Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет5/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

МӨП-МӨЛДІР ДҮНИЕ
Қыздарға жазған хаттардан
1.Әнияшқа хат
Әнияш! Бала жастан бірге өсіп, өзіңе тілектес, ниеттес болып жүрген пенделердің бірі Аманғали болса, екіншісі, бәлкім, мен шығармын. Бұл тұжырымды құр сөз, құрғақ пәлсапа деп қабылдама. Жалпы тіршілікте біздің қазақ халқы өз қыздарын гүлге теңеген. Сондай гүлдің бірі өзіңсің. Күн болмаса, жер болмаса, су болмаса гүл өспейді, Ата-ана, тілектес жора-жолдас, ағайын-туған, көз қырын салатын бозбала болмаса қыз да өспейді. Өсуін өсер, бірақ ұнжырғасы түсіп, аяғы майысып, жұртқа тік қарай алмай, мысы басылып қалыптасады. Ондай адамдар біздің қазақта бар, бәлкім, бола да беретін шығар, бірақ, құдайға шүкір, сен оған жатпайсың.

Өткенде Құндыздайдың үйінде бір рулы елді басқарып, әркімнің көңілін тауып, томпиып тұрған бозбалаларды қатарға қосып, намысын шыңдаған адам сенсің, Әнияш!

Сондай сәтте базардан алып келген азды-көпті дәміміз, шөл басатын сусынымыз бар біздер өзіңе ерекше елтіп, тәнті болған едік-ау...

Біздің ұлтымызға біткен ерекше ұяң мінез бе, әлде қызды марапаттап жатудың өзі қалай болады деген ата-анадан сіңген бір қасиет пе, бәріміз де өзіңнің аузыңа қарап, енді не айтар екен, енді не істер екен деп абыр-сабыр күйде қалғанымыз шындық.



Аманғали, Есентай және мен мектептен кейін Рудныйда, үлкен өндіріс орнында жұмыс жасап жатқанда сенің әдейі бізді іздеп талай келгенің есімде, жұмысшы, еңбекақы алады деген атымыз болмаса, өзіңе ықылас білдіріп, сол кезде қыз-жігіттердің бәрі барып жататын ресторандар мен кафелерге де бас сұғып, шіреніп отырмағандығымыз шындық. Соның бәрін елемей, кейде өз қалтаңды қағып, біздің көңілімізді көтеріп тастайтының есімде.

Ол кезде сенде де қандай пұл болсын, марқұм Бәтес апамыз жалғыз қызым, қуанышым да, бүкіл ғұмырым да өзіңсің, Әнияш, деп үлде мен бүлдеге бөлеп қойғанын, сенің әкең, біздің де әкеміз, Құл ақсақалдың сені тұрмысқа шыққанша арқасына салып, маңдайынан сипап, ерекше бір перизаттай қылып өсіргенін біз білген жоқпыз. Біз үшін ең бастысы сен сияқты досымыз, сен сияқты сырласымыз, мұңдасымыз, сен сияқты нәзік те ақылды жанның ортамызда болуы ерекше қуаныш еді.

Содан Аманғали екеуің тұрмыс құрып, тойға шақырдың. Ол кезде думандатып, алыстағы, жақындағы туыстарды, байы бар, кедейі бар жолдас-жораларды үлкен бір ғимаратқа жинап, салдыр-гүлдір саз ойнатып, сөз сөйлейтін адамдардың аузына микрофон ұсынып, абыр-сабыр болып жатпаушы едік-ау.

Қыстың күні осы Қостанайда, шағын үйде пеш жағылып, плита үстінде ет қайнап жатты. Қалындыққа лайық көйлек киген сен еттің көбігін алып, келген қонақтарды күтіп алып, құрақ ұшып қарсы алып жүрдің. Аманғали болса, екі езуі екі құлағында, үлкен бір мәселені тындырып тастағандай мәз-мәйрам.

Ол кезде де біз де өзіңе ұқсаған бір кіршіксіз таза, болашаққа деген сенімі зор бір перизатпен тілектес едік. Той дәмінен ауыз тидік, тілегімізді айттық.

Сол тілектің, өзіңнің ұстамды да, салмақты мінезіңнің арқасында ма, кейін сендерді біз мақтан тұта бастадық. Кейіннен Ләззат атты қызымыз туды. Сол сәбиді әлі күнге дейін мен төліміздің басы, жаңа өмірдің көшбасы деп танимын. Сол Ләззатымыз де бүгін өз алдына отау тікті, ана болды, әке-шешесін ғана емес, өздеріңмен бірге өскен жолдас-жораларды ерекше сыйлап, құрметтеп тұратын, өзіміздің бір сыйлы қызымызға, күйеу баламыз өзіміздің алысқа жұмсап, қиынға салар інімізге айналды. Сенің немерелерің анда-санда кездесе қалғанда емін-еркін еркелеп, алдымызда отырып мәз-мәйрам болатын болды.

Ерланың, сенің ұлыңды айтамын, аумаған өзің ғой. Сендер, Аманғали мен Әнияш, біреудің жер үйін жалдап тұрғанда туған батыр ғой, біздер, сендердің қатар өскен құрбы-құрдастарың, жан-жақтан галстук байлап, біразымыз үйленіп, өзімізше адам болып, мәртебеміз өсіп келгенде сол алақандай үйде талай бас қостық қой. Онда кейбіреуіміздің жалымыз күдірие бастаған, сызылып, сылтау айтуға да машықтанып қалған шақ. Дәм-тұзға бата беріп, енді тұрып, киім-кешегімізді киіп жатырмыз. Үш-төрт жастағы Ерлан да қонақтар келгеніне мәз, келген кейбір қыз-келіншектер Ерланға деп болмашы болса да сыйлық берген шығар.

Бәріміз де бала болғанбыз, бәріміз бірақ дана бола бермеспіз, бірақ сол бір кеште шекесі торсықтай, әке-шешесінен аумаған Ерлан балапанның жүріс-тұрысына, өзіңе ұқсаған мінезіне, Әнияш, ерекше тәнті болған адамның бірі өзім едім. Сол көбелек, ойын баласы емес пе, қонақтар шыға бастағанда кереует астында өзінше бір ғалам жасап, қонақтар әкелген ойыншықтарымен ойнап жатқан-ды. Сенің, Аманғали екеуіңнің, достар мен жолдастарың қайтуға жинала бастағанда, сол сәби:

Папа, тут еще есть, демесі бар ма.

Сәбидің сөзі сүйкімді. Өзі кереует астынан шыға алмай жатыр. Бірақ кіп-кішкене қолдарымен бір шыны арақ көрсетіп тұр. Мұңдайда жиырма үш-жиырма бестегі қыз-келіншектер де, жігіттер де қалай үнсіз қалсын:

– Сәбидің тілегі үшін, – деді Тұрсынбай.

Азамат екен, – деді Дияс.

– Қошқар қоятын қошақаным ғой бұл, – дедім мен.

Құрметті Әнияш! Сол Ерлан ер жетіп, әскер қатарындағы міндетін өтеп, Алматы политехника институтына түсіп, әкесі сияқты сымбатты да, байсалды азамат болды.

Бірде өз келіншегім Мәрзия жұмыстан кейін үйге ентіге кірді.

Не болды?

Әнияш сені іздеп жатыр.

Не мәселе?

Сөздің ұзын-ырғасын айтпай-ақ қояйын, сол кешегі сәби Ерлан үйленетін болыпты. Қалыңдығы Алматы медицина институтын бітіргелі тұр екен. Құдалыққа ағайын-туғандарды қолқаламайық, олардың басқа да ырым-дәстүрі бар ғой. Ерланның құдалығына мүмкіндік тауып, өзі жүрсін, депті,

Қиналдым, таңертең келіп, кешке кететін жұмыс бар. Жамбыл облысы Шу ауданы дегенің де жердің түбі – құдалар сонда тұрады екен. Бірақ тәуекелге бел буып, қызметтен алға сенбі-жексенбіні салып мұрсат алып, тартып-ақ кетейін.

– Алыстан келген қонақ екенсіздер, – деді болашақ құдамыз Қуанышбай біз таңғы сағат төртте есігінің алдында болғанда.

– Төрлетіңіздер, – деді болашақ құдағиымыз Сәуле.

Өзіміз қатарлы жандар екен, үй-іші жинақы, тұрмыстары құдайға шүкір. Қазақы дәстүрге басып, келген шаруамызды айтып жатырмыз ғой баяғы.

– Балапандар аман болсын, – деді үлкен бір қария.

Құдалық рәсімі сонымен бітті. Қалғаны қазақы қонақ-жай әуенге жалғасты.

Жиналған жұрт екі жасқа тілек-ықыластарын білдіріп жатыр...

...Сөйтіп, Гүлжанымыз, қызымыз, ошағыңа келін болып түсті. Қалалық ауруханада дәрігер болып жұмыс істей бастады.

Уақыт деген құдірет бар. Сол уақыт кешегі бозбала мені де, кешегі бойжеткен сені де біраз жерге апарып тастады. Сол уақыттың соққысы, сосын өзіміздің салдыр-салақтығымыз, кейде бір аққұла ақкөңілдігіміз денсаулықты шытынатады. Оның маған да қатысы бар. Аурухананың тар төсегінде жатып, табаны күректей бір ай ем қабылдағанымды білесің ғой. Аманғали екеуің талай келіп арқамнан қағып, маңдайдан сипап кеткендерің ешқашан ұмытылмас. Бірақ менің айтайын деп отырғаным ол емес, сол ауруханада дәрігер болып қызмет атқарып жүрген Гүлжан келінің (қазақы ұғымда солай болған соң айтып отырмын, әйтпесе қызың деген сөз ауызға оралып отыр. С. М.) таңертең де, түсте де, үйге кетейін деп жатқан кеште де:



Аға, халыңыз қалай? деп ерекше бір биязы, ибалы қалыппен ықылас білдіріп жататын еді.

Жақсымын, Гүлжаным, дейтінмін.

Ол өзіне тән ерекше сүйкімді мінезімен:



Бірақ сізге темекі шегуге болмайды аға, дейді.

Тағы не істеуге болмайды, кіп-кішкене дәрігер, деймін мен.

Қалғанын аға, өзіңіз де білесіз ғой, дейді ол.

Мен күлемін, Ол да жымияды. Меңдеген дерт сейіледі, көңілің көтеріледі, өмір сүргің келеді, болашаққа сеніммен қарайсың.

Әнияш, құдайға шүкір, үш балаң Ләззатың, Ерланың, Айгүлің өсіп-өніп, ата-анасына кір келтірмей болашаққа бастап барады. Соларды көріп, сен де, сенімен бірге өскен басқалар да марқаяды. Ең бастысы еліміз аман, болашаққа деген сенім нық болсын.
2. Орынкүлге хат
Орынкүл! Сенімен танысып, жеңгелеп жүргенімізге де жиырма бес жылдай уақыт өтіпті. Сол ширек ғасырдай ғұмыр ішінде сенің тарапыңнан кейбір қазақ әйелдеріндей біреуді сыртынан ғайбаттап, өсек айтып жатқаныңды көрген де, естіген де жоқпын. Қайта кейбір құрбы-жолдас, абысын-ажын гөй-гөйлеп құрыққа сырық жалғап «өтірікті шындап, шынды құдай ұрғандай» қылып жатқанда соларға тоқтау айтып, жел сөзге мән бермей, ұстамдылық танытатын да өзіңсің. Кейде сабырлы да салиқалы мінезіңмен, пәтуалы сөзіңмен араағайындық жасап, бір-біріне қырын қарап, қырғи-қабақ болған дос-жарандар мен ағайын-туғанды бітімшілікке шақырып, үлкен бір мәмілегерлік жұмыс атқарып тастайтының да шындық.

Сондай бір жанашырлық мінезің Аманкелді сияқты қазақы ауданда туып, тәрбие алып, тіліміз бен дінімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды жетік білуің сенің мерейіңді де өсіре түскендей. Жолдас-жораларыңның өзіңе деген ерекше ықылас-ниеті де соның арқасы, содан кейін сенің жолдасың біздің досымыз Бақытжанның іскерлігі, бірсөздігі, адалдығы деп білеміз. Соған орай болса керек, өзіңе, сіздердің отбасыңа талай сәлем жолдап, бата-ықыласын жолдап жатқан үлкен мен кішіні талай көрдім, Орынкүл!

Қазақта «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал бар. Жалпы біздің ұлтымыздың кез-келген мақалы мен мәтелі керемет құдірет, тұнық пәлсәпа, данышпандық тұжырым ғой. Мұны айтып отырғаным, бұдан екі-үш жыл бұрын отбасыңда ерекше қайғы болды. Тапатал түсте кездейсоқ бір машина қаланың дәл ортасында сенің отағасың, біздің досымыз Бақытжанды қағып кетті. Әуелі құдай, содан кейін балаларың, Талғат пен Гүлшаттың, ағайын-туғанның көз жасы болар, бас сүйегі сынып, жамбас шытынап, көкірегі сығылған сол Бақытжан табаны күректей бірнеше ай ауруханада ессіз-түссіз жатса да сауығып, отбасына келді. Қазір шүкіршілік, еңбек етіп, өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңа бас-көз болып, ортамызда жайраңдап жүр.

Жайраңдап жүр деген сөзімнің астарында да мән бар. Бәз-біреулерге күнің түсіп, өтініш жасай қалсаң қолынан келсе, келмесе де сан сылтау айтып, меселеңді қайтарып, сағыңды сындыратыны бар ғой. Өткенде аяқ астынан жол жүруге тура келді. Автобустардың шалғайдағы ауылға бара бермейтінін білесің. Барса да оны сөткелеп күтесің. Тығыз шаруа, туысқандық парыз байыз тапқызбай жаныңды күйзелтеді. Жегіп жүре беретін машинаң жоқ. Не істеу керек? Қолы ұзындау деген бірер жолдас-жораға қолқа салайын. Реті келмеді: не өзі жоқ, не машинасы сынық, не уақыты тар. Амалсыз Бақытжанды жағалайын. Телефон шалып, жұмысымды айтайын.



Не сөз бар, қазір-ақ жүріп кетеміз, деді. Сөйткенше болмай-ақ «Жигулиін» есігімнің алдына тіреп қойды. Өзің де бірге келіп, күйзелген көңілді көтеріп, дем беріп, қазақы дәстүрмен тілек-ықылас білдіріп едің-ау сонда. Сонда ойлағанмын: басқа бір әйел болса, науқасынан әлі арыла қоймаған күйеуін аямаса да, машинасын аяп, немесе оған кетер бензин шығынын есептеп, түлкібұлаңға салар еді, сылтау тауып сытылып кетер еді. Бірақ сен оған бармадың. Өйткені сенің де, Бақытжанның да табиғаты сол, қол ұшын беруге, жұртқа жақсылық жасауға дайын тұрасыңдар. Қазіргідей қиыншылық заманда мұндай қасиет ерекше дараланып көрінеді екен.

Бәлкім, біреулер соны да сөз етіп отырғаны несі, болмашы бір дүние емес пе дер. Рас, күнделікті өмірде кездесе беретін жайт, бірақ қысылғанды қолтықтан демеу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейді.

Тауың шағылып, мысың басылады. Бір атым насыбайдан қалатын көңілің құлазиды. Оны өзің де білесің, Орынкүл. Бақытжан ауруханада ес-түссіз жатқанда басын сүйеп, күндіз-түні өзіңмен бірге ержетіп қалған ұлың Талғат отырды ғой. Ол ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген. Перзенттік парызын өтеп, әкесінің аузына су тамызып, көрпесін қымтап, жастығын жөндеп, дамыл таппады. Сабақ бетіне қалды. Емтиханға да бара алмады. Сонда мәселенің мәнісіне бармай бір пысықайлар сол Талғатты оқудан шығарып жіберсін. Онсыз да айдарынан жел есіп тұрмаған отбасына, сендерге, тағы бір қайғы жабысты. Соны сезіп, мән-жайды айтайық, түсінер деп, апаларың қаладағы білікті дәрігер Қымбат екеуміз сол институтқа барайық. Обалы не керек, проректор тыңдады. Талғат оқитын факультеттің деканына телефон шалды. Бардық. Деканның орынбасары қабылдады.

Қазір ойласам, сонда текке барған екенмін. Сөз түсінер, мәселеге терең бойлар деген зиялы жан бет қаратпай қайдағы-жайдағыны айтып сызданды, креслосын сықырлатты. Заңға жүгінді, тіпті «қазақ балалары оқуға шорқақ» деп тұжырым да жасап тастады.

Бірақ Талғатың жарады. Тапсырмаған емтихандарын қоярда қоймай жүріп тапсырды, қайтадан институтқа оралды. Бәлкім, сонда сөз түсініп, мәселеге терең бойлап, парасаттылық танытса – көңіл де көтеріліп қалар еді-ау. Аспандағы айды алып бер деген ешкім жоқ, қиын бір жағдайды түсінер деген ғана пейіл еді. Шіркін, сол бір атым насыбайдан қалатын көңіл-ай десеңші!

Орынкүл! Осы кішкене Гүлшатымызды туарда сен қиналып жүрдің. Дәрігерлер де жүрек сызаты бар, қалай болады деп алаңдаса керек. «Талғатым жалғыз өспесін, жанында бір серігі болсын» деп тәуекелге бел буғаның біздің есімізде.

Әйелдер босанатын үйден кіп-кішкене Гүлшатыңды алып келгенде сен, сенің отбасың түгіл біз де ерекше бір қуанышта едік. Бірақ сенің жүзіңнен кірбің байқалды.

– Не болды?

– Жүрегім сыздап отыр.

Мәселенің мәнісі мынада екен. Өзіңмен бірге бір палатада жатқан жап-жас қазақ қызы сазандай ұл туып, өз қанынан өзі жеріп тастап кетеді. «Бауырым, сіңілім, мұның не, сәбидің жазығы не, ойлан, ақылға сал» деген сенің аналық сөзіңе құлақ аспай, кердең басып кетіп қалады.



Сен осы уақиғаны әлі күнге дейін ерекше бір қинала еске алып жүресің. «Әттең сол сәбиді Гүлшатыммен бірге үйге неге алып келмедім» деп қиналғаныңды да талай естідік.

Орынкүл, қазір тастанды балалар көбейіп бара жатыр ма, қалай. Өткенде бір деректерге көз жүгіртсем, жаным түршікті. Егер 1992 жылы Қостанай қаласында ғана 96 сәби тірі жетім атанса, былтыр сондай жәудір көздер саны 166 болыпты. Көңілге бір медет, соның 150-і бір перзентке зар болған отбасылардың қуанышы мен көз нұрына айналыпты. Қалғандары балалар үйінен қоныс теуіпті.

Бір жанға жара салар жайт, сол ботақандарды дүниеге әкелген «аналардың» біразы өзіміздің қара көз қарындастарымыз екен. «Аналар» деген сөзім үшін кешірім өтінемін. Ондайларды ана деуге болмайды. Ана ұлы ұғым, ол сенің мына мөп-мөлдір дүниедегі ең асылың, ең қимасың. Әрбір перзент анасы алдында, тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, ақ сүтін беріп аялап, алақанға салып, мәпелеп өсірген, жарық дүние сыйлаған асыл адам алдында қарыздар болуға тиіс. Сол анасының атына кір келтірмей, өле-өлгенше оны аялап етуге тиіс. Құдайға шүкір, біздің қазақта ондай адамдар аз емес қой. Соның бірі сенсің, сенің өз анаңа деген ерекше ықылас-бейілің бізге де мәлім. Сенің өз балаларыңның да саған деген махаббаты мөлдір, таза, тұнық.

Аналар аман, балалар бауырымызда болсын, Орынкүл.
3. Шәрбәнуға хат
Шәрбәну! Әсем астанада кездесіп, сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетінде бірге оқыдық. Журналистика факультетінде жігіттер басым, қыздар үшеу ғана еді. Соның бірі өзің. Сара мен Мағира бар. Қолымызға диплом алып, жан-жаққа кеткенмен сол бір тамаша студенттік күндер ұмытылмайды. Құдайға шүкір, үш қызымыз, үшеуің де, қазақ журналистикасына шама-шарқынша үлес қосып жүрсіңдер, үшеуің де талай кітап жаздыңдар. Жазушылар одағына мүше болдыңдар.

Бірақ әйел адамға тән бақытқа, қуанышқа кенеле алдыңдар ма? Сара мен Мағира шығармашылық жолға түсіп, тұрмыс, тіршілік мәселесін күйттемеді. Сенің студенттік шақта қосылған қосағың біздің досымыз Сағаттың да өмірі қысқа болды. Уақытының өтіп бара жатқанын білген шығар, үнемі асығулы еді ол. Арманшыл еді. Тындырамын деген істері ұшан-теңіз-ді. «Лениншіл жас» газетінде, авторлық құқықты қорғау комитетінде істеп жүргенде де, кейін республикалық телерадио комитетінің төрағасы болып жүргенде де талай сырласып, пікірлескенім бар. Сағаттың ұйымдастырған «Қарыз бен парыз» атты телехабарлар циклін көріп, тыңдағандар оны ешқашан ұмытпас. Оның әдебиет сыншысы ретіндегі еңбектерінің де орны ерекше. Біз, өзіміз, оңаша қалғанда қазақтың Белинскийі өзіңсің, Сағат, деп жатушы едік... Қайдан білейін, көз тиді ме...

Сол Сағатың бір сәтте-ақ ауырмай-сырқамай артына Дәурені мен Мәуленін, өзіңді, Шәрбәну, тастап, мәңгілікке аттанып кетті.

Иә, мәңгілікке. Олай дейтінім, ол артына өшпес із қалдырды. Кітаптары шықты, ол жүргізген телехабарлар алтын қазынамызға қосылды. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, қабырының басында мәрмәр ескерткіш бар.

Алматыда өзіңді әдейі іздеп барып Сағаттың аруағына бағыштап бірер ауыз тілек айтқаным бар. Сонда сенің:

– Бұлай өле берсе, қазақта азамат қала ма? – деп боздағаның есімде.

Шәрбәну! Сонда мен де арқаңнан қағып, «құдайға шүкір, ғой, Сағат болмаса да оның көздері Дәуренің мен Мәуленің бар, өткенге – салауат» деген тәрізді пейіл білдіргем.

Бірақ өмірдің тағы бір қиын-қыстауы, ерекше бір қайғы-қасіреттің алдан шығарын мен де, өзің де білген жоқсың. Сенің екі ұлыңның бірі, Сағаттың көзінің ағы мен қарасындай қос құлыншағының бірі, біздің де баламыз, сені аңыратып, біздің де қабырғамызды қайыстырып кенеттен үзілді де кетті.

Ана үшін Шәрбәну, бұдан артық қайғы бар ма? Көңіл-күйіңді, күйзелісіңді түсінемін. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ, не істеуге болады, біздікі тек соңдай бір ауыр қасірет-қайғыға ортақтасу, көңіл білдіру ғана...

– Сағат марқұм мені ерекше сыйлаушы еді, – дедің өткенде бір тілдескенде, – бірақ мен оны сыйлап, құрметтеп, ықылас-ниетімді көрсете алдым ба, жоқ па – білмеймін. Сағат өмір бойы қасымда болатындай көріп едім. Қайран, өмір-ай, – дедің.

Олай күйзелме, Шәрбәну! Бір адамның адал жары өзіңдей ғана болсын. Бір адамның асыл жары Сағаттай-ақ болсын. Сағат марқұм анда-санда кездесе қалғанда елпілдеп, үйіне бастайтын. Сылтау-себепке бет қаратпайтын.

– Үйге кіріп, Шәрбәнудың қолынан бір кесе шәй ішіп шығу міндет, – деп салмақ та салатын.

Бәріміз де уақыттың перзентіміз, Шәрбәну. Бәлкім Сағатың ақын-жазушыларға тән мінезді болса, бәлкім, көңілжықпастықпен реті келіп қалғанда, тіпті келмей жатқанда да біреудің көңілін қалдырмайын деп стақан соғыстырып жатса, кенетген үзіліп кеткеңде бәз біреулер «е, солай еді ғой» деуі мүмкін еді. Сағатты білемін ғой, өзі ауыз тимесе де өзгелер көңілді болсын деп құрақ ұшып, елпілдеп, жайылатын төсек, жастанатын жастық болуға ыңғайланып тұрушы еді-ау. Шіркін-ай дерсің, Казақстан Республикасы Журналистер одағының сьезінде Атыраудан Айтқали, Қостанайдан мен барғанда Сағатың мен Нұрлан (қазір «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы ғой) қояр да қоймай жүріп, ретін тауып сыр ағытуға мұрындық болып еді. Бәлкім, біреулер мұны неге айтады дер. Бірақ мен оны айтып отырғаным жоқ, менің айтайын дегенім көңіл, ықылас, сыйлыстық. Сол сыйлыстықтың шырайын шығардық па, сол сыйлыстыққа өзіміз тұрамыз ба, соны да бір пайымдап көрсек қайтеді.



Ойланысайық, Шәрбәну, сенің де қазіргі жүгің жеңіл емес. Сағат сияқты азаматтың жары болу, енді оның аруағын, ағайын-туғандарын сыйлап, құрметтеу, өзің үшін, ұлың үшін ерекше дара жол табу оңай шаруа емес.

Бірақ бұл ретте де мен қазақ қыздарының ерекше көнбістігі мен парасаттылығына арқа сүйеймін, соған үміт артамын. Кейде қазақ болып туғаныма, қазақтың бір қызына жар болғаныма шүкіршілік етемін.

Сағат өмірден өткенімен оның көзін көрген, дәмдес-тұздас болған жандар баршылық. Негізі бастық адам жұрттың бәріне жаға бермейді. Оған сын да, мін де көп. Бірақ Сағатты өз ұжымы ерекше құрметтейді. Кейде тіпті науқастанып қалған бір қызметкеріне таптырмайтын бір дәрені өзі іздеп, беделін салып, жүріс-тұрысқа ерінбей әкеп бергенін де жыр қылып айтады. Бәріміз де ұжым мүшесіміз, үлкен-кішіміз бар, бәріміз де адамбыз, бәріміз де пендеміз. Басшы адам тек талап қана қоюшы емес, ол әрбір пенденің ішкі жан дүниесіне мұқият үңілуші, түсінуші, қолдаушы болуы керек деймін өзім. Оның қабілет ашып, қиынға салып, сынап, мінеп отыру да басшылықтың үлкен бір тармағы. Оны өзің де білесің. «Қазақстан әйелдері» журналы басшыларының бірі ретінде басыңнан күнделікті кешіріп жүрген жайт.

Сен, Шәрбәну, Сағатпен бірге талай мәртебелі үйден дәм таттың, талай маңдайымызға біткен марқасқалармен қатар отырып, соларға қызмет те жасадың. Бірақ қандай қошамет, марапат естісең де сен сол баяғы Шәрбәну болып қала бердің, бәз біреулердей қымбат киім, жылтырақ әшекейге қызықпадың. Тіпті сенің қас-қабағың мен ерніңе бадырайтып опа-далап жағып жүргенің де есімде жоқ. Сондықтан да ма, әлде қазақ қызының табиғи қалпынан ба, сен біз үшін ерекше сұлу, ерекше инабатты, ерекше нәзік жансың.

Жалпы нәзіктік кімге болса да жарасады. Бірақ нәзіктік ол жалпақшешейлік, босбелбеулік емес. Нәзік адам мықты да бола біледі. Сенің мықтылығың да сол нәзіктікте. Нәзіктігің де сол мықтылығыңда жатыр.

Өмір болған соң өлім де болады. Бірақ өлімнің де өлімі бар. Асарын асап, жасарын жасап, аттанып кеткен жанның не арманы бар. Сенің қайғың ерекше Сағаттың да, енді-енді азамат болып қалыптасып келе жатқан ұлың Дәурен де мезгілсіз кетті. Қайғы-қасірет саған түсті. Бірақ біз не көрмеген халықпыз, қазақ әйелдері не көрмеген пенделер. Қандай қайғыны да қара нардай көтерген Қамар мен Баянның ұрпағысың сен. «Болған іске болаттай бол» депті ғой аталарымыз. Тас түйін бол, болашаққа қара, ініміз-үмітіміз бар, кім біледі, жұмақта тыныстаған әкесі мен бауырының өмірін сол жалғастырар, өзіңе де, өзгемізге де сол қуаныш-бақыт сыйлар. Солай болады да. Соған сенгім келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет