуалды болмақ. Кез келген мамандық иелеріне мемлекеттік тілді меңгеру міндет болуы тиіс. Мемлекетті шын мәнінде құқықтық, демократиялық бағытта қалыптастыру үшін ҚР-ның негізін құраушы халықтың құқықтық санасын көтеру алға қойылуы тиіс. Ресми іс-қағаздар, сот процестері, тіпті кез келген заң көмегін алу кезінде мемлекеттік тіл сирек қолданады және бұл көптеген азаматтарды түсініксіздік пен тығырыққа тіреп, өзінің құқықтарын толықтай аңғармауына алып келеді. Ауылдық жердегі мекен-жайында тұратын азаматтар Қазақстанның ауылдық жерін мекендейтін халықтың саны 7 млн-нан астам адам немесе елдегі жалпы халық санының 47% құрайды [9]. Құқықтық санасы мен құқықтық мәдениеті төмендеу, өз құқықтары мен бостандықтарын біле бермейтін адамдар саны ауылдық жерде мекендейтін адамдардың үлесіне тиесілі екендігі де жасырын емес. Олардың негізгі үлесі қазақ халқы болғандықтан оларға сәйкесінше заңды көмек те, ресми іс-қағаздар да, сот процестері де қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Сол кезде ҚР-ын құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыру үрдісінде жаңа, тиімді іс-қимылдар жасалады.
ҚР әлемдегі өте жас мемлекет, алайда осындай қысқа уақыт ішінде әлемде ешбір мемлекет жасамаған қадамдарға қол жеткізсе де, әлі де өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру жолында аянбай еңбек етуі қажет. Егер де мемлекеттің әр азаматы жасаған еңбегі мен жетістігін мемлекет үлесіне тигізетін пайдасы екенін түсіне білсе, егер әр адам Отанына қызмет ететін болса, сол жасаған аздаған қызметтер мемлекет үшін дамудың үлкен қадамын берер еді. Тек қана тұтастай халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеру арқылы мемлекеттің әр азаматы бұл қабілетін түсіне алады. Азаматтық қоғам қалыптастыру негізі құқықтық ағарту болып табылады және бұл ағарту жұмысы жоғарғы білікті заңгер мамандарды қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |