Терминдік мағына - ғылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласындағы «таза» ұғымдармен сәйкес келіп, соларды білдірумен шектеледі. Әр терминге тән дара және тұрақты мағына болып табылады. Мысалы: күмбез (терминдік мағына) – «биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін, көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы». Ал лексикалық мағынасы «үлкен құрылыстың әшекейленген шаңырақ тәрізді төбесі, мұнара» Екі мағынаның арасындағы семалық белгілердің ұқсастықтары (сыртқы форма ұқсастығы) негізінде бір лексема екі түрлі ұғымды иемденіп тұр.
Сөздердің стилистикалық қызметінен туатын мағыналарына көркем әдебиеттегі поэтикалық мағына ұштасып жатады. Халықтық тілде бір-бірімен қиыспайтын сөздерден жаңа тіркестер, сөздің үйреншікті мағынасын бейнелеп, поэтикалық көтеріңкі сипатта қолдану көркем әдебиетте жиі кездеседі. Содан барып поэтикалық мағына қалыптасады. Поэтикалық мағына – троп, фигуралардың түрлері сияқты поэтикалық тәсілдерді қолдану арқылы сөздің айрықша көтеріңкі айтылуынан туатын мағынасы: ине шаншар жер болмау, аспанды алақандай, жерді тебіңгідей ету, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |