Әдеби жанрлардың модернизациясы мен өзгеруіне себеп болатын факторлар
Жанр үнемі дамып, түлеп отырады. Әр жанр әдеби түр ретінде туып, даму барысында өз басынан өзгерістерді кешіреді: пайда болады, дамиды, кейде жоғалады. Ю.Н.Тынянов «дайын жанрлардың» болмайтынын, олардың әрқайсысы дәуірден дәуірге ауысу барысында маңызды мәнге ие болып, негізгі назарға іліксе, кейде, керісінше, кейінге қарай ысырылады, басқасына орын береді немесе тіпті мүлде жоғалып кетуі мүмкін екенін жазады [8, 27].
Жанр ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр, мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің әлі де бір ізге түсе қоймағанын көрсетеді. Классицизм тұсында жанрларды жіктеу айқын болса, модернистік әдебиет тұсында Батыс Еуропада кейбір жанрлардың құлдырауына байланысты жанрлық жіктеуді жоққа шығаратын көзқарастар да кездесті. Кез келген жанрдың өзінің өрістеу, өркендеу, құлдырау кезеңдері бар. Кейбір жанрлар белгілі бір тарихи дәуірлерде өркендеп, дамыса, кейбірі жоғалып отырды. Мысалы, классицизм тұсында – ода, трагедия, комедия, романтизм дәуірінде – драма, лирикалық поэзия, новелла, роман жанрлары қарқын алды. ХІХ ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінде поэзия жанрлары басымдық танытса, ХХ ғасыр басында роман жанры туды. Кейбір жанрлар дәуірге сәйкес түрін өзгертіп, жаңа сипат алып отырды. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы қазақ романында фольклордың әсері айқын болса, ХХІ ғасырда роман сюжеттік, композициялық тұрғыда күрделеніп, трансформацияға ұшырады. Соның нәтижесінде, роман-эссе, роман-миф т.б. пайда болды.
Даму, өсу, өзгеру әрбір жанрға тән заңдылық. Ол туралы академик-жазушы З.Қабдолов жанр мәселесіне «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбегінде талдау береді: «Tapихи кезеңнің қай-қайсысында болмасын олар түп нұсқасын сақтай отырып, оған өз ерекшеліктерін еңгізеді, өйткені «ол тірі процесс» (автор сөзі) өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады. Бұл да әр әдебиеттің тарихи тағдырлары мен ерекшеліктеріне ұштасып жатады», - дейді [9, 311].
Әдеби жанрлардың модернизациясы – дегеніміз көркем әдебиеттің даму үрдісіне сай жанрлардың жаңарып отыруы. Өздеріңіз білетіндей, әдебиеттің жанрлық жүйесі үнемі жаңарып отырады. Батыс әдебиетінің дамуындағы ерекше қарқынды кезең тіпті модернизм деп аталды. Модернизм – бұл жаңару. Жанрларды модернизациясы – көркем әдебиетте уақыттың өтуіне және дамуына байланысты жанрлық форманың жаңаруы.
Т. Н. Маркованың пікірінше, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы әдеби жанрлар негізінен екі бағытта өзгереді:
1) Гибритизация арқылы (жанрлық шекараларды кеңейту);
2) Минимализация арқылы (редукция, семантикалық өрісті тарылту).
Қазіргі әдебиетте жанрларды модернизациясы трансформациялық формада болды. Осы орайда, Т.Н. Маркова қазіргі прозадағы жанрларының өзгеруіндегі келесі тенденцияларды атап өтті: циклизация, нон-фикшн, архаикалық формаларды өзектендіру, беллетризация, компьютеризация, интермедиальность және экспансия [10, 282].
Достарыңызбен бөлісу: |