Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



жүктеу 4,75 Mb.
бет15/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26

2. Бала
Аманкелді – Бақан аға балаларының, төрт ұл, екі қыздың ең үлкені, кешегі отты жылдары дүниеге келген сәби болатын. Бүгіндер жетпіс атты желмая жасты алқымдап қалған аға, өзінен кейінгі іні-қарындастарына бас-көз болып, үлкен әулеттің дәстүрін сақтап, береке-бірлігін жарастырып жүрген біртуар тұлға.

Аманкелді ағамыз Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың түлегі. Менің де білім алған алтын ұям ол. Сондықтан ба, әлде әкесі достың баласы да дос деген қағидадан ба, Әлекеңе ерекше құрмет, сыйластықпен қараймын. Аманкелді Бақанұлы мектептен кейін Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында балташы болып еңбек жолын бастады. Мен де мектептен кейін сол Бүкілодақтық екпінді құрылыста токарь болып еңбек ләззатын алғаш татқан адаммын. Әлекеңнің жары да сол Алтынсарин мектебінің түлегі, өзінің сыныптасы. Кездесе қалғанда айтылар әңгіме, шертер сыр таусылмайды.

Аманкелді әуелі Қазақ политехникалық институтты Рудный филиалының кешкі факультетінде оқып, кейін оқуын Алматыда жалғастырып, 1966 жылы құрылыс инженері мамандығын алып шығады. Жолдама бойынша Меңдіқара ауданы "Харьков" кеңшарына келіп, шебер, кейіннен "Қаратал" кеңшарында прораб болып еңбек етеді. Білімді де білікті, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін ол 1975 жылы Меңдіқара аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады. Жас басшының ынта-жігері, ізденісі мен табандылығы арқасында ауданның әрбір кеңшарында, ұжымдық шаруашылығында жаңа тұрпаттағы орта мектептер, ауданмен қатынасатын тас жолдар салынған болатын, әрбір бөлімшеге автобус қатынасы орнатылып еді. Соның бәрінде Аманкелді Бақанұлының қолтаңбасы болатын.

Бұдан кейін Әлекең қызметін облыс орталығында жалғастырды. Қостанай құрылыс тресі құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ұжымдық шаруашылықтар бойынша бас құрылысшы-инженері, жоспарлау-экономика басқармасында бас маман, облыстық құрылыс басқармасы бастығы (облыстық инвестиция құрылыс фирмасының директоры) болып, абыройлы еңбек етіп, облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына бір кісідей үлес қосты. 1997 жылдан бастап 2007 жылға дейін облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты, бүгіндер өзінің шаруа қожалығын ашып, жер-анамен жұмыс істейді.

Алматы медицина институтының түлегі Күләш болса ұзақ жылдар бойы денсаулық күзетінде келеді. Емі шипалы, қолы жеңіл, мінезі жібек дәрігер, талай науқастардың бетін бері қаратқан ақ желеңді абзал жан.

Бүгіндер Аманкелді мен Күләштің Бауыржан, Жанат, Батырбек атты ұл-қыздары азамат болды, олардан туған немере-жиендер де бір өріс, әулеттің абыройын көтеріп жүрген жастар. Солардың бірі – Бақан атаның немересі Батырбек ініміз. Ендігі әңгіме сол өнегелі өрен туралы.


3. Немере
Бақан атаның немересі, Аманкелді әкенің кенжесі Батырбек мамандық таңдауда көп ойланып жатқан жоқ. Анасы Күләш сияқты ақ желеңді абзал жан болсам деп армандады бала жастан. Өйткені үлкен-кішінің анасын іздеп келіп, ағынан жарыла алғыс айтып жатқанын талай көрген.

Бүгіндер қырықтың қырқасына шыққан майдангердің немересі Қостанай қаласындағы № 12 орта мектепті бітірісімен Қарағанды медицина институтына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Бірден Қостанай облыстық ауруханасына жұмысқа орналасып, анестезиология және реанимация, кардиология бөлімшелерінде дәрігер-ординатор міндетін мінсіз атқарып, бай тәжірибе жинақтады.

Қостанай облыстық ауруханасы материалдық-техникалық жағынан жақсы жабдықталған, кадрлары білікті, жалпы бүтіндей еліміз бойынша таңдаулы емдеу орындарының бірі саналады.

Бірақ тоқсаныншы жылдардың орта кезіндегі қиыншылықтар бұл мекемені де айналып өтпеді. Қаржы тапшылығы көптеген дәрігерлер мен медбикелерді тығырыққа тіреді. Үйдегі кішкентай Ердәулет пен Әлияның қамы басқа кәсіп іздеуге итермеледі. Сөйтіп ол Қостанай заң институтына келді. Мұнда қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасында оқытушы бола жүріп, сырттай оқып Челябі мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітірді. Осы саладағы қызметін жалғастыра бергенмен оны өзі бала жастан қалап алған медицина өзіне тарта берді. Сөйтіп ол 2005 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитеті Қостанай облыстық басқармасы ұйымдастыру және әкімшілік жұмыстар бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Облыстық басқарма бастығы, тәжірибелі дәрігер, білгір ұйымдастырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Қуаныш Ақбаев ағасынан көп жайтты үйренді, кейіннен осы басқарма бастығының орынбасарлығы қызметіне жоғарлатылды.

Ал биылғы қазан айынан бастап Батырбек Аманкелдіұлы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің директоры болып тағайындалды.

– Біздің Елбасымыз өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау мекемелерінің алдына ерекше маңызды міндеттер қойды. Біз адамның орташа өмір сүру деңгейін 72 жасқа дейін жеткізуіміз керек. Бұл ретте елімізде орасан зор жұмыс жүргізілуде. Медициналық көмектің жаңа жүйесі, міне, осы мақсатқа қызмет етеді, – дейді Батырбек.

Оның сөзінен өз ісіне деген сүйіспеншілік, болашаққа деген сенім, тәуелсіз еліне деген мақтаныш айқын сезіледі.
4. Шөбере
Нұрдәулет Аманкелдінің үлкен ұлы Бауыржаннан туған Бақан атаның шөбересі. Ол, әрине, өзінің даңқты атасын көрген жоқ, бірақ оның өмір жолын, ерлік істерін жақсы біледі, мақтан етеді. Әлбетте, өзінің туған өңірінде екінің біріне көше аты беріліп, суреті даңқ аллеясына іліне бермейді ғой. Нұрдәулеттің кейде атасының атындағы көшеге келіп, үн-түнсіз ойға батып тұратыны бар. Сондай сәтте, бәлкім, ол ата өсиетіне адал болуға өзіне өзі серт беретін шығар. Он сегіз жасқа енді ғана толған жас жігіт Бақан атасының осы он сегізінде от-жалынға кіргенін, жауға қарсы атой салып, елі мен жерін шапқыншы жаудан қорғағанын жақсы біледі.

– Ал мен он сегізімде не істедім?

Арманшыл жастың өзіне-өзі осындай сұрақ қоятыны бар. Рас, Нұрдәулет тау қопарып, тасты бұзып тастамаса да талай белестерді алған жігіт.

Ол 1993 жылы Қостанай қаласында дүниеге келді. Оның әкесі Бауыржан бүгіндер Астана қаласындағы "Қазақ мұнай және газ институты" акционерлік қоғамында бас менеджер болып істейді, ал анасы Жаңыл Мырзағалиқызы – жеке кәсіпкер.

Нұрдәулет осы Елордада қазақ-түрік лицейінде оқыды, оқып жүріп Грецияның Афины қаласында өткен халықаралық ғылыми жоба олимпиадасында математика пәнінен екінші орынға ие болды. Бүкіл әлемнен талантты деген балалар қатысқан бұл мәртебелі білім жарысында жеңіске жету – ерекше табыс, ата-анасы, ағайын-туғандары үшін ерекше қуаныш еді.

Нұрдәулет үшін мектепті бітірісімен еліміздегі кез келген жоғары оқу орнының есігі айқара ашық еді. Бірақ ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін таңдады. Бүгіндер тәуелсіз Қазақстанның осы білім ордасында тең-құрбыларымен бірге дәріс тыңдап, тәлім алуда.

Күн санап еңсе көтерген Астананың көркіне сүйсінген Нұрдәулет:

– Бұл менің қалам, менің Астанам! – дейді көтеріңкі көңілмен.



ҚАРАОБАНЫҢ ҚҰРМЕТТІСІ

Сейту Қоржынов туралы сөз


Облыс жұртшылығы, соның ішінде ұстаздар қауымы Сарыкөл ауданындағы Қараоба орта мектебін жақсы біледі. Бұл ауылдағы алтын ұядан қанаттанған талай түлектер еліміздің ардақты азаматтары болды. Биыл сол қара шаңыраққа 85 жыл толғалы отыр. Осынау уақыт ішінде Қараобадан қанат қаққан Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Өмірзақ Сұлтанғазин, Жұмағали Ысмағұлов, Мырзатай Серғалиев, Жайсаңбек Молдағалиев, Мәлік Фазылов, Сейіл Дәлдәбеков және басқа тұлғалар ел мақтанышына айналды.

Ал осы мектепте ұстаздық еткен Бекет Өтетілеуов, Ахметқазы Шотаев және басқалары шәкірт жүрегіне өлмес дастан жазып, мәңгілік із қалдырды. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі Сейту Қоржынов ағамыз. Бүгіндер сексен бес жасқа толған педагог осы мектепте қырық төрт жыл бойы табан аудармастан тер төкті.

Ол 1955 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, Қараоба мектебіне жолдамамен келді. Балаларды туған тіліміздің тереңіне байлатып, әдебиеттің рухтандыратын күшін ұғындырады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, тек шәкірттерге ғана емес жас ұстаздарға да тәлімгер болады.

Ал тоқсаныншы жылдар басында экономикалық қиыншылықтардан оқу орындарынан да сән кете бастағаны жасырын емес. Ауылдағы орта мектептен де бақ тоя бастағандай еді. Дәл осы сәтте аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі А.М.Вандышев мектепке келіп, бүкіл ұжымды жинап алып, қазіргі тығырықтан білім ордасын тек осы Сейту Қойбағарұлы ғана алып шығады деп сенемін, сондықтан бұл кісіні директор етіп тағайындаймын, дейді. Бұл кезде Секең зейнеткерлік жасқа жетіп қалған еді, соны алға тартады ғой...

– Нағыз педагог ешқашан қартаймайды, алтын ұяны алға бастау Сізге міндет...

Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісінің пікірін сол кездегі аудан басшысы А.Нүркин, совхоз директоры В.Кириченко қолдайды.

Сөйтіп Сейту ағамыз бүкіл елімізге танымал Қараоба мектебінің тізгінін қолға алып, оқу-тәрбие жұмысын жаңа сатыға көтереді.

1999 жылы мамыр айында осы ауылға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің департамент директоры Рысты Жұмабекова келеді. Қасында облыс әкімінің орынбасары С.Ш.Бектұрғанов, облыстық білім басқармасының бастығы Г.Г.Шек бар. Олар мектепті аралайды, ондағы өлкетану мұражайы мен "Атамекен" бағдарламасына байланысты арнайы бөлмелерді тамашалайды. Мектептегі жұмысқа ерекше риза болған департамент директоры "Мына ағамызды халық мұғалімі атағына ұсыну керек", – дейді. "Күл талқаны шығып, шашылып жатқан ауылда мынандай жайнаған мектеп ұстау – ерекше ерлік", – дейді.

Ағамыз "Халық мұғалімі" атанбаса да омырауға ерекше мәртебелі төсбелгі тақты. Ең бастысы ол бұрынғы абырой беделден айырыла бастаған қара шаңырақты өркендеу жолына салды. Ұстаз ағаның бүкіл саналы ғұмыры осы мектепте өтті, алдынан жүздеген шәкірт тәлім-тәрбие алды. Солардың бәрі де ақылшы-қамқоршы болған Сейту ағаларын ерекше сыйлайды, құрмет тұтады.

Бүгіндер Секең Астанада тұрады. Баласы Ғалым көшіріп алған. 48 жыл бойы отасқан жары Мәрияш Салыққызы дүние салған соң жасы келген отағасы өсіп-өнген ұрпағының қасында болуға шешім қабылдаған. Ақсақалдың 12 немересі мен 10 шөбересі бар. Бәрі де тәрбие көрген, болашағынан мол үміт күтер өрендер.

Өз баласы Ғалым – құрылысшы, Алматы мен Астанада ол салған талай зәулім ғимарат бар, келіні Сәуле ұстаз, ағылшын тілінің маманы. Қыздары Салтанат пен Гүлайраз ата-ана жолын қуған ұстаздар. Гүлайраз болса кезінде осы Қараоба мектебінің директоры болып тер төкті. Бүгіндер жолдасы, белгілі мәдениет қызметкері Әбдібек Божақовпен Қостанайда тұрады.

Сейту ағаның есімі осы "Қостанай таңының" оқырмандарына да жақсы таныс. Ол өзін толғандырған мәселелерге үнемі қалам тартады. Жақсы ағаның жазғандарын бөтен де басылымдардан – "Егемен Қазақстан", "Түркістаннан" да оқып қаламыз.

Жасай беріңіз, жақсы аға!

ЖАЙЫЛМАДА ТУҒАН ЖАҚСЫ АҒА

Журналист Хамит Жансарин туралы әңгіме


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, КСРО Баспасөз ісінің үздігі Хамит Жансариннің дүние салғанына да жыл толыпты. Оның бүкіл еңбек жолы облыстық «Қостанай таңы» газетімен бірге өрілді. 1951 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтаған ол облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне қызметке орналасып, осы қара шаңырақта қырық жылдан астам жемісті еңбек етті, талай қалам ұстаған іні-қарындастарына тәлімгер болып, олардың өздері қалаған мамандықтарына тез төселуіне ықпал жасады.

Өзіміз де редакцияға келген беттен осы Хамит Жансарин мен марқұм Аңсаған Атымтаев ағаларға жуық болдық. Хақаң өнеркәсіп бөлімінің, Аңсекең ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі еді. Іссапарларға жиі шығатын, газетте олар жазған мақала-корреспонденциялар, очерк-суреттемелер нөмір сайын шығып жататын. Екеуі де темекінің түтінін будақтата отырып, қағаздан бас алмай, бір-бірімен жарыса жазатындай көрінетін маған. Кейде нөмірге баратын материалды мәшинеске қыздарға барып, ауызша айтып, заматта бастырып ала қоятын.

Сол Қақаң бітірген университетті тәмәмдап, қаламгерлік қызметке жаңа кіріскен мен үшін бұл кісілер нағыз қас шеберлер, кемелденген журналистер болатын. Олар да мені жатсынбай ішке тартты. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылық тақырыбына жазған дүниелерімді сол сәтінде оқып, редакциялап, редакторға ұсынып жүрді. Кейде шақырып алып, ағат кеткен жерлерім болса, достық рәуішпен жөн сілтеп жіберетін. Ол кісілерде өздерін өзгелерден артық санау, кеуде соғу, жастардан алшақ жүру сияқты қылықтар мүлде болмайтын. Сондықтан да болар редакцияға жаңа келген бір топ жастар осы ағаларды жағаладық.

Хамит аға университеттен кейін Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Москва Жоғары партия мектебін бітірген, сол кездегі КСРО басшылары мен туысқан ел басшыларын, коммунистік және жұмысшы қозғалысы көсемдерінің көпшілігін көрген адам еді. Н.С.Хрущевтің партия мектебіне келіп, лекция оқығанын, онымен болған партия мектебі тыңдаушыларының әңгімесін жыр қылып айтатын. Вьетнам, Куба, Монғолия басшаларымен жүздесулерін ерекше қызықты баяндайтын. Әңгіменің ішіне өзін кіргізіп, өзінің қойған сұрақтарына қонақтардың берген жауабын тәптештейтін. Одан қала берді университетте оқыған кездегі М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин және басқа ұлы тұлғалармен жүздесулерін әңгімелеуден жалықпайтын.

Қақаңның әңгімелерін тыңдауға біз де құмар едік. Кейде этикеттің шектеулі шеңберінен шығып кетіп, еркін көсілетінбіз. Сондай сәттерде көңілге кесек-кесек ой келе қалатын. Сол ойды сол сәтінде талқыға салмасаң, бірдеңең ұмыт қалғандай болушы еді, осындай бүкпесіз әңгіме, еркін пікір алысудан көп жайттың сырын ұққандай болушы едік.

Хамит аға біреудің бір жақсы шығармасын көре қалса, ерекше қуанатын, тілектестік көңілін сол сәтінде білдіруші еді. Ал кейбір әріптестеріміз өзінің жазғанынан басқаны көзге ілмейтін, көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей немқұрайлы көңіл-күйде болатын. Ал жас адамның өсуі үшін, жаңа ізденістерге қанаттануы үшін осындай ағалар пікірі кім-кімге де ауадай қажет еді. Біздің дәл сол кезде осы ағаларымызды төңіректеуіміз де олардың осындай қасиетінен болса керек.

Хамит ағамыздың әкесі Жұмабек ақсақал да ерекше көшелі кісі еді. Ол кешегі қанқұйлы соғыс кезінде ел басқарған, Аманкелді аудандық атқару комитетінің төрағасы болған, майданға көмек ұйымдастыруда ерекше ұйымдастырушылық қасиетімен көзге көрінген тұлға болатын. Сол бір қиын-қыстау жылдары Жоғарғы Қолбасшы И.В.Сталиннің өзі Жұмабек Жансаринге алғыс айтып, хат жолдаған.

Қақаңның арқасында сол Жүкеңмен жақсы танысып, аралас-құралас болып, оның талай әңгімелерін тыңдадық. Әсіресе, Бейімбет Майлинмен кездесулері жөніндегі есте қалғандары мені ерекше қызықтырып еді. Сондықтан да болар Жүкеңнің сол әңгімелерін қағазға түсіріп, Тоқтар Бейісқұлов құрастырған «Би-аға» атты жинаққа енгізген едім.

Сол жылдары Жүкең мен Хамит аға екеуі бірге тұрды. Жүкеңнің жасы келген, қосағы дүние салған еді, ал Қақаң болса жеңгемізден ажырасып, жалғыз қалған кезі болатын. Балалары болса, өсіп-өркендеген, Алматыда тұратын. Әкесі мен баласы еркек қос болып, бес-алты жыл осы қаладағы Б.Майлин көшесіндегі ауласы үлкен бір жұпынылау, шағын үш бөлмелі үйде тұрды. Сол кезде облыс басшылығына келген Кенжебек Үкіұлының атына ақсақалдың атынан пәтер сұрап, арыз жазып бергенім бар. Кенжекең еліне ерекше еңбегі сіңген зейнеткер, тыл ардагерінің өтінішін аяқасты етпей, 8 шағын ауданда жаңадан салынған тоғыз қабат үлкен үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер бөлгізді. Бірақ, өкініштісі сол, ол пәтерді Жүкең көре алмады, үй пайдалануға берілетін сәттен аз-аз уақыт бұрын дүние салды. Сол пәтерге Хамит өзінің жаңа жұбайы Сақи жеңгеміз және оның балаларымен бірге көшіп, сол құт қоныста ширек ғасыр бойы өмір сүрді. Сол пәтерден өткен жылдың наурыз айының басында бар болғаны екі-үш күн ауырып, бақилыққа аттанды.

Тәлімгер ағамыз кезінде облыстық радионың бас редакторы, облыстық газет Тың өлкесінің құрылуына байланысты жабылып қалғанда Аманкелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінің редакторы қызметін атқарды. Бірер жыл Алматыда Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакциясында аға ғылыми қызметкер болып істеп, біздің еліміздің тарихындағы осы құнды кітаптың шығуына өзінің журналистік шеберлігі мен бай тәжірибесін жұмсады.

Дегенмен оның журналистік қызметі негізінен осы «Қостанай таңына» арналды. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан соң да қаламгер аға осы қара шаңырақтан қол үзбей жасы жетпіске келгенше қайнаған еңбек ортасында болды. Ал сексеннің сеңгіріне шыққанда журналист Жансарин «Тың түлектері» атты кітап шығарып, өзін тағы бір қырынан көрсетті. Бұл оның кейінгі ұрпағы мен қаламдас іні-қарындастарына қалдырған ескерткіш сыйы, өмірге деген құштарлығының жарқын бір белгісі еді...

1929 жылы Қамысты ауданындағы Жайылма ауылында туған жаны жайсаң ағамыздың жарқын бейнесі оның шәкірттері жүрегінде әрдайым сақталмақ.



ҰЛЫЛАРДЫҢ ҮНДЕСУІ

Баукең мен Ілекеңнің жазысқан хаттары


Еліміздің қас батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, біздің жерлесіміз Ілияс Омаровтың бір-біріне жазысқан хаттарымен танысқанда ұлылық осындай болады екен ғой деген ойға келдім.

Алдымен жарияланып отырған суретке назар салыңыз. Осы суретті Баукең Ілияс Омаровқа ескерткіш ретінде Сібірден арнайы жолдапты және сурет астына араб әліпбиімен мынандай өлең жазыпты.


Ілиясқа
Сібірде салынып еді бұл сурет,

Сібірді көргендер аз, көрмеген көп.

Көрдім деп отырған жоқ, уайым жеп,

Менен бұрын болғандар ертедегі,

Сорлапты не тұтқын боп, не пенде боп.
Сібірдің сыр сандықтай сыры да мол,

Тыңдасаң, өте зарлы мұңы да мол.

Жазғытұрым жайнаған ашық күндей

Денеңді жадыратар нұры да мол.


Сібір сырын айтады сырласқанға,

Сібір мұқын шағады мұңдасқанға.

Жел-боран сұрапылмен ел тілдесер

Өмірдің қырын басып у татқандай!



Бауыржан.
Енді Ілекеңнің осы хатқа 1955 жылы 16 қазанда берген жауабын келтірейік:

«Қадірлі Бауыржан»!

Ел аралап жүремін деп, хатыңды кешірек алдым. Оған жалпы қазекеңе тән жалқаулықты қоссақ, жауаптың кешеуілдеуіне толық жауап табылмай ма?

Хатыңа, әсіресе, жіберген суретіңе көп рақмет. Сыртына жазған өлеңдеріңде жолыңдағы қатал күштермен күресудің қызғылықтығын елестетіп, ерлікке шақырғандай елестер бар.

«Дыхание правды – сурово, но чисто», дейді Ромэн Роллан. Осы дұрыс қой деймін.

Микеланджело туралы Роллан былай дейді: «Великие души подобны горным вершинам. На них обрушиваются вихри, их обволакивают тучи, с высоты открываются безграничные дали, и видишь все человечество».

Әрине, ұлылық деген әркімнің басына ұялай бермейді ғой, дегенмен, таудың мұзына өрлемей, Сібірдің бораны мен аязынан қызғылықты сыр іздеу әркімнің қолынан келе де бермейді. Соны еске алып, әдейі қарауға арнағандай әдепті қара мұрты бар, қазақтың жылы тұмағын киіп, қарлы боранға қарсы аттанған қырандай тесіле қарап отырған қара жігітті көргенде, осы бір қазақ тегін болмас деген ой өзінен-өзі туады. Өмір деген қиын зат қой, кейде суалыңқырай жататын өзен сияқты. Бірақ сол өзеннің арнасы тудыратын небір бұлақтың көзі, небір таудың мұзы бітеліп, не таусылып қалмау керек. Осы тұрғыдан қарағанда «былтырғы қалың қолжазбаға 200-дей бет қосылды» дегеніңе үлкен қуанып отырмын. Арнаға қосылған судың айнадай тазалығына күмән келтіргем жоқ. Мені алсаң, ондай қорым жоқ адаммын. Артыма қарасам, иреңдеп жатқан жалғызаяқ өмір жолы, алдыма қарасам, әрі кетсе бір жотаны қуалай тартылған сол жолдың жалғасын көрем. Бұл – өткендегі, жаңа келешектегі миллиондаған сызықтың біреуі. Ұлпа қарда жүгірген тышқандардың айқыш-ұйқыш ізіндей бұл шимайшық қармен бірге еріп кетпекші. Алдағы тілекке тірек боларлық бір зат, ми далада да адаспайтыныма сенемін. Қайда барып тоқтасам да, жөнім дұрыс болар-ау деймін. Ал енді өмір философиясынан бері келсек: қызмет жаман емес. Жаңа жерге бір нұқсан үйреніп те қалдық. Айтарлықтай жаңалық та жоқ. Денсаулық шамалы.

Әзірше қош, сау бол.

Сәлеммен, Ілияс.
Бұл Ілияс ағамыздың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығынан босап, Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметтін атқарып жүрген тұсы.

Баукең болса, орталықтан тыс, шет аймақта жүрген Ілекеңе деген көзқарасты өзгертпей онымен пікірлесіп, сырласуға, ақылдасуға бейіл. Өйткені ол Ілияс Омарұлының «үлкендер ішінде кіші емес, кішілер ішінде үлкен емес бір ғажап жан» екенін ежелден-ақ жақсы білген. Оны даңқты қолбасшының әркез Ілекеңе жазған хаттары анық дәлелдейді.


Б.Момышұлы – І.О.Омаровқа

26 қыркүйек, 1955 ж.

Калинин қ.
«Қадірлі Ілияс»!

Хатыңды алдым, жаңа орын құтты болсын. Жаңа қоныс жайлы болсын деген тілегімді білдірем. Мен ел арасында жүрген кісі емеспін. Сондықтан менің хабарым тек өз басым туралы болмақ: өзің оқып шыққан күрделі қолжазбаға 150-200 беттей жазулар тіркелді, енді тағы да соншадай жазсам, оның бірінші бөлімінің материалдары жинақталуға жақын деп есептеп едім, бірақ та уақыт пен жағдай мойын бұрғызар емес. Кавказдағы «Цхалтүбек» дейтін жерге барып емделдім, ол жер мен үшін жағдайсыздау болды, ауасы азаннан кешке дейін боздағын жоқтаған келіншектей егіл-тегіл болып, еңіреп-еңіреп жылап тұрады екен. Калининге келе салысымен «Ананы жазғын, мынаны оқып бергін, мынаған қалай қарайсың», тағы басқалардың әурелері билеп кетті. Алдымызда оқу жылы, жиналыс үстіне жиналыстан шаршап жүрмін. Қызметке кірісуге жиналыстан қол тимейді.

Жасырып не керегі бар, денсаулық нашарлаудың соңында. Елден алған хабарым жалғыз Мәліктің ашық хаты. «Жолығайын деп едім, (...) сөздерім бар еді» депті, барлық хабарларым осындай.

Келінге, балаларға, жақын көретін жолдастарға менен сәлем айтарсың.

Сәлеммен,

Б.Момышұлы».


P.S Кезінде хабарласып тұрарсың, амандығыңды білдіріп. Айтпақшы, мен 640-Армияның қатарында боламын ба деп ойлап едім, оның да әзірше сәті түспей отыр. Жаңа жылғы қарсы тағы да сұранбақпын.

Б.Момышұлы.

І.О.Омаров – Б.Момышұлына

11 желтоқсан, 1995 ж.

«Қадірлі Бауыржан»!

Хатыңды кеше алдым. Меніңше, келешекке жасаған планың дұрыс қой деймін, бірақ архивтен бұрын 2-3 ай демалып, денсаулықты жөндеп алғаның дұрыс емес пе? Хотя организм не так уж изношен, накипь всевозможных нервных переживаний надо размыть длительным отдыхом и, если нужно, лечением.

Тарих көзімен қарағанда, сенің қызмет істегеніңнен істемегенің пайдалырақ. В этом смысленно ограниченно годный Бауыржан может быть полезнее любого неограниченно годного. Барар жерді қайғырудың кажеті болмас, кайда барсаң да реніш емес, қуаныш қарсы алады ғой. Бұл жөнінде менің берер ақылым не Бурабайдан (сұлу Көкшенің бауырынан), не Түлкібастың қойнынан бір лыпа тұрғызып алып, жазуға кіріссең деймін. Сен творчествоның адамысың, сол себепті Алматыда тұруға қолайсыз болар. Хатыңда С.А тастауға қимаймын депсің. Менің ойымша сен С.А.-дан былай да қол үзбейсін ғой (по крайней мере, судя по твоему
плану). Тағы да айтарым, ең алдымен, ойлайтын нәрсең болу
керек. «Бірінші байлық – денсаулық» деп ата-бабаң неге айтты
дейсің. Екінші байлық жөнінде де ойлансаң деймін (впрочем, это твое дело). Емделу планың бұзылмаса, бізге келіп қонақ болып кет. Қуанышпен қарсы аламыз.

Өзім жақында Алматыға барып, бала-шағамды алып қайтам. Бірер күн бұрын Ғабитпен сөйлестім. Айтарлықтай еш нәрсе жоқ. Бір ренішті нәрсе – Е.Г.Брусиловскийдің 50 жасқа толуын ескерусіз қалдырыпты. Елдімізге үлкен ұят нәрсе. Алматыға бара сол туралы сөйлескім келеді.

Қазақ мәдениет тарихында Затаевич пен Брусиловскийдің аты оқшау тұру керек еді. Бұл көп «әттеген-айдың» бірі ғой деймін. Басқа айтарлықтай жаңалық жоқ. Денсаулықтың нашарлығын саған ғана айтуға болады. Басқаларға «тәуір» деп қана айта берем. Оның себебін бір кездескенде айтармын. Ғабит жақында партияға жаңадан кірмекші. Ол дұрыс қой деймін. Себебі, қалай десе де, ол партиядан ұзақтамаған адам, басқаларына қарағанда тонның ішкі буындай десек, қате болмас. Қанышпен кездесіп, сенің планың жөнінде сөйлесермін.

Әзірше қош, сау бол!

Құрметпен, І.Омаров

P.S Верешмарттың мына бір өлеңдері қалай жақсы.

Оқып көрші.



1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет