– Заманға не болып қалды, ауыл тыныш сияқты ғой?
– Әй, жолаушым, сенің бір шалаң бар-ау. Мұнда келген нәубет
Балқаш жағына қалай жетпей қалды екен? Кәне, шыныңды
айт? Не ел боласың ?
– Дулат-Шымырмын, ойбай.
– Е, Шымыр болсаң – туысқан шықтың ғой. Мен де Шымыр.
Оның ішінде Күнте боламыз.
– Мен Шілмембет-Шымырмын.
– Ой, бәрекелді, онда аттан түс, – деп ұста ақжарқын пейіл
танытты.
Арлы-берлі әңгімеден кейін жолаушы ұстаға өз тілегін
білдірді. Одан бұрын керқұлаға бөктерулі тұрған қапшықты
түсірді. Ішінен зілдей қара кісенді суырып шығарды.
– Міне, осыдан шықса – қылыш, шықпаса – қанжар соғып бер,
қалқам, – деді.
Ұста жігіт оның сырын айтпай түсінгендей, артық сауал
қойып, жүйкені жүдеткен жоқ.
– Қылыш соғуды да үйрендік, туысқан, – деді қара кісенді
сексеуілдің қып-қызыл шоғына лақтырып жіберіп. – Осындағы
жігіттер солдатқа бармаймыз деп найза, қылыш соқтырып,
Меркедегі Ақкөзге ағылып кетіп жатыр.
– Қай Ақкөз?– деді жолаушы айқайлап жібере жаздап.
– Меркедегі Ботай Ақкөз. Сол мыңдаған қол жинап, патшаға
қарсы соғыс ашқалы жатыр. Мұны бүкіл қазақ білгенде, сен неге
білмейсің, туысқан?
– Қайран Ақкөз! – деді жолаушы жауап орнына. – Е, құдай
мені оның оң қолы болуға жазға
й.
* * *
Ә
не, сондағы жолаушы мен едім, Тұрар. Ақкөз қолы қара
жолдың бойында Әулие-Атадан шыққан әскерге шабуылға
кіріскенде, шайқас шегіне мен де жетіп едім. Мың қолдың
ішінен бозала таңда Ақкөзді іздедім. Кешікпей қол сетінеп,
көтерілісшілер зеңбіректің оғынан тайқығанда, қара саннан
оқ тиіп, мен тағы да жалғыз қалдым. Ақкөзді көре алмадым.
Жазалаушы отряд құтырған иттей, қолына түскеннің бәрін
қырып жатқанын көріп, aт үстінде әрең ілініп, шықпаған
жанды сүйрелеп, төменгі Таласқа қарай кете бардым...
Ақкөздің соғысында сенің жүргеніңді кейін барып бір
қашқыннан есіттім. Көре алмасам да, тірі екеніңді білдім, ат
жалын тартып мініп, азамат болып, жаумен алысқаныңды
білдім. Білдім де шүкіршілік еттім. Қайтып атқа мініп, сені іздеп
шығуға жара қатты. Төменгі Таласта сенің түп нағашыларың
бар ғой. Ойық-Ысты деген елде, соларды паналамақ болып
жылыстадым. Енді тағы да өкіметтің қолына түсіп, Сібірге
қайта кеткенше не де болса аулақтағы ағайынды паналап бір
көрмекші едім. Бірақ қара саннан қан көп кетті. Батыр бір
оқтық деген осы екен, өмір-бақи небір арпалыстан аман шыққан
жан енді, міне, бір тал қылға ілініп тұрғандай хал. Тырнақтай
ғана жарадан тірнектеп шыққан қанмен бірге менен де әл-қуат
кете берді... Бұта түбін паналап, жапырақ жамылып ұйықтап,
киіктің тарамысынан тұзақ құрып, бұлдырық ұстаған күндерім
– соған да зар болып барамын. Өмір бойы тәуекел дариясынан
бет жуған қайран дүние... Мен қалжырадым, енді менде дәрмен
қалмады. Әкенің аласапыран әмірі дамыл тілейді. Дүние мен үшін
бұраңдаған бір қисық жол болды. Қанша талпынсам да басыма
бақ қонбады, дәулет құралмады. Сонда да жарық сәуледен күдер
үзбедім. Әлі де сол үміт дүниесі. Кім біледі... Аман бол, бауырым,
Тұрар! Әкең Рысқұ
л...»
I
Мерке приставы кеңсесінің маңдайшасында екі басты самұрық
құстың орнына уақытша үкіметтің жарнамасы қағылды да, оның
Меркедегі бастығы болып Атамырза Айбаров тағайындалды.
Атамырза – екі көзі шарасынан шыға бақа көзденіп тұратын,
басы атанның басындай қауқиған, ірі денелі еңгезердей еркек
болып, жиырма беске жетер-жетпес қампиып қарны шығып,
алпауыт саудагер әкесі Айбардың жуандығын қайталап келе
жатты.
Атамырза ә дегенде бітірген шаруасы – Меркеге барлық
болыстарды, старшындарды, билерді, атамандарды шақырып
алды. «Патша құлады» дегеннен кейін «біздің күніміз не
болады?» – деп күпті болып жүрген әкімдер әулеті бұл жиынға
«а, құдайлап», үміт пен күдіктің ортасында қамалып келген.
Солардың бірі – баяғы Бектен еді. Меркелік өкіметтің бастығы
Атамырза шақыртып жатыр деген хабар жеткен соң Бектен
әуелі ақсарыбас құдайы атап, бір қой сойдырып, ауылдың аш-
жалаңашын тұңғыш рет сорпа-суға бір тойдырды. Ескі-құсқы
киімдерін үлестіріп берді. Сонда қайыр-садақа алғандар оған:
– Жолың шыдыр болсын, жолдасың Қызыр болсын, Бектен
мырза! Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін! – деп шуылдасып
жатты.
– Бағың зор екен, Бектен мырза, Николай патша тағынан
құлағанмен, таққа жарты патша болып Атамырза құдаң отырды.
Атамырзаның өскені – сенің өскенің. Бір кісі таққа мінсе, қырық
кісі атқа мінер деген. Меркенің патшасы Атамырза мырзаға
мына біз сияқты бұқарадан сәлем айта бар. Бізге назарын салып,
рақымын төксін.
Иә, мұны Бектен қалай ұмытады? Атамырза бел құдасы,
кешегі Қоқан мен Самарқан, Тәшкен мен Әулие-Ата, Пішпек
пен Жәркент аумағына атағы шыққан атақты бай саудагер
Айбармен құда болғаны қандай ақыл, қандай көрегендік болған.
«Өз ақылым – ақыл-ақ, кісі ақылы – шоқырақ». Рас, Бектеннің
құда баласы, Атамырзаның ағасы Атамұрат ақылға шолақтау,
жәй әумесердің бірі болып, ат жалын тартып мініп, елге бас бола
алмады. Оның есесіне Атамырза құдасын құдай қолдап тұр.
Атамырза Бектенді өлтірмейді. Патша құлады дегенде түні бойы
албасты басып, қылқынып ұйықтамай шығып еді, ырысы бес елі
екен, бел құдасы Меркені билеп, бұлтаңдап шыға келді. «Күйеу –
жүз жылдық, құда – мың жылдық».
Ақсарыбас айтып, құдайы беріп, аш-жалаңашты аузына
қараттым ба, – деп өзінің бұл ақылына да дән риза болып, енді
атқа қона бергенде, үй сыртында, көлеңкеде сорпа ішіп отырған
Жапарқұл дуана ақ шелді көзін аспандата қарап, жүні ағарып
кеткен жалаңаш омырауына сорпаны ағыза-мағыза басына
төңкере салды да:
– Әй, Бектен! Әлгі құдаңа айт: Маңырақтың құнын өндіріп
берсін! Айт соны, әйтпесе ол Некалай патшадан әулие емес,
Маңырақ қырғыны құрбандарының аруағы оны да құтқармайды.
Айт, білдің бе! Бүкіл бір ауылдан тірі қалып, өлмей жүрген
жалғыз мына – мен қақбас. Құдай мені саған осы сөзді айтсын,
Маңырақтың аманатын айтсын деп тірі қалдырған. Маңырақ қаны
сенің мойнында, біліп қой, Бектен! – деп аузынан көбік көрініп,
тұлабойы қалшылдап барып, көзі аларып, бүрісіп, тырысып
құлап түсті. Құлап жатып та әлдене айтқысы келгендей, бойы бір
жиырылып, бір созылып, қолын Бектенге қарай ербеңдете беріп
еді, Бектен шыдай алмай:
– Бұ сорлы қайдан жүр еді, – деп атын тебініп кеп қалды. Әлгі
жұрт айтқан марапат-мақтау, игі тілектерден, алғыстардан кейін
тәтті қуаныштың рақатына бір түйір тотияйын түсіп кеткендей,
көңілі көлдей тартылып, тақыр шекесі құрысты да қалды. Қасына
ерген нөкерлеріне тіл қатпастан, Меркеге жеткенше тыжырынып,
тырысқағы тарқамады.
Ал жер-жерден келіп жеткен басқа болыстармен бас қосқанда
Бектеннің әлгі қырыс-тырысы тез тарқап кетті. Өйткені басқа
болыстар бүгежектеп қалған екен. Тіпті мұның Атамырзамен
құдандалы екенін білетіндер Бектенге жалпаңдап амандасып,
бұрынғыдан гөрі сәлемі түзеліп, жақындасуға тырысып,
жарамсақтанып қалыпты. Соған қарап Бектен өз шоқтығы
биіктегенін сезді де, әлгі ауылдан аттанардағы келеңсіз көріністі
ұмытып үлгірді.
Бірақ сол жаман түстей оқыс жайт біраздан соң қайтадан
көрініс берді...
Атамырза жиылғандарға қазіргі кезеңге сипаттама берген
болып, саясаттан біраз білгенін айтудан бастады да, шұғыл
мәселелерге көшті. Меркеде қазір бір-ақ үкімет бар. Ол -
Уақытша үкіметтің Мерке комитеті. Бұл үкімет осы отырған
ел ағаларының арқасында солардың риясыз көмегімен жемісті
жұмыс жүргізуге әзір.
– Бірақ, – деді Атамырза дауысын көтеріп, – ел арасында
бүлікшілер де бар. «Қазақ-қырғыз жастарының революциялық
одағы» деген шығып тұр. Бұл заңсыз тобыр. Революция болды,
бітті. Патша орнынан түсті. Революция нәтижесінде Уақытша
үкімет орнады. Енді не керек? Неғылған «революциялық одақ?»
Міне, сіз бен біздің ең кіндік міндетіміз осы Одақ деп аталатын
тобырға қарсы күрес. Бұл тобырды ұйымдастырып, басқарып
жүрген былтырғы қанды көтерілістің жетекшілерінің бірі –
Тұрар. Кейбір оқыған жастар соның ықпалында адасып жүр.
Айталық, Қабылбек Сармолдаұлы, Мақсұт Жылысбайұлы,
Қылыш Қожабергенұлы, Нұршанның екі баласы; қырғыздардан
Тұрдалы Тоқбаев, Төребек Исабеков дегендер. Осылар ел
арасына іріткі салып Уақытша үкіметке қарсы уағыз таратып,
елдің игі жақсыларының малын тартып алып, кедейлерге
үлестіру жөнінде әрекет жасап жүр. Бәріміз күш біріктіріп әуелі
осы зиянды топты түп-тамырымен жойып жіберуіміз керек.
Болыстарға, старшындарға комитет атынан айтылатын бірінші
тапсырма - өз болыстарыңыздың аумағынан осы Одақтың
адамдарын көрсеңдер, дереу тұтқынға алыңыздар. Бұл бір.
– Екінші бір шаруа, – деді Атамырза тершіген май желкесін,
аузы-мұрнын жаялықтай ақ орамалмен ысқылап сүртіп алып. –
Өздеріңізге мәлім, былтыр жазда біздің елде бүлік болды. Ақкөз
бен Тұрар бастап, тыныш елдің берекесін алып, көп ылаң жасады.
Адал қызмет атқарып жүрген адамдарымыз шығын болды.
Бейбіт елдің, дәулетті азаматтардың мал-мүлкі талан-таражға
түсті. Міне, енді сол орны толмас шығынды біршама болса да
өтейтін мезгіл жетті. Міне, менің алдымда кезінде малы-жаны
шығын болған азаматтардан арыз жатыр. Мысалы, Кузьмин
мырза елу сиыр, бес жүз қой, Тарханов мырза он сиыр, жүз қой,
Қорағатыдан Садыр мырза бес жүз жылқы, мың қой... не керек,
Мерке учаскесі бойынша екі мың жылқы, бес жүз сиыр, бес мың
қой бүлікшілердің қолында кеткен. Біз, мына жаңа үкімет, сол
бейбастақтықтың салдарын жойып, осы малды иелеріне өндіріп
беруіміз керек. Әрбір болыс, әрбір ауыл бойынша өндірілетін
малдың тізімі бар бізде. Әр болыс, әp старшынға тапсырылады
бұл қағаз. Міне, осы малды бүлікке қатысқан, яки соларға
жақындығы бар адамдардан өндіріп, иелеріне қайтарып беруіміз
керек. Ел бүлінбесін, наразылық өршімесін десек, міне, ең
жауапты міндет деп осыны ұғыңыздар.
Міне, Бектеннің мойны салбыраған жер осы болды. Бағанағы
Маңырақтың тентіреген дуана шалы Жапарқұлдың аманаты
мүлде басқа. Ол айтады: «Маңырақ деген ауыл жер бетінен мүлде
жойылып кетті. Онда мал ғана емес, адам қырылды, еңкейген
кәрі, еңбектеген бала опат болды. Соның құнын жоқта, Бектен!»
– деді-ау. Ал мына құдасының айтып тұрғаны мынау.
– Менен бір сауал, – деп орнынан көтеріліп кеткенін Бектен
өзі де байқамай қалды. Қайткенмен де Маңырақ қырғынына өзін
еріксіз кінәлі санайтын болыс сол мың батпан кінәні сәл де болса
жеңілдетпек ниеттен ада да емес. Өлгендерді кім біледі, тірі
куәлердің өзі әр-әр жерде мұның көзіне шұқып қалып жүр ғой.
Іске асар-аспас, үкімет алдында Бектен сөйдепті, Маңырақты
жақтап сөз сөйлепті деген дақпырт тарап кетсе, соның өзі мұны
әлеумет алдында ақтап шыққандай болар еді. Халық шіркін
аңқылдақ, адал:
– Е, қайтсін, Бектенде не жазық бар? Ел үшін жанын отқа
шыжғырып жүрген азамат ер ғой, – деп шыға келерін бұл Аспара
болысы білмейді емес.
– Иә, Беке, не айтайын деп едіңіз! – деп Атамырза кәдімгідей
ілтипат танытты. Мұнысына Бектеннің іші жылып қалды да басқа
болыстар: «Япыр-ай, мынау жақындығын жасап, бастықпен
бірінші болып сөз бастады-ау», – деп іштеріне шоқ түскендей
халде қалды.
– Атамырза шырағым, әуелі осы отырған мырзалардың атынан,
бүкіл халқыңның атынан өзіңе құтты болсын айтпақпын. Мерке
атырабы өзі-өз болғалы, көйлегі бөз болғалы өз қолы өз аузына
енді жетті білем. Қоқан заманында билік біздің милләтқа тиген
жоқ, кешегі патша заманында билік біздің милләтқа тиген жоқ.
Иншалла, аруақты атаның баласы едің, аруақ-құдай қолдап, міне,
бүгін күллі Меркені басқарып, тәмәм жұртты аузыңа қаратып
отырсың, алла-құдай алдыңнан жарылқап, мәртебең биіктей
берсін! Ел бағына туған ер, өркенің өссін! Кәне, мырзалар,
әумин! – деп Бектен отырған қауымға қарап қол жайып еді, лезде
алтын сақиналы қолдар, түкті қолдар, оқа-зерлі қолдар, мыртық
қолдар, сояу қолдар, өмірі күстенбеген сылаң қолдар, қан төккен
қанды қолдар, әлуетті қолдар сабаудай көтеріліп, күллісі болып:
«Әумин!» – деп бірі бұрын, бірі кейін жапырылып төмен түсті.
Сәлден кейін барып кейбір естілері: «Ей, бұл Бектен бүкіл
бәріміздің атымыздан сөйлейтін сондай кім еді, ит таз!» деп
іштей кіжініп, қанға тойған қандаладай долыра берді.
– Енді сауалымды айтайын, – деді Бектен игі жақсының бәрін
ықыласына бағындырғанына риза болып. – Атамырза шырағым,
сонда әлгі өндірілетін малдың Аспараға тиістісі қанша екен?
Мүмкін болса...
Әлгібір марапатын іштей сүйсіне тыңдаса да, Атамырза
Бектеннің бұл сұрағына тәнті емес. Әлгінде айтты ғой, қағаз
таратылады әр болысқа деп. Үкімет басшысын сыйлайды екенсің
бір айтылған жайды екіншілей қайталатпа. Әрі десе мына
отырған болыстардың ішінде өзін жақтайтындары бар, ішінен
жек көретіндері, көре алмайтындары бар, дұшпан көзі қылып,
Бектенді «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп өз
жөніне қойғысы келді.
– Беке, былтырғы бүліктің көбі Аспарадан шыққан. Қорағаты,
Аспара, Көшеней... Соның ішінде Аспараның ылаңы көп. Ендеше
сізге түсетін салмақ та ауыр болад та.
Көң қураса қалпына келеді, Бектен лезде пәс болып қалды да,
басқа болыстар: «Әб-бәлем, өзіңе сол керек, шоқ-шоқ!» – десті.
Бірақ Бектен әлгі бір шыққан биігінен оңай құлағысы келмей,
әрі десе «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетерін» естен
шығармай, Маңырақ алдындағы айып-кінәсін жуып қалмақ
оймен:
– Атамырза шырағым, мал өндіргенің дұрыс-ақ. Ал бірақ сол
былтырғы қырғында жазықсыз опат болып кеткендер де бар ғой.
Мәселен, Маңырақ...
Одан әріге Атамырза ауыз аштырмай тастады.
– Болды! – деп үстелді дәу май жұдырығымен қойып қалды.
– Қойқаптағыны қозғап қайтесіз. Қатқан боқты шұқылай берсең
сасығы шығады, Маңырақ мәселесі көтерілген жерде сіз шет
қала алмайсыз, Беке!
Туған құдасын мұнша тұқыртып тастауда Атамырзада да есеп
бар. «Тура биде туған жоқ» деген асыл қағиданы ол дәл осы жерде
өз пайдасына асырып қалмақ. Осы мақсатына Атамырза біршама
жетті де. Өзге болыстардың қыбы қанып: «Әй, бәрекелде, мынау
бір әділ, адалынан туған азамат екен. Өз жақынын да аямады
ғой!» – десіп сыбыр-сыбыр, күбір-күбір аяғы гуілге айналып
кетті.
– Бәрекелді, Атамырза!
– Милләтімізден дара шыққан данышпан! – десіп, қаралған екі
мәселе бойынша қаулы қабылдасып, болыстар жиыны осымен
тәмәм болып, ел-елге тарқасты.
Достарыңызбен бөлісу: |