Сөз маржаны
(Маұал-мәтелдер туралы)
Жалпы мақалға тән-ақыл, өсиет, қағидалық мазмұн, шешендік сөзге тән-тапқырлық, шешендік сөз өнері, фразалық тіркеске тән - аяқталған ұтымды ой, жинақылық, мәтел мен идиомаға тән қасиет - астарлы, бейнелі қасиеттердің барлығы да нақыл, ақыл сөздер болып саналады.
Нысанбек Төреғұлов
Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
1. Нақыл сөздердің жалпы қасиеттері.
2. Қанатты-нақыл сөздерден мысалдар.
ІІ. Негізгі бөлім:
1. Мақал-мәтелдердің ерекшеліктері.
2. «Еңбек түбі - береке, көптің түбі - мереке».
3. «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар».
4. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды».
III. Қорытынды бөлім:
Мақал - мәтелдердің көркем сез өрнегіндегі орны.
Халық ауыз әдебиетінде ертеден келе жатқан өзіндік ерекшелігі бар, халыктың асыл ойының жиынтығы - мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдер - ғасырлар шежіресі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып шешетін де нақыл сөздер. Қазақ халкы - бейнелі сөз, нақыл сөзге бай халық. Нақыл сөздер де мақал-мәтелдерге ұқсас, бірақ, нақыл сөздердің көбінесе белгілі бір авторы болады. Халық «Төле би айтыпты», «Қазыбек бидің сөзі», «Абай айтқан екен» деп, нақыл сөздердің кімнен шыққанын айтып отырады. Мысалы:
«Тірескеннің тізесін бүктір, белдескеннің белін сындыр».
(Бауыржан Момышұлы,)
«Елім берік құрыштай, Тілім өткір қылыштай».
(Нұрпейіс Байғанин,)
«Ақын деген бір бұлақ, Көмілер көзін ашпаса»
(Е.Ысмайылов, «Ақындар», 213-беті)
«Анасыз ақын да, батыр да болмайды», «Жантекеңнің қақпаны, осы шығар шапқаны» (Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Жантық - Жантеке деп көрсетіп тұр), Ғ.Мүсірепов, «Көңіл - қазы, көз - таразы» (Ғабит Мүсірепов) т.б. осы сияқты нақыл сөздердің белгілікті бір авторы болады.
Кейбір қанатты сөздердің қандай оқиғаға байланысты шыққанын да аңғарта кететін жағдайлар да болады. Халқымыздың асқан ғалымы, демократ ойшылы Шоқан Уәлихановтың 1904 ж. Петроградта басылып шыққан 7-томында Шоқан сөзін жариялаған екен:
«Елді ала тайдай бүлдірдің» деген қанатты сөздің қалай шыққанын баяндайды... Жоңғар шабуылы кезінде бір күні кешкісін байлауда тұрған ала тай босанып - шешіліп кетіп, ауылды айнала шабады. Үрейленіп отырған ауыл адамдары сырттағы дүбірді естіп, жау келіп қалды деп жөңкіле жөнеледі. Кейін байқаса, шапқан жау жоқ. Елді дүрліктіріп жүрген тек қана ала тай болып шығады. Содан былай жұрт: елді шетінен үркітіп, үрей тудыратын біреулерді көрсе оған: «Елді ала тайдай бүлдірдің» дейді. Ал, мақал - мәтелдерде мұндай деректер сақталмайды. Негізінен қазақ халқы шешендік сездерге бай. Әрбір ұлт тілінің өсіп, қалыптасуымен бірге мақал-мәтелдер, қанатты, нақыл сөздер жетіліп отырады. Ақылыңа ақыл қосатын, жарқын болашағыңа дұрыс бағдар-бағыт сілтейтін, өмірді танытатын, көкірек-көзіңді ашатын қамқоршы, ақылшы сияқты макал-мәтелдер көркем әдебиетте де, жеке сөйлеуші адамның да сөзінің, ойының нәрін келтіретін, ұтымды да ықшамды форма.
Мақал - мәтелдерде басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, жымдаса біріккен, ой-өрнектер ажырамас қалпында болады. Мақал-мәтелдердің тақырыптары сан алуан. Ол халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік-тарихи іс-әрекеттерін, салт-дәстүрін бәрін-бәрін де түгел қамтиды. Олардың негізгі тақырыптары - өмір сүріп отырған Отан туралы, ерлік, батырлық, достық-жолдастық, еңбек, бірлік, адамгершілік, ынтымақ, өнер-білім, тәлім-тәрбие т.б. мәселелерді қамтиды. Мақалдар мен мәтелдердің мағынасы терең, сөзі ықшам да көркем, есте сақтауға өлең секілді икемді, ұйқасымды жеңіл болғандықтан, бала тәрбиелеуде, жастарға өнеге-үлгі ретінде ерекше екшеленгендіктен, шешендікке тәрбиелеуде үлкен орын алады. Балаларға, жастарға терең ой салумен бірге оларды, өздерінің ойын көркемдеп, әдемілеп сөйлеуге үйретеді.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». «Ел - елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Өз елім, өлең төсегім», «Өз елің - алтын бесік», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» т.б. мақалдарда әркімнің туған жері өзіне ыстык, өзіне қымбат. Сондықтан бұл мақалдарда халықтың туған жеріне деген, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген. Бізге туған Отан - Қазақстан жері аса қымбат. Тәуелсіздік алған Отанымызды көздің қарашығындай қорғау - әрбір азаматтың ардақты борышы. Ғасырлар бойы осындай байтақ жерімізді ата-бабаларымыз қазіргідей техниканың жоқ кезінде-ақ қолдың күшімен, найзаның ұшымен қорғап, біз сияқты ұрпағына жеткізген бабалардың ерлігі, батырлығы, елін, жерін сүйетіндігі дер едім.
Осындай байтақ елімде қаншама ұлттар тұрады. Ата-бабам салтында достық, бауырмалдық, бірлік деген ұғымдар берік сақталған да, сол ынтымақтылыққа балаларын баулып тәрбиелеген. Жетімін жылатпаған, қазіргідей безбүйрек жаратылған кейбір аналар мен әкелер сияқты балаларын жетім етпеген, шет елге сатпаған, «Аға өлсе, іні мұра» деп, ағасының балаларын інілері, туыстары өсіріп тәрбиелеген. Алысқа бармай-ақ, атақты Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Ілияс Жансүгіровты бірінің шешесі, бірінің әкесі қайтыс болған шақта, жетімдік көрсетпей, адамгершілік, бауырмалдық, достық қасиеттері арқасында өсіріп, ер жеткізгенін көреміз. Халык еңбекті әр уақытта қастерлеп, ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп түсінген. Мал баққан ел малын аман сақтау үшін де ауыр еңбекпен шұғылданған. Сондықтан да, еңбек туралы көптеген мақал-мәтелдер келтіреді.
«Еңбек түбі-береке, көптің түбі-мереке», «Еңбек етсең емерсің», «Бейнет түбі - зейнет», «Еріншектің ертеңі бітпес», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» т.б. еңбек туралы мақал-мәтелдерді қолдану арқылы халқын, жастарды, балаларды жақсы еңбек етуге тәрбиелеген. Негізінен алғанда, өнер туралы, достық- жолдастық туралы да көптеген мақалдар бар. «Ақыл - тозбайтын тон, білім - таусылмайтын кен», «Өнерлі жігіт өрде озар, өнерсіз жігіт жер соғар», «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Жақсы дос ашып айтар, жаман дос қосып айтар» деген де достық, жолдастыққа арналған мақалдар дер едік. Бала тәрбиелеуде, жастарға ақыл-кеңес берерде халық барлық асыл сөз, даналық ойларын жеткіншіктерге арнаған. Өз өмірінің ғасырлық тәжірибесінен алған бай мұра - мақал-мәтелдерін үлгі - өнеге ретінде өмірінің жалғасы ұрпағына қалдырып отырған. Абай, Ыбырай сияқты даналардан, ақын-жазушы, би-шешендерден бізге жеткен нақыл сөздер де қазір мақал-мәтел секілді ел аузында айтылуда. Абайдың: «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Туғанда дүние есігін ашады өлең» т.б. Ыбырай Алтынсариннің: «Еңбекпен тапқан нан тәтті», Сәбит Мұқановтың: «Жақсы жолға келе жатып жаман әдет көрсетпе» деген сөздері әрқашан ақыл болып табылады.
Ғабиден Мұстафин: «Теңіздей терең халык ішінде алмастай асыл ойлар жатыр», «Осап деме көмірді, бұрқылдатар темірді» деген пікірлерін тірнектеп жинап, үлгі алу-ұрпағының зор міндеті.
Сипаты жаннан асқан сұлу Баян
Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлантуға.
Өлеңін орамал ғып өтеді олар.
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.
Мұзафар Әлімбаев.
Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
Шығыс елі- шолпан сұлулары жырына бай.
II. Негізгі бөлім:
1. Көне дастанның көп жайылған бір түрі – «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры.
2. Баян - сүйкімді сұлу, өр мінезді өжет қыз.
3. Ақылдылық, сабырлылық - қазақ қызына тән қасиет.
III. Қорытынды бөлім:
Таза махаббат - жастар үшін ұлағат.
Тарих сатысына көз жүгіртсек, біздін жыл санауымыздан бұрынғы V- VI ғасырлардың өзінде-ақ сөз өнеріне, өлең - дастандарға көп мән берген екен. Сонау грек елінен дамыған сөз өнері түрік тілдес Шығыс еліне тез қанатын жайып, ауыздан-ауызға жыршылар талай-талай өлең-дастандарын жеткізіпті. Дана ақын Абай сол Шығыстың талай дастандарын оқыса, жыршылар Әзірбайжанның, Өзбекстан, Тәжік, Қырғыз ақындарының «Ләйлі -Мәжнүн», «Жеті сұлу», «Жүсіп - Зылиха», «Фархад пен Шырын» т.б, лиро-эпостық жырларын ұрпағымызға таныстырған. Бұл шығармалардың негізгі тақырыптары да ғашықтық, сүйіспеншілік, таза махаббатқа жету жолындағы адамгершілік ізгі істер, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, жастардың басындағы күйініш-сүйініші, алға қойған мақсаттарына жету жолындағы күрес - тартыс, қайғы-қасірет көрінісі.
Осындай көне дастандардың бірі - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастаны. Бұдан 1500 жыл бұрын-ақ қай халық болса да сүйіп тыңдайтын, жан сезіміне ерекше әсер ететін, қызық окиғалы, қайғылы-трагедиялы дастан болғандыктан да, мақсатына жетіп, екі жас арман шыңына шықса қуанатын халқым, арманына жете салмай, трагедия тұтқынына тұншықса қатты қайғыратын да халық. Бұл «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының жалғыз қазақ арасында ғана 20 түрлі варианты болған ғой. «Бұл жыр орыс тілінде 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Барабин татарларының және қазақ арасында айтылатын нұсқасын В.В. Радлов жазып алып бастырған», - деп көрсетеді ғаламат жазушымыз М.О. Әуезов.
Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де 1833 жылы Орынбор маңына келіп, белгілі ғалым В. Дальмен бірге қыр сахарасының жыры мен хикаясын жинап жүргенде жазып алыпты, бірақ солардың ішінде ең толығы да, тамаша оқиғалысы да Шоқан Уәлихановтың Жанақ ақыннан жазып алған, 1876 жылы И.Н.Березиннің кітабында жарияланған нұсқасы.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма», - деп бағалаған Шығыс елін зерттеуші Г.Н. Потанин сөзін естігенде біздер қалай мақтанбасқа, калай шаттанбасқа! Біздер халық дастанын да, Ғабит Мүсіреповтың сөз маржанын терген, ғаламат суреттеген «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» драмасын да қызықтап оқып, сондай шегіне жеткенше қызу талқыладық та. Қазақтың көне дәуір шындығын көркем жырдан көреміз. Жырда қазақтың ескі көшпенділік қалпы тудырған салт-дәстүрі, табиғат аясында өмір кешкен көріністері толық елес береді. Мысалы, Сарыбай мен Қарабайдың аңда жүріп құда болуы, Таңсық пен Айдың туған жерден кешерде ескен өлімен қоштасуы,
Сегіз сай, may біткенді, сапа, аман бол!
Халайық, қалған елдің шалы аман бол.
Қарабай қайын атаң сенен қашты,
Жергекте Қозы Көрпеш - бала, аман бол!... - деп, талай өмір, тұрмыс салтын көз алдымызға жайып салады.
Бұл лиро-эпостық жырдың ең әсерлі де, нұрлы да мәңгілік тұлғалары - Қозы мен сұлу Баян. Бұл екі кейіпкердің басына халық бар жағымды да жақсылық істерді де, ізеттілік адамгершілікті де, таза махаббаттың жолына жету үшін алыса күрескен ауыр азапты да жинақтай білген. Баянның асқан сұлулығын көрсету үшін де, халық Баян деген аттан кейін, «сұлу» деген сөзді әрқашан қосып берген. Баянның сұлулығына оның ақылдылығы да, өжеттігі де, сүйген жарға деген адал сезімі де, тұрақтылығы да жарасымды жырланған. Баян өзінің сүйген адамы бар екендігі туралы хабарды естігенде ақ, алыста қалған сүйгеніне жету жолын іздестіреді. Қозы да осы сияқты алмағайып сапарға шығып, Қарабай елін табуға бел байлап, сүйгеніне жету, қосылу үшін жылқышы да, қойшы да болады, сөйтіп Қозыны халық төзімді де, қайратты да, айлалы да етіп көрсетеді.
Жырдағы сұлу Баян өзіне тең жар іздейді, сондай адам деп, әділдігі, ізгі ниетті мінезділігі, адамгершілігі, әр нәрсеге ақ ниет, адал жүрегімен ғана қарайтын Қозыны өзіне тең жігіт деп ойлайды, ақылмен барлайды. Өзінің таза махаббатын ажалдан да жоғары бағалайды. Баян - ақылды, өр мінезді, өжет қыз. Бұл Қарабайдай қатал ата тағдырына қарсы тұрғанда да, Қодар сияқты қара күш иесіне нәзік денелі қыз Баян сескенбестен талай өжеттігін көрсеткенде де байқалады.
- Әкем деп көзім талды саған қарай,
Сақтадым ар-ұятты мен де талай,
Ел болып кетіп едің елтірем деп,
Жалғыздың жары Құдай, жайы қалай?! - деп, талай жылдан бері әке алдына шықпай, ата жолын аттамай, төзімділікпен шыдап, ақылға салып болжайтын ақылды қыз екенін халық жырда танытады. Қыз балаға тән қасиет - сұлулық. Баянның сұлулығын халық тілмен жеткізе алмайды. Оның сұлулығына, адамгершілігіне, пәктігіне қызыққан неше жігіт елін тастап, талай сері, талай көсем, талай сұлтандар:
«Елінен іздеп шыққан тоқсан ері,
Қайсыбірін айтайын осалы жоқ...
Бірінен бірі артық ақылдары...
Іздеген Баян қызды соның бәрі...» - деп, қаншама жігіттің Баянға ғашық болуынан-ақ Баянның ерекше жаратылған сұлулығын баяндайды.
... Қыпша бел, алмамойын, сұлу Баян,
Хор қызы да Баянға тең бола алмас.
Дидарын көрген адам көзі ұялар,
Жігітті ғашық қылмай, ерікке қоймас! -
деп суреттегенде-ақ халық Баянды толық көзге елестетеді.
Халық сұлу Баянды сұлуландырып көрсету үшін, адамгершілік, сезім, махаббат, әділет - дүниедегі ең қымбат, ең асыл нәрселер деп көрсетеді. Осыған жету жолында Баян өлімнен де сескенбейді. Баян - батыл, өр, күрескер. Ол зорлықшылдық, немесе қара күш Қодардың құрбаны болып, оп-оңай қанжығаға байланып кете бармайды. Сүйгеніне қосылу үшін, бақыты жолында талай ақыл-айла ойпап табады, әрқашан Қозыға айтып, ақылдасып отырады. Қазақ қыздарына тән ұстамдылык, инабаттылық, сабырлылықты халық Баян бойына жинақтаған. Таза махаббат үшін Баянның өлімінің өзі - әділетсіздікке айтқан лағынеті, қарсылыққа шыққан күресі деп ұғу жөн.
Халық жырында бірде Қозы мен Баян қосылып өмір сүріпті деп жырлайды. Шөже ақын мен Жанақ ақын вариантында, ол дүниедегі бақытты көздемей, ғашықтардың бұл дүниедегі бақытын арман етіп жырлайды да, содан Қозы мен Баянды қосып өмір сүргізеді. Бұл дегенің Қозы мен Баянды халықтың әділет күткен аңсарына орай «бақытты ету» ниетінен туған шешім екендігін, бірақ екі жастың қайғылы өліммен аяқталатын нұсқалары дәуір, өмір шындығына сәйкес келетінін М.О. Әуезов ерекше ескерткені еске түседі.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастаны - халқымыздың жақсы өмір, әділдік туралы ұғымын, алдан күткен арманын, үзілмес үмітін сездіретін туындының бірі. Бұл - махаббатты, іңкәрлікті пір тұтқан, арманына жетпей кеткен ғашықтарға орнатылған ескерткіш», - дейді профессор Рахманқұл Бердібаев атамыз.
Баянның ақылдылығы, сұлулығы, айла-тәсілі, өмір үшін, таза махаббат үшін өзіне адал жар іздеп, соған жету жолындағы ісі, туған ел, туған халқы, туған жері үшін соншалықты зор махаббаты, ұстамдылығы, ізеттілігі, қазақ қызына тән - барлық қасиеті қазіргі жастар үшін де, болашақ ұрпақ үшін де ұлағат екенін түсінуге болады. Тілі де шебер, халық алуан түрлі әсерлі теңеу, бейнелеу сөздерді келтіріп, қызықты етіп суреттеген.
- Ханым - ай, ақ сұңқарым, сені көрдім ...
Айрылдым қапияда сұңқарымнан...
Қозыны - Қажымас қара болат майталман - ды...
Қозының алтын жүзі жарқырайды,
Тантық Қодар күңкілдеп тарқылдайды...- сияқты бейнелеу сөздерді орынды қолданған. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында хақымның малмен көзін ашқан, күн көрген жемісі, сол малды бағып-қағу сияқты қажырлы еңбегі, әрбір малдың қасиетін де білетін қазақ халқының салт-дәстүрі де айқын көрінеді. Сол сияқты жырда қазақ халқының дарқан да байтақ даласы, сол бай даланы еркін жайлаған халықтың салт-дәстүрі, қайғысында айтар жоқтауы да көрсетілген. Бай Сарыбай өліміне байланысты жоқтауда:
- ... Мінсіз туған жан еді-ай-ау!
Өнеге бойы қалпында
Келімсек тере хан болып,
Балталының халқына,
Өрісі толып малына-ай-ау! - деп, жоқтау айтылса, той-думанда ән мен жыр жырланып, жар-жар айтылады. ...
Күнде жиын, күнде ойын, рахат онда, жар-жар,
Беріп жатыр мырза бon, елге сыйын, жар-жар,
Қозы Көрпеш жүр екен, тазша болып, жар-жар... дейді.
Шығарманың тақырыбы - бас бостандығын аңсаған қазақ жастарының таза махаббаты, адал достығы болса, сюжет желісінде кейіпкерлер іс-әрекетіне қарай жағымды образды халық қошеметтеп жырласа, жағымсыз кейіпкерді ақылсыз, оспадар, қара күштің жарамсыз иесі етіп жырлаған.
«Оқиғаның байланысы да, дамуы, шиеленісуі де, шешуі де осы сүйіспеншілік тақырыбына жырлаған мәселесіне қарай бағындырылады. Сүйгеніне қосылуды аңсап, мұратқа талпынған жастарға, ескі феодалдық салт-сана, шатқалаңы мол асудай кесе турады да, оларды дегеніне жеткізбей мерт қылады», - деп шын лиро-эпостық жырдың барлық қасиетін профессор Қажым Жұмалиев айқын түсіндіріп береді.
«Сорғалаған нөсердей жырын тыңда Дулаттың»
(Дулат Бабатайұлының асыл мұрасы хақында)
Мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да, қайғыдағы елге де осы Үркер керек-ақ шығар! Бәлкім, олар ұйтқымасы көп аласапыран дүниеде алдын болжап көрсетіп отыратын Үркер үміт артсаң, Үркерге қара!
Әбіш Кекілбаев
Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
1. Көне заман келбеті - ақын жырында.
II. Негізгі бөлім:
1. Ел бірлігін берік ұстау - ақын арманы.
2. «Дулат - жыр дүлдүлі».
3. Жазба әдебиетінің бастамасы - Дулатта.
III. Қорытынды бөлім:
Дулат өлең құрылысының ерекшелігі.
Халық жазушысы Сәбит Мұқанов баға берген халық жыршылары мен халық ақындары ақындықтың символы екендігін айта келіп, көне заман келбетін, заманда өмір сүрген бай мен кедей, жас пен кәрінің күнкөрісі, тұрмыс тіршілігі, үстем тап өкілдерінің, патшаның шабармандарының барлық салада қанаудың неше түрін қолданып, отарлау саясатының шарықтау шегіне жеткенін ақындар жырынан көреміз.
Сауыр жерден айрылып
Қазақ елі жұқарды.
Сауыр емес, шап болды...
Заманға сай адамы.
Қу заманға сұм басшы
Сорымызға man болды, - деп, Дулат Бабатайұлы бабамыз бір жарым ғасыр болжаған ақын-жыраулар жырын жалғастырған кең тынысты ақын екенін танытты.
Дулат Бабатайұлы қазақ халқының, бүкіл түркі халқының шежіресінен хабардар, көне ақын, жыраулар мұрасын жете таныған, оның озық қасиеттерінен нәр алған ақын екен. Көпті көрген, көре-көре көсем болса, сөйлей-сөйлей шешен болады» дегендей, көкірек көзі қиядағыны көріп, болашақты тап басып болжай айтып, заман-дәуір туралы, жақсылық-жамандық жайлы ойлар, қағидалы сөздер айтып отырған. Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік шеберлігі, мазмұнының сан алуан байлығы болуымен бірге, сол көркем сөзін халқына арнап, қызмет жолына жұмсауында.
Сол замана келбетін бар бедерімен көрсете білген, заманының көкейкесті мәселелерін қозғаған. Патша үкіметінің қанаушылық саясатының мәнін ашу, халықты талан-таражға салып, езіп, жаныштап жатқан шенеуніктер мен ел шонжарларын сынға алады.
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң майырға,
Сібірге кеттің айдалып.
Бейнең қандай болды екен,
Қарасаңшы бір мезгіл
Қолдарыңа айна алып, - деп жұртты басқарып отырған құлқынның құлы болып кеткен үстем тап адамдарының өз басының ғана күйін күйттейтін азғындарды, тіпті Құдай атын пайдаланып, молдасымақ боп, халықтың тиын-тебенін алдап алып отырған дін адамдарын да өткір тілмен әшкерелейді.
Ақын ата-бабаларымыз, бұрынғы ақын-жырауларымыз елдің бірлігін, ынтымағын сақтау керектігін айтып кетіп еді, қазіргілер неге бүлініп бара жатқанын өз өлеңдерінде айта келе, қатты қайғырады, екі жақты қанаудың ортасына қамалған халық халінің мүшкіл күйіне түсуге тек патшаның отарлау саясаты екенін білмейді, оны қазақ қауымының азғындалып бара жатқаны деп түсінеді, тығырықтан шығу жолын білмейді, сөйтіп торығу сарынына кез болады.
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ...
Қорған құрыш сөзім бар.
Бұлттан өтіп мұнарды
Болжайтұғын көзім бар, - дейді Дулат ақын. Халық басына қара бұлт үйіріліп тұрғанын көреді, толғайды, жырына қосады. Сол кездегі пысықтарды әшкерелейді, істерін көрсетеді, бірақ халкының көзі ашылып, мәдениетті ел қатарына қосылу үшін, өнер-білім керек екенін айта алмайды. Дулат ақынның жырларын оқып, естіп отырған Абай өз өлеңдерінде Дулаттың айтқаны сияқты пысықтардың іс-әрекетін көрді де, өлеңге де қосты. Абай да шенеуніктер туралы талай өлеңдер жазды.
Күштілерім сөз айтса.
Бас изеймін шыбындап...
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап, - дейді Абай. Абай Дулатқа жер жағынан да іргелес, заманы жағынан да заманы бір, Дулат қайтқанда Абай отыздарға келген сақа жігіт, өйткені Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Зере отырған ауылға келіп, Ұлжан мен Зере ауылда болуын сұрап. Абай ауырып қалғанда әңгіме тыңдаған Барлас ақын - осы Дулат екені тарихи деректерден анықталғаны мәлім. Сондықтаи ақын Абайдың Дулаттың әлеуметтік үніне үңіліп, көз тіккені байқалады. Қоғам өмірі, халық тағдыры жайында Бұқар, Шортанбай, Махамбеттер де талай өлең-жыр арнаған. Бірақ, Дулаттың шоқтығы биік, ерелі, кең тынысты, ақын өлеңінің мазмұны да, түрі де ерекше.
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман руынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам, - деп, аса бір шалқып, толқып, арнасынан аққан асау өзендей буырқанады. Дулат Бабатайұлының «Еспембет» атты поэмасы, «Шаштараз», «Айтпасымды айтқызды» атты ұзақ мысал өлеңдері бар. «Еспембеттей ер қайда, Ер күтетін ел қайда» деп, өзегі өртене асқақ арманмен толғайды. «Айтпасымды айтқызды» деген өлеңінде, мысал-толғауында, адамды парасаттылыққа, кішіпейілділікке, кісілікке шақыра отырып, жөнсіз көпірме мақтан, көп сөзділіктен аулақ болуды, адам болу үшін қандай қасиет керек екендігін ескертеді.
Дулат ақын халық басындағы ауыртпалықты көріп қатты қайғырып, өз өлеңдерінде ашына жазды, тіпті түңілу сарынына да барды. Әйтсе де, туған халқының болашағынан күдер үзбеген ақын өзінің кейбір шығармаларында қазақ халқының өткен тарихына үңіледі, елін сүйген азамат қандай болуы керектігі жөнінде толғанады. Ақынның көңіл-күй, табиғат лирикасы да сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін жаңашыл сипатта болды», - деп көрсетеді Мұхтар Мағауин.
Ақжайлау мен Сандықтас
Атамның қонған қонысы.
Түн асса, тұтам түгі өскен.
Басылмайтын сонысы» - деп туған жердің бай табиғатын сүйсіне жырлайды.
Дулат поэзиясы - ойшыл, парасатты суреткерлік үні өзгелерден өзгеше ақын. Көне түркі поэзиясынан тағлым алған, бірақ ақындық дәстүр арнасында еңбек еткен, өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған Дулат қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байыта түскен, түр, көркемдік тәсіл тұрғысынан жаңа сатыға көтерген. Өлең шумақтары бір шоғыр болып, өлең шумағы 13-17 тармақтан құралатыны бар. Дулат ақынның 190 жылдық торқалы тойын туған жері Семей, Аягөз аймағы ғана тойлаған жоқ (1992 ж.), қазақ халқы Дулат поэзиясының ерекше құндылығын ұрпағына танытыпты.
Ақын Қозы Көрпеш - Баян сұлу атанған ежелгі ғашықтар аулында дүниеге келіп, өз ата-мекенінде көз жұмған.
Қилы заман келбеті - жыршылардың жырында
(Бұқар жырау жыры туралы)
Иә, Cap даласында сонау шөккен тастай қозғалмайтын қазақ халқы ұзақ тарихында не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Ғасырлар бойы жан-жағынан қаптаған жауына қолындағы найзасымен, аузындағы өткір жырымен жауап беріп қорғана білді. Осының бәріне айғақ-халықтың ерлігі, тағдыры үшін күресуі еді.
Ілияс Есенберлин, «Алмас қылыш».
Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
«Ел болса, жыр туғызбай тұра алмайды».
ІІ.Негізгі бөлім:
1. Бабам Бұқар болашақты болжайды.
2. Бірлік бар жерде байлық та бар, тірлік те бар.
3. Абылай асқан асулар ақын жырында.
III. Қорытынды бөлім:
Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді.
XVIII ғасырда әдеби өмір жандана түседі. Ғасырдың алғашқы ширегінде топандай басқан жоңғар шапқыншылығы және ақтабан шұбырынды, алмағайып кезең, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер бұл кездегі қазақ поэзиясының идеялық бағыт-бағдарына, тақырып аясына айрықша ықпал етті. Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да ақын-жыраулар өнернамасында өзінің көркемдік шешімін табады.
XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі - Бұқар жырау (1668-1781). Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады. Ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Өз шығармаларында Абылайды сырт жауларға қарсы күресте айрықша қайрат көрсеткен қайтпас батыр, ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелейді. Алайда, ханға орынсыз бас ұрудан ада жырау қажетті жеріндегі ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады. Сонымен қатар жырау өз шығармаларында орыстармен де, қытаймен де тату көршілік сақтау керектігін насихаттайды. Алайда, Бұқар патша өкіметінің түпкілікті мұратын да нақты пайымдаған еді.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?» - деп сұрағанда ханның азулы би, ақылғөй ақсақалы Бұқар жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі - алтын, бір езуі - күміс, аузы - қазына», - депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны - сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні «көмекей әулие» деседі екен, - деп жазады жырау өлеңдерін жинастырушы Мәшһүр Жүсіп. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Ойшыл Бұқар қазақ халқының өмірлік мүдделері үшін оның орыс халқымен достық қатынас орнатуы қажет екендігін түсінді. Бұл саясаттың артықшылық жақтарын, сол кездегі тарихи оқиғалар да дәлелдеген еді. Сондықтан да Бұқар осы көршімен тату-тәтті тұруды жақтайды. Мемлекет қайраткері, дипломат Бұқар сол кезде қазақ жерінде салынып жатқан бекініс, қорғандардың не үшін салынып жатқанын бірден сезеді. Сондықтан да ол патша үкіметінің қазақ даласына сұғынып енуінен шошынады.
Бұқар Үш жүздің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсайды.
Мемлекет істерінде өзіндік беті болған Бұқар - хан қателесті деп есептесе, өз айтқанын орындатуға тырысады. Кеңесін тыңдамаса, өткір тілмен шенеп, ақылына келтіріп, дегеніне көндіріп отырады. Хан тасыса жырау оны басып, билікке бірден ие бола кетпегенін, жас кезінде талай қиыншылықтар көре келіп, бұл күнге қарашыларының арқасында жеткенін есіне салады.
«Ай, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет хандарға
Қызметші болып тұр едің,
Сен қай жерде жұрт жетілдің,
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің! - дейді.
Мұндай сөздер Абылай қателескенде, рубасы ақсақалдарының тілегіне қайшы әрекеттер жасамақ болғанда ғана айтылады. Әйтпесе, Бұқар көбіне-ақ Абылай саясатының жақтаушысы. Жырау реті келген жерде ханды мадақтай отырады.
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың,
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» - деген. Сырт жау соқтыға алмайтын айбынды ел болу үшін, жұрттың ынтымағы, бірауыздылығы қажет. Бұл жайды Бұқар жақсы түсінеді, қазақ руларының тату тұруын, мал үшін, қоныс, қыстау үшін бос қырқыспауын насихаттайды, руаралық тартысты қоймаса, елдің елдіктен айрылатынын, басына қиын күндер туып, әркімнің қолында кететінін жырлады. Міне, бұл Бұқардың заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырған азамат ақын болғандығын көрсетеді. Бұқар толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға көзқарасы айқын аңғарылады.
Жыраудың адам өмірінің кезең-кезеңдері туралы толғауларында да ғибрат мол. Ақын осы тақырыпқа бірнеше өлең арнаған. Оның «Жиырма деген жасыңыз», «Сен он бір жасыңда», «Атам болған жиырма бес» деген өлеңдерінде адам өмірінің әр кезеңі суреттелген. Ол әсіресе жастық шақты сүйсіне жырлайды.
Төскейден қашқан түлкідей
Сылаңдатқан жиырма бес,
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды құшқан жиырма бес,
Іздесең де табылмас!
Кәрілік шіркін не қылмас,... - деп, адамның қайрат-қуатының да, дүниеге берерінің де, дүниеден аларының да, жасарының да, жаратарының да, қызықтарының да осы «Асуды талқан бұздырған» жастық шақ екенін тамаша айтып берген. Жырау онан әрі бұған қарама-қарсы кәріліктің мұңды дәрменсіз шақтарын бейнелейді.
Бұқар жырлары әлеуметтік мәселелерге арналған және олар белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты туған. Оның толғаулары ой тереңдігімен, бірлік парасаттылығымен, аз сөзбен көп мағына бере алуымен ерекшеленеді. Бұқар ақындығы философиялық толғауларында айрықша байқалады.
Аталыдан би қойсаң
Адаспас жол мен жобадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босамас аузы парадан, -
деп қоғамдағы жоғары дәрежелі адамдардың да қандай болуы керектігін толғана айтады. Сол сияқты ассонанс пен аллитерация көп кездессе де, дыбыс қуаламайды, сол бір шумақ өлеңде-ақ халық қамын ойлаған көргендік пікір жатыр. Қай заманда да қазақ жырының алтын қайнары, бұлақ көзі, ақылгөй сөзі сарқылған емес. Ол қай кезде де, қай дәуірде болса да халқымның асқақ жанының сәуле-жарқылын, күнгейі мен көлеңкесін, рухани ерісін жырлап айтып кеткен. Енді міне, Тәуелсіз мемлекет болып, ата-бабалар ақылын, әдемі нақыл жырларын оқып үйренудеміз. Ақын ағамыздың мына бір айтқан өлеңін:
Қанекей, нелерің бар аталарым,
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын, -
деген Мұқағали Мақатаевтың пікірін жалғастырып, біз де, бізден кейін келер ұрпақ та баба өсиетін ұластырады деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |