Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды Абай арқылы түзеткісі келеді? Қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы Шәкәрім Құдайбердиевтің «Жастарға»


Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы автордың характер жасаудағы шеберлігін Игілік бейнесі арқылы дәлелдеп жазыңыз



бет8/15
Дата08.02.2022
өлшемі443,8 Kb.
#124955
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15
Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы автордың характер жасаудағы шеберлігін Игілік бейнесі арқылы дәлелдеп жазыңыз.


Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы 22 наурызда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Бастауыш орта мектебін ауылда оқып, 1926 жылы Орынбордағы рабфакты бітірген. Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында бір жыл көлемінде білім алған соң, Бурабайдағы техникумда сабақ береді (1927-1928). Тұңғыш туындысы – “Тулаған толқында” (1927). Оны Бейімбет Майлин жоғары бағалаған. Ғабит Мүсірепов Үкімет, билік құрылымдарында да, мәдениет саласында да басшылық қызметтер атқарды. Әр жылдары “Қазақ әдебиеті”, “Социалистік Қазақстан” газеттері, “Ара” журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары болды. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек ері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері. Қаламгер халықаралық мәні мол, аса елеулі қоғамдық жұмыстар атқарды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөнінде бұрынғы Бүкілодақтық комитеттің мүшесі болды, Азия, Африка елдері әдебиетімен шығармашылық байланысты дамыту ісіне үлкен үлес қосты. “Оянған өлке” Ғ.Мүсіреповтің әңгіме, очерк, фельетон жанрлары, лирикалық “мен” формасында жазылған “Қазақ солдаты” сияқты іргелі романы, драматургия саласындағы құнарлы табыстарынан кейін қолға алынды. Өзіне дейінгі “Абай жолы” арқылы көрінген М.Әуезовтің ұлттық қара сөз өнеріндегі өзгеше сарабы, мүлде тың, жаңашыл көркемдік жетістіктері нысаналы сабақ, тамыры терең дәстүр сүрлеуін әкелумен бірге үзеңгілес серіктері үшін тарихи тақырып саласындағы ізденістерге жол көрсетсе де, қиялап келмесе, шыңына жеткізбес құбылыс еді. Тегінде Ғ.Мүсірепов М.Әуезовпен эпикалық ауқым, психологиялық тереңдік, соны композициялық құрылым, ешкімге ұқсамас тамаша юмористік дарыны арқылы заңды түрде үндесіп әрі оқшауланып жатса, “Оянған өлкеде” “Абай жолындағы” сахара тұрмысының салтанатты сәніне қарама-қайшы алынғандай, сондағы кедей-жатақтар күн көрісін арнайы бөлектеп, ұйқыдағы далаға бейтаныс дүрбелең әкелген өндіріс қажеттілігімен, жұмысшы кәсібінің түйін салып, бой бекіту әрекеттерімен салалас суреттеу бар. М.Әуезов романындағы үстем күш өкілдерінің итжығыс тартысы “Оянған өлкеде” Игілік би мен Жұман бай арасындағы бітімге келмес, терең ордай, қайтусыз қақтығыстарды бедерлеу жүлгелерінен шебер көрініс тапқан. “Абай жолында” бұл ыңғайдағы қоғамдық-тарихи коллизия шежірелік ретпен, буыннан буын алмаса, ұзақ кезеңдерге созыла, мираскерлік тұрғыларынан мол нанымдылықпен өрнектелсе, “Оянған өлкеде” осы тартымдық типтік көрінісі Игілік-Жұман арасындағы кереғар күндестік, көзсіз бақталастық оқиғалары арқылы ықшам да сенімді баяндалады. Ғ.Мүсірепов суреттейтін ресми-әкімшілік орындардан сәл шалғай жатқан Қарағанды өңіріндегі феодалдық тұрмыс-салт сипаттарын елестету үшін түпбейнелері болғанмен, басым түрде шығармашылық қиялға еркіндік беретін романда Алтай-Қарпықтағы бір-бірінен тайсалмас, ымыраға жоқ екі байдың аяусыз қырқысын алумен шектелу орынды қадам есепті. Жаңаға ұмтылудың бір нышаны предметтік-бейнелеу жүйесінен басқа, осындай оқиға, сюжеттік желілерді орайластыру жобасынан көрініс береді. Шығармада суреттелетін кезең – шырымы бұзылмаған дала ғұрпына тұнып тұрған, негізінен малшылық кәсіппен күнелткен дербестігі мол дәуір емес, қазақ даласында Нілді, Ақбұйрат, Жезқазған, Гүлшат, Балқаш, Қарағанды кендерінде орыс, ағылшын алпауыттары пайда шеңгелін сала бастаған суыт мезгіл. Феодализм дәстүрі мен алғашқы капитализм үрдістерінің бой тасалап келіп, ен жайыла түскен үнсіз арбасуы өріс алған шақта қаламгердің реалистік назары бай мен бай емес, бай мен кедей, жұмысшы мен өндіріс иелері арасындағы таусылмас қақтығыстарға ауған. Өркеуде, шешен, батыр, айлалы, қатігез Құнанбайлар дәуірі көне тартып, қулығы мен екіжүзділігі, жымысқылығы басым жорға Игіліктердің заманы төбе көрсеткен тұс. Күреңкөз қожа, Жұмабек төре, Боздақ би сияқты Игілік айналасындағы адамдар да өздерінің атақ, лауазымдарына сәйкес биіктен түсіп, даланың шөбі мен малын ақша, алтынға айналдыра бастайтын қалтасы қалың, есебі мықты бас бидің ығында жүріп, сөзін сөйлеуге, күйін күйттеуге ғана ойысқан. Баласы Ордабайды болыс қойдырған, кен ашушы Попов, Рязанов, Ушаков тәрізді орыс капиталистерімен тамыр басысқан, сол заманның материалды-техникалық әлеміндегі жаңалық атаулыға құлағы түрік, ынташыл, қиырдан ойлайтын Игілік жанды да емес, туысы, Қарабайдың сараңдығын бойына асыра сіңірген, күйгелек әрі беймаза, іші тар, шолақ түйсікті, дүниеқор, іліп алар бір қасиеті жоқ Жұман байды алып та, шалып та жығып отырады. Ғ.Мүсірепов Игілік тұлғасын әр қырынан, көтере сипаттаусыз, нақты мінездік штрихтармен жан-жақты реалистік нақыштар арқылы суреттесе, “Алтай-Қарпыққа мәлім тапал адам”, “мұқыл тырнақты саусақтары келінің сабындай жұп-жуан”, “қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай”, “етегін көтерместей біржола түйілген қабақты” Жұманның портреттік сипаттамасынан бастап, жүріс-тұрыс, іс-қылығына дейін гротескілік сықаймен, ернеуі іркілмес мол юмор өрнектерімен бейнелейді. Жұманның прообразын фольклорлық дәстүрден іздесек, Қарабай тұлғасымен тамырластықты байқаймыз. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” драмасының авторы өзі терең көркемдік жинақтаудан өткізген трагикаминалық кейіпкердің ұлттық өмірдегі этнопсихологиялық орнын дәл аңғарып, жаңа шығармасындағы жаңа мезгілдерге, жаңа жағдайларға қатысты ол бейненің тарихи-философиялық мәнін толық аша түсуді міндет санаса керек. Қырсығып, қарсыласына алдымен қыр көрсететін Жұман ылғи да ойсырай жеңіліп, жерге отырып қалады. Ашулық, ызақорлығы мен ақылсыздығынан жапа шегетін Жұманның елден ерек қараулығын бедерлейтін нақты психологиялық детальдар жеткілікті. “Оянған өлкеде” Ғ.Мүсірепов стилінің аналитикалық психологизмінен гөрі синтетикалық психологизмге оңтайлылығы шығарманың ауқымды идеялық мақсаты мен кең эпикалық құлашына сай. Қаламгердің дара қолтаңбасы да, ол кездегі қазақ прозасының негізгі дәстүрі де әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің орнын, оқиғалар мен құбылыстарды суреттеудің драмалық кернеуімен толтыруға арқа сүйейтін. Сюжет қоюлығы, қоғамдық-саяси тартыстар шымырлығы, баяндау құрылымындағы динамизм Ғ.Мүсірепов психологизмінің арнайы тілектен емес, шығармашылық қажеттіліктен туған, жарқылдағы жоқ, көп сырын ішіне бүккен, әсерлі, серпінді, лаконизмге бейім астарлы сипаттарын айғақтамақ. Суреткердің бір ендікпен шектелмейтін, қарымы кең, сергек те зерделі назарын сан алуан фабулалық, сезім-күйлік шақтардан аңғару қиын емес. Мәселен, романда жағымды тұрғыдан, парасат, зиялылық сапаларымен әр тұста таныла түсетін талайы қиын Көпей бәйбішенің ессіз де болса, ері, күйгелек Жұманның қамы үшін сыйлас қайнысы, зымиян Игілікпен жасырын келісөз жүргізетін мезетінде шын ұнамдылық қырлары көрініс береріне күмән жоқ. Алайда жалшы Күңке бай құрбысынан түңілгендей күй кешеді. Кедей-кепшікке әшейінде қайырымды Көпей ең алдымен Жұман абыройы мен дәулетінің шашылмауын көздейтіндей. Жарлы Жақыбайдың жазықсыз сойылға ұрынуы (Жабай – Жылтыр Омар оқиғасы) әдеттегі құбылыс іспетті. Әрине, басқаша ыңғайдағы мәні болғанымен, айдың сәулесіне айна шағылыстырып ойнағанына мәз, ақылы ауысқан Тілеуке, ет-миға сіңген дағды бойынша өлім халіндегі туған ұлы Жабайдың жанынан байдың түйесінің қамын артық ойлайтын, кездейсоқ жолыққан Тілеукемен бірге күн ұзақ “әңгіме шертіп”, құмарынан шығатын, мәңгіге айналған Талтаяқ шал, Жабай қасіретіне қатысты эпизодтар В.Шекспирдің “Король Ли”, В.Гюгоның Квазимодасындағы кейбір концептуальдық сарынды еске түсіреді. Жазушы Игіліктің портреттік мінездемесін, қысқа қайырылса да, кесек көрінер, артығы жоқ, асып-тасуы жоқ, сыпайысымақ сөздерін, соңын баққан шыдамдылықпен ту сырттан соғардай арамза әрекеттерін суреттегенде де ұнатуы мен жаратуын аңдатпайды. Игілік істері мен ниеттерінің бұзықтығын өзге кейіпкерлер репликалары мен түсінік-талғамдарынан сездіру басым. “Бетпе-бет” келгенде автордың “қарсыласын” бағалай тұрып, Игілікпен ақыл-ой, сұңғылалық, характер межелері бойынша арбаса тіресуі байқалғандай. Әкелі-балалы Бұланбай мен Нарбайдың ақжарқын, ақиық, қызба мінездеріне сай әсерлі, бөгеусіз, кейде тіпті тосын, адал сөздеріндегі тегі бір ұқсастыққа дейін, жылтыр Омардың Жабай кетпенінен алған соққыдан кейін түр-түсіндегі өзгеріс пен тіл қату, жекелеген дыбыстарды жеткізу дағдысына шекті “ерінбей” назар аударатын суреткер диалогтарының реалистік қайнары, рефлексологиялық дәлдігі, әрекеттік қажыры зор. Әсіресе тоқтаусыз төгілген юмор әсерлі. Ол юморда табиғи ақыл, парасат, көрегендік пен көргенділік, даналық ұшқындары бар. Біз. Ғ.Мүсіреповтің автор-баяндаушы, әңгімеші, сипаттарын, суреттеуші – жазушы ретіндегі өр де тәкаппар, ұсынғыш та қайырымды, ездікке емес, ерлікке, қыран самғар биікке құмарлық рухын дәріптер таза халықтық сезімін, асқақ тұлғасын кіршіксіз парасаты мен тозаң тартпас даналығы үшін әрдайым бағалаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет