ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРАСҚАН
Жәлел мен Бағытай Сұлтанғазиндер
өмірінен бір үзік сыр
Уақыт, шіркін, жүйрік. Осы Жәкең мен Бағытай жеңгейдің қол ұстасып, үлкен өмірге бірге аттанғаны кеше ғана сияқты еді. Содан бері елу жыл уақыт зулап өте шығыпты. Енді балалары мен немерелері әке-шешесі және ата-әжесінің алтын тойын өткізу қамымен зыр жүгіріп жүр.
1." Қалыңдықты әкем таңдап еді"
Жәлел жастайынан пысық, өнерге құштар, баяғының сал-серілеріне ұқсаған жан еді. Қайда той, қайда думан болса өзі әнші, өзі күйші, реті келгенде бірер шумақ өлең шығаруға да кет әрі емес жас жігіт сол думанды ортадан табылатын. Ел іші – алтын бесік, не көп – той көп, өнерлі жігітті ешкім де шет қақпайды, қайта құшақ жая қарсы алып, төрге оздырады...
Ұлының бұл селтеңі әкесі Сұлтанғазы ақсақалға ұнамайды. Өктем әке:
– Ертең құдалыққа барам, мына Ахметтің бой жетіп отырған үріп ауызға салғандай Бағытай атты қызы бар. Өзі сұлу, өзі ақылды. Құдай жазса, сол қарағымды келін қылып түсірем. Қиқаңды қойып, тәубеңе кел. Мына қартайған әке-шешеңе қызық көрсет, немере сүйдір. Жасың болса он тоғызға келді. Біз сенің жасыңда... – деп ұзын-сонар әңгімені сабақтады.
Бағытайдың есімін естігінде жас жігіттің жүзіне нұр ойнап шыға келді. Талайларды тамсандырған қас сұлу, "қыр мұрын, қыпша бел, солқылдар соқса желдің" нақ өзі. Осындағы талай бозбаланың арманы болған Бағытай.
Ақыры әке айтқанын істеді. Құда түсіп, баласының тойын жасап, осыдан дәл елу жыл бұрын Жәлелі мен келінін отау қылып шығарып, ақ батасын берді.
Бұл кезде Жәлел де, ата-анасы да Ресейдің Қорған облысы Звериноголовск ауданында тұратын. Үйлену оңай, үй болу қиын. Соны ұққан Жәлел екі қолға бір жұмыс деп сиыр да бақты, қой да бақты, қандай да болса ауыр жұмыстан бас тартпады. Тұрмыстары да жаман емес еді. Бірақ туған жердің құдіреті тартты да тұрды.
2. "Елім менің – Есмырза"
Есмырза – Ұзынкөл ауданындағы шағын ғана ауыл. Туып-өскен, ата-бабаларының бейқуат тұрмыс кешкен ыстық мекені. 1958 жылы Жәлел үлбіреген жап-жас келіншегін қолтықтап сол алтын ұяға келді. Бұл тың көтеру науқанының қызып тұрған шағы еді. Ауылға механизатор керек. Жас жігіт тракторшылық курсты тәмамдап, темір тұлпарды ерттеп мінді. Озат атанды. Сондықтан да болар Тың өлкесінің астанасы Целиноград қаласында өткен тың көтерушілердің бүкілодақтық бірінші слетіне делегат болып қатысты.
Комсомол жұмыстарына жегілді. Елге сыйлы азаматтардың бірі болды. Тумысында ұйымдастыру қабілеті күшті жасты енді басшылар бөлімше басқарушылығына жіберді. 17 жыл бойы Жекең әртүрлі бөлімшелердің тізгінін ұстап, өзін ауыл шаруашылық өндірісінің білгірі ретінде танытты.
Бірақ білімі жағынан ақсап жатқанын ол іштей сезетін. Сондықтан да болар алдымен Қостанай ауыл шаруашылық техникумын, кейін ауыл шаруашылық институтың сырттай оқып, тәмамдады. Ғалым-агроном мамандығын алып шыққан оны 1977 жылы бүгінгі Меңдіқара ауданы "Қаратал" кеңшарының бас агрономы етіп тағайындады.
Ол да бір естен кетпес, өмірінде ерекше із калдырған белес еді. Кеңшар директоры Өлеңді Мәмбетов, бас зоотехник Орал Таңжарықов, партком хатшысы Сағымбай Ақышев сияқты қайраткер азаматтармен бірге "Қараталдың" даңқын асырған уақыт еді ол.
Шіркін, Қараталдың табиғатын айтсайшы. Ауылдың дәл жанынан Тобыл өзені ағып жатыр. Өзеннің, арғы беті – Ресей. Қарағай, терегі аралас орман, шөбі белуардан келетін шабындық, түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы топырақ. Алтын күзде жайқалып өскен егін ортасында көңілі шат, сенімі мол осы Жәкеңді журналистік қызмет бабымен "Қараталға" барғанда талай көргенмін, талай тілдескенмін. Бағытай жеңгейдің берекелі дастарқанынан дәм де таттық. Сөздің майын тамызатын Жәкеңнің талай әңгімесін тыңдадық. Бас маман шаруашылықты өркендету, егіншілік мәдениетін жоғарылату жөнінен келелі ой түйетін. Адамға жуық еді, жолыққан жанмен тез тіл табысатын. Бір көрген, өзіне ұнаған, ықыласын аударған жанды дос көріп өтетін. Сондықтан да болар Жәкеңнің достары да көп еді, үйінде дастарқаны да жиналмайтын. Осы шаңыраққа бақ болып кірген Бағытайдың ашық-жарқын мінезі мен Жәкеңнің жайдары жүзі тілеулес жандарды өзіне еріксіз тартып тұратын.
Жарастық бар жерде жасампаздық бар. Жәкең енді қызмет баспалдықтарымен жоғары өрлей берді. Кезінде атағы алысқа кеткен Л.Брежнев атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы, Ұзынкөл ауданындағы Чапаев атындағы кеңшардың директоры, элеватор директоры болып жемісті еңбек етті. Абыройсыз болған жоқ, сый-сыяпат та көрді, елінің алғысына да бөленді. Тіпті 1998 жылы зейнеткерлікке шыққанмен күні кешелерге дейін жұмыстан қол үзбеді, біреуге ақылымен, біреуге тәжірибесімен көмек қолын созды.
3. "Бар байлығым – балаларым"
Бұл сөзді Жәкең жиі айта қоймайды, бірақ Бағытай жеңгеміз қайталаудан жалықпайды. Өйткені құдай берген бес баланы тәрбиелеп, қатарға қосуда оның еңбегі ерекше. Ат үстінде жүрген азаматы жұмысқа таң атпай кетіп, қас қарая келетін, тетелес туған "тентектердің" тәрбиесі, ас-суы, киім-кешегі, оқып-тоқуы осы Бағытайдың билігінде еді.
Бүгіндер сол бес бала ер жетіп, жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауып, ата-анасын қуанышқа бөлеп отыр. 1957 жылы туған тұңғыштары Әнуарбек Астанада тұрады, лауазымды қызмет атқарады, үлкен ғалым, экономика ғылымының докторы, екінші ұлы Манарбектің де екі жоғары білімі бар, агроном, заңгер, Қостанайда еңбек етеді, қызы Гүлнәр Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметте, биология ғылымының кандидаты, одан кейінгі Гүлбануы Ресей-Қазақстан университетінің аға оқытушысы, филолог, кенжелері Зәмзәгүл экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі облыстық департаменттің бөлім бастығы, экономист.
Ал енді балаларының қабілет-машығына қарай мамандық алуына бағыт-бағдар берген де сол Бағытай еді. Ана жүрегі сезімтал, өзінің әр перзентінің жүрек қылын дөп басып, оның ойындағысын айтпай-ақ ұға қоятын. Мамандығы бухгалтер жеңгеміз көбіне-көп үйде, осы бес баласының тілеуін тілеп, отағасысының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасаған, ағайын-туғанға қамқор болып, көмек қолын созған жан. Енді бүгіндер сол ұл-қыздарынан туған немере-жиендерінің тілекшісі, панасы болып отыр. Әйел бақыты деген де осы шығар...
КІТАП ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ПАТШАЙЫМЫ
Гүлжамерия Қазина туралы әңгіме
Бұдан он шақты жыл бұрын Л.Н.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасы директорының сол кездегі орынбасары осы Гүлжамерия қарындасымның телефон соғып, өтініш айтқаны есте қалыпты. Дәл сол кезде Алматыдағы «Алатау – Болашақ» баспасынан менің «Мөп-мөлдір дүние» атты деректі кітабым жарық көрген болатын. Сол кітапқа енген туындылардың біразы мұның алдында қалалық «Қостанай» газетінде жарияланған еді. Гүлжамерия соларды оқып, іштей риза болып жүреді екен. Енді сол жазбаларымның кітап болып шығуына орай құтты болсын айтып, өзінің өтінішін де білдірді.
– Сол кітаптың жиырма бес данасын сатып алып, кітапхана қорына қоссақ деген ойымыз бар, – деді.
– Жарайды, ертең-ақ жеткізіп беремін, ықыласыңызға ризамын, – деп өзімнің де пейіл-ықыласымды білдірдім.
Бұл туынды ерекше егіліп, бар бітім-болмысыммен беріліп жазған, өзіме де тым ыстық дүние еді. Соны дөп басып, дәл аңғарған кітапханашы қарындасыма іштей риза болдым.
Содан кейін кітапхана өткізген әртүрлі үлкенді-кішілі шараларға ден қойып, Гүлжамерия қарындасымның қайраткерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне риза болып жүретін едім.
Күні кеше ғана оған Қазақстан Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» атағы берілгенде бұл қуанышты хабарды барынша ризашылық сезіммен қабылдаған жандардың бірі де өзім едім.
Кітапханашы қарындас мұндай ілтипатқа қалай жетті? Енді сол туралы бірер сөз айта кетейік.
Гүлжамерия Ғалиасқарқызы Л.Толстой атындағы облыстық кітапханаға 1982 жылы келіп, осы жерде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Жұмысын ұйымдастыру бөлімінде бастады да, 1988 жылы абонементтер бөліміне ауысты. Осы бөлімде жұмыс істеген жылдары оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен көпшілікке арналған іс-шараларды жүргізе білетін өнері жарқырай көрінді. Қазақ және орыс тілдерін толық меңгерген, ауыз-екі тілге шешен, нағыз көшбасшы жандардың бірі.
1991 жылы Г.Казинаның бастамасымен және оның табандылығының арқасында кітапханада қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімі ашылды. Бөлімнің алдына қойылған негізгі міндет – студенттер мен оқытушыларды қазақ тіліндегі әдебиеттермен қамтамасыз ету және қазақ тілін үйренгісі келгендерге қолдау көрсетіп, жәрдем жасау болды. Бұған дейін кітапхана ісінің қыр-сырын меңгеріп үлгерген Гүлжамерия Ғалиасқарқызына жаңа бөлімді басқару жүктелді. Жұмысының алғашқы күндерінен-ақ ол барлық қолда бар әдебиеттерді жинақтауды, каталогтар мен картотекаларды құрастыруды және халықтың салт-дәстүрлерін насихаттай отырып қайта жаңғыртуды қолға алды. Ол кезде қазіргі уақытта ауыздан түспейтін «пиар», «жарнама» деген ұғымдарды екінің бірі әлі естімеген де болатын. Гүлжамерия Ғалиасқарқызы аталған ұғымдарды өз жұмысында қолданған алғашқы адам болды. БАҚ-пен тұрақты байланыс орнату үшін қыруар күш жұмсауға тура келді, алайда төккен тер текке кетпей, жергілікті теледидар мен газеттердің арқасында бөлімде өткізілген әрбір шара қала өмірінің ұмытылмас күндеріне айналып, кітапхана тарихындағы елеулі оқиға ретінде сақталып қалды. БАҚ бөлімде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлардың жүйелі түрде шығып тұруы кітапхана беделінің күннен-күнге арта түсуіне оң ықпал етті.
1997 жылы Гүлжамерия Ғалиасқарқызына бұдан да күрделі жұмыс тапсырылды, ол директордың кітапхана істері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Өзгеге ғана емес, бірінші кезекте өзіне талап қоя білетін ол, жаңа лауазымға лайықты болу үшін жаңа білім қажет деп шешеді. 1998 жылы Гүлжамерия Ғалиасқарқызы Мәскеу өнер, мәдениет және туризм академиясына оқуға түсіп, оны 2000 жылы жемісті аяқтап шықты.
Директордың кітапхана істері жөніндегі орынбасары болып істеген сегіз жылы ішінде кітапхана ісін дамыту жолында бойындағы білімін, күш-жігерін және жинаған тәжірибесін аяп қалған жоқ. Еңбек жолындағы алғашқы күндерінен-ақ Гүлжамерия Ғалиасқарқызы өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында облыс кітапханашыларының сүйіспеншілігіне ие болды. Гүлжамерия Ғалиасқарқызының бастамасымен қазақ тілінде семинарлар өткізіле бастады және «Қазіргі кездегі ауылдардың әлеуметтік-мәдени дамуындағы ауыл кітапханасының рөлі» (2003-2005 ж.ж.) атты облыстық көшпелі семинарлар мен байқаулар циклі жасалынды.
Кітапханада істеген жылдары жинақтаған мол тәжірибе Г.Ғ.Казинаға 2005 жылдың аяғында директор болып тағайындалуына мүмкіндік берді. Директорлық лауазымда Гүлжамерия өзінің шығармашылық жаңа ойлары мен жоспарларын жүзеге асырып келеді. 2008 жылы Г.Ғ.Казинаның бастамасымен «Электронды кітапхана – халықаралық серіктестік. Ресейлік-қазақстандық «Шекарадағы кездесу» жобасы» атты респубикалық семинар өткізілді. Ол «Жыл кітапханашысы» (2009 ж., 2011 ж.) облыстық байқауының, «Үздік ауылдық кітапхана» (2010 ж.) облыстық сынақ-байқауының, облыстық көшпелі семинарлардың, Қостанай облысы кітапханаларының тарихына қатысты материалдарды іздестіру және жинақтауды жүргізу жұмыстарының қолдаушысы және ұйымдастырушысы болып табылады. Гүлжамерия Ғалиасқарқызы көптеген республикалық семинарларға, Қырым – 2006, ИФЛА – 2009 және 2010 халықаралық конференцияларына қатысып қайтты. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы (2001 ж.) және М.Шолохов атындағы «Адамгершілігі үшін» (2004 ж.) медальдарымен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен (2007 ж.) марапатталған.
– Гүлжамерия Ғалиасқарқызы өз ісіне шын берілген адам, жоғары кәсіби шеберлігі үшін әріптестерінің алдында зор беделге ие. Ол үнемі кітапхана ісінің жаңа жолдарын іздестіру үстінде. Гүлжамерия Ғалиасқарқызы кітапхана ісі саласындағы білімімен ғана емес, сондай-ақ әдебиет, өнер және музыка саласындағы білімімен де ерекшеленеді.
Гүлжамерия Ғалиасқарқызы дарынды басшы, ол жаңа шығармашылық жетістіктерге жету жолында бірлесе жұмыс істей алатын ұжым қалыптастыра алды, – дейді оның әріптестері.
Әрине, бұл басшыға берілген жоғары баға. Ал кітапхана директоры оған әбден лайық адам.
Кітапханашы қарындастарымыз шуақты шаңырақтың ұйытқысы, ағайын-туған, жек-жаттың қамқор-тілекшісі.
– Гүлжамерия қарындасымыз кітап патшалығының нағыз патшайымы ғой, – дейді кеше ғана осы мәдениет ошағында өзінің «Ғарыш – қазақ» атты кітабының тұсаукесерін өткізген Алаштың ақжал ақыны Серік Тұрғынбекұлы.
Аузы дуалы ақынның бұл тауып айтқан сөзіне өзіміз де қол қоюға дайынбыз.
МЕРУЕРТ ДЕСЕ МЕРУЕРТ
Ол қырық жыл бойы осы «Қостанай таңының»
ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қарындасымыз
Меруерт Қалаусызова
Иә, қаршадай ғана сары қыздың қара шаңырақтың қасиетті табалдырығын алғаш аттағанына да қырық жылдан астам уақыт болыпты. Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатты бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алысымен облыстық газет редакциясына келген жасты сол кездегі бас редактор Бақытжан аға Жангисин жылы қабылдап, әкелік ақылын айтып, корректорлық қызметке кабылдап еді.
– Корректорлық – газеттегі ең бір жауапты жүмыс. Сауаттылықты, мұқияттылықты, ең бастысы жауапкершілікті талап етеді. Осы қызметті мінсіз атқарып жүрген Нәдия Сафина, Айткүл Атымтаева апаларыңнан үйрен, солардың ақыл-кеңесін тыңда, – деді басшы.
Бала жастан тиянақтылықты ту еткен Меруерт жаңа кәсіпті бірден игеріп, аз уақыт ішінде-ақ редакцияның өз адамы болып шыға келді.
Содан бері де қырық жылдан астам уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы кезеңде Меруерт редакция жұмысына қатысты басқа да мамандықтарды игерді. Жазу машинкасының құлағында ойнады, техникалық хатшы, хат тіркеуші болды, кейін компьютер техникасын да жетік меңгеріп алды. Журналистер жазған мақалаларды маржандай тізіп ә дегенше компьютерде басып бере қою – ол үшін түк емес. Тіпті редакцияның штабы – секретариаттағы қызметкерлер үлгіре алмай жатса орысша келген мәтінді бірден компьютерге басып, қолды ұзартады. Және оның аудармасынан мін табу қиын, өйткені зерек жан күнделікті газет-журналдарды үзбей оқып, орысша тіркестердің қазақша баламаларына бала жастан көз үйреткен.
Тіпті осы редакция ардагерлері Хамит Жансарин, Қасымхан Алдабергенов ағалары кітаптарының колжазбасын да компьютерде теріп, корректурасын жүргізіп, дискетке орап берген де осы Меруерт. Іссапарда, жол үстінде, үнемі қарбаласта жүретін журналистің тіпті уақыт өте келе қолтаңбасы да өзгеріп кетеді екен. Бірақ қырық жыл бойы қасымызда жүрген Меруерт әрбір журналистің қолтаңбасын бірден таниды, қолтаңбасын ғана емес, жазу стилін, сөз саптау мәнерін де біледі, соған орай оның қолынан шыққан материалда еш қате болмайды.
Өз басым журналистік, жазушылық тағдырымда қырық жыл бойы қасымда Меруерт сияқты көмекшім, бойына қазақ қыздарына тән барлық асыл қасиеттерді дарытқан қарындасымның болғанына тәнтімін.
Әкесі Сағымжаннан ерте айырылған Меруерт өмір бойы анасы Жәмилә Нұржанкызын алақанға салып, аялап күтті. Мезгілсіз жазылмас науқасқа шалдыққан асыл ананың көңіліне кірбің түсірмеді. Мына жалған тіршіліктегі басқа қызықтардың бәрінен де бас тартып, бүкіл ғұмырын тек қана ананы әлпештеуге арнады, кейуана қашан соңғы демі біткенше осы қызының мейірім-шуағына шомылды.
Меруерттің өзімен бірге туған бауырларына деген ықылас-пейілі ерекше-тін. 49 мүшел жасында қайтыс болған ағасы Болатты, 53 жасында дүние салған бауыры Сәулені күні бүгінге дейін естен шығарған емес. Алыста тұратын апасы Мәуе мен сіңілісі Зәуреш десе ішкен асын жерге қояды. Сол бауырларынан туған жиендері Бибігүл, Назгүл, Нұрланды осы Қостанайға алдырып, өзінің үйінен орын беріп, оқуға түсіріп, жоғары білім алуына қамқорлық жасаған да осы Меруерт. Бүгіндер Бибігүл – тарихшы, Назгүл Ахмет Байтұрсынов атындағы университет түлегі, аудармашы, Нұрлан – жоғары білімді мал дәрігері.
Осы қара шаңырақ – «Қостанай таңында» әр жылдары Мәрияш Дөңасарова, Зәбира Бекмағамбетова, Майра Аппазова, Ақбота Бопина, Ырысты Есмолдина, Сұлушаш Хасенова, Нәписа Омарова және басқа қыз-келіншектер жемісті еңбек етті, солардың бәрі Меруертті іш тартты, жақсы көрді, сыйлады, құрметтеді.
Редакция басшылығында болған Бақытжан Жангисин ағасынан бастап, Сержан Үсенов, Салық Молдахметов, Бақытжан Нұрмұхамедов, Ғұмар Ахметчин ағалары да редакцияның алтын қазықтарының бірі аяулы қызға ерекше құрметпен қарады. Кезінде Меруерт Қалаусызова Қостанай облысы әкімі сыйлығының лауреаты болды, облыс әкімінің Грамотасымен марапатталды.
Биыл облыстық «Қостанай таңы» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толғалы отыр. Соның қырық жылынан астам уақытта осы қара шаңырақтың қасиетін арттыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан ең әдемі қызымыз – Меруертке мың жаса дейміз.
Осы «Қостанай таңының» атасы, қайран, Би-ағаң «Шұғаның белгісі» әңгімесінде өз кейіпкеріне деген шынайы ықыласын «Шұға десе Шұға еді- ау» деп білдірген еді. Біз де сөзімізді «Меруерт десе Меруерт қой» деп аяқтағалы отырмыз.
ӨМІРДІҢ МӘНІН ҰҚҚАН
Ұлағатты ұстаз Ерен Дүйсекқызы туралы сөз
Ұлы Қазан төңкерісінің 14 жылдық мерекесін тойлап жатқан күн еді. Бүкіл ауыл қуаныш құшағында болатын. Мектеп оқушылары қолдарына қызыл жалаулар алып, көшеге шыққан. Осы Ақсуат ауылының үлкен-кішісі шат-шадыман көңілмен Кеңес үкіметінің ең ұлық мерекесін тойлауға кіріскен. Осындай қуанышты сәтте ауылдың атпал азаматы Дүйсектің үйінде көптен күткен сәби дүниеге келді. Еркін елдің ерен қуанышы үстінде тіршілік есігін ашқан қызына ата-ана Ерен деп ат қойды. Сол Ерен ерке қылығымен, биязы мінезімен үлкен-кішінің сүйіктісі атанды. Ауылдағы мектептің 7 сыныбын бітірген соң ұлағатты ұстаз Спандияр Көбеев атасы өзі қолымен жетектеп апарып, Меңдіқара педагогика училищесіне түсірді.
– Бізге қазір білімді ұстаздар ауадай қажет, оқы, балам, – деп батасын берді.
Ерен де училищедегі уақытын босқа жібермей ізденіс танытты, оқу орнын аяқтаған соң Қостанай мұғалімдер институтына түсіп, биология және химия пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Содан өзінің туған ауылына оралып, еңбек жолын бастады. Одан жол Төлеңгіт ауылына түсті. Мұнда да мектепте мұғалім болып, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие берді.
Ауылдың ауызға іліккен азаматы Кәріммен көңіл қосып, отбасын құрды. Өмірге перзенттері келді. Бүгіндер Ұлтуғаны мен Үміті, Сағындығы өз ошақтарының отын маздатқан. Әттең, жалындап тұрған жас жігіт, балаларының әкесі, аяулы жары Кәрім ерте дүние салды. Ұзынкөл ауданындағы Ново-Покров селолық кеңесінің төрағасы еді ол. Ерен де осындағы орыс мектебінде география пәнінен сабақ беретін.
Содан Ерен апамыз үш сәбиін жетектеп туған ауылына келіп, осындағы мектепте тоғыз жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі болып мінсіз қызмет етті. Ауылдағы мектеп тоғыз жылдық, балалар болса, өсіп қалды, солардың тағдырын ойлаған ол Қостанайға қоныс аударып, осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта ұстаздық етті. Ұжымға, шәкірттеріне сыйлы болды. Оқу ісінің үздігі, әдіскер-мұғалім атақтарына ие болды. Бұдан дәл жиырма жыл бұрын апамыз 60 жасқа толғанда сол мектеп ұжымы тәжірибелі ұстазды алақанға салып, той жасап, ұлықтады. Сол мәслихатқа қатысқан адам ретінде айтайын, талай беделді аға-апаларымыз бен іні-қарындастарымыз тамаша ұстаз, абзал ана Ерен Дүйсекқызын көкке көтерді, оның ұстаздық, тәрбиешілік, қайраткерлік қасиеттерін баса айтты.
Бүгіндер балалары өсті, өркен жайды, Ұлтуған да Үміт те, Сағындық та қазіргі заман талабын дөп басып, кәсіпкерлікпен айналысады. Сағындықтан туған немерелері Саят пен Шыңғыстың әжелері десе жаны жоқ, шөбересі Әбукәрім де сонау алыстағы Ақтаудан телефон соғып, хат-хабар жазып, хабарласып жатады. Шәкірттері де ұлағатты ұстазды іздеп жатады. Қарт ана өсіп-өнген ұрпағын көріп, ел аузында жүрген шәкірттерін көріп, соған марқаяды. Сондай жақсы да жадыраңқы қалыппен сексеннің сеңгіріне шыққанын да байқамай қалыпты.
Жасай беріңіз, жаны жайсаң, өнегесі ерен, Ерен апа!
ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ...
Гүлжауһар жеңгей туралы өзім ес білгелі ешбір адамның аузынан жаман сөз естіп көрмеген-ақ шығармын. Тіпті сот алақандай Ақсат түгіл маңайдағы Қаратал, Көктерек, Шиелі, Ақсирақ ауылдарында да:
– Шіркін, ол келіннің, несін айтасың, – деп риза болған талай жандарды көрдік.
Жеңгеміз аңда-саңда тиіп-қашып совхоз жұмысына қол ұшын бергені болмаса, үнемі үйі-іші тіршілігімен өткен кісі. Қолында тоқсаннан асқан атасы, сексеннен шыққан енесі болды. Нұрыш аға ауылдағы сыйлы адамдардың бірі, бүкіл өмір бойы мал технигі болып жұмыс істеді, талай рет селолық, аудандық Кеңестердің депутаты болып сайланды. Қызмет бабымен жоғарылату жөнінде де талай ұсыныстар болды. Бірақ Нұрекең:
– Әркім өз орнында жұмыс істеуі керек, менің орным осы, – деп келіспейтін. Әлдекімдердей Гүлжауһар жеңгей де мазаламайтын «өзің білесің ғой» дейтін де қоятын.
Шағын ауылға келген өкіл дейсің бе, өзге дейсің бе – бәрі ең алдымен Нұрыш ағаға жолығатын. Жыл сайын ауысып жатқан бөлімше басқарушысынан гөрі шаруаның қыр-сырына сол жетік-ті. Және негізінен мал бағатын бөлімшеде мал технигі де үлкен тұлға, оның үстіне осындағы депутаттық топтың төрағасы. Келген қонақ ас-суды да осы үйден, Гүлжауһар жеңгейдің ақ дастарқанынан ішетін. Қолы берекелі, қазан-ошағы таза, көңілі жайдары жанның ықыласына риза болған мейман үй-ішімен достасып аттанатын. Сондықтан да болар бұл үйдің қонақ-қопсысы да көп-ақ еді. Сарысамауыр есік алдында үнемі екі иінінен дем алып, бұрқырап тұратын.
Ата мен әже де, ұл мен қыз да қонақжай, кісіге жуық, ағайын-туғанға мейірбан-ды.
Ата ауырып, төсек тартып қалғанда да, әженің ыңқыл-сыңқылы көбейіп, міндеті кісіде болғанда да Гүлжауһар жеңгей сол ақжарқын күйінен танған жоқ. Қарттарын алақанға салып күтті.
– Марқұмдар келіндерін ауыздарынан тастамай өтті-ау бұл жалғаннан, – деп отыратын ауылдастары.
Қазір бұл дүниеде Нұрекең де, Гүлжауһар жеңгей де жоқ. Артында тұяғы қалды, олардың көзін көрген, аралас-құралас болған ауылдастары қалды. Бәрінің де есінен сол Гүлжауһар кетер емес.
– Ол марқұмның несін айтасың, алысқа да, жақынға да қамқор бола білген, бір елді уыздай ұйытқан келін еді ғой, – деп еді бірде жетпіске жеткен Ардақты ана Мәймуна.
Рас, қазақ ауылында келінге сын көп. Бірақ елі ақыл-парасаты, мінез- құлқы, іс-әрекеті арқылы баурап алған келіндерін үнемі қадірлеп, қастерлеп ұстаған. Ақ сақалды қариялардан бастап, тәй-тәй басқан сәбиге дейін ондай жандарға деген ықылас-ниеті ерекше... Соның бір дәлелі осы Гүлжауһар Ерментаева жеңгей еді.
Бірақ екінің бірі, егіздің сыңары сол Гүлжауһардай бола бере ме? Бас шайқауға тура келеді. Таяуда Қарасу ауданында болғандағы мына бір жайт есімнен шығар емес.
– Қартайғанда қайғы жұтып, жалғыз қалам деп кім ойлаған, шырағым. Жеткен жерім осы болды, төрімнен көрім жақын қалғанда үкіметтің тар төсегінде сартап болып жатқаныма да жарты жылдан асты-ау... Әкетіп бара жатқан ауру да жоқ, менікі – кәрілік, қайғы...
Сексеннің сеңгіріне шықкан шүйкедей ғана кемпір кемсең қағады. Өзегі өртеніп аһ ұрады. Балалар мен келіндерден күдер үзген. Бұрын да адуын келіндер күн көрсетпей, бір-біріне итермелеп, талай ағайын-туғанды сағалаған, айлап-жылдап жатып, амалсыздан үйіне оралатын. Арада бірер жеті өтер-өтпесте үйі-ішінің от-майданы қайта басталып, кемпір бүкшең қағатын. Жуас балалар да жүнжіп біткен, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйелдеріне басу айтуға дәрмен жоқ, салы суға кеткен бір мүсәпір.
– Біз қайтейік, әбден жауласып алды, – деп күмілжиді. – Апамның өзінде де бар, – деп келіншектері жағына шығады.
– Осы Үкілі әже жастай жесір қалды. Бауырына басқан ұлдарын көрінгенге көзтүрткі еткісі келмей қара шаңырақтың түтінін түтете берді. «Балаларым өседі, үй болады, немере-шөберелерімнің ортасында әлі-ақ тартқан бейнет көрген түстей ұмыт болады» деп қиялдайтын кейуана. Обалы не, әуелгі кезде солай болды. Жас келіндер «әжелеп» құрақ ұшты. «Тәй-тәй әжеміз» деп бал тілді немерелер былдыр қақты. Жарасты-ақ еді.
Бірақ араға жылдар салып келіндердің тілі шықты. «Өзім би, өзім төс» болып қалған ене де илікпеді. Басу айтқан балаларға да құлақ қояр ешкім болмады. Үй-іші қырғи қабақ, күнде ұрыс, күнде жанжал.
Уақыт өтеді. Ұл ер жетеді, қыз бой жетеді. Үйлену, тұрмысқа шығу да табиғат заңы. Бірі келін, бірі күйеу атанады. Келін түсірген ата-ана мәз, бір баласы екеу болып, өрісі кеңейеді. Қыз ұзатқан үй де шат, алтын асықтай бой жеткені теңін тауып, үлкен өмірге қадам басты. Құда-құдағилар да мәре-сәре...
Бірақ кейде қуаныш ұзаққа бармайтыны бар. Ене мен келін келіспей ыдыс-аяқ сылдырлайды, кеше ғана сүйіп қосылған екі жас тіл табыса алмай, ырың-жырың басталады. Үй-ішінің от-майданы ағайын-туған, жек-жаттары, құда-құдағилардың да құтын қашырады.
Ал отбасының жарастығы көбіне-көп сол келінге де байланысты десек, қате болмас. Жан-жағына нұр шашып, ата мен ененің көңілін тауып, кешірімпаз болып, қосағына қолдау білдірініп, жақсысын асырып, жаманын жасырып жүрсе – құт-береке де дарымай ма? «Өзім би, өзім төс» деп кеуде қағып, кемпір-шалдың екі аяғын бір етікке тығып, сүйіп қосылған жарының бойынан сан кемшілік тауып, мұрын шүйіру – кімге опа береді?
Қайта әйел заты, қазақ келіні, үйдің тұтқасы, береке-құттың ұйытқысы болуы керек қой. Қалай десек те отбасының сәні де салтанаты да сол келін ғой. «Ой-хой, шіркін, қазақтың келіндері!» деп шырқайтынымыз да сондықтан емес пе?
Бірақ келіннің де келіні бар ғой, туысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |