Ескендірбек ».
Бұл Ескендірбектің Совет Армиясы қатарындағы борышын өтеп елге қайтып келе жатқандағы анасына жазған тілдей хаты. Әкенің басындағы шырғалаң оқиға балалардың да жүрегіне салмақ салып тұр. Тіптен Ескендірбекті ерте есейткен бе дерсің: «тек сабыр сақтап, өздеріңді күтіңдер!» дейді. Өмідің ащысы мен тәттісін татып үлгерген адамның айтатыны ғой бұл. Бұл от басы басқаларға үлгі боларлықтай татулықта тұрды. Дүниені сол ғана тіреп тұрғандай, әке лауазым соңында кетіп, әке мен бала, ана мен қыз бір шаңырақтың астында тұрып-ақ бір-бірінен «адасып» жүргендер аз ба?! Жоқ, бұл отбасында Сейтмұратова айтқанда «адам қызығарлық сыйластық болды». Ал, әлгіндей әке басына түскен шырғалаң, қысастық балалардың жас кезінен әділетсіздікке қарсы тұрып, шындықты қорғай білу керектігін үйретіп кеткендей еді. Әке басына түскен ауыртпалықтан әлі бала болса да олар өмірде кітаптағыдай «жаман» кейіпкерлердің болатынын түсініп, түйсініп өсті. Қарапайым ғана қағида–адам басын қадірлеуді, сыйлауды, өзгенің қуанышына да, қайғысына да ортақтаса білуді үйренді, қиянат жасаудың күнә екенін ұқты. Дос пен дұшпанды ажырата білудің маңызды екенін түсінді. Не керек, әке басына түскен әділетсіздіктің, қиянаттың балаларына берген өмір сабағы аз болған жоқ...
***
Мақсұтбектің әрекетінен сабақ алған Шахмардан мен Кәмила Ескендірбекті бірден Мәскеудің атақты МГУ-іне оқуға жіберді. Ол да әке жолын қуып гиофизик мамандығын таңдады. Сол салада көп жылдар қызмет етті. Жары Ғалиямен бірге екі қыз: Динара және әжелерінің құрметіне кішісінің атын Кәмила деп қойып, тәрбиелеп өсірді. Бәрі де ойламаған жерден басталды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар басында адамзат тарихында болмаған қайғылы жағдай-- Чернобыл атом электор станциясы кенеттен жарылды. Жан-жақтан, әсіресе, туысқан республикалардан көмекке адамдар келе бастады. Солардың қатарында Қазақстаннан барған Ескендірбек те бар еді. Талай адамның тағдырын алып кеткен бұл апаттың соңы да жаман болды, көмекке барғанның көбі сәулеге ұшырап, айықпас ауруға шалдықты. «Айналдырған ауру алмай қоймас» деген, ақырында, 2004 жылы Ескендірбектің жас өмірін қиды. Артында қалған екі қызы әке өмірін жалғастырып, орындай алмай кеткен армандарын іске асыру үшін талаптануда. Екеуі де шет елдің дәрежесі жоғары оқу орнынан білім алды, тәрбие көрді.
Шахмардан мен Камила кенже ұлдары Сұлтанды еркелетіп өсірді, сондықтан да болар оны алысқа шығарғылары келмей Қазақ Политехникалық институтының геология факультетіне оқуға түскенін қалады. Солай болды да. Мамандығы бойынша талай жылдар еңбек етті, қазір жаңа заманның талабына қарай ойысып бизнеспен айналысады. Сұлтан мен жары Баян екеуі: Салтанат, Ким, Әсел, Дархан, Ахан деген балаларды оқытып, өсіріп келеді.
Кәмила апай айтады: «Іздеп табар жалғаннан, Бала берген пенде едім...» деп Абай айтқандай төрт баланы өсіріп, ер жетірдік. Балалардың бәрі де мектепті жақсы оқыды, мамандықтарын өздері таңдап, тағдырларын өздері шешті. Еш уақытта Шахаң балаларына ондай болмаңдар, мұндай болыңдар деп уағыз айтып өсірген емес, ол ата-бабалары секілді өзінің іс-әрекетімен, қылығымен, қарым-қатынасымен тәрбиеледі. Балалрға да ана иинститутқа бар, онда барма деген әңгіме айтқан емес. Таңдауды балаларына тастап, сырттан бақылап отыратын.
Жазғы демалысымызда балаларды алып Қырым мен Кавказға кететінбіз. Алғашқы жылдары ғой, төрт бала және екуміз, алты адамның билетін екі күнге бөліп әкеп тұр, мен:
-Батыр, билет болмады ма? Неге бәрімізге бір рейске алмадың,--дедім, түкке түсінбей.
-Батыр-ау, әдейі осылай алдым. Сақтықта қорлық жоқ. Техниканың аты техника...Бастысы- аман барып, сау қайтсақ болды емес пе? Бір күннің әрісі мен берісі не етер дейсің,-- деді, Шахаң.
Сонда ғана түсіндім. Алғашқы күні екі баласы: Шәйза мен Ескендірбекті алып ол ұшып кетеді, жетісімен телефон соғып хабарласады. Әрине, ол кезде сотка деген жоқ қой, кәдімгі қара телефон ғой байланыстыратын. Келесі күні мен ұшамын Мақсұтбек пен Сұлтанды алып. Өте балажан еді, айналып-толғанып отырмағанмен бар жағдайын ойластырып, сабағын сұрап, «Батыр, балалардың сабағын қадағала, дүние білімге ауып бара жатқанын түсінесің ғой» деп қоятын анда-санда.
Демалыста балалармен қосылып доп ойнауды жақсы көретін. Денесі зор болса да балалардан қалыспайтын, допты өте шебер ойнайтын. Соған үйренген балалары «Папа, пашли футбол поиграем» деп, қиылып тұратын. Барған жеріміздің тарихымен танысып, оны балаларына баяндап отырғанды да жақсы көретін. Алматыда басымыз бұлай қосыла бермейді ғой, Шахаң жұмыстан кеш келеді, ерте кетеді, кей кездері апталап балалар әкелерін көрмейді. Сондықтан да жыл сайынғы жазғы демалысты бәріміз де күтеміз, жақсы көретінбіз. Өзімізбен өзіміз болып, әңгімелесіп, қыдырып, доп ойнап, суға түсіп, не керек Шахаң бізге «олжа» болып, мәре-сәре күй кешетінбіз. Кейіннен балалар ер жетті, оқуға түсті, басқа қалаға кетті. Содан демалысқа екеуміз ғана баратын болдық. Бұл да өмір заңы шығар, ұясынан балапандарын ұшырған қоңыр қаздай қала бердік, екеуден екеу. Өткен күннің бәрі ыстық болады екен, сағынамын, көп ойыма аламын. Өкінішті-ақ, қайтып келмейді. Сондықтан да балаларыма, келіндеріме: «әр күндеріңді қадірлеңдер!» деп айтып отырамын.»
Таудан құлай аққан асау өзен күркіреп, көбігін көке атып, буырқанып барып етекке жетіп, ентігін басып, жуасып, жайбарақат ағысқа түседі. Бір қарасаң адам өмірі де осыған ұқсас. Шахмарданның өмірі, ұстаздық өмірі жайбарақат, тіршілігінің бір қалыпқа түсіп, сабырлы-салмақты тартқан кезі еді. Өткен өмірін ой елегінен өткізе бастаса –ақ болды жарқын күндері мен басына бұлт айналған тұстары тоқайласа келіп, қатар жарыса шабатыны бар. Әрине, жарқын күндері аз болған жоқ. Әсіресе, Жезқазғанда өткен өмірін, дала кезіп кен іздеген, қос тігіп далада түнеген кездерін, геологияның сырын ұққан жылдарын, одан үй болып, жары Кәмиламен бақытты шақты өткізген күндерін, өмірге тұңғыштары келген сәтті Шахмардан қалған өмірдің ешбір кезеңіне айырбастамас еді. Бүгінгі күндері «біздің ең бақытты күндеріміз Жезқазғанда өтті. Ол күндерім менің ойыма күнде түседі. Батырым менің ойымда, санамда, күнде менімен бірге өмір сүріп келеді» деп, көзіне жас алған тұстрын қайтерсіз.
***
1993 жыл... Ол өте сирек кездесетін аурумен ауырды. Қоғамдағы адам қолымен жасалып жатқан небір әділетсіздіктерге, өзіне жасалған қысымшылық, қарсылыққа, күншілдікке төзе-төзе шаршаған жан мен тән ақырында имунндық қасиетін азайтып, денсаулығын бұзды. Ол- елі мен жұртының ен байлықтың үстінде отырып кедей болғанына күйзелді, ол- кен байлықтарының-қалай болса қазылып, шашылып-төгілгеніне қайғырды, ол- «отаршылдардың» Отанын аздырып, ұлтын тоздырып, тілінің жоғалып бара жатқанына жаны күйді. Осыған орай ақиық ақын Әбділда Тәжібаев шыншыл да, әрі әдемі естелік жазып кетіпті. Шахмарданның сөзі, ойы арқылы жан-дүниесін, ішкі әлемін, жүрек сырын, қысқасы, Адамдық асыл қасиетін танып білуге әбден болады. Сөз ақында:
«--Бір жылы Шахмардан екеуміз Алматыдан Қызылордаға бірге баратын сапарлас болып қалдық. Аз ғана күн болса да бірге жүретін болғанымызға екуміз де бірдей қуандық.
--Билетті бір купеге аламын, бірге отырамыз, бірге жатамыз. Қызылордаға жеткенше басыңызды қатырамын.
--Менің басымды қатыру үшін бірер күндік жол азд ық қылатын шығар,--деймін, інімді сөз жарысына шақырып.
Бір вагонда, бір купеде туған жерге тартып келеміз.
Мен пойыз жүре бастағанда қисайған едім, әжемнің бесігінде тербелгендей лезде-ақ ұйықтап қалыппын.
Едәуір уақыт өтіпті, оянсам күн батыпты, түн басыпты, купеде шам жанып тұр.
--Тамаша ұйықтадыңыз, Әбеке.
Мен бетімді салқын сумен шайып келіп, өз орныма отырдым. Екі кісіге шақталған кішкене столда қара көзі жаудырап француз коньягі тұр, ет те туралыпты, шоколадтар да қойылыпты.
--Бірінші тосты сіз айтыңыз, аға. Ана жылы Сәбеңмен ( Сәбит Мұқановты айтады) далада өткізген екі адамдық банкеттеріңіз сияқты екеуміздің банкетімізді басталды деп санаймын.
--Бұл ғажап болды, Шахатай! Улаған-шулағаннан кісінің басы қатады. Мен де Сәбит ағамыз сияқты осындай шағын банкетті жақсы көремін.
--Ал, енді іске кірісейік, бағынышты адам қашанда да жағынуға тырысады. Мен алғашқы тосты өзімді билеп басқарушы Есенов Шахмардан жолдастың саулығына арнаймын. Менімен соғыстырып болмай, ішіп болмай сөйлеуіне рұқсат жоқ.
Түн өтіпті вагонда, келер күнге ауысыппыз. Шахмардан екеуміз шайымызды ішіп болған соң, заулап бара жатқан пойыздың терезесінен дөңгелене түсіп, қалып бара жатқан далаға қарап отырмыз.
Мен осы жол бойында есіме түскендерді Шахмардан сұрамаса да айта бастаппын.
--1926 жыл болуы керек, ұмытпасам... Онда Шымкенттегі жеті жылдық Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленеміз. Сол интернаттан жеті жылдық мектепке қатынап оқимыз. Жазда Ақмешіттегі шешеме барамын, күзде Шымкентке қайтамын. Сондағы жол бойында көргендерім әлі есімде. Ұзын жолдың бойында қатар отырған ауылдың жалғасу бір үзілмейтін. Жайылған млдың көптігі сондай бұған есеп жетпейтін шығар дейтінбіз.
Қырғыздың «Манас» деп аталатын дастанында қазақ туралы қызық сөздер көп-ақ. Солардың ішінде менің есімде «қазақ көп пе, қамыс көп пе?» деген жолдары қалыпты. Дастандағы осы сөздер есіме түскен сайын сол жылдардағы Ақмешіттен Шымкентке дейін қатар отыратын күздегі қазақ ауылдары мен олардың сан жетпестей малдары да есіме түседі.
Қазақстанға, Орталық партия Комитетінің хатшысы болып, қанішер, бұзық Голощекин келіп, ашаршылыққа ұшырамасақ не болар еді?
Құдай бізді қорлық үшін, бейнет үшін Ресеймен іргелес қылған ғой.
Жерінің асты алтынға бөккен, үсті жарық нұрға малынған қазақты Ресей бірнеше рет құрттым, бітірдім деп ойлады.
Он өлдік, он рет қайта тірілдік. Өміршең халық екенбіз, аждаһа қанша рет жұттым, бітірдім десе де біз бітпедік, таусылмадық.
Біз ән-күйімізді жоғалтпадық. Жылап жүріп ән айттық, күй шерттік, қатал тағдырмен беттесіп тұрып ұлы мекеннің иесі екенімізді дауыстап айтудан айнымадық.
Достарыңызбен бөлісу: |