Әжеміз аса мейрімді адам еді. Біздің әкеміз--жалғыз ұлының өсіп-өнгеніне риза болып, жаратушыға жалбарынып, құранына қосып отыратын.
Және біздің от басының жақсы дәстүрі болды, жаз кезінде бәрімзі бірге курорттарда дем аламыз. Бізді әкеміз бен анамыз бір рет те тастап кеткен емес, қайда барса да төртеумізді ала жүретін. Үлкен тәрбие деп ойлаймын. Бала кезімізден ел көрдік, жер көрдік, барған жерден әкемді танитындар табыла кететін, олардың оған деген құрметін көріп өстік. Барған жеріміздің тарихынан әкеміз бізге түсінікті етіп айтып отыратын. Суға түсеміз, футбол ойнаймыз...басқа уақытта қолы тимейтін әкеміз демалысын бізге арнайтын. Өскен кезде бізді Мәскеу мен Ленинградқа апарды, Третьяков пен Эрмитажды аралатты, өзі біздің гидіміз болып, ой-өрісімізді кеңейтті. Мұны мен ешқашанда да ұмытқан емеспін.
Әкеміздің ұстазы, қазақ халқының мақтанышы Қаныш Сәтбаевты үйіміздің төрінен талай көрдік. Бойы биік, өзі әдемі адам болатын. Жиналғандардың бәрі жапырылып сол кісіге құрмет көрсетіп жататын, өскен соң түсіндік қой бәрін де. Мүмкін сол кісінің шапағаты бізге де тиген шығар, кім білсін. Әкем қалай құмет тұтса, қазір біздер Қаныш ағаны мақтаныш етеміз.
Үлкен апам Шайзада биолог болды да, біздер: Ескендірбек, Сұлтан , мен сол Қаныш аға мен әкеміздің жолын қуып геолог болып кеттік. Өкінішке орай Ескендірбек өмірден ерте кетіп қалды...
Менің әкем шет елдерде өткен түрлі геологиялық конференция, симпозюмдарға көп қатысқан адам. Содан, бір жылдары іссапармен Канадаға бардым. Білсеңіз, мені әкемнің рухы жетектеп жүргендей, әсіресе, Торонтодағы геологиялық музейге барғанда осыны қатты сезіндім, тура бала кезімде көрген көріністер көз алдыма келе қалды. Ойыма түсіп тұр, шет елге шыққан бірінші геологтардың делегациясын әкем—Шахмардан Есенов бастап Индияға барған-ды. Ол кезде шет елге шығу деген үлкен оқиға болатын, біздің де жадымызда қалуы сондықтан болар.
Өмір деген өте қызық құрылым екенін енді түсініп жүрміз. Өйткені біз де ұлғайдық, біраз өмір көрдік. Әкемнің өмір жолын кейде ой сарабынан өткізіп отырамын. Бағы өсіп биікте де болды, көреалмаушылар, қызғаншақтар етегіне жармасып төменге де түсірді. Оларды мен әлсіз, бейшара адамдар деп есептеймін. Әкем қанша әділетсіздіктерді көрсе де бізге білдіріп, от басының шырқын бұзған емес. Ол «Мықты бол, геолог!» деген бір әннің сөзі бар емес пе, соны жиі айтатын және оны өмірінің өзегі етіп алды-да. Әріптестер ортасына түскенде: «мен геологияның бар саласында еңбек еткен адамын!» деп, қалжың айтып, ортасын күлкіге көміп отыратын. Өзі қарапайым геологтарды жақсы көретін, Балхашқа барғанда клең жастар ортасына түсті, маған тіптен сол кезде әкем жасарып кеткендей көрінді. Үлкен ортаның өсек-аяңы әбден шараштқан болуы керек, өзінің маң даласына, Сарыарқаның самал желіне асығып тұратын.
Әкем дарынды адам болды, геологиядан басқа да нәрселерге қабілеті зор еді. Қазір өзім таң қалмын, Пушкин мен Абайды, екі тілде —орысша да , қазақша да жатқа сағаттар бойы оқи беретін. Әкемнің әкесі Жорабек атам, оның әкесі Есен, оның әкесі Деріпсал, бабамыз Маңдай ел ортасында беделді, бетті, әділ адмдар болған екен. Тәтіқара ақын бір өлеңінде Маңдай мен Деріпсал бабаларымыз туралы айтып өтіпті. Қуанып қалдым, адамның жақсы, жаман болуы тегіне де байланысты ғой, оны бүгінгі медицина әбден дәлелдеп отыр. Біздің де балаларымыз осал болмауы керек деп ойлаймын...
Әкем өмірден ертелеу өтіп кетті, ол ойыма түссе жүрегім сыздайды, әрине. Біздің адам болғанмызды, немерелерін көрмеді-ау деп өкінемін» .
***
«Амансың ба, мама!
Денсаулығың қалай?
Мен бәрін де Макстан (Мақсұтбек) естідім, папам екуіңіз қатты күйзеліп жүрген көрінесіздер, менімше бәрі дұрыс болады, тек сабыр сақтап, өздеріңізді күтіңіздер.
Жақында мен Мәскеуге келемін, сосын үйге қайтамын...