Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет3/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

2. Ана
Баймағамбетовтер отбасында бес ұл туды. Тетелес өскен бауырлар өте ұйымшыл, сабаққа алғыр, тәрбиелі жастар еді. Ата-ананың көз қуанышы, мақтаныштары бола білді. Оқыды, білім алды. Қатарларының алды болды. Ана болса сол ұлдарын алақанға салып, аялады. Азамат болған баласы Мәлік қатты ауырып, төсек тартып, жатып қалғанда Қазыкен ана қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдады. Өзі де дәрігер ұлының бүйрегі істен шыққан, оны ауыстырмаса болмайды. Донор керек. Ана болса күрт байлам жасады, «балама менің бір бүйрегімді алып, салыңдар!» деді. Дәрігерлер мұндай шешімді күтпеген еді. Ананың ақ тілеуі, бауыр еті баласы үшін шырылдаған жанайқайы ақыры тосын шешімге бел байлатты. Мәлікке ана бүйрегі салынды. Бәрі де жақсы еді, жақсы боларына ана да, бала да, басқа да сенімді еді. Бірақ ойлағанның бәрі жүзеге аса бере ме? Бала бастапқы кезде өзін жақсы сезінгенмен кейін бүйрегіне салқын тигізіп алып, дүние салды.

– Бәрі Құдайдың бұйрығы ғой, егер мен бауыр етім балапаным қиналып жатқанда етімнен ет кесіп бермесем, кейінгі өмірімде не сән, не мән болар еді, – дегенді аяулы ана талай қайталаған екен.

Ал өзі болса қалған жалғыз бүйрегімен сексеннен асқанша өмір сүріп, балаларының азамат болғанын, келіндерінің иба жасап, иіліп сәлем бергенін, немерелері мен шөберелерінің желкілдеп өсіп, қатарға қосылғанын көрді. Немерелерінің алды университеттер мен институттар бітіріп, қызметке ілікті. Біреуі Москвадағы Бауман атындағы жоғары техникалық университетін, бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, бірі Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы университетті, енді бірі Қостанайдағы университтеті аяқтады. Руслан, Әлішер, Арнұр атты шөберелерінің де орны тым ерекше.

Қазыкен жеңгесіне қайнысы, білікті ғалым, қайраткер азамат Сейіл Баймағамбетовтың да сыйластығы ерекше еді. Жеңгесі дүниеден өткенде қабырғасы қайысқан туыстардың бірі деп осы Сейіл замандасымыз болды. Ана бүйрегімен аз да болса өмір сүрген ұлы Мәліктен қалған жалғыз тұяқ та әже қазасына аһ ұрды.

Омар аға бүгіндер ұлы Талғат пен келіні Жанармен бірге осы Қостанайда тұрады. Құдайға шүкір, тың.
3. Ұстаз
Қазыкен апай Меңдіқара педагогика училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын ауылдық мектептерде мұғалімдіктен бастады. Мектеп есігін алғаш ашқан бүлдіршіндерді оқытты. Тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан талай түлектерге сәт сапар тіледі, үлкен өмірге жолдама берді.

Қазыкен Рақымжанқызының ізі Қазақстан жеті жылдық, Қараоба орта, Арыстанкөл сегіз жылдық, Жамбыл, Силантьев, Садовый орта мектептерінде сайрап жатыр. Осы білім ошақтарында ол Омекеңмен бірге тер төкті.

Асыл ана, білікті ұстаз үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде елдегі сан алуан жұмыстарға араласып, тыл тауқыметін көтерген жандардың бірі де осы апамыз еді. Соған орай ол «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып еді, кейін Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 55, 60 жылдығына шығарылған мерекелік медальдарды омырауына тақты.

Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұстаз-анаға құттықтау хат жолдады. Онда былай делінген: «Тәуелсіз Қазақстанның және бүкіл ТМД елдерінің мерекесі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің 55 жылдығына орай шын жүректен жолдаған құттықтауымызды қабыл алыңыз». Дәл осындай құттықтауды Омар аға да алып еді. Бүкіл әлем таныған Елбасының жылы сөзі ерлі-зайыпты педагогтарды ерекше қуанышқа бөледі.

Иә, жар, ана, ұстаз дүниеден өтті. Бірақ оны алпыс жыл бойы отасқан жары Омар аға, өркен жайған ұрпағы, мыңдаған шәкірттері ұмытпақ емес.

АНА ӘЛДИІ

Өнегелі ғұмыр кешкен Зейнелғарап Ақмейілқызы

туралы сыр


  1. Үрейге толы 37-жыл

Сол 37-жыл ел ішіне дүрбелең әкелді. Күнде бір бейбақты тұтқындап, "халық жауы" таңбасын тағып, Итжекенге айдап жатты. Томаға тұйық жатқан алақандай ауылдардан да Жапонияның "шпиондары" табылды. Кеңес үкіметіне қарсы астыртын әрекеттер "дайындаған" жандар мұнша көп болар ма?

Енді ғана бой жетіп, оңды-солын жаңа таныған көрші ауылдың қызы Зейнелғарап мынау жалған дүниені неге мұндай жүгенсіздік жайлағанына ерекше таң еді. Түсінгісі келеді, бірақ оған миы жетер емес. "Халық жауы" – ол не деген сөз. Сол халықтың өзінен шыққан пенде өз халқына қалай жау болады? Кеңес үкіметін құруға қатысқан, соның айтқанын істеп, айдағанына жүрген ағайын неге бір-ақ күнде сенімсіз жан болып, елден аласталады?

Кеше ғана мына Алакөл жағасын қоныстанған Ақсуат, Қызыл Балықшы ауылдарының атпал азаматтары тұтқындалыпты. Осы қасиетті құт мекенде туып, республика деңгейінде басшылық қызмет атқарып жүрген Нұржақып Нұрсейтов, Таутан Арыстанбеков, Төлепберген Сейтқалиевтар халық жауы екен. Олардан басқа тағы да он бір адам абақтыға қамалыпты. Басқа да ауылдар арыстарынан айырылып, қан қақсаған.

Міне, дәл осындай ел еңсесін ауыр қайғы басқан сәтте Зейнелғарап сол Алакөл жағасындағы Қызыл Балықшы ауылының азаматы Қажыболдың етегінен ұстады. Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Соның алдында Қажыболдың әйелі қайтыс болып, Сайым атты жаңа туған ұлымен бірге қайғы жұтып қалған еді. Көрші отырған Итсары елінде Матақайдың бір қызы бар дегенді ағайын-туған, жекжат оның құлағына құйып, қайталаумен болды. Ақыры дәм жазып, енді сол Зейнелғарап сұлу Алакөл жағасына келін болып түсті.

Қажыболдың қолында анасы Бәтима бар еді. Бұл кезде Сайым да еңбектей бастаған-ды. Отағасысы болса осындағы "Қызыл Балықшы" көпсалалы артелінің мүшесі. Артель балық аулайды, пима басады, қамыс шауып, одан құрылыс материалдарын жасайды, мал ұстайды, май шайқайтын да пункт бар, ұстахана жұмыс істейді, етік тігетін де цех бар, ағаш бұйымдарын да шығарады.

Қажыбол болса, күндіз-түні сол артельдің жұмысында, қайда жұмсаса, сонда барады. Қолынан келмейтін іс жоқ. Сүзгі тартса – балық көп, пима басса – сапасы мықты, мал бақса – төлді де шелді...

Отбасына рең кіріп, еңсені енді тіктей бас-таған кез еді. 1939 жылы олардың тұңғышы Ғалихан туды, 1940 жылы қыздары Күләй дүние есігін ашты, Сайым да қылтиып өсіп келе жатты...




  1. 41-жылғы келіншек

...Қуаныш ұзаққа бармады. 1941 жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталды. Қажыбол Қайыров та өз құрбы-достарымен бірге сол 41 жылдың қыркүйегінде майданға аттанды. Ауылда аңырап, анасы мен жары, шиеттей үш бала қала берді.

Қажыбол сол кеткеннен елге тек Жеңіс туын желбіретіп, 1945 жылдың жазында оралды. Төрт жылғы қиямет-қайымда қатардағы жауынгер алты рет жаралы болыпты, оның екеуінде ес-түсін білмей құлаған. Госпитальда бес ай бойы емделіп, беті бері қараған соң қайта ұрысқа енеді. Қан майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі және І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады, омырауына ондаған медаль тағады, Бас Қолбасшының талай Алғыс хатына ие болады.

Ал тылда майданға кеткен ерінің орнын Зейнелғарап басады. Көп салалы артельдің ендігі белді жұмысшылары сол Зейнелғарап сынды әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалар еді. Қыстыгүні қырық градус аязда қалыңдығы бір метрге дейін жететін көлдің мұзын ойып, балық аулау, сол ұсталған шортан, табан, алабұға, қарабалықты аршып, қақтап, тұздап, кептіріп майданға жөнелту осы Зейнелғарап апалардың міндеті еді. Ел ішінде Зейнекей атанып кеткен осы асыл анамыз сияқты талай қыз-келіншектер белді бекем буып, қысы-жазы көл үстінен шықпайтын. Олар дайындаған балықты әдейі Қостанайдан кейде машинамен, кейде тіпті ұшақпен келіп алып кетіп жататын. Осындағы балық зауытында өңделіп, майданға жіберетін.

Зейнекей анамыз сол кездері өзі аулаған балықтың күйеуі Қажыболдың да ырыздығы болатынын жиі айтады екен.

Ал солдаттың анасы Бәтима әжеміз болса пима басу цехында жұмыс істеп, күн сайын қан майданға жылы пима жөнелтіп жатты. Ол да осындай бір пиманың қыстың қақаған аязында өз баласына тиеріне сенімді еді. Сол бейбақтар қолдары қалт етсе болса жүн шұлық, қолғап, күртеше тоқып, оны да майданға аттандырып жататын.

Үйге келсе кішкене сәбилер үйректің балапанындай алдарынан шүпірлеп шығады. Ене мен келін сол бір көбелектерін бауырына қысып, мауқын басатын, тәубе десетін.

– Ертең-ақ соғыс бітеді, азаматымыз келеді, сәбилеріміз өседі, шат заман орнайды, – деп бірін-бірі ұршық иіріп отырып жұбататын.

Ақыры Зейнелғараптың айтқаны келді. Адамзат тарихындағы ең бір жойқын соғыс, 27 миллион адамды құрбан еткен қанды шайқас Кеңес Армиясының жеңісімен аяқталды. Ел іші ерекше қуанышқа бөленді, омыраулары орден-медальдарға толы арыстар туған ауылдары мен қалаларына оралды. Қырдан көрінген ұзын бойлы жауынгерді бірден таныған Зейнекейдің жүрегі атша тулап шыға келді. Соғыс басталғанда құп-құйттай сәбилер сол соғыс өрті алаулаған төрт жылда үйелмелі-сүйелмелі болып біршама өсіп те қалып еді. Ғалихан да, Күләй да әкені анасының сөзі арқылы ғана біледі. Сәл ересек Сайымның есінде қалғаны әкенің ұзын бойы мен "айналайын" деген жылы сөзі, аялы алақаны.

– Құлындарым, әкелерің келе жатыр, – деді Зейнекей есік алдында келе жатқан бейтаныс ағаға жаутаңдай қараған балапандарына. Сол сол-ақ екен, үлкені Сайым, оған тетелес Ғалихан және төрт-бес жасар Күләй сүріне қабына алға ұмтылсын. Олар ұзын шинелінен оқ-дәрі исі аңқыған ағаның етегіне оралып, еңіреп тұрып жыласын... Ал Зейнекей болса сол тұрған орнында қаққан қазықтай қозғалыссыз қатып қалған еді, өйткені бүкіл буыны босап, жүре алатын түрі жоқ. Енді үйден Бәтима ана шықсын:

– Жалғызым, жапырағым...
3. Ана бақыты – бала
Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Алты рет жаралы болса да жауынгер Қажыбол елге аман оралды. Келді де өзі үйренген жұмысына жегілді. Енді 41 жылғы келіншектер мен бұғанасы қатпаған жас балалардың, жасы келген қарттардың мойны босады.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін Зейнелғарап Қайырова медальмен наградталды. Құдай беріп, 8 ұл, 4 қыздың анасы атанды. Ана даңқы медалін де алды. Бірақ әке мен анаға тағдырдың алға тартқан сыны әлі де көп еді. Сол он екі сәбиінің көпшілігі жап-жас кезінде шетінеп кетті. Бүгіндер сол Сайымы, соғыстың алдында туған Күләйі, соғыстан кейін туған Сәлімі мен Гүлжияны бар.

Қарт солдат Қажыбол Қайыров 1986 жылы, абзал ана Зейнелғарап 1999 жылы дүние салды. Жас келіп, ыңқыл-сыңқыл көбейген сәтте қарттар ұлдары Сәлім мен келіндері Сәбирамен бірге тұрып, олар қайда барса да бірге болды. Кішкене немерелері Айгүл мен Асқарды бақты, мойындарына мінгізіп, аспанға көтеріп, еркелетті. Азды-көпті алған зейнетақыларын сол көздерінің ағы мен қарасындай қос құлынына жұмсады.

Ұлдары мен келіндерінің ел сыйлаған білікті жандар болып қалыптасқанына шүкіршілік айтты. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары , КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полковник Сәлім Қайыров пен оның зайыбы, ұлағатты ұстаз, бүгіндер Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Сәбира Бірмағанбетқызының жолдас-достары да көп еді. Үйге келген әрбір қонақты алақанға салған да сол асыл жандар. Құда-құдағиларын да құдайдай сыйлап өткен де сол Қажыбол аға мен Зейнекей ана еді. Сәбираның анасы Кінәз апа күні бүгінге дейін құдағиының есімін құрметпен атап, оның аруағын қастерлеп жүреді. Ұзақ жылдар бойы облыста басшылық қызмет атқарған, бүгіндер Парламент Мәжілісінің депутаты Бағила Баймағамбетова да Зейнекей апаны өз анасынан кем көрген жоқ. Үнемі өз қызындай еркелеп, реті келгенде сый-сияпатын жасап, алақанға салды. Зейнелғарап апа да сол Бағила құдашасына жан теңгермеді. Үнемі тілеуін тілеп отырғанын өзіміз де талай естідік.

– Қызметің көпшіліктің алдында ғой, қарағым. Ұстамды бол, ақылға сал, асығыс шешім қабылдама, – дейтін жарықтық.

Бағила да сол өсиетке бергісіз тұжырымға сәйкес ғұмыр кешіп, еңбек етіп жүрген аяулы қарындастарымыздың бірі.

Ұл-қызымен бірге тұрған жиырма жылға уақыт бойы ене мен келін сыйластығына да еш сызат түскен жоқ. "Сәбирам" деп ол еркелетті, "анам" деп Сәбира оны аялады.

Бүгіндер тірі болса тоқсанға келер анамыздың үлкен ұлы Сайым Қажыболов зейнеткер, кезінде Әулиекөл ауданы кеңшарларында партия комитеттерінің хатшысы, селолық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болды, үбірлі-шүбірлі, елге сыйлы азамат, Күләй – ұлағатты ұстаз, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, отағасы Атымтай екеуінің ұл-қыздары да азамат болды. Гүлжиянның да өз ортасы, өз отбасы бар, ағалары мен апасын сыйлап жүрген сүйкімді қарындас, сыйлы сіңілі.

Әжелерінің қолында өскен Сәлім мен Сәбираның ұл-қызы Асқар мен Айгүл де асыл жанды ұмытпақ емес, үнемі еске алып, сол бір қимас шақтан есте қалған сәттерді әңгімелеуден жалықпайды. Олардың қызықты әңгімесіне Зейнекей әженің шөбересі Айбота да құлақ асып, "Зейнекей апа менің де әжем" деп таласатынды шығарыпты. Жалпы анамыз 14 немере,16 шөбере көрген жан еді.

"Балалы үй – базар" деген де осы шығар.



АНАМЫЗДАЙ ҚАМҚОР ЕДІ

Ұлағатты ұстаз Панна Александровна Рыбалова

өмір бойы қазақ балаларына білім мен тәрбиенің дәнін екті
Ғажап адам болатын. Нағыз ұстаз еді, қамқор еді, жанашыр еді. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта 1950 жылдан бастап, қашан 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанша, отыз екі жыл бойы табан аудармастан ауылдан келген қазақтың ұл-қыздарына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бірде-бір орысы жоқ қазақ ауылдарынан келген жеткіншектердің орысша мүдірмей сөйлеп, сауатты жазуы үшін жанын салды. Уақытпен санаспады, ұрсу-зеку дегенді білмеді, өзіне ғана жарасатын әдемі жымиысымен әрқайсымыздың жүрегімізге жол тапты. Әр шәкіртіне Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Маяковскийді танытты, арманға жетеледі, арқадан қақты. Алтын ұядан қанат қомдап ұшқан әрбір шәкіртінің кейінгі жолын да мұқият қадағалады. Табысына қуанды, тосылған тұста ақыл-кеңес берді.

Мектепті бұдан 50 жыл бұрын, 1963 жылы бітірген өзіміз де күні бүгінге дейін ол кісінің алдында өзімізді шәкірт санадық. Анда-санда болса да сол аяулы ұстазымызды іздеп барып, алдында есеп бергендей болушы едік. Өмір бойы тұрмысқа шықпай, жақын-жұрағаттарына қамқор болып, солардың қамымен өмір сүрген апайымыз шәкірттерінің бәрін де өз баласындай көруші еді. Кешегі өлара тұста еңбекақы мен зейнетақы айлап қолға тимей жатқанда талай шәкірттері болмашы ғана зейнетақыға қарап қалған ұстазымызға көмек қолын да созды.

Панна Александровнаның шәкірттерінің алды Москва мен Ленинградта, Свердловск пен Челябинскіде оқыды. Қазақ мектебін бітірген түлектер үлкен шаһарда оқуларын орыс тілінде ешбір қиналыссыз-ақ жалғастыра берді. Солардың бәрі бүгіндер ұстаздың шәкірттеріне деген жанкешті еңбегін ерекше сүйіспеншілікпен, ризашылықпен айтады. Ал өзіммен бірге сол 1963 жылы мектеп бітірген отыздан астам ұл-қыздың 14-і бірден Ресейдің Қорған ауыл шаруашылық институтына түсіп, оқып еді. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінде орыс тілінен сабақ берген доцент Клара Біләлова, орыс әдебиетінен сабақ берген профессор Майя Бағызбаева Панна Александровнаның шәкірті маған ерекше ризашылықпен қарады. Тіпті Клара апамыз бірінші семестрде өз сабағынан босатқан да еді. Соның бәрі Рыбалова апайдың жанкешті еңбегінің жемісі еді.

Сол аяулы ұстазымыз да күні кеше дүние салды. Ол өмір бойы еңбек еткен Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директоры Сәбира Қайырова бастаған ұжымы, кезінде Панна Александровнамен бірге қызмет істеген қарт ұстаздар, ондаған шәкірттері талай қазақ ұл-қызының жүрегіне нұр құйып, дастан жазған аяулы ұстазды соңғы сапарға шығарып салды.

Ұстазымыз 1925 жылы осы Қостанайда туған. Кезінде Нальчик қаласында медицина училищесін бітіріп, госпитальда еңбек етеді. Кейін мұғалімдік институт бітіріп, өмірін ұстаздыққа арнайды. Сырттай оқып Челябі педагогика институтын қызыл дипломмен бітіреді. Оған Қазақ КСР-інің және КСРО-ның білім беру ісінің үздігі құрметті атағы беріледі. Ғұмыр бойы қазақ мектебінде қазақтың ұл-қыздарына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, олардың үлкен өмірде жолы болуына өлшеусіз үлес қосады. Олай дейтініміз күні кеше де, тіпті бүгін де орыс тілін жетік біліп, орысша мүдірмей сөйлеп, қатесіз жаза алмасаң – сыңаржақ жансың.

Ал Панна Александровна Рыбалова сияқты ұлы ұстаздың, нағыз интернационалист, Қазақ елінің нағыз патриоты болған тамаша тұлғаның алдын көрген біздер сол аяулы жанға өмір бойы бас иіп өтеміз.


***

"Шәкірт жүрегі ақ қағаз, нағыз ұстаз ғана оған өлмес дастан жазады" деген екен бір ғұлама. Сол сөздің жаны бар. Кез келген жаннан сұраңыз, солардың бәрі де өмірінде өшпес із қалдырған ең болмаса бір ұстазын жыр қылып айтары хақ. Өзіміз үшін де сондай ұлағатты ұстаздарымыз ерекше ыстық. Солардың ішінде биылғы қыста дүние салған Панна Александровна Рыбалованың орны тым бөлек еді.

Ол бүкіл саналы ғұмырында қазақ балаларын оқытты. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ол тұста Ыбырай ата өз қолымен салдырған бұл мектепте қазақ ауылдарынан келген жеткіншектер оқитын. Мектеп-интернат киіндіретін, төрт мезгіл тамағын беретін, ұстаздар мен тәрбиешілер нағыз ата-анаң сияқты қамқорлық жасайтын.

Панна Александровна бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ, бүтіндей қазақтар тұратын ауылдардан келген қарадомалақтардың тілін сындырды, оларды Толстой мен Пушкиннің тілін біліп, орыс әдебиетінің тұңғиығына бойлауға баулыды. Осы жолда ол тамаша табыстарға жетті. Ұстазымыз Қазақстанның және Кеңес Одағының білім беру ісінің үздігі құрметті атақтарына ие болды. Оның ең басты байлығы шәкірттері еді. Абзал жан жақсы оқитын баланы да, оқуға икемі шамалы жеткіншекті де бірдей көрді, бауырына тартты, әрбір шәкірттің бір жақсы қасиетін байқаса, соны дамытуға тырысты. Ұрсу, жеку деген онда мүлдем болмайтын. Өзіне тән ғана әдемі бір жымиысымен бүкіл мәселені оңды шешіп жатушы еді жарықтық. Қайта өзіміздің қазақ апайларымыз, "әй, сен оңбайсың", "сенен адам шықса, мұрнымды кесіп берермін" деп "көрегендік" жасап, дөрекілік көрсетіп жатқанда Панна Александровна апайымыздың мейірімді көзқарасы өз анамызды елестетуші еді. Сондықтан да болар шәкірттерінің бәрі аяулы жанды сыйлап өтті. Оның сабағына ықыласпен қатысып, берілген тапсырмаларды мұқият орындады. Оның алдын көрген ұл мен қыздың орыс тілінен қиналған тұсын көрген жоқпыз. Сол үшін де бүгіндер мыңдаған шәкірттері оның аруағы алдында тағзым етіп, бас иеді.

Осындай көңіл-күйдің көрінісіндей ұлағатты ұстаздың бір топ шәкірттері сол бір қимас жанның қабірі басына ескерткіш белгі қойып, қорымды қоршатты. Өмір бойы тұрмысқа шықпай өзі құлай сүйген қазақ халқының қаракөздерін өз баласымай аялаған апайын зират басына жиналған бұрынғы шәкірттері бір минут үнсіздікпен толқи тұрып еске алды. Қабірінің басына гүл шоқтарын қойды. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, көрнекті педагог Беген Көпешев, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті заң факультетінің аға оқытушысы Ғалихан Мәулетов, сол университет профессоры Қалқаман Жақып, Қостанай педагогика институтыың проректоры, профессор Тілеген Ахметов, еңбек ардагерлері Стахан Еленов, Жәкен Тасмағанбетов, ұлағатты ұстаздар Ләйлә Жаманқұлова, Сайран Әлімғазина және басқалары сол күні мәңгілік сапарға аттанған басқа да ұстаздары Дәулет Ыбыраев, Әукен Молжігітов, Мырзахмет Шайхин және басқа да бақилық жандарды еске алып, құран бағыштады.

ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫ
Қазақ әйелінің ерлігіне, даналығына, көнбістігіне тарихта талай мысалдар бар. Біз әңгіме еткелі отырған Күләш апамыздың тағдыры да сол мысалдар қатарын толықтыра түсері хақ. Неге дейсіз ғой. Айтайық.

Ұлы Отан соғысы басталғанда ол он екіге жаңа толған, әлі оң-солын танып болмаған, тұлымшағы желбіреген қыз еді. Отбасының үлкені де өзі, соңына ерген алты жасар інісі Ахметжан бар. Әкесі Сәмен Жетпісбаев қолына қару алып, Ұлы Отанын қорғауға қан майданға аттанғанда қимас жанды қараша үйден қашан ұзап кеткеніне көз жанары мөлдіреп, шығарып салғаны әлі есінде. Анасы Дәметкеннің жүрегі бір сұмдықты сезген болар. Дауыс сала ағыл-тегіл жылаған. Бала емес пе, тек Ахметжан селт етпеген. Бірақ сәби жүрегі де бұлқына соғып, алысқа ұзай берген әке соңынан телміре қарап қалып еді...

Шығарып салу отағасымен мәңгілік қоштасудың басы екен. Қырғын соғыс жүріп жатқан Сталинград майданына кірген солдат Сәмен кескілескен бір ұрыста шейіт болды. Араға бір жыл салып оның екі бірдей бауыры Ақан мен Камал да Прибалтиканы азат ету жолында ерлікпен қаза тапты. Ауыр қаза қайғысы онсыз да денсаулығы нашар ананы төсекке таңды. Енді ана мен кішкене Ахметжанның бар сүйеніші осы Күләш болды. Тағдырдың бес батпан жүгі оны ерте есейтті, шыңдады, шынықтырды.

Сол бір ауыр жылдары талай отбасыларын қолындағы жалғыз сиыры асырады.Күләш та ала сиырды сауды, өріске шығарды, арбаға жекті. Онымен бірде шөп тасыды, бірде отынға барды, бірде тұзды көлден тұз әкелді, тіпті ауылдан отыз шақырымдай жердегі орманға барып, жеміс-жидек терді...

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл тауқыметін қаршадай қыз қайыспай көтерді. Анасына қамқор, інісіне пана болды. Жас адамның істегені біліне ме, ара-арасында көрші-көлем, ағайын-туғандардың да шаруасын дөңгелетіп жіберетін. Елгезек еді, епті еді, екпінді еді. Оны заманының өзі солай етіп тәрбиеледі.

1949 жылы ел еңсесін көтере бастағанда бойжетіп қалған Күләш Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған жас та жігерлі жігіт Мерғали Кентоновқа тұрмысқа шықты. Жас шаңырақ бақыты да ұзаққа бармады. Бар болғаны жеті жыл ғана отасқан еді. Ішкі істер органында істейтін жас офицер Мерғали қызметтік іссапардан оралып келе жатып, ақ түтек боран астында қалып, адасып, қайғылы қаза тапты. Ол кезде бұл жас отау Федоровка поселкесінде тұратын. Күләш аралары бір жас төрт кішкене сәбиімен зар еңіреп қала берді. Сәбиінің үлкені төртте, кейінгілері үште, екіде, кенжесі енді ғана туған сәби еді.

Қайсар әйел тағдырдың бұл соққысын да қайыспай көтерді. Кішкентайларына тиесілі зейнетақысын рәсімдеп, өзі Федоровкадағы құрылыс-монтаж учаскесіне жұмысқа тұрды. Онда бес жыл бойы үзіліссіз еңбек етіп, кейін аудан орталығындағы диірменге орналасты. Тырысып жүріп, төрт баласын қатарынан кем қылмады. Күләш апамыз сол диірменде қашан зейнеткерлікке шыққан 1982 жылға дейін табан аудармастан тер төкті. Ауладағы малы сол диірменнің кебегін жеді, төрт кішкентайы сол диірмен ұнынан пісірілген ақ бөлкеге тойды. Есейе келе балалары аналарына көмектесу үшін сол зіркілдеп тұрған диірмен маңынан табылатын. Жазғы, қысқы каникул кездерінде де кішкентайлардың беті мен қолы ұн-ұн болып жүретін. Сонысын олар ерекше мақтаныш та тұтатын. Бір жағынан ортақ іске араласып, өздерін үлкен кісілерше сезінсе, екінші жағынан аналарының қолын ұзартқанына қуанышты еді сәбилер. Сөйтіп, олардың бәрі де еңбексүйгіш, көпшіл, қанағатшыл болып өсті. Ана олардың тәлім-тәрбиесін де қалт жібермеді. Нағыз қазақ әйеліне тән даналықпен әр перзентін өздерінің мінез-құлқы, пейіл-ықыласына қарай белгілі бір мамандыққа, белгілі бір бағытқа қарай икемдеді. Соның арқасында, Күләш апаның сол төрт баласы да жоғары білім алды, өз қатарынан қалмай аналарын қуаныш-шаттыққа бөлеп жүр.

Қызы Роза Қарағанды медицина институтын бітірген. Оның жолдасы Серік те дәрігер. Бүгінде Балқаш қаласында еңбек етеді. Олардың өздері немере өсіріп отырған ата мен әже.

Қалған балалары Қостанайда тұрады. Қызы – Люба, ауыл шаруашылық институтын бітірген, коммерциямен айналысады, ұлы Марат пен оның әйелі Сара – дәрігерлер, Марат Қостанай аудандық ауруханасында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, ал кенжесі Серік пен оның жұбайы Ларисаның екі жоғары білімі бар, Серік бизнес саласында істейді, Лариса болса – нотариус.

Күләш апамыз да Қостанайда тұрмысқа қолайлы жеке пәтерде тұрады. Құдайға шүкір, өзінің жетпіс жасына қарамастан тың, сыйлы, әлі де баяғынша бала-келіндерінің, немере-жиендердің, ағайын-туғандардың қамқоры. Ана жалғыз тұрады десек те, оның үйінен кісі арылмайды, бала-келіндері де үнемі осында, кішкентайлар да әжелерін іздеп келеді. Келіндер үйін жинайды, балалары аналарының тоңазытқышын әртүрлі дәмге толтырып қояды. Жылқы етін ұнататын аналарына балалары жаздың жалпағында тай сойып әкеліпті. Әрине, бүкіл малдың еті емес, бірақ кейуана келген кісілеріне қазы-қартаны іздеп жатпайды, өз тоңазытқышынан алып, аса береді. Жылқы етінің иісі бұрқ ете қалады. Қою шай демделеді. Әңгіме жарасым табады. Талай тауқыметті бастан кешкен ана жадырайды, төңірегіне шуақ шашады, шүкіршілік айтады.

Күләш апамыздың үйінде телефон бар. Баратын жерге немересі Ерлан өз көлігімен жеткізіп тастайды, қайтарда алып келеді. "Менің жеке жүргізушім – Ерланым" деп немересінің мерейін де көтеріп қояды әже. Кейде балаларымен ақылдасып, демалыс орнына аттанады. Ондайда бүкіл әулет жиналып ананы алыс сапарға дайындайды. Бірақ шипажай қанша жақсы болғанмен, үнемі үйіне асығып тұрады. Өйткені, оның бар қызығы, қуанышы – өсіп, өнген ұрпағы...

Ал әкелері соғысқа аттанғанда алты жаста қалған жалғыз інісі Ахметжан да айтулы азамат болды, ұзақ жылдар ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп, полковник шенімен зейнеткерлікке шықты. Жалғыз апа дегенде оның да, оның жұбайы Зүбәйданың да жаны жоқ...





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет