Дәріс №6
Тақырыптың атауы:Топонимика-өлке тарихын зерттеуде маңызды дерек көзі.
Дәрістің мақсаты:Топонимика, ономастика, антропоним ұғымдарына түсінік беру, топонимикалық материалдарды жинақтау әдіс-тәсілдерімен, ережелерімен таныстыру.
Тірек сөздер:Топонимика, ономастика, антропоним.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Өлке тарихын зерттеу мақсатында топонимикалық материалдарды жинақтау мен пайдалану әдіс-тәсілдері. 2. Топонимиканың зерттелу тарихы.
1. Топонимика (грек тілінен аударғанда топос – жер, орын, онима - атау) – географиялық атаулар жөніндегі ғылым. Ол географиялық атаулардың шығу-тегін, олардың даму тарихы мен маңызын анықтайды.
Топоним географиялық атау болғандықтан – бір мезгілде тілдік және тарихи да бола алды. Сондықтан тілтану, тарих, археология, география үшін маңызды дерек көзі болып табылады.
Топонимдердің төрт түрін мамандар бөліп көрсетеді:
табиғи құбылыстармен байланысты топонимдер;
елді-мекен мен шаруашылыққа жарамды жерлерге байланысты топонимдер;
халықтық кәсіп пен өндіріске байланысты топонимдер;
халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір жағдайымен байланысты топонимдер.
Топонимикалық материал тұрғын халықтан сұрақ-жауап әдісімен жалпы зерттеу жолымен жинақталады. Бұған мұғалім мен оқушылар көп көмек көрсете алады. Тұрғын халықтан сұрау жүргізу уақ объектілер: өзендерге, жылғаларға, бұлақтарға, жыраларға, шағын тоғайларға қатысты атаулар туралы мәлімет жинауға септігін тигізеді.
Топонимикалық материалдарды жинақтаушылар үшін өткен ғасырға жататын елді-мекендердің мұрағаттық құжаттық жоспарлары, жазба кітаптар, мекен орындарының тізімі маңызды рөл атқарады. Олар бойынша ежелгі атаулардың барысын, кейде жоғалып кету себептерін байқауға болады.
Өлкетанушылар үшін өлкенің топонимикасын зерттеуді жергілікті сөздік құрастыруға материалдар жинақтаудан бастаған жөн. Географиялық атаулар туралы материалдарды жинақтап алып, ондағы географиялық атауларды әліппелік ретпен жазған дұрыс. Содан соң географиялық атаулардың тарихи даму барысы сипатталған күрделі сөздігін құрастыруға болады.
Топонимикалық сөздік – бұл, негізінен, географиялық атаулардың шығу тегін анықтайтын этимологиялық сөздік. Оны құрастыруға географтар, тарихшылар, лингвистер, этнографтар және басқа да мамандар қатысуы керек.
Сөздікке материалдар жинақтау жергілікті тұрғын халықпен әңгімелесу барысында бұл өлкеде қандай атаулар қолданылатынын және оның себептерін дәл анықтап алу қажет. Объектілер атауларының жергілікті табиғи ортасымен байланысын анықтау қажет.
Топонимикалық сөздік географиялық сөздікке қарағанда объектілерді емес, атауларды сипаттайды. Атаулардың мәні тек шығу-тегін анықтаумен ашылмайды, сонымен бірге атаулардың ортасын, өзгерісін және өзгеру түрлерін анықтаумен ашылады. Топонимикалық сөздік этимологиялықтан тарихи-географиялық ортаны зерттеумен ерекшеленеді.
Топонимика ономастиканың бір бөлімі. Ономастиканың өзі гидрономия, орономия, антропоним болып бөлінеді. Ономастика – жеке атаулар туралы ғылым. Гидрономия – су объектілерінің атаулары туралы ғылым. Орономия – таулар атаулары, ландшафт бөліктерінің атаулары туралы ғылым. Топонимика – елді-мекен пункттерінің географиялық атаулары туралы ғылым.
2. Географиялық атаулардың шығу мәселесіне деген қызығушылық біздің елімізде ертеден-ақ пайда болды. Белгілі ғалым Махмуд Қашғари ХІ ғасырдан-ақ түрік лексикасының 3 томдық «Диван лұғат ат-түрік» атты сөздігін құрастырған. Птоломей болса, Жайық картасын алғаш түсірген. Сонымен бірге «Үлкен сызба кітабы» атты С.Ремезовтың еңбегінде маңызды топонимикалық мәліметтер сақталған. Топонимиканың дамуына үлес қосқан ғалымдар ішінен А.Х.Востоков, М.А.Кастерен, В.И.Дальды атап өту керек. Ал сібір-түріктік және монғолдық топонимиканың негізін белгілі орыс археологы В.В.Радлов салған. Кеңестік кезеңнің тарихшысы Н.И.Надеждин тарихты зерттеу өз бастамасын географиялық картадан алуы керек деп есептеген. Ол: «Топонимика – ол Жердің тілі, ал Жер бұл адамзат тарихы, яғни топонимика адамзат тарихы географиялық номенклатурада өз сипатын тапқан кітап болып табылады» - деген. Сондықтан адамзат тарихын зерттеуде топонимика ғылымының алатын орны ерекше.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Топонимика дегеніміз не?
Ономастика дегеніміз не?
Антропоним дегеніміз не?
Топонимикалық материалдарды жинақтауға көмектесетін сұрақтар құрастыр.
Дәріс №7
Тақырыптың атауы:Өлкені тануда тарихи-мәдени ескерткіштердің орны.
Дәрістің мақсаты:Өлкетанулық жұмыстарда тарихи-мәдени ескерткіштердің маңыздылығын ашу, жергілікті жердің тарихи-мәдени ескерткіштерімен таныстыру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Өлкетану жұмыстарында тарихи-мәдени ескеркіштерді пайдалану шеберлігі. 2. Жергілікті жердің тарихи және мәдени ескерткіштері.
1. Тарихи-мәдени ескерткіштерге:
тарихи ескерткіштерге: маңызды тарихи оқиғалармен, қоғам мен мемлекеттің даму барысымен, азаматтық және ҰОС-рымен, ғылым мен техниканың, адамдар тұрмысының даму барысымен, танымал саяси, мемлекеттік, әскери, халықтық, ғылым, әдебиет және көремөнер тұлғалары өмірімен байланысты ғимарат, құрылыс, естелікті орындар мен заттар;
көркемөнер ескерткіштеріне: монументалды, сурет, сәндік-қолданбалы және басқа өнер түрлерінің өндірістері;
архитектура мен қала құрылыстарына: азаматтық, өндірістік, әскери, мәдени архитектура құрылыстары; архитектуралық ансамбльдер мен кешендер, тарихи орталықтар, кварталдар, аудандар, көшелер, ежелгі жобаның қалдықтары, ежелгі қалалар қалдықтары т.б.;
археология ескерткіштеріне: қалашықтар, қорғандар, ежелгі қоныс-мекендердің, бекіністердің, өндірістің, каналдардың, жолдардың, ежелгі молалардың, тас мүсіндердің, тас суреттерінің, ежелгі заттардың қалдықтары кіреді.
Тарихи-мәдени ескерткіштер тарихшы-өлкетанушы үшін заттай дерек көзі болып табылады. Алайда тарихи-мәдени ескерткіштерін тек қана өлкетану объектілері ретінде ғана қарамау керек, сонымен бірге адамзат қызметіне тікелей әсер ететін белгілі бір қоғамдық қатынастың өнімі ретінде де қарастырған жөн.
Тарихи-мәдени ескерткіштер әртүрлі болып келетіндіктен, онда сақталған мәліметтердің сипаты да түрліше болып келеді. Оларға ортақ нәрсе – олар заттай дерек көзі болып табылады және олардың әрқайсысы айналадағы ортаға сәйкес немесе құбылысқа сәйкес көңіл-күй қалдырады, яғни шығармашылық-бейнелеу формасында болады. Осымен де олар маңызды.
Тарихи-мәдени ескерткіштер бір-біріне қарама-қарсы екі қызметтен тұрады. Біріншісі, олар жаңа мәліметтер іздеу мақсатында субъектінің (адамның) белсенділігін арттыру рөлін атқарады. Екіншісі, олардың өздері теориялық білімді өз бойына жинақтаған объекті рөлін атқарады.
Тарихи мәдени ескерткіштердің көп бөлігі анықталып, қорғауға алынған. Алайда, кейбір маңызды ескерткіштер, әсіресе жергілікті мазмұндағы ескерткіштер әлі де белгісіз болып отыр. Өлкетанушылардың маңызды міндеттерінің бірі осындай ескерткіштерді мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енгізу үшін анықтау болып табылады.
Далалық Жайық өңірінің архитектура ескерткіштерін мақсатты түрде зерттеу жұмыстары 1980 жылы «Республика Мәдени министрлігі «Казпроектреставрация» институтының Орал архитектура экспедициясының (жетекшісі Т.Төреқұлов) күшімен жүргізілді.
1998 жылы Батыс Қазақстанды кең ауқымда этномәдени тұрғыдан зерттеу шеңберінде шыққан арнайы экспедиция (жетекшісі С.Әжіғали, архитектор – Ғ.Мұсабеков) дәстүрлі халықтық, бірінші кезекте, мемориалдық-рәсіми архитектураны қарастырады. Облыстағы Ақжайық, Казталовка, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағындағы ескерткіштер назарға алынды. Экспедиция жұмысы барысында Жайықтың оң жағалуы, Бөкей облысы жағдайында орналасқан ескерткіштер мұқият әрі тиянақты зерттелді, сондай-ақ Жайықтың сол жақ, «Бұхара бетіндегі» көне қорымдарға барлау жасалынып, есебі алынды. Осы орайда Батыс Қазақстан облысындағы мемориалдық-рәсіми архитектура ғимараттарының Арал-Каспий аймағына таралған халықтық сәулеткерлік тас қашау өнері ескерткіштердің құрамдас бөлігі екендігі тұжырымдалды. Бұған қоса Далалық Жайық өңірінің ескерткіштерінде географиялық фактор мен өлкелік тарихи-әкімшілік ерекшеліктері айқын аңғарылады. Мәселен, Жайықтың батыс жағалауындағы құлыптастар арасында беті жазық, эпиграфиялық пішімдегілері, ал шығыс жағында көп бөлікті, ауқымды тасбелгілер жиі ұшырасады. Сондықтан олар екі жергілікті топқа: Бөкей Ордасы және Жайық өңірі ескерткіштеріне бөлінеді. Атырау тобымен бірге бұл екеуі де Солтүстік Каспий кешендерінің тобына жатады.
Әсіресе оң жағалауда «Бөкей бетінде» орналасқан ескерткіштердің өзіндік ерекшеліктері мол. Олар көбінесе Қараөзен мен Сарыөзен алабында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы қорымдарда, Жалпақтал қорымындағы тастан қашалған Казталовка ауылдары маңындағы ескі зираттарда шоғырланған. Әсіресе Жалпақтал маңындағы қорымдағы тастан қашалған құлыптастар тарихи-этнографиялық және археологиялық тұрғыдан көңіл аударарлық. Мұндағы көне белгілердің бәрі Бөкей Ордасындағы эпиграфиялық құлыптастардың әдісімен жасалған. Әдетте, жалпақ, кейде шаршы пішіндес қашалған, ұзын не орташа биіктіктегі құлыптастардың жазба бөлігі әр алуан кескінде бедерленген. Олардағы араб әрпімен айшықталған жазулар мен таңбаларға қарап, мұнда негізінен байбақты, тана, табын т.б. рулардың өкілдері жерленгенін байқауға болады. Осы қорымдағы кейінгі кезеңдерде салынған ағаш ескерткіштерінде де дәстүрлі сәулеттік кескін сақталған. Сонымен қатар арнайы экспедицияға қатысқан зерттеуші ғалымдар Көктерек, Казталовка, Беспішен, Айдарлы, Жаңаөзен, Мәстексай, Есікқала ауылдарының маңындағы зираттардың, Бөкей Ордасындағы хан зиратының этнографиялық-тарихи, архитектуралық ерекшеліктеріне зейін аударды. Жәңгір хан, М.С.Бабажанов т.б. тарихи тұлғалардың кесене-бейіттерінің сақталу жайына көңіл бөлді.
Облыстың шығыс жағында, сол жағалаудағы аудандарда орналасқан мемориалдық-рәсіми архитектура ескерткіштері әлі күнге шейін тиянақты зерттелмеген. Мұнда негізінен далалық Арал-Каспий аймағына таралған дәстүрлі нышан-ауқымды, көп бөлікті құлыптастар кездеседі. Солардың қатарында Әулие Қазырет қорымы мен Қондыкер бейітін атауға болады. Дәстүрлі соқпа тәсілімен құйылған молаларда осы өңірде ғана ұшырасады. Ақкөл ауылының оңтүстік-шығысында Қазының бейіті бар. Ал Қаратөбе ауылынан солтүстікке қарай 20 шақырым жердегі қорымға С.Датұлының серігі, батыр әрі би Қаратау Өмірзақұлы жерленген. Шала зерттеу нәтижесінде Батыс Қазақстан облысындағы дәстүрлі мемориалдық архитектура ескерткіштеріне Еділ татарларының әсері байқалады. Ал сол жағалау тұрғындары үстірт ескерткіштерінің әдібімен көп бөлікті, тастан қашалған белгі орнатуға бейімделген. Сонымен қатар облыс аумағындағы қорымдарда өзге де ерекшеліктер – отарлау кезеңінің провинциялық архитектураның нышандары да із қалдырған.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Тарихи-мәдени ескерткіштердің екі қызметі?
Далалық Жайық өңірінің ескерткіштерін мақсатты түрде зерттеу қашан басталды?
Жайықтың батыс жағалауындағы құлыптастар қандай пішінде болды?
Жайықтың шығыс жағалауындағы құлыптастар қандай пішінде болы?
Әулие Қазірет қорымы мен Қондыкер бейіті қай аймақта таралған?
Дәріс №8
Тақырыптың атауы:Өлкетану мұражайлары.
Дәрістің мақсаты:Өлкетану мұражайы құрылымымен және қызметімен таныстыру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Мұражай түрлері және профилі. 2. Өлкетану мұражайлары және олардың құрылымы. 3. Мұражай қорлары және оларды іріктеп жинақтау.
Барлық мұражайлар жұмыс мақсатына сәйкес түрлерге бөлінеді. Мұражайлардың басым көпшілігі ғылыми-зерттемелі – ағартушылық түрге жатады. Яғни, олардың қызметі – ғылыми мекеме ретінде бірмезгілде ғылыми-зерттемелік, білімділік және тәрбиелік міндеттерді атқару болып табылады. Келесі мұражай – зерттемелі бағыт ұстанған мұражай түрі. Олардың қызметі кез-келген ғылыми пәннің түпдеректерін сақтау болып табылады. Басқаша айтқанда, олар зертхана қызметтік атқарады. Онда ғалымдар ғылыми-зерттемелі жұмыстар жүргізілді. Мәселен, бактереологиялық мәдени мұражай, минерологиялық мұражай т.б. Соңғы түр - оқу процесін жетілдіруге өз үлесін қосуды мақсат ететін оқыту бағытындағы мұражайлар түрі.
Ал мұражай профиліне келер болсақ, ол мұражай түпнұсқаларының өнер түріне, өндіріс салаларына, белгілі бір пәнге деген қатынасына сәйкес анықталады. Мәселен, тарихи, соның ішінде тарихи-революциялық, археолгоиялық, этнографиялық, әскери-тарихи, мемориалдық және т.б., жаратылыстанулық, көркемөнерлік, әдеби, техникалық. Сонымен бірге күрделі кешенді профильдерде болады. Мәселен, өзара бірлескен тарихи-әдеби, жаратылыстану-тарихи т.б. (профиль-кәсіп, мамандық).
Өлкетану мұражайлары – кешенді күрделі профильді мұражайлар болып табылады. Олар өлкенің өткен тарихына қатысты және қазіргі кездегі ескерткіштерін ғана емес, сонымен бірге табиғи коллекцияларды да зерттейді және жинақтайды. Осыдан барып гуманитарлық профиль мен жаратылыстану ғылыми профильдің бірлігі қалыптасады. Бұл мұражайдың құрылысына әсер етеді. Сәйкесінше, мұражайдың тарихи да, табиғи да бөлімдері қалыптасады. Сонымен қатар өлкетану мұражайларының қорлық коллекцияларының құрамына байланысты анықталады. Тарихи және табиғи бөлімдердің негізгі мақсаты – экспозиция мен көрме ұйымдастыру, коллекцияларды іріктеп-жинақтау мен зерттеу болып табылады. Ал қор бөлімі коллекциялардың есебі мен оларды іріктеп-жинақтау, оларды ғылыми өңдеу, ескерткіштерді сақтау қызметтерін атқарады. Көркемдік-жабдықтау бөлімі экспозиция мен көрме ұйымдастыруға тікелей қатысады.
Мұражай қорларын негізгі және айырбас, ғылыми-қосалқы қорлары құрайды. Мұражайдың ғылыми мекеме ретіндегі ерекшелігін анықтайтын шешуші қор, бұл – негізгі қор болып табылады. Бұл – тарихи, материалдық және рухани мәдени, әдеби тұпнұсқа –ескерткіштерін жинақтайтын, сақтайтын қор. Яғни, өлкетану мұражайының негізгі қордан ескерткіштерді алу министрліктің шешімімен жүзеге асады. Кез-келген негізгі қордың құрамындағы өзгерістер (алу, беру әрекеттері) заңды түрде құжатталынуы тиіс.
Айырбас қорын профильден тыс материалдар, көшірмелер құрайды. Міне, мұражайдың осы қорының есебінен мұражайлар өзара ескерткіштермен алмасып отырады.
Ғылыми-қосалқы қордың материалдарын экспозиция, көрме немесе басқа да мақсатпен мұражайдың өзі істеген немесе арнайы тапсырыспен істелген түрлі заттар құрайды.
Оларды іріктеп-жинақтау. Мұражайдың қалыптасуына алғышарт болып табылатын негізгі қорды іріктеп-жинақтау оның қызметінің бірден-бір маңызды қыры болып табылады. Мұражай коллекциялары үнемі толығып отырады және оларды зерттеу де толасыз жүріп отырады. Өйткені мұражайдың ғылыми-зерттемелі жұмыстары түпнұсқаларды жинақтауға негізделген. Мұражайға деген қоғамдық сұраныс өскен сайын, мұражайдың профильне сәйкес ғылыми проблеманы зерттеу тереңдей түскен сайын, ол үнемі коллекцияларды толықтырып отырады, сәйкесінше коллекцияларды зерттеу шеңберін кеңите түседі. Оларды іріктеп-жинақтаудың мақсаты – замандастарға және келешек ұрпақтар үшін саяси, ғылыми және көркемдік құндылықты құрайтын түпнұсқа-есккерткіштерді – түпдеректерді сақтау, жеткізу; экспозициялар мен көрмелердің үнемі жетлуін қамтамасыз ете отырып халықтың кең ауқымын ұлттық құндылықты бағалауға жетелеу болып табылады.
Негізгі қорға материалдарды жинақтау төмендегідей жолдармен жүзеге асады:
зерттегелі отырылған мәселе бойынша ескерткіштерді жоспарлы түрде жүйелеп жинақтау;
материалдарды экспедиция барысында жинақтау;
тартулар мен кездейсоқ олжаларды қабылдау.
Негізгі қордың ескерткіштерін жоспарлы түрде іріктеп-жинақтау үшін жинақтау жұмыстарының міндеттерін алдын-ала анықтап алған жөн. Бұл міндеттер мұражай профиліне сәйкес туындайды:
а) түпнұсқа-ескерткіштердің экспозициясын құруға қолайлы жағдайды қалыптастыру;
б) ғылыми, оқу-тәрбиелік жұмыстар үшін бағалы түпнұсқаларды сақтау.
Ал материалдарды жүйелі жинақтау жұмыстары мұражай тапсырмалары бойынша ескерткіштерді зерттеу мен жинақтауға белсенді топты кеңінен тарту арқылы жүзеге асады. Ол үшін белсенді топ мұражай тақырыбына сәйкес материалдарды жинақтамас бұрын арнайы ғылыми дайындықтан өтеді. Содан соң алдын-ала өңделген, дайындалған тапсырмаларды орындау арқылы қажетті материалдарды жинақтайды.
Ғылыми экспедициялар ұйымдастыру нақты тақырыпты зерттеу барысында қолданылатын өлкетану мұражайларының негізгі әдісі. Экспедицияны мұражай қызметкерлері, сонымен қатар мұражайдың қоғамдық белсенділері: «Қызыл ізкесушілер» клубының мүшелері, өлкетану және коллекционерлер үйірмелерінің мүшелері т.б. ұйымдастырады. Эскпедиция кезеңдері мұражайтану әдістеріне сәйкес, материалдарды анықтау мен өңдеуден, құжаттаудан тұрады.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Мұражай түрлерін ата?
Профиль дегеніміз не?
Профильді таңдамас бұрын нені ескеру қажет?
Негізгі қор дегеніміз не?
Қосалқы қор дегеніміз не?
Айырбас қоры дегеніміз не?
Өлкетанулық мұражай құрылымы?
Заттай ескерткіштерді іріктеп жинақтау жолдары?
Жазба ескерткіштерді іріктеп жинақтау тәсілдері?
Дәріс №9
Тақырыптың атауы:Мұражайлардағы өлкетанулық материалдар және оларды пайдалану ережелері.
Дәрістің мақсаты:Мұражайдағы өлкелік материалдарды пайдалану тәсілдерін үйрету.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Ескерткіштерді топтастыру. 2. Мұражайдағы жазба деректер. 3. Мұражай экспозициясы, мұражай материалдарын оқу-тәрбие жұмыстарында қолдану әдіс-тәсілдері.
1. Түпескерткіштердің біршама спецификалық және түрлісипаттағы топтарын заттай ескерткіштер құрайды. Адамзат қоғамының даму заңдылықтарын зерттеуде дерек көзі ретінде заттай ескерткіштер өте маңызды.
Оларды топтастыру бір формасы – заттай ескерткіштерді жасалған материалдарына сәйкес топтастыру. Бұл тәсіл заттай ескерткіштердің сақтау режимін ескеруде және мұражай заттарын зерттеу барысында жасалу технологиясының ерекшелігін ескеруде маңызды. Мәселен, оларды металл, мәрмәр, гипс, алебастр; неорганикалық – шыны, керамика, эмаль; органикалық – ағаш, тоқыма, тері (былғары), сүйек, мүйізден жасалған заттар деп бөледі.
Заттай ескерткіштер сонымен бірге қоғамдық өмірде атқаратын қызметіне қарай топтастырылады. Бұл топтастыруға сәйкес ескерткіштерді еңбек құралдары, өндірістік инвентарь – қолөнер мен өнеркәсіб коллекцияларына бөледі. Сонымен бірге заттай ескерткіштер қару-жарақ, тұрмыс ескерткіштеріне топтастырылады.
Қару-жарақтардың өзі суық қару-жарақтарына, ұзын сапты қару-жарақтар, қысқа сапты қару-жарақтар, қолдан атқыш қарулар, артиллериялық қарулар, қорғаныс қаруларын бөлінеді.
Тұрмыс коллекциялары: 1. тұрмыстық және шаруашылық құрылыстардың модельдері мен бөлшектерінің коллекциялары; 2. үй ыдыс-аяқтарының коллекциялары; 3. маталар, кілемдер коллекциялары – халықтық өнердің, өндірістің, сыртқы және ішкі сауданың тарихын зерттеуде маңызды дерек көздерін құрайды; 4. киім-кешектер, бас киімдер, аяқ-киімдер, әшекей бұйымдар коллекциялары. Ал киім-кешектердің өздері ұлттық, қаллаық, әскери деген топтарға бөлінеді. Әрі қарай жасалған кезіне, түріне, географиялық аудандарына қарай топтастыру жүзеге асады.
Мұражай қорларының құрамында кең көлемді түрлі жазба деректердің жинағы кездеседі, бұл заңды құбылыс. Жазба деректерсіз, соның ішінде құжаттық материалдарсыз мұражайды елестету мүмкін емес. Олар мұржай материалдарын кешенді зерттеуде, экспозицияда оқу, тәрбиелік қызметін атқаратын қажетті объектілер қызметін атқаруда өте маңызды. Оның мұрағаттық құжаттардан өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, мұрағат құжаттарынан айырмашылығы көбінесе өлкетану мұражайларында материалдарды жинақтау жеке тұлғалардан жүзеге асады. Екіншіден, мұражай жинақтарында топтастырылған жазба деректердің коллекцияларының ішінде облыстық мұрағат өз қорларында сақтау мүмкіндігі болмайтын түрлі жазба деректер кездеседі. Мәселен, афишалар мен жиналыстар болатындығы туралы хабарламалар, листовкілер, шақыру билеттері, түрлі қоғамдық мүшелік билеттері, жаргазеттері, күрес үндеулері (боевые листки), ақша бірліктері, акциялар, қарыз аблигациялары, карточкілер т.б.
Мұражайдағы жазба деректердің жинақтарында кітаптар, ноталар, газеттер үлкен орын алады. Негізгі қордың құрамына мұражай профиліне сәйкес түпдеректер болып табылатын ескі басылымдар және сирек кездесетін қолжазбалар, кітаптар кіреді. Тіпті мұражайда сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар бөлімдері де құрылады.
Маңызды дерекнамалық рөлді көркемөнер деректері атқарады. Олардың ішінде деректік материалдары мен көркемөнер туындылары айрықшыланады.
Деректік материалдарға негативті таспа, позитивтер, үнтаспа және бейнетаспа т.б. жатады.
Көркемөнер туындылары – суреттер қолдануына қарай станокты, монументальды, декаративті деп, жасалу техникасына қарай майлы, акварельды, гуашты, фрескі, мозаика деп бөлінеді. Ал графиктер қолдануына қарай станокты, кітаптық, плакаттық, қосымшаа деп бөлінеді. Жасалу техникасына қарай карандашпен, көмірмен (углям), тушьпен салынған графиктер деп бөлінеді.
Мүсіндерді де қолдануына қарай станокты, монументальды және декаративті деп бөлінеді. Ал жасалу материалдарының ролін тас, мәрмәр, металл, сүйек, ағаш т.б. атақарады.
3. Мұражайдың басқа ғылыми мекемелерден басты ерекшелігі – түпдеректер-ескерткіштер қорына негізделген экспозиция құруында жатыр. Экспозиция түсінігінің астарында тамашалауға арналған белгілі бір жүйемен экспонаттардың орналасуы жатыр. Экспозиция арнайы ғылыми және ұйымдастырушылық жұмыстардан тұрады: тақырыптық, кейін тарих және мұражайтану ғылымына негіздеп тақырыптық-экспозициялық жоспар құру; экспозицияға қордан экспонаттар таңдау; ғылыми-қосалқы материалдарды өңдеу (карта, сұлба, диаграмма және т.б.), түсіндірмелі материалдарды өңдеу (этикетаж, мәтіндер); экспонаттарды орналастыру графигі мен көркемдік жабдықтауды шешу; жабдықтарды даярлау және ең соңында дайындалған экспозициялық ауданға материалдарды монтаждау.
Мұражай материалдарын оқу-тәрбие жұмыстарында қолдану әдіс-тәсілдері:1. мұражай экспозициясына, көрмесіне қатыстыру, яғни тарихи ескерткіштерге саяхат . ұйымдастыру; 2. мұражайларда білімді жетілдіру бағытында дәрістер тыңдау; 3. сабақтан тыс оқушылардың мұражайлардағы жұмыстары: өлкетанушылар үйірмелерін, «Қызыл ізкесушілер» клубын, сонымен қатар өлке тарихы бойынша материалдар жинақтауға тапсырылатын мұражай достарының клубын ұйымдастыру; 4. мұражайлардағы тақырыптық кештерге бару, белгілі адамдармен кездесулер ұйымдастыру.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Тұрмыстық коллекциялар тобын ата?
Өндірістік коллекциялар тобын ата?
Құжаттар түрлерін ата?
Статисткалық, гарфиктік жазба деректердің маңызы?
Экспозицияны құру ережелері?
Дәріс №10
Тақырыптың атауы:Өлке тарихын тануда мектептік-халықтық мұражайлардың қызметі.
Дәрістің мақсаты:Мектептік мұражайдың өзге мұражай түрлерінен ерекшеліктерін көрсету, оның жұмыс істеудегі мақсат-міндеттерімен таныстыру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Мектептік мұражай мақсаты мен міндеттері. 2. Мектептік мұражай ұғымы мен мұражай профилі. 3. Мектептік мұражайды ұйымдастыру іс-шаралары.
1. Ғылыми игі іс-әрекеттердің біршама қарапайым формасы – тарихи ескерткіштерді сақтауға, оларды тәрбиелік іс-шараларда қолдануға деген патриоттық ұмтылыспен тығыз байланысқан халықтық мұражайларды ұйымдастыру болып табылады.
Халықтық мұражайлардың бір түрі – мектептік мұржайлардың өзіне тән ерекше өзгешіліктері бар. Біріншіден, олар мектеп жастары арасында жұмыс істеуге есептелінген. Екіншіден, оқушылардың өздері осы халықтық мұражайлардың негізгі қоғамдық ядросын құрайды. Үшіншіден, олар өз алдарына жоғары тәрбиелік мақсаттармен бірге оқу процесіне де көмектесуді міндет етіп қояды. Ең жақсы мектептік мұражайлардың жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, олар балалардың шығармашылық белсенділігін арттыруда, оларды еңбек әрекетіне араластыруда, оларға патриоттық тәрбие беруде, өткен кезеңнің дәстүрін сыйлауға және жаңаны меңгеруге деген сүйіспеншілікке тәрбие беруде тамаша нәтиже беретіндігі байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |