«Жанр», «жанрлық әртүрлілік» ұғымдары
Қазіргі әдебиеттану ғылымында «жанр» термині кем дегенде үш түрлі мағынада қолданылады.
Біріншіден, «әдебиеттің тектері мағынасында» қолданылады. Л.И.Тимофеев былай деп жазады: «Жанр» француз тілінен аударғанда тек деген мағынаны білдіреді. Біз бұдан былай екі термин қолданамыз: жанр (тек мағынасыда) және жанрлық түр (түр мағынасында). Себебі түрдің ішінара жанрға бөлінуі артық» [4, 344]. Бұл пікірді ғалым
Қ.Жұмалиев те қостайды: «…жалпы көркем әдебиетті эпос, лирика, драма деп үш топқа жіктеуге болады. Бұлай жіктеушілікті әдебиеттің тегіне қарап бөлушілік деп атайды. Ғылыми зерттеулерде әдебиет тектерін жанр деп атайды. Бұрын да, кейін де «әдебиеттің тектері» деудің орнына «жанр» дейтін. Эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. Дұрысының өзі де осы. Профессор Л.Тимофеев пен Н.Венгровтар: «әдебиет тегін жанр деп атау дұрысырақ», – дейді. Біз де осы пікірге қосыламыз. Сондықтан бұл кітапта әдебиеттің тегі мен әдеби жанр деген терминдер бір ұғымда қолданылады. Кейбір әдебиетшілер «жанр» деген терминді әдебиеттің тегіне емес, түріне қолданайық дегенді ұсынып жүр. Бірақ бұл, бізше дұрыс емес. Біріншіден, жанр ғасырлар бойы әдебиеттің тегі мағынасында қолданылып келді. Екінші, тіл мамандары, француз тілінде бұл сөздің ең дәл мағынасы тек, ал «түр» қосалқы ұғымда айтылатындығын растайды» [5, 224]. Қазақ әдебиеті энциклопедиясындағы З.Ахметовтың да берген анықтамасы осы пікірлерге саяды: «Орныққан жүйе бойынша әдеби шығармалар негізінен үш топқа бөлініп, жіктеледі: эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. …әдебиет дамуына байланысты жанрлық түрлер үнемі толысып жаңа сипат алып, молыға түседі. ХХ ғасырда эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты түрлері кеңінен қанат жайып, өркендеді, драмалық жанр дамыды, жазба поэзияға тән жанрлық түрлер пайда болды» [6, 250-251]. Екіншіден, «жанр» ұғымы әдеби түр деген мағынаны білдіреді. А.Квятковскийдің «Поэтикалық сөздігінде» «жанр» осы мәнде түсіндіріледі: «Жанр (французша – тек, түр) орыс поэтикасында жанр деген сөзбен бір текке жататын әдеби шығармалардың белгілі бір түрі белгіленеді».
Үшіншіден, «әдеби түрлердің ішінара бөлінуі «жанр» деп атау да кездеседі. «Біздіңше, «тек» деп бейнелеу тәсілдерін (эпикалық, лирикалық, драмалық) атап, ал «түр» ретінде эпикалық, лирикалық, драмалық тектердің белгілі бір түрлері (роман, ода, комедия), ал «жанр» деп әдеби түрлердің өзара жіктелуін (тарихи роман, сатиралық поэма) атаған дұрыс сияқты» [7, 213], – деген пікір де таралған.
Дәлірек айтқанда, жоғарыда келтірілген үш анықтаманың екіншісі шындыққа жанасымды, яғни жанр – әдеби тектің түрі, «әдеби түрдің» синонимі. Біз зерттеу жұмысымызда да «жанрды» «әдеби түр» мағынасында қолданатын боламыз.
Жанрды осы тұрғыдан анықтау кең тараған түсінік қана емес, сонымен бірге берік тарихи дәстүрлерге сүйенеді. Ал «жанр» терминнің бұдан басқа анықтамалары сыни көзқарасты қажет ететін сияқты. Алдымен, «жанр» терминін түрішілік категория ретінде қабылдау, бір жағынан, бұл ұғымның мағынасын тарылтып, этимологиялық мәнін бұзса, екінші жағынан, терминдердің орнын ауыстыруға алып келеді. Ал «жанрды» әдеби тек ретінде түсінуге ешқандай негіз жоқ. Сонымен бірге тектің түрлерін анықтауға кедергі жасайды.
Сонымен, поэтиканың бұл саласында аталмыш ұғымдардың келесі типологиялық сипаттары айқындалады: тек (эпос, лирика, драма); жанр (эпопея, роман, повесть, трагедия); жанрлық түр (тарихи роман, лирикалық повесть, сатиралық поэма және т.б.). Бұл анықтамалар белгілі бір мөлшерде тарихи дәстүрлерді де, этимологияны да, әдеби ойдың қозғалысын да, әдеби тенденцияларды ескеруден туған.
Жанр туралы ғылымның ауқымына енетін төмендегідей мәселелерді атап көрсетуге болады: тек пен жанрдың ара қатысы, әдеби тектер мен жанрлардың типологиясы. Аталған міндеттердің оңтайлы шешілуі жанрдың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі жанрологияда осы мәселені шешудің әр түрлі жолдары қарастырылады.
Сонымен, Жанр – деп әрбір әдеби тектің іштей жіктелетін мазмұндық формаларын айтады. «Түр» және «жанр» терминдері синоним ретінде қолданылады, ал жанрдың бөлшектік бөлінуі жанрлық әртүрлілік деп аталады.
Әдеби жанрларда форма мазмұндылығы мейлінше толық ашылады, өйткені жанр – формальдық қасиеттер мен белгілердің толықтай ұйымдасуы. Жанр шығарма құрылымындағы жалпы, тұрақты, қайталанып отыратын сипаттарды жинақтайды. М.Бахтин жанрды бейнелі түрде «өнердің жады» деп атады және жанрларда (әдеби және ауызша сөйлеудегі) ғасырлар бойы олардың дүниенің белгілі бір жақтарын көру мен пайымдауының формалары жинақталатынын айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |