Шахмардан есенов


Әл-Фарабиді Отанына оралтқан кім?



бет59/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Әл-Фарабиді Отанына оралтқан кім?

Қаншама ғасырлар бойы дүниежүзі бас иіп, «екінші Аристотель» деп қабылдаған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби біздің жерлесіміз--Қазақстандық екенін баршамызға танытқан геолог-барлаушы, академик Шахмардан Есенов екенін біріміз білгенмен, көбіміз білмейді екенбіз. Неге? Сұрақтың жауабы біреу, бүгінгі тілмен айтқанда «жарнамасы» жоқ, жазылуы кем, айтылуы аз. Осы жерден тоқтай тұрып, әңгімені басынан бастайық.

Ең алғаш осы әл-Фараби біздің жерлесіміз болар-ау деген болжаммен ұлы ғұламаның өмір жолын, оның еңбектерін тауып, зерттеуді бастаған ғалым Ақжан Машанов көрінеді. Бұл біздің емес бірге қызметтес болғандар пікірі, баспа бетінде қалған мәлімет. Ол 1958-1959 жылдары Кеңестер Одағындағы ірі-ірі кітапханаларды аралап, әл-Фараби еңбектерімен танысып, алғаш рет оның трактаттарымен жұртшылықты таныстырыпты. Сол трактаттардың бірінде ғалым өзін Фарабтан шыққанын меңзейді. Сол--сол-ақ екен Машанов байланыс ауқымын кеңейтіп, шет ел кітапханаларына хат жазуды бастайды. Экономика ғылымдарының кандидаты, Ортлық ғылыми кітапхана директоры Н.Б.Ахметова мен өз атынан Қазақстан Ғылым Академиясының президенті Қ.И.Сәтбаевқа профессор Брунелланың неміс тілінде шығарған: «Государственное управления по ал-Фараби» еңбегінің бір данасын алдырту үшін 1960 жылдың 15 ноябр күні өтініш хат жазады. Бұрыннан да әл-Фараби мұраларынан хабардар ғалым Қ.И.Сәтбаев бұл игілікті бастаманы қуана құптап, өтініш хатқа «іске асырылсын» деген бұрыштама қойып береді. Осыдан бастап Фараби еңбектерін зерттеу мен іздеу басталады.

Алайда, араб, парсы тілдерін білетін мамандардың аздығынан ба, қамқоршы-басшы Сәтбаевтың науқастанып қалуынан ба, әйтеуір, басталған іс осымен тоқталып қалады. Тек ғалым Машанов зерттеуін тоқтатпай, «Философияға крісудің алдында не керек?» деген әл-Фарабидің мақаласын арабшадан қазақшаға аударып, ол 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында жарияланады. Аударуға көмектескендер араб тілін білетін қария Садуақас Ығылманов, мәскеулік ғалым С.Н.Григарьян мен ташкенттік ғалым М.Н. Хайруллаев, алматылық А.Н.Қасымжановтар болыпты.

Бірақ, «фарабитану» бұдан әрі өрге баса алмай, өрісі кеңеймей қала береді. Тек, 1967 жылы Ғылым Академиясына президент болып Шахмардан Есенов келгенде ғана қайыра қолға алынады. Мұндай мәліметті біздер «Қазақстан» баспасынан 2007 жылы Шәмшиден Әбдіраманның «Ақжан Машани» ғұмырнамалық деректі хикаятынан алдық. Сол хикаяттың 158-163-ші беттерінде былай деп жазады:

«...ХХ ғасырдың 60-жылдарын алғашқы бес жылында А.Машани баба мұрасының денін жинақтап та ұлгерген-ді. Оларды орыс тіліне аударатын мамандар да табылып жатты. Ендігі міндет әл-Фараби мұрасы ғылыми негізде танылуы керек. Ол үшін фарабитану ісі Ұлттық ғылым академиясының жұмыс жоспарына енуге тиісті. Қашан, қайтіп деген сұрақ Ақжан хазіреттің алдында ашылмастай қақпаға айналған. Сол 60-жылдардың ортасына қарай Академияның тізгінін жас жігіт, қайраткер, әрі геолог, әрі ұлттық мүдені тани білетін, мемлекеттік істе шыңдалған Шахмардан Есеновтің ұстауы, фарабитанудың бастауындағы ірі оқиға болып тарихқа енген-ді.

1967 жылы А.Машани жас президентке кірді. 1960 жылдың қарашасында «Келісемін. Іске асырылсын» деп қол қойылған Қанышқа жазылған өтініш-хатынан бастап, қолындағы жинақталған әл-Фараби мұраларын көрсетті оған. Сонымен қоса соңғы 2-3 жылда өзбек ғалымдарының өзбек тіліне аударып шығарған әл-Фараби еңбектерін президент алдына қойып:

--Қашанғы ерте туып, кеш қала береміз. Енді Отырарда-Түркістанда кіндік қаны тамған ұлы бабамызды өзбек ағайындарға қолдан беру ғана қалып еді,--деп қазақты діңкелетіп келген енжарлықты ашына айтты. –Егер әл-Фарабиді зерттеу академия жоспарына енбесе, осы күнге дейін тыраштана тындырған ісімізге салауат айтуымыз ғана қалды...

--Ақа, көріп отырмын, баба мұрасын зерттеуге жетерліктей еңбектерді жинақтапсыз,--деп Шахмардан Есенов кезінде Қаныш Сәтбаевқа жазылған хаттағы аударма мәселесін пысықтады:--Енді осыларды ғалымдарға түсінікті етіп аударып бере аламыз ба?

-- Бұл мәселе кәзір көкейкестілік деңгейден кетті. Жыл сайын Москва, Ленинград университеттерінің Шығыс бөлімін бітіріп келіп жатқан мамандар бар. Соның бірі Болатхан Тайжан деген жігіт екі-үш арабистпен таныстырды да. Егер қажет болса аудармашыны басқа жерден шақыртуға да болады ғой.

--Ақа, жастардың болғаны жақсы. Олар тәжірбие жинағанша, алдымен Фараби заманындағы араб тілін білетін адам керек емес пе?

--Әлбетте. Ондай адам да бар. Соның бірегейі мешіттің бас имамы Сәдуақас Ғылмани ақсақал.

--Имам дедіңіз бе?—Шахмардан Есенов сәл үнсіздіктен кейін,--Фараби мұрасын игеруде жас арабистерден гөрі Құран сөзіне жетік адамның пайдасы көп болар, сірә,--деп, қоштады.

--Ол кісі имам ғана емес, ақын жанды адам. Отыз жылдай жинақтап, түзген арабша-қазақша сөздігі де бар,--деді Машани жас президенттің түсіненіне тәнті болып, осы жылдары баба трактаттарын аударта жүріп өзін тәнті еткен Сәдуақас қазидың ғұламалығынан хабардар екендігін де айтып берді.

--Танысатын кісі екен!—деп барып Есенов басшы қызметінде қалыптасқан істелер істі ертеңге қалдырма дейтін өзінің ұстанымына көшті.—Ақа, егер мүмкіндік болса ертең жолықтырыңызшы сол кісімен,--Президент алдындағы күнтізбе парағын аударып, Сәдуақасты қабылдау уақытын жазып қойды.

Сол қабылдаудан есімде қалғаны мынау деп, Ақжан аға мына жәйтті жиі есіне алып отыратын ды:

«--Сәдуақас есіктен кіре бергенде-ақ президент Шахмардан орнынан ұшып тұра келіп, сәлем беріп, қол алып амандасып, қартқа құрмет көрсетіп, кішілік етті. Қажы сол ықыласына разы болып:

--Бұл күндегі көпшілік қауым сайтаннан қорықпайды, сәлдеден қорқады. Сіз менің сәлдемнен шошынбағаныңызға рахмет,--деді.

--Ол не дегеніңіз, ақсақал, неге қашамыз. Мәселе сәлдеде емес, адамда, ғалымда, шындықта емес пе. «Құранды» молда теріс оқыр, Дағарадай болып сәлдесі»,--деді ғой Абай.

-- Ол рас. Исламның ғылыми шындығын алмай, бұрмалап, малға сатушылар көп болған. «Дүмше молда дін бұзар»сонан шыққан...

--«...Жаман бастық ел бұзар» деп қосып қойыңыз бұған,-- деп Есенов қазиды қоштады.

Қажы мен академиктің осындай ғылыми-поэтикалық астары бар әңгімесін біз қызыға тыңдап, күлісіп, желпініп қалдық. Сол жылы қажы өзінің көп томдық қолжазбасын (шамасы 5 том болса керек) ішінде бірнеше кітап болатын арабша-қазақша сөздігі бар –жиырма жыл тірнектеп жинап жазған еңбектерін президентке аманат етті. Есенов оны Тіл институтына тапсыратындығына уәде етті, сөз арасында әл-Фараби мұрасын қазақша аударуға көмектесуін сұрады.

Өкініштісі бұл еңбектің сол кездегі Қазақ тіл білімі институт директоры академик І.Кеңесбаевтың қырына ілікпегендіктен сөздік жинақталмай қалған сияқты. Жуырда жас ғалым Дихан Қамзабекұлының Сәдуақас қажы жасаған сөздіктің қолға түскен бір томын бастырып шығартқандығын, қалғаны із-түссіз жоғалған болса керек деген өкінішін естідік...

Жә, үзілген әңгімеміздің жалғасына көшейік.

Шахмардан Есенов телефон тұтқасын көтеріп:

--Жабағы Тәкібайұлы, менде академиямызды құрушы ақсақаламыздың бірі Ақжан Жақсыбекұлы отыр. Сіз осы кісімен кездесіңіз. Келесі президумда әл-Фараби мұраларын акдемия іс-жоспарына енгізу туралы мәселе даярлау керек.

Шахмарадан Есенов Ақаңды қарынан ұстаған күйде есікке дейін шығарып салып тұрып:

--«Әл-Фараби мұрасы қашан зерттеледі?» деген хаттар бұрын да көп түскен екен, қазір де жетерлік...аракідік телефон шалушылар да аз емес,--деп барып Шахмардан:--осы туралы өзім де Сізді іздеткелі жүр едім. Келгеніңіз жақсы болды, Ақа!—деді, қолын қыса тұрып қоштасып. Президент бөлмесінен қазірет Ақжан мұндайда қуаныштан төбем көктен екі елі асып кетті дегізетіндей шат-шадыман күйде шықты. Шыққан бетте ол академияның вице-президенті академик Ж.Тәкібаевқа тартты.

--Жабағы, жел оңынан тұрған сияқты,--деп есіктен сөйлей кірген Ақаң өзіне бәрін беремін. Сен алдағы президум отырысына үлгеретін бол!

Сол күгі қуанышын Ақжан хазірет өзінің ерекше сыйлайтын нағыз қазақ қаны дарыған ұлтжанды ғалым Рахманқұл Бердібаевқа айтты:

--Ақа, ісіңіз енді алға басатын болар!—деді ол Ақжан ағасының қуанышын құптап:--Әрине, президент бастайық деп отырғанда басқалардың «болмайды» деуі екі талай. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Бүгінгі біздің жағдайымызда «қыздырманың қызыл тіліне» салатындар аз да емес...Қамсыз қалмауымыз керек.

Рақаңның телефон шалған алғашқы академигі Сәбит Мұқанов болды. Сымның арғы басынан мән-жайды естіп болған соң:

--Сенің айтып отырғаның әлгі Машанов айтып жүрген сәлделі ғалым ғой,--деді Сәбең өзінің қырылдай шығатын дауысымен ойнақы ойын аңғартып:-- Ана өзбек Ғафур Ғұлам, қазақ көшіп жүремін деп сауатсыз қалғансыңдар деп иықтай беруші еді. Енді оны жамбасқа алатын болдым ғой!—деп, ол өзбек досы ақын Ғафурдан «өшін» алатындығына шын шаттанды:--Фараби туралы жазылған кітап болса ала келші...

Қазақстан Ғылым Академиясының кезекті мәжілісі президиум Ә.Н.Тәкібаев пен А.Машанидың «әл-Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу мәселесі» баяндамасын тыңдаумен басталған еді. Мәжілістің жалпы мазмұнын, сол жиынның басы-қасында болған, өзі ұсыныс жасаған, қазірде арамызда жүрген ғұлама Рахманқұл Бердібаймен жасалған сұхбаттан үзінді берумен шектелуді жөн көрдік. (Фарабитану осылай басталып еді» деген тақырыппен берілген сұхбаттың толық мәтіні «Қазақ әдебиеті» газетінде және «Фараби—ғибратты ғалым» атты кітапта жарияланды —Ш.Ә.).

Сонымен:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет