2.Итаяқтан сары су ішкізді . Қорлады . Көзіне көк шыбын үймелетті . Әрине , сөз сенікі , келмей кетсең , келер болсаң ,иттей қып басқа тепсем . Ішкізіп аяқтан сары суды , дүниеде арманым жоқ соған жетсем . (С.Торайғыров) Тұтқын боп итаяқтан сары су ішіп , Кісенде қол-аяғы жатыр Абақ .(С.Бегалин)
3.Итәуресі шықты / Итәуреге салды . Әуреге түсті , әбден қажыды . Өскеменге обылыстық комсомол комитетіне барып едім , онда болғанымнан , жолда жүргенім көбейіп кетті . Итәуреге шығып , зорға жеттім . (М. Әбдірахманұлы)
4.Ит байласа тұрғысыз . Адам тұрып, тіршілік жасап болмайтын жер . Қайрақтының осы жақ беті жалтыр төбе ит байласа тұрғысыз , бір ызғырық , оң жақ беті аңырайтын бір аңғар . (Ғ.Мүсірепов)
5. Ит басына іркіт төгілді *ақ түйенің қарны жарылды. Ішкені алдында , ішпегені артында болды . ағыл-тегіл болды . молшылық .ауқатты тұрмыс орнады . –Нағыз жарылқайтын социализм көрінді !- деп Әбен күле жөнелді ...Күллі жұмыс машинамен істеледі . Мәселен : көшіп-қонғанда мынау үйді жығып , тігіп әуре болмаймыз , машина төбесінен бүркітше бүріп апарады да , қондыра қояды . Молшылық дегеніңізде есеп жоқ . Ит басына іркіт төгіледі...(Ғ.Мүстафин)
6. Ит қиынан қыл шықпай қалмайды . Әр нәрсе тегіне , затына тартпай қоймайды . Әр нәрсе тегіне тартпай қалмас , Қыл шықпай ит қиынан қалмас деген . (шешендік сөз)
7. Иттей болды *Ит болып кетті . Қор қылды ; абыройы төгілді, масқара болды.Әлі атаңа нәлет, завхоз,бүгін тағы алдады. Күні бойы күлімсіте ит болдым. Ақыры бермеді көлігін,- деді Батырхан.(М.Иманжанов).
8. Итжеккенге айдады. Алысқа, қиыр қиянға жер аударды.Нарды алған кісі бір күн ішінде әкеліп, үйімнің маңына тастап кетпесе,түбіне жетем! Ауыл –маулыңмен шабамын! Еркегін құл қылып,әйелін күң қылып, итжеккенге айдатам. ( «Қаз.ертегі» ) .
9. Ит жүгіртіп, құс салды. Сауық –сайран құрды. Ел ішінде сәлем де ,Замандас,құрбы,теңдерге. Ит жүгіртіп, құс салған,найза ұстаған ерлерге ( «Қобыланды батыр»)
10. Итжемеде қырылды. Азапта, қорлықта өлді. Тұтқындардың киімдері жұқа, жыртық болған соң, жатқан жерлері қарлы жер,уілдеген боран болған соі, азап шегіп, бұлардың бәрі итжемеде осылай қырылып таусылған екен.(С. Сейфулл ин)
11. Итжүрек Қызық –қуанышы жоқ, құлауға көнген көңіл. Сенісерге жан таба алмай, Сенделеді ит жүрек. Тірілікте бір қана алмай, Бұл не деген тентірек! (Абай)
12. Итжеміге тастады – ит жемі қылды Тастандыға (садақаға) шығарды, қараусыз қалдырды; өлімші етті, қорлады, азапқа салды. ( «Ит жемі» көбіне қорлау,қорлану мағынасында жұмсалады). Ендеше ортамыздағы ең әлсіз ,ең пышайман бір ғаріпті қайда тастап отырмыз? Итжеміге тастап отырғамыз жоқ па?! (М.Әуезов).
13. Ит жыны келді (ұстады) Ашуланды, тоңмойындық көрсетті. Мақау емес пе , ит жыны келсе, бетің бар, жүзің бар демейді (Ауызекі тіл)
14. Ит кемірген асықтай Бұжыр, сынбыз бет. Тегінде, ит кемірген асықтай тығырайған қара қажы қаны қашып, қара пышақтай болған екен. (І.Жансүгіров)
15. Иткөйлекті бұрын тоздырған Жасы аздап үлкен деген ұғымда әзіл ретінде айтылады. Бұдан ақыл сұрап, күн көріп жүргендер шамалы болса да, иткөйлекті бәріңнен бұрын тоздырғанмын деп, өзінше өктем соғар мінезі қалып көрген емес. (А.Байтанаев)
16. Ит көрген ешкі көзденді – ит көрген мысықша үрпиді Үрейі ұшты, елере үрікті. Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме жынды сөзденіп, Жасынан үлгісіз шіркін, Не қылсаң өнер ізденіп (Абай). Төрде отырған Ықсан бұл сөздерге шыдай алмай, ит көрген мысықша үрпиіп, екі көзі мұғалімді жеп қоятындай аларып, кепкеннен кеуіп бара жатыр еді. (І.Жансүгіров)
17. Ит (иттей)қылды. Қор етті, қорлады, абыройын түсірді. Ермен шықты, ит қылып, Бидай шашқан егінге. Жай жүргенде өрт қылып, Тыныш өлсеңші тегінде (Абай ) . Әрине, сөз сенікі келмей кетсең, Келер болсаң , иттей қып басқа тепсем, Ішкізер табақтан сары суды, Дүниеде арманым жоқ соған жетсем . (С. Тора йғыров)
18. Ит мініп, ирек қамшылады – ағаш ерге жіп құйысқан Азып –тозып , тіршілікті жамап –жасқап өткізу мағынасында. ) Тепеңдеп айтылады). Еңіреген, егілген, Итке мініп, ирекпен Қамшылаған өмірден Аулын тартып алып тұр. ( І. Жансүгіров)
19. Ит өлім Қадірсіз, жиіркенішті қаза, қаңғырып, көмусіз қалу. Жусатып, жер құштырды ит өліммен, тізілген неміс тобын мыңнан, жүзден. ( М.Жанасаева)
20. Ит өмір Қорлықпен өткен тұрмыс, қорлық , итше ырылдасқан тірлік. Ит өмірдің осылай аяқталарын білді ме?! ( Ә. Нұрпейісов)
21. Ит пен құсқа жем болды – ит пен құс той тойлады . Кім көрінгеннің қолында кетті, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Көшіп кетіп не көрді, бөтен жұртта ит пен құсқа жем болды, күшігіне дейін тісін көрсетті. (Ауызекі тіл)
22. Ит пен құстың арқасында Кім көрінгеннің кесірінен. Ит пен құстың арқасында кедей болсаң да, бұл өңірде сені білмейтін кім бар дейсің, – деді Ыбырай Қалжанға ( Қ. Тайшықов).
23. Ит пен мысықтай Бір –біріне өш, өштес, аңдысып өтер жау мағынасында айтылады. Неге екенін білмеймін, ағамның Шойтыққа жұлдызы қарсы , екеуі ит пен мысықтай , – деді Жұмаш. (Н. Сералиев).
24. Ит сілікпесін шығарды – ит сілікпе етті –ит сілікпеге түсірді . Борша –борша етті, мылжа –мылжа қылды; әбден шаршатты, қажытты. Онансайын Шернер өздерінің ит сілікпесін шығарып, мылжалап, домалатып әкеп, енді сол қан –қан денені бір –ақ лақтырғалы көр аузына тақап тұрған ана күз кеуделі алып елді, әсіресе, көп ойлады. ( Ә.Нұрпейісов)
25.Иттей ұлып қалды Адасқан жұртта қалған иттей, жалғыз зарлап қалды ; жалғыздан – жалғыз зар жылап қалды. Қойдың ба мені бүйтіп әуре қылып, Мен өлсем сен қаларсың сен иттей ұлып, Қимайтын ешкімім жоқ бұл жаһанда, Өлемін де кетем деп көзім жұмып ( «Ғашық –наме» )
26. Ит терісін басына қаптады Айыбын бетіне баса масқара қылып ұрысты, балағаттады. Біз тозақта күйіп жатсақ, сендер қолдарыңның ұшын бермей–ақ қойыңдар! – деп Өмірбай молдалардың иттерісін басына қаптады ( С. Сейфуллин ) .
27. Ит тұмсығы батпайтын (өтпейтін) Адам өте алмайтын қалың орман, тоғай, шабындық немесе жайылым шөп; бітік шыққан егін. Ит тұмсығы батпайтын орман іші жым – жырт (К. Оразалин )
28. Иттің етінен жек көрді. Өте қатты жек көрді, ұнатпады, суйқаны сүймеді, тым сөлекет, сүйкімсіз көрді. Дәл сол сағатқа дейін сүйген қызымды азғырып әкетті деп, бұл адамды иттің етінен жек көріп едім. ( Ә. Нұршайықов ).
29. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар. Әркімнің өзіне лайық бір сүйенері, қорғаушысы, қолдаушысы бар. Көбей: – Еспембет, Тобықты да рулы ел, «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» , сенің мына айтып отырғаның береке, бітім емес. (М. Әуезов ).
30. Итіне дейін біледі (таниды) Жұрттың бәріне әйгілі. (Оны) елдің итіне дейін күндік жерден таниды, керек болса, елден бұрын иттер таниды. (Ғ. Мүсірепов )
31. Итше таласады . Болар–болмас нәрсе үшін жағаласты, араз болды. Жаман адамға мал бітсе, Кқрінгенменен итше таласады ( Шешендік сөздер )
32. Ит ырғын болды . Мол олжаға кенелді , олжаға батысты. Қалмақты жеңіп қалың қол, Ит ырғын да көл – көпір, Бақыршы тоқ олжа мол (Бұқар жырау) .
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде келтірілген «ит» сөзі бар біріккен сөздер :
Итала ( итала қаз), итарба, итарқа, итарқалану, итарқалау, итаршы, итаршылану, итауру, итаяқ,итәуре, итбадам, итбалық, итбас, итбөрі, итбүлдірген, итектеу, ителгі, итемген, итемшек, итжанды, итжеккен, итжеме, итжемеде, итжерік, итжидек, итжуа, итжүзім, итжығыс, иткәсік, иткөйлек, иткүшәлә, итқора, итқорлық, итқонақ, итқұлақ, итқұмыс, итқұсық, итқызғалдақ, итмия, итмұрын, итмінез, итошаған, итрәсуа, итсабын, итсандық, итсигек, иттабан, иттартыс, иттепкі, иттүйнек, иттік, итшабақ, итшомырт, итшу
Итаршы, құйыршық. Біреудің айтағына еріп, сөзін сөйлеуші, қолшоқпары болу. Қазанғап Шәкенге жағыну үшін итаршы болып көрінсе, Шәкен малайларға жағымды болып шығады. ( Ғ. Мұстафин)
Итшілеу , итпектеу. Әуреге түсу, қиындық көру. Әйтеуір атпен, шанамен, кейде жаяу, итшілеп жүріп өзіміз тасимыз. (Ж. Кеттебеков) .
Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігіндегі « ит» сөзі қатысқан тұрақты теңеулер және олардың мәні:
Аш иттей еркелеу. Бұраң қағып, аш иттей еркелеп, екі сұмырай әйел бұлардың үстіне жетіп келді. (І. Жансүгіров)
Аш итше топыр қағу . Аш итше бір тиынға топыр қағып, Бір таласып, бір ұрсып, бір күледі. (Абай) .
Барақ иттің басындай. Барақ иттің басындай Келісер ме шаш саған (І. Жансүгіров )
Бұралқы итше. Қазақ артына қарап, бұралқы итше еңкейіп тебінді.
Еркелеген иттей жүзі жылы. «жолбарыс адамға шабарда, теркелеген иттей жүзі жылып, қылмыңдап кетеді» деп еститін еді Асқар. (С. Мұқанов).
Иттей тақымдау. Жау жағадан алған күн Өздері иттей тақымдар (Абай ).
Күшік иттей жалбақтау. Екі малай артынан ертіп алған, Күшік иттей қылып жүр байға жалбақ. (Абай) .
Құтырған иттің көзіндей қанталау. Түсі оңа бастаған көк көздері құтырған иттің көзіндей қанталап, оқ тиіп долырған сары аюдай қорбаңдап, Бүркітбай кіріп келе жатыр. (С. Мұқанов).
Үйден үрген итке ұқсау. Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұқсап. ( Абай )
Қорытындылай келгенде, қазіргі мәдениетаралық, тіларалық коммуникацияда, әлем халықтарының бірін-бірі танып-білуге деген құлшынысы кезеңінде, қай тілдің де иесі ғасырлар бойы жасаған нәрі мен сәнін түсініп білу арқылы халықтың жан-дүниесін рухын тануға болатыны белгілі. Әдетте өзге тілді үйренуде фразеологизмдердің номинативтік функционалдық жағына назар аударылып, оның этнос тілінің этнолингвистикалық мазмұнды байлығы екендігіне тереңдеп бара бермейді. Тілдің осындай этномәдени мазмұны жағынан толымды, ауқымды бірліктерін азды-көпті білу өзге этнос болмысын тануға апарар жол болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кайдар А.Т. Актуальные вопросы казахского языка.- Алматы: Ана тілі, 1998.-304 с.
2. Сағидолда Г. Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны.- Алматы:. Ғылым,
2003.- 248 б.
3. Сыздықова Р. Ғ. Абайдың сөз өрнегі.- Алматы: Санат, 1995.-251 б.
4. Бердібай Р. Эпос мұраты.- Алматы: Білім, 1997.-320 б.
5.Смағұлова Г.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері.-
Алматы:Ғылым,1998.-196 б.
6. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990.
7. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі , Алматы , 1977 ж.
8. Қазақ тілінің орфогрфиялық сөздігі , Алматы , 2013 ж.
9. Олжас Сүлейменов « Аз и Я» , Алматы, 1971ж.
10. Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі , Алматы, 2007ж.
«ЖЕТІ» САНЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
Қайранбек Гүлнұр - 5B011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»
мамандығының 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Бақбергенова Р.Қ.
Тіл адамзаттың жер бетіне түсірілген сәтінен бергі мыңдаған жылдар бойғы еңбегінің нәтижесінде бүгінгі кемелденген дәрежесіне жетті. Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы дегендей, халқымыздың көнеден келе жатқан аталы сөздері, мақал-мәтел, қанатты сөздері, әртүрлі идиомалар, діни ұғымдағы сөздер, әдет-ғұрып, елдің дәстүрін, ескі салт-сананы айқын көрсете алатын сөздер қасиетті тақ сандар «үш», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш» және жұп «екі», «төрт», «алты», «сегіз», «он екі», «қырық» сандарымен байланысты.
Сан есімдер – фразеологизм жасауда көп кездесетін сөз табының бірі. Қай халықты алсақ та өзіндік ұстанған ырымы, наным-сенімі бар. Қазақ үшін сәрсенбі – сәтті күн, 7 – қасиетті сан. 7 санына байланысты толып жатқан жақсылық нышандары, айшықты атаулар бар. Әлемнің жеті кереметі, кемпірқосақ бояуының жеті түрден тұратындығы, жеті – музыкалық нота, аптаның жеті күні, жеті планета, міне, осының бәрі жеті санының әлемдік деңгейдегі құбылыстарға бай екендігін көрсетеді.
Әлемнің жеті кереметі, кемпірқосақ бояуының жеті түрден тұратындығы, жеті музыкалық нота, аптаның жеті күні, жеті планета, міне, осының бәрі жеті санының әлемдік деңгейдегі құбылыстарға бай екендігін көрсетеді. Қай халықты алсақ та өзіндік ұстанған ырымы, наным-сенімі бар . Қазақ үшін сәрсенбі – сәтті күн, 7-қасиетті сан, 7 санына байланысты толып жатқан жақсылық нышандары, айшықты атаулар бар. «Жеті ата», «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті дәм», «Жеті амал», «Жеті ағайынды жұт» тағы да басқа осы атаулардың мағынасын ашуға тырысайық.
Тіліміздегі толып жатқан сөздер өткен өмірдің айнасы десек, ескі идеологияның, бұрынғы мифтік ұғымның ықпалынан туған деген пікірді дұрыс деп тапсақ, осы «жеті» сол пікірді толық дәлелдей алады. Алматы облысының Ұзынағаш ауданына қарасты Жеті әулие жатқан жер бар. Жеті әулиенің екеуі әулие кісі де, бесеуі батыр екен. Жетеуі бірігіп жаумен соғысып, ерлікпен қаза болған қасиетті жер. Мұнда келген кісілер бір сәтке болса да тоқтап құран бағыштап өтеді екен.
Діни ұғым, магиялық сананың «жетімен» байланысты екендігін «жеті бүзірік (мүдірік) әулие »(мұндағы «бүзірік» - зор, ірі деген мағынада) немесе «жеті шәріп» деген фразалар да көрсетіп тұр. «Жеті шәріп » деп жүргендері мыналар : 1. Меке шәріп, 2. Мәдина шәріп, 3. Бұхар шәріп, 4. Шам шәріп, 5. Қатым шәріп, 6. Құддыс(Мысыр)шәріп, 7. Кәлем шәріп. [1, 37]
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ қоғамындағы үштік қатынастың жүйесінен туындайтын туыстық сөздерден бүтін туыстық атаулар аймағы қалыптасқан. Осының негізінде «жеті» санымен байланысты идея халық арасында қалыптасып салт, заң болып кеткендігін толық дәлелдейтін бір мысал – ол «жеті атадан әрі ғана қыз алысу» заңы. Араға жеті атаны салып, құда түсу салты түрік-моңғол халықтарының бәрінде ғасырлар бойы сақталып келген. Бертін келе алыс-жақындықтың өлшемі де осы «жетімен» өлшеніп, ең болмағанда әр рудың адамы жеті атасын – бергі шежіресін білуге міндетті болды. Осыдан барып, «жеті атасын білмеген мұрт еді» деген сөз қалған болуы керек [5.15].
Адамның өз жұрты жеті ұрпаққа таратылып аталады. Сондықтан өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Қандастық жағынан алғанда үлгі боларлық зор қызметі мен маңызын халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген.
«Жеті күн»: 1) Бүгін. 2) Ертең. 3) Бүрсүгіні. 4) Арғы күн. 5) Ауыр күн. 6) Соңғы күн.7) Азына.
«Жеті жұт»: 1.Құрғақшылық. 2. Жұт (мал қырылуы). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су, сел. 7. Зілзала (жер сілкінісі). Ертеде тағы бір түрінде көк долы әйелді де жатқызған. Осы жұттың қайсысы болсын өзімен бірге екінші жұтты шақыра келеді. Сондықтан бір жұтпен байланысты басқа жұттың шығуы «жеті ағайынды» дегенді толық айқындап тұр. [1, 43]
«Жеті жоқ»: 1. Жерде өлшеуіш жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4.Тасбақада талақ жоқ. 5. Суда түс жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7.Жылқыда өт жоқ.
«Жеті ғалам» қазіргі тілімізде «дүние жүзі», «бүкіл әлем» дегенді білдіреді. Сонда жеті саны негізгі бағытты білдірген. Олар дүниенің төрт бұрышы: күншығыс, күн батыс, түстік, терістік, аспан – жоғары ғалам, жер – орта ғалам, жер асты – төменгі ғалам.
«Жеті қабат жер, жеті қабат көк» немесе «Жеті қат көк, тоғыз қат көк» жеке-жек қарайтын болсақ: Жеті қат жер: 1. Тұңғиық. 2 Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көкөгіз. 7. Жер.
Жеті қабат қара жер тізесінен кіреді,
Атқанын тастан өткізсе,
Садағының бір оғын,
Жеті қабат жер астына жеткізсе,
Ол мергендікке жарасар [1, 36] – деген өлең жолдарынан осы жеті қабат жер астына байланысты айтылған ойды көреміз. Ал, «жеті қат көк» біздің қария кісілерден естіп жүргенімізге қарағанда мұндағы жеті саны «жеті жұлдызға» сәйкес келеді. Ай, Меркурий, Шолпан , Күн, Қызыл жұлдыз , Юпитер, Сатурн. Осы жеті жарық шығыс астрономиясында «жеті қат көк» деп аталады.
«Жеті қарақшы» - аспан әлеміндегі жұлдыздың аты. Қазақ тіліндегі қарақшы сөзі башқұрт, татар, ноғай тілдеріндегі «ұры» мәнін беретін «қарақ» түбіріне «-шы» жұрнағының қосылуы арқылы жасалған. Ал «Жеті» объектінің саны. Жетіқарақшы жұлдызы туралы әр түрлі аңыздар бар, солардың бірі: «Ертеде Қыран атты жігіт пен Үлпілдек атты қыз көңіл қосып, жігіт қызды алып келе жатқанда, жеті қарақшы қызды алып қашып, ешкім жете алмасын деп аспаннан орын тапқан екен. Содан бері «Жетіқарақшы» аталыпты. Осы аңыздар туралы Ш.Уәлиханов : «Бұл ерте заманнан келе жатқан аңыз болуға тиіс, өйткені моңғолдар жеті қарияның жұлдызы деп атайды. Халқымыз Жетіқарақшы жұлдызын жеті сақтаушы, күзетуші ретінде қастерлеп, дәріптеген», - деп көрсетеді. [2, 67]
Жеті қазына – бұған халқымыз ер жігіт пен асыл жарды, құмай тазы мен берен мылтықты, қыран бүркіт пен ер қанаты-жылқыны және қазанды жатқызған. Қариялар жеті қазынаға: жүйрік ат, қаққыш тазы, алғыр қыран, берен мылтық, ер жігіт, сұлу әйел, ақыл, білімді жатқызады.
Адамның күнделікті тіршілігіне бұлардың аса қажет екені сөзсіз. Әсіресе, ұлан-байтақ жерде мекен етіп, малының ыңғайына қарай көшіп жүрген дала қазағы үшін өте өте қажет дүниелер .
Жеті дәмге келер болсақ, олар – су, тұз, май, ет, дән (бидай, жүгері, күріш), ұннан жасалған қамыр кеспе, айран. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезінде Ұлыстың Ұлы күніне арналып берілетін бұл көже үнемі малы мен жанын ойлап, арып-ашып жүрген адамға әрі әл, әрі нәр беретін болған және көженің құрамын байытып, құнарын арттырады.
«Жеті нан» немесе «жеті шелпек» - құдайы беру, жеті нан тарату. «Жеті нан әрқашанда аруақ болып желеп-жебеп, бәле – жаладан қорғап жүреді» - дейді[1, 47]. Бұл «жеті» санының қасиеттілігінен туындап отырса керек.
«Жеті нан» құдайымен мәндес, төркіндес, «жеті тиын садақа», «жеті тиын нәзір» тұрақты тіркестері бар. Мағыналары: ертеде бір нәрседен қатты қорқып сескенгенде, яки сыйынғанда құдайға, аруаққа жалынып, кездескен қиындықтан өзін сақтауын тілеп, жолына мал, зат, ақша атап отырған. Оның саны жетеу болуы шарт.
«Жеті жаман». «Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылдық деген бар, одан алыс жүр,
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр,
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Бәлеқорлық деген бар, одан да ада бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол!»
«Әлемдегі жеті керемет немесе жеті әлемет». Өнер тарихына байланысты «Әлемнің жеті кереметі» деген түсінік антикалық жазушылар шығармаларында б.з.д. ІІІ ғасырдан бастап атала бастайды. «Жеті керемет» дегеніміз мыналар: 1. Мысыр пирамидасы. 2. Галикернас сағанасы. 3. Родос алыбы. 4. Александрия шамшырағы. 5. Эфестегі Диана ғибадатханасы. 6. Олимпиадағы Зевс мүсіні. 7. Семирамиданың аспалы бағы.
«Жетелі жұрттың жеті белгісі» : Ту, елтаңба, әнұран, елұран, елтеңге, төлқұжат, ұлт жазуы.
«Жетімен» байланысты сөз тіркестері де, ертеден келе жатқан мақал- мәтелдер де кездеседі. Мәселен: «Жерден жеті қоян тапқандай қуанды» - қатты қуанды, шаттанды, мәз болды. Табан астынан, күтпеген жерден болған жақсылыққа қуанғанда айтылады. Атына міне сала, жерден жеті қоян тапқандай шауып барады(Ғ.Мұстафин). [8, 259].
Батты бұған жастықтың өр талғамы, Кете барды тістелеумен бармағы... Жерден жеті қоян тапқандай, Бала күйші мұның күйін жалғады, - деп жырлаған М.Сатыбалдиевтің «Шула, толқын» атты өлең жолдарынан да кездестіруімізге болады.
«Жеті ру» - елдің бәрі, барлық ағайын-туыс дегенді білдіреді. Жеті рудан жиналған, Жатыр отқа жалынып, Бой көтеріп алғайсың (Қ.Аманжолов, Шығ.) [6, 396].
«Жетіген» - Ұзынша жәшік тектес етіп жасалған, жеті қыл ішегі бар шертпелі музыка аспап. Мұнан өзге «алып алты, жеп жеті болмайсың», «жетімнің құрсағы жеті қабат», «кедейдің жеті қаңтаруы бар», «бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді», «жеті тылсым», «жеті ықылым», «жеті кәміл» т.б. тіркестерде кездеседі.
Қазақта әрбір он үш жыл – бір мүшел. Оны қауіп санап, сақтанып жүрген. Кейінгі кезде әлем ғалымдары 7 санының да қауіпсіз емес екендігін айтып жүр. Мысалы 14 жасты алайық (7+7=14). Он үш жастағы алғашқы мүшелден аман-есен өткен жасөспірім 14 жасында қаперге тап келуі мүмкін дейді. 13 жасқа 12 жылдан қосып отырса, қалған мүшелдер рет-ретімен шыға береді (25, 37, 49, 61, 73, 84...). Демек, жасөспірімнің 14 жаста қауіп-қатерге тап болуы мүшелдің емес, 7 санының салдарынан болған құбылыс (7+7=14). Сол секілді, 21, 28, 35, 42, 49 т.б. сандары да мүшел секілді қауіпті. Әсіресе, 49саны. Бұл әрі мүшел, әрі жеті жетінің қосындысы (7х7=49). Халқымыз қастерлеген жеті санының қасиетімен бірге осындай қасіреті де бар көрінеді.
«Жеті» саны сонымен бірге өзге елдерде де киелі, қасиетті саналады. «Жеті қарақшы» қырғыз тілінде «жеті арқар» деп аталады. «Жеті ата» ұғымы қырғыз, татар халықтарында да бар. Татар тілінде «жеті рет өлшеп, бір рет кес» - «жиде кат үлче, бер кат кис», «маңдайы жеті қарыс» - «маңгае жиде карыш», «жеті қат терісін шығару» - «жиде кат тиресен тунау»түрінде келеді. «Жеті түн» қырғыз тілінде де қолданылады. Мысалы, «Жеті түндө мында емне қылып жүрөсүн?». Қытай халқы да қазақ халқы секілді адам дүниеден өткен соң біраз уақытқа дейін жеті күн сайын марқұмды еске алып, жоралғыларын жасап отырған. Көрші орыс халқында да «Семь мудрецов, семь чудес света; Весь окружающий нас мир строится на эдакой семиречности: семь чудес света, семь дней недели, семь нот в гамме, семь звезд большой медведицы, семь светов радуги» секілді тұрақты сөз оралымдары бар.
Қорыта айтқанда, халқымыз қасиетті санаған «жеті» саны талай-талай мағыналы, мазмұны терең мән тауып, өмірі мен тұрмысына тірек, жанына жалау болды. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, қазақ шежіресін үйретуде бұл қасиетті санның маңызы өте зор.
Абай атамыз айпақшы, «құлақтан кіріп бойды алатын жақсы ән мен тәтті күйдің» барлығы да бар болғаны жеті әуездің комбинациясы. Адам адасқанда батыс-шығыс пен оңтүстік-солтүстікті анықтау үшін аспаннан Темірқазық жұлдызын іздейді. Себебі, ол атының өзі айтып тұрғандай солтүстікті көрсетіп тұратын қозғалмайтын әлемнің кіндігі. Бабаларымыз айтқандай: «Жеті қарақшыны таныған, жеті қараңғы түнде де адаспайды». Оның мағынасы Жеті қарақшы бейне бір аспан сағатының тіліндей сол Темірқазықты айналып отырады. Адам баласымен қоса барлық жануарлардың денесі мен ең ардақты мүшесі басын қосып тұратын мойын—омыртқа буындарының саны да жетеу. Жас туған нәрестенің кіндігі жеті күннен кейін түссе, адам өмірден озған соң, марқұмды жеті күн өткен сайын біраз уақытқа дейін еске алып, жоралғыларын жасайды. Әлемнің толып жатқан ғылымдары мен тұрмыс-тіршілігінде жеті санының орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Ф.Р. Ахметжанова, Қ.С.Дүсіпбаева. Қасиетті сандар қатысқан қазақ ескіліктері: Ғылыми басылымы – ШҚТУ, Өскемен, 2001 – 112 бет.
Уәлиханов Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. І том, Алматы, 1961.
А.Машанов. Әл-Фараби және Абай. Алматы, 1994 – 192 бет.
Ақылдың кені. (Ұлағатты сөздер). Құраст. Қ.Жарықбаев. – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2012. – 216 бет.
Кеңесбаев І. «Жеті, үш, тоғыз, қырық»пен байланысты ұғым. // Қаз.ССР Ғылым акад.хабарлары. Филология сериясы, 1946.
3-14 б.
Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 7-том/ Құрас.: Б.Момынова, Б.Сүйерқұлова, А.Фазылжанова және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы», 2007. – 752 бет.
Түбір бір түркі өркениет/ Әділ Ахметов. – Алматы, «Арыс» баспасы, 2009. – 344 бет+ 8 бет түрлі түсті суретті жапсырма.
Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 800 бет.
Уәлиев Н. Жұмбақ жетілер// Жалын, 1988. - №3. – 106-108бб.
Достарыңызбен бөлісу: |