Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет14/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26

ҚАТАРЫНЫҢ АЛДЫ БОЛҒАН

айтулы азамат Әбдікәрім Бәйекенов туралы сөз


1.Тұнық бастауға оралу
Кешегі сұрапыл соғыстың ең бір қиын-қыстау кезеңі – 1943 жылы туған төлдер де бүгіндер бірінен соң бірі жетпіс атты желмая жасқа жетіп, өткен өмір белестерін көктей шолып, тәубесіне келіп, елінің алдында есеп беріп жатқандай. Және сол ен байтақ елімізге қайғы, қасірет әкеліп, талай шаңырақтарды шайқалтқан соғыс жылдары туған төлдер де көп емес. Олар жастайынан ширығып, шынығып, намысқа тырысып өскен ұрпақ. Әкелері соғыстан оралмаған балалардың болмысы тым бөлек.

Ал төрт құбыласы тең деген балалардың да маңдайынан жел есіп тұрған жоқ еді. Олар мына жарық дүниеге келісімен-ақ жоқшылық, қиыншылықтың дәмін татты. Бүгіндер елге танымал, тындырымды тұлға атанған Әбдікәрім Мағзұмұлын да сол тағдыр айналып өтпеді.

Ол 1943 жылы 10 сәуір күні Қостанай ауданына қарасты "Красный перолом" ұжымшарына қарасты Волоконовка ауылында туды. Қазағымның құйқалы өңірі Қостанай ауданында мұндай мән-мағынасы бұлыңғыр атаулар қайдан келді, оны мен білмеймін. Білетінім кешегі Кеңес Одағының ұлтсыздандыру жөніндегі өктем саясатының ықпалы бұл. Тіпті біз айта беретін тың және тыңайған жерлерді жаппай игеруге дейін осы өңірге келген "қарашекпенділер" елді-мекенге өз қалауынша ат қоя берген ғой.

Кешегі бала Әбдікәрім бертін келе осынау әбестік туралы да көп ойланды. Туған ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы, "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарған тұста мәселеге терең бойлап, тарихи атауларды қалпына келтіруге күш салды. Бірақ жылдар бойы халықтың құлағына сіңісті болып, әбден қалыптасып қалған дүниені бірден қалпына келтіру қиынның қиыны еді. Дегенмен сең қозғалды. Мәселеге үлкен-кіші түгел назар аудара бастады. Мұның өзі тұнық бастауға оралу жолындағы алғашқы жеңіс еді.

...Қазақ мектептері мен қазақ балабақшалары ашылып жатты. Қазақ кадрларының тамаша бір шоғыры өсіп шықты. Аудандағы белді шаруашылықтар мен мекемелерді, ұйымдарды басқарып жүрген қандастарымыз бүгін аз емес.

Мұны біз неге айтып отырмыз. Жер бетіне жұмақ орнатамыз деген кешегі Коммунистік партия мен Кеңес Одағы облыс орталығына тиіп тұрған аудан басшылығына жергілікті халықты жолата бермейтін. Қолдарынан іс келсін, келмесін келімсектерге жол ашық еді.

Жастайынан ат жалын тартып мінген Әбдікәрім де оны көрді, көп жайтты көңілге түйді. Ауданда басшылық қызметке келісімен ол өзіне-өзі қатаң талап қойды. Тапсырылған іс үшін жанын салды. Аудандық салық мекемесін басқарғанда да, нарыққа көшу басталған ел өміріндегі аса бір қиын кезде аудан әкімінің бірінші орынбасары болып төрт жыл бойы тер төккенде де, екі шақырылым бойы аудандық мәслихаттың тұтқасын ұстағанда да ол өзіне артылған сенім жауапкершілігін ешқашан естен шығармады. Сол арқылы абыройға бөленді, істің көзін табатын ағаларын басшылыққа келген жастар да жиі төңіректеді.
2. Ең бастысы – есеп
Бұл экономист азаматтың ұстанған берік қағидасы. Бүгіндер еңбек өтілі 52 жылға жеткен, соның 48 жылында туған жер топырағында тер төккен Әбекең 20 жыл бойы осы аудандағы іргелі шаруашылықтарда бас бухгалтер болып еңбек етті. "Белозер", КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшарлар және Қостанай ауыл шаруашылық тәжірибе станциясында есеп-қисап, экономика жұмыстарына басшылық жасағанда ол салада ашылмай жатқан талай мүмкіндіктердің барлығына көз жеткізді. Үнем мәселесін қолға алды. Өндіріс рентабельділігін арттыру үшін не істеу керек? Өндірістің өзін-өзі ақтауы үшін қандай тетіктерді іске қосу қажет? Еңбек өнімділігі қайтсе артады? Еңбекақы төлеудің прогресті жолдары қандай? Маманды осынау мәселелер қатты толғандыратын. Ізденісі де текке кеткен жоқ. Бұл шаруашылықтар кезінде облыстағы алдыңғы қатарлы ұжымдар болды, олардың іс-тәжірибесі өзге шаруашылықтарға үлгі ретінде ұсынылды.

Әбдікәрім Мағзұмұлының өндірістегі еңбек тәжірибесі оның бүкіл өмірін мәнді етті, теория мен тәжірибені тығыз ұштастырған білікті маманға айналдырды. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы бес батпан ауыртпалықты жеңуге де сол біліктілік мүмкіндік берді. Еңбекақы, зейнетақы қолға бірнеше айлар бойы тимей жатқан тұста аудандық әлеуметтік сақтандыру бөлімінің бастығы Мұқаш Жүсіпов екеуі әрбір тиынды санап, резервтерді іздестіріп, талай түнді тынымсыз еңбекпен өткізген кездері әлі ұмыт болған жоқ. Сондай сәтте кеңшарларда еңбек еткен тұстағы тәжірибесі көмекке келіп еді.

Әбекең тек Қостанай ауданындағы ғана емес, бүтіндей облыстағы мықты экономист-бухгалтерлердің бірі.

– Оның шапағатын талай көрдік. Білім-біліктілігі біз үшін өмірлік өнеге, – дейді кезінде Әбекеңмен қызметтес болған Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Төлеу Тентеков.

Өз мамандығына адал азамат күні бүгінге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Аудан басшылары оны "Егістікті сақтандыру қоғамының" төрағасы етіп тағайындаған еді. Бұл ретте ол диқан қауымының нағыз досына, нағыз әріптесіне айналып отыр. Бұл қоғамның жұмысы да жетіп, артылады. Ең бастысы бұл қызмет ерекше сергектікті, диқан еңбегінің жай-жапсарын жақсы білуді талап етті. Ал бүкіл ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендету ісіне арнаған адам сол диқанның проблемасын да, өңірдің ауа райы-климат жағдайын да жақсы біледі ғой. Сондықтан да Әбекеңнің бұл қызметіне де көпшілік риза.
3. Шаңырақ шуағы
Әбекеңнің әкесі Мағзұм ақсақал да, анасы Жәмила кейуана да ұлы Әбдікәрім мен келіні Бақытжамалдың бақытты ғұмыр кешкенін, есімдері ел аузына ілігіп, абыройлы азаматтар болғанын көрді. Төрт бірдей немерелерін құшақтарына қысып маңдайларынан сипады. Олардың ат жалын тартып мінген азаматтар болғанына қуанды. Әке 88 жасқа келіп, ана 94 жасқа келіп, бала мен келінінің, өсіп өнген ұрпағының алдында бақилыққа аттанды. Жәмила ана төрт шөбересін әлдиледі, ырым етіп, алақандарынан су ішті.

Ата-ана дүниеден өткенде ағайын-туған жиналып, асыл жандарды ата қоныстағы Жазы би қорымына жерледі. Жазы би өз заманының өр тұлғасы еді, кезінде Ресей мен Қазақстанның шекарасын белгілеуде осы Жазы би атамыздың көп еңбек сіңіргені тарихтан белгілі. Ал ата жағына келсек, Әбекеңдер кешегі ұлтымыздың мақтаныштары болған Барақ батыр, Шоқай әулие, Қарабалуан батырдың тікелей ұрпағына жатады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров ағамыз да осы тектен.

Тек дегеннен шығады. Осы біртуар перзенттердің бүгінгі ұрпағы құрған "Алдияр" атты қоғамдық бірлестік бар. Оған жетекшілікті осы Әбекең қолға алған. Бұл бірлестік ұлтымызды ұйытуға, ағайын-туғанның ауызбіршілігін нығайтуға, Қазақстандық патриотизмді насихаттауға өлшеусіз еңбек сіңіріп жүр. Бұл ретте Әкімбек қажы Қабденовтың, Мырзатай қажы Нүрпейісовтің, экономист-ғалым Қаби Хамзиннің, кәсіпкерлер Батыржан Нұғымановтың, Мұрат Шәймерденовтың және басқа азаматтардың еңбегі ұшан-теңіз.

Әбдікәрім ағамыздың Құдай қосқан қосағы Бақытжамал жеңгеміздің де орны бөлек ерекше жан. Сырт сипаты қандай келісті, сұлу болса, ішкі жан дүниесі де ерекше бай, ерекше сұлу перизат. Отбасының, ағайын-туғанның құт-берекесі. Жүзіне үнемі күлкі үйіріліп жүретін жеңгеміз бір көрген адамын бірден үйіріп алатын кісіге жуық жан. Мінезі ашық, дастарқаны берекелі. Әркімнің де тілеуін тілеп, солардың жанын жадырату үшін жаралғандай. Той-думанның гүлі, сөзі қандай, өзі қандай... Асыл азаматтың адал жары дәл осы Бақытжамалдай болса керек-ті. Әбекең ағамыздың өмірде қол жеткізген абырой-беделі, қызметтегі жетістіктері, отбасындағы жаймашуақ ғұмыры осы Бақытжамалдың арқасы десек, еш қатесі болмайды. Асыл жарды ардақтап, алақанға салып, әлпештеуді де көптеген жеңге-келіндер осы Бақытжамалдан үйреніп жатса дейсің... Бес күндік мына жалғанда отбасының бақыт-берекесіне не жетеді? Біздің көңілімізді көктем ететін, жақсы істерге қанаттандыратын, жігер беріп, жанитын, табысыңа қуанып, мүлт кеткен сәтте қасыңнан табылар асыл жар тіршіліктегі жұмағың емес пе?! Қол ұстасып,судай тасып жүрген осындай үйлесімді жұпты көргенде өзіңнің де өмірге құштарлығың арта түседі. Солардың жарасымды тіршілігі мәңгілікке жалғаса берсін дейсің...

Бұл отбасы қызын қияға, үш ұлын ұяға қондырған, сегіз немере-жиендер шуағына шомылған босаға. Көрші-көлеммен аралас-құралас, құдаларын құдайдай сыйлаған шаңырақ. Соған орай оларға деген өзге жұрттың да ықылас-бейілі алабөтен.

Әбекең өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірбаяндық деректі хикаят жазып, жариялады. "Бақытты мекенім" атты бұл туындының тұсаукесерін аудандық кітапхана жарасымды сән-салтанатымен өткізді. Жи-налған көпшілік әдемі өрілген әңгімеден өздеріне үлгі-өнеге болар жайттармен танысып, шуақты шаңырақ тынысына тәнті болып тарасты.



«КІМ МӨЛДІР БОЛСА, СОНЫҢ ЖОЛДАСЫМЫН»

немесе ел сыйлаған азамат Айтжан Қосжанов туралы сыр


Айтжан Биғалиұлы Қосжановтың Көші-қон комитеті Қостанай облысы бойынша департаменті көші-қон бөлімінің бастығы болып қызмет істегеніне 10 жыл уақыт болды. Бұл жылдар тәуелсіз еліміздің сыртта жүрген қандастарымызды Атамекенге шақырып, олардың тарихи Отанына қоныстануына кең жол ашқан, қамқорлық жасаған кезеңі еді. Байқап отырсақ, еліміз тәуелсіздік алғалы біздің облыстың өзіне 24 мың оралман қоныстаныпты. Олар негізінен Монғолия, Ресей, Өзбекстаннан келген қандастар.Ал соңғы он жылда Қостанай облысына қоныс тепкен алыстан келген ағайындардың бәрін де осы Айтекең жақсы біледі десек оғаштық болмас.
1. Шыққан тегі асылдан
Осы Айтжанның атасы Қосжан батыр – тарихи тұлға. Ол туралы Қостанай облысының энциклопедиясында мынандай дерек бар: «Қосжан Маныбайұлы (1878-1917) – 1919 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушылардың бірі және оған қатысушы мыңбасы. 1911 жылы Қараторғай болысының биі болып сайланған. 1916 жылдың алғашқы күнінен бастап қазақтардың көтерілісіне және Кейкі батырлармен бірге басшылық жасап, патшаның жазалау отрядтарына қарсы шығып жүрді.

1917 жылғы 2 ақпандағы шайқаста Қосжан батыр бір күн бойы патшаның жендеттерін тоқтатып, Әбдіғапар мен Амангелдінің қазақ жастарын қатерлі жерден аман-есен алып кетуіне себеп жасап, өзі аса ерлікпен жау қолынан қаза табады.

Қостанай облысының Амангелді ауданында Иман округінде Қосжан атында елді мекен бар».

Белгілі өлкетанушы Орынбасар Тұрашұлы өзінің Астанада 2005 жылы басылған «Бәйтерек бұтақтары» атты тамаша кітабында былай деп жазады: «...Қосжан атқа ерте мініп, ел басқару ісіне араласқан. Өзінің әділдігі мен шешендігінің арқасында ол 1911 жылы Қараторғай болысының биі болып сайланған. Сол жылы туған ұлының атын Биғали қойыпты, Биғали 1993 жылғы қазан айында 83 жасқа қараған шағында дүние салды. Қосжан заманының көзі ашық, көңілі ояу, парасатты азаматы болған. Сондықтан да болар көтеріліс басталғанда Қараторғай болысының азаматтары оны бірауыздан мыңбасы етіп сайлаған... Мыңбасы Қосжан Торғай, Күйік, Шошқалы, Құмкешу, Доғал шайқастарына белсене қатысқан»...

Рас, ерекше ерлігімен ел аузында сақталған Қосжан есімі көп уақыт бойы ресми деректерде аталмай келді. Оның себебі жоғарыда айтылған «би» деген лауазым мен әкесі Маңабайдың дәулетті адам болуында. Совет өкіметті дәулетті адамдардың бәрін тарихқа жақпайтын тұлғалар қатарына қосқаны белгілі. Екіншіден, 1931-32 жылдардағы аштықта Маңабай әулеті мен оның жақын туған-туыстары бас сауғалап, безіп кеткен. 1916 жылғы көтеріліс туралы деректер жинау басталғанда бұл әулеттен бірде-бір бас көтерер, деректі мәліметтер берер ешкім болмаған. Тек еліміз еркіндік алып, өз алдына шаңырақ көтергеннен кейін ғана Қосжан батыр есімі тарихтан өз орнын алды.

2. Димаш аға батасы
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев жылда облыстарды аралап, халықпен жүздесіп, жергілікті жердің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп қайтатын. Сондай бір сапарында Торғай облысы Жаңадала ауданы Фурманов атындағы кеңшарға соқты. Егінжайда қарсы алған адамдардың ішінде осы кеңшар партия комитетінің хатшысы Айтжан да бар еді. Димекеңмен облыстан, ауданнан бірге еріп келген жандардың көпшілігі басқа ұлт өкілдері екен. Сондықтан ба, қыр төсінде кездескен қазақ азаматымен Димекең ілтипатты амандасты.

– Қызметің жемісті болсын, қарағым, – деп қазақша батасын берді. Сол жылы жүзді кездесу Айтекеңнің күні бүгінге дейін есінен кеткен жоқ. Ол 1981 жылдың 3 қыркүйегі еді.

Кейін Айтжан Арқалық аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Арқалық аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Арқалық аудандық партия комитетінің екінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарды.

Жастық шағы еске түскенде Айтжан Амангелді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған күндерді аңсайды. Осы қызметте ол төрт жыл тер төкті. Аудан жастарының нағыз көшбасшысы бола білді. Ол кезде Амангелді ауданы комсомол ұйымының аты алысқа кеткен-ді. Сондықтан да болар, алғыр да іскер жетекшіге Алматы жоғары партия мектебіне жолдама берілді. Айтекең мұнда да беделді болды. Оқу да оған қиынға соққан жоқ. Бұған дейін Целиноград көлік құрылысы техникумын, Целиноград инженерлік құрылыс институтын ойдағыдай тәмамдаған ол жоғары партия мектебінде адамдармен жұмыс істеу жөніндегі күрделі ғылымның қыр-сырына қанықты, саясаттану мәселелеріне ден қойды.

Алматыдағы оқуы кезінде мұнда ол отбасымен келіп, пәтер жалдап тұрған еді. Оқуы бітіп, елге қайтарда оқуға өзінің досы, бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты Орал Мұхамеджанов келді. Айтжанның пәтерін енді Орал басты. Бұдан кейін де екеуінің жолы талай тоғысты. Орал Байғонысұлы Арқалық аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушілігінен екінші хатшы болып сайланғанда, оның орнына Айтжан келді. Кейін Орекең облыстық партия комитетіне қызметке ауысқанда екінші хатшылыққа тағы да Айтжанды сайлады.

– Орал Байғонысұлының несін айтасыз, іскер азамат қой. Одан кейін маған дәл сол Орекең сияқты жұмыс істеу оңайға соқпады. Тек Арқалық қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Борис Петровтың қамқорлығы, ақыл-кеңес арқылы заман ағымына ілестік, – деп еске алады Айтекең.



3. Ұстазы жақсы қандай-ды
Жалпы кімнің болмасын тағдырына ұстаздың ықпалы ерекше. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондықтан да болар, халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп жатады. Айтжан да өз бойында жақсы қасиеттер болса, оны қалыптастыруда ұстаздарының сіңірген еңбегін жыр қылып айтады. Әсіресе, Амангелді орта мектебінде оқып жүргенде мектеп директоры болған Жұпар Қазанғапова апайын қимастықпен еске алады. Тарих пәнінен сабақ берген Орынбасар Ысмағұлов ше? Сабақты түсіндіргенде өзі сол тарихи оқиғаның дәл ортасында жүргендей әсер қалдыратын. Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда өзі де бір қолбасшыдай болып кететін. Алдында көздері жаудырап отырған ұл-қыздарды өзімен тең санайтын. Химиядан сабақ берген Хамила Ауғанбаева апайы да шәкірт жүргенде өшпес із қалдырыпты. «Балалар білсін, үйренсін, дүниетынымын кеңейтсін» деп жанын салатын еді деп еске алады бұрынғы оқушы.

Ал орыс тілі мен әдебиетінін сабақ берген Алмаш Еленованың да орны тым ерекше еді. Амангелді сияқты қазақы ауданда қаракөз жеткіншектерге орыс тілі мен әдебиетін оқытуды барынша жоғары сатыға көтерген ұстаздардың бірі де сол Алмаш еді. Сондай жандардың арқасында кешегі «қазақ мектебін бітірген оқушылар адам болмайды» қағидасы қалыптасқан қоғамда да тұлғалар туындап жатты. Сондай жандардың бірі де осы Айтжан еді.

Айтекең аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде облыстық комсомол комитетін басқарған Бекболат Бірбаевты да ұстаз тұтты.
4. Тағдыр сынға салғанда
Иә, мына жалған дүниеде жұмыр басты пенденің көретіні де көп қой. Қуанышы мен мұңы араласып жатқан тіршілік...

Айтжан мен оның зайыбы Зекенді бес жасар ұлдары Жәнібектің қайғылы қазасы есеңгіретіп жіберді. Жоғары вольтті электр сымы үзіліп, ойнап жүрген жас қыршынды тоқ соқты. Аңыраған ата-ана қайғы жұтып қала берді.

Азамат болған ұлы Саянның келіншегі Гүлбаршын аман-есен босанып, Кәусар атты қыз туады. Ата-ана, ағайын-туған той жабдығымен жүргенде дүниеге сәби әкелген келіндері Гүлбаршын перзентханадан шықпай жатып, көз жұмады. Жөргегін тепкілеп, тумай жатып жетім атанған сәбиді әжесі бауырына басып, қайғыдан қақ айырылған жүрегін басып, тағдырдың салғанына мойын ұсынады. Құп-құйттай немересін үлде мен бүлдеге орап, түн баласы тыным таппай бағып, күтеді. Бірде емханаға баланы дәрігерге көрсетуге әкеп, кезекте тұрғанда жүрек талмасы ұстап Зекен де дүниеден өтеді.

Ұлының, келінінің, сүйген жардың қазасы қанша мықты болса да Айтжанды да тоқ соққандай теңселтеді. Бір емес, екі рет жүрек талмасына ұшырайды.

Бірақ өмірдің аты – өмір. Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасауға тиіс. Ақ жүректі азаматты сыйлаған Сәулеш атты келіншек Айтжанға қиналған сәтте сүйеу бола білді. Өз балалары Ғабит, Сәбит, Саян да әкеге қамқорлық танытты. Сәулештің ұлы Абзал, қызы Анар да аңқылдаған ақ көңіл аға, ел сыйлаған азамат Айтжанды әке санады. Шаңыраққа қуаныш қайта оралды.

– Құдайға шүкір, – дейді Айтекең, – балалар азамат болды, өздерінің үй-күйі, бала-шағасы бар, немерелерім де өсіп келеді. Ғабит те, Сәбит те, Саян да кәсіпкерлікпен айналысады. Абзал да өз ортасына беделді, Анарымыз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында баспасөз хатшысы болып істейді.

Өмір жалғасып жатыр.

ҚАЛАМГЕР БАҚЫТЫ
Облыс, қала берді бүкіл ел жұртшылығы журналист Дәуренбек Ахметбеков ағаны жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы өзі туып-өскен қасиетті Қостанай өңірінің шежіресін жазып келеді...
Жаны жайсаң ағаның өмір жолында бұралаң соқпақтар да аз болған жоқ. Дәл осындай қоңыр күзде қазіргі Қостанай ауданы Жалтыркөл ауылында бұдан сексен бір жыл бұрын дүниеге келген ол жастайынан жоқшылық қамытын киді. Бұл әйгілі "ұлы кәмпеске" кезеңі – 1929 жыл еді. Қараша киіз үй ішінде атасы Нүрке марқұм немересі тоңып қалмасын деп оны күпісіне орап, әлдилеп отырар еді.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Дәуренбек 12 жасқа қадам басты. Ел басына күн туған сол бір тұста бала Дәуреннің еңбек жолы да басталды. Әкесі Ахметбек Оңтүстік Орал теміржол бойындағы "Озерный" элеваторында атшы, күзетші сияқты қара жұмысқа жегілген еді. Элеватор бастығының екі күрең аты болатын. Ахаң сол күреңдерді жазда арбаға, қыста шанаға жегіп, бастықтың әрі атшысы, әрі қосшысы қызметін атқаратын. Бала Дәуренбек ауыздығымен алысқан сол аттарды қызықтап, қораға да жиі баратын. Әкесіне мал күтуге көмектесіп, осынау қос күреңнің мінез-құлқын да жақсы біліп алған еді. 1940 жылы әкесі ауыр науқастан қайтыс болғанда төртінші сыныпты бітіріп, бесіншіге көшкен бұғанасы қатпаған жас бала тас түйін жұмылып, әке атқарған жұмысты жалғастырып алып кетті. Құдайдың қарасқаны болар, элеватор басшылығы Дәуренбекті баласынбай тиісті ақысын төлеп тұрды. Ақы дейміз ғой, беретіні ұн мен бидай, қолдағы төрт-бес тауыққа жем еді. Науқас ана мен жас бала соған да қанағат етті, жұрт қатарлы күн кешті.

Соғыс аяқталған 1945 жылы жастайынан оқуға зерек Дәуренбек Қостанайдағы Жамбыл атындағы мектепке келіп, соғыс жылдары үзіліп қалған оқуын жалғастырады. Бар болғаны төрт сынып бітірген бала бірден 8 сыныпқа келеді. Намысқа тырысқан ол 5-6-7 сынып бағдарламаларын өз бетінше оқып, ақыры 1948 жылы онжылдықты күміс медальмен тәмамдайды.

Сол мектепте жүрген кезінде-ақ Дәуренбек "Ұлы Отан соғысы жылдарындағы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Бұл оның "Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!" ұранымен тылда еткен жанқиярлық еңбегінің жемісі еді.

Иә, журналист Дәуренбек ағамыздың одан кейін де алған марапаттары аз емес. Бірақ таңның атысы, күннің батысы демей тынымсыз тер төккен сол бір сұрапыл жылдарғы еңбегінің ерекше жоғары бағалағанына күні бүгінге дейін тәубе дейді. Қазір ол тыл ардагері ретінде үкіметіміз белгіленген жеңілдіктерге де ие болып отыр.

Мектепті бітірісімен ол сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетінде өзінің мектептес досы Әбілфайыз Ыдырысовпен бірге оқыды. Әбекең болса кейін сол университетте жас журналистерге тәлім-тәрбие берді. Журналистика саласындағы үлкен ғалым, профессор, тамаша жазушы. Өзіміз де сол оқу орнында Әбілфайыз ағадан дәріс алдық. Ал Дәукең мен Әбекең арасындағы достық күні бүгінге дейін жарасымды жалғасып келеді.

Қолына диплом алған жас журналист Дәуренбек Ахметбеков өзінің шығармашылық жолын туып, өскен Қостанай облысында, қара шаңырақ – бүгінгі "Қостанай таңы" газетінің редакциясында бастайды. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндеттерін ойдағыдай атқарып, оқырмандар аузына ілінеді. Ал 1959 жылы ол облыстық радионың бас редакторы қызметіне жоғарылатылды. Сол қызметті 1989 жылға дейін табысты атқарып, 60 жасқа толып, зейнеткерлікке шығады. Одан кейін де қаламгер ағамыз облыстық әкімдікте, облыстық ардагерлер кеңесінде абыройлы еңбек етеді. Ал 2006 жылдан бастап Дінмұхамед Қонаев атындағы қоғамдық қордың облыстық бөлімшесін басқарады.

Дәукең туралы әңгіме қозғағанда оның аяулы жары Майраш апа туралы да бірер сөз айта кету мен үшін ерекше парыз. Өйткені осы бір аяулы жан ұзақ жылдар бойы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта ұстаздық етті, талай ұл-қызға тәлім мен тәрбие берді. Өзіміз де осынау мейірімді де балажан, мінезге де, түрге де бай апамыздың ақыл-кеңесін естідік, күні бүгінге дейін шынайы құрметпен еске ала жүреміз. Құдайға шүкір, Ахметбековтер отбасында туған екі ұл мен екі қыз да ата-ана өсиетіне адал, олардан өрбіген ұрпақ, ата мен әженің немере-шөберелері де өрісті кеңейте түсті. Дәуренбек ағамыз сол өркен жайған ұрпағының ортасында, тәуелсіз елінде, туған жерінде тәубесінен жаңылмай, қадірменді қарттарымыздың бірі болып, қызықты да мағыналы ғұмыр кешіп жатыр. Қаламгердің бақыты да осы.



ӘКЕ. БАЛА. НЕМЕРЕ. ШӨБЕРЕ

немесе өркен жайған бір әулет туралы әңгіме


1. Әке
Өткен жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Меңдіқара ауданының орталығы Боровской поселкесіндегі бір көшеге Нұрғалиев Бақан (Бақдәулет) есімі берілді. Жерлестерінің мұндай ерекше құрметіне бөленген Бәкең кім еді? Ол Азамат соғысының, Ұлы Отан соғысының ардагері, осы өңірде талай жыл ел басқарған елінің ардақты азаматтарының бірі еді. Аманкелді, Жеңістай, Жұмабек, Кенжеш деген төрт ұл, Қапура, Кенжекей атты екі қыз өсіріп, оларға келісті тәрбие берген абзал әке еді.

Бақан аға 1902 жылы осы Меңдіқара ауданы Қарқын ауылында дүние келді. Ол 1919-1921 жылдары Әліби Жанкелдин ұйымдастырған атты әскер қатарында болып, Кеңес үкіметін нығайту жолында тер төккен сарбаз еді, ал 1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына тосыннан шабуыл жасағанда қолына қару алып, Ұлы Отанын, қасиетті жерін қасық қаны қалғанша қорғаған ержүрек жауынгерлердің бірі болды. Ленинградты қорғауға қатысқан қас батыр жан беріп, жан алысқан кескілескен ұрыстардың бірінде жаралы болды, сол қолынан айырылып, жарымжан болып қалды...

Бірақ Ұлы Жеңістен кейін ол мүгедек екенмін деп үйде отырып қалмай бейбіт еңбекке араласып, туған жердің берекесін арттыру үшін бір кісідей еңбек етті. Құдай қосқан қосағы Дәржан Сапақызы екеуі ұрпағын өсіріп, олардың ел қатарлы адам болуы үшін аталық, аналық мейірімдерін төкті.

Бақан ағамыз ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы Меңдіқара ауданындағы Бірлік, Қарағайлысай, Жарсуат ұжымдық шаруашылықтарын басқарды және Теңіз, Қарақоға, Балықты, Краснопреснен ауылдық кеңестерінің төрағалығына сайланып, бұл жұмыстарды абыроймен атқарды. Дербес зейнеткер болып, құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де ол "Каменск-Уральск" кеңшарының Шиелі бөлімшесінің басқарушысы болып тер төкті.

Оның майдангерлік және бейбіт еңбектегі адал еңбегі мемлекеттің талай мәртебелі наградаларымен аталып өтілді. Солардың ішінде ардагер аға ІІІ дәрежелі "Даңқ" ордені мен "Еңбектегі ерлігі үшін" медалін ерекше құрмет тұтты. Біріншісі жауынгерлік кезінен ескерткіш болса, екіншісі туған жер төсіндегі тамшылаған терінің өтеуіндей көрінетін еді.

Бақан ағамен менің әкем, ауыл мұғалімі Тоқмырза Меңдібаев ерекше сыйлас жандар еді. Жолаушылап ауданға, облысқа жол шексе үлкен жолдың бойында орналасқан біздің Ақсуат ауылына соқпай кетпейтін. Бақан аға да біздің үйге жиі келуші еді. Кейде әдетте киіп жүретін сол қолының протезін алып тастап, емін еркін әңгімеге берілетін. Соғыстан кейін туған, оң-солды енді ғана тани бастаған мен "бұл ағаның бір қолы қайда екен?" деп ойлаушы едім. Сол сұрақты марқұм әкеме қойғанда:

– Соғыс деген үлкен қасірет қой, балам. Талай боздақтар сол ұрыс даласында қалды. Ал Бақан ағаң болса, бір қолынан сонда айырылды. Ол мына сендердің жарқын болашақтарың үшін шайқасты, сондықтан да майдангер ағаны құрметтеп, сыйлап жүр, ботам, – дегені есімде.

Әкенің сол сөзінің әсері ме, кешегі қанқұйлы соғысқа қатысқан ағаларды көрсем, басымды иіп, ізет етемін, олардың амандығын тілеймін.

Құдайға шүкір, бүгіндер Бақан ағаның ұрпақтары өркен жайды. Аманкелдіден Бауыржан, Жанат, Батырбек, Жеңістайдан Анар, Кәмшат, Айнагүл, Батыржан, Әсел, Динара, Кенжегүл, Жұмабектен Нұрахмет, Рита, Кенжештен Нұржан, Нұрлан атты немерелері бар. Мағзұм, Ботакөз, Шынар, Ербол атты жиендері де нағашыларын мақтан етіп жүрген түлектер.

Ардагер ағаның шөберелері де бүгінде бір ауыл.

Сол өсіп-өнген ұрпағы елім деп еміренген ерді, үлкен әулеттің бастауында тұрған Бақан ағаны ұмытпақ емес. Туған жердің бір тұлғасын мәңгі есте сақтау үшін бір көшеге оның атын беруге мұрындық болған аудан басқарып жүрген азаматтарға да біздің айтар алғысымыз мол.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет