(«Қазақстан коммунисі», 1990 жыл, №10)
Бұдан артық не айтуға, қалай жазуға болады. Естір құлақ, тыңдар пейіл болса бәрі де баяндалып тұр. Егер Есенов айтқан жолмен жүріп, айтқандарын іске асырған болсақ біз бүгін шын мәнінде өзіміз айтып жүрген үздік 50 мемлекеттің қатарына қосылып-ақ қалар едік. Әзірге ол елу елдің қарасы да көрінбейді. Соған қарағанда Есенов айтқан кен байлығын ел игілігіне айналдыру әдістері, іс-шаралары еске алынбаған болып тұр-ау!
Мұндай ойларын ол талай-талай газет-журналдарда жариялады. Үкіметке хат та жазды. Баяғы жартас, сол жартас, жауап болмады.
Уақыт жылжып өткен ғасырдың сексенінші жылдарына да келді. Бұл кезде Кеңестер Одағындағы хал-ахуал әбден тұралаған кез еді. Одақтың қай тарапына бармасаңыз да дүкендерде күнұзаққа кезекте тұрған халық. Жоспарды екі жүз процентке асыра орындадық деп жаһаннамға жар салып жатқан политбюро мүшелері.Бірақ одан дүкендердегі азық-түліктің көберер түрі жоқ. Баяғыда домбыраның құлағын дауысына келтіре алмаған біреу домбырам не дейді, мен не деймін деген екен. Біздің де «өмір салтымыз» дәл сол болды да қойды. Съездер мен пленумдарда сөйлеген Ел басшыларының сөзі бір басқа да, өмір мүлдем кері кетті. Көзді бақырайтып қойып өтірік айту етек алды. Халықтың емес өзінің «қан қысымын, жүрек талмасын» ойлап тұрған трибунадаға қаусаған шалдарды көріп халықтың ызасы келді, наразылығы оянды. Қазақстанда сол тоқыраудың көрінісі болып—1986 жыл келді тарих сахнасына.
Бұл көптің күткен серпілісі мен сілкінісі еді бұл.
Есіңізде ме баяғыда көмекшісі Асанов Мәдениетке: «төрт жылда дүние өзгермейді деп кім айтты саған» демеп пе еді Есенов. Бірақ ол күткен төрт жылда дүние өзгермеді, ұаққа созылды. Бірақ, ақыры келді. Дүниені дүркіретіп Желтоқсан оқиғасы келді, 25 жыл отырған бірінші хатшылықтан Қонаев түсті, оның айналасындағы «сенімді» деп жүргендері істі болды, қылмыскер атанды. Алынбайды деп жүрген қамал, Кеңес Үкіметі қарап тұрып қақырап түсті. Есеновте үміт оты жанды, енді қоғамда өзгеріс болып, жер байлығын халық игілігіне жаратармыз деп үміттенді, ерекше бір белсенділік, құлшыныс пайда болып, екінші бір тынысы ашылғандай болды.
Содан ол Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Оның депутаттыққа өтуі де қызық, тосыннан туды. Ғылым Академиясы өз тарапынан депутаттыққа бір адамды ұсынуға қақылы болатын. Кандидатты анықтау мақсатында академияда жиын өтіп жатқан-ды. Әрине, «мені ұсынса екен» деп, мысық дәмемен отырғандар аз емес еді. Бір кезде бір жас жігіт орнынан атып тұрып: «Мен академик Шахмардан Есеновті ұсынамын!» деді. Сол сол-ақ екен, тура бір осы ұсынысты күтіп отырғандай залдағылар дүркіретіп қол соғып жіберді. Кім білсін, басшылардың діттеп отырған өз кандидатуралары бар болған да шығар, бірақ, мына ықыластан кейін олар үнсіз қалды.
Жаңағы, Есеновті ұсынған жасты кім дейсіз ғой, ол Қызылорданың шалғай аулынан Мәскеудің атақты университетіне түсіп, оны үздік бітіріп, аспирантураға қалып, отызға жетпей кандидаттығын да, докторлығын да қорғаған, ең жас ғалым, математик Жұмаділдаев Асқар еді. Сол бір сәтті ол бүгінде былайша еске алады:
«-- Ол кезде мен Есеновті жыға танымаймын да. Бірақ жерлес екенімді, тіптен туыстық та жағдайымыздың бар екенін сыртай білетінмін. Ал мықты ғалым екенін, отыз үш жасында министр болғанын, отыз алты жасында Лениндік сыйлықты алғанын, отыз тоғыз жасында Ғылым Академиясына президент болғанын газет-журналдардан оқып танысқанмын. Байқаймын сондай адамға сол кездегі ортаның көз-қарасы салқын.Жоқ, бұлай болмайды деп түйдім. Қызық бір түсінік бар еді ғой сол кездерде, лауазымды қызметтен түссең, партбилеттен айрылсаң болды, тура бір сенің бар қасиетің, адамгершілігің, ақылың сонда тұрғандай-ақ жұрттың теріс қарай қалатыны болатын. Сондай сәтті Шахмардан ағаның басынан кешіріп жүргенін сездім де, сәті түсіп тұрған соң депутаттыққа ұсынып жібердім. Ол кісінің мықты ғалым, басшы, азамат екенін басқа-басқа ғылыми орта біледі ғой, олар мені қолдап кетті. Негізінде Ғылым Академиясынан депутаттықа мен де түсуім керек болатын, «жоқ, Есенов тұрғанда мен түспеймін!» деп, қарсылық білдірдім. Менің де отыз екі жасымда математика ғылымының докторы атанып, атағымның дүрілдеп тұрған кезі болатын. Бірақ, әр нәрсенің жөні мен әркімнің жолы болуы керек. Көп тобыр болды екен деп бәріміздің де сол тобырға қосылып кетуімізге болмайды ғой. Жол да, жөн де Есеновтікі болатын, мен тек соны сақтадым. Содан мен Жастардың қоғамдық ұйымынан депутат болып сайландым. Ол кезде Жоғарғы Кеңес Алматыда болатын, содан, мәжіліс кезінде кездесіп тұрдық, анда-санда әңгімелесіп қаламыз. Шахмарданмен әңгімелесу сондай бір, қалай айтсам екен... приятный болатын. Кейбіреулер болады ғой, атағы, даңқы жер жарады, сөйлесе, әңгімелесе келсең жәй дырылдақ, папулист болып шығады. Шахмардан ондай емес, ол нағыз кемеңгер және соған ылайықты сыр мен сымбаты болған адам еді.
Таң қалатыным, қаншалықты жәбір көрсе де, әсіресе, Қонаевтың атына бір де бір рет жаман сөз «анау андай еді, мынау мұндай еді» деп, айтқан емес. Бұны мен тектілікке, нар мінезді адамға теңеймін. Қазақ айтпай ма, «Жамандыққа жақсылық нар адамның ісі, жамандыққа жамандық әр адамның ісі» деп. Ол көптің бірі болған жоқ, көптің бірі жасаған өзіміз, сол кездің шенеуніктері. Олар Шахмардандай бола алмады, болғанды көре алмады, қысқасы, орнымызды алып қояды деп қорықты.
Содан екеуміз де депутатпыз. Мәжілістің ішіндегі түрлі комитеттерге төрағалар сайлап жатырмыз. Мен мәжілістегі экология комитетінің төрағалығына Есенов Шахмарданды ұсындым. Тағы бір кандидатура болды, Қарағандыдан келген кенші, өзі сондай бір сөзуар, бір нәрсені білсе де білмесе де соға береді, орысшасы мықты. Біреулер соны ұсынды. Сөйтсем оны жоғарғы жақ ұсынып, бар мәселе шешіліп тұр екен ғой. Мен оны қайдан білейін, демократия келді екен деп Есеновті ұсынып жүрмін ғой. Қараңызшы, экологияның проблемасын қарапайым кенші біле ме, жоқ әлде бар өмірін ғылымға арнаған ғалым біле ме? Залда 360 депутат отыр, олардың басым көпшілігі «еңбекші мен жұмысшы» табы, олар экологияның не екенін түсініп те отырған жоқ.
Бұл жолы мен жеңілдім, Шахаңды өткізе алмадым...»
***
Мінберден айтты.Үкіметке хат жазды. Хабар болмады. Ақыр соңында, шыдай алмай бар үмітін алға салып академик Шахмардан Есенов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды.
Не керек, бұл хатқа да жауап болмады. Бәрінің де құлағы керең, көзі соқыр болып қалғандай. Жапан далада жалғыз қалғандай күй кешті. Кен байлығы халыққа жетпей, бөгделер қолында кеткелі тұр. Халық күннен күнге күйзеліп барады. Елі еріне, ері жеріне қарған заман келді. Ойда-жоқта қолға тиген тәуелсіздіктің туын жығып алмасақ екен деп күні түні ой қазды, қарап жата бермей ол ойларын ортаға салды, біреу болмаса біреу назар аударар деп газет-журналдарға жариялай берді, алдында отырған студенттеріне айта берді. Әйтеуір, шамасы келгенше көптің санасын оятып, ырысынан, үлесінен айрылып қалмаудың қамын жеді.
Ол «Егемен Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді:
«--Парламентке сайланған депутаттар Қазақстандағы бүкіл халықтың өкілдері екенін ұмытпауы керек. Қалың көпшілік бар аманатын соларға жүктеп отыр. Мемлекеттік маңызы бар ірі-ірі мәселелерді шешу міндеті Жоғарғы Кеңеске жүктелгені де сондықтан. Алайда, Жоғарғы Кеңестің құқығы мен мүддесін қорғай отырып, Президенттің де қолын байламау жағын ойластыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтің қай мәселені болсын жедел шешуі, ұсынып жатқан ұсыныстары маған ұнайды. Жалпы , мемлекетті бір адамның басқарғаны жөн демекпін. Әрине, бұл жеке басқа табынушылық немесе диктатуралық билік орнатуды көздейтін мақсаттан емес, мемлекеттік, халықтық проблемаларды мүмкіндігінше дер кезінде шешіп отыруды қалайтын райдан туындауы керек.
Тағы бір айта кететін жәйт, осы сесияда Республика Күнін 16-желтоқсаннан 25-қазанға ауыстыру жөнінде мәселе көтерілген еді. Сенбі күнгі мәжілісте мұны депутат Мұхтар Шаханов тағы да қозғады. Өкінішке орай, ол күн тәртібіне ұсынылған Заң жобасын талқылаудың көлеңкесінде қалып отыр. 25-не дейін санаулы ғана күн қалғанын ескерсек, тездетіп бір шешімге келуге тиіспіз.»
Осы тектес қадау-қадау ойларын Қазақстан Жоғарғы Кеңес депутаты кезінде Жоғарғы халықтық трибунадан талай-талай айтты. «Сайландым ғой», жайланып отыра берейін деген «күнім өтсін» дейтін тексіздік онда болмайтын. Оның өмірі сәтті тұстарда да, сәтсіз кезеңдерде де қайнап, буырқанып жататын. Сәтті, ісі алға басып тұрған кезінде халқы үшін талай-талай қайырымды шаруалар бітірді, сәтсіз—қызғаншақтардың аяғынан шалған тұста (талай рет) құлаған жоқ, ішкі рухынан куат алып, «бәрі өткінші» дейтін фәлсапамен жігерленді. Қайран, Азамат! Аяқтан бір емес, қайта-қайта шалды-ау! Не керек, өз қамы емес, ел мен жұртын бар мен бай етсем деп армандаумен, қолынан келгенше қамын жеумен, өмірі арпалыста өтті. Қай заманда, қай уақытта шындықты айтқан адамның жолы болып па еді?! Әділдік іздеген адам да бір, жоғын іздеген адам да бір. Екеуінің де жолы шырғалаң. Соған қарамастан ол кезі келгенде сөзін өлтірмей, ұсыныстар жасады, бастамалар көтерді, сындар айтты. Ол:.. «Біз, геологтар, қаншама байлық таптық, алтын көмбенің үстінде отырмыз, бірақ, ең кедей елміз. Неге?». Қазақстанда қандай байлықтың қаншалықты барын білетін ол күндіз-түні ойлайтыны соның талан-таражға түспей, халық игілігіне жаратылуы болды. Мүмкін, ел үшін, жер үшін жаралған нағыз Азаматтың миына осы да салмақ түсіріп кеткен шығар, кім білсін?!
Достарыңызбен бөлісу: |