Шахмардан есенов



бет84/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Тоғызыншы бөлім

« ҰСТАЗЫ МЫҚТЫ ҰЛЫ БОЛАДЫ»



«Біз, геологтар, қаншама байлық таптық,

алтын көмбенің үстінде отырмыз, бірақ, ең

кедей елміз. Неге?»

***

«Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне

ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал, ертеңгі

ұрпақтың мықты болып жетілуіне бүгін біз

жауаптымыз»

Шахмардан Есенов

«-«Ұстазы мықты ұлы болады!». Негізі бұл нақылды әуелі Шахмарданның өзіне, сосын оның шәкірттеріне айтуға болады. Ұстазы Қаныштан алған үлгі-өнегесі оны біраз биікке көтеріп, тұлғалы ғалым атандырды. Енді өз ісін жалғастыратын шәкірт дайындауға мықтап та, нықтап та кірісті. Геология мектебін бірі құрып, екіншісі жалғастырып, енідгі жерде сол мектепті болашаққа ұластыратын ұландар даярлауды ойлады.

Нақ осы тұста, Шахмардан Есенов ұстаздық қызметке енді кірісе берген кезде, тағы бір қызық оқиға дейміз бе, әділетсіздіктің әпербақан әрекеті дейміз бе, әйтеуір, бір жағымсыз іс тағы да басталды.

Бұл 1978 жыл болатын. Шахмардан жаңа қызметіне енді кірісіп, кафедра ұжымымен танысып, жоспарлар жасап жатқан-ды. Бір күні Сізді Орталық Комитетке шақырады деген тағы да хабар келді. Әрине, бұл хабарды оған жағымды тиді деп айта алмаймыз. Шайлыққан жүрек «тағы да не болып қалды екен?» деген түйткілмен келген. Соңғы жылдары ол «Үлкен үйге» кінәсіз болса да кінәлінің орнында талай барған, талай түсініктеме жазған. Биліктен кеттім, енді маған маза береретін шығар деп жүргенінде тағыда «кілем үстіне» шақырып тұр. Келді. Себебін естіді. Бұл жолғы шақырыстарының себебіне шынын айтса Шахмарданның күлкісі келді, сосын өзіндік пікірлері жоқ, құлдық ғымыр кешіп жатқан партократтарды аяды. Әйтпесе, «бұл мақалада тұрған ештеңе жоқ, қойыңдар!» деп біреуі бір ауыз қарсылық білдірулеріне болушы еді ғой. Жоқ, ешкім ауыз ашпаған, бәрі де биліктің алдында дәрменсіз, бейшара халдерін әшкерелеп тұр. Бар оқиға былай болған, кезінде Шахмарданға сабақ берген ұстазы, «Геологиялық барлау» факультетінің доценті, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Г.П.Бурдаков институттың «Инженер кадрлары үшін» деген шағын тиражды газетке «Біздің түлектеріміз енді бізге ұстаз» деген көлемі кіп-кішкене ғана мақала жариялапты. Әдеттегі таныстыру. Біраз лауазымды қызметтерде істеп, ел үшін, жер үшін еңбек еткен адамның, академик Есенов Шахмарданның өзі ұшқан ұясына оралып, ұстаздық етуін ептеп қана мақтаныш сезіммен жеткізу бар. Басқа асыра мақтап, марапаттау мүлдем жоқ. Бірақ, осы мақала Орталық Комитеттегілерге шаян шаққандай әсер етті. Қылмыскерлерді алдына шақырған тергеушідей боп, ертеңіне-ақ Орталық Комитетке әуелі институттың ректорын, сосын партия ұйымының хатшысын шақырды. Олар «біз білмейміз» деп, ақталып, әуре болды. Ал, газет редакторы Досмұхамед Кішібеков «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ шығар» дегенді айта тұрып, мынаны баяндады:

--...Ш.Есеновтің біздің институттың түлегі болғаны рас па?—Рас!

Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны рас па?—Рас!

Ғылым Акакдемиясының президенті болғаны рас па?—Рас!

Біздің институтымызға сабақ бергелі келгені рас па? –Рас!

Мақалада осыдан басқа еш нәрсе айтылған жоқ. Ал,енді маған не дейсіз? Бұл мақаланың басылуына ректордың да, партия ұйымының да еш қатысы жоқ. Редактор болған соң мұндай майда-шүйде нәрсені өзім шешемін. Ал, сол үшін кінәлайтын болсаңыз мені кінәлаңыз, одан соң мақала авторын кінәлаңыз. Бірақ, мен бұл мақаладан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын»,--деді, шеттен шыққан әділетсіздіктері үшін терісіне сыймай, түтігіп.

«Жауап» алып отырған Орталық Комитеттің қызметкері кәдімгі асылдың тұқымы Ораздың баласы Санжар Жандосов еді. Ол мұндай жауапқа не айтарын білмей, сасқалақтап қалды. «Отыра тұрыңыз, мен қазір келемін» деп, содан екі-үш сағаттан кейін бір-ақ келіп, «кете беріңіз, кейін әңгімелесерміз» деп, көп күткен Кішібековке байлаулы бір шешім айта алмай шығарып салды. Бірақ, обалы не керек бұдан кейін редактор Кішібековті Орталық Комитетке шақырмады, бірақ, Есеновті кафедра меңгерушілігінен түсіріп, кафедраның профессоры етіп қана қалдырды. Бәрі бір алмас пышақ қап түбінде жатпайды, келесі жылы конкурсқа түсіп-ақ, кафедра меңгерушілігіне оралды. Тіптен, қанша жерден кемсітіп, етектен тартқанмен академик Қаныш Сәтбаевтан кейін Қазақстан ішінде Шахмардан Есеновтен асатын ғалым, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы жоқ еді. Соны біле тұрып белден басты, көре тұрып қиянат жасады. Амал қанша...

Есенов білгенін жастарға үйретіп, өзі жетпей қалған армандарына солар жетсе екен деген ниетте, ұстаздық қызметке де кәдімгі өзінің әдетімен бел шешіп кірісті. Біле білген адамға, нағыз ғалым үшін, халқым деген қайраткер үшін осыдан артық бақыт та, мақсат та жоқ болуы керек. Академик Шахмардан Есенов: «Мен министр болғам, президент едім...» деп, кафедра меңгерушілігін қомсынбай, қайта жастар тәрбиесіне қайраттана қолға алды. Бір данышпан: «ақша жоғалтсаң—көп жоғалтпағаның, дос жоғалтсаң—көп жоғалтқаның, ал, егер мінезіңді жоғалтсаң бәрін жоғалтқаның» демеуші ме еді. Есенов тумысынан өзіне серік болып келе жатқан жігер мен қайратын, мінезін бұл жолы да жоғалтқан жоқ, «құлатамыз» деушілер бұл жолы да құлата алмады. Өзі: «біз ертеңгі ұрпақ өміріне жауаптымыз!» дегенді жиі айтатын, сол ұрпақты тәрбиелеуге шын кірісті.

Негізі ол қай қызметте болмасын жастарға деген жауапкершілігін азайтқан емес. «Болашақ жастар қолында» дегенді құрғақ ұранға айналдырған жоқ, нақтылы шаралар ұйымдастырды.Маңғыстауда жүріп, мұнайшы маман-кадрлардың жетіспейтінін көріп, мемлекет органдарына хат жазып, өзі барып, ақыры Алматыдағы Қазақ Политехника институттының Тау-кен факультетіне қабылданатын студенттер санын көбейттірді, дайындық курсын аштырды. Ғылым Академиясынан «жас ғалымдар» қоғамын құрып, съезін өткізді, жастарды лауазымды жұмыстарға тартты. Әлем таныған әл-Фарабиді жерлесіміз екенін көпке мойындатты. Кім үшін, не үшін? Жастардың рухы асқақ, жүзі жарқын болу үшін. Абайдың, Жамбылдың мерейтойларын өткізудеге мақсат та сол жастарды тәрбиелеу, ізгілікке баулу болатын. Осылай, ол қазақ ұлтының моралдық та, материалдық та азып-тозыуға түспеуін әріден ойлады, бар әрекетін, саналы ғұмырын арнады.

Кезінде, сонау алпысыншы жылдары Асқар Тоқмағамбетов ақынның: «Қайда тұрып сайраса да, бұлбұлдың аты бұлбұл» деп, жырлағаны кейіннен қанатты сөзге айналып кетіп еді. Дарынды адам қашанда да, қай ортадаға түссе де ерекшелігін көрсетіп, қой бастаған серкедей боп жүретіні шындық. Рас, әуелгі кезде Шахмардан қайнаған қоғамнан оқшау қалып қалғандай, бәйгенің дүбіріне құлағын қайшылаған сәйгүліктей елеңдеп біраз жүрді де, ұстаздықтың бір сарынды, тіршілігі тұрақты қалпына үйреніп те кетті. Қашанда да, қай замандарда да өз маңыздылығын жоймайтын: «Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал, ертеңгі ұпақтың мықты болып жетілуіне бүгін біз жауаптымыз» дегенді де нақ сол кезде айтып еді Шахмардан Есенов.

Ол: « Университет оқытушысы үшін оның мәдени дәрежесінің деңгейі ғылыми дәрежесінен еш төмен болмауы міндетті» дегенді үнемі әріптестеріне қайталап, өзі сол деңгейде жүретін. Қандай бір күрделі мәселелер мен күрмеуі қиын іс ортасында отырса да Есенов әлдекімдердей ешкімге дауыс көтеріп, намысына тию дегенді білмейтін, байыппен сөйлеп, салмақпен шешетін дейді әріптестері.

***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет